ҚР Үкіметінің 14.06.02 ж. № 646 қаулысымен 16-тармақ өзгерді; ҚР Үкіметінің 2010.15.01. № 12 қаулысымен 16-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
16. Комиссия отырысына қатысушы адамдардың келуiн қамтамасыз ету.
Кәмелетке толмаған комиссия отырысына қатысудан жалтарды деуге негiз болған кезде, комиссия келуiн қамтамасыз ету үшiн жауапкершiлiктi ата-анасына немесе өзге де заңды өкiлдерiне, не ол тәрбиеленетiн білім беру ұйымдары әкiмшiлiгiне жүктейдi, олар осы мәселе бойынша жазбаша мiндеттемелер бередi.
Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне хабарланғаннан кейін комиссия отырысына дәлелді себептерсіз келмеген ретте:
қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған;
Кәмелетке толмағандар қоғамға қауіпті іс-әрекет жасағаны үшін жауаптылық туындайтын жасқа жетпеген жағдайда мәжбүрлеп жеткізілуге олардың заңды өкілдері тартылады.
ҚР Үкіметінің 2020.18.03. № 122 Қаулысымен 17-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17. Комиссия отырыстарын өткiзу тәртiбi.
Облыстық Комиссияның отырысы екі айда бір рет өткізіледі. Қалалық, қаладағы аудандық, аудандық Комиссияның отырыстары қажетіне қарай, бiрақ айына екi реттен сиретпей өткiзiледi және әдетте, ашық болып табылады. Кәмелетке толмаған, оның ата-анасы немесе өзге де заңды өкiлдерi туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету мақсатында Комиссия қаралатын материалдардың сипатын ескере отырып, iске қатысушы адамдардың өтiнiшi бойынша жабық отырыс өткiзу туралы дәлелдi қаулы қабылдай алады.
Комиссия қажет болған кезде iстерi қаралатын адамдардың оқу, жұмыс орны немесе тұрғылықты жерi бойынша көшпелi отырыс өткiзе алады.
Егер Комиссия отырысына Комиссия мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде жартысы қатысса, ол заңды болып табылады. Комиссия отырысына оның төрағасы не оның тапсырмасы бойынша Комиссия төрағасының орынбасары төрағалық етеді.
Кәмелетке толмағанға қатысты материалдарды Комиссия тек кәмелетке толмағанның өзінің, оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкiлдерiнiң қатысуымен ғана қарайды.
Кәмелетке толмағанның тiлегi бойынша Комиссия жұмысына қатысуға оның адвокаты жiберiледi.
Комиссия отырысын өткiзу күнi, орны мен уақыты туралы прокурорды хабардар ету мiндеттi.
Қылмыстық жауапкершiлiк туындайтын жасқа толғанға дейiн қоғамға қауiптi әрекет жасаған кәмелетке толмағанға қатысты материалдарды қарау кезiнде отырысқа прокурор шақырылады.
Комиссия отырысының басында төраға қандай материалдар қаралатынын хабарлайды, отырысқа қатысушы адамдармен таныстырады. Содан кейiн қажеттi құжаттар жарияланады, келiп түскен материалдар, сондай-ақ негiзделген шешiм қабылдау үшiн маңызы бар жағдайлар зерттеледi, өтiнiшхаттар қаралады, отырысқа қатысушы адамдардың сөзi тыңдалады.
Қаралатын материалдардың мәнi бойынша өтiнiшхаттарды кәмелетке толмаған, оның ата-анасы немесе өзге де заңды өкiлдерi, адвокаты, материалдарды қарауға қатысушы мамандар, сондай-ақ Комиссияға кәмелетке толмағанға қатысты ұсынымдармен өтiнiш бiлдiрген адамдар және олардың заңды өкiлдерi мәлімдей алады. Мәлімделген өтiнiшхаттарды қарау нәтижелерi Комиссия отырысының хаттамасына енгiзiледi.
Комиссия отырысында кәмелетке толмағанға керi ықпал ететін жағдайларды зерттеу кезінде Комиссияның оны залдан шығаруға құқығы бар, бұл туралы Комиссия отырысының хаттамасында жазылады.
ҚР Үкіметінің 14.06.02 ж. № 646 қаулысымен 18-тармақ өзгерді; ҚР Үкіметінің 2010.15.01. № 12 қаулысымен (бұр.ред.қара); 2020.18.03. № 122 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 18-тармақ өзгертілді
18. Комиссия қаулысы.
Кәмелетке толмағанға, оның ата-анасына немесе өзге де заңды өкiлдерiне қатысты материалдары, сондай-ақ білім беру ұйымдары мен кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауының, құқық бұзушылықтарының және қараусыз қалуының алдын алу үшiн жауапты органдардың ұсынымдары олардың ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан өзге де органдар мен ұйымдардың өтiнiштерi, азаматтардың ақпараттары бойынша комиссия қаулы қабылдайды, онда:
кәмелетке толмағанды орналастыру жөнiнде осы Ереженiң 10-тармағында көзделген шараларды белгіленген тәртiппен қабылдау туралы;
осы Ереженiң 11, 12-тармақтарында көзделген ықпал ету шараларын қолдану туралы;
дайындалып жатқан не жасалған қылмыс туралы ақпаратты iшкi iстер органдарына жіберу туралы шешiм баяндалады.
Комиссия қаулысы отырысқа қатысушы комиссия мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Егер дауыстар тең бөлiнген жағдайда комиссия отырысына төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады.
Комиссия қаулысында:
комиссияның атауы және жеке құрамы;
комиссия отырысының күнi мен жерi;
материалдар қаралуға қатысты адам туралы мәлiметтер;
материалдарды қарау кезiнде белгiленген жағдайлар;
шешiм қабылдауға негiз болған дәлелдер;
кәмелетке толмағанның құқық бұзушылығы үшiн жауапкершiлiк көзделетiн не құқықтарына кепiл беретiн нормативтiк құқықтық кесiм;
комиссия қабылдаған шешiм;
кәмелетке толмағанға комиссия ұсынған әлеуметтiк көмек көрсету жөніндегі шаралар, олар тапсырылған органдар мен адамдар;
осы қаулы бойынша шағымданудың мерзiмдерi мен тәртібін түсiндiру туралы мәлiметтер көрсетiледi.
Комиссия қаулысына төрағалық етушi және оның хатшысы қол қояды, Комиссия отырысында жарияланады және шағым беру үшін белгiленген мерзiм өткеннен кейiн заңды күшiне енедi.
Комиссия қаулысы орындау үшiн тиiстi мемлекеттік органдарға және олардың ұйымдастыру-құқықтық нысанынан тәуелсiз ұйымдарға жiберiледi.
19. Комиссияның ұсынысы.
Егер материалдарды қарау барысында кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауына, құқық бұзушылықтарына, қоғамға қарсы әрекеттер мен қараусыз қалуына ықпал ететiн себептер мен жағдайлар, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзушылықтар анықталатын болса, комиссия мемлекеттік органдарға, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына және олардың ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан ұйымдарға оларды жою туралы тиiстi ұсыныстар енгiзедi.
Осы тармақта көрсетiлген органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдары комиссия ұсынысын алған күнiнен бастап бiр айдың iшiнде оны қарауға және тиiстi комиссияға кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуды жою жөнiнде қабылданған шаралар туралы хабарлауға мiндеттi.
Кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөнiнде қабылданған шаралар туралы хабарламау Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк заңнамасында белгiленген жауапкершiлiкте болады.
ҚР Үкіметінің 2020.18.03. № 122 Қаулысымен 20-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
20. Комиссия отырысының хаттамасы.
Комиссия отырысында Комиссияның хатшысы хаттама жүргiзедi, онда:
комиссияның атауы мен жеке құрамы;
комиссия отырысының күнi мен жерi;
қаралатын материалдардың мазмұны;
материалдары қаралатын адамның тегi, аты және әкесiнiң аты, туған күнi мен жерi, оның тұрғылықты жерi, сондай-ақ материалдардың қаралуы үшін маңызы бар өзге де мәлiметтер;
комиссия отырысына қатысушылардың келуi және оларға олардың құқықтары мен мiндеттерін түсіндiру туралы мәлiметтер;
комиссия отырысына қатысушы адамдардың түсiнiктемелерi;
материалдарды қарау кезiнде зерттелген құжаттар мен заттай айғақтар; берiлген өтiнiштер мен оларды қарау нәтижелерi, комиссия отырысында қабылданған қаулы немесе ұсынысты жариялау туралы мәлiметтер;
қабылданған қаулы немесе ұсыныс бойынша шағымдану мерзiмдерi мен тәртібін түсiндiру туралы мәлiметтер көрсетiлуi тиiс.
Комиссия отырысының хаттамасына төрағалық етушi және оның хатшысы қол қояды.
21. Кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауына, құқық бұзушылықтарына, қоғамға қарсы әрекеттерiне, сондай-ақ қараусыз қалуына ықпал ететiн себептер мен жағдайларды жою жөніндегі жұмыстарды зерттеу мақсатында комиссия отырыстарда қаралған барлық iстердi есепке алуды және сақтауды ұйымдастырады, өзiнің аумағының шегінде осы есепке алудың деректерiн қорытындылайды.
ҚР Үкіметінің 14.06.02 ж. № 646 қаулысымен 22-тармақ өзгерді
22. Комиссия қаулысына немесе ұсынысына шағым беру.
Қаралған материалдар бойынша комиссия қабылдаған қаулы немесе ұсыным ол кiмге қатысты қабылданса, сол адам, оның заңды өкiлдерi, адвокаты, сондай-ақ жәбiрленушi сотқа немесе жоғары тұрған комиссияға шағым бере алады.
Көрсетiлген мерзiмде шағым беру тиiстi қаулының немесе ұсынымның орындалуын тоқтатады.
Комиссияның қаулысы немесе ұсынымы бойынша сотқа шағым беру мерзiмдерi мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленедi.
Комиссия қаулысына немесе ұсынымына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен прокурор қарсылық бiлдiре алады.
ҚР Үкіметінің 2020.18.03. № 122 Қаулысымен 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5-тарау. Комиссияны материалдық-техникалық қамтамасыз ету
23. Комиссия қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету әкімнің аппаратына жүктеледі.