Қазақстан Республикасының шамалар бiрлiктерiнің эталондық базасын
дамытудың кейбір мәселелерi туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2001 жылғы 10 мамырдағы № 614 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 19.12.01 ж. № 1658; 24.04.02 ж. № 470;
13.03.03 ж. № 242 қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен)
Бұрынғы редакцияларды қара
Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулы етеді:
ҚР Үкіметінің 24.04.02 ж. № 470 қаулысымен 1-тармақ күшін жойды
1. "Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2000-2002 жылдарға арналған iс-қимыл бағдарламасын iске асыру жөніндегі iс-шаралардың жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2000 жылғы 7 наурыздағы № 367 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., № 13-14, 140-құжат) мынадай өзгерiс енгiзiлсiн:
көрсетiлген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2000-2002 жылдарға арналған iс-қимыл бағдарламасын iске асыру жөніндегі iс-шаралардың жоспарында:
3.7.2.5.-тармақтың "Iс-шара" бағанындағы "физикалық" деген сөз алынып тасталсын.
ҚР Үкіметінің 19.12.01 ж. № 1658 қаулысымен 2-тармақ өзгертілді
2. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының шамалар бiрлiктерiнiң эталондық базасын дамытудың 2001-2003 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Қ. Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2001 жылғы 10 мамырдағы № 614 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының
шамалар бірліктерінің эталондық базасын
дамытудың 2001-2003 жылдарға арналған
Бағдарламасы
ҚР Үкіметінің 19.12.01 ж. № 1658; 13.03.03 ж. № 242 қаулыларымен бағдарлама өзгертілді
1. ПАСПОРТ
Атауы Қазақстан Республикасының шамалар бiрлiктерiнiң
эталондық базасын дамытудың 2001-2003 жылдарға
арналған бағдарламасы.
Бағдарламаның қысқаша Бағдарлама Қазақстан Республикасының шамалар
мазмұны бiрлiктерiнiң эталондық базасын жоспарлы жасау мен
жетілдiруге және экономика салаларының
қажеттілiктерiн өлшемдер бiрлiктерiмен
қамтамасыз етудi неғұрлым толық қанағаттандыруға
бағытталған өзара байланысты ұйымдық, әлеуметтiк,
қаржылық және техникалық шаралардың жиынтығын
бiлдiредi.
Iске асыру мерзiмi Бағдарламаны iске асыру 2001-2003 жылдар кезеңiне
белгiленген.
2. КІРІСПЕ
"Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2000-2002 жылдарға арналған iс-қимыл бағдарламасын iске асыру жөніндегi iс-шаралардың жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 7 наурыздағы № 367 қаулысы осы бағдарламаны әзiрлеу үшiн негiз болып табылады.
Осы бағдарламаны құрастыру кезiнде шамалар бiрлiктерiнiң ұлттық эталондық базасын жарақтандыруды және оның құрамын жүйелеудi негiздеу жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмысы жүргiзiлдi. Халықаралық тәжiрибенi ескере отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерi бойынша шамалар бiрлiктерiн эталондармен қалпына келтiрудiң негiзгi тәсiлдерi белгiлендi. Шамалар бiрлiктерiнiң ұлттық эталондық базасын қалыптастырудың қағидаттары әзiрлендi, бұл ретте, ескерiлуi қажет факторлар айқындалды. Әр түрлi елдердiң шамалар бiрлiктерiнiң ұлттық эталондарының баламалығы дәрежесiн бағалау мақсатында халықаралық салыстыру жүйесiнiң рөлi көрсетiлдi, оларға қатысу үшiн өлшемдердiң тиiстi дәлдiк деңгейi талап етiледi.
Осы бағдарлама экономика салаларындағы шамалар бiрлiктерiнiң бастапқы эталондарының, өлшемдердiң жай-күйiнiң қазiргi кешенiн талдау негiзiнде әзiрлендi және метрологиялық қамтамасыз ету мен бюджеттік қаражатты ұтымды пайдалануда экономика қажеттiлiктерiн есепке ала отырып, республиканың ұлттық эталондық базасын құру және қолдау жөніндегі iс-шараларын қамтиды.
3. ПРОБЛЕМАНЫҢ ҚАЗIРГI ЖАЙ-КYЙIН ТАЛДАУ
Кеңес Одағының ыдырауымен шамалар бiрлiктерiнiң эталондары мен дәлдiгi жоғары өлшемдер құралдарын әзiрлеумен және жасап шығарумен айналысатын жетекшi метрологиялық ғылыми-зерттеу институттары Ресей Федерациясының аумағында қалып қойды. Салыстырмалы түрде жақында құрылған "Қазақстан метрология институты" республикалық мемлекеттік кәсiпорны ("Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитетiнiң кейбір ұйымдары туралы" Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2000 жылғы 9 тамыздағы № 1227 қаулысымен) өзiнiң теңгерiмiнде қазiргi кезде Қазақстан Республикасының эталондық базасын құрайтын 20 шама бiрлiгiнiң эталонына ғана ие.
Шамалар бiрлiктерiнiң қазiргi эталондық базасы экономиканың, әсiресе, мынадай, отын-энергетика кешенi, телекоммуникация, мұнай-газ өндiру өнеркәсiбi сияқты дамушы салаларының, сондай-ақ мемлекеттік метрологиялық қадағалауға жататын қызмет түрлерінің, атап айтқанда, халық өмірінің қауіпсіздігі мен денсаулығын және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға дайын емес.
Әлемдік экономикалық қоғамдастыққа ұлттық экономиканы ықпалдастыру, республикада қолданылып жүрген өлшемдiк техниканы одан әрi жетiлдiрудi және өлшемдер нәтижелерiнiң дәлдiгi мен сенiмдiлiгiн арттыруды талап етедi.
1. Мұнай-газ өндiру өнеркәсiбi.
Мұнай-газ өндiру өнеркәсiбi Қазақстан Республикасының неғұрлым перспективалы саласы болып табылады. Өндiрiстiк кезеңi шикi мұнайды өндiру мен жинаудан және оны дайындау мен құбырмен, темір жол және автомобиль цистерналарымен және танкерлермен тасымалдаудан, сондай-ақ сақтау мен сатудан тұрады.
Мұнай және мұнай өнiмдерiн есепке алу аса маңызды мемлекеттік мiндет болып табылады. Мұнайдың шығыны таза салмағын өлшеу қателiгiнiң есебiнен ғана 1,5 пайызға жуық құрайды. Мұндай қателiк мұнай компаниялары мен мемлекеттi едәуiр экономикалық шығындарға әкеп соқтырады. Сондықтан, Қазақстан Республикасы үшiн мұнай өнеркәсiбi болашақта экспорттың едәуiр үлесiн беретiн болғандықтан, тұтынушылар мен жеткізушiлер арасындағы өзара қатынасты айқындайтын мұнайдың мөлшерi мен сапасын есептеу дәлдiгiн арттыру қажет.
Мұнай бағасы едәуiр дәрежеде оның сапасына тәуелдi. Аса маңызды тауарлық сапа көрсеткiштерi тығыздығы, су, хлорлы тұздар, күкiрт, механикалық қоспалардың құрамы болып табылады. Сондай-ақ, қаныққан булардың қысымы, тұтқырлық, парафиндердiң құрамы сияқты технологиялық көрсеткіштер анықталады.
Есеп айырысу-есепке алу операциялары кезiнде табиғи газ мөлшерiнiң өлшемi оның көлемi болып табылады. Газ өндiретiн кәсiпорындар мен магистральды газ құбырларын есепке алу тораптарында табиғи газдың көлемiн өлшеу ығыстырушы құрылғылар негiзiнде өлшеуiш кешендерiмен, турбиналық және құйындық шығын өлшегiштермен жүзеге асырылады. Өлшеудiң қателiгi салдарынан табиғи газдың 5 пайызға дейiнi коммерциялық есептен шығып қалады, мұның өзi газ компаниялары мен мемлекеттi едәуiр экономикалық шығынына әкеп соқтырады.
Сондай-ақ, газ сапасының едәуiр маңызы бар, өйткенi оның құны осыған тәуелдi. Табиғи газ сапасының көрсеткiштерiне: метан құрамы, тығыздығы, төменгi жану қызуы, күкiрттiсутектер, меркаптандық күкiрт, азот, көмiрқышқыл газ және көмiрсутектер құрамы, шық нүктесiнiң температурасы жатады.
Мұнай-газ өңдеу өнеркәсiбiнiң технологиялық процестерi, негiзiнен талдаулық өлшемдерді (оның iшiнде, мұнай өнiмдерi мен газдың сапасы параметрлерін өлшеу) термометрияны, шығын өлшегіштерді және жылу таратқыштардың параметрлерін қамтиды.
2. Отын-энергетикалық кешенi.
Жылу-энергетикалық кешенiнде 2000 жылы 3 миллионнан астам өлшем құралдары, оның iшiнде, мұнай мен газдың турбиналық және кориолистiк шығын өлшегiштерi, микропроцессорлық аппаратура, ағындық автоматтық тығыздық өлшегiштер, сынауды iрiктегiштер, манометрлер қолданылды. Энергия тасымалдаушыларын есепке алудың дәлдiгi жоғары приборларын пайдалану, энергия ресурстарын пайдалануды ретке келтiруге, оларды өндiру мен тұтыну процестерiн бақылауға және реттеуге, энергия ресурстарының қажеттi нақты мөлшерiн айқындауға мүмкiндiк бередi.
Елдегi жылу энергиясы мен су шығыны өлшемдерiнiң ауқымы орасан зор. Өндiрiстiк объектiлер туралы айтпағанның өзiнде, әр тұрғын үйде кем дегенде бiр суық су санағышы мен бiр жылу санағыштары болуы тиiс. Пайдаланылатын өлшем құралдары қазiргi заманғы метрологиялық қамтамасыз етуге мұқтаж. Жылу энергиясын өндiру кезiнде елдегi 5 пайызға дейiнгi барлық өндiрiлген энергия өлшемдердiң қателiгi салдарынан коммерциялық есептен шығып қалады.
Көмiр өндiру өнеркәсiбiн метрологиялық қамтамасыз етудiң негiзгi мiндеттерiнiң бiрi шахталардағы жұмыстардың өрт және жарылыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету болып табылады. Ол, негiзiнен экоталдамалық бақылауды ұйымдастырумен шешiледi. Шахталарда жарылыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету факторларының бiрi, ықтимал қауiптi алаңдарда ауа ағынының жылдамдығын дәл өлшеу болып табылады.
Құрылыс материалдары мен құрылыс құрылғыларының элементтерiн шығару мен сертификаттау кезiнде жылу тораптары мен коммуникацияларында, тұрғын үйлiк және өндiрiстiк бағыттағы ғимараттарда, ең төменгi жылу шығынын қамтамасыз ету кезiнде желiлiк кеңейтудiң температуралық коэффициентiн өлшеу және жылу өткiзгiштiгiн өлшейтiн - дилотометрия шешушi роль атқарады.
3. Тамақ өнеркәсiбi.
Тiркелген зертханаларда өнiмнiң үлгiсiн бiрдейлендiруге, адам өмiрi мен денсаулығы үшiн қауiптi әртүрлi зиянды заттарды анықтайтын және мөлшерiн өлшеуге мүмкiндiк беретiн газдық және сұйық хроматографтарды, атомдық-абсорбциялық спектрометрлердi, электронды таразыларды және басқа да жаңа буынды дәлдiгi жоғары приборлар қолданылады. Алайда, елдегi жеңіл және тамақ және ауылшаруашылығы өнiмдерiн сынау мен сертификаттауды метрологиялық қамтамасыз ету өнiмнiң сапасы мен қауiпсiздiк көрсеткiштерiн бақылайтын приборларды салыстырып тексеру және калибрлеуге арналған эталондық кешендердiң болмауынан, сондай-ақ өлшеулердің (сынаулардың) нәтижелерін зертханааралық салыстыруды жүргізу өз деңгейінде емес.
4. Қоршаған орта мен табиғатты пайдалануды бақылау.
Қазақстан Республиканың экологиялық тұрақты даму моделін іске асыруға бағытталған әлемдік процеске қосылуы ол Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған орта және оны дамыту жөніндегі конференциясының негiзгi құжаттарында ұсынылған шешiмдердi орындаумен тiкелей байланысты. Бұл, адамзат өзiнiң өмiр сүруiнiң жаңа дәуiрiне енуiне байланысты өзi жасаған химиялық, биологиялық және физикалық әсер ету құралдарының ықтимал қуаты өмiр сүру ортасына әсерi табиғат күштерiмен шамалас болуымен түсiндiріледi.
Қоғамның iс-әрекетi биосфераның химиялық құрамын түбегейлi өзгертедi. Бұл өзгерістер биосфераның қатты, сұйық және газ тәріздес құраушыларының ластану процестерімен байланысты. Экологиялық проблемалардың туындауының басты себептерi мыналар болып табылады:
халық шаруашылығының ұзақ уақыт экстенсивтi дамуы;
табиғатты пайдаланудың аймақтық табиғи-ресурстық әлеуетке сай келмеуi;
табиғатты қорғаудың жабдықтармен нашар жабдықталуы;
табиғатты қорғаудың бүкiл кешендiк iс-шараларының орындалмауы, бiрiншi кезекте химиялық, биологиялық және экологиялық әсер ету факторларын әрi олармен табиғи және антропогендiк экожүйелердiң әсерлесуiн бақылау.
Адамның әртүрлi заттарды әдейi атмосфераға тастауы қоршаған ортаның тепе-теңдiгiн бұзатын неғұрлым ашық әрекетi болып табылады. Атмосфераны ластайтын негiзгi заттардың көздерi мейлiнше әртүрлi. Қазба отынды энергия көзi ретiнде пайдалану ауаның ластануының негiзгi себебi болып табылатыны даусыз. Басқа көздер - бұл атом және химия, металлургия, цемент өндiрiстерiнiң, және басқа да индустриялық қызмет түрлерiнiң ауаға тастайтын жанама өнімдерінің шығарымдары. Органикалық заттар шірігенде күкiртсутектерге және басқа да күкiрт қосылыстары мол заттар бөлiнедi. Қоршаған ортаны ластауға автокөлiктердiң қосатын үлесi елеулi. Атмосфераның өте көп ластануы көмiртегi тотығының, азот және күкiрт қосылыстарының, көмiрсутектердiң және өндiрiстiк шаңдардың үлесiне тиедi.
Судың ластану проблемасы - қоршаған ортаның нашарлануының ең бiр қатерлi факторы болып табылады. Мұнайды қайраңда өндiру, жағада шайылуы және атмосфера арқылы жыл сайын бiрнеше миллион тонна мұнай және мұнай өнiмдерi әлемдiк мұхитқа түседi. Бұл жағдай, атмосфера ластануынан да күрделiрек болып тұр, өйткенi көптеген қатты күйдегi ластаушы заттар суда еруi мүмкiн немесе сол салмақтағы күйiнде едәуiр орасан зор қашықтыққа тасымалдануы мүмкiн. Басқа бiр проблема мынада: су салыстырмалы түрде аз мөлшердегi ерітiлген оттегін құрайды. Сонымен бір мезгілде қатты ластанған ауаның өзi осы газдың квазитұрақты концентрациясын сақтай алады. Судың мұндай қасиетi жоқ, ал оттегi көптеген организмдерге ащы және, сондай-ақ тұщы суларда шектеушi экологиялық фактор болып табылады.
Литосфераның химиялық өзгерістерiнiң ауқымы туралы мынадай мәліметтер арқылы білуге болады: соңғы жүзжылдықта 20 млрд. тонна қоқыс, 3 млрд. тонна күл, 1 млн. тоннадан астам күшәла, кобальт, никель, млн. тоннаға дейiн мырыш және сүрме жер бетiне түсті.
Қаралып отырған проблемалардың бүкiл кешенiн талдау экологиялық қауiпсiздiк жүйесiн құруға әкеп тiредi, оның шеңберiнде антропогендiк әсер етудiң экологиялық дағдарыс факторларының мониторингi, биосфераның нақты жай-күй және оның болашақта дамуының болжамы бiрiншi дәрежедегi маңызға ие болады.
5. Телекоммуникация.
Әлемдегi дамудың тенденцияларын ескере отырып, негiзгi параметрлерiнiң бiрi индуктивтiк болып табылатын байланыс құралдарының, электрониканың, радиотехниканың, компьютерлiк техника мен теледидардың сапасын арттыру және жетiлдiру қажеттiлiгi туындайды. Республикадағы қазiргi дәлдiгi жоғары индуктивтiк өлшем құралдарын салыстырып тексеру үшiн шет елдерге шығарылады, бұл осы стратегиялық маңызды саланың дамуын басқа елдердiң экономикалық және саяси жағдайына тәуелдi етедi.
6. Өлшем құралдарын өндiру мен сырттан әкелу.
Өлшем техникасын қолдану энергетикада, өнеркәсiпте, ғылыми мекемелердiң алдында тұрған маңызды мiндет болып табылады. Қазақстан Республикасының рыногына жыл сайын импортталатын өлшем құралдары үлкен көлемде келiп түседi. Бiрақ, шетелдiк фирмалардың өлшем техникасы әрдайым пайдаланудың жергілiктi жағдайларына бейiм болмайтындығы және өзiнiң техникалық қасиеттерiне байланысты тұтынушылардың талабына сай келе бермейтiндiгiн атап өткен жөн.
Сериялап шығаруға арналған немесе шетелден топтап әкелiнетiн сапасыз өлшем құралдарынан отандық рынокты қорғау тетiгi - Қазақстан Республикасының өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттік жүйесiнiң тiзiлiмiне енгізу үшiн өлшем құралдарының үлгiсiн бекіту мақсатында өлшем құралдарын мемлекеттік сынау болып табылады.
Қазiргi уақытта, Қазақстан Республикасында қажеттi сынақтық және өлшем жабдықтары бар, тiркелген өлшем құралдарын сынау базасы жоқ. Сынақтар, негiзiнен бөгде ұйымдардың базасында жүргiзiледi (кейде бiрнеше база пайдаланылады), бұл сынақтардың құнының қымбаттауына және сынау мерзiмiнiң ұзаруына әкеп соқтырады.
Халықаралық деңгейде тiркеп өзiндiк сынақ базасын құру, оларды шет елдерге шығаруда өндiрiлген өлшем құралдарының сынақ нәтижелерiнiң танылуын, сөйтiп саудадағы техникалық кедергiлердiң жойылуына жәрдемдесудi қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, республика аумағында қолдануға рұқсат етілген өлшем құралдарының номенклатурасының кеңейтiлуi өлшем құралдарын таңдау мүмкiндiгiн молайтуға және салауатты бәсекелестік жағдайын туғызуға мүмкіндік бередi.
7. Қазiргi эталондық базаны жете жарақтандыру.
Республиканың негiзiнен 70-80 жылдары бюджеттік қаржыландыру қаражатының есебiнен құрылған өлшемдердiң эталондық базасы, өз деңгейi бойынша халық шаруашылығының сол кездегi даму сұранысына сай келетiн. Қазiргi уақытта, бұрынғы мемлекеттік метрологиялық қызметке тиiстi 2100 бiрiншi разрядты эталондар бiрлiктерi мен дәлдiгi жоғары өлшем құралдары, олардың моральдық ескiруi мен табиғи тозуы салдарынан, мемлекеттік эталондардың дәлдiгi мен берiктiгiне қойылатын талаптарға сәйкес келмеуiнен, олар заңды тұлғалардың теңгерiмiне берiлдi.
Қазақстан Республикасынан тысқары шығарып, салыстырып тексерiлуi жүргiзiлетiн өлшем құралдарының тiзбесi бар. Бұл осы өлшем құралдарын салыстырып тексерудi жүргiзетiн жақын шетелдерге өлшем құралдарын тасымалдаумен байланысты көптеген қаржы шығындарына және уақыт шығындарына әкеп соқтырады.
Мұндай жағдай шамалар бiрлiктерiнiң эталондарының жоқтығынан (мысалы: рН эталоны, электролиттер ерітiндiлерiнiң үлестiк өткiзгiштiгi эталоны) және табиғи тозуынан туындаған. Сөйтiп, республиканың қазiргi эталондық базасын жете жарақтандыру мен жаңғыртудың өткiр қажеттiлiгi туындады.
4. БАҒДАРЛАМАНЫҢ МАҚСАТТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI
Бағдарламаның басты мақсаты - өлшем бiрлiктерiмен қамтамасыз етудегi экономика салаларының қажеттiлiктерiн неғұрлым толық қанағаттандыруға бағытталған Қазақстан Республикасының шамалар бiрлiктерiнiң эталондық базасын жоспарлы жасау мен жетiлдiру болып табылады.
Экономика салалары бойынша бағдарламаның мақсаттары мыналар болып табылады:
мұнай-газ өндiру өнеркәсiбiнде - мұнай және газдың саны мен сапасын бақылайтын өлшем құралдарын метрологиялық қамтамасыз ететiн эталондық кешен құру;
отын-энергетикалық кешенiнде - жылумен жабдықтау жүйесiнде жылу санағышты жинақты салыстырып тексерудi жүргiзу үшiн әртүрлi өлшем құралының жиынтығынан тұратын автоматтандырылған өлшеу кешенiн құру. Көмiр өндiру өндiрiсiнде және метрологияда ауа ағыны жылдамдығының өлшем құралдарын метрологиялық қамтамасыз ету және температураның кең ауқымында материалдардың желiлiк кеңеюiнiң температуралық коэффициентiн өлшеу;
тамақ өнеркәсiбiнде - республикада шығарылатын және сырттан әкелiнетiн азық-түлiк өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiн бақылауға арналған өлшем құралдарын метрологиялық қамтамасыз ететiн эталондық кешен құру;
қоршаған орта мен табиғатты пайдалануды бақылау саласында - қоршаған ортаны бақылау үшiн, атап айтқанда табиғатты пайдалану кезіндегі талдау өлшемдерi саласында өлшем құралдарын метрологиялық қамтамасыз етуге арналған эталондық кешен құру;
телекоммуникацияда - телекоммуникацияда қолданылатын индуктивтiктiң өлшем құралдарын метрологиялық қамтамасыз ететiн эталондық кешен құру;
өлшем құралдарын өндiру мен сырттан әкелу - республикада шығарылатын және сырттан әкелiнетiн өлшем құралдарын сынау және зерттеуге арналған база құру;
қазiргi эталондық базаны жете жарақтандыру саласында - өлшемдердiң және ғылыми-техникалық әлеуеттiң қол жеткен деңгейiн сақтау, сондай-ақ қазiргi эталондық базаны жаңғырту.
5. БАҒДАРЛАМАНЫҢ НЕГIЗГI БАҒЫТТАРЫ МЕН IСКЕ
АСЫРУ ТЕТIКТЕРI
Бағдарламаға қатысуға мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасы мен шет елдердiң өлшем құралдарын өңдеушiлер мен жасаушылар тартылады.
Бағдарламаны iске асырудың негiзгi тетiгi мыналар - қажеттi жабдықтарды сатып алу және оларды эталон ретiнде бекіту, сондай-ақ қазiргi эталондық базаны толықтырып жабдықтау мен жаңғырту.
Қойылған мiндеттер өлшем бiрлiктерiн қамтамасыз етудiң мемлекеттік жүйесiн, ең алдымен, оның техникалық негiзiн, басымдықтарын өзгерту, жаңа қағидаттарды пайдалану, басқару әдiстерiн және нысандарын өзгерту жолымен тұрақты жетiлдiру негiзiнде мүмкiн болады.
1. Мұнай-газ өндiру өнеркәсiбi.
Мұнай және газ құрамының көлемдiк және массалық шығынын өлшеу, тұтқырлығы мен тығыздығын өлшеу, физика-химиялық өлшеу дәлдiгiн арттыру мұнай-газ өндiру өнеркәсiбiн метрологиялық қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттары болып табылады.
Iске асыру тетiгi:
сұйықтың көлемдiк және массалық шығындарының бiрліктерiн қайталауға және оның мұнай мен мұнай өнiмдерiн есепке алу тораптарының шығын өлшеуiштерiне беру үшiн жабдықтар сатып алу;
магистральдық құбырлардың есепке алу тораптарында монтаждауды қажет етпейтiн салыстырып тексеретiн шығын өлшеуiштер, ағындық вискозиметрлер, тығыздық өлшегiштер, ылғал өлшегіштерге арналған жабдықтар сатып алу;
салыстырып тексергiш газ қоспасы өндiрiсiне арналған жабдықтар сатып алу;
мұнай мен газдың сапасын анықтауға арналған жабдықтар сатып алу.
2. Отын-энергетикалық кешенi.
Энергетикалық табиғи ресурстарды тиiмдi пайдалану экономиканың аса маңызды бағыттарының бiрi болып табылады. Отын-энергетикалық кешенiнде - бұл табиғи газ, сұйық отын, қатты отын және газ. Елдiң энергетикалық ресурстар бойынша әлемдiк бағаларға көшуi, оларды өндiрiстiк және тұрғын-үй коммуналдық салада ұтымды пайдалану прогресивтiк энергия үнемдеушi технологияларды енгізу, өлшем техникасын және оның дәлдiгi мен өлшемнiң дұрыстығын арттыруды одан әрi жетілдiрудi талап етедi.
Жылу санағыштары мен жылу есептеуiштерi құрамында қолданылатын өлшем құралдары құрамындағы салыстырып тексергiштер үшiн, температураны, ауа ағынының жылдамдығын, электролиттер ерiтiндiсiнiң үлестiк электр өткiзгiштiгiн өлшеуді метрологиялық қамтамасыз ету үшiн жабдықтар сатып алу - iске асырудың тетiгi болып табылады.
3. Тамақ өнеркәсiбi.
Мемлекет саясатының аса маңызды басымдықтардың бiрi ол азаматтардың денсаулығы болып табылады. Бұл үшiн халықты сапалы және экологиялық таза азық-түлiк өнiмдерiмен қамтамасыз ету қажет. Тамақ өнеркәсiбi өнiмiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету - сынаудың және сертификаттаудың негiзiнде шешiлуi мүмкiн аса өзектi проблемалардың бiрi болып табылады.
Өнiмнiң сапасы мен қауiпсiздiгiн растау үшiн нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес физика-химиялық, микробиологиялық және токсикологиялық өлшемдер жүргiзу қажет. Бұл шарт республикада шығарылған және шет елдерден әкелiнетiн өнiмдерге де қолданылады. Өзiнiң метрологиялық сипаттамалары бойынша талап етiлетiн дәлдiк және сенiмдiлiк нормаларына сәйкес және бағдарламалық қамтамасыз етуі бар, тиімділігі жоғары талдау жабдықтарын пайдалану арқылы шынайы өлшемдік ақпарат алу мүмкін болады.
Іске асыру тетігі - тамақ өнімдеріндегі ылғалдылықты, құрғақ заттардың, экстракттар және қанттың құрамын, микроорганизмдер құрамын, альдегидтердің күлділігін мен ылғалдығын бақылайтын, азық-түлiк өнiмдеріндегі бифенилдердiң, нитрат-ионның құрамын, қанттың құрамын, нитриттер мен сивуха майларының құрамын бақылауға арналған дәлдiгi жоғары жабдықтар сатып алу.
4. Қоршаған орта мен табиғат пайдалануды бақылау.
Жергiлiктi, аймақтық, ұлттық және ғаламдық деңгейдегi экологиялық мониторинг жүйесiн құру негiзгi бағыт болып табылады. Табиғи антропогендiк экожүйелердiң жай-күйi мен өзгерiсiн жедел бақылауды қамтамасыз ететiн өлшемдердiң кiшi жүйесi осы жүйенiң негiзгi блогы болып табылады. Мониторингтiң тиiмділiгi алынатын экологиялық ақпараттың шынайылығымен айқындалады. Өз кезегiнде өлшемнiң шынайылығы, шамалар бiрлiктерi эталондарының және стандарттық үлгiлердiң кешенiне негiзделген өлшем бiрлiгiн қамтамасыз етудiң ұлттық жүйесi негiзiнде құрылуы тиiс.
Iске асыру тетiгi - рН ерітiндiлерiн, атомдық-абсорбциялық спектрофотометр, қоршаған орта объектiлерiнде ауыр металл тұздарының құрамын бақылауға арналған жабдықтар сатып алу.
5. Телекоммуникация.
Негiзгi бағыты - Қазақстан Республикасында индуктивтiк өлшем құралдарын салыстырып тексерудi жүзеге асыруға мүмкiндiк беретiн, шамалар бiрлiктерiнiң мемлекеттік индуктивтi эталонын құру болып табылады және ол телекоммуникацияда өте жиi қолданылатын осы өлшем түрiнiң дамуына негiз қалайды.
Iске асыру тетiгi - индуктивтiк бiрлiк мөлшерiн сақтауға, қайталауға және басқа өлшем құралдарына беруге арналған жабдықтар сатып алу.
6. Өлшем құралдарын өндiру мен сырттан әкелу.
Өлшем техникасы өзiнiң техникалық және метрологиялық сипаттамалары бойынша өндiрiстiң қазiргi талаптарына сай материалдық және энергетикалық ресурстарды есепке алуға және бөлуге жауап беруi тиiс.
Негiзгi бағыты - метрология саласында ғылыми зерттеулер жүргiзуге және өлшем құралдарын сапалы сынауға арналған өлшем құралдарын сынау орталығын құру болып табылады.
Іске асыру тетiгi - өлшем құралдарын пайдалану және тасымалдау жағдайын жасау үшiн кең ауқымды мамандандырылған камералар сатып алу.