Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың тұжырымдамасы туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 6 наурыздағы № 333 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 6 маусымдағы № 381 Қаулысымен күші жойылды
Туризмнің ел экономикасындағы рөлін арттыру мақсатында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001-2002 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың тұжырымдамасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөніндегі агенттігі Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен бірлесе отырып, 2001 жылдың 1 қазанына дейін Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлесін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2001 жылғы 6 наурыздағы
№ 333 қаулысымен мақұлданған
Қазақстан Республикасында туризмдi дамытудың тұжырымдамасы
Кiрiспе
Туризм әлемдiк экономикада басты рөлдiң бірiн атқарады. Дүниежүзiлiк Туристiк Ұйымның (ДТҰ) деректерi бойынша ол әлемдегi жалпы ұлттық өнiмнiң оннан бір бөлiгiн, халықаралық инвестицияның 11 пайыздан астамын, әлемдiк өндiрiстiң әрбір 9-шы жұмыс орнын қамтамасыз етедi.
Туризмнiң қазiргi индустриясы табысы жоғары және серпiндi дамып келе жатқан қызмет көрсетулердің халықаралық сауда сегменттерінің бірi болып табылады. 1999 жылы халықаралық туризмнің үлесi экспортқа шығарылатын дүние жүзiлiк табыстың 8 пайызын, қызмет көрсету секторы экспортының 37 пайызын құрады. Туризмнен түскен табыс мұнай, мұнай өнiмдерi және автомобиль экспортының табысынан кейiн тұрақты үшiншi орында келедi. Мұндай оң үрдiс жаңа мыңжылдықтың бас кезiнде де сақталады деп күтiлуде. Әлемдiк туристiк рыноктың дәстүрлi аудандары өзiнiң рекреациялық сыйымдылығының шегiне iс жүзiнде жеткендiктен, туризмнiң өсуi туристер баратын жаңа аумақтар есебiнен басым дамитын болады. Осыған байланысты, Қазақстанның әлемдiк туристiк рынокта өзiнiң лайықты орнын табуға бірегей мүмкiндiгi бар.
Қазiргi туризм еңбекшiлердiң жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығуымен байланысты болды, мұның өзi адамның демалуға және бос уақытын өткізуге негiзгi құқығын тану болып табылады. Ол жеке адамды, адамдар және халықтар арасындағы өзара түсiнiстiктi дамытудың факторына айналды.
ДТҰ, туризм жөніндегі мамандандырылған халықаралық ұйымдардың зерттеулерiнiң талдауына, сондай-ақ мемлекеттердiң туризмдi дамыту саясатына сәйкес, туризм мемлекеттiң әлеуметтiк, мәдени және экономикалық өмiрiне тiкелей ықпал ететiн қызмет ретiнде түсiніледi.
Қазiргi туризм - бұл әлемдiк экономиканың құлдырауды білмейтiн саласы. Мамандардың есебi бойынша, орташа есеппен, бір шетелдiк туристiң беретiн табысын алу үшiн оған барабар, шамамен 9 тонна тас көмiр немесе 15 тонна мұнай немесе 2 тонна жоғары сортты бидайды әлемдiк рынокқа шығару керек. Бұл ретте, шикiзат сату елдiң энергия көздерiн азайтады, ал туристiк өндiрiс таусылмайтын ресурстармен жұмыс iстейдi. Шетелдiк экономистердiң есебi бойынша, 100 мың турист қалада орташа есеппен екi сағат болған кезде кемiнде 350 мың доллар немесе адам басына бір сағатта 17,5 доллар жұмсайды. Сөйтiп, шикiзат сату өзiндiк экономикалық тығырыққа тiрелу болса, ал туризмдi дамыту - ұзақ мерзiмдi, экономикалық тиiмдi болашақ.
Туризм жалпы алғанда, мемлекеттiң экономикасына үш оң нәтиже бередi:
1. Шетел валютасының құйылуын қамтамасыз етедi және төлем теңгерiмi мен жиынтық экспорт сияқты экономикалық көрсеткiштерге оң ықпал жасайды.
2. Халықтың жұмыспен қамтылуын көбейтуге көмектеседi. ДТҰ мен Дүниежүзiлiк туризм және саяхат кеңесiнiң бағалауы бойынша туризм өндiрiсiнде құрылатын әрбір жұмыс орнына басқа салаларда пайда болатын 5-тен 9-ға дейiн жұмыс орны келедi екен. Туризм тура немесе жанама түрде экономиканың 32 саласының дамуына ықпал жасайды.
3. Елдiң инфрақұрылымын дамытуға жәрдемдеседi.
Туризм елдiң тұтас аудандарының экономикасына белсендi әсер етедi. Туризм саласындағы шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң құрылуы және жұмыс істеуi жол көлiгiн, сауданы, коммуналдық-тұрмыстық, мәдени, медициналық қызмет көрсетудi дамытумен тығыз байланысты. Сөйтiп, туризм индустриясы басқа экономикалық секторлардың көпшiлiгiмен салыстырғанда, неғұрлым пәрмендi мультипликаторлық тиiмдiлiкке ие.
Туризм жеке және ұжымдық жетiлдiру құралы ретiнде жоспарлануы және тәжiрибеде iске асырылуы тиiс демалыспен, бос уақытты өткізумен, спортпен, мәдениетпен және табиғатпен тiкелей араласуға байланысты қызмет. Мұндай жағдайда, ол өз бетiмен білiм алудың, толеранттықтың және халықтар мен олардың әр түрлi мәдениеттерiнiң арасындағы олардың өзгешелiктерiн танып-бiлудiң бірден бір факторы болып табылады.
Туризмнiң жылдам және тұрақты өсуiн, оның қоршаған ортаға, экономиканың барлық секторлары мен қоғамның әл-ауқатына күштi әсерiн назарға ала отырып, Үкiмет Қазақстанның ұзақ мерзiмдiк даму бағдарламасында туристiк саланы басымдық ретiнде белгiледi.
Осы Тұжырымдама туризм саласында тұтас мемлекеттік саясатты қалыптастыруды, Қазақстанда қазiргi заманғы бәсекеге қабiлеттi туризм индустриясының құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негiздерiн қалыптастыруды көздейдi.
Қазақстандағы туризмнің қазіргі жай-күйі және оны
дамытудың проблемалары
Қазақстандағы туризмнiң тарихи алғышарттары бiздiң д.д. үшiншi мыңжылдықта қалыптаса бастаған Ұлы Жiбек жолының қалыптасуы мен дамуы болып табылады.
Қазақстан тәуелсiздiк алғанға дейiн туризм басқа да экономика салалары сияқты орталықтан қатаң регламенттелдi. Туристiк қызметтегi КСРО-ның негiзгi аймақтары Кавказ, Қырым, Балтық өңiрi, Ресейдiң, Орта Азияның тарихи орталықтары болды. Сонымен бірге, Қазақстанның бірқатар сәулет, археологиялық, мәдени ескерткiштерi мен табиғи көрнектi жерлерiнiң тарихи мәнiне іс жүзiнде жарнама жасалмады және сұраныс болмады. Кеңестiк кезеңде Қазақстандағы туризм идеологиялық қызметтi атқарған мәдени-ағарту жұмысы жүйесi элементтерiнiң бірi болып саналды және оның басым рөлiне қарамастан, қалдық қағидаты бойынша қаржыландырылды және елеулi экономикалық маңызға ие болмады.
Қазақстанда туризм өндiрiсiнiң дамымай қалуының бір себебi экономика саласы ретiнде онымен мемлекеттік деңгейде тiкелей айналыспады. Туризмдi аумақтық ұйымдастыру және мемлекеттік емес туристiк құрылымдарды кешендi болжауға, ұзақ мерзiмді жоспарлауға назар аударылмады. Туризм табысының үлкен бөлiгi жергіліктi бюджетке түсетiндiгiне қарамастан, жергiлiктi басқару органдарының тарапынан туристiк қызметтi басымдық деп танымауы саланы дамытуды тежеушi фактор болып табылады.
Қазақстан тәуелсіздiк алғаннан кейін туристiк қызметтi реттеу мен халықтың тарихи және мәдени мұрасын қайта өркендету үшiн негiз қаланды.
Бүгiнгi күнi бiздiң мемлекетiмiзде туризмдi дамыту "Туризм туралы" Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 3 шiлдедегi № 1508-XII Заңымен, Қазақстан Республикасы Президентінің "Түркi тілдес мемлекеттер басшыларының Ташкент декларациясын iске асыру туралы, Ұлы Жiбек жолының Қазақстан Республикасындағы туристiк инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ЮНЕСКО және Дүниежүзілiк Туристiк Ұйымның жобасы туралы" 1997 жылғы 30 сәуірдегі № 3476 және "Жiбек жолының тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркi тiлдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау мен сабақтастыра дамыту, туризм инфрақұрылымын жасау" Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламасы туралы" 1998 жылғы 27 ақпандағы № 3859 Жарлықтарымен қамтамасыз етiледi.
Осы құжаттарды қабылдау туризмнiң қазақстандық рыногын дамытуға оң әсер еттi.
Туризм саласындағы халықаралық қатынастарды дамытуға жасалған қадамдардың бірi - Қазақстанның 1993 жылы толығымен ДТҰ-ға толық мүше болып қабылдануы, туризм саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық келісімдер жасауы болды. Бірқатар келісімдердiң шет мемлекеттердiң Қазақстанды туристiк әлеуетi мол перспективалы серiктес ретiнде тану бастамасымен болғандығын атап өту керек.
Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттiгiнiң 1999 жылғы дерегi бойынша елде 425 туристiк ұйым болды, оның iшiнде 6 мемлекеттік кәсiпорын, 405 жеке меншiк нысанында және 14 шетелдiк туристiк агенттiк жұмыс iстедi. Қазақстандық кәсiпорындар 80 елдiң туристiк фирмаларымен шарттық қатынастар орнатқан. 4 алматылық, және 13 облыстық турфирма 8 мемлекетке чартерлiк әуе рейстерiн жүзеге асырады.
Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Оңтүстiк Қазақстан облыстарындағы, сондай-ақ, Алматы және Астана қалаларындағы туристiк фирмалар желісі неғұрлым дамыған болып табылады. Осы облыстардың және қалалардың туристiк ұйымдары жыл сайын туристердің және экскурсанттардың 88 пайызына дейiн қызмет көрсетедi.
Тұтастай алғанда, 1999 жылы барлық меншiк нысандарындағы кәсiпорындар 2410,5 млн. теңге сомасында, оның iшiнде мемлекеттік туристік кәсiпорындар 57,3 млн. теңге, жеке меншiктегiлерi 2298,5 млн. теңге, шетелдiк фирмалар 54,7 млн. теңге сомасында өнiм сатты, жұмыстар орындады, қызметтер көрсеттi.
Республика бюджетiнен түсетiн жалпы түсiмдердегi туристiк қызметтен түскен салық пен алымдардың үлесi 1998 жылы 0,1%-ды құрады. 1999 жылы статистикалық есеп беру үлгiсi бұл мәлiметтердi жинауды көздейдi. 1999 жылы 1998 жылмен салыстырғанда елдегi ЖIӨ-нiң туризмдегi үлес салмағының өсу үрдiсi байқалады, ол 1,1%-ды құрады.
Туристiк ұйымдармен 1999 жылы барлығы 228,3 мың туристке қызмет көрсетiлдi, Қазақстанның туристiк фирмаларының қызметiн 55,9 мың шетелдiк азамат пайдаланды, бұл 1998 жылмен салыстырғанда 20,9 мыңға немесе 60%-ға көп. 1999 жылы қызмет көрсетiлген туристердiң жалпы көлемiнен шетелге туристердi жiберу 45%-ды құрады, iшкi туризм 30%, шетелдік туристердi қабылдау 24%, экскурсиялық қызмет көрсету 1% құрады.
Қазақстандық туристердің неғұрлым көп баратын жерлерi: Ресей, Қытай, Германия, Корея Республикасы, Польша, Түркия, БАӘ. Бiздiң елiмiзге Ресейдiң, Қытайдың, Германияның, Корея Республикасының, Пәкістанның, Польшаның, Түркияның азаматтары жиiрек келедi.
Туристiк қызметке жасалған талдау көптеген турфирмалардың сыртқа шығу туризмiмен айналысатындығын көрсеттi, ал бұл, бірiншi кезекте, Қазақстаннан капиталдың жылыстауына әкеп соғады. Тек қана 1999 жылы 57,1 миллион АҚШ доллары республикадан тыс шетке шығарылған. Республика азаматтарының шет елге тауарлар сатып алу, кейiннен оны сату мақсатында баратын жолсапарлары, бұрынғысынша бұқаралық сипат алып отыр, ал шоп-туризм Қазақстандағы туристiк қызмет көрсету рыногының жай-күйiн анық көрсетедi. Ол экономикалық дағдарыс кезеңiнде туристік қызметке сұранысты жандандырып, көбiнесе туристiк фирмалардың тиiстi тәжiрибесiнiң және біліктi мамандарының жетiспеушiлiгiне байланысты туристер мен "чартер ұстаушылар" арасындағы делдалдық қызмет атқаруына елеулi көмек көрсеттi. Қазақстанның тұтыну рыногының төрттен бірiн "қапшықтау" бизнесi тауарлармен толтырады және тұтастай алғанда, бір мезгiлде тауар өткізу мен сату жүйесіндегі 150 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етедi. Қазақстанның iшкi сауда айналымындағы жыл сайынғы "қапшықтау" саудасының көлемi шамамен 2 млрд. АҚШ долларын құрайды.
Сонымен бір мезгiлде, шоп-туризм, ең алдымен, елiмiздiң бюджетiне керi әсер етедi. Туристiк бизнестiң секторларының бірi ретiнде шоп-туризмнiң өсуi туристiк қызмет көрсетудiң деңгейiн көтеруге елеулi әсер ете қойған жоқ.
Бүкiл өркениеттi дүние негiзгi туристер ағынын өздерiне тартуға ұмтылуда, себебi туризм мемлекет бюджетiнiң кірiс бөлiгiн толықтырудың маңызды көздерiнiң бірi болып табылады. Сондықтан, Қазақстанға шетелдiк туристер ағынын көбейту қажет. Осы мақсатта туристiк ұйымдардың қызметiн, мұның өзi бірiншi кезекте, көлiк құралдарының, орналастыру құралы, кадрлық қамтамасыз етудiң жай-күйiне байланысты, келушi туризмдi дамытуға қайта бағдарлау қажет.
Көлiк. Бүгiнгi таңда Қазақстанның халықаралық авиажелiлерінің Германияға, Үндiстанға, Бірiккен Араб Әмiрлiктерiне, Түркияға, Италияға, Корея Республикасына, Венгрияға, Израильге, Қытайға, Таиландқа ұшуды жүзеге асыруға мүмкiндiгi бар. Iшкi және халықаралық рыноктарда жұмыс iстейтiн "Эйр Қазақстан" ұлттық тасымалдаушысы және басқа авиакомпаниялар авиа тасымалдарын жүзеге асырады. Туристердiң көпшiлiгi сервис және қызмет көрсету сенiмдiлiгi жағынан отандық тасымалдаушыларға қарағанда авиа рейстерiн жүргiзетін шетелдiк тасымалдаушылардың қызметiн пайдаланғанды жөн көредi, мұның өзi отандық тасымалдаушылар жасайтын авиа рейстер жолаушылар ағынын азайтатыны сөзсiз. Оның үстiне, авиабилеттер құнының қымбаттығы Қазақстанның туристiк өнiмнiң құнын өсiредi және тиiсiнше оның халықаралық рыноктағы бәсекелесу қабiлетiн төмендетедi.
Автомобиль көлiгi шекаралас мемлекеттерге шоп-туризмдi ұйымдастыру және экскурсиялық бағыттарды ұйымдастыру үшiн пайдаланылады. Алайда, оны дамыту, тұтасымен алғанда, жолдардың жай-күйiне және туристiк көлiк құралдарына тиiстi техникалық қызмет көрсетiлуiне де байланысты болады. Республиканың автобус паркi қараусыз қалған, сонымен бірге қазiргi заманғы жайлы автобустар жоқтың қасы, бұл туристерге қызмет көрсетудi жоғары деңгейде ұстауға мүмкiндiк бермейдi.
Негiзгi темір жол тасымалдаушысы "Қазақстан теміржолы" республикалық мемлекеттік кәсiпорны 14 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдайды. Қазақстанның темір жолдарымен транзитпен Қырғызстанның, Өзбекстанның, Ресейдiң, Тәжiкстанның және Түркiменстанның жолаушылар пайыздары өтедi.
Келешекте экологиялық жағынан таза қоғамдық туристiк көлiктi дамытуға назар аудару қажет.
Орналастыру құралы. Туристiк бизнестi шектеушi елеулi факторлардың бірi туризм индустриясы материалдық базасының мүмкiндiктерiнiң төмендiгi болып табылады. Қазiргi уақытта, республиканың қонақ үйлерiнде, турбазаларында, кемпингтерiнде және басқа орналастыру объектілеріндегі сыйымдылық жүктеменiң 35%-ын құрайды. Сондай-ақ елдегi қонақ үйлердiң саны 1997 жылмен салыстырғанда, 40%, ал бір жолғы керует-орынға сыйымдылық тиiсiнше 30%-ға төмендедi.
Соңғы бес жылда 605 қонақ үй жабылды, 1999 жылы республикада 205 қонақ үй жұмыс істедi, нөмiр қоры небәрi 15%-ға ғана толтырылды.
Облыс орталықтарында шетелдiк келушілерге сапасыз туристiк өнiм берудiң басты себебi тиiстi сыныптағы қонақ үйлердiң болмауы, ал қолдағы бар қонақ үй базасы 80 пайызға ескiрген, қонақ үйлердiң бір бөлiгiнiң жай-күйі мүлде нашар және банкроттық жағдайда тұр, себебi олар 60-шы жылдары салынған.
Талдау көрсеткенiндей, туристiк сыныптағы қонақ үйлердiң (2-3 жұлдызды немесе шағын және орташа мейманханалар) рентабельдiлiгi неғұрлым жоғары.
Кадрлармен қамтамасыз ету. Туризм дамуындағы түйiндi мәселенiң бірi туристiк кадрлар даярлау болып табылады. Қазiргi уақытта, Қазақстандағы мемлекеттік, жеке және ресейлiк филиалдарды қосқанда, туризм менеджерлерін даярлайтын 28 жоғары оқу орны бар. Қазақстанда мұндай кадрлар даярлаудың негізi 1992 жылы қаланғандығына қарамастан, туристiк саланы мамандармен қамтамасыз ету әлi күнге дейiн қанағаттанғысыз жағдайда қалып отыр. Көптеген жоғары оқу орындарында мұның басты себебi Қазақстандағы туристiк әлеует туралы оқытушылар құрамының білiм және туристiк саладағы жұмыс тәжiрибесi, деңгейiнiң жеткiлiксiздiгi болып отыр. Соның нәтижесiнде, мамандарды даярлау отандық туристiк-рекреациялық ресурстарды ұстау, туристердi қабылдау үшiн оларды пайдалану технологиялары мен ықтимал клиенттер арасында туристiк қызмет көрсетулердi атаулы жарнамалаудың әдiстемесi жеткiлiктi түрде ескерусiз жүргiзiлуде. Сондықтан, жоғары оқу орындары түлектерiнiң едәуiр бөлiгiнiң туроператорлық қызметтi толық атқаруға шамасы жетпейдi.
Қазақстандық туристiк өнiм және оның әлеуетi
Халық шаруашылығының саласы ретiнде туризм сұраным мен ұсыныстың нарықтық санаттарына сәйкес болуы тиiс өнiм шығарады. Осыған қатысты шетелдiк тұтынушыға бағдарланған халықаралық рынок пен Қазақстан азаматтарына арналған iшкi рыноктың ара жiгiн ажырата бiлу қажет.
Халықаралық туристiк рынок бүгiнгi күнi миллиардтаған айналымы және қатаң бәсекелестiкте орасан зор механизмдi бiлдiредi, сондықтан, бірiншi кезекте мiндет Қазақстанға ғана тән ерекшелiгi бар және сұраныс болатын туристiк өнiмдi (бұдан әрi - турөнiм) анықтау болып отыр. Соған байланысты рыноктың қандай сегменттерiнде қазақстандық турөнiмнiң жарқын болашағы бар екенi көрiнетiн болады.
ДТҰ-ның ұсынымдарын ескере отырып жүргiзiлген талдау мен қазiргi тәжiрибенiң негiзiнде, қазақстандық турөнiмнiң екi базалық құрамдас бөлiгiн баса көрсетуге болады: Жiбек жолы бойындағы мәдени туризм (зиярат ету және дәстүрлi) және онымен тығыз байланысты экооқиғалы туризм (сафари, рафтинг, орнитологиялық, треккинг, аңшылық, балықшылық). Бұл ретте экооқиғалы туризм үшiн Жiбек жолы бағытымен өтетiн ресурстары бар аймақтарды: Алматы, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарын атап өткен орынды.
Көрсетiлген басымдықтарға сәйкес бірiншi кезекте игерiлетiн мынадай аудандар мен тiрек орталықтары анықталды:
1. Іле (Алматы қ., Түрген с., Есiк қ., Талғар қ., Қаскелең қ., Ұзынағаш с., Қапшағай қ.).
2. Солтүстiк Тянь-Шань (Кеген с., Нарынқол с., Жалаңаш с., Шонжы с., Көлжат с.).
3. Жаркент-Талдықорған (Жаркент қ., Көктал с., Басши с., Текелi қ., Талдықорған қ., Жаркент-Арасан курорты).
4. Балқаш (Балқаш көлi, Балқаш өңiрi с.).
5. Солтүстiк Жоңғар (Достық с., Алакөл көлiнiң маңы, Лепсi с., Лепсi өзенiнің маңы, Жарбұлақ с., Көктұма с., Сарқант қ., Арасан-Қапал курорты).
6. Жамбыл (Тараз қ., Мерке с., Мойынқұм ауданы);
7. Түркiстан (Түркiстан қ., Тұрбат с., Отырар с., Шәуiлдiр с., Баба-ата с., Кентау қ., Шаян с.).
8. Сайрам-Шымкент (Шымкент қ., Сайрам с., Арыс қ., Шардара қ., Сарыағаш қ., Ленгер қ., Ванновка с.).
9. Жоғары Бұқтырма (Қатон-Қарағай с., Берiл с., Рахманов бұлақтары курорты, Марқакөл көлiнiң маңы).
10. Маңғыстау (Фетисово с., Ақтау қ., Ералиев-Құрық а.п.).
Бұдан басқа, басымдықты игеру объектiлерiне жатқызуға болатын қазiргi және құрылу жоспарланған мемлекеттік ұлттық табиғат парктерi (МҰТП): "Іле Алатауы" МҰТП, "Алтын емел" МҰТП (Алматы облысы), "Ақсу-Жабағылы" МҰТП (Оңтүстiк Қазақстан облысы), "Баянауыл" МҰТП (Павлодар) облысы, "Қарқаралы" МҰТП (Қарағанды облысы), Щучье-Бурабай курортты аймағы базасындағы "Бурабай" және "Көкшетау" МҰТП, "Қорғалжын" мемлекеттік табиғат паркi (Ақмола облысы) ландшафтарының көрiктілiгi, қол жеткiзiлуi, аумағының игерiлуi туризмдi ұйымдастыру тұрғысында тартымдылығының жоғары деңгейiмен сипатталады.
Орталық Азия аймағындағы туризмнiң ерекшелiгiн ескеру қажет. Жiбек жолы және оқиғалы туризм сегменттерiнде шетелдiк туристердiң негiзгi ағыны барлық көрсетілген аймақтың iшiнде: Қазақстан, Шыңжан-Ұйғыр автономиялық округi (ҚХР), Қырғызстан, Өзбекстан, Түркiменстанның шегіндегі ұдайы қозғалысына бағытталған.
Сөйтiп, қазақстандық өнiм тек қана кешендi орталық азия турөнiмiнiң құрамында тиімдi ұсынылуы мүмкiн, бұдан мынадай қорытынды шығады:
1. Турөнімнiң институционалдық элементтерi үкiметаралық деңгейде келісілуi тиiс.
2. Қазақстандық турөнiм бiздiң аймақтағы көршiлерiмiздiң турөнiмдерiнен (ең болмағанда баға/сапа қатынасында) кем түспеуi тиiс.
Қазақстандық туристiк өнiмнiң ерекше белгiсi оның сипатының маусымдығы болып табылады, бұл маусымнан басқа кезде нақты шаралар қабылдауды және туризмнiң баламалы түрлерiн дамытуды талап етедi.
Жоғарыда көрсетiлген сегменттерге сәйкес инфрақұрылымның белгiлi бір талаптары бар. Ол қарапайым, салыстырмалы түрде қымбат та, үлкен де емес (25-100 орын шегiнде) экологиялық таза жерлердегi бір орында клиенттер 2-3 күн болуға есептелген туристiк бағыттарда орналастырылған объектiлер болуы тиiс.
Қазақстанның бизнес-туризм сегментiнде белгiлi бір болашағы бар. Бұл - ең алдымен Алматы, Астана, Атырау қалалары. Геосаяси жағдай мен табиғи шикiзат-ресурстары Қазақстанға бизнес және халықаралық конвенцияларға қатысу мәселелерi бойынша келушiлер бизнес туристер санын көбейтедi деген болжам жасауға мүмкiндiк бередi. Жоғарыда көрсетiлген орталықтардың инфрақұрылымы негiзiнен халықаралық стандарттарға сай келедi. Алматы қаласы республика үшiн стратегиялық (әуе, автомобиль, темір жол) қақпасы болып табылады және негiзгi көшi-қон осы қала арқылы өтедi. Әртүрлi жиындар өткізуге қолайлы ғимараттарынан және қонақ үйлерiнен басқа, қалада ойын-сауық құру үшiн барлық жағдай жасалған, сонымен қатар қала маңындағы радиусы 500 км жердегi аумақта тамаша рекреациялық аймақтар орналасқан. Астана қаласы осындай стратегиялық аймақ болып келедi. Бiздiң мемлекетiмiздiң жас ел ордасы ретiнде өзiндiк келбетi мен инфрақұрылымы бар қалаға деген қызығушылықтың күннен күнге артуы қалада халықаралық және iшкi туризмдi жылдам дамытуға қызмет ететiн болады.
Турөнiмнiң маңызды құрамының бірi көлiк болып табылады. Туристердi Қазақстанға алып келуде авиа қатынас басты рөл атқарады. Сондықтан, рынокта ұлттық авиа тасымалдаушының жағдаятын күшейту және дамыту мейлiнше маңызды мәселе болып табылады. Ұлттық авиажелілерде осындай бағыттағы рейстер ашу арқылы бәсекелестiк қабiлетi төмендеуiнiң нәтижесiн бейтараптандыру қажет.
Республика аумағының кендiгiн ескере отырып, рыноктың көрсетiлген сегменттерiнiң көпшiлiк бөлiгiн құрайтын жеке туристердiң автобустар мен поездарда еркiн қозғалуға ұмтылатынын ескере отырып, сенiмдi автобус қатынасы мен темір жол көлiгiнiң мәнi зор.
Туристiк жағынан дамыған көпшiлiк елдерде туризмнен түскен жалпы табыстың 30-дан 50-ге дейiнгi пайызын iшкi туристiк рынок құрайды. Бұл ретте Қазақстанның болашағы зор. Сонымен бір мезгiлде, қазiргi кезде iшкi туризм негiзiнен бейберекет күйде екенiн, ұйымдастырылмағандығын атап өткен жөн. Аздаған курорттар, санаторийлер және туристік базалар ғана жұмыс істеуде. Туризмнің осы түрiн дамытуға тиiстi көңiл бөлiнбей отырғандықтан, мемлекеттiң бюджетi қыруар соманы ала алмайды, инфрақұрылымның бұзылуы жалғасуда, табиғи, мәдени және тарихи ескерткiштердiң экологиялық жай-күйіне орасан зор нұқсан келтiрiлуде.
Демалу құқығын пайдалануда халықтың аз қамтылған бөлiгi ретiнде әлеуметтiк көмек көрсетiлетiн оқушыларға, жастарға, зейнеткерлерге, мүгедектерге, соғыс және еңбек ардагерлерiне және өзге әлеуметтiк көмекке мұқтаж азаматтарға саяхат жасау үшiн жағдай жасау мақсатында мемлекет, мемлекеттік және мемлекеттік емес қорлардан, басқа да қайырымдылық ұйымдары мен қорлар әлеуметтiк көмек көрсететiн бюджеттен тыс қаржыландыру көздерiнен қаражат бөлу арқылы әлеуметтiк туризмдi дамытудың экономикалық әлеуетi зор.
Бұл ретте, әлемдегi демалыс түрлерi мен туризм өндiрiсiн пайдаланушылардың неғұрлым қарасы көп тобын құрайтын мүгедектер мен қарттардың, сондай-ақ осы бір кеңейiп келе жатқан туризм индустриясы рыногының бір бөлiгiне айналған балалы отбасылардың көптеген қонақ үйлерге, көлiк құралдарына және туристiк көрiкті жерлерге қолы жете бермейдi. Сөйтiп, туристiк ресурстарға қол жеткізу туризмдi дамытудағы неғұрлым маңызды фактор болып табылады. Көптеген туроператорлар туристiк ресурстар мен қызмет көрсетулерге қол жеткізу туристер санын көбейтуге мүмкiндiк беретiнiн бiле отырып, осыған қатысты шаралар қабылдау қажеттілігінiң мәнiн әзiрге түсiнген жоқ. Сондықтан, туристiк қорларға қол жеткізудiң стратегиясы мен саясатын жiті әзiрлеу, туризм өндiрiсi қызметшiлерiнiң арнайы даярлық деңгейiн көтеру, мүгедек туристер талабы мен сұранысы туралы және әлеуметтiк-экономикалық дамудағы туризмнiң алатын маңызы жайында жұртшылықтың хабардар болуын арттыру қажет.
Мемлекеттік және жергілiкті басқару органдары шағын бизнес кәсіпорындарына, оның iшiнде әлеуметтiк туризм саласындағы қызметтi жүзеге асыратын кәсіпорындарға қолдау көрсету тәжiрибесiн жалғастыруы тиiс. Әлеуметтiк туризмге қатысты қайырымдылық, жебеушiлiк және демеушiлiк көтермеленуi тиiс.
Әлеуметтiк туризмдi, оның ішінде өлкетану, спорттық, жеке, емдеу-сауықтыру, мәдени-танымдық, экологиялық туризмдi, отбасылық туризмдi, қарттарға және мүгедектерге арналған туризмдi, жастар және балалар мен жасөспiрiмдер туризмiн дамытудың тәрбиелiк және патриоттық маңызы зор.