Қазақстан Республикасында қылмысқа қарсы күрестің 2000-2002
жылдарға арналған бағдарламасы туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2000 жылғы 31 қазандағы № 1641 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 13.06.01 ж. № 817; 27.08.01 ж. № 1107;
12.09.01 ж. № 1180; 02.11.01 ж. № 1392; 24.12.01 ж. N
1680; 29.03.02 ж. № 372; 13.07.02 ж. № 771 қаулыларымен
енгізілген өзгерістерімен)
Қазақстан Республикасы Президентінің "Қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесiн жетiлдiру жөніндегі шаралар туралы" 2000 жылғы 20 сәуірдегі № 377 Жарлығын орындау үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасында қылмысқа қарсы күрестiң 2000-2002 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекітілсiн.
2. Бағдарламамен көзделген iс-шаралардың орындалуына жауапты министрлiктердiң, агенттiктердiң және ведомстволардың басшылары жылына кемiнде екi рет Қазақстан Республикасының Үкіметіне олардың орындалуы жөнiнде есептер ұсынсын.
Қазақстан Республикасының президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдардың басшыларына Бағдарламамен көзделген iс-шаралардың орындалуы туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының Үкіметіне сол мерзiмде беру ұсынылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енеді және жариялауға жатады.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Қ. Тоқаев |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2000 жылғы 31 қазандағы
№ 1641 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының қылмысқа қарсы
күрестің 2000-2002 жылдарға арналған
Бағдарламасы
Астана, 2000 жыл
1. Бағдарлама паспорты
2. Кіріспе
3. Құқықтық тәртіп пен заңдылықтың ахуалын талдау
4. Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері
5. Бағдарламаны жұзеге асырудың негізгі бағыттары
5.1. Заңнаманы жетілдіру, қылмысқа қарсы күрестің
құқықтық базасын нығайту
5.2. Құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Қоғамдық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті күзету
5.3. Құқық қорғау қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар
5.4. Құқық қорғау органдарының қызметінде
заңдылықты қамтамасыз ету, мемлекеттің құқықтық
саясатын насихаттау
5.5. Құқық қорғау органдарының
кадрлық және ғылыми әлеуетін нығайту
5.6. Қылмысқа қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастық
6. Бағдарламаны іске асырудың тетігі
7. Бағдарламаны ресурстық қамтамасыз ету
8. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер
9. Қазақстан Республикасында қылмысқа қарсы күрестің
2000-2002 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру
жөніндегі Іс-шаралар жоспары
1. БАҒДАРЛАМА ПАСПОРТЫ
Бағдарламаның атауы Қазақстан Республикасындағы қылмысқа
қарсы күрестiң 2000-2002 жылдарға
арналған бағдарламасы
Әзiрлеу негiзi "Қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы
күрес жүйесiн жетiлдiру жөніндегі
шаралар туралы" Қазақстан Республикасы
Президентінің 2000 жылғы 20 сәуірдегі
№ 377 Жарлығы, Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің 2000 жылғы
4 мамырдағы № 70 өкімі
Бағдарламаның негiзгi Қазақстан Республикасының әзiрлеушiсi Iшкi iстер министрлігі
Бағдарламаны әзiрлеушiлер мен орындаушылар
Бас Прокуратура, Ұлттық қауiпсіздiк комитетi, Әдiлет министрлігі, Мемлекеттік кiрiс министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі, Сыртқы iстер министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі, Қаржы министрлігі, Денсаулық сақтау iсi жөніндегі агенттiгi, Туризм және спорт жөніндегі агенттiгi, Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттiгi, Нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күрес жөніндегі агенттiгi, Ұлттық Банк, Көлiк және коммуникациялар министрлігі, Экономика министрлігі, Энергетика, индустрия және сауда министрлігі, Мемлекеттік қызмет iстерi жөніндегі агенттiгi, Көшi-қон және демография жөніндегі агенттiгі.
Бағдарламаны іске асырудың 1-кезең - 2000 жылдың IV тоқсаны - 2001 мерзімдері мен кезеңдері жыл 2 кезең - 2002 жыл Қаржыландыру көздері Республикалық және жергілікті
бюджеттердің қаражаттары, халықаралық
ұйымдар мен донор-елдердің ресурстары
2. КIРIСПЕ
Қазақстан Республикасындағы қылмысқа қарсы күрестiң 2000-2002 жылдарға арналған бағдарламасын (бұдан әрi - Бағдарлама) Қазақстан Республикасының Үкіметі "Қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестi жетiлдiру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 20 сәуiрдегі № 377 Жарлығын орындау үшiн, Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясының, Қазақстан Республикасының 2005 жылға дейiнгi ұлттық қауiпсiздiгi стратегиясының және Қазақстан Республикасы Yкіметiнiң 2000-2002 жылдарға арналған iс-қимыл бағдарламасының шеңберiнде бұрын қолданыста болған мемлекеттік бағдарламаларға қатысты сабақтастық қағидатын сақтай отырып әзiрледi.
Осы Бағдарламаны қабылдау қылмысқа қарсы күрестiң бұрынғы бағдарламаларының орындалуынан, сондай-ақ соңғы жылдары құқық қорғау органдары қызмет ететiн әлеуметтiк-экономикалық жағдайлардың өзгеруiнен туындап отыр.
Қазiргi қоғамның жағдайында қылмыстарды ашу, тергеу және болдырмаудың тиiмдiлiгiн көтеру, ?кіметтен, мемлекеттік органдардан қылмысқа қарсы күресте күш-жiгердi арттыруды ғана емес, сонымен қатар, құқық бұзушылықты болдырмауға жүйелi және кешендi көзқарасты қамтамасыз етудi, қылмысқа ықпал етудiң жаңа, дәстүрлі емес нысандары мен әдiстерiн iздеудi талап етедi.
Қылмысқа қарсы күрестiң 2000-2002 жылдарға арналған бағдарламасы Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясын iске асыру жөніндегі iс-шаралардың 2005 жылға дейiнгi жоспарымен. Қазақстан Республикасында есiрткi мен есiрткi бизнесiне қарсы күрестiң 2000-2001 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен, осы кезеңде жүзеге асырылатын басқа да бағдарламалармен қатар іске асырылатын болады.
3. ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТIП ПЕН ЗАҢДЫЛЫҚТЫҢ АХУАЛЫН ТАЛДАУ
Елiмiздегi шиеленiскен әлеуметтiк-экономикалық жағдайда қылмысқа қарсы күрес проблемасы қылмыстардың алдын алуға және жазасыз қалдырмау қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған түбегейлi шараларды қабылдауды талап етедi.
Қазақстан Республикасында қылмысқа қарсы күрес және құқық тәртібін нығайту жөнiндегі 1993-1995 жылдарға арналған алғашқы кезектегi шараларының бағдарламасын және қылмысқа қарсы күрестiң 1997-1998 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен құқық қорғау қызметiнiң 2000 жылға дейiнгі негiзгi бағыттарын iске асыру Қазақстанның егемендiк алуының бастапқы кезеңiнде қылмыстың қарқындап өсуiн тоқтатуға және белгiлi бір тұрақтандыруға қол жеткізуге мүмкiндiк бердi. Сонымен бірге, қылмыстың нарықтық реформаларды жүзеге асыруға, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға кедергi жасайтын тұрақтандыруды болдырмай жатқан елеулi фактор болып қалуы жалғасуда.
Мемлекеттік бақылаудың бара-бар тетiгiн құрусыз экономика мен әлеуметтiк саланы реформалау, өтпелi кезеңде заңдардың жетiлдірiлмеуiне байланысты шығындар қылмыстың өсуi үшiн ғана емес, сонымен бірге қылмыстық iс-әрекеттердiң жаңа түрлерiнiң таралуына және қылмыстың кәсiбиленуiне қолайлы жағдайлар жасады.
Қазiргi уақыттағы қылмыстар нақты көрсетiлген мүттәйiм зорлық-зомбылық бағытпен сипатталады. Ұрлықтар, қарақшылықтар және тонаулар жасалатын қылмыстардың негiзгi бөлiгiн құрайды. Адамдарды тапсырыспен өлтiру, кепiлдiкке алу және ұрлау жиi жасалатын болды.
Кiсi өлтiру және басқа да аса қатыгездiкпен жасалған ауыр қылмыстардың саны өсуде. Азаматтардың үй-жайларына зорлық-зомбылық, кейде кiсi өлтiруге ұласатын дөрекi қарақшылық шабуылдар жасау кең қоғамдық жаңғырық тудырып отыр. Атыс қаруының заңсыз айналымы мен оны қолдану арқылы жасалған қылмыстардың саны арта түсуде.
Елiмiздiң экономикасындағы дағдарыстық құбылыстар, жұмыссыздық деңгейiнiң жоғарылауы, әсiресе ауылды жерлерде, ауыл жастарының қалаларға кетуiнiң басты себептерiнiң бірi болып отыр. Жұмысы, белгiлi бір тұрғылықты мекен-жайлары болмағандықтан олар қылмыстық бағыттағы топтарға бірiгедi.
Қылмыс барған сайын ұйымдасқан сипатта белең алып отыр. Адамдардың белгiлi бір санаты үшiн қылмыстық iс-әрекеттер күн көрудiң негiзгi көзiне айнала бастады. Ұйымдасқан қылмыс спирт пен алкогольдiк өнiмдердiң, металл сынығы, астық айналымы саласында көрiне бастады, қылмыстық топтардың өкiмет пен басқару органдарындағы сыбайластық байланыстарын пайдалануы аз кездеспейдi.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының Заңы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң 1999-2000 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберiнде жүзеге асырылып жатқан iс-шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетiктерді iске қосуға мүмкiндiк бердi, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес құқық қорғау және арнайы органдардың күнделiктi қызметiнiң негiзгі бағыттарының бірi болды.
Соңғы бес жыл ішiнде есiрткi қылмыстарының өсуi бес еседен астам болды. Жыл сайын заңсыз айналымнан ондаған тонна есiрткi алынады, ол есiрткi шикiзаттарының Қазақстандағы табиғи өсуiнен ғана емес, сонымен қатар елiмiздiң "қауiптi" есiрткiлердi Орталық Азия елдерiнен Ресей мен Еуропа мемлекеттерiне контрабанда үшiн өзiндiк ерекшелiгi бар транзиттiк дәлiз болуынан туындап отыр.
Қоғамның нашақорлануының әрі қарай таралуына мемлекеттік және қоғамдық қарсы әрекет жасаудың тиiмдi жүйесiн құру мақсатында Қазақстан Республикасында нашақорлық пен есiрткi бизнесiне қарсы күрестiң 2001-2005 жылдарға арналған стратегиясы мен Нашақорлық пен есiрткi бизнесiне қарсы күрестiң 2000-2001 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзiрленiп, жүзеге асырылуда.
Орталық Азия мемлекеттерi мен Ресейдегi терроризмге байланысты оқиғалар тұрақтылыққа елеулi қауiп төндiруде. Дiни экстремистiк және террористiк бағыт алған халықаралық қылмыстық ұйымдар тарапынан қауiп-қатер өсiп келедi.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының 1999-2005 жылдарға арналған ұлттық қауiпсiздiк стратегиясы әзiрлендi және iске асырылып жатыр.
Халықтың құқық бұзушылықтарға қарсы күрестегi әлеуметтiк белсендiлiгi күрт төмендедi. Құқықтық тәртiп органдарының халықпен бұрын болған көпжақты байланыстары мен ынтымақтастығы мүлде жойылды.
Құқық бұзушылықтардың әлеуметтiк алдын алуды қамтамасыз етудегi мемлекеттік өкiмет органдарының, қоғамдық ұйымдардың қызметi бытыраған, жүйесiз сипат алған.
Әлеуметтiк-экономикалық саладағы дағдарыстық құбылыстардың нәтижесiнде балалардың елеулi бөлiгi тәрбиеден тыс қалып, қолайсыз жағдайларда өмiр сүруде, балалардың қадағалаусыз қалуы өсуде, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерi шешiмiн таппауда.
Қылмыстық жауапкершiлiкке тартылған кәмелетке толмағандардың 60% астамы оқымайды немесе қандай да бір қызықты іс түрiмен қамтамасыз етiлмеген. Жауапқа тартылатын жасқа дейiн қылмыстық жазаланатын әрекеттер жасайтын балалар мен жасөспiрiмдердiң саны төмендемей отыр, олардың 70% астамы тұрмысы нашар отбасыларында тұрады.
Кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтардың алдын алудың 1998-2000 жылдарға арналған кешендi бағдарламасында көзделген шаралар тиiстi деңгейде iске асырылмай жатыр.
Маскүнемдiк пен нашақорлық маңызды әлеуметтiк проблема болып отыр. Iшкi iстер органдарының алдын-алу есептерiнде алкоголизмнен емдеудi қажет ететiн 140 мыңнан астам адам тұрады, 37 мың 800-ден астам нашақорлар мен екi жарым мың уытқұмарлық анықталды. Әрбір екiншi кiсi өлтiру, әрбір үшiншi қарақшылық шабуыл жасау алкогольден немесе есiрткiден мас болу күйiнде жасалады.
Сонымен бірге, алдын-алу жұмыстардың деңгейi өте төмен, алкоголизм және нашақорлықпен ауыратын адамдарды емдейтiн емдеу-алдын алу мекемелерi жеткiлiксiз, салауатты өмiр салтын насихаттау жөнiнде мақсатты жұмыс жоқ. Қайталанба қылмыстың деңгейi төмендемеуде, соңғы жылдары қылмыстың 18% астамын бұрын сотты болғандар жасайды.
Бірақ, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және белгiлi бір тұрғылықты жерi жоқ адамдарды әлеуметтiк бейiмдеу мәселелерiнiң шешiлуi қанағаттанарлықсыз.
Қылмысқа қарсы шешушi күреске және оның алдын алуда тиiмдi жұмыс iстеуге құқық қорғау, арнайы және сот органдарының материалдық-техникалық базасының жеткiлiксiз, олардың әлеуметтiк жағдайларының нашар болуына байланысты бірқатар факторлар қолбайлау болуда.
Соңғы жылдары құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң әлеуметтiк мәртебесi айтарлықтай төмендедi, олардың жалақылары қызметіндегі жұмыс көлемiне сәйкес емес. Қажеттi әлеуметтiк қорғаудың жоқтығы, әсiресе, денсаулығы мен өмiрiне қауiптi қызмет атқаратын жедел уәкiл және басқа да қызметкер кадрларды iрiктеуде теріс әсер еттi.
Құқық қорғау органдарын ақпараттық қолдаудың, сондай-ақ халық арасында жоғары құқықтық мәдениеттi қалыптастыру жөніндегі белсендi қызметтiң жоқтығы азаматтарда заң күшiне және өкiметтiң әдiлдiгiне сенбеушiлiкке әкелiп соқтырды.
Қылмысқа қарсы күрестi тиiмдi жалғастыру үшiн барлық мемлекеттік және жергiлiктi билiк органдары мен басқарудың күш салуын үйлестiруге негiзделген және заңдылық пен құқықтық тәртiптi қамтамасыз етудiң сенiмдi жүйесiн құруға бағытталған iс-шаралар кешенiн жүзеге асырған жөн.
4. БАҒДАРЛАМАНЫҢ МАҚСАТТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI
Бағдарламаның мақсаттары:
- қылмысқа қарсы күрес саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргiзу;
- заңдылық пен құқықтық тәртiптi әрi қарай нығайту, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз ету;
- құқық бұзушылықтардың әлеуметтiк алдын алу жүйесiн қалыптастыру, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауiпсiздiктi нығайту, осы қызметке бүкiл мемлекеттік органдарды, қоғамдық құрылымдар мен халықты тарту, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қылмысқа қарсы күресте жергiлiктi атқару органдарының рөлiн және жауапкершiлiгiн жоғарылату;
- қылмысқа қарсы күрестiң тиiмдiлігiн арттыру, оның ұйымдасқан нысандарына және сыбайлас жемқорлыққа, есiрткi қылмысына, терроризм мен дiни экстремизмнiң көрiнiстерiне күрестi күшейту;
- экономикалық құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық үшiн жағдай туғызатын экономиканың криминалдануына қарсы әрекет жасау.
Бағдарламаның мiндеттерi:
- заңнаманы жетiлдiру, қылмысқа қарсы күрестің құқықтық базасын нығайту;
- құқық бұзушылықтардың, оның ішiнде кәмелетке толмағандар мен жастардың арасында мақсатқа сай әлеуметтiк алдын алуды, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар мен тұрғылықты мекен-жайлары жоқ адамдарды әлеуметтiк оңалтуды жүзеге асыру, әйелдер мен балаларды тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қорғауды қамтамасыз ету;
- қоғамдық қауiпсiздiктi, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде және қылмысқа қарсы күресте жергiлiктi атқарушы органдардың рөлiн жоғарылату;
- қылмыстардың ашылуын жоғарылату, жедел-iздестiру қызметiн жетiлдiру жөніндегі iс-шаралар кешенiн жүзеге асыру;
- ұйымдасқан қылмысқа, есiрткi бизнесiне, сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмыстарға қарсы күрестi одан әрi күшейту;
- терроризмге, дiни және саяси экстремизмнiң таралуына қарсы iс-қимылдардың сенiмдi жүйесiн құру;
- құқық қорғау және арнайы органдарды кадрлармен қамтамасыз ету, олардың қызметкерлерiнiң біліктiлiгi мен кәсiпкерлiгiн арттыру, әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайлары мен ақшалай үлестерін жақсарту;
- құқық қорғау және арнайы органдардың қызметтерiн техникалық қайта қаруландыруды және ақпараттық қамтамасыз етудi жүзеге асыру;
- құқық қорғау қызметiнiң саласында жүргiзiлетiн саясатқа ақпараттық қолдау жасау және халықтың сенiмiн қалыптастыру, қылмысқа қарсы күресте азаматтардың қызығушылықтарын арттыру;
- құқық қорғау және арнайы органдары қызметтерiнiң тиiмдi өзара iс-әрекет жасауы және үйлестіру тетiктерiн әзiрлеу;
- ұйымдасқан қылмысқа, есірткiлердiң заңсыз айналымына, сыбайлас жемқорлық пен терроризмге қарсы күрес саласында қызмет атқаратын шет мемлекеттердiң құқық қорғау органдарымен және арнайы қызметтерiмен, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкiлдерiмен ынтымақтастықты кеңейту.
5. БАҒДАРЛАМАНЫ ЖYЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ НЕГIЗГI БАҒЫТТАРЫ
5.1. ЗАҢНАМАНЫ ЖЕТIЛДIРУ, ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КYРЕСТIҢ
ҚҰҚЫҚТЫҚ БАЗАСЫН НЫҒАЙТУ
Әлеуметтiк-экономикалық реформаларды және қоғамды демократияландыруды одан әрi тереңдете түсу, құқықтық саланы реформалауды, қалыптасқан құқықты қолдану іс-тәжiрибесiнiң өзгеруiне, жаңа құқықтық институттардың құрылуына, құқық қорғау органдары қызметтерiнiң жетiлдiрiлуiне байланысты туындайтын қоғамдық қатынастардың заңнамалық реттелуiн талап етедi.
Бұл мақсатта құқық қорғау қызметiнiң төмендегiдей бағыттарын одан әрi заңнамалық реттеу қажет:
адамдардың, азаматтардың және жеке тұлғалардың конституциялық және өзге де құқықтары мен бас бостандығына, халықтың денсаулығына және адамгершiлiкке қарсы қылмыстарға байланысты қылмыстық заңнаманы жетiлдiру;
ТМД елдерiнiң құқық қорғау органдары неғұрлым өзара тығыз iс-қимыл жасау үшiн олардың аумақтарында тергеуден және соттан бой тасалап қашып жүрген адамдарды iздестiру, ұстау және беру мәселелерiнде қылмыстық қудалау және экстрадиция мәселелерiн реттейтiн халықаралық шарттарды жетiлдiру;
Қазақстанның мүддесiн ескере отырып, ұлттық заңнаманы Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттардың нормалары мен стандарттарына сәйкес келтiру;
адамдар мен азаматтардың ар-ожданына және абыройына қол сұғуға, әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық жасауға қатысты қылмыс үшiн жауапкершiлiктi күшейту.
Жедел-iздестiру қызметiн құқықтық қамтамасыз ету және жедел жолмен алынған мәлiметтердi заңдастыру үшiн қылмыстық сот өндiрiсiнде қосымша жағдайлар жасау қажет.
Экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында құқық қорғау және арнайы органдардың өзара тығыз iс-қимылын қамтамасыз етуге байланысты мәселелердi, сондай-ақ олардың құзыретi мен тергелуiн нақты шектеудi одан әрi құқықтық реттеудiң қажеттiлiгi туындап отыр. Экономикалық қылмыс пен сыбайластықты біршама азайту қылмыстық-құқықтық реформамен қатар, әртүрлi нысандағы әлеуметтiк-құқықтық бақылауды тереңдете түсу жолымен болуы мүмкiн.
Сот-криминалистикалық сараптамаларды дер кезiнде жүргiзу мақсатында Әдiлетминiнiң сараптамалық мекемелерiнiң желісін кеңейту, оларды қылмыстық ізге түсу органдары орналасқан жерлерге жақындату талап етiледi.
5.2. ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ.
ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТIПТI ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУIПСIЗДIКТI КYЗЕТУ
Құқық бұзушылықтардың әлеуметтiк алдын алу.
Әлеуметтiк бақылаудың дәстүрлiк нысандарының әлсiреуi жағдайында кәмелетке толмағандар мен жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын-алу, маскүнемдiкке, алкоголизмге және нашақорлыққа қарсы күрес, қылмыстық жазасын өтеген адамдардың бейiмделуi жөніндегі шараларды жүзеге асыру ерекше көкейкестi сипатқа ие. ҚР Үкіметінiң 2000 жылғы 16 наурыздағы № 408 қаулысына сәйкес құрылатын белгiлi бір тұрғылықты жерi жоқ адамдарға арналған әлеуметтiк бейiмделу орталықтарының тиiмді қызметiн қамтамасыз ету.
Халықтың құқық бұзушылыққа қарсы күрестегi әлеуметтiк белсендiлiгiн арттыру жөніндегі мынадай шараларды; қоғамдық тәртiптi сақтауға қатысушы азаматтарды көтермелеудiң жүйесiн енгізудi, көпшiлiктiң құқықтық тәртiптi сақтауға қатысуының жаңа нысандарын қабылдау қажет.
Құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар жүзеге асыратын алдын алу қызметiн одан әрi жетiлдiрудiң өткiр қажеттiлiгi туындап отыр.
Жұмыстың басты қағидаттары - халықпен тығыз байланыс жасау, азаматтармен ашық-жарқын сөйлесу, олар құқық қорғау органдарына өтiнiш жасаған жағдайда оларға дереу қажетті көмек көрсету, адамдарға iзеттiлiк пен ұқыптылық таныту болуы тиіс.
Iшкi iстер органдарының алдын-алу қызметiнiң басым бағыттары ең алдымен, учаскелiк полиция инспекторларының қызметi - әсер етудiң әкiмшiлiк-құқықтық шараларының үйлесiмiнде, алдын-алудың жалпы және жеке тәсiлдерiмен қылмыстың алдын-алу, құқық бұзушылық пен қылмыс жасауды күтуге болады деген адамдарды анықтау, олардың әлеуметтiк тәртiпке қарсы пиғылдарын коррекциялау болуы тиiс.
Маскүнемдiкке, алкоголизмге және нашақорлыққа қарсы күрес.
Iшiмдікке қарсы саясаттың, маскүнемдiкке, алкоголизмге және нашақорлыққа қарсы күрестiң белсендiлiгiн арттыру мақсатында:
темекi бұйымдарын және алкоголь өнiмдерiн жарнамалауға заңнамалық тәртiппен шектеу қоюды енгізу;
маскүнемдiкке және нашақорлыққа қарсы күрес жөнiнде аймақтық бағдарлама әзiрлеу және оны iске асыру;
алкоголизмнен, нашақорлықтан және уытқорлықтан зардап шегетiн адамдарды мәжбүрлеп емдеуге арналған наркологиялық ұйымдардың төсек-орнын көбейту шараларын қабылдау;
спирттiк iшiмдiктер мен есiрткi заттарын қолданатын балаларды анықтау мәнi ретiнде оқушыларды ұдайы тексерудi қамтамасыз ету қажет.
Білім беру органдары салауатты өмiр салтын, жеке тұлғаның психофизикалық қалыпты дамуын насихаттауға бағытталған оқу және тәрбие процестерiнің ажырамастығын қамтамасыз етулері тиiс. Бұл мақсаттарға мектепке дейiнгi мекемелерде, мектептерде, лицейлер мен колледждерде арнайы оқу пәнiн енгiзе отырып, ғылыми негiзделген бағдарламаны әзiрлеу.
Жергілiктi органдардың маскүнемдiктiң, алкоголизм мен нашақорлықтың алдын алу жөніндегі жұмысының жай-күйiне жауапкершiлiктi арттыру.
Кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстың алдын алу.
Кәмелетке толмағандар қылмысының алдын алу өскелең ұрпақ өмiрінiң тиiстi деңгейiн қамтамасыз етуге, жастарды тәрбиелеу мен оларға білім беруге, отбасы мен балаларға қажеттi көмек көрсетуге, жасөспiрiмдердiң қадағалаусыз қалуының алдын алуға бағытталған жалпы әлеуметтiк сипаттағы шаралар кешенiн жүзеге асырумен тығыз үйлесiмдiлiкте болуы тиiс.
Жасөспiрiмдердi олардың психофизикалық жай-күйiне зардапты әсер ететiн зорлық-зомбылықты, қатігездiктi, порнографияны, сондай-ақ темекi шегу мен арақ iшудiң, есiрткi заттары мен психотроптық заттарды насихаттайтын аудио, бейне және баспа өнімдерін шектеу жөніндегі шараларды қабылдау қажет. Дене шынықтыру және спорт құралдары арқылы салауатты өмiр салтын насихаттауды белсендi түрде жүргiзу, тұрғылықты жерi бойынша балалар мен жасөспірiмдердi жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жасөспiрiмдердiң дене шынықтыру-спорт клубтарын және балалар мен жасөспiрiмдер спорт мектептерінiң жүйесiн дамыту, бұқаралық дене шынықтыру-спорт iс-шараларын өткізудi қайта жаңғырту.
Әрбір облыста және Астана, Алматы қалаларында мiнез-құлқы девианттық (ауытқыған) кәмелетке толмағандарға арналған жабық типтегi арнайы мектептер, сондай-ақ қылмыстық жауапкершiлiк туындайтын жасқа жеткенге дейін қылмыстық-жазаланатын iс-әрекеттер жасаған балалар мен жасөспiрiмдерге арналған арнайы мектептер ашу. Педагогикалық және заң факультеттерi бар жоғарғы оқу орындарында мiнез-құлқы девианттық (ауытқыған) кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтiн педагогтар даярлауды көздеу.