Ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауіпті зиянкестері мен ауруларының
жаппай көбеюі мен таралуының алдын алу және оларға
қарсы күрес жөніндегі республикалық бағдарлама туралы Қазақстан
Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 22 мамыр № 772
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 21 наурыздағы № 288 қаулысына сәйкес осы қаулының күші жойылды
Ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауiптi зиянкестерi мен ауруларының жаппай көбеюi мен таралуының алдын алу және оларға қарсы күрестi жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауiптi зиянкестерi мен ауруларының жаппай көбеюi мен таралуының алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі республикалық бағдарлама (бұдан әрi - Бағдарлама) бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі жыл сайын республикалық бюджеттi қалыптастыру кезiнде Бағдарламаны iске асыру үшiн қаражат көздесiн.
3. Министрлiктер мен ведомстволар, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi Бағдарламада көзделген iс-шаралардың тиiсiнше және уақытылы орындалуын қамтамасыз етсiн.
4. Бағдарламаның орындалуының қамтамасыз етiлуiн бақылау мен үйлестiру Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктелсiн.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң
2000 жылғы 22 мамырдағы
№ 772 қаулысымен бекітілген
Ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауiптi зиянкестерi мен
ауруларының жаппай көбеюi мен таралуының алдын алу және
оларға қарсы күрес жөніндегі республикалық бағдарлама
1. Кiрiспе
Ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауiптi зиянкестерi мен ауруларының жаппай көбеюi мен таралуының алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі республикалық бағдарламаны (бұдан әрi - Бағдарлама) мүдделi министрлiктер мен агенттiктердiң қатысуымен, Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 1999 жылғы 18 тамыздағы № 1183 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі әзiрледi.
2. Проблеманың жай-күйiне талдау жасау
Қазақстанның аумағында ауыл шаруашылығы өндiрiсiне нұқсан келтiретiн көптеген зиянды организмдер таралған. Әртүрлi аймақтарда ауыл шаруашылығы дақылдарына зиянкестердiң 50-ге жуық көп қоректi түрлерi мен 100-ден астам маманданған түрлерi, 70-тен астам аурулардың түрлерi мен арамшөптердiң 300 түрi зиян келтiредi. Республикада шегiртке, астық сұр көбелегi, бақашық-қандала сияқты қауiптi зиянкестердiң iрi ошақтары бар, мезгiл-мезгiл шалғындық көбелектiң, колорадо қоңызының жаппай таралуы және дәндi дақылдардың тат ауруларының эпифитотиялары байқалуда.
Соңғы жылдары егiстiк алаңдары құрылымының барлық жерде өзгеруi және оңтайландырылуы, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiру технологиясының сақталмауы, бос қалған жерлер көлемiнiң артуы, сондай-ақ өсiмдiктердi қорғау iс-шараларының бүкiл кешенiнiң орындалмауы, ауа райы-климаттық жағдайларының зиянды организмдердiң дамуы мен таралуы үшiн қолайлы болуы қабаттасып, нәтижесiнде республиканың аумағында өте күрделi фитосанитариялық жағдай қалыптасты.
"Агроөнеркәсiп кешенiнiң салаларын несиелендiру және мемлекеттік iс-шараларды қаржыландыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, оларға қарсы күрес жөніндегі iс-шаралар мемлекеттік бюджеттiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын, аса қауiптi өсiмдiк зиянкестерi мен аурулары таралған ауыл шаруашылығы дақылдарының алқаптары мен жерлер көлемiнiң күрт артуы байқалуда.
Неғұрлым зор зиянкестiгiмен ерекшеленетiн шегiрткелiк жәндiктердiң көптеген түрлерi: марокко шегiрткесi, азиялық (ұшып келетiн) шегiртке, италия прусы және кейбір үйiрлi емес түрлерi ерекше кең таралып отыр.
Осылайша, егер 1995 жылы шегiрткелердiң зиянкестiгi экономикалық шегiнен артық таралуы алқабы 1 млн. гектарға жуықтаса, 1999 жылы - 4,7 млн. гектар болды.
1999 жылы шегiрткелердiң жаппай көбеюi мен таралуының салдарынан республикада 220 мың гектарға жуық алқаптағы ауыл шаруашылығы дақылдарының егiстiгi зақымданды.
3ерттеулердiң деректерi бойынша қазiргi уақытта шегiрткелер таралған алқаптың көлемi 12,0 млн.гектарды, оның iшiнде зиянкестiктiң экономикалық шегiнен артық таралғаны, 2000 жылы оларға қарсы химиялық күрес жөніндегі iс-шараларды жүргiзу қажет - 5,7 млн.гектарды құрайды.
Дәндi дақылдардың астық сұр көбелегi, бақашық-қандала, гессен шыбыны, бидай трипсi сияқты және басқа да зиянкестердiң таралуы мен зиянкестiгi артып отыр. Жаппай көбейген жылдары гессен шыбыны бiр гектардың 3,5 центнерге дейiн егiнiн құртады. Бақашық-қандала көп таралған алқаптарда да егiн өнiмдiгi төмендейдi, сонымен бiр мезгiлде астықтың, әсiресе бидайдың қатты және күштi сорттарының технологиялық және нан пiсiру сапасы нашарлайды.
Республикада кездесетiн тат ауруларының үш түрiнiң (сабақ таты, қоңыр тат, сары тат) неғұрлым басым жүретiнi қоңыр тат ауруы болып табылады. Кейбiр жылдары ол солтүстiк аймақта 1,5-2 млн.гектарға дейiнгi алқапқа таралады және жаздық бидайдың егiнiн 15-20% дейiн кемiтедi. Неғұрлым зор зиянкестiгiмен ерекшеленетiн сабақ таты қоңыр татқа қарағанда едәуiр сирек кездеседi.
Бидай егiстiктерiнде жапырақтардың мезгiлсiз қурауын, өсiмдiктiң вегетациялану мерзiмдерiнiң қысқаруын, сондай-ақ дәннiң уақ болуына әсер ететiн септориозды-гельминтоспориозды дақтылық кең тараған.
Ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiнiң ауыр қаржы жағдайына байланысты ауыл шаруашылығы дақылдарының егiстiктерiнде зиянкестерге, ауруларға және арамшөптерге қарсы қорғау iс-шаралары толық көлемде жеткiлiктi жүргiзілмейдi.
Қажеттi шаралар қолданылмаған жағдайда, ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауiптi зиянкестерiмен және ауруларымен зақымданған алқаптардың көлемi одан әрi ұлғаюы тенденциясы орын алуда, мұның өзi, елдiң экономикасына елеулi залал келтiретiн нақты қауiп туғызады.
3. Бағдарламаның мақсаты
Бағдарламаның мақсаты - ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауiптi зиянкестерi мен ауруларының жаппай көбеюi мен таралуының алдын алу және оларға қарсы күрес, олардың залалын болдырмау және республиканың аумағында қолайлы фитосанитариялық жағдай қалыптастыру жөніндегі iс-шараларды әзiрлеу және жүзеге асыру болып табылады.
Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшiн мынадай негiзгi мiндеттердi:
ауыл шаруашылығы дақылдары мен алқаптарының аса қауiптi зиянкестерi мен ауруларының туындауы, дамуы және таралу ошақтарын анықтау;
қалыптасқан фитосанитариялық жағдайды ескере отырып, қорғау iс-шараларының көлемi мен өсiмдiктердi қорғау құралдарын пайдаланудың тәртібін белгiлеу;
аса қауiптi зиянкестер мен ауруларға қарсы күресуге арналған өсiмдiктердi қорғаудың химиялық құралдарының, сондай-ақ оларды қолдануға арналған механикаландырылған құралдарының жылдық және келешектегi қажеттілiгiн айқындау;
өсiмдiктердiң аса қауiптi зиянкестерi мен ауруларына қарсы күрес жөніндегі iс-шараларды мемлекеттік қаржыландыру туралы ұсыныстар әзiрлеу қаражатты қалыптасқан фитосанитариялық жағдайды ескере отырып бөлу және олардың мақсатты пайдаланылуын бақылау;
қоршаған ортаны қорғау, пестицидтердi ұтымды және қауiпсiз қолдану агротехникалық және басқа да әдiстердi кеңiнен пайдалану талаптарына сәйкес өсiмдiктердiң аса қауiптi зиянкестерi мен ауруларына қарсы күрес жөніндегі толық ауқымды және орталықтандырылған iс-шараларды уақтылы жүргiзудi ұйымдастыру;
ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауiптi зиянкестерi мен ауруларына қарсы күрес жөніндегі iс-шараларды жүргiзудiң сапасын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруды шешу көзделедi.
4. Ұзақ мерзiмді iс-шаралар
Нормативтiк құқықтық база құру
Бүгiнгi күнi республикада өсiмдiктердi қорғау саласындағы қызметтi жүзеге асыру үшiн жеткiлiктi нормативтiк құқықтық базаның болмауы өсiмдiктердi қорғау қызметiне жүктелген мiндеттер мен функциялардың толық орындалуына белгiлi бiр қиындықтар туғызуда.
Меншiктiң түрлi нысанындағы агроқұрылымдар қаржы қаражатының шектеулiлiгi салдарынан өсiмдiктердiң зиянкестерiне, ауруларына және арамшөптерге қарсы күрес жөніндегі мiндеттi iс-шаралардың ең аз мөлшерiн де жүргiзбейдi немесе оларды пестицидтердi қолданудың мерзiмiн, технологиясын және регламентiн бұза отырып, сондай-ақ сапасыз пестицидтердi қолдану арқылы жүргiзедi, сөйтiп олардың саны мен таралу алқаптарының ұлғаюына әсер етедi.
Тұтынушыларға сапасыз, тiркелмеген, қолдануға тыйым салынған пестицидтердi жеткізу, сақтау мен сатудың шарттарын бұзу жағдайлары орын алып отыр, соның салдарынан елдiң экологиялық қауiпсiздiгi бұзылуда.
Осыған байланысты, ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiнiң мүдделерiн қорғау, сондай-ақ мемлекеттік iс-шаралардың орындалуын бақылауды күшейту мақсатында, шетелдермен тең құқықты ынтымақтастық жасау үшiн құқықтық негiз жасайтын және мемлекеттік органдардың, пестицидтердi өндiрушiлер мен жеткізушiлер, өсiмдiктердi қорғау жөніндегі жұмыстар мен қызмет көрсетулердi орындаушылардың, жердi пайдаланушылар мен жер иеленушiлердiң арасындағы қатынастарды реттейтiн "Өсiмдiктердi қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңын әзiрлеу және қабылдау қажет.
Кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
Өсiмдiктердi қорғаудың проблемаларын шешу экономиканың кез-келген саласындағы сияқты кадрларға, олардың біліктiлiк деңгейiне, сондай-ақ қызметтiң техникалық жарақталуына байланысты. Өкiнiшке орай, соңғы жылдары, кадрлардың көптен кетуi байқалып отыр, өсiмдiктердi қорғау жөніндегі қызметтiң штат саны қысқаруда. Қызметтi қайта ұйымдастырудың нәтижесiнде ауыл тауар өндiрушiлерiне тiкелей қызмет көрсететiн, қажеттi аспаптармен, жабдықтармен және техникамен жарақтандырылмаған аудандық буындар әлсiредi.
Тауар өндiрушiлердiң қаржылық жағдайы қазiргi уақытта оларға пестицидтер мен өсiмдiктердi зиянкестерден, аурулардан және арамшөптерден қорғау жөніндегі қызмет көрсетулердi сатып алуға мүмкiндiк бермейдi. Осының бәрi фитосанитариялық жағдайдың едәуір нашарлауына және зиянды организмдердiң дамуы үшiн қолайлы жағдайлар жасалуына әкеп соқтырды.
Республикадағы фитосанитариялық жағдайды жақсарту үшiн барлық деңгейдегi өсiмдiктердi қорғау қызметiнiң құрылымын жетiлдiру, қызметтiң жұмысы үшiн қажеттi жағдай жасау, семинарлар мен Егiс алқабы күндерiн тұрақты өткізу арқылы фермерлердiң білімiн көтеру қажет.
Осы iс-шараларды жүзеге асыру республиканың барлық аумағында зиянды организмдердiң дамуының тұрақты мониторингiн жүргiзуге, зиянкестердiң, аурулардың және арамшөптердiң таралуы жөнiнде неғұрлым дұрыс болжамдар әзiрлеуге, деректердiң ақпараттық базасын қалыптастыруға мүмкiндiк бередi.
Ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз ету
Өсiмдiктердi қорғаудың техникасын, технологиясын және әдiстерiн жетiлдiру республиканың әр аймағының табиғи-климаттық және экономикалық жағдайының ерекшелiктерiн ескеруді талап етедi. Мұның өзi, өсiмдiктер мен топырақтың климатпен үйлесiмдi зиянды организмдердiң түрлiк құрамын айқындайтындығына, ал соңғыларының зиянкестiлiгi мен агрессивтiлігi өмiр сүру ортасының жағдайымен айқындалатындығына байланысты. Бұдан басқа, зиянкестердiң, аурулардың және арамшөптердiң дамуы егiншiлiк жүйесiне ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаның факторларына, әсiресе, ауаның температурасы мен ылғалдығына байланысты. Осыған орай, әр зиянкестiң, ауру қоздырушының, және арамшөптiң экологиясының ерекшелiктерiн зерделеу қажеттiлiгi туындайды. Атап айтқанда, дәндi дақылдардың тат ауруларының жедел фитосанитариялық диагностикасы мен дамуын болжау үшiн егiстiктерге қосымша зерттеу жүргiзу қажет.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өсiмдiктердi қорғаудың өзектi проблемалары бойынша ғылыми зерттеулердi тиiмдi жүргiзу үшiн конкурстық негiзде "Ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы (су кадастрын әзiрлеу), орман шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау саласындағы қолданбалы зерттеулер" бағдарламасы бойынша қаржыландырылатын ғылыми жұмыстарды орындаушыларды айқындайды.
Зерттеулердiң нәтижелерi бойынша әдiстемелiк ұсынымдар мен проспектiлер шығарылып, ауыл тауар өндiрушiлерiне нақты консультациялық көмек көрсетілуi тиiс.
Пестицидтердің отандық өндiрiсiн дамыту
Қазақстанда өз пестицидтер өндiрiсiнiң болмауына байланысты, олардың импорты жеткізуде қиындықтар туғызуда және химиялық өңдеулер құнының қымбаттауына әкеп соқтырады. Осыған байланысты, олардың құнын төмендетуге, сондай-ақ оларды неғұрлым оңтайлы мерзiмдерде шығаруды ұйымдастыруға мүмкiндiк беретiн, оларды кейiн республиканың қолда бар өндiрiстiк қуаттарында одан әрi формуляциялау арқылы пестицидтердiң жекелеген түрлерiнiң тек әсер етушi заттарының импортынан бастау қажет болатын, пестицидтердiң отандық өндiрiсiн қалыпқа келтiру маңызды мiндет болып табылады.
Келесi кезең республика ғылыми мекемелерiнiң жаңа пестицидтердiң синтезiн жолға қою және отандық кәсiпорындарда оларды өндiрудi ұйымдастыру болып табылады.
Пестицидтердi қолдануға арналған арнайы аппаратураны
пайдалану
Қорғау жұмыстарын жүргiзудiң экономикалық, биологиялық тиiмдiлiгi мен экологиялық қауiпсiздiгi көптеген факторларға, бiрiншi кезекте - мақсатты объектiнi препараттардың қажеттi көлемiмен барынша жабуға, олардың тамшыларының мөлшерiне, жұмыс iстеу сұйықтарын қоспаландыру, жұмсаудың нормасына және т.б. қатысты.
Өсiмдiктердi қорғау құралдарын қолданудың көрсетiлген шарттарын қамтамасыз ету, көп ретте, пайдаланылатын аппаратурамен айқындалады. Республикада бар бүрiккiштердiң паркi моральдық және физикалық жағынан ескiрдi, осыған байланысты өсiмдiктердi қорғау құралдарын қолданудың агротехникалық және экологиялық регламенттерi сақталмайды.
Сондықтан, республикада пестицидтердi қолдану бойынша арнайы аппаратураны пайдалану жөнiнде қағидатты ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асыру қажет. Осы мақсатта, ауыл тауар өндiрушiлерiн препараттардың жұмсалу нормаларын қысқартуға, қорғау iс-шараларының көлемiн арттыруға, зиянды химиялық заттардың қоршаған ортаға түсу деңгейiн азайтуға мүмкiндiк беретiн пестицидтердi енгiзуге арналған неғұрлым жетілдiрілген арнайы аппаратурамен жарақтандыруға жәрдемдесу қажет.
5. Жедел iс-шаралар
Ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестерiне және ауруларына қарсы күрес жөніндегі жедел iс-шаралар өзiнiң мазмұны бойынша бiрдей, бiрақ оларды жүргiзудiң мерзiмдерiмен ғана ерекшеленетiн жұмыстарды жыл сайын орындауды көздейдi.
Мониторингтiк зерттеулердi жүргiзу
Мониторингтiк зерттеулер ауыл шаруашылығы дақылдары мен алқаптарының аса қауiптi зиянкестерi мен ауруларының көбею және таралу ошақтарын анықтау, олардың дамуы мен таралуының ғылыми негiзделген қысқа мерзімді және ұзақ мерзiмдi болжамдарын жасау, қорғау iс-шараларын жүргiзудiң көлемдерiн айқындау мақсатында жүргiзiледi. Олар зерттеудiң арнайы әдiстемелерiне сәйкес зиянкестер мен аурулардың дамуының бүкiл фенологиялық кезеңi бойы жүргiзiледi.
Осылайша, шегiрткелер бойынша фенологиялық байқау:
- көктемгi кезеңде - өмiршеңдiгiн айқындау үшiн;
- көктемгi-жазғы кезеңде - пайда болған личинкалар бойынша;
- жазғы-күзгi кезеңде - жұптасу және жұмыртқа салу кезеңiнде;
- күзгi кезеңде - салынған күбiршелер (кубышка) бойынша жүргiзіледi.
Мониторингтiк зерттеулердi республиканың жұмыстарды жүргiзу үшiн қажеттi арнайы техникасы мен жабдықтары бар ғылыми-зерттеу және өндiрiстiк мекемелерiн тарту арқылы өсiмдiктердi қорғау қызметiнiң мамандары жүргiзедi.
Өсiмдiктердi қорғау құралдарымен қамтамасыз ету
Химиялық күрес жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының аумағында тiркелген және 1997-2001 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының ауыл, орман шаруашылықтарында қолдану үшiн рұқсат етілген, өсiмдiктердiң зиянкестерiне, ауруларына және арамшөптерге қарсы күресудiң химиялық, және биологиялық құралдарының, дефолианттардың және өсiмдiктердiң өсуiн реттегiштердiң тiзiмiне және оған жасалған толықтыруларға енгiзiлген өсiмдiктердi қорғау құралдары пайдаланылады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі пестицидтердiң көлемi мен ассортиментiн айқындау үшiн ағымдағы жылға бөлiнген қаржы қаражаты көлемiн ескерiп, "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық кесiмдерiне сәйкес қаңтар-ақпан айларында оларды сатып алуға конкурс ұйымдастырады және өткiзедi.
Пестицидтердi сатып алу кезiнде бағалық көрсеткiшiнен басқа биологиялық және шаруашылықтық тиiмдiлiгi, экономикалық орындылығы мен экологиялық қауiпсiздiгi, сондай-ақ аса қауiптi зиянкестер мен аурулардың резистенттiк популяцияларының туындауына жол бермейтiн жағдайлар ескерiледi.
Кедендік рәсімдерді ресімдеу,
пестицидтерді сақтау және химиялық жұмыстар жүргізілетін
жерлерге тасымалдау
Сатып алынатын өсiмдiктердi қорғау құралдары кедендiк тазартудан, мамандандырылған қоймаларда сақтаудан өткiзiледi және қалыптасқан фитосанитариялық жағдайға қарай Ауыл шаруашылығы министрлігінiң бөлуi бойынша, жұмыстар жүргiзiлетiн жерлерге улы химикаттар тасымалдауға арналған көлiкпен жеткiзiледi. Жұмыстардың көрсетiлген түрлерiн орындау жөніндегі қызмет көрсетулердi аталған жұмыстарды жүргiзуде тәжiрибесi, тиiстi қоймалық үй-жайлары және көлiк құралдары бар орындаушы фирмалар жүзеге асырады. "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, бұл қызмет көрсетулердi орындаушы, жыл сайын Ауыл шаруашылығы министрлігі өткiзетiн конкурстардың негiзiнде айқындалады.
Химиялық өңдеулер жүргiзу
Химиялық өңдеулер зиянкестер мен аурулар зиянкестiктiң экономикалық шегiнен артық таралған жерлерде жүргiзiледi. Өсiмдiктердiң зиянкестерi мен ауруларына қарсы күресте арнайы аппаратура қолданылады. Өсiмдiктердi қорғау жөніндегі жұмыстарды орындаушы фирмалар да конкурстық негiзде айқындалады. "Агроөнеркәсiптiк кешеннiң салаларын несиелендiру және мемлекеттік iс-шараларды қаржыландыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестерi мен ауруларына қарсы күрес жөніндегі iс-шаралар бiрiншi кезекте мемлекеттік қор жерлерi мен шекаралас мемлекеттермен шектесетiн аумақтарда жүргiзіледi. Химиялық iс-шараларды жүргiзудiң көлемi жыл сайын мониторингтiк зерттеулердiң негiзiнде айқындалады (1-қосымша).
Агротехникалық iс-шаралар жүргiзу
Агротехникалық iс-шаралар зиянкестер мен аурулардың орнығу (зақымдану) тығыздығын азайту мақсатында ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiнiң өз күшiмен және қаражатының есебiнен жүргiзiледi.
Шегiртке тұқымдастарға қарсы күресу үшiн қолданылатын егiншiлiк жүйесiне, егiс айналымының сызбасына қарай күзгi және көктемгi кезеңдерде культивациялау немесе дискiлеу, немесе тiстi тырмалармен тырмалау жүргiзiледi. Бұдан басқа, күзде сүдiгерлiк өңдеу жүргiзуге болады.
Агротехникалық iс-шараларды жүргiзудiң көлемi де жазғы-күзгi кезеңдерде жүргiзiлетiн зерттеулердiң негiзiнде айқындалады (1-қосымша).
6. Қаржыландыру көздерi
Көрсетiлген зиянкестер мен аурулардың жаппай таралғыштығы және қауiптiлiгiне орай бағдарламаны қаржылық қамтамасыз ету, жыл сайын республикалық бюджетте аталған мақсаттарға көзделетiн қаржының есебiнен жүзеге асырылады. Туындаған қауiптiң ауқымына қарай күрес жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен де жүргiзiлуi тиiс.
Бұдан басқа, бюджеттік қаржыландырудың жеткiлiксiздiгi жағдайында Бағдарламаны iске асыруға егiндердiң иелерiн тарту (келісім бойынша) орынды болар едi.
Бағдарламаны орындау үшiн халықаралық ұйымдардың тарапынан iзгiлiк көмектерiн, халықаралық қаржы институттарының технологиялық және консультативтiк көмектер желісі бойынша мақсатты заемдары мен қаржылық ресурстарын да тарту қажет.
7. Iске асыру тетiгi
Бағдарламада ауыл шаруашылығы дақылдары мен алқаптарының аса қауiптi зиянкестерi мен ауруларының алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі iс-шаралардың жоспарын (2-қосымша) жыл сайын кезең-кезеңімен орындау көзделген.
Бағдарлама ауыл шаруашылығы өндiрiсiмен айналысатын барлық орталық және аймақтық деңгейдегi құрылымдардың мүдделерi мен мүмкiндiктерiн барынша тұтастыруға мүмкiндiк бередi.
Бағдарламаны тиiмдi және нысаналы түрде іске асыру мақсатында атқарушы өкiметтiң орталық және аймақтық органдарының қызметiн үйлестiру Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктеледi.
Бағдарламаның орындалу барысы туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкіметіне есеп тапсырады.
8. Күтiлетiн нәтижелер
Бағдарламаны iске асыру:
аса қауiптi зиянкестер мен аурулардың таралу көлемiнiң одан әрі ұлғаюының алдын алуға және олардың санын табиғаттағы қалыпты таралу деңгейiне дейiн жеткізуге;
аса қауiптi зиянкестер мен аурулардан залалды шаруашылыққа әсерi тимейтiн деңгейге дейiн төмендетуге;
республика аумағында қолайлы фитосанитариялық жағдай жасауға мүмкiндiк бередi.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының
аса қауіпті зиянкестері мен ауруларының
жаппай көбеюі мен таралуының алдын алу
және оларға қарсы күрес жөніндегі
республикалық бағдарламаға
1-қосымша
2000 жылы шегірткелерге қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды жүргізудің
болжалды көлемі
мың. га
-------------------------------------------------------------------------
Облыстың атауы !Зерттелгені! Тарал. ! Жұмыс ! Оның ішінде
! ! ғаны ! көлемі !-------------------
! ! ! !химиялық!агротехни.
! ! ! ! әдіс !калық әдіс*
-------------------------------------------------------------------------
Ақмола 2929,7 2094,5 1153,7 853,7 300,0
Ақтөбе 683,0 401,0 136,0 136,0
Алматы 646,8 455,0 333,0 333,0
Атырау 632,3 424,8 296,1 296,1
Шығыс Қазақстан 861,9 669,5 550,0 450,0 100,0
Жамбыл 655,9 365,9 141,1 141,1
Батыс Қазақстан 1980,3 1121,7 795,0 785,0 10,0
Қарағанды 646,6 439,7 388,0 388,0
Қостанай 3384,2 1528,5 700,0 600,0 100,0
Қызылорда 306,8 167,1 129,2 129,2
Маңғыстау 110,0 60,0 12,0 12,0
Павлодар 3124,0 2807,0 1046,0 835,0 211,0
Солтүстік 1121,4 1314,7 860,0 600,0 260,0
Қазақстан
Оңтүстік 1036,0 194,0 160,0 160,0
Қазақстан
Астана қаласы 25,0 18,3 18,3 18,3
Жиынтығы: 18143,9 12061,7 6718,3 5737,4 981,0
-------------------------------------------------------------------------
* Агротехникалық іс-шаралар 1999 жылдың күзгі кезеңінде өткізілді.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының
аса қауіпті зиянкестері мен ауруларының
жаппай көбеюі мен таралуының алдын алу
және оларға қарсы күрес жөніндегі
республикалық бағдарламаға
2-қосымша
Ауыл шаруашылығы дақылдары мен алқаптарының аса қауіпті зиянкестері мен ауруларының алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі іс-шаралардың жоспары
---------------------------------------------------------------------------
р/с! Іс-шара атауы ! Орындалу ! Орындалуына
N ! ! мерзімі ! жауаптылар
---------------------------------------------------------------------------
Ұзақ мерзімді іс-шаралар
---------------------------------------------------------------------------
1 "Өсімдіктерді қорғау туралы" Қазақстан 2001 жылы Ауылшармині
Республикасы Заңының жобасын әзірлеу
және Қазақстан Республикасының
Үкіметіне қарауға енгізу 2 Өсімдіктерді қорғау қызметінің құрылымын Тұрақты Ауылшармині
жетілдіру және материалдық-техникалық
базасын нығайту 3 Өсімдіктерді қорғаудың өзекті мәселелері Тұрақты Ауылшармині,
бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу Білімғылыммині 4 Пестицидтердің отандық өндірісі мен Тұрақты Ауылшармині,