Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі Жол полициясы
комитетiнiң мәселелерi Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2001 ж. 8 маусымдағы № 777 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 30.07.02 ж. № 846; 11.10.02 ж. № 1116
қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен)
ҚР Үкіметінің 2005.22.06. № 607 қаулысымен күші жойылды
Жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы басқарудың мемлекеттік жүйесiн жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
ҚР Үкіметінің 11.10.02 ж. № 1116 қаулысымен 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8-тармақтарының күші жойылды
1. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң штат саны лимитiнiң шегiнде штат санының 52 бiрлiк лимитiмен Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң Жол полициясы комитеті құрылсын.
2. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң Жол полициясы комитетi туралы ереже бекітілсiн.
3. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерiне 2001 жылдың 1 шiлдесiне дейiнгi мерзiмде жол полициясының қазiргi штат санының есебiнен жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын, жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында арнаулы атқарушылық, бақылау-қадағалау және үйлестiру функцияларын жүзеге асыруға уәкiлеттендiрілген атқарушы органдарды - тиiстi облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жол полициясы басқармаларын құру ұсынылсын.
4. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі Жол полициясы комитетiнiң шаруашылық жүргiзу құқығындағы "Жол қозғалысы қауiпсiздiгiнiң ғылыми-өндiрiстiк орталығы" республикалық мемлекеттік кәсiпорыны (бұдан әрi - Кәсiпорын) құрылсын.
5. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң Жол полициясы комитетi Кәсiпорынды мемлекеттік басқару органы, сондай-ақ оған қатысты мемлекеттік меншік құқығы субъектісінің функцияларын жүзеге асыратын орган болып белгiленсiн.
6. Кәсiпорын қызметiнiң негiзгi мәнi:
1) жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы бұқаралық ақпарат құралдары, баспагерлiк және полиграфиялық қызмет саласында өндiрiстiк-шаруашылық қызметтi жүзеге асыру;
2) жол қозғалысының қауiпсiздiгi жағдайының көрсеткiштерiн есепке алудың мемлекеттік жүйесiн автоматтандыру жөнiндегі шаруашылық қызметтi жүзеге асыру;
3) мемлекеттік құпияларға жататын, қолдан жасаудан тиiстi дәрежеде қорғалған жүргізуші куәліктерін және көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктерді қоса алғанда, жол полициясының арнаулы өнiмдерiн дайындау және сату жөніндегі қызметтi жүзеге асыру;
4) жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық әзiрлемелер жүргiзу болып айқындалсын.
7. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң Жол полициясы комитетi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен:
1) Кәсiпорынның жарғысын бекiтсiн;
2) әдiлет органдарында Кәсiпорынның мемлекеттік тiркелуiн қамтамасыз етсiн;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
8. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне мынадай толықтыру мен өзгерiс енгiзiлсiн:
1) "Республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың тiзбесi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 жылғы 25 маусымдағы № 790 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1996 ж., № 29, 256-құжат):
көрсетiлген қаулымен бекітілген Республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың тiзбесiнде "Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі" деген бөлiм мынадай мазмұндағы кiшi бөлiммен және реттiк нөмiрi 461-14-жолмен толықтырылсын:
"Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң Жол полициясы комитеті
461-14. "Жол қозғалысының қауiпсiздiгi
ғылыми-өндiрiстiк орталығы"
республикалық мемлекеттік кәсiпорыны
(шаруашылық жүргізу құқығында) Астана қаласы";
2) "Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінің мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 1999 жылғы 31 наурыздағы № 329 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1999 ж., № 11, 100-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі туралы ережеде:
1-тармақтың екiнші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Министрлiктiң мынадай ведомстволары бар: Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті, Жол полициясы комитеті".
9. Мыналардың:
1) Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1999 жылғы 23 қарашадағы № 967 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1992 ж., № 45, 654-құжат):
2) "Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі Мемлекеттік автомобиль инспекциясының арнаулы баспа өнiмдерiн дайындау туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 17 маусымдағы № 651 қаулысының;
3) "Қазақстан Республикасы Yкіметінiң Iшкi iстер органдарының мәселелерi жөніндегі кейбір шешiмдерiне өзгерістер енгізу және күшi жойылған деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 4 сәуiрдегі № 433 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1995 ж., № 12, 143-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
10. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2001 жылғы
8 маусымдағы
№ 777 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгінің
Жол полициясы комитетi туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң Жол полициясы комитетi (бұдан әрi - Комитет) Қазақстан Республикасы Ішкi істер министрлігінiң құзыретi шегiнде жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында арнайы атқару және бақылау-қадағалау функцияларын, сондай-ақ салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын ведомство болып табылады.
2. Комитет өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкіметінiң кесiмдерiне, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеменiң ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттік тiлде жазылған мөрлерi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ банктерде заңнамаға сәйкес шоттары болады.
Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
Егер заңнамаға сәйкес уәкiлеттiк берiлген болса, Комитеттiң азаматтық-құқықтық қатынастарға мемлекеттің атынан түсуге құқығы бар.
4. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар бұйрықтар нысанында нормативтiк құқықтық кесімдер шығарады.
5. Комитеттiң штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Yкіметімен бекітедi.
6. Комитеттiң заңды мекен-жайы:
473000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Манас көшесі, 4.
7. Комитеттiң толық атауы - "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитеті" мемлекеттік мекемесі.
8. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
9. Комитеттiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
Комитетке кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Комитеттің функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Комитетке заңнамалық кесiмдермен кiрiс әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда мұндай қызметтен алынған кірiстер республикалық бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.
2. Комитеттiң негiзгi мiндеттерi, функциялары және құқықтары
10. Комитеттiң негiзгi мiндеттерi:
1) жол қауіпсіздігі саласында азаматтардың өмірін, құқықтарын және бостандығын қорғау;
2) жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты iске асыру;
3) Қазақстан Республикасында жол қозғалысы қауiпсiздiгiнiң қамтамасыз етiлуiн мемлекеттік қадағалау және бақылау;
4) жол қозғалысы саласында мемлекеттік билiк ету және рұқсат ету функцияларын жүзеге асыру;
5) жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында арнаулы атқару, бақылау-қадағалау және үйлестiру функцияларын жүзеге асыруға уәкiлеттендiрiлген, жергiліктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарға - облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жол полициясы басқармаларына басшылық жасау болып табылады;
6) Қазақстан Республикасы ішкi iстер органдарының жол полициясы қызметiнiң iс-әрекетiн бақылау және жетiлдiру;
7) алдын алу iс-шараларын жүргiзудiң және халыққа жол қозғалысы қауiпсiздiгiнiң ережелерi мен талаптарын оқытудың тәртібін белгiлеу;
8) жол қозғалысы саласында қылмыстардың және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу:
9) заңнамада белгiленген құзыретi шегiнде анықтауды және әкiмшiлiк іс жүргiзудi жүзеге асыру;
10) министрлiктердiң, агенттіктердің, ведомстволардың және өзге де ұйымдардың жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы қызметiн үйлестiру;
11) жол қозғалысын, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нысандары мен әдiстерiн жетiлдiру;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жол полициясына жүктелген өзге де мiндеттердi орындау болып табылады.
ҚР Үкіметінің 30.07.02 ж. № 846 қаулысымен 11-тармақ өзгертілді
11. Комитет Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) жол қозғалысының қауiпсiздiгi жай-күйi көрсеткiштерiнiң мемлекеттік есебiн жүргiзу;
2) Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының жол полициясы бөлiмшелерiне практикалық және әдістемелiк көмек көрсету, жұмыстың оң тәжiрибесiн қорыту және тарату;
3) жол-көлiк оқиғаларының, сондай-ақ жол қозғалысының қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн құқық бұзушылықтар мен құқыққа қарсы әрекеттердiң себептерi мен жағдайларын анықтау және талдау, оларды жою жөнiнде шаралар қабылдау, жол қозғалысының қауiпсiздiгiн арттыру жөніндегі iс-шараларды әзiрлеу;
4) министрлiктерге, агенттiктерге, ведомстволарға және өзге де ұйымдарға жол қозғалысының қауiпсiздiгi деңгейiн арттыру, азаматтарды, заңды тұлғаларды және мемлекеттi жол-көлiк оқиғаларының зардаптарынан қорғау, жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі iс-шараларды ғылыми, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету мәселелерi жөнiнде ұсыныстар енгізу;
5) Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген:
жол қозғалысының, көше-жол желісінде және жолдардың болу сызықтарында көлiктiк және өзге де қызметтi жүзеге асырудың, жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы қызмет түрлерiнiң тәртібі мен шарттарын белгiлейтiн заңнамалық және нормативтiк құқықтық кесiмдердiң, нормативтердің, ережелердің және стандарттардың;
жол қозғалысы мен автомобиль тасымалдарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы халықаралық шарттардың;
Қазақстан Республикасында автомобиль көлігімен жолаушыларды және жүктерді тасымалдау ережелерінің;
қалаларды, өзге де елді мекендерді, тұрғын үй массивтерін және өнеркәсіптік аймақтарды жобалау және олардың құрылысын салу кезінде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бөлігінде ережелердің, нормативтердің және стандарттардың;
автомобиль жолдарын, көшелердi, жол құрылыстарын, темір жол өткелдерiн, электр көлiгi желiлерiн жобалау, құрылысын салу, қайта жаңарту, жөндеу және қалпына келтіру кезінде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде ережелердің, нормативтердің және стандарттардың;
автомобиль жолдарын, көшелерді, жол құрылыстарын және темір жол өткелдерін жол қозғалысы үшін қауіпсіз жағдайда ұстау ережелерінің;
жол қозғалысын реттеудiң техникалық құралдарын шығару, орнату, монтаждау, жөндеу және пайдалану жөніндегі ережелердің, нормативтердің және стандарттардың;
көлік құралдарының конструкциялары мен техникалық жағдайына, оларды тексерудің, жөндеудің және оларға техникалық қызмет көрсетудiң әдiстерiне қойылатын талаптарды белгiлейтін нормативтер мен стандарттардың сақтауына мемлекеттік қадағалау мен бақылауды жүзеге асыру;
6) жол қозғалысын қадағалауды, жол қозғалысы саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтауды және жолын кесудi, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі мен қауiпсiздiгiн арттыру жөнiнде шаралар қабылдау;
7) механикалық көлiк құралдары мен тiркемелерге мемлекеттік техникалық тексеру жүргiзу;
8) механикалық көлiк құралдары мен тiркемелердiң жол қозғалысының қауiпсiздiгi талаптарына сәйкестiгiн айқындауды;
9) жеңiл, жүк таситын автомобильдер мен автобустарды, соған қоса олардың базасында жасалған арнаулы автомобильдердi, мотоциклдер мен мотороллерлердi, сондай-ақ автомобильдер құрамында жүруге арналған тiркемелердi оларды пайдаланушыларды, оның iшiнде сенiмхаттар және заңнамада көзделген өзге де құжаттар бойынша пайдаланатын адамдарды мемлекеттік тiркеудi және олардың есебiн жүргізуді;
10) жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында лицензиялауды жүргізуді;
11) автокөлiк құралдарын жүргiзушiлердi даярлаудың тәртібін белгiлеудi, мүдделi мемлекеттік органдармен келісім бойынша жүргiзyшiлер даярлаудың үлгілiк бағдарламаларын бекітуді, жүргiзушiлердi оқыту құқығына белгiленген рұқсаттар берудi, оларды оқытудың ұйымдастырылуы мен сапасын бақылау;
12) көлiк құралдарын басқару құқығын алуға емтихандар қабылдауға;
13) жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыру;
14) жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында заңнаманы бірыңғай тұрғыда және дұрыс қолдануға шаралар қабылдау;
15) жол-көлiк оқиғалары болған жерлерде шұғыл іс-әрекеттердi жүзеге асыру, адамдарды эвакуациялау және оларға дәрігерге дейінгі көмек көрсету, бүлінген көлік құралдарын тасымалдауға жәрдемдесу жөнінде шаралар қабылдау;
16) жол қозғалысының жағдайын зерделеуді, жол қозғалысын ұйымдастыруды жетiлдiру жөнiнде шаралар қабылдауды, оны реттеудi жүзеге асыру;
17) өз құзыретiнiң шегiнде автомобиль жолдары бойынша тасымалдауларды жүзеге асыруға рұқсат берудi келiсу;
18) көлiк құралдарын сүйемелдеудi ұйымдастыру және жүзеге асыру;
19) жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі iс-шараларды ұйымдастыру және жүргiзу жол қозғалысының қауiпсiздiгiн насихаттау, Қазақстан Республикасының осы саладағы заңнамасын, бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішiнде өз басылымдарында түсiндiру, осы мақсаттарда байқаулар, конкурстар, жарыстар және басқа да iс-шаралар өткізу, атқарушы өкiмет органдары мен оқу орындарына халыққа жолдарда қауiпсiз жүрiп-тұрудың ережелерін оқытуды ұйымдастыруға жәрдем көрсету;
20) мүдделi министрлiктермен, агенттiктермен, ведомстволармен, өзге де ұйымдармен және ғылыми мекемелермен бірлесіп жол қозғалысы қауіпсіздігінің деңгейін арттыру, ғылыми зерттеулердің басым тақырыптары мен бағыттарын белгілеу, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында мамандарды даярлау жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
21) ұсынылған өкілеттіктеріне сәйкес жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
22) заңнамамен оған жүктелген өзге де функцияларды іске асыру.
12. Комитеттiң негiзгi мiндеттердi iске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру мақсатында заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) меншік нысандарына қарамастан кәсіпорындардың, мекемелердiң, ұйымдардың, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктер мен азаматтардың Қазақстан Республикасының жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы заңнамасын, нормативтерiн, ережелерiн және стандарттарын орындауын тексеруге;
2) жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманың, ережелердің, нормалардың, нормативтердің және стандарттардың талаптарының бұзылуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың орындауы үшiн мiндетті нұсқамалар беруге;
3) азаматтардан қоғамдық тәртiп пен қоғамдық қауіпсіздік талаптарын сақтауды, құқыққа қарсы әрекеттерді тоқтатуды талап етуге, бұл талаптарды орындамаған жағдайда заңнамада белгіленген мәжбүрлеу шараларын қолдануға;
4) меншiк нысандарына қарамастан кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдардың лауазымды адамдарынан, сондай-ақ қоғамдық бірлестiктер мен жеке адамдардан олардың жол қозғалысының қауiпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы нормативтік құқықтық кесімдерді сақтауы туралы мәліметтерді, олардың бұзылуы фактiлерi бойынша түсiндiрмелердi сұратуға және алуға;
5) жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдердi, нормативтердi, ережелердi және стандарттарды әзiрлеуге қатысуға;
6) жол қозғалысының қауiпсiздiгi мүдделерiн қозғайтын, оның ішiнде көшелер мен жолдардың жол құрылыстарының, темір жол өткелдерiнiң, электр көлiгі желiлерiнiң құрылысын салуға, оларды қайта жаңартуға, жөндеуге және қалпына келтiруге, көлiк құралдарының конструкциялары мен техникалық жағдайына, оларды тексерудің, жөндеудің және оларға техникалық қызмет көрсетудің әдістеріне қатысты нормативтік құқықтық кесімдердің, нормативтердiң, ережелердiң және стандарттардың жобаларын келiсуге;
7) автомобиль жолдарын, көшелердi, жол құрылыстарын, темір жол өткелдерiн, қалалық электр көлiгi желiлерiн, сондай-ақ жаңа механикалық көлiк құралдары мен тiркемелердiң үлгiлерiн пайдалануға қабылдау жөніндегі комиссиялардың жұмысына қатысуға;
8) жол қозғалысы мен автомобиль тасымалдарының қауіпсіздігі саласындағы кез келген жасалған немесе дайындалып жатқан құқыққа қарсы қол сұғушылық туралы мәлімдемелер мен хабарламаларды қарауға, олардың жолын кесу, ашу, оларды жасаған адамдарды ұстау, қоғамдық қауіпті зардаптарға жол бермеу жөніндегі шараларды уақытылы қабылдауға;
9) жол қозғалысын реттеуге, жол қозғалысының жағдайын зерделеуге, тиiстi мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға көшелер мен жолдарды ұстауды жақсарту, олардың өткізу қабiлетi мен қауіпсіздігін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
10) табиғи зілзалалар, қолайсыз жол-ауа-райы жағдайларында, бұқаралық іс-шаралар жүргізу жағдайларында және жол қозғалысының қауіпсіздігіне қауіп төндіретін басқа да жағдайларда көшелер мен жолдарда көлік пен жүргіншілердің қозғалысын, сондай-ақ оларда жүргізілетін жұмыстардың барлық түрін уақытша шектеуге немесе оған тыйым салуға;
11) көлiк құралдарын пайдалануға тыйым салуға, оларды пайдалану жол қозғалысының қауіпсіздігіне қауіп төндірген жағдайда нұсқама орындалғанға дейін ұйымдардың көлік құралдарын желіге шығаруды тоқтата тұруға;
12) жол қозғалысын реттеу, жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы құқық бұзушылықтарды, нормативтердi, ережелердi және стандарттарды бұзушылықтарды анықтау және көрсету үшін жедел-техникалық және арнайы техникалық құралдарды қолдануға;
13) автомобиль жолдары бойынша тасымалдауларды жүзеге асыруға рұқсат беруге келiсу, сондай-ақ жол полициясының құзыретiне жататын мәселелер бойынша лицензиялар мен рұқсаттар берудi жүзеге асыруға;
14) жол қозғалысының саласында шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың олар үшiн белгiленген келу, кету, болу және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк жүрiп өту ережелерiн сақтауын бақылауға;
15) ортақ пайдаланымдағы жолдарда жол қозғалысын қадағалауды және бақылауды ұйымдастыру үшiн стационарлық бақылау постыларын орнатуға;
16) жүктелген мiндеттердi шешудi қамтамасыз ететiн мамандандырылған есеп жүргiзулердi, ақпараттық жүйелердi құруға және пайдалануға;
17) көлiк құралдарын мемлекеттік техникалық тексерудi жүргiзудiң тәртібі мен мерзiмдерiн белгiлеуге;
18) жүргiзушiлердi даярлаудың оқу бағдарламаларын келiсуге және бекiтуге;
19) азаматтарға көлік құралдарын жүргізу құқығын алу емтиханына рұқсат етудiң, оларды тапсырудың, жүргiзу құқығына арналған куәлiктердi берудiң тәртібін белгiлеуге;
20) мемлекеттік тiркеулiк нөмiрлiк белгiлердiң, көлiк құралдары мен тiркемелердi тiркеу туралы куәлiктердің, жүргізушілер куәліктерiнің және көлік құралдары мен жүргiзушiлерге жол қозғалысына қатысуға рұқсат ету үшiн қажеттi басқа да арнайы өнiмдердiң үлгiлерiн әзiрлеуге және бекiтуге;
21) жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бөлiгiнде ережелердiң, нормативтердiң және стандарттардың талаптары сақталмаған жағдайда тиiстi органдарға азаматтық және өнеркәсiптiк құрылыс объектiлерiн, жолдарды, жол құрылыстарын, темір жол өткелдерiн, электр көлiгi желiлерiн жобалауды, құрылысын салуды, қайта жаңартуды, жөндеудi және қалпына келтіруді не ұстауды қаржыландыруды тоқтату немесе уақытша тоқтата тұру туралы ұсыныстар енгізуге;
22) жол қозғалысының қауіпсіздігі мәселелері бойынша халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысуға, халықаралық кездесулерде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының мүддесін білдіруге, Қазақстан Республикасының осы мәселелер бойынша халықаралық келісімдерге қатысуынан туындайтын iс-шараларды әзiрлеуге және жүзеге асыруға;
23) жол қозғалысының қауіпсiздiгiн қамтамасыз етуде және құқық бұзушылықтарға қарсы күресте ерекше көзге түскен азаматтарды көтермелеуге;
24) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтарды іске асыруға құқығы бар.
3. Комитеттiң мүлкi
13. Комитеттiң жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.
14. Комитетке бекітілiп берiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
15. Комитеттiң өзiне бекітілiп берiлген мүлiктi өз бетiнше иелiктен шығаруға немесе өзге тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.
Комитетке заңнамада белгiленген жағдайларда және шектерде мүлiкке билiк ету құқығы берiлуi мүмкiн.
4. Комитеттiң қызметiн ұйымдастыру
16. Комитеттi Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төраға басқарады.
Комитеттiң төрағасы лауазымы бойынша Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік автомобиль инспекторы болып табылады.
Комитет төрағасының өзiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын үш орынбасары болады.
17. Комитеттiң төрағасы жол полициясының жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуы және оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн дербес жауап бередi.
18. Комитеттiң төрағасы осы мақсатта:
1) өзiнiң орынбасарлары мен Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерi мен өкiлеттiктерін айқындайды;
2) Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
3) қолданылып жүрген заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік органдарында, өзге де ұйымдарында және халықаралық қатынастарда Комитеттiң мүддесiн бiлдiредi.
4) белгiленген тәртiппен құзыретiне сәйкес жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласына қатысты нормативтiк құқықтық кесiмдердi шығарады;
5) заңнамада белгiленген тәртiппен Комитеттi ұстауға бөлiнген қаражатқа билiк етедi;
6) заңнамамен және осы Ережемен белгiленген құзыретiнiң шегiнде Комитеттiң қызметi мәселелерiн дербес шешедi;
7) азаматтарды қабылдауды жүзеге асырады, шағымдар мен өтiнiштердi қарайды, олар бойынша шешiм қабылдайды, тәртiп пен заңдылықтың бұзылуы фактiлерi бойынша қызметтiк тексерулер тағайындайды;
8) өзiнiң құзыретiне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды;
9) заңнамаға сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
5. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату
19. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.