29-бап. Дипломатиялық қызмет персоналына ақшалай төлемдер
Дипломатиялық қызмет персоналының сирек кездесетін шет тілдерін білгені үшін, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтермен жұмыс істегені үшін ақшалай төлемдерді, сондай-ақ өкілдік керек-жарақ құнының жыл сайынғы ақшалай төлемін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерлерде алуына құқығы бар.
Дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің дипломаттық дәрежесі үшін ақшалай төлемдерді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерлерде алуына құқығы бар.
2021.03.03. № 13-VІІ ҚР Заңымен 29-1-баппен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
29-1-бап. Дипломатиялық қызмет ардагерлеріне ақшалай төлемдер
Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы Тұрақты (Өкілетті) өкілі лауазымын атқарған немесе Төтенше және Өкілетті Елші дипломаттық дәрежесі бар дипломатиялық қызмет ардагерлеріне Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде және тәртіппен ай сайын ақшалай төлем жүзеге асырылады.
30-бап. Жыл сайынғы демалыстар
1. Дипломатиялық қызметтiң персоналына ұзақтығы отыз күнтiзбелiк күн жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi.
2021.03.03. № 13-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Шет елдегі мекемеде жұмыс істейтін дипломатиялық қызмет қызметкеріне немесе дипломатиялық қызмет жұмыскерiне кезектi еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыру үшiн оның Сыртқы iстер министрлігінде атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысының екi еселенген мөлшерiнде жәрдемақы төленедi.
31-бап. Дипломатиялық қызметтiң персоналын зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтiк қорғау
Дипломатиялық қызметтiң персоналын зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтiк қорғау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
32-бап. 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2010.27.12. № 366-IV ҚР Заңымен 32-1-баппен толықтырылды (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
32-1-бап. Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымында болған лауазымды адамдарды қамтамасыз ету
2021.03.03. № 13-VІІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2025.10.01. № 154-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 22 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымдарын атқарған лауазымды адамдар дипломатиялық қызмет персоналының осы Заңның 25, 28-баптарында көзделген және дипломаттық дәрежесі үшін төлемдерді, сондай-ақ өкілдік керек-жарақ құнының жыл сайынғы ақшалай төлемін алу бөлігінде 29-бабында белгіленген ақшалай қамтымы, кепілдіктері мен өтемақылары мәселелерінде тиісті шет мемлекеттегі шетелдік мекеменің персоналына теңестіріледі.
2025.10.01. № 154-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2025 ж. 22 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Егер Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымдарын атқарған лауазымды адамдардың халықаралық ұйымда ақшалай қамтымы, әлеуметтік, зейнетақымен және медициналық қамсыздандырылуы, сондай-ақ шет елде тұрғын үймен қамтамасыз етілуі тиісті шет мемлекеттегі шетелдік мекеменің персоналына қарағанда аз болған жағдайда, теңестірілген лауазым бойынша айырма бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
Егер халықаралық ұйымның құжаттарында жіберуші тараптың есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген жағдайда, теңестірілген лауазым бойынша ақшалай өтемақы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымдарын атқарған лауазымды адамдарға ақшалай өтемақыны төлеу және айырманы өтеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымында болған лауазымды адамдарды тиісті шет мемлекеттегі мекеменің персоналына теңестіру Сыртқы істер министрлігінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
2025.10.01. № 154-VIII ҚР Заңымен 32-2-баппен толықтырылды (2025 ж. 13 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
32-2-бап. Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктеріне, халықаралық ұйымдарға және (немесе) олардың өкілдіктеріне, сондай-ақ шет мемлекеттердің консулдық мекемелеріне қызмет көрсету
Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктеріне, халықаралық ұйымдарға және (немесе) олардың өкілдіктеріне, сондай-ақ шет мемлекеттердің консулдық мекемелеріне қызмет көрсетуді дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс жөніндегі ұйым жүзеге асырады.
Қызмет көрсету деп Қазақстан Республикасының аумағында болудың қолайлы және қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттер: ғимараттарға (үй-жайларға) кешенді қызмет көрсету және оларды жөндеу; автокөлікке қызмет көрсету үшін ғимараттарды жалға беруді қоса алғанда, бағдарламалық-ақпараттық және автокөліктік қызмет көрсету; Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасау; іс-шараларға қызмет көрсету және оларды өткізу жөніндегі ұйымдастырушылық және ілеспе әрекеттер, көрсетілетін аударма қызметтері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де әрекеттер түсініледі.
7-тарау. Қорытынды ережелер
33-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
2. «Дипломатиялық қызмет туралы» 1997 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 21, 275-құжат; 1999 ж., № 23, 916-құжат; 2001 ж., № 20, 257-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2002 жылғы наурыздың 7-і.
№ 299-II