Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін тұлғаларға еңбекақы төлеу, адвокат көрсеткен заң көмегін есепке алу және консультация беруге, қорғауға және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу қағидалары, сондай-ақ оның еңбекақы мөлшері туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 26 тамыздағы № 1247 қаулысы
(2013.31.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1110 Қаулысымен күші жойылды
ҚР Үкіметінің 2013.31.12. № 1579 Қаулысымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
ҚР Үкіметінің 2010.01.07. № 681 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2013.31.12. № 1579 Қаулысымен (бұр.ред.қара) кіріспе жаңа редакцияда
«Адвокаттық қызмет туралы» 1997 жылғы 5 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 3-тармағына және 6-бабына және «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» 2013 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Республикалық бюджет қаражаты есебінен адвокаттар көрсететін заң көмегіне ақы төлеу және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу ережелері бекітілсін.
2. «Республикалық бюджет қаражатының есебінен адвокаттардың еңбегіне ақы төлеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 21 қыркүйектегі № 1361 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., № 43, 393-құжат) 1-тармағының күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялануға жатады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Н. Балғымбаев |
ҚР Үкіметінің 2013.31.12. № 1579 Қаулысымен ереже жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 1999 жылғы 26 тамыздағы
№ 1247 қаулысымен бекітілген
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін тұлғаларға еңбекақы төлеу, адвокат көрсеткен заң көмегін есепке алу және
консультация беруге, қорғауға және өкілдік етуге байланысты
шығыстарды өтеу қағидалары, сондай-ақ оның еңбекақы мөлшері
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін тұлғаларға еңбекақы төлеу, адвокат көрсеткен заң көмегін есепке алу және консультация беруге, қорғауға және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу қағидалары, сондай-ақ оның еңбекақы мөлшері (бұдан әрі - Қағидалар), адвокат көрсететін заң көмегіне ақы төлеу, есепке алу, қорғауымен және өкілдік етуімен байланысты шығыстарды өтеу тәртібін, сондай-ақ оның еңбек ақысының мөлшерін белгілейді.
Адвокат көрсеткен заң көмегіне ақы төлеу және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы № 617 бұйрығын қараңыз
Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) құқықтық консультация беру - заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға, оның ішінде арыздарды, шағымдарды, өтінішхаттарды және құқықтық сипаттағы басқа да құжаттарды жасау мәселесіне қатысты ауызша және жазбаша консультациялар нысанында көрсетілетін мемлекет кепілдік берген заң көмегінің түрі;
2) мемлекет кепілдік берген заң көмегі - заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негізде және тәртіппен тегін негізде көрсетілетін заң көмегі.
2. Мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
1) құқықтық ақпарат беру;
2) құқықтық консультация беру;
3) «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен жеке тұлғалардың мүдделерін соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге мемлекеттік органдарда, мемлекеттік емес ұйымдарда қорғау және білдіру түрінде көрсетіледі.
2. Адвокат көрсеткен заң көмегіне ақы төлеу, оны есепке алу,
консультация беруге, қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды
өтеу тәртібі, сондай-ақ оның еңбекақы мөлшері
3. Адвокаттар мыналарға:
1) соттар асыраушысының қайтыс болуы, жұмыспен байланысты мертігуі немесе денсаулығының өзгедей зақымдануы арқылы келтірілген зиянды өтеу туралы істерді қараған кезде қуынушыларға;
2) егер сот қарап жатқан дау кәсіпкерлік қызметпен байланысты болмаса, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген адамдар, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, I және II топтардағы мүгедектер, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын қуынушылар мен жауапкерлерге;
3) алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе оралман мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға мемлекет кепілдік берген заң көмегін тегін көрсетеді, қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттарды жасайды.
4. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 71, 72-баптарында, 80-бабының екінші бөлігінде, 408-бабының төртінші бөлігінде, 455-бабының бесінші бөлігінде, 467-1-бабында, Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 114 және 304-баптарында, «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 590-бабында, «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 2-тармағында және 6-бабында және «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 13-бабында белгіленген жағдайларда және тәртіппен адвокаттар құқықтық консультация беру, жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау мен өкілдік ету түрлеріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі, сондай-ақ адвокаттардың қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарын өтеу әкімшісі Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі болып табылатын республикалық бюджет бағдарламасы бойынша бюджет қаражатының есебінен қаржыландырылады.
5. Адвокат осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген тұлғаларға құқықтық консультация түрінде тегін заң көмегін есепке алуды құқықтық консультация беруді есепке алу тізілімінде (бұдан әрі тізілім) жүргізеді, онда:
1) заң көмегін алуға жүгінген тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты;
2) заң көмегін алуға жүгінген адамның жеке басын куәландыратын құжаттың, ал заң көмегін алуға өкілі жүгінген жағдайда - өкілдің өкілеттіктерін куәландыратын құжаттың да атауы мен деректемелері;
3) құқықтық консультация беру түрінде заң көмегін алу үшін негіз болып табылатын құжаттың атауы мен деректемелері;
4) заң көмегін алуға жүгінген тұлғаның немесе оның өкілінің тұрғылықты жері;
5) құқықтық проблеманың мәні;
6) көрсетілген заң көмегінің мәні: ауызша немесе жазбаша консультация беру, арызды, шағымды, өтінішхатты және құқықтық сипаттағы басқа да құжаттарды жасау;
7) заң көмегін алуға жүгіну күні;
8) заң көмегі көрсетілген күні;
9) заң көмегін көрсету ұзақтығы;
10) заң көмегін алған тұлғаның қолтаңбасы;
11) адвокаттың қолтаңбасы көрсетіледі.
6. Тізілімнің негізінде адвокат құқықтық консультация беру бойынша атқарылған жұмыс туралы ай сайын акт жасайды, онда:
1) адвокаттың тегі, аты, әкесінің аты;
2) тегін заң көмегі көрсетілген адамдардың саны;
3) ауызша немесе жазбаша берілген заң консультацияларының саны;
4) жасалған құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттардың саны;
5) заң көмегі көрсетілген сағаттың жалпы саны;
6) төленуге жататын жалпы сома;
7) адвокаттың қолтаңбасы көрсетіледі.
Құқықтық консультация беру бойынша атқарылған жұмыс туралы акті мен тізілімді адвокаттар аумақтық алқасының мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуді ұйымдастыруға жауапты құрылымдық бөлімшесінің басшысы тексереді және адвокаттар аумақтық алқасының төралқасына атқарылған жұмыс туралы есеппен бірге ұсынады.
Есептік ай ішіндегі құқықтық консультация беру бойынша атқарылған жұмыстар актісінің көшірмелері мен құқықтық консультация беруді есепке алу тізілімі адвокаттың іс-қағаздарына қоса тіркеледі.
7. Іс жүргізудің тиісті сатыларында адвокаттың нақты іс бойынша жұмыс істеу ұзақтығы мынадай:
1) екі бағытта адвокаттың тергеу және өзге де іс-әрекеттерді жүргізу орнына жол жүруге, сот отырыстарына қатысуға, қамауға алынған немесе әкімшілік ұстауға алынған адамға баруға;
2) тергеу немесе өзге іс-әрекеттердің басталуын күтуге;
3) сот отырысының басталуын және ол кейінге қалдырылған жағдайда жалғасуын күтуге;
4) қылмыстық іс жүргізудің сотқа дейінгі сатыларында іс материалдарымен, оның ішінде ұстау хаттамасымен, бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулымен, күдіктінің, айыпталушының немесе қорғаушының өзінің қатысуымен жүргізілген тергеу іс-әрекеттер хаттамаларымен, күдіктіге және (немесе) айыпталушыға ұсынылған не ұсынылуы тиіс болған құжаттармен танысуға;
5) қылмыстық, азаматтық іс және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізудің тиісті сатыларында іс материалдарымен, сот отырыстарының хаттамаларымен танысуға;
6) өтінішхаттарды, арыздарды, сот отырыстарының хаттамаларына ескертулерді, іс бойынша жеке, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және өзге шағымдарды жасауға;
7) қорғау желісін әзірлеу және іс бойынша іс жүргізу барысында туындаған мәселелер бойынша консультация беру үшін қамауға алынған немесе әкімшілік ұстауға ұшыраған адамға баруға жұмсалған уақытты ескеріле отырып айқындалады.
8. Қамауға алынған күдіктімен немесе айыпталушымен не әкімшілік ұстауға, алып келуге, ішкі істер органына (полицияға) мәжбүрлеп әкелуге ұшыраған адаммен кездесу кезінде адвокаттың жұмыс істеу уақыты адвокаттың кездесу орнына екі бағытта жол жүру уақытын (растайтын құжаттар бар болған кезде), өтуге рұқсат қағазын ресімдеуді, қорғалушының шығуын күту, уақытша ұстау изоляторының кездесу бөлмесінің немесе тергеу кабинетінің босау уақытын ескере отырып, ішкі істер органдарының тергеу изоляторының, уақытша ұстау изоляторларының немесе арнайы қабылдағыштарының анықтамалары бойынша белгіленеді.
9. Нақты іс материалдарымен танысу, өтінішхаттарды, арыздарды, апелляциялық, кассациялық және өзге де шағымдарды жасау ұзақтығын мынадай мән-жайлардың кемінде біреуі орын алған кезде оның іс жүзіндегі күрделілігін ескере отырып тиісті орган айқындайды:
1) тағылған қылмыстардың саны мен ауырлығы;
2) күдіктілердің, айыпталушылардың, сотталушылардың саны;
3) іс материалдарының көлемі.
10. Іс бойынша бас сот талқылауы Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен басқа уақытқа не басқа күнге ауыстырылған жағдайда, егер адвокат осы уақытта басқа адамдарға заң көмегінің өзге түрлерін көрсетпесе, бас сот талқылауының жалғасуын күтудің, бірақ бір күннен аспайтын уақытына ақы төленуі тиіс.
11. Адвокат басқа жерге жол жүре отырып заң көмегін көрсеткен жағдайда, егер ол осы күні басқа істер бойынша іс жүргізуге қатыспаса, іс бойынша сот талқылауының ұзақтығына қарамастан, толық жұмыс күні үшін ақы төленеді.
12. Оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізілетін күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 72-бабының не Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 589-бабының тәртібімен тағайындалған адвокаттан бас тартқан жағдайда, адвокаттың іс материалдарымен танысуға, кездесу кезінде заң көмегін көрсетуге, осындай бас тартуды іс жүргізу ресімдеуіне жұмсаған уақыты, сондай-ақ басқа жерге жол жүрген жағдайда іссапар және басқа да шығыстары төленуге жатады.
13. Адвокаттар көрсететін мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу мөлшерлемесі бойынша мынадай мөлшерде жүргізіледі:
1) мына:
тергеуге дейінгі тексеру, тергеу, анықтау сатыларында және ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасауға күдіктілердің, айыпталушылардың қорғаушылары ретінде сот талқылауларына, сондай-ақ аталған қылмыстардың нәтижесінде жәбірленген адамдардың өкілдері ретінде қатысқан кезде;
Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі 114-бабының 1-тармағында және 304-бабында тізбеленген адамдардың өкілдері ретінде азаматтық істер бойынша қатысқан кезде;
әкімшілік жауапқа тартылатын адамды әкімшілік ұстау сәтінен бастап әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасаған кезде;
«Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 6-бабының 1-тармағында тізбеленген адамдарға құқықтық консультация беру түрінде заң көмегін көрсету кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін жалақының ең аз мөлшерінің 1/21 бөлігі;
2) ауыр қылмыстарды жасаған күдікті, айыпталушы адамдардың қорғаушылары ретінде, сондай-ақ аталған қылмыстардың салдарынан жәбірленген адамдардың өкілдері ретінде тергеуге дейінгі тексеру, тергеу, анықтау және сот талқылауларына қатысу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленетін жалақысының ең аз мөлшерінің 1/15 бөлігі;
3) аса ауыр қылмыстарды жасаған күдікті, айыпталушы адамдардың қорғаушылары ретінде, сондай-ақ аталған қылмыстардың салдарынан жәбірленген адамдардың өкілдері ретінде тергеуге дейінгі тексеру, тергеу, анықтау және сот талқылауларына қатысу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін жалақының ең аз мөлшерінің 1/10 бөлігі.
Адвокаттың анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің, прокурордың, соттың немесе қылмыстық іс бойынша судьяның шешімдері мен іс-әрекеттеріне шағымдарды жасау, қылмыстық, азаматтық істі немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізумен байланысты апелляциялық, кассациялық, қадағалау және өзге де шағымдарды жасау уақытына ақы төлеу осы тармақтың тиісінше екінші, жетінші және сегізінші абзацтарында белгіленген мөлшерлерде жүргізіледі.
14. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 68-бабында белгіленген мерзім аяқталатын, кейінге қалдыруға болмайтын жағдайда түнгі уақытта күдіктіге, айыпталушыға жауап алу барысында заң көмегін көрсетудің әрбір сағатына, қорғалушыға тағылған қылмыстың санатына байланысты осы Қағидалардың 13-тармағының тиісінше екінші, жетінші және сегізінші абзацтарымен белгіленген бір жарым мөлшерден төмен болмайтын ақы төленеді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 68-бабында белгіленген мерзім аяқталатын демалыс және мереке күндері күдіктіден немесе айыпталушыдан жауап алу барысында күдіктіге, айыпталушыға заң көмегін көрсетудің әрбір сағатына қорғалушыға тағылған қылмыстың санатына байланысты осы Қағидалардың 13-тармағының екінші, жетінші және сегізінші абзацтарымен белгіленгеннен екі еседен кем емес мөлшерде ақы төленеді.
15. Адвокаттың күдіктімен не қамауға алынған айыпталушымен, не әкімшілік ұстауға алынған адаммен жұмыс істеу уақыты адвокаттың екі бағытта жол жүруін ескере отырып, кез-келген іс бойынша қорғалушыға тағылған қылмыстың санатына байланысты осы Қағидалардың 13-тармағының тиісінше екінші, жетінші және сегізінші абзацтарымен белгіленген мөлшерде төленеді.
Адвокаттың тергеу немесе өзге де іс-әрекеттің басталуын, сот отырысының басталуын және ол кейінге қалдырылған жағдайда жалғасуын күту уақыты қаралып отырған іс бойынша Қағидалардың 13-тармағының бірінші абзацында белгіленген ақының 50 пайызы мөлшерінде төленеді.
16. Адвокаттар көрсететін мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу және олардың қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарын республикалық бюджет қаражатының есебінен төлеуді аумақтық әділет органдары мынадай құжаттардың:
1) 2013 жылғы 3 шілдедегі «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 13-бабының 4-тармағымен белгіленген тәртіппен аумақтық әділет органы адвокатпен жасаған мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы келісімдердің;
2) қылмыстық істер бойынша, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша, қылмыстық істі жүргізетін органдардың қаулысы, адвокатты Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 71, 72-баптарында, 80-бабының екінші бөлігінде, 408-бабының төртінші бөлігінде, 455-бабының бесінші бөлігінде, 467-1-бабында, Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 114 және 304-баптарында, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 590-бабында көзделген тәртіппен тағайындау туралы азаматтық істер жөніндегі ұйғарымның;
3) адамды заң көмегіне ақы төлеуден босату және оның өкілдік етуге байланысты шығыстарды республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеу туралы қылмыстық істер бойынша, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша қаулының, соттың немесе судьяның ұйғарымның;
4) адвокаттар аумақтық алқасының адвокаттар көрсеткен заң көмегіне ақы төлеу туралы және қорғауға, өкілдік етуге байланысты шығыстарды бюджет қаражаты есебінен өтеу туралы өтінімнің (бұдан әрі - Өтінім) негізінде жүргізеді.
17. Адвокаттардың аумақтық алқасы адвокаттардың олар мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсеткені және бюджет қаражаты есебінен төленуге жататын сомалар туралы өтініштерінің негізінде өтінімді жасайды, оған мынадай құжаттар:
1) қылмыстық істер бойынша - күдіктіні, айыпталушыны, сотталғанды, жәбірленушіні заң көмегіне ақы төлеуден босату туралы, адвокаттың еңбегіне ақы төлеу және қорғау мен өкілдік етуге байланысты оның шығыстарын республикалық бюджет қаражаты есебінен төлеу туралы қылмыстық іс жүргізетін органның қаулысы;
2) азаматтық істер бойынша - адамды заң көмегіне ақы төлеуден босату және өкілдік етуге байланысты шығыстарды республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеу туралы соттың немесе судьяның ұйғарымы;
3) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойьшша - адамды заң көмегіне ақы төлеуден босату және өкілдік етуге байланысты шығыстарды республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеу туралы судьяның, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілеттігі бар органның (лауазымды тұлғаның) қаулысы;
4) құқықтық консультация беру бойынша - адвокат атқарған жұмысы туралы акт қоса беріледі.
Адвокаттардың аумақтық алқасы өтінімді жасау алдында адвокаттардың өтініштерінде олар мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсеткені және бюджет қаражаты есебінен төленуге жататын сомалар туралы қамтылған мәліметтердің дәйектілігін тексереді.
18. Адвокат тергеуге дейінгі тексеру, тергеу немесе анықтау сатыларында көрсететін мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу туралы және адвокаттың қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарын республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеу туралы қаулы адвокат тапсырысты орындағаннан кейін бір мезгілде, ал тапсырыс бір айдан ұзақ уақыт орындалған кезде - әр айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей шығарылады және тапсырылады.
Адвокат қылмыстық іс бойынша көрсететін заң көмегіне ақы төлеу туралы және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеу туралы соттың қаулысы үкімді шығарумен не істі қосымша тергеуге жолдау немесе істі тоқтату туралы іс жүргізу шешімін қабылдаумен бір мезгілде шығарылады және тапсырылады.
Сот талқылауы бір айдан аса уақыт алған кезде соттың қаулысы ай сайын шығарылады.
Адвокат азаматтық іс бойынша көрсеткен мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу және оның өкілдік етуге байланысты шығыстарын өтеу туралы ұйғарым шешім шығарумен бір мезгілде енгізіледі және тапсырылады.
Адвокаттың әкімшілік жауапқа тартылған адамға көрсеткен мемлекет кепілдік берген заң көмегі үшін ақы төлеу туралы және адвокаттың қорғауға байланысты шығыстарын өтеу туралы қаулы әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыны шығарумен бір мезгілде енгізіледі және тапсырылады.
Қаулының немесе ұйғарымның бір данасы тиісті істің материалдарына қоса тіркеледі, екінші данасы аумақтық әділет органына ол шығарылғаннан кейін келесі күннен кешіктірмей жолданады, үшінші данасы адвокатқа ол шығарылған күні беріледі.
19. Адвокат қылмыстық іс жүргізудің сотқа дейінгі сатыларында, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуде көрсеткен мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу туралы және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды рсепубликалық бюджет қаражаты есебінен өтеу туралы қаулыда:
1) қаулыны шығарған анықтаушының, тергеушінің немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті лауазымды тұлғаның (бұдан әрі - тиісті орган) лауазымы, тегі, аты-жөні;
2) істің атауы;
3) заң көмегіне ақы төлеуден және қорғауға немесе өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден босатылған адамның тегі, аты, әкесінің аты;
4) қылмыстық іс бойынша таңдалған бұлтартпау шарасы немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шарасы (әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау орнына жеткізу, не әкімшілік ұстау, әкелу, жүріп-тұру еркіндігін алдын алу шектеу);
5) тапсырысты орындаған адвокаттың тегі, аты, әкесінің аты, оның іс жүргізу өкілеттігін куәландыратын ордердің нөмірі мен берілген күні;
6) адвокат қатысқан іс жүргізу күні, уақыты, орны және тергеу мен өзге іс-әрекеттердің түрлері;
7) адвокаттың іс жүргізу іс-әркеттерінде жұмыс істеу ұзақтығы және төленуге жататын сома;
8) күнін, уақытын және төленуге жататын соманы көрсете отырып тергеу немесе іс жүргізу іс-әрекетінің басталуын күту уақыты;
9) адвокат заң көмегін көрсету үшін жол жүруге байланысты іссапарға жұмсаған күндердің саны;
10) төленуге жататын жалпы сома;
11) адвокат мүшесі болып табылатын тиісті адвокаттар алқасының толық атауы мен банк деректемелері көрсетіледі.
20. Адвокат сотта көрсеткен мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу туралы және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеу туралы соттың немесе судьяның қаулысында немесе ұйғарымында:
1) тиісті соттың атауы, қаулыны немесе ұйғарымды шығарған судьяның лауазымы, тегі, аты-жөні;
2) істің атауы, қарау орны мен күні;
3) заң көмегіне ақы төлеуден және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден босатылған адамның тегі, аты, әкесінің аты;
4) тапсырысты орындаған адвокаттың тегі, аты, әкесінің аты, оның іс жүргізу өкілеттігін куәландыратын ордердің нөмірі мен берілген күні;
5) адвокаттың іс бойынша іс жүргізудің тиісті сатысына қатысу ұзақтығы мен төленуге жататын сома;
6) сот отырысының басталуын күту уақытының ұзақтығы мен төленуге жататын сома;
7) бас сот талқылауы кейінге қалдырылған жағдайда оның жалғастырылуын күту уақытының ұзақтығы;
8) заң көмегін көрсету үшін жол жүруге байланысты іссапар күндерінің саны, өтеуге жататын шығыстардың түрлері мен сомасы;
9) төленуге жататын сома;
10) адвокат мүшесі болып табылатын тиісті адвокаттар алқасының толық атауы мен банк деректемелері көрсетіледі.
21. Адвокаттың нақты іс бойынша тағайындалуы бойынша қорғау мен өкілдік етуін жүзеге асыру үшін басқа жерге іссапарға жол жүруте байланысты шығыстары мемлекет есебінен қамтылатын мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері үшін көзделген нормалар мен тәртіппен республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеуге жатады.
22. Адвокаттардың аумақтық алқасы есептік айдан кейінгі айдың 2 күніне дейінгі мерзімде, ал желтоқсан үшін - есептік айдың 15 күнінен кешіктірмей аумақтық әділет органына өтінім жолдайды.
23. Аумақтық әділет органы адвокаттардың аумақтық алқасынан келіп түскен өтінімнің және оған қоса берілген құжаттардың негізділігі мен дәйектілігін тексереді, адвокаттарға төленуі тиіс қаражатты қаржыландыруға арналған өтінім жасайды және оны есептік айдан кейінгі айдың 10 күнінен кешіктірмей, ал желтоқсан үшін - есептік айдың 20 күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жолдайды.