Бірлескен құпия жұмыстарды орындауға байланысты мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді беру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 мамырдағы № 743 Қаулысы
(2024.25.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2021.22.04. № 259 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2024.12.06. № 458 Қаулысымен (2024 ж. 25 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) тақырыбы жаңа редакцияда
ҚР Үкіметінің 2024.12.06. № 458 Қаулысымен кіріспе жаңа редакцияда (2024 ж. 25 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
«Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
ҚР Үкіметінің 2024.12.06. № 458 Қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 25 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қоса беріліп отырған Бірлескен құпия жұмыстарды орындауға байланысты мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді беру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялауға жатады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Қ. Тоқаев |
ҚР Үкіметінің 2021.22.04. № 259 Қаулысымен ереже жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2024.12.06. № 458 Қаулысымен қағида жаңа редакцияда (2024 ж. 25 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2001 жылғы 31 мамырдағы
№ 743 қаулысымен
бекітілген
Бірлескен құпия жұмыстарды орындауға байланысты мемлекеттік
құпиялар болып табылатын мәліметтерді беру
қағидалары
1. Осы Бірлескен құпия жұмыстарды орындауға байланысты мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 26-бабына сәйкес әзірленді және бірлескен құпия жұмыстарды орындауға байланысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялары болып табылатын мәліметтерді (бұдан әрі - мемлекеттік құпиялар) беру тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бірлескен құпия жұмыстар - тапсырыс беруші мен тапсырысты орындаушы мемлекеттік құпияларды пайдалана отырып жүргізетін жұмыстар;
2) тапсырыс беруші - тапсырысы бойынша мемлекеттік құпияларды пайдалануға байланысты жұмыстар жүргізілетін мемлекеттік орган немесе ұйым;
3) тапсырысты орындаушы - орындау үшін мемлекеттік құпияларды пайдалану талап етілетін тапсырысты орындайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес (коммерциялық) ұйымдары немесе азаматы.
3. Тапсырыс берушінің бірлескен құпия жұмыстарды орындауға байланысты мемлекеттік құпияларды орындаушыға беруі мынадай реттілікті көздейді:
1) Заңның 15-бабына сәйкес тапсырыс берушінің мемлекеттік құпияларға билік ететін мемлекеттік органнан тапсырысты орындаушыға тиісті мәліметтерді және осы жұмыстарды орындау үшін қажетті көлемде ғана беру мүмкіндігі туралы жазбаша рұқсат алуы;
2) тапсырыс берушінің тапсырысты орындаушымен бірлескен құпия жұмыстарды жүргізуге шарт жасасуы;
3) тапсырыс берушінің тапсырысты орындаушы қызметін жүзеге асыратын жер бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына (бұдан әрі - ұлттық қауіпсіздік органдары) бірлескен құпия жұмыстарды жүргізуге жасалған шарт пен қажетті мемлекеттік құпияларды беру туралы жазбаша хабарламаны жіберуі.
4. Тапсырысты орындаушыға мемлекеттік құпияларды беру мүмкіндігі туралы жазбаша рұқсат алу үшін тапсырыс беруші мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызу жөніндегі өкілеттіктер берілген мемлекеттік органның атына жазбаша сұрау салу жібереді.
Сұрау салуда:
1) басшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетіліп, орындаушының толық атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, заңды мекенжайы не жеке сәйкестендіру нөмірі, жұмыс (оқу) орны, атқаратын лауазымы мен тұрғылықты жері, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжатты берген орган көрсетіліп, азаматтың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
2) беруге жоспарланып отырған мемлекеттік құпиялардың тізбесі, оларды жеткізгіштердің атаулары, құпиялылық белгілері, есептік нөмірлері, даналардың нөмірлері, құпия құжаттар немесе өзге де құпия материалдар парақтарының саны;
3) мемлекеттік құпияларды беру қажеттігінің негіздемесі;
4) мемлекеттік құпияларды беру жоспарланып отырған мерзімдер;
5) мемлекеттік құпияларды пайдалана отырып жұмыстар жүргізуге рұқсаттың және (немесе) лауазымды тұлғаға немесе Қазақстан Республикасының азаматына мемлекеттік құпияларға рұқсат етудің (нөмірі, күні, жарамдылық мерзімі және кім берген) болуы туралы мәліметтер көрсетіледі.
Сұрау салуға тапсырыс беруші мен тапсырысты орындаушының арасында жасалатын бірлескен құпия жұмыстарды жүргізуге арналған шарттың жобасы қоса беріледі.
5. Басшысына мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызу бойынша өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган олар келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде тапсырыс берушінің сұрау салуын қарастырады және оның атына басшы не оны алмастыратын адам қол қойған мемлекеттік құпияларды тапсырысты орындаушыға беру мүмкіндігі туралы жазбаша жауап не мемлекеттік құпияларды тапсырысты орындаушыға беруге кедергі келтіретін себептерді көрсете отырып, дәлелді бас тарту жібереді.
6. Мемлекеттік құпияларды Қазақстан Республикасының ұйымдарына немесе азаматтарына беру тапсырыс беруші мен тапсырысты орындаушы арасында жасалатын бірлескен құпия жұмыстарды жүргізуге арналған шарттың негізінде жүзеге асырылады.
Тапсырыс беруші мен тапсырысты орындаушының арасында жасалатын бірлескен құпия жұмыстарды жүргізуге арналған шартта азаматтық заңнамаға сәйкес мынадай мәселелер реттелуі қажет:
1) жұмыстарды жүргізу процесінде де, олар аяқталғаннан кейін де тапсырыс берушінің мемлекеттік құпиялардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша бақылауды жүзеге асыру тәртібі мен тапсырысты орындаушының жауапкершілігі;
2) мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі жұмыстарды (көрсетілетін қызметтерді) қаржыландыру шарттары;
3) ұлттық қауіпсіздік органдарының мемлекеттік құпияларды пайдалана отырып жұмыстарды жүргізуге рұқсатының не лауазымды тұлғаға немесе Қазақстан Республикасының азаматына ресімделген мемлекеттік құпияларға рұқсат етудің (нөмірі, күні, жарамдылық мерзімі және кім берген) болуы туралы мәліметтер;
4) беруге жоспарланып отырған мемлекеттік құпиялардың тізбесі (тізбе бірлескен құпия жұмыстарды жүргізуге арналған шартқа бөлек қосымша ретінде ресімделеді, онда берілетін құжаттардың (жеткізгіштердің) атаулары, құпиялылық белгілері, есептік нөмірлері, даналардың нөмірлері, парақтарының саны көрсетіледі).
Бірлескен құпия жұмыстарды жүргізуге арналған шарттың нысанасы тапсырыс берушіге тиесілі, мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалған ақпараттық жүйелерге қызмет көрсету болып табылатын жағдайларда, берілетін құжаттардың (жеткізгіштердің) атауларының орнына бірлескен құпия жұмыстарды жүргізуге арналған шартқа еркін нысандағы анықтама қоса беріледі, онда қызмет көрсетілетін ақпараттық жүйелердегі мемлекеттік құпиялар болып табылатын айналымда жүрген мәліметтердің қысқаша сипаттамасы көрсетіледі.
Бірлескен құпия жұмыстарды жүргізуге арналған шартты жасасуға, сондай-ақ оның орындалуын бақылауға жауапты құрылымдық бөлімшені тапсырыс берушінің басшысы айқындайды.
7. Мемлекеттік құпияларға билік ету өкілеттіктері берілген мемлекеттік органның өздерінің мемлекеттік құпияларын беру мүмкіндігі туралы жазбаша рұқсатын алғанға дейін бірлескен құпия жұмыстарды жүргізуге арналған шартты жасасуға және мемлекеттік құпияларды беруге жол берілмейді.
8. Бірлескен құпия жұмыстарды орындау шеңберінде тапсырысты орындаушы жүзеге асыратын мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі қызметті ұйымдастыру:
1) шетелдің қатысуынсыз жұмыс істейтін тапсырысты орындаушының;
2) бірлескен құпия жұмыстар орындалатын жер бойынша тапсырыс берушінің;
3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен үлестес заңды (жеке) тұлғаларға қатысты квазимемлекеттік сектор субъектілерінің;
4) іс жүзінде тапсырысты орындаушымен бір қалада (елді мекенде) орналасқан, шетелдің қатысуынсыз жұмыс істейтін және жарғылық капиталында мемлекет жүз пайыз қатысатын әрі мемлекеттік құпияларды қорғау саласында қызметтер көрсетуге Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өкілеттіктер берілген басқа ұйымдардың (бұл жағдайда тапсырысты орындаушы іс жүзінде орындаушымен бір қалада (елді мекенде) орналасқан осы ұйыммен оның мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі бөлімшесінің көрсетілетін қызметтерін пайдалану туралы шарт жасасады, бұл туралы уағдаласушы екі тараптың мемлекеттік құпияларды пайдалана отырып жұмыстар жүргізуге арналған рұқсатында тиісті белгі жасалады) мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі бөлімшелеріне жүктеледі.
Мемлекеттік құпияларды қорғау саласында қызметтер көрсету бойынша шарттың жасалғаны туралы ұйым Қазақстан Республикасы мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің және арнайы пошта байланысы қызметінің филиалдарын жазбаша нысанда хабардар етеді.
9. Бірлескен құпия жұмыстарды жүргізу кезінде мемлекеттік құпиялардың қорғалуын бақылауды ұйымдастыру тараптар жасасқан шарттың ережелеріне сәйкес осы жұмыстарға тапсырыс берушіге жүктеледі.
Бірлескен құпия жұмыстардың барысында тапсырысты орындаушы өзіне алған мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі міндеттемелерді бұзған кезде тапсырыс беруші бұзушылықтар жойылғанға дейін тапсырыстың орындалуын тоқтата тұруға, ал бұзушылықтар қайталанған жағдайда - мемлекеттік құпияларды пайдалана отырып жұмыстар жүргізуге арналған тапсырыс пен рұқсаттың күшін жою және кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту туралы мәселе қоюға құқылы. Бұл ретте тапсырыс беруші тұлғасында тапсырысты орындаушы мемлекетке келтірген материалдық зиян Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндіріп алынуға жатады.
10. Тапсырыс берушінің функциялары, меншік нысандары өзгерген, ол таратылған немесе мемлекеттік құпиялар пайдаланылатын жұмыстары тоқтатылған жағдайларда, егер бірлескен құпия жұмыстарға тапсырыс берушінің құқықтық мирасқорының көрсетілген мәліметтерді пайдалана отырып жұмыстар жүргізуге өкілеттіктері болса, тапсырысты орындаушымен осы құқықтық мирасқор көрсетіліп, шартқа толықтыру жасалады. Бұл ретте тапсырысты орындаушы қызметін жүзеге асыратын жер бойынша ұлттық қауіпсіздік органы және мемлекеттік құпиялары пайдаланылған жағдайда, мемлекеттік органдар міндетті түрде жазбаша хабардар етіледі.
Тапсырысты орындаушының функциялары, меншік нысандары өзгерген, ол таратылған немесе мемлекеттік құпиялар пайдаланылатын жұмыстары тоқтатылған жағдайларда, тапсырыс беруші тапсырысты орындаушымен бірге мемлекеттік құпияларды және оларды жеткізгіштерді қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдайды. Бұл ретте тапсырысты орындаушыға бірлескен құпия жұмыстарды жүргізуге арналған шарттың шеңберінде берілген мемлекеттік құпиялар тапсырыс берушіге қайтарылады.
11. Ұлттық қауіпсіздік органдарының мемлекеттік құпияларды пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыруға рұқсатын алмай және лауазымды тұлғаға немесе Қазақстан Республикасының азаматына мемлекеттік құпияларға рұқсат етуді ресімдемей, мемлекеттік құпияларды тапсырысты орындаушыға беруге жол берілмейді.