Осы мәселелердiң барлығын шешуде турөнiмдi қалыптастырудың институционалдық элементтерiнiң бірiншi дәрежелi рөлi бар.
"Қазақстан" деген фирмалық атауы бар турөнiмдi жылжыту, оның барлық компоненттерiн нақты анықтауды және рынок сегментіндегі орналасуын ғана емес, оны өткізудiң барынша тиiмдi арналарын iздестiру, мақсатты рыноктарды (мысалы, Англия, Германия, Жапония және т.б рыноктарды) iздестiрудi талап етедi.
Туризмдi дамыту саясатының мақсаттары мен қағидаттары
Туризмдi дамытудың мақсаты:
сапасы, халықаралық туристiк рынок жағдайында өндiруге, сатуға және бәсекелестiкке төтеп беретiн өнiм өндiруге және сатуға қабілеттi, рентабельдi туризм индустриясын құру жолымен туризмдi экономиканың табысы жоғары салаға айналдыру;
республиканың туристiк әлеуетiн арттыру;
тарихи-мәдени және табиғи-рекреациялық ресурстарды сақтау және ұтымды пайдалану;
халықтың барлық жiктерiнiң туристiк ресурстарға қол жеткізуiн қамтамасыз ету, туристiк қызмет көрсетуге деген сұранысты барынша қанағаттандыру;
тұрғындардың жұмыспен қамтылуын ынталандыру;
мемлекеттік және жеке құрылымдардың туризм саласындағы өзара бірлескен iс-қимылының тиiмдiлiгiн арттыру;
шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту болып табылады.
Республикада саланы дамыту мынадай қағидаттардың негiзiнде жүзеге асырылады:
әрбір адамның демалу және бос уақытын өткізуге деген құқығын iске асыруы;
халықтар мен мемлекеттер арасындағы өзара түсiнiстiк пен ынтымақтастықтың iзгілiк сипатын, бейбiтшiлiк пен сыйластық, нәсiлiне, жынысына, тілі мен дiнiне қарамастан, адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарын сақтау;
әдiлеттілік пен егемендiк, саяси, экономикалық және әлеуметтiк жүйесiне қарамастан, мемлекеттердiң iшкi ісiне қол сұқпау;
қоршаған ортаға және мәдени игiлiктерге ұқыпты қарау;
әлеуметтiк тепе-теңдiк пен даму, жеке адам мен қоғамның игiлiгiн арттыру;
туризмдi тұрақты дамыту.
Алға қойылған мақсаттарды iске асыру үшiн мынадай мiндеттердi шешу қажет:
туризм саласындағы мемлекеттік саясатты жандандыру;
туристiк қызметтi реттеу жүйесiн жетiлдiру;
туризм индустриясының құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негiздерiн одан әрi дамыту;
туристiк рынокты демпингке қарсы және мемлекеттік қолдаудың басқа да шараларын қабылдау арқылы қорғау;
туристердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
тартымды туристiк объект ретiнде Қазақстанның беделiн қалыптастыру;
ақпараттық қамтамасыз ету жүйесiн жетiлдiру;
туризм саласындағы ғылыми зерттеулердi тереңдету;
туризм саласындағы қызмет көрсетудiң статистикалық есебiнiң әдiснамасын халықаралық стандартқа сәйкестендiру;
туристік объектілерді қайта жаңғырту мен салу үшін отандық және шетелдiк инвестицияларды тарту жолымен туризм инфрақұрылымын дамытуды ынталандыру;
туристiк қызметтi стандарттау, сертификаттау мен лицензиялау негiзiнде туристерге қызмет көрсетудiң сапасын арттыру;
туризм саласындағы кадрларды даярлау мен олардың білiктілiгiн арттыру жүйесiн дамыту;
туризм саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларды қамтамасыз ету, терiс әлеуметтiк әсерлердi бәсеңдету және мәдени мұраны сақтау;
туризм саласындағы келеңсiз үрдiстерден арылу.
Туризмдi дамытудың негiзгi бағыттары
Мақсаттар мен мiндеттерге сәйкес туристiк саланы дамытудың мынадай негiзгi бағыттары белгіленедi:
Туристiк қызметтi мемлекеттік реттеу
Туризмдегi мемлекеттік реттеу жүйесiн жетілдiру туристiк қызметтi жүзеге асырудың өзгерген әлеуметтiк-экономикалық жағдайларға толық жауап беретiн мақсаттарына, қағидаттарына және міндеттеріне сай жаңа көзқарастарды талап етедi. Бүгiнгі таңда атқарушы билiк органдары мен туризм саласында әрекет ететiн ұйымдардың арасындағы өзара iс-қимылды реттеудегi мемлекеттiң рөлiн арттыру қажет. Саланы орталықтандырып басқару Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөніндегі агенттiгiне жүктеледi.
Туризмдi кешендi дамытудың табысты iске асырылуын қамтамасыз ету саланы мемлекеттік басқару әдiстерiн дұрыс таңдауға тiкелей байланысты. Қазiргi уақытта, саланы мемлекеттік реттеу мынадай шараларды жүзеге асыруға бағытталуға тиiс:
республикалық және аймақтық деңгейлерде туризмдi дамыту саясаты мен жоспарлауды үйлестiру;
туристiк индустрия саласындағы қарым-қатынасты ретке келтiру мен жетiлдiруге бағытталған заңнамалық және нормативтiк құқықтық базаны қамтамасыз ету;
сапалы туристiк өнiмнiң ажырамас бөлiгi ретiнде туристердi қорғауды және олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
статистиканы және зерттеу қызметiн жетiлдiру;
білім және оқу стандарттарын қоса алғанда, туризмге арналған кадрларды кәсіптік даярлау;
туризм саласында мүдделi министрлiктер мен ведомстволар, сондай-ақ мемлекеттік және жеке секторлар арасында жоғары деңгейдегi үйлестiруді қамтамасыз ету;
туризмдi дамытудың нақты аудандарында жердi пайдалануды және құрылыс салу нормаларын қолдануды бақылау;
тарифтердi, туристiк ұйымдардың, тасымалдаушылардың қызметiн лицензиялауды, туристiк объектiлердiң сапасын және қызмет көрсетудiң стандарттарын бақылау;
ел беделiн қалыптастыру, қазақстандық туристiк өнiмнiң маркетингi және жылжытылуы жөніндегі басым шараларды белгiлеу, оның iшiнде туристiк көрмелердi және басқа iс-шараларды ұйымдастыру;
халық арасында туризм құндылықтарын және қоршаған ортаны қорғауды насихаттау;
халықтың түрлi әлеуметтiк-демографиялық санаттары мен топтары арасында әлеуметтiк туризмдi дамыту үшiн қолайлы жағдай жасау;
визалық және кедендiк рәсiмдердi барынша оңайлату;
мемлекеттiң туристiк көрнектi орындарын құру және қорғау;
туризм инфрақұрылымының аса маңызды базалық компоненттерiн жасау.
Туризм инфрақұрылымын дамыту
Республикада жүзеге асырылып жатқан әлеуметтiк-экономикалық өмiрдi реформалау туризмдi және оның инфрақұрылымын толық қамти қойған жоқ. Туризмнiң материалдық базасының нашарлығынан Қазақстан жыл сайын миллиондаған долларды жоғалтуда, бұл туристiк салаға күрделi қаржыны, сондай-ақ отандық және шетелдiк инвесторлар қаражатын тартуды қажет етедi.
Ұлттық туристiк өнiм ерекшелiгiн ескерiп, тұрақты туристер ағынын қамтамасыз етуге қабiлеттi елдiң туризм инфрақұрылымын дамыту үшiн:
жалпы пайдалану және туристiк мұқтажды қанағаттандыру үшiн жол-көлiк инфрақұрылымын дамыту;
iлеспе инфрақұрылымды: қолданыстағы және ықтимал туристiк аймақтардағы сумен, электрмен жабдықтау, кәрiздер және қатты қалдықтарды жою жүйесiн, телекоммуникацияларды дамыту;
туристiк кешендердi, этнографиялық мұражайларды және демалыс аймақтарын құру;
тарихи-мәдени және этнографиялық ескерткiштердi қалпына келтiру және мұражайға айналдыру;
жыл бойы пайдаланылуын ескере отырып, туристiк объектiлер жобаларын оның iшiнде орташа және шағын орналастыру құралдарын жасау және оларды салу.
Маркетинг стратегиясын әзiрлеу
Ұлттық туристiк өнiм және оны дамытудың әлеуетiне сәйкес маркетинг стратегиясын әзiрлеу қажеттілігi бар.
Маркетинг стратегиясын iске асыру мақсатында мемлекет мынадай мiндеттер белгiлеп отыр:
сапалы туристiк қызмет көрсетудi ұсынатын туристiк орталық ретiнде Қазақстан туралы туристер жiберiлетiн негiзгi елдерде жағымды пiкiр қалыптастыру;
Қазақстанды ерекшелейтiн сипаттамаларға және артықшылықтарға негiзделген маркетингтiк iс-шараларды әзiрлеу және жүзеге асыру;
қосымша мүмкiндiктер бере отырып, төлем қабiлетi жоғары деңгейдегi туристердi тарту;
жеке сектордың маркетингтiк жұмысына қолдау көрсету;
Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай, Жапония және т.б. туристер ағынының дәстүрлi рыноктарына ұлттық туристiк өнiмнiң енгiзiлуiн күшейту;
рыноктың жаңа сегменттерiн айқындауға бағытталған зерттеулер жүргiзу;
ел аумағында орналасқан көрнектi туристiк орындар мен объектілердiң бүкiл ауқымын әлемдiк рынокқа жылжыту;
ғылыми негiзделген өткізу әлеуетiн ескере отырып, республика аумақтарына туристiк ағынның теңдестiре бөлiнуiн қамтамасыз ету;
жыл iшiнде туристiк инфрақұрылымның бірқалыпты жүктемесiн қамтамасыз етуге бағытталған маркетингтiк және бағалық тәсiлдердi қолдану арқылы туризмнiң маусымдық жылжытылуын күшейту;
ұлттық туристiк өнiмдi жылжытудың жаңа ақпараттық технологияларын пайдалану;
туризмдi дамытудың тұрақты сипатын насихаттау қажет.
Қазақстанның туристiк бейнесiн қалыптастыру
Жерлерi Ұлы Жiбек жолының учаскесiнде сан алуан тарихи оқиғалардың ғасырлар бойғы куәгерi ретiнде Қытай мен Еуропаны жалғастырып жатқандығына қарамастан, Қазақстан әлi де болса, туристiк бағыт ретiнде әлемге танымал бола қойған жоқ.
Қазақстанның тартымды туристiк беделiн құру тиiстi кең ауқымды шаралар кешенiн әзiрлеулi талап етедi.
Беделдi көтерудiң негiзгi iс-шаралары Қазақстанның туристiк фирмалары мен агенттiктерiнiң халықаралық туристiк көрмелерге, жәрмеңкелер мен конференцияларға, оның iшiнде ДТҰ тарапынан өткiзiлетiндерiне қатысуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында осыған ұқсас iс-шаралар ұйымдастыру болуға тиiс. Қазақстанды Еуразияның қоғамдық және мәдени құбылыстар орталығына айналдыруға ықпал ететiн конгрестiк туризмдi дамытудың маңызы бар.
Туризмдегi халықаралық ынтымақтастық ЮНЕСКО және ДТҰ-ның Ұлы Жiбек жолына байланысты жобаларын әзiрлеу мен iске асыруға қатысу, шет мемлекеттермен екiжақты және көпжақты келісімдер жасасу арқылы жүзеге асырылады.
Елдiң туристiк беделiн қалыптастыруда республика аймақтарында және шет елдерде туристiк ақпараттық орталықтарды ұйымдастыру да маңызды рөл атқарады. Туристiк ұйымдар мен Қазақстан Республикасының шетелдердегi дипломатиялық өкілдіктерiнiң өзара бірлескен iс-қимыл жасау тәжiрибесiн пайдалануға лайықты назар аудару керек. Елдiң туристiк әлеуетiн жарнамалауда ұлттық авиатасымалдаушы мен басқа да көлiк кәсiпорындары пәрмендi көмек көрсете алады.
Шетелде Қазақстан туралы сапасы жоғары полиграфиялық және аудиобейне жарнама материалдарын шығару және белсендi түрде тарату қажет. Қазақстанға туристердi тартуға өлкетану жарияланымдары, жарнама-баспа қызмет, оның iшiнде туристiк фирмалар мен қонақ үйлердiң жарнама-баспа қызметi өз ықпалын тигiзедi. Жаңа ақпараттық технологияларды пайдалануға, оның ішiнде Интернет жүйесiнде Қазақстанның туристiк фирмаларының WEB-сайттарын құруға айрықша мән беру қажет.
Туристiк ағынды жөнелтушi елдердiң туристiк агенттiктерi мен бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiне арнап Қазақстан бойынша танысу саяхаттарын ұйымдастырудың тиiмдiлiгi мол болады.
Қолайлы туристiк беделдi құруға Қазақстанда халықаралық дәрежеде әртүрлi мәдени, спорттық және туристiк іс-шаралар өткізу ықпал етедi.
Қазақстанның туристiк беделiн қалыптастыруда есепке алудың компьютерлендiрген бірыңғай жүйесiн іске қоса отырып, республика аумағына шетелдік азаматтардың кiруi, шығуы мен болуы тәртiбін, визалық және кедендiк рәсімдердi оңайлатудың зор мәнi бар.
Сондай-ақ, қонақжай республика беделiн жасауға туристер жиі болатын орындарда қазақша, орысша мәтiндеріне латын транскрипциясымен қоса берілген ақпараттық таблолар мен жазбалардың жасалуы мен орнатылуы өз септiгiн тигiзедi.
Елде халықаралық туризмдi одан әрi дамытуды ынталандыру, мемлекеттің туристiк әлеуетiнiң әлемдiк туристiк рыноктағы тұсаукесерiн өткізу жөніндегі жұмысты күшейту Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2000 жылғы 26 қазандағы № 1604 қаулысымен бекітілген Қазақстанның туристiк беделiн қалыптастыру жөніндегі 2000-2003 жылдарға арналған iс-шаралар жоспарын iске асыруды қамтиды. Оған Қазақстанға туристер тарту жөнiндегі көпжақты қызмет және халықаралық туристiк рынок жүйесіндегi елдi интеграциялау кiредi.
Туристердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
Қауіпсiздiк туризмдi дамытуға, ең алдымен келушілер ағынын көбейтуге немесе азайтуға әсер ететiн басты фактор.
Туристің қауiпсiздiгi мемлекет саясатына, турфирмалар қабылдайтын шараларға, сондай-ақ туристiң жеке басының iс-әрекетiне тiкелей байланысты.
Тұтынушыға туристiк сапар барысында қорғау мен қауіпсiздіктi қамтамасыз ету жөнінде ақпарат беру оған қауіпсіздiктi басқа да тауарлар мен қызмет көрсетулермен бірге қауiпсiздiк пен сапа баға тұрғысынан алып қарағанда, маңызды элемент болып саналатын және салыстыруға тұрарлық туристiк өнiмнiң ажырамас бөлiгi ретiнде ұғынуға көмектеседі.
Мемлекеттік органдар, туристiк ұйымдар мен халықаралық ұйымдар саяхатшылардың денсаулығы үшiн қауiп тудыратын табиғи апаттан, әлеуметтік тәртіпсіздiктер, террорлық әрекеттер, көлік жұмысындағы елеулi iркілiстер, iндет және басқа факторлар сияқты туризмге ықтимал қауіптер туралы ақпарат береді.
Кадрларды даярлау мен ғылыми қамтамасыз ету
Қызмет көрсетумен байланысты және табыстылығы едәуiр дәрежеде осы салада жұмыс iстейтiн кадрлардың сапасына байланысты болатын қызмет - туризмде адамдар ресурсын жоспарлау айрықша мәнге ие.
Қазақстандағы тиімдi туристiк салаға сәйкес кадрлар әлеуетiн қалыптастыру үшiн:
жаңа буындағы "Туризм" мамандығы бойынша жоғары кәсiптiк білімнiң мемлекеттік стандартын әзiрлеу;
туристiк кадрларды даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарында туристiк қызметтiң әртүрлi қажеттілігi мен даму деңгейін ескере отырып, мамандануын анықтау;
мамандарды оқытуда олардың отандық туристiк ресурстарды игеруiне, оларды пайдалану әдiстерiне, жаңа ақпараттық технологияларды бiлуіне, тiлдiк дайындауға негiзiнен иек арту;
орта арнаулы оқу орындарында бірiншi деңгейдегi туристiк қызметшiлердi даярлауды ұйымдастыру;
жалпы білім беретiн оқу орындарында туристiк сыныптар, секциялар мен үйiрмелер құруға көмектесу;
бұдан бұрын таратылған балалар мен жасөспiрiмдер туризмiнiң республикалық және аймақтық станцияларын қайта қалпына келтiру;
Ұлы Жiбек жолының (1700 км) қазақстандық учаскесіндегі туристiк-рекреациялық қорларды қайта жаңғыртуға және түгендеуге, зерттеу жұмыстарына ерекше назар аудару қажет.
Қазiргi заманғы туризм индустриясын құру саланы дамыту проблемаларын, туризм рыногы дамуының құрылымын, тетiгi мен заңдылықтарын ғылыми тұрғыда зерделемейінше, сондай-ақ саланы дамытудың ғылыми қамтамасыз ету жүйесiн құрмайынша мүмкiн болмайды. Дегенмен, Қазақстанда бұл мәселелер туризм экономикасын зерттеушiлер үшiн әлi күнге игерiлмеген "тың" күйінде қалып отыр.
Әлi күнге дейiн ұлттық экономика теориясында туризм халық шаруашылығының толыққанды саласы және ғылыми жағынан талданатын пән ретiнде қарастырылмайды. Сол себептi республикада аталған тақырып бойынша ғылыми әдебиет аз шығарылады. Бұған қоса, Қазақстанда Кеңес кезеңiнен берi "туризм" деген ұғым елеулi табыс түсiретiн экономика саласынан гөрi спортпен және денсаулықты нығайтумен жиi байланыстырылады.
Ең алдымен, Қазақстан Республикасының рекреациялық ресурстарын түгендеу және олардың мониторингi жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру қажет. Экономиканың саласы ретiнде туризмдi ғылыми қамтамасыз ету үшiн оны болжауда және дамытуда тиiстi Ғылыми құрылымдар қажет. Проблеманы шешудiң ықтимал шешiмi ретiнде туризмнiң ғылыми-зерттеу институтын құру ұсынылады.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Жоғары аттестациялық комитетінің (ЖАК) ғылыми мамандықтары тізбесіне "Туризм географиясы", "Туризмнiң педагогикасы мен психологиясы", "Туризмнiң құқықтық негiздерi" жаңа ғылыми бағыттарды енгiзудiң қажеттігі пiсiп-жетілді. Бұл республикада ғалымдар контингентiн құруға және туризмдi дамытудың ұйымдастыру мен басқарудың, дамытудың мәселелерi мен проблемаларының бүкiл кешенiн ғылыми зерттеумен қамтуға мүмкiндiк бередi.
ЖАК-тың номенклатурасындағы және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінiң жiктемесіндегі мамандықтар атауын бірiздендiру қажет, бұл ғылыми зерттеулер жүргiзу және осындай зерттеулер үшiн кадрлар даярлаудағы бірiздiлiктi күшейтуге ықпал ететiн болады. Сондай-ақ, туристiк мамандық пен мамандандыруды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігінiң тарифтендiру анықтамалықтарымен сәйкестендiру қажет.
Осы Тұжырымдама Қазақстан Республикасында туризмдi дамытудың негiзгi мақсаттарын, мiндеттерiн және басымдықты бағыттарын айқындайды. Алға қойылған мiндеттердi iске асыру және көрсетiлген мақсатқа қол жеткізу үшiн Қазақстан Республикасында Туризмдi дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзiрлеу қажет.