4. Қайталама сараптама тағайындау туралы ұйғарымда алдыңғы сараптаманың нәтижелеріне келіспеудің дәлелдері келтірілуге тиіс.
5. Қайталама сараптама жүргізу сарапшылар комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сараптаманы жүргізген сарапшылар қайталама сараптама жүргізілген кезде қатысып, комиссияға түсініктемелер бере алады, алайда олар сараптамалық зерттеуге және қорытынды жасауға қатыспайды.
6. Қосымша және қайталама сараптама жүргізу тапсырылған кезде сарапшыға (сарапшыларға) алдыңғы сараптамалардың қорытындылары табыс етілуге тиіс.
7. Егер екінші немесе реті бойынша келесі сараптама бірнеше негіздер бойынша тағайындалып, олардың бірі - қосымша, ал басқалары қайталама сараптамаға жататын болса, мұндай сараптама қайталама сараптама жүргізу ережелері бойынша жүргізіледі.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 98-1-баппен толықтырылды
98-1-бап. Сарапшыдан жауап алу
1. Сарапшыдан жауап алу, егер сарапшының қорытындысы жеткілікті түрде айқын болмаса, толықтыру үшін қосымша зерттеулер жүргізу талап етілмейтін олқылықтары болса немесе сарапшы қолданған әдістер мен терминдерді нақтылау қажет болса, оның қорытындысы жарияланғаннан кейін ғана жүргізілуі мүмкін.
2. Сарапшыдан тірі адамдарға қатысты сот-психиатриялық, сондай-ақ сот-медициналық сараптама жүргізуге байланысты оған белгілі болған, оның қорытындысына қатысты емес мән-жайлар бойынша жауап алуға болмайды.
3. Өтініші бойынша сараптама тағайындалған тарап сарапшыдан бірінші болып жауап алады.
4. Егер сараптама тараптар арасындағы келісім бойынша немесе соттың бастамасы бойынша жүргізілсе, сарапшыға бірінші болып талапкер, содан кейін жауапкер сұрақтар қояды.
5. Сот жауап алудың кез келген сәтінде сарапшыға сұрақ қоюға құқылы.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 99-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
99-бап. Маманды іс жүргізу әрекеттеріне қатыстыруға тарту
1. Сот ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға консультациялар (түсіндірмелер) беру және көмектесу арқылы дәлелдемелерді жинауда, зерттеуде және бағалауда жәрдем көрсету мақсатында сот отырысына немесе іс жүргізу әрекеттеріне қатыстыру үшін істің нәтижесіне мүдделі емес, арнаулы білімі бар кәмелетке толған адамды маман ретінде тартуы мүмкін.
Сот тараптың өтініші бойынша да мамандарды тартуға құқылы. Іске қатысатын адамдар арнаулы білімі бар нақты адамды маман ретінде тарту туралы сотқа өтініш жасай алады.
2. Маманды тағайындау сот ұйғарымымен ресімделеді.
3. Маман ретінде шақырылған адамның: өзінің шақырылуы мақсатын білуге; егер арналуы білімі мен дағдысы болмаса, іс бойынша іс жүргізуге қатысудан бас тартуға; соттың рұқсатымен іс жүргізу әрекетіне қатысушыларға сұрақтар беруге; іс жүргізу әрекетіне қатысушылардың назарын дәлелдемелерді жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдем көрсету кезінде, ғылыми-техникалық құралдарды қолдану, сараптама тағайындау үшін материалдарды дайындау кезінде өзінің іс-әрекетіне байланысты мән-жайларға аударуға; өзі қатысқан іс жүргізу әрекетінің хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиісті бөлігімен танысуға және өзінің қатысуымен жүргізілген әрекеттердің барысы мен нәтижелері көрсетілуінің толымдығы мен дұрыстығына қатысты хаттамаға енгізілуге тиісті мәлімдемелер мен ескертпелер жасауға; соттың іс-әрекетіне шағым жасауға; өзінің іс жүргізу әрекеттеріне қатысуға байланысты өзіне келтірілген шығындарға өтем және іс бойынша іс жүргізуге қатысу оның қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмыс үшін сыйақы алуға құқығы бар.
4. Маман болып тағайындалған адам: соттың шақыруы бойынша келуге; арнаулы білімді, дағдылар мен ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, іс жүргізу әрекеттерін жүргізуге және сот ісін қарауға қатысуға; консультациялар беруге, өзі орындаған әрекеттер бойынша түсініктемелер беруге міндетті.
8-тарау. Сот шығындары
100-бап. Сот шығындары ұғымы және олардың құрамы
Сот шығындары мемлекеттік баж бен іс жүргізуге байланысты шығындардан тұрады.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 101-бап өзгертілді
101-бап. Мемлекеттік баж
Мемлекеттік бажды төлеудің тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгіленеді.
102-бап. Талап қою бағасы
1. Талап қою бағасы:
1) ақша қаражатын өндіріп алу туралы талап қоюларда - өндірілетін сомамен;
2) мүлікті талап ету туралы талап қоюларда - талап ету кезінде мүліктің тұрған жерінде нарық бағасы бойынша анықталатын, табылған мүліктің құнымен;
3) алименттер өндіріп алу туралы талап қоюларда - бір жыл ішіндегі төлемдердің жиынтығымен;
4) мерзімді төлемдер мен оларды беру туралы талап қоюларда - барлық төлемдер мен берулердің жиынтығымен, бірақ үш жылдан аспайтын жиынтығымен;
5) мерзімсіз және өмір бойы төлемдер мен берулер туралы талап қоюларда - үш жыл ішіндегі төлемдер мен берулердің жиынтығымен;
6) төлемдерді немесе берулерді азайту немесе көбейту туралы талап қоюларда - өтінуші азайтуға немесе көбейтуге үміт артатын жалпы сомамен, бірақ бір жылдан аспайтын сомамен;
7) төлемдер мен берулерді тоқтату туралы талап қоюларда - қалған төлемдер мен берулердің жиынтығымен, бірақ бір жылдан аспайтын жиынтығымен;
8) мүліктік жалдау (жалға алу) шартын мерзімінен бұрын бұзу туралы талап қоюларда - шарттың (келісім-шарттың) қолданылуының қалған мерзімінде мүлікті пайдаланғаны үшін төленетін төлемдердің жиынтығымен, бірақ үш жылдан аспайтын жиынтығымен;
9) азаматтар мен заңды тұлғаларға тиесілі құрылыстарға меншік құқығы туралы талап қоюларда - талап қою жасалған күнгі құрылыс тұрған жердегі нарық бағасы бойынша белгіленген құрылыс құнымен айқындалады, бірақ ол түгендеу бағасынан кем болмауға, немесе ол болмаған кезде - сақтандыру шарты бойынша бағалаудан төмен болмауға, ал ұйымдарға тиесілі құрылыстар үшін құрылыстың баланстық бағасынан төмен болмауға тиіс бағасымен;
10) бірнеше дербес талаптардан тұратын талап қоюларда - барлық талаптардың ортақ сомасымен айқындалады.
2. Талап қоюдың бағасын талап қоюшы көрсетеді. Көрсетілген бағаның табылған мүліктің шын мәніндегі бағасына анық сәйкес келмеген жағдайда талап қою бағасын талап арызын қабылдау кезінде судья айқындайды.
103-бап. Мемлекеттік бажды қосымша төлеу
1. Талап қою кезінде оның бағасын анықтау қиын болған жағдайда мемлекеттік баж мөлшерін сот істі шешу кезінде анықтаған талап қою бағасына сәйкес келетін бажды кейіннен қосымша өндіріп алу арқылы судья алдын ала белгілейді.
2. Істі қарау кезінде талап қою мөлшері ұлғайған жағдайда, баждың жетіспейтін сомасын талап қоюшы талаптың көбейген бағасына сәйкес қосымша төлейді.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 104-бап өзгертілді
104-бап. Мемлекеттік баж төлеуден босату
1. Мемлекеттік баж төлеуден босату Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
2. 13.12.04 ж. № 11-III ҚР Заңымен алынып тасталды (өзгерістер 01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Осы Кодекстің 55, 56-баптарында аталған адамдар өздері қойған талаптан бас тартқан жағдайда мүддесінде осы талап қойылған талапкер, егер ол талапты қарауды талап етсе және мемлекеттік бажды төлеуден босатылмаса, жалпы тәртіппен мемлекеттік бажды төлеуге міндетті.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 105-бап жаңа редакцияда
105-бап. 13.12.04 ж. № 11-III ҚР Заңымен алынып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен кодекс 105-1-баппен толықтырылды
105-1-бап. Мемлекеттік баж төлеуді кейінге қалдыру
Сот жеке тұлға берген тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы талап қоюлар бойынша мемлекеттік баж төлеуді сот тиісті шешім қабылдағанға дейін кейінге қалдырады. Сот шешім қабылдау кезінде мемлекеттік баж төлеуге байланысты шығыстарды өз пайдасына шешім шығарылмаған тараптан алып береді.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен 106-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 106-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) (2011 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
106-бап. Мемлекеттік бажды қайтару
Мемлекеттік бажды қайтару тәртібі Қазақстан Республикасының Салық кодексінде айқындалады.
107-бап. Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар
Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шағындарға:
1) куәгерлерге, сарапшыларға және мамандарға төленуге тиісті сомалар;
2) сол жерде қарау жүргізілуге байланысты шығындар;
3) заттай дәлелдемелерді сақтауға байланысты шағындар;
4) жауапкерді іздестіру жөніндегі шығындар;
5) іс бойынша жарияланымдар мен хабарландыруларға байланысты шығындар;
6) тараптарға хабарлау және оларды сотқа шақыру жөніндегі шығындар;
7) тараптар мен үшінші тұлғалардың жолақысы және олардың сотқа келуіне байланысты шеккен тұрғын жайды жалға алу жөніндегі шығындар;
8) өкілдердің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығындар;
9) 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
10) сот қажет деп таныған өзге де шығындар жатады.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 108-бап өзгертілді
108-бап. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға төленуге тиісті сомалар
1. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға сотқа келуге байланысты оларға келтірілген жол ақысы, бөлме жалдау жөніндегі шығындар өтеледі және іссапарға жіберілген адамдар үшін белгіленген мөлшерде тәулікақы төленеді. Сарапшы мен маманға сондай-ақ оларға тиесілі химиялық реактивтер мен тапсырылған жұмысты орындау кезінде олар жұмсаған басқа да шығын материалдарының құны, сонымен бірге олардың жұмысты орындау үшін құрал-жабдықтарды, коммуналдық қызметтерді пайдаланғаны және машиналық уақытты тұтынғаны үшін төлеген ақысы өтеледі.
2. Куә ретінде сотқа шақырылған жұмыс істейтін адамдарға сотқа келуге байланысты олардың болмаған уақыты үшін жұмыс істейтін жері бойынша орташа жалақысы сақталады. Еңбек қатынастарында тұрмаған куәлар өздерін әдеттегі айналысып жүрген істерінен алаңдатқаны үшін іс жүзіндегі уақыт шығындары ескеріліп және заңда белгіленген бір айлық жалақының ең төменгі мөлшері негізге алына отырып, өтемақы алады.
3. Сарапшылар мен мамандар, егер бұл жұмыс олардың қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, соттың тапсырмасы бойынша өздері орындаған жұмыс үшін сыйақы алады. Сыйақының мөлшерін тараптармен келісім бойынша сот анықтайды.
4. Сот сараптамасы органдары жүргізген сараптаманың ақысын төлеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға сомаларды, сондай-ақ сот сараптамасы органы жүргізген сараптамаға ақыны тиісті өтініш берген тарап төлейді. Егер аталған өтінішті екі тарап берсе немесе куәні шақырту, сараптаманы тағайындау, маманды тарту соттың бастамасы бойынша жүргізілсе, талап етіліп отырған соманы тараптар тең бөліп төлейді.
6. Егер бұл жұмыс сарапшылар мен мамандардың қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмесе, соттың тапсырмасы бойынша істеген жұмыстары үшін оларға төленуге тиесілі сомаларды тиісті өтініш жасаған тарап сот депозитіне алдын ала төлеп қояды. Сыйақының мөлшерін тараптармен келісім бойынша сот белгілейді.
7. Сот сараптамасы органы сараптама жүргізгені үшін төленуге тиіс сомаларды тиісті өтініш жасаған тарап, не өзіне сот осындай міндеттеме жүктеген тарап алдын ала төлеу нысанында тиісті бюджетке енгізеді.
8. Бір немесе екі тарап шығындарды төлеуден босатылған жағдайда, сарапшылар мен мамандарға тиесілі сомаларды төлеу республикалық бюджет есебінен жүргізіледі.
Сарапшылар мен мамандарға тиесілі сомаларды төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 109-бап өзгертілді
109-бап. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу
1. Куәларға, сарапшыларға және мамандарға тиесілі сомаларды олар өз міндеттерін орындағаннан кейін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес ашылған шоттан сот төлейді.
2. Аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен республикалық бюджет есебінен жүргізіледі.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 110-бап өзгертілді
110-бап. Сот шығындарын тараптардың арасында бөлу
1. Сот өз пайдасына шешім шығарылған тарапқа іс бойынша шеккен барлық сот шығыстарын екінші тараптан алып береді. Егер талап қою ішінара қанағаттандырылса, онда шығындар талапкерге сот қанағаттандырған талап қою талаптарының мөлшеріне пропорционалды түрде, ал жауапкерге - талапкердің талап қою талаптарынан бас тартылған бөлігіне пропорционалды түрде алып беріледі.
2. алынып тасталды
3. Егер жоғары сатыдағы сот істі жаңадан қарауға берместен шығарылған шешімді өзгертсе немесе жаңа шешім шығарса, ол тиісінше сот шығыстарын бөлуді де өзгертеді.
2011.28.12. № 523-IV ҚР Заңымен 111-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 111-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
111-бап. Өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстарды өтеу
1. Өз пайдасына шешім шығарылған тарапқа сот осы тараппен еңбек қатынастарында тұрмайтын, процеске қатысқан өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша ол шеккен шығыстарды оның іс жүзінде шеккен шығындары мөлшерінде екінші тараптан алып береді. Ақшалай талаптар бойынша бұл шығыстар талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің он пайызынан аспауға тиіс.
2. Егер адвокат тарапқа заң көмегін республикалық бюджет қаражаты есебінен көрсеткен болса, сот істі қараудың нәтижелерін негізге ала отырып, адвокаттың көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстарды екінші тараптан республикалық бюджет кірісіне өндіріп береді.
112-бап. Уақыт ысырабынан келтірілген залалдарды өндіріп алу
Көрінеу теріс пиғылымен негізсіз талап қойған немесе қойылған талапқа қарсы дау білдірген не істі дұрыс және тез қарап, шешуге үнемі қарсы әрекет жасаған тараптан сот екінші тараптың пайдасына іс жүзінде уақыт ысырабынан келтірілген өтемақыны өндіріп алуы мүмкін. Өтемақы мөлшерін нақты мән-жайларды ескере келіп, осы жердегі тиісті еңбекке ақы төлеудің қолданылып жүрген нормасын негізге ала отырып, сот белгілейді.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 113-бап өзгертілді
113-бап. Талап қоюдан бас тарту, бітімгершілік келісімі немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім кезінде сот шығындарын бөлу
1. Талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан кезде оның шығарған шығындарын жауапкер өтемейді. Егер талап қоюшы талап қоюдан кейін оларды жауапкердің ерікті түрде қанағаттандыруы нәтижесінде өзінің талаптарын қолдаудан бас тартса, сот талап қоюшының өтінуі бойынша жауапкерден талап қоюшы шеккен бүкіл сот шығындарын және өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығындарды өндіріп алады.
2. Егер тараптар татуласу келісімін немесе дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді жасасу кезінде сот шығыстарын бөлу тәртібін көздемеген болса, сот тараптар шеккен сот шығыстарын олардың арасында теңдей бөледі.
2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 123-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 114-бап жаңа редакцияда; 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 114-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
114-бап. Тегін заң көмегін көрсету
1. Істі сот талқылауына дайындаған кезде судья немесе істі қараған кезде сот заңда көзделген мынадай:
1) асыраушысының қайтыс болуы, жұмыспен байланысты мертігуі немесе денсаулығының өзгедей зақымдануы арқылы келтірілген зиянды өтеу туралы дауларды қараған;
2) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген адамдар, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, І және ІІ топтардағы мүгедектер, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын талапкерлер мен жауапкерлер үшiн кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес дауларды қараған;
3) ақталғандарға зиянды өтеу туралы дауларды қараған жағдайларда тұлғаны заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден толық босатуға және оларды бюджет қаражаты есебіне жатқызуға міндетті.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, адвокат көрсеткен, кепілдік берілген заң көмегіне ақы төлеу және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және мөлшерлерде жүзеге асырылады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, тұлғаның заң көмегіне ақы төлеуден босату туралы және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу туралы өтінішхатына заң көмегіне республикалық бюджет қаражатынан ақы төлену құқығын растайтын құжаттар мен басқа да дәлелдемелер қоса тіркелуге тиіс.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, судья немесе сот өтінішхатты қарау нәтижесі бойынша тұлғаны мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеуден және оның атынан өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден босату туралы не өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы дәлелденген ұйғарым шығарады.
5. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, соттың немесе судьяның тұлғаны заң көмегіне ақы төлеуден және оның атынан өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден босату туралы ұйғарымы дереу облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасына немесе оның құрылымдық бөлімшелеріне жіберіледі, олар сот белгілеген мерзімде адвокаттың сотқа қатысуын қамтамасыз етуге міндетті.
6. Тарапты адвокаттың заң көмегіне ақы төлеуден босату туралы соттың немесе судьяның ұйғарымы шағым жасалуға, наразылық білдірілуге жатпайды.
115-бап. Тараптарға сот шығындарын өтеу
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда сотқа басқа тұлғалар мен мемлекеттің құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау туралы өтініштермен жүгінген тұлғаларға талап қоюдан толық немесе ішінара бас тартылған кезде (осы Кодекстің 55 және 56-баптары), жауапкерге республикалық бюджеттің қаражатынан олар жұмсаған сот шығындары толық немесе қойылған тараптардың талап қоюшыға бас тартылған бөлігіне бара-бар өтеледі.
2. Мүлікті тыйым салудан босату туралы талап қою қанағаттандырылған жағдайда талап қоюшыға ол жұмсаған сот шығындары республикалық бюджеттің қаражатынан өтеледі.
116-бап. Сот шығындарын мемлекетке өтеу
1. Төлеуден талап қоюшы босатылған істі қарауға байланысты шығындар мен мемлекеттік баж сот шығындарын төлеуден босатылмаған жауапкерден мемлекет кірісіне толық немесе талаптың қанағаттандырылған бөлігіне бара-бар мөлшерде өндіріліп алынады.
2. Талап қоюдан бас тартылған жағдайда іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар сот шығындарын төлеуден босатылмаған талап қоюшыдан мемлекет кірісіне өндіріліп алынады.
3. Егер талап қою ішінара қанағаттандырылса, ал жауапкер сот шығындарын төлеуден босатылса, іс бойынша іс жүргізілуге байланысты шығындар мемлекеттің кірісіне сот шығыстарын өтеуден босатылмаған талап қоюшыдан талап қою талаптарының қанағаттандырылудан бас тартылған бөлігіне бара-бар өндіріліп алынады.
4. Егер екі тарап та сот шығындарын төлеуден босатылса, іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар республикалық бюджеттің есебіне жатқызылады.
5. Өзіне тиесілі төлемдерді төлеуден жалтарған адамға іздеу жарияланған жағдайда іздеуді жүргізу жөніндегі шығындар сол адамнан мемлекет кірісіне өндіріліп алынады.
117-бап. Сот шығындарына байланысты мәселелер жөніндегі ұйғарымдарға шағым беру және наразылық келтіру
Сот шығындарына байланысты мәселелер жөніндегі ұйғарымға жекеше шағым берілуі және наразылық келтірілуі мүмкін.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 9-тарау жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9-тарау. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін мәжбүрлеу және жауаптылық шаралары
118-бап. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін мәжбүрлеу шаралары
1. Соттың іске қатысушы тұлғаларға, процестің басқа да қатысушыларына мәжбүрлеу шараларын қолдануының мақсаты сот төрелігі міндеттерін іске асыру болып табылады.
2. Сот мәжбүрлеу шаралары ретінде еріксіз келтіруді, сот залынан шығарып жіберуді қолданады.
119-бап. Еріксіз келтіру
1. Еріксіз келтіру - бұл жауапкерді, куәні, сарапшыны, маманды және аудармашыны олар сотқа келуден дәлелді себептерсіз жалтарған жағдайда, сотқа мәжбүрлеп әкелу.
2. Еріксіз келтіруді сот ұйғарымы бойынша сот приставтары немесе ішкі істер органдары жүзеге асырады.
120-бап. Сот залынан шығарып жіберу
Сот отырысында тәртіп бұзушыларға сот осы Кодекстің 179-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен сот залынан шығарып жіберуді қолданады.
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.05.07. № 236-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 121-бап өзгертілді
121-бап. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шаралары
1. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шараларын сот барлық адамдардың сот алдында теңдігінің конституциялық принципін және сот төрелігі міндеттерін іске асыру мақсатында қолданады.
2. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 653-бабында көзделген әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасағаны үшін осыған кінәлі адамдар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 818-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
3. Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, сот материалдарды тәртіп бұзушыға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруге бастамашылық жасау үшін прокурорға жібереді.
122-бап. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін мәжбүрлеу және жауаптылық шараларын қолдану. Оларға шағымдану және наразылық беру тәртібі
1. Заңға қарсы жасалған іс-әрекет (әрекетсіздік) үшін бір ғана мәжбүрлеу шарасы және (немесе) бір ғана жауаптылық түрі қолданылады.
2. Соттың мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы ұйғарымына (қаулысына) жеке шағым берілуі және наразылық келтірілуі мүмкін.
10-тарау. Іс жүргізу мерзімдері
123-бап. Іс жүргізу әрекеттерін жасау мерзімдері
1. Іс жүргізу әрекеттері заңда белгіленген мерзімдерде жасалады.
2. Егер іс жүргізу әрекеттерін жасауға арналған мерзім заңда белгіленбеген жағдайда, оны сот тағайындайды.
124-бап. Іс жүргізу мерзімдерін есептеу
1. Іс жүргізу әрекеттерін жасауға арналған мерзімдер сөзсіз болуға тиіс оқиға көрсетіле отырып, дәлме-дәл күнтізбелік күнмен немесе жылдармен, айлармен немесе күндермен есептелетін уақыт кезеңімен белгіленеді. Соңғы жағдайда әрекет бүкіл кезеңнің ішінде жасалуы мүмкін.
2. Кезеңмен есептелетін іс жүргізу мерзімінің ағымы оның басталуы белгіленген күнтізбелік күннен немесе оқиға болған күннен кейінгі күні басталады.
125-бап. Іс жүргізу мерзімдерінің аяқталуы
1. Жылдармен есептелетін мерзім сол мерзімінің соңғы жылының тиісті айында және күнінде бітеді. Айлармен есептелетін мерзім сол мерзімінің соңғы айының тиісті ай мен күнінде бітеді. Егер айлармен есептелетін мерзімнің соңы тиісті күні жоқ айға сәйкес келсе, мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді. Күндермен есептелетін мерзім белгіленген кезеңнің соңғы күні бітеді. Мерзімнің соңғы күні демалыс күніне тап келген жағдайда мерзімнің аяқталатын күні одан кейінгі жұмыс күні болып есептеледі.
2. Жасалуына мерзім белгіленген іс жүргізу әрекеті мерзімнің соңғы күніне жиырма төрт сағат қалғанға дейін орындалуы мүмкін. Егер шағым, құжаттар не ақша сомалары мерзімнің соңғы күніне жиырма төрт сағат қалғанға дейін почтаға, телеграфқа тапсырса немесе байланыстың өзге де құралдары бойынша берілсе, мерзім өтіп кеткен болып есептелмейді.
3. Егер іс жүргізу әрекеті тікелей сотта немесе басқа ұйымда жасалуы тиіс болса; белгіленген ереже бойынша бұл ұйымдарда жұмыс аяқталатын немесе тиісті операциялар тоқтатылатын сағатта мерзім бітеді.
126-бап. Іс жүргізу мерзімдерін өткізіп алу салдары
1. Іс жүргізу әрекеттерін жасау құқығы заңда белгіленген немесе сот тағайындаған мерзімінің аяқталуымен жойылады. Іс жүргізу мерзімдері аяқталғаннан кейін берілген шағымдар мен құжаттарды, егер өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш берілмесе, сот қараусыз қалдырады және оларды берген адамға қайтарылады.
2. Іс жүргізу мерзімдерінің бітуі іс жүргізу міндеттерін орындаудан босатпайды.
127-бап. Іс жүргізу мерзімдерін тоқтата тұру
1. Барлық аяқталмаған іс жүргізу мерзімдерінің ағымы іс жүргізуді тоқтата тұрумен тоқтатыла тұрады. Мерзімдерді тоқтата тұру іс жүргізуді тоқтата тұру үшін негіз болған мән-жайлар туындаған уақыттан басталады.