Халықаралық ұйымдарға қызметке жіберілген адамдарды аттестаттау осы Ережеде ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
ҚР Үкіметінің 2010.02.09. № 873 Қаулысымен 101-3-тармақпен толықтырылды
101-3. Егер ратификацияланған тиісті халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, халықаралық ұйымдарға қызметке жіберілген адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қаражат есебінен халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің тиісті санаттары үшін белгіленген жалақы төленеді.
Өзге де төлемдер, сондай-ақ қызметке жіберілген адамдарды заттай мүлікпен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын ұстауға көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады. Бұл ретте бір жолғы сипаттағы төлемдер бойынша қызметке жіберілгенге дейін атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық жалақылары есепке алынады.
Қызметке жіберілген адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
VIII. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың
жекелеген санаттарының қызмет өткеру ерекшелiктерi
ҚР Үкіметінің 2000.21.08. № 1287 қаулысымен 101-тармақ өзгертілді
101. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлеген тәртiппен iшкi iстер органдарының кадрларында қалдырыла отырып, мемлекеттік органдарға қызметке жiберiле алады.
Iссапарға жiберiлген iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдары орнын баса алатын республиканың мемлекеттік, өкiлеттi және атқарушы органдарындағы лауазымдардың тiзбесiн, iссапарға жiберу тәртібін, көрсетiлген санаттағы адамдардың қызмет өткеру ерекшелiктерiн, оларға арнаулы атақтар берудi, оларды аттестациялауды, қызметтен босатуды, еңбекақы төлеу шарттарын, киім-кешекпен және басқа үлес түрлерiмен қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
102. Қазақстан Республикасының Үкіметі қажет болған жағдайларда олардың жасына қарамастан, бірақ 50 жастан аспаған, бұрын iшкi iстер органдарының кадрында болмаған мемлекеттік, өкiлеттi және атқарушы органдардың, прокуратураның, әдiлет органдарының мамандарын, жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлерi мен оқытушыларын Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы лауазымдарына тағайындау үшiн жiбере алады, бұл ретте олардың еңбек сiңiрген жылдарына проценттiк үстеме төлеу мен зейнетақы тағайындау үшiн мамандығы бойынша бұрынғы жұмыс стажы, соның iшiнде аспирантура мен докторантурада оқыған уақыты белгiленген тәртiпте iшкi iстер органдарындағы қызмет стажына есептеледi. Бұл адамдарға арнаулы атақтар осы Ережемен көзделген тәртiпте берiледi.
103. Қазақстан Республикасының депутаттары болып сайланған қатардағы және басшы құрамдағы адамдар iшкi iстер органдары қызметiнен босатылады. Олар өздерiнiң депутаттық өкiлеттiктерi аяқталғаннан кейiн, белгiленген тәртiпте iшкi iстер органдарына қайта қабылдануы мүмкiн. Бұл ретте олардың депутаттық өкiлеттiктерiн атқарған кезеңi еңбек сiңiрген жылдарына проценттiк үстеме төлеу, кезектi арнаулы атақ беру және зейнетақы тағайындау үшiн (iшкi iстер органдарынан зейнетақысын ресiмдеп, депутат болып сайлануына байланысты босаған адамдардан басқа) iшкi iстер органдарындағы қызмет стажына есептеледi.
ҚР Үкіметінің 2000.21.08. № 1287; 2005.03.11. № 1093 (бұр. ред. қара) қаулыларымен 104-тармақ өзгертілді
104. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi Iшкi iстер министрінің бұйрығымен, iшкi iстер органдары жеке құрамының тiзiмдерiнен шығарыла отырып, одан әрi қызмет атқару үшiн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiне, басқа да әскерлерi мен әскери құрылымдарына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiне (қаржы полициясы), Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Кедендiк бақылау комитетiне, сондай-ақ Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң осындай құрылымдары мен құқық қорғау органдарына (халықаралық шарттардың негiзiнде) қызметке жіберiлуi мүмкiн. Қызметке жiберу iшкi iстер органы қызметкерiнiң рапорты бойынша тиiстi мемлекеттік органдардың келісімiмен жеке түрде жүргiзiледi.
Жоғарыда аталған ведомстволардың қызметкерлерi iшкi iстер органдарына қызметке ауысып, қатардағы және басшы құрамының тиiстi лауазымдарына тағайындалған соң, олардың әскери және арнаулы атақтары Iшкi iстер министрлігінiң арнаулы атақтарына теңестiрiледi, әскери қызметіндегі немесе еңбек қызметіндегі үзiлiске қарамастан оларға әскери және арнаулы атақтар беру, ескерiлген лауазымдарда қызмет iстеген уақыттары есепке алына отырып, iшкi iстер органдарында еңбек сiңiрген жылдарына саналады.
ҚР Үкіметінің 2000.21.08. № 1287 қаулысымен IX-тарау алынып тасталды
ҚР Үкіметінің 2005.03.11. № 1093 қаулысымен 9-бөліммен толықтырылды
IX. Қызмет тәртібі
ҚР Үкіметінің 2005.03.11. № 1093 қаулысымен 105-тармақпен толықтырылды
105. Iшкi істер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының тәртібі олардың заңдылық, дара басшылық қағидаттарын қатаң сақтауына, Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерінiң талаптарын, антты, командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын орындауына негiзделеді.
ҚР Үкіметінің 2005.03.11. № 1093 қаулысымен 106-тармақпен толықтырылды
106. Қызмет бабында бір-бірiне тiкелей бағынысты болмайтын қатардағы және басшы құрамдағы адамдар нақты тапсырмаларды орындау кезiнде аға немесе кiшi қызметкерлер болуы мүмкiн.
ҚР Үкіметінің 2005.03.11. № 1093 қаулысымен 107-тармақпен толықтырылды
107. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдар бір-бірiмен, әскери қызметшiлермен кездескен кезде және өзге де жағдайларда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң жарғыларында белгіленген тәртіппен және ережелер бойынша сәлем бередi.
ҚР Үкіметінің 2005.03.11. № 1093 қаулысымен 108-тармақпен толықтырылды
108. Бастықтың бұйрығы бұлжытпай, нақты және мерзiмінде орындалады.
Iшкі iстер органдарының қызметкерлерi, егер олардың iс-әрекеттерi заңнамаға сәйкес жүзеге асырылған болса, арнайы құралдар мен әдiстердi, қару-жарақты қолдану кезiнде келтiрілген зиян үшiн жауапкершілiкке тартылмайды.
ҚР Үкіметінің 2005.03.11. № 1093 қаулысымен 109-тармақпен толықтырылды
109. Қызметтiк борышын атқару кезiнде көрсеткен ерлiгi мен батылдығы, қайсарлығы және мемлекет алдындағы басқа да сiңiрген еңбегi үшiн қатардағы және басшы құрамдағы адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттауға ұсынылуы мүмкiн.
ҚР Үкіметінің 2005.03.11. № 1093 қаулысымен 110-тармақпен толықтырылды
110. Көтермелеулер мен тәртiптiк жазаларды бастықтар өздерiне берілген құқықтар шегiнде қолданады.
ҚР Үкіметінің 2005.03.11. № 1093 қаулысымен 111-тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 2007.02.11. № 1034 қаулысымен 111-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
111. Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне теріс қылықтары анықталған күнінен бастап бір айдан және теріс қылықтар жасаған күннен бастап алты айдан кешіктірмей тәртіптік жаза қолданылады.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасағаны үшін теріс қылық жасағаны анықталған күнінен бастап үш айдан және теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей тәртіптік жаза қолданылады.
Қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған не қылмыстық іс тоқтатылған жағдайда, бірақ қызметкердің әрекеттерінде сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылық немесе тәртіптік теріс қылық белгілері болған жағдайда тәртіптік жаза қылмыстық іс қозғаудан бас тарту не оны қысқарту туралы шешім қабылданған күннен бастап үш айдан кешіктірмей қолданылуы мүмкін.
Жаза қолданар алдында қатардағы және басшы құрамдағы адамнан түсініктеме алынуы тиіс.
Қызметкердің түсініктеме беруден бас тартуы жаза қолдану үшін кедергі болып табылмайды. Мұндай бас тарту оған қатысқан куәгерлерді көрсете отырып, актімен ресімделеді.
Кінәлі адамдарды анықтау, қызметкердің теріс қылық не өзге де құқық бұзушылық жасауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды айқындау мақсатында, әдетте, ішкі істер органы басшысының нұсқауы бойынша тағайындалатын қызметтік тексеріс жүргізіледі.
Қызметтік тексерістер қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оның ішінде:
Ішкі істер министрлігі басшылығының, комитеттердің, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының және көліктегі ішкі істер департаменттерінің, Ішкі істер министрлігінің қарамағындағы оқу орындары мен ұйымдардың нұсқауы (тапсырма-жоспар);
ішкі істер органдары қызметкерлерінің баянаттары мен басқа құқық қорғау және сот органдары қызметкерлерінің хабарламалары негізінде жүргізіледі.
Қызметке толық сай еместігі туралы ескерту, атқарып отырған лауазымынан босату және атқарып отырған лауазымынан алу түріндегі жазалар жүргізілген қызметтік тексерістің нәтижелері және тәртіптік комиссияның тиісті қорытындылары не ішкі істер органдарының қызметін тексеруді қарау қорытындылары бойынша Ішкі істер министрлігі алқасының немесе жедел кеңестің шешіміне сәйкес қолданылады.
Ішкі істер министрлігінің алқасында немесе жедел кеңесте ішкі істер органдарының қызметін тексеру нәтижелері бойынша қызметкерлерді өзге де тәртіптік жауапқа тарту туралы шешім қабылдануы мүмкін.
ҚР Үкіметінің 2005.03.11. № 1093 қаулысымен 112-тармақпен толықтырылды
112. Қатардағы және басшы құрамдағы адамға бұйрықпен қолданылған тәртiптiк жаза ол қолданылған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн, егер осы кезеңде ол басқа тәртiптiк жазаға тартылмаған болса, ол алып тасталған деп саналады.
ҚР Үкіметінің 2005.03.11. № 1093 қаулысымен 113-тармақпен толықтырылды
113. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың өздерiне қатысты қабылданып отырған шешiмдер мен iс-әрекеттер бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес жоғары лауазымды адамдарға немесе сотқа шағымдануға құқығы бар.