Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын азаматтарды мәжбүрлеп емдеу туралы
1999 ж. 10 желтоқсандағы № 496-І Қазақстан Республикасының Заңы
(2007.26.03. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
ҚР 2009 жылғы 18 қыркүйектегі № 193-IV Кодексімен күші жойылды
Осы Заң мемлекет пен туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын және емделуден жалтаратын азаматтардың арасындағы құқықтық қатынастарды реттейдi және азаматтардың денсаулығын айналадағы адамдарға қауiп төндiретiн аурудан қорғауға бағытталған.
1-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) туберкулездiң жұқпалы түрi - ауру адамның сыртқы ортаға туберкулез бактерияларын бөлiп шығаруына байланысты айналадағы адамдарға қауiп төндiретiн ауру;
2) медициналық тексеру - аурудың диагнозын қою үшiн зерттеудiң зертханалық және аспаптық әдiстерiн қолдана отырып, адамды медициналық ұйым жағдайында тексеру;
3) мәжбүрлеп емдеу - туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын адамды сот шешiмiнiң негiзiнде стационарда емдеу;
4) емдеуде болу режимi - туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын адамның басқа адамдарға ауру жұқтыруына жол бермеу мақсатында туберкулезге қарсы мамандандырылған емдеу-алдын алу ұйымында белгiленетiн режим;
5) туберкулезге қарсы мамандандырылған емдеу-алдын алу ұйымы туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын адамдарды мәжбүрлеп емдеуге де, ерiктi түрде емдеуге де арналған ұйым (орталықтар, ауруханалар, бөлiмшелер және палаталар);
6) медициналық тексеруден немесе емделуден жалтару - туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын адамның дәрiгер ұйғарған немесе тағайындаған емдердi қасақана орындамауы.
2-бап. Азаматты туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауырады деп танудың тәртібі
1. Азаматты туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауырады деп тануды, оны медициналық тексеру нәтижелерiнiң негiзiнде денсаулық сақтау ұйымы жүзеге асырады.
Медициналық тексеру жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының азаматтар денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттік органы белгiлейдi.
2. Туберкулезбен ауыруы себептi есепте тұратын азамат медициналық тексеруден жалтарған жағдайда оны тиiстi денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша мәжбүрлеп тексеруден өткізу үшiн денсаулық сақтау қызметкерiнiң қатысуымен iшкi iстер органдары арнаулы медициналық автокөлiкпен жеткiзедi.
3. Туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауырады деп танылған азамат денсаулық сақтау ұйымының шешiмiне оның жоғары тұрған органына немесе сотқа шағымдана алады.
3-бап. Туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын азаматтарды
мәжбүрлеп емдеуге жiберудiң негiзi мен тәртібі
2006.07.07. № 171-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) ; 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен ( бұр. ред. қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын азаматтарды мәжбүрлеп емдеуге олардың дәрiгер тағайындаған емдеуден бас тартуы негiз болып табылады.
Туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын және емделуден жалтаратын азаматтарды мәжбүрлеп емдеу туралы шешiмдi денсаулық сақтау органдарының не қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің әкімшілігі жанындағы дәрігерлік комиссияның ұсынысы бойынша сот қабылдайды.
Қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелерінен босатылған, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын, жазасын өтеу кезеңінде емдеудің толық курсынан өтпеген азаматтарға соттың шешімімен мәжбүрлеп емдеу тағайындалады, бұл үшін түзеу мекемесінің әкімшілігі босатылғанға дейін бір ай бұрын материалдарды сотқа жібереді.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді ( бұр. ред. қара)
2. Мәжбүрлеп емдеуге жiберу туралы материалдарды, олар келiп түскен күннен бастап бес күн мерзiмде, сот мәжбүрлеп емдеуге жiберiлетiн азаматтың және мәжбүрлеп емдеуге жiберу туралы ұсыныс енгiзген ұйым өкiлiнiң қатысуымен қарайды.
3. Туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын азаматты мәжбүрлеп емдеуге жiберу туралы сот шешiмiн орындау аумақтың әдiлет органдарының сот орындаушыларына жүктеледi.
4-бап. Мәжбүрлеп емделуде жүрген аурулардың құқықтары
1. Мәжбүрлеп емделуде жүрген аурулар Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық құқықтарын туберкулезге қарсы мамандандырылған емдеу-алдын алу ұйымында болу режимiн сақтау қажеттiгiне байланысты шектеулермен пайдаланады.
2. Туберкулезге қарсы мамандандырылған емдеу-алдын алу ұйымында мәжбүрлеп емдеуге жiберу соттылыққа әкеп соқпайды.
3. Мәжбүрлеп емдеуге жiберiлген аурудың жұмыс орны сақталады.
4. Мәжбүрлеп емдеуде болу уақытында жалпы еңбек стажы үзiлмейдi және оған есептеледi.
5. Мемлекеттік тұрғын үй қорының тұрғын үйiнде тұратын, мәжбүрлеп емдеуге жiберiлген аурулардың емдеуде болуының бүкiл уақыты iшiнде тұрғын үйi сақталады.
5-бап. Туберкулезге қарсы мамандандырылған емдеу-алдын алу ұйымдарында ауруларды емдеу және күтiп бағу
1. Мәжбүрлеп емдеуге арналған туберкулезге қарсы мамандандырылған емдеу-алдын алу ұйымдарында ауруларды емдеу және күтiп бағу мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2. Туберкулезге қарсы мамандандырылған емдеу-алдын алу ұйымында мәжбүрлеп емдеудi ұйымдастыру мен жүзеге асырудың тәртібі, сондай-ақ онда аурулардың болу режимi Қазақстан Республикасының азаматтар денсаулығын сақтау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттік органы бекiткен ережелермен белгiленедi.
3. Туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын адамдарды мәжбүрлеп емдеу олардан туберкулездiң микробактериялары бөлiнiп шығуы тоқтатылғанға дейiн жалғастырылады, содан соң олар туберкулезге қарсы мамандандырылған емдеу-алдын алу ұйымынан шығарылуға тиiс және емдеудi жалғастыру үшiн тұрғылықты жерiне жiберiледi.
4. Аурудың медициналық тексеруде болған уақыты мәжбүрлеп емдеу кезеңiне есептеледi.
6-бап. Ауруларды мәжбүрлеп емдеу аяқталғаннан кейiнгi медициналық қадағалау және емдеу
Мәжбүрлеп емдетiлген аурулар туберкулезге қарсы мамандандырылған емдеу-алдын алу ұйымынан шығарылғаннан кейiн тұрғылықты жерi бойынша туберкулезге қарсы ұйымда есепке тұруға және Қазақстан Республикасының азаматтар денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттік органы белгiлеген тәртiппен туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауырудың қайталануын болдырмайтын ем алып тұруға мiндеттi.
7-бап. Аурулардың мәжбүрлеп емдеу аяқталғаннан кейінгі еңбекке және тұрмыстық жағынан орналасуы
Мәжбүрлеп емдеу аяқталғаннан кейін туберкулезге қарсы мамандандырылған емдеу-алдын алу ұйымынан шығарылған ауруларға жергілікті атқарушы органдар олардың еңбекке және тұрмыстық жағынан орналасуына көмек көрсетеді.
2006.07.07. № 171-III ҚР Заңымен 8-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
8-бап. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын азаматтардың
емделуден бас тартқаны және инфекция таратқаны үшін жауаптылығы
Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын және емделуден жалтарып жүрген азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев