1997 жылға арналған халықты жұмыспен қамту бағдарламасы туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 11 сәуірдегі
№ 539 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2005.09.02. № 124 қаулысымен күші жойылды
Халықты жұмыспен қамтудың мемлекеттік саясатын жүзеге асыру және жұмыссыздарды әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
1. Қоса берiлiп отырған 1997 жылға арналған халықты жұмыспен қамту бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі Бiлiм және мәдениет министрлігімен, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесiп, аймақтық ерекшелiктердi ескере отырып дара кәсiпкерлiктi, орташа және шағын бизнестi дамыту үшiн жұмыссыздарды жаңа кәсiптер мен мамандықтар бойынша даярлауға айрықша көңiл аударып, қайта оқытуды ұйымдастырсын.
3. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесiп Бағдарламаны орындауды ұйымдастырсын.
4. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі мүдделi орталық атқарушы органдармен бiрлесiп 1997 жылдың желтоқсанында 1998 жылға арналған халықты жұмыспен қамту бағдарламасының жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгiзсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1997 жылғы 11 сәуірдегі
№ 539 қаулысымен
бекітілген
1997 жылға арналған халықты жұмыспен
қамту бағдарламасы
Бағдарламаның мақсаты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мен азаматтарды жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғаудың стратегиясын дамыту болып табылады.
Бағдарламаның басымдықтары мен болжамдық параметрлерi Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 13 желтоқсандағы № 2680 Жарлығымен бекітілген 1996-1998 жылдарға арналған реформаларды тереңдету жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінiң Iс-қимыл бағдарламасының (бұдан әрi - Үкiмет Бағдарламасы), Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 жылғы 23 қыркүйектегi № 1161 қаулысымен бекітілген 1997 жылға арналған Қазақстан Республикасы Әлеуметтiк-экономикалық дамуының индикативтi жоспарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 жылғы 22 мамырдағы № 631 қаулысымен мақұлданған халықты жұмыспен қамтудың мемлекеттік саясаты тұжырымдамасының (бұдан әрi - Жұмыспен қамту тұжырымдамасы), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі әзiрлеген еңбек рыногындағы ахуалды талдау мен болжаудың негiзiнде айқындалды.
I. 1997 жылға арналған жұмыспен қамтудың болжамы
1997 жылы мақсаты мен мiндеттерi Үкiметтiң Бағдарламасындай айқындалған жалпы экономикалық стратегияларды жүзеге асыру жалғастырылатын болады. Еңбек рыногындағы ахуал қаржы-экономикалық және әлеуметтiк салаларда атқарушы өкiмет органдары жүргiзетiн шаралармен айқындалады.
Экономикадағы жалғасып отырған дағдарысты құбылыс пен қаржылық қаражаттардың жетiспеушiлiгi олардың көбiн банкроттықтың шегiне қоятын ұйымдардың қаржы-шаруашылық қызметiнiң тұрақтануына керi ықпал ететiн болады.
Жұмыс күштерiн босату процесi жалғасуда.
Босағандардың саны 300 мың адамнан асуы мүмкiн, ал ұзақ жұмыссыздардың саны олардың жалпы санының 15 процентiне жетедi деп ұйғарылуда.
1997 жылы салалық та, аймақтық та тұрғыда, ең алдымен Жезқазған, Қостанай, Семей, Талдықорған облыстары мен Алматы қаласында қайта ұйымдастыру және тарату рәсiмдерiнiң қарқыны артуы мүмкiн.
Жасырын жұмыссыздықтың ашық жұмыссыздыққа iшiнара ауысу процесi жалғасады, оның нәтижесiнде республика бойынша тұтастай алғанда қызметкерлердiң 15 - 20 процентi босауы мүмкiн.
Экономиканың салаларында жұмыс iстеушiлердiң саны 1997 жылы 1996 жылмен салыстырғанда 0,2 процентке қысқаруы мүмкiн, сөйтiп ол 6 265 мың адамды құрайды. Қысқару материалдық өндiрiс салаларында да, өндiрiстiк емес салаларда да болжалып отыр.
Жұмыспен қамту саласындағы жағдай еңбек рыногындағы ахуалдың ушығуына ықпал ететiн село жастарының қалаға ағылуын тереңдете түседi.
1997 жылы еңбек рыногы мынадай факторлардың:
өндiрiстi құрылымдық қайта құрудың: жекешелендiрудiң, банкроттықтың, қайта бейiмдеудiң;
экономикалық тиiмдiлердi сақтаудың және жаңа жұмыс орындарын құрудың ауқымы тәуелдi болатын инвестициялық мүмкiндiктердiң;
қызметкерлердi ұйымдардан босату процестерi жалғасуының;
село тұрғындарының, әсiресе жастардың қалаға ағылуының өсуiнiң ықпал етуiмен қалыптасатын болады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігінiң бағалаулары бойынша 1997 жылы жұмыссыздық деңгейiнiң неғұрлым жоғары тұрғысы Қызылорда және Атырау облыстарында сақталады, жұмыссыздықтың жоғары деңгейi Солтүстiк Қазақстан, Семей, Батыс Қазақстан, Торғай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Жезқазған облыстарында болуы мүмкiн болады. Бұл көрсеткiштiң төмен деңгейi Қарағанды облысы мен Алматы қаласында күтiлуде.
Әйелдердi, жастарды, зейнеткерлiктiң алдындағы жастардағы адамдарды, халықтың еңбек рыногындағы басқа да аз бәсекелестi жiктерiн жұмысқа орналастыру проблемасы бұрынғысынша өткiр тұратын болады. Тұрғын үй рыногының болмауынан қозғалымдықтың төмендiгiнiң, жұмыс күшiне сұраныс пен оны ұсынудың арасындағы сәйкессiздiктiң артуының салдарынан ұзақ жұмыссыздар жiктерiнiң қалыптасу процесi күшейедi.
Еңбек рыногында жұмыс күшiн ұсыну өсетiн болады және ол 2,5 млн. адамды құрайды.
Көзделiп отырған шағын және орташа бизнестi қолдау жөнiнде белсендi шаралар жүргiзу қосымша 100 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкiндiк бередi. Алайда, инвестициялардың шектеулiлiгiне орай жұмыссыздықтың өсуiн айтарлықтай тоқтату мүмкiн болмайды.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігінiң болжамы бойынша 1997 жылы жұмыспен қамту қызметiне 750 мыңға жуық адам өтiнiш жасай алады. Олардың 150 мыңы еңбекке орналастырылады, ал 600 мың адам немесе экономикалық белсендi халықтың 8,7 процентi жұмыссыз мәртебесiн алады.
II. Жұмыспен қамту саясатының 1997 жылғы
негiзгi бағыттары
Үкiметтiң Бағдарламасына және Жұмыспен қамту тұжырымдамасына сәйкес жұмыспен қамту саясатының 1997 жылға арналған негiзгi бағыттары болып мыналар айқындалды:
еңбек заңдарын өзгерту және толықтыру жолымен жұмыспен қамту мен еңбек қатынастарын құқықтық реттеу жүйелерiн жетiлдiру;
жаңа өндiрiстердi құрудың, перспективасы жоқтарын қайта құрудың негiзiнде экономиканың салалық құрылымдарын жетiлдiру;
қосымша жұмыс орындарын, оның iшiнде шетел капиталын тартудың есебiнен құратын шағын және орташа жеке кәсiпкерлiктi дамытуға қолдау көрсету және белсендi түрде ынталандыру;
экономикадағы құрылымдық өзгерiстердi ескере отырып еңбек рыногында қалыптасқан ахуалдарға қатысты кәсiптiк білім берудiң алға озып шығуы;
қоғамдық жұмыстар ұйымдарын тұрғын үй және жол құрылысына қайта бағдарлау;
еңбек рыногының басты қатысушыларының (мемлекет, жұмыс берушiлер және қызметкерлер) жұмыспен қамтудың кепiлдiгiн қамтамасыз етудегi, еңбекке ақы төлеу, оның шарттары мен режимдерi мәселелерiн шешудегi әлеуметтiк әрiптестiк жүйесiн қалыптастыру;
жергiлiктi атқарушы органдардың жұмыспен қамтудың аймақтық проблемаларын шешудегi ролiн арттыру;
еңбек рыногындағы сұраныс пен ұсыныстың неғұрлым өткiр сәйкессiздiгiн жоюға бағытталған таңдамалы шараларын жүзеге асыру;
мемлекеттік жұмыспен қамту қызметтерiнiң жұмыспен қамту мен еңбек рыногын ретке келтiру мәселелеріндегі жұмыс берушiлермен және кәсiподақтармен одан әрi интеграциялау.
Жұмыспен қамту саясатын жүзеге асырудың негiзгi тұтқалары мыналар болуы тиiс:
ұйымдарды қайта құрудың нәтижесiнде жұмыссыздықтың өсуiне ықпал ететiн факторларды бейтараптандыру, оның iшiнде кәсiби бағдарлау қызметтерiн, босаған қызметкерлердi кәсiптiк оқыту мен қайта даярлауды жан-жақты дамыту;
макроэкономикалық стратегия шеңберiнде мемлекеттік әлеуметтiк саясат жүргiзу;
бизнес орталықтар құру жолымен еңбекке қосымшаның келешектi саласы ретiнде кәсiпкерлiкпен өз бетiнше айналысуға, шағын және орташа бизнестi дамытуға, кәсiпкерлiк тәсiлдерге оқыту ресурстарын кеңейтуге ықпал ету;
еңбектiң iшкi рыногын қорғау және шетелдiк жұмысшылар мен мамандардың еңбегiн пайдалануды шектеу, экономикалық даму бағдарламалары мен жергiлiктi тұрғындарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және оны қаржыландыру мәнiне шетелдiк фирмалардың қатысуымен келісім-шарттарға сараптама жасау;
таяу және алыс шетелге жұмыс күшi экспортының келісім-шарттық жүйесiн дамытуға ықпал ету;
орналастыру аймақтарының экономикалық мүмкiндiктерi мен жағдайларына сүйенiп иммигранттардың санын квоталау.
III. Жұмыспен қамту саласында халықты әлеуметтiк
қорғауды қамтамасыз ету
1) Жұмыс күшiне сұраныс пен ұсынысты теңестiру жөніндегі
шаралар
Жұмыс берушiлер жұмыс күшiне беретiн сұраныс еңбек рыногының конъюнктурасына айқындаушы ықпал етедi. Қазiргi уақытта жұмыс берушiлердiң негiзгi талаптары аталмыш мамандық бойынша жоғары біліктілік пен жұмыс тәжiрибесi болып табылады.
Жұмыспен қамтылудың төмендеуi материалдық өндiрiстiң көпшiлiк салалары үшiн де, өндiрiстiк емес салаларға да қалыпты жәйт болып табылады. Экономика салалары бойынша алдын ала бағалау бойынша 1997 жылы барлығы 830 мыңнан астам адам жұмысқа қабылданады, ал 1300 мыңнан астам адам босатылады.
Өндiрiстi одан әрi қысқарту және кәсiпорындардың болжанып отырған банкроттығы жұмыс күшiне сұраныстың төмендеуiне және ұзақ жұмыссыздықтың артуына әкеп соқтырады.
Аталған кезеңде мүмкiн болатын ахуалды болдырмау мынадай шаралардың:
экономикалық мақсатты жұмыс орындарының санын сақтау және және қосымша жұмыс орындарын құру;
жұмыс уақытының жұмыс орнының санын арттырмастан жұмыспен қамтуды арттыруға мүмкiндiк беретiн оралымды режимдерiн пайдалану;
еңбек рыногының қажеттерiн ескере отырып жұмыспен қамтылмаған халықты оған даярлау және қайта оқыту;
жұмыс күшiн сала iшiнде қайта бөлу және өндiрiстi диверсификациялау арқылы жаппай босатудың салдарын жұмсарту;
қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру көмегiмен мемлекеттiң еңбек рыногына реттеушiлiк ықпалын күшейту көзделедi.
2) Азаматтарды еңбекке орналастыруға жәрдемдесу
Азаматтардың жұмыс iздеу уақытын қысқарту, жұмыс берушiлермен олар жұмыспен қамту орталықтарына мәлiмдеген сандарды арттыру жөнiнде өзара iс-қимылды күшейту мақсатында жұмыспен қамту қызметi мынадай қызметтердi:
азаматтарды еңбекке орналастырудың мүмкiндiктерi туралы хабарландыруды;
азаматқа жұмыстың әр түрлi нысандары мен түрлерiн таңдау мүмкiндiгiн берудi;
қолайлы жұмыс орнын iрiктеудi;
жұмыссыздарды оқытуды және қайта оқытуды;
жұмыс iздеуде қиындық көрген азаматтарға консультациялар берудi;
қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруды;
жұмыссыздарға өз iсiн ұйымдастыруға жәрдемдесудi жалғастыратын болады.
Жұмыспен қамту қызметiнiң көмегiмен 150 мың адамға, оның iшiнде білім беру жүйесi оқу орындарының (жоғары оқу орындарының, колледждердiң, лицейлердiң, кәсiптiк-техникалық мектептердiң, барлық үлгiлердегi және атаулардағы жалпы білім беретiн мектептердiң) 36 мың бiтiрушiлерiне жұмыс беру ұйғарылуда.
3) Жұмыссыздарды кәсiптiк даярлау, олардың біліктілігiн
көтеру және қайта даярлау
1997 жылы 30 мың жұмыссыз адамның шегiнде кәсiптiк даярлыққа, біліктілігiн арттыруға және қайта даярлауға жiберу ұйғарылуда.
Бұл ретте басымдық 20 жасқа дейiнгi жұмыс iстемейтiн жастарға, әйелдерге, еңбекке қабiлеттi мүгедектерге және халықтың басқа да әлеуметтiк әлсiз санаттарына берiлетiн болады.
Осы мақсатта:
мүдделi министрлiктермен бiрлесiп экономиканың жекелеген салаларын дамытудың, өндiрiстi кеңейту мен қайта бейiмдеудiң, өнiм мен қызмет көрсетудiң жаңа түрлерiн игерудiң басымдықтарын ескере отырып біліктi мамандарды даярлаудың қажеттілігiн айқындаудың негiзгi бағыттарын әзiрлеуге қатысу;
оқу-курстық желiлердiң, оның iшiнде жоғары оқу орындарының, арнаулы орта оқу орындарының, кәсiптiк-техникалық мектептердiң компьютерлiк ақпараттық анықтамалық оқу-курстық желiлерiн құру жөніндегі, сондай-ақ еңбек рыногына неғұрлым талап етiлетiн жаңа қажеттi кәсiптер мен мамандықтар туралы жұмыстарды ұйымдастыру жолымен жұмыссыздар үшiн, әсiресе халықтың әлеуметтiк әлсiз жiктерi үшiн кәсiптiк бағдарлау қызметтерiн кеңейту;
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігінiң мүдделi министрлiктерiмен және ұйымдармен ынтымақтастық туралы шарттарының негiзiнде жұмыссыздарға және жұмыспен қамтылған халыққа кәсiби бағдар берудi және оларды кәсiптiк оқытуды үйлестiрудi және оған әдiстемелiк басшылық жасауды жүзеге асыру;
аймақтық қолдау көрсету және кәсiпкерлiктi дамыту орталықтарымен ынтымақтастықта шағын және орташа бизнес саласы, кәсiпкерлiк және дара еңбекпен айналысу үшiн жұмыссыздарды кәсiптiк-даярлауды ұйымдастыру жөніндегі қызметтi жандандыру;
жергiлiктi жұмыспен қамту органдары мен жұмыс берушілердiң өтiнiшi бойынша Республикалық запасқа босатылған әскери қызметшiлер мен жұмыссыздарды оқыту орталығының (Алматы облысындағы Түрген селосы) базасында ауыл шаруашылығы бейiніндегі кәсiптер мен мамандықтар бойынша оқытуды ұйымдастыру;
Әлеуметтiк қорғау жөніндегі Бүкiләлемдiк Банктiң жұмыссыздарды, әсiресе әйелдердi Алматы қаласында, Алматы, Павлодар, Оңтүстiк Қазақстан облыстарында бизнестiң негiздерiне, жұмыс iздеу дағдысына оқыту жөніндегі жобасын жүзеге асыруға жәрдем көрсету;
ұйымдарға босаған қызметкерлердi қайта оқытуды және оларды жаңадан құрылған жұмыс орындары мен бар қызмет орындарына орналастыруды жүзеге асыруда пәрмендi көмек көрсету көзделедi.
4) Жаңа жұмыс орындарын құруға жәрдемдесу, өзiн-өзi
жұмыспен қамтуды, кәсiпкерлiктi және шағын
бизнестi ынталандыру
Жұмыс орындарын құру, өзiн-өзi жұмыспен қамтуды, кәсiпкерлiктi және шағын бизнестi ынталандыру әсiресе перспективалы салалар мен қызмет көрсету саласында орынды.
Осы мiндеттi шешу мақсатында:
- жұмыссыздар үшiн жұмыс орындарын құру жүйелерiн ұйымдастыру жөнiнде шаралар қабылдау;
Мемлекеттік жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қорының (бұдан әрi - Жұмыспен қамту қоры) қаражаттарын тарта отырып қайта өңдеу салалары мен қызмет көрсету аясында 115 мың жаңа жұмыс орнын, негiзiнен халықтың нашар қорғалған жiктерi (әйелдер, жастар, ұзақ уақыт бойы жұмыс iстемегендер және с.с.) үшiн құруға жәрдемдесу.
1 мың мүгедектер үшiн жабдықтар мен құрал алуға арналған шығындарды осы көзден өтеу ұйғарылады.
Еңбекпен қамту қызметiнiң шағын бизнес пен кәсiпкерлiктi дамытудағы негiзгi бағыттары болып:
10 мың адамға арналған шағын бизнес пен кәсiпкерлiктiң негiздерiне кәсiптiк оқытуды ұйымдастыру;
жаңа бастаған кәсiпкерлерге өз iсiн ұйымдастыру мәселелерi бойынша консалтингтiк қызмет көрсету;
өз iсiн ұйымдастыру мәселелерiнде практикалық көмек көрсету: лизинг (қаржылық жалға алу), тiркеу және басқалар айқындалады.
5) Ақы төленетiн қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру
1997 жылы еңбек рыногында белсендi шараларды пайдаланудың басымдықты бағыттарының бiрi ретiнде оларды одан әрi дамыту ұйғарылатын қоғамдық жұмыстардың маңызы артады. Бұл үшiн әлеуметтiк пайдалылық талаптарына жауап беретiн және еңбек рыногындағы шиеленiстi төмендетуге қабiлеттi жұмыстардың нақты түрлерiнiң тiзбесiн қамтитын жұмыс күшiне сұраныс пен ұсыныстың сандық және сапалық тепе-теңдiгiн ескере отырып мұндай жұмыстардың аймақтық бағдарламалары мен жергiлiктi жобаларын әзiрлеу негiз болады.
Бұл ретте тұрғын үй мен әлеуметтiк-мәдени мақсаттағы объектiлердi салу, оларды көгалдандыру мен жайластыру, жолдар мен тротуарлар төсеу және жөндеу, суландыру құрылыстарын салу және жөндеу сияқты қалалар мен аудандарды әлеуметтiк-экономикалық дамыту бағдарламаларына сыйымды жобалар басымдықты пайдалана алады.
Тiзбеде қарттар мен мүгедектерге қызмет көрсету, ауыр науқастар мен жас балаларды күтуге көмектесу, күрделi емес ауыл шаруашылығы жұмыстары қалады.
Аймақтық бағдарламалардың шеңберiнде қоғамдық жұмыстармен көбiне ұзақ стажды жұмыссыздардың, сондай-ақ кәсiби біліктілігi мен әлеуметтiк байланыстарын жоғалтқан еңбек рыногында аз бәсекелестi санаттардағы жұмыссыздардың қатарынан 30 мың адамды жұмыспен қамту көзделiп отыр.
6) Жұмыс орындарын квоталау
1997 жылы Мемлекеттік жұмыспен қамту органдары жалпы білім беретiн, кәсiптiк-техникалық мектептердi бiтiрген жастар, сондай-ақ 20 жастан төмен басқа адамдар, кәмелетке толмаған балаларды, мүгедек балаларды тәрбиелеушi жалғыз басты және көп балалы ата-аналар, зейнет жасының алдындағы адамдар, мүгедектер, ұзақ уақыт жұмысы болмаған азаматтар, қызметтен зейнеткерлiкке құқықсыз босатылған әскери қызметшiлер, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар, босқындар, мәжбүр мигранттар үшiн жұмыс орындарын квоталауды қоса алғанда еңбек рыногында мүмкiндiктердi шектеулi адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдем жасау жөніндегі жұмыстарды жалғастыратын болады.
Квотаға сәйкес халықтың әлеуметтiк әлсiз санаттарының қатарынан 25 мыңнан астам адам еңбекке орналастырылатын болады.
7) Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеу,
жұмыссыздарға материалдық көмектер көрсету
Мемлекеттік жұмыспен қамту қызметi 1997 жылы жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеудi және жұмыссыздарға материалдық көмектер көрсетудi жалғастырады. 425 мың жұмыссыз жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алады деп ұйғарылуда.
8) Еңбек көшi-қонын реттеу. Iшкi еңбек рыногын қорғау
Еңбек көшi-қонын реттеу мен iшкi еңбек рыногын қорғау жұмыс күшiне сұраныс пен ұсыныстың арасындағы сәйкессiздiктi жеңуге, жұмыс күшiн шетелде уақытша пайдаланудың есебiнен еңбекпен қамту саласындағы шиеленiстi жұмсартуға, көшi-қонушылардың еңбек құқықтарын қорғауға арналған.
Жұмыспен қамту қызметтерi жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесiп мынадай шараларды:
қол жеткiзiлген уағдаластыққа сәйкес Оңтүстiк Кореяға 328 адамды жұмысқа жiберудi;
сыртқы еңбек көшi-қоны мәселелерiмен айналысатын ұйымдардың қызметiн үйлестiрудi;
шетелге жұмысқа кететiн азаматтарға консультациялық-ақпараттық көмек көрсетудi;
шетелге жұмыс күшiн апарумен және оларды қайта әкелумен айналысатын мемлекеттік емес делдалдық ұйымдардың қызметiне лицензиялар берудi;
көшiп келудi бақылауды және заңсыз еңбек көшi-қонын болдырмауды ұйымдастыруды жүзеге асыруы тиiс.
IV. Бағдарламаны ақпараттық-талдаулық және қаржылық
қамтамасыз ету
1) Жұмыспен қамту қызметiн дамыту
Осы Бағдарламада көзделген мiндеттердi жүзеге асыруға қажеттi шарт мемлекеттік жұмыспен қамту қызметтерiн, оның республикалық, аймақтық және жергiлiктi органдарын одан әрi дамыту болып табылады. Еңбек рыногындағы жағдайдың өзгерiсiне тиiсiнше iс-әрекет жасауды оның материалдық базасын нығайтудың, компьютерлендiрудiң және техникалық жарақтандырудың, статистикалық және ақпараттық-анықтамалық жүйелердi, еңбек рыногының мониторингiн дамытудың негiзiнде жұмыспен қамту қызметi қамтамасыз ететiн болады.
Аймақтық жұмыспен қамту қызметтерi қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалау жүйесi енгiзiлетiн болады.
Әлеуметтiк қорғау жөніндегі Бүкiләлемдiк Банктiң жобасын жүзеге асырудың шеңберiнде Қостанай, Ақмола, Ақтау, Атырау, Семей, Өскемен, Көкшетау, Жезқазған, Алматы облысындағы Талғар қалаларында модельдiк жұмыспен қамтамасыз ету орталықтарын құру көзделуде. Алда барлық модельдiк орталықтарда клиенттерге қызмет көрсетудiң озық рәсiмдерiн енгізу, бұл тәжiрибенi бiртiндеп қалған жұмыспен қамту орталықтарына тарату, сондай-ақ жұмыспен қамту қызметтерiнiң қызметкерлерiн жұмыстың тиiмдi тәсiлдерiне жаппай оқыту жүргiзудi қамтамасыз ету, бағдарламалық қамтамасыз етудi жаңа тұғырға көшiрудi ұйымдастыру, еңбек рыногындағы ахуалдарды талдау мен болжаудың озық әдiстерiн енгізу тұр.
2) Халықты жұмыспен қамту саясатын ақпараттық қолдау
Халықты жұмыспен қамтудың мемлекеттік саясатын ақпараттық қолдау жүйесiн қалыптастыру жалғастырылатын болады. Оның негiзгi элементтерi:
халықты және жұмыс берушiлердi бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, оның iшiнде жұмыспен қамту қызметi органдарының мерзiмдi басылымы арқылы еңбек рыногының ахуалы туралы хабарландыру;
буклеттер, жарнамалар, плакаттар тарату арқылы өз бетiнше жұмыс iздеуге жәрдемдесу;
бос жұмыс орындары туралы мәлiметтердi жариялау арқылы азаматтардың еңбекке орналасуына жәрдемдесу болады.
3) Халықты жұмыспен қамту мәселелерi бойынша
нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру
1997 жылы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі басқа мүдделi министрлiктермен бiрлесiп мынадай нормативтiк актiлердi:
жаппай жұмыстан босатылу туралы ақпарат беру тәртібі туралы ереже және жұмыспен қамту орталықтарына жұмысшылардың саны және бос қызмет орындары туралы мәлiметтер;
жұмыссыздарды бизнеске оқыту үшiн кәсiби iрiктеу шараларын жүргiзу жөнiнде әдiстемелiк ұсынымдар;
жұмыссыздарға материалдық көмектер көрсетудiң шарттары мен тәртібі туралы ереже;
жұмыссыздарға жәрдем көрсетудiң шарттары мен тәртібі туралы ереже;
жұмыссыздар мен жұмыспен қамтылмаған халықты кәсiптiк даярлауды,
олардың біліктілігiн арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру және
қаржыландыру тәртібі туралы ереже әзiрлеудi ұйғарып отыр.
4) Жұмыспен қамту бағдарламасын қаржылық қамтамасыз ету
1997 жылға арналған еңбекке ақы төлеу қорының болжамына сүйенiп Жұмыспен қамту қорына күтіліп отырған түсiм 8 070 000 мың теңгенi құрайды.
Кейбiр облыстарды құрылатын жұмыспен қамтудың модельдiк орталықтарын қаржыландыруға Халықаралық Қайта Жаңарту мен Даму Банкiнен күтіліп отырған қаражат түсуiн ескергенде жиынтық кiрiс 9 334 224 мың теңгенi құрайды.
Бұл ретте 5 236 425 мың теңгенi жұмыссыздық жөніндегі жәрдемақыны төлеуге жұмсау ұйғарылуда (1 жұмыссызға арналған жәрдемақының орташа мөлшерi 2 464 теңге және жәрдемақы алудың орташа ұзақтығы 5 ай есебiмен). Жұмыссыздарды кәсiптiк даярлау мен қайта оқытуға арналған шығыстар 860 938 мың теңгенi, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға арналған шығыстар 203 580 мың теңгенi, жұмыспен қамту қызметiн ұстауға арналған шығыстар - 646 576 мың теңгенi құрайды. Бұдан басқа, мүгедектерге жабдықтар мен бейiмделген құрылғылар алуға арналған шығыстарды өтеуге 14 000 мың теңге сомасында, жаңа жұмыс орындарын құруды қолдауға және кәсiпкерлiктi дамытуға - 1 224 636 мың теңге шығындар көзделген.
Жұмыспен қамту қорының жалпы шығыстары тұрғын үй құрылысында
қосымша жұмыс орындарын құруға арналған шығындарды ескергенде
9 334 224 мың теңгенi құрайды.
Қазақстан Республикасы