ҚР Үкіметінің 23.12.98 ж. № 1322 қаулысымен 44-тармақ жаңа редакцияда; ҚР Үкіметінің 08.09.99 ж. № 1334 қаулысымен 44-тармақ жаңа редакцияда
44. Лицензиаттардың лицензиялық шарттарды сақтауын бақылауды лицензиар жүзеге асырады.
45. Жоспарлы тексерiстердi жүргiзу мерзiмi технологиялық процестерде материалдық залал шегуге әкелiп соғуы мүмкiн ерiксiз iркiлiстер мен үзiлiстерге жол бермеу мақсатында лицензиаттармен келісіледi.
46. Тексерiстердiң нәтижесi бойынша жасалған осындай ұсыныстардың негiзiнде лицензияның (патенттiң) қолданылуын тоқтату туралы немесе лицензияны керi қайтарып алу жөнiнде талап қою туралы шешiмдi лицензиар қабылдайды. Патент лицензиардың талап қоюы бойынша сот тәртібімен ғана қайтарып алынады.
47. Лицензиаттар өздерi қызмет көрсететiн тұтынушыларының шағымдары бойынша, егер олардың құқықтарының бұзылу фактiсi анықталатын болса, онда өз жұмыстарына жүргiзiлген тексерiстерге байланысты шығыстарды да өтейтiн болады.
Басқа жағдайларда шығыстарды тексерiстерге бастамашы болғандардың өздерi өтейдi.
11. Дауларды шешу
48. Егер лицензия (патент) белгiленген мерзiмiнде берiлмесе немесе оны беруден бас тарту өтiнiш берушiге негiзсiз болып көрiнсе, мұндай жағдайда оның бұл iс-әрекетке бiр ай мерзiмде сот тәртібімен шағым жасауға құқығы бар.
Лицензиат сонымен қатар лицензиардың лицензияның қолданылуын тоқтату немесе оған жаңа шарттар енгізу жөніндегі iс-әрекетiне де сот тәртібімен шағым жасауға хақылы.
49. Лицензия (патент) беруден негiзсiз бас тартқаны, өтiнiштердi қарау мерзiмiн бұзғаны, лицензиялардың (патенттердiң) қолданылуын негiзсiз тоқтатқаны, лицензиаттардың қызметiн тексеру кезiнде алынған коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтердi жария еткенi үшiн лицензиар Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарында белгiленген тәртiппен жауап бередi.
50. Лицензия беруден негiзсiз бас тартуға немесе лицензиаттың құқығын бұзуға байланысты келтiрiлген шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
1-ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасының аумағында почта байланысы мен
телекоммуникациялар саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi
лицензиялау
ҚҰРЫЛЫМЫ
Мемлекет монополиясына жатқызылған қызмет түрлерi
1. Төзiмдiлiгi жоғары желiлердi жобалау, салу және пайдалану.
2. Радио байланысының ҚТ-ды магистралдық техникалық құралдарын пайдалану.
3. Почта төлемдерiнiң белгiлерiн шығару.
4. Фельдъегерлiк байланыс пен арнаулы байланыс көрсететiн қызмет.
Жоғарыда аталған қызмет түрлерiне монополияны сақтап қалу мемлекет мүдделерiн қорғау мақсаты үшiн қажет.
Шектеулi бәсекелестiк секторы
1. Жалпы пайдаланымдағы желiлер абоненттерiне қалааралық және халықаралық телефон байланысы көрсететiн қызмет.
2. Жалпы пайдаланымдағы желiлердiң телеграф байланысы, телеграфтiк абоненттiк желiлерi, "Телекс" көрсететiн қызмет.
3. Мемлекеттік хабарлар бағдарламаларын таратуға арналған радио байланысы, радио хабарлары мен теледидардың техникалық құралдарын пайдалану.
4. Деректер берiлiмi көрсететiн қызмет.
5. Телематикалық қызметтер көрсететiн қызмет.
6. Ұялық байланыс көрсететiн қызмет.
7. Дербес байланыс көрсететiн қызмет.
8. Бөлiнген байланыс желiлерi бойынша электр байланысы көрсететiн қызмет.
9. Жерсерiгi байланыс жүйелерi арқылы электр байланысы көрсететiн қызмет.
10. Байланыс каналдарын жалға беру.
11. Жерсерiгi хабарлары жүйесi бойынша телевизия мен дыбысты бағдарламалар трансляциясы жөнiнен көрсетiлетiн қызмет.
12. Телевизия мен дыбысты бағдарламалардың эфирлiк трансляциясы бойынша көрсетiлетiн қызмет.
13. Республиканың немесе бiрнеше облыстардың аумағында почта жөнелтілімдерiн қабылдау, тасымалдау және жеткізу жөнiнен көрсетiлетiн қызмет.
14. Экспресс-почта көрсететiн қызмет.
15. Жалпы республикалық магистральдық және халықаралық байланыс арналарын пайдалану.
16. Магистральдық байланыс желiлерiн техникалық пайдалану.
17. Жерсерiгi байланыс жүйелерiн техникалық пайдалану.
Лицензиялар облыс аумағына да, сондай-ақ бүкiл республика аумағына да берiледi. Лицензиялар саны Халықаралық электр байланысы одағы Қазақстан Республикасына бекітіп берген бос халықаралық кодтардың, орбитадағы жерсерiктерi сегменттерi бос сыйымдылығының болу-болмауына және Республика аумағында енгізу үшiн қабылданған техникалық стандарттардың талаптарына, бос радио жиiлiгiнiң болу-болмауына және т.б. байланысты шектелуi мүмкiн.
Еркiн бәсекелестiк секторы
1. Жергiлiктi телефон байланысы көрсететiн қызмет.
2. Жылжымалы радиотелефон (ұялық және дербестен басқа) байланысы көрсететiн қызмет.
3. Жылжымалы радио байланысы көрсететiн қызмет.
4. Дербес радиошақыру көрсететiн қызмет.
5. Кабельдiк теледидар желісі бойынша телевизиялық бағдарламалар трансляциясы жөнiнен көрсетiлетiн қызмет.
6. Бiр облыстың аумағында почта жөнелтілімдерiн қабылдау, тасымалдау және жеткізу жөнiнен көрсетiлетiн қызмет.
7. Телекоммуникациялардың аумақтық және жергiлiктi желiлерiн техникалық пайдалану.
8. Радио байланысы, радио хабарлары мен теледидар объектiлерiн техникалық пайдалану.
Лицензия бiр облыстың аумағына ғана берiледi. Белгiлi бiр қызмет түрiн бiрнеше облыстық аумағында жүзеге асырғысы келетiн өтiнiш берушi лицензиялардың тиiстi санын алады.
2-ҚОСЫМША
Почта байланысы мен телекоммуникациялар саласында
біліктілік талаптары жөнiнен мәлiметтер беру
ТӘРТІБІ
1. Кәсiпкерлiк қызметпен шұғылдану құқығына лицензия сұраушы
субъектiге байланысты
Өтiнiш берушi өзi туралы iшiнде мынадай ақпарат бар мәлiметтер беруге тиiс:
өтiнiш берушiнiң жалпы сипаттамасы - атауы, ұйымдық нысаны, қызметiнiң негiзгi түрлерi;
өтiнiш берiлген байланыс қызметi саласындағы бұрынғы жұмысының тәжiрибесi мен ауқымы;
өтiнiш берiлген қызмет түрi жөніндегі кәсiпорында iстейтiн қызметкерлердiң саны, олардың біліктілігi ("байланыс" саласының бейiнi бойынша жоғары немесе арнаулы орта білімi жөніндегі дипломдарына қарай, біліктiгiне сәйкес кемiнде үш жыл жұмыс стажы бар), лицензияланатын қызмет түрiнiң, көрсетiлетiн қызметтiң сапалы әрi қауiпсiз жүзеге асырылуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарға сәйкестiгi;
телекоммуникациялар құралдарын құруға немесе дамытуға арналған инвестиция көздерi (өз қаражаты, бюджет есебiнен қаржыландыру, Үкiметтiң кепiлдiгiмен немесе кепiлдiгiнсiз берiлген банк кредиттерi, акциялар шығару мен сату және т.б.);
техникалық құралдарды иелену, қолдану және пайдалану құқықтары (толығымен өтiнiш берушiнiң өзiнiкi, басқа заңды тұлғалармен ортағы, толығымен басқа заңды тұлғалардiкi - жалға алу құқығымен пайдалану);
көрсетiлетiн қызметтi тұтынушылармен арадағы өзара қарымқатынастары бойынша дербестiгiнiң дәрежесi (дербес жүзеге асырылады немесе делдалдар - "қызмет ұсынушылар" талап етiледi, не болмаса өтiнiш берушiнiң өзi басқа заңды тұлғаның делдалы болып табылады);
телекоммуникация құралдарын пайдаланудағы дербестiгiнiң дәрежесi.
2. Лицензияланатын қызмет түрлерiне байланысты
Өтiнiш берушi лицензия сұралып отырған қызмет түрi бойынша лицензиардың қарауына техникалық ұсыныстар бередi.
Техникалық ұсыныстар лицензиаттың пайдаланушыларға байланыс қызметiн көрсету жөніндегі жұмысты ұйымдастыруы жайында толық әрi айқын мағлұмат беруге тиiс.
Техникалық ұсыныстардың құрамы мен мазмұны:
1. Құрылатын желiнiң атауы, көрсетiлетiн қызмет жөніндегі жұмыстың қандай шешiмдердiң негiзiнде жүзеге асырылатыны (директорлар кеңесiнiң, акционерлер жиналысының шешiмi, әкiмшiлiктiң тапсырмасы және т.б.).
2. Көрсетiлетiн қызмет жүзеге асырылатын аумақ, құру және/немесе даму кезеңдерi бойынша және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк - аумақтық бөлiнiсiне телу арқылы.
3. Көрсетiлетiн қызметке сұраныстың бағасы, бұл қызметтердiң бәсекеге қабiлеттiгiнiң болжамы.
4. Негiзгi техникалық шешiмдер:
желiнiң сыйымдылығы, соның iшiнде құру және/немесе даму кезеңдер бойынша, күтiлетiн график;
таңдап алынған жабдық үлгiлерi (коммутациялық, түйiсу арналарындағы берiлiс жүйелерi, абонент учаскесіндегі арналардың үлгiлерi, қосарластық аппаратурасы, терминалдық жабдық және т.б.), өндiрушi фирмалар, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сертификаттау жүйесiнде танылған сәйкестiк сертификаттарының болуы; радио құралдарын пайдаланған кезде - жиiлiк телiнiмiн алу қажет болатын жабдықтың тiзбесiн көрсету;
телефонмен сөйлесу құнын уақыты бойынша есептеу аппаратурасын, нөмiрдi анықтау аппаратурасын пайдалану (жергiлiктi телефон байланысы үшiн);
әкiмшiлiк пункттерi мен желiнi құру кезеңдерiне телiгенде байланысты ұйымдастыру схемасы, қажеттi түсiнiктемелерiмен қоса;
Қазақстан аумағындағы жалпы пайдаланымдағы байланыс желiлерiмен, басқа да байланыс желiлерiмен өзара iс-қимыл;
станциялар аралық түйiлiстердi ұйымдастыру тәсiлдерi (өтiнiш берушiнiң байланыс желісінiң өз құралдары бойынша, басқа желiлердiң жалға алынған қаналдары бойынша нақтылы техникалық құралдары қоса көрсетiледi);
өтiнiш берушi желісінiң шетел байланыс желісіне (халықаралық байланыс үшiн), байланыс компаниялары-операторларына шығуын ұйымдастырудың тәсiлi. Ынтымақтастықтың мүмкiндiктерiн қуаттайтын ниет жайлы хаттамалардың немесе басқа құжаттардың көшiрмелерiн қоса беру. Шетелдiк әрiптестердiң желiлерiмен байланысты ұйымдастыру үшiн пайдаланылатын техникалық құралдар, өзара iс-қимыл жасаушы әрiптестердiң желiлерi арқылы үшiншi елдерге асу мүмкiндiгi;
жергiлiктi, қалааралық, халықаралық байланыстың кіруi мен шығуын ұйымдастырған кезде нөмiрленуi көрсетiлген нөмiрлеу жоспары, Қалааралық және/немесе iшкi аймақтық кодтарды бөлу қажеттiгi. Нөмiрлеу жоспарлары және бөлiнген желiлер үшiн кодтарды бөлу қажеттiгi;
өтiнiш берушiнiң желісінде бiр абонентке түсетiн жоспарлы жүктеме;
ұжымдық пайдаланым пункттерi мен таксофондарды пайдалану;
метрологиялық қамтамасыз ету;
тұтынушыларға көрсетiлетiн қызметтiң, желi жұмысының сапалық кепiлдi көрсеткiштерi (жалғауды күту уақыты, мейлiнше ауыр жүктеме түсетiн сағаттардағы бас тарту процентi, зақымдануларды жоюға жұмсалатын орташа уақыт және т.б.);
басқару мен пайдалану жүйелерiн ұйымдастыру принциптерi.
5. Радиотелефон байланысы жүйелерiн және/немесе желiлерiн ұйымдастыру жөніндегі техникалық ұсыныстар, онда:
таңдап алынған стандартты, жиiлiк диапазондарын, жабдық үлгiсiн көрсету, таратушы жабдықтың орнатылған дәл орнын, жалпы пайдаланымдағы байланыс желісімен қосарласуды ұйымдастыру тәсiлiн көрсету;
жиiлiк каналдарының қажеттi санының есебiн көрсету қажет. Жалпы пайдаланымдағы байланыс желісіне құрылатын желiнi жалғау ниетi болған кезде 4-тармаққа сәйкес негiзгi техникалық шешiмдер баяндалады.
6. Қолданылу саласына (электр байланысы желiлерi, радио байланысы, радио хабарлары мен теледидар) қарамастан, барлық радио жабдығына:
РЭБ-тың тактикалық-техникалық деректерi;
радио таратқыштардың сипаттамалары, таралатын белгiлердiң сипаттамалары;
радиоқабылдағыштардың сипаттамалары;
антенналардың сипаттамалары.
7. Жерсерiгi байланыс жүйелерiн құрған немесе жерсерiгi байланысының жердегi станцияларын пайдаланған кезде әкiмшiлiк пункттерi арасында каналдар ұйымдастыру үшiн:
пайдаланылатын жасанды жерсерiгiнiң (ЖЖС) мақсаты, орналасуы мен иесi (елi), олардың үлгiлерi мен тұрған нүктесi, қызмет көрсету аймағы;
құрылатын жүйенiң ЖЖС-ға жүктемесiнiң көлемi және даму кезеңдерi бойынша жүктеменiң өсуi;
жоғары және төмен қарай кететiн арналардағы жиiлiктердiң диапазоны, модуляциялар, тығыздықтар мен станция аралық кіру үлгiлерi;
байланыс жүйесiне кiретiн жер станцияларының үлгiлерi, шығарушы фирма, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сертификаттау жүйесiнде танылған сертификаттарының болуы;
жүйенiң энергетикалық параметрлерi;
жердегi байланыс желiлерiмен қосарласуы туралы деректер берiлуi керек.
8. Радио немесе телевизия бағдарламаларының трансляциясы жөнiнен қызмет көрсетуге арналған техникалық ұсыныстарда сонымен қатар радио таратқыш жабдық орналасқан ғимараттың үлгiсi, антенналар қондыруға арналған бағандардың үлгiсi, бағдарламалар жасалатын көздерден оларды радио таратқыш станцияға дейiн беру тәсiлi туралы мәлiметтер болуға тиiс.
9. Почта байланысы бойынша:
почта жөнелтілімдерiн жiберудiң, қабылдап алып, тиiстi жерiне табыстағанға дейiнгi пайдаланылған көлiк түрлерi көрсетiлген тәртібі;
шет елдерден келiп түскен және шет елдерге жiберiлетiн почта жөнелтілімдерiн кедендiк тексеруге ұсынудың тәртібі көрсетiлуi қажет.
Көрсетiлетiн қызмет бойынша барлық қызмет түрлерi үшiн өтiнiш иесi:
байланыс қызметi көрсетiлетiн пайдаланушыларының санатын (барлық заңды және жеке тұлғалар немесе пайдаланушылардың шектеулi санаттарын); сондай-ақ өзiнiң қызмет көрсету жөніндегі мiндеттерiн кепiлдi мерзiмiнде және тиiстi сапада атқармағаны немесе тиiсiнше атқармағаны үшiн пайдаланушылар алдындағы өз жауапкершiлiгiн көрсетуге;
кәсiпорынның бизнес - жоспарын беруге тиiс.
Техникалық ұсыныстар мәшiңкеге басылған екi дана мәтiнде түсiндiрме жазба түрiнде ресiмделедi, оған қажеттi схемалар, кестелер, сызбалар қоса берiледi. Түсiндiрме жазба қазақ немесе орыс тілінде жасалады.
3-ҚОСЫМША
ҚР Үкіметінің 22.07.03 г. № 724 қаулысымен 3-қосымша өзгертілді
Қазақстан Республикасында почта байланысы мен
телекоммуникациялар саласындағы кәсiпкерлiк қызметке
лицензиялар алуға және радиожиiлiгi спектрiн пайдалануға
рұқсат беруге конкурс өткізу тәртібі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
ҚР Үкіметінің 08.09.99 ж. № 1334; 03.11.00 ж. № 1665 қаулысымен 1-тармақ өзгертілді
Осы Ереже Қазақстан Республикасында почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы кәсiпкерлiк қызметке лицензиялар алуға конкурстар ұйымдастыру мен оларды өткізудiң, радиожиiлiгi спектрiн пайдалануға рұқсат берудiң ортақ қағидаларын қамтиды.
Конкурс өткізуге Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттiгiнiң бұйрығы негiз болып табылады.
Конкурсты ұйымдастыру мен өткізу үшiн арнайы комиссия құрылады, оның құрамы Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттiгiнiң бұйрығымен бекітіледi.
Комиссиялар әрбiр конкурс үшiн оны өткізудiң шарттары мен өтiнiш берушiлерге қойылатын талаптарды жеке әзiрлейдi, дегенмен олар осы Ережеге қатаң сәйкес әзiрленедi.
Почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы, оның iшiнде, егер ол радиожиiлiгi спектрiн пайдаланатын салада рұқсат алуға байланысты болса, кәсiпкерлiк қызметтiң қандай да бiр түрiне лицензияларды конкурс арқылы беру туралы шешiм бiр аймақта қызметтiң белгiлi бiр түрiн жүргiзуге бiрнеше үмiткер тiлек бiлдiрiп, осы аймақта жиiлiк ресурстары шектеулi, ондай қызметтi iске асырудың басқадай техникалық мүмкiндiктерi жетiмсiз болған жағдайларда қабылданады.
Мұнда шешiм мемлекеттiң қолындағы шектеулi табиғат ресурсы ретiнде радиожиiлiгi аясын неғұрлым тиiмдi пайдалану мақсатында жылжымалы радио және/немесе радиотелефон байланысы көрсететiн жаңа қызметтi енгiзген кезде үздiк операторды (немесе екi - үш операторды) таңдап алу үшiн қабылдануы мүмкiн.
Конкурсты Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен де жариялануы мүмкiн.
2. Конкурс комиссиясы
Конкурс комиссиясының құрамына лицензиар мен Қазақстан Республикасының Радиожиiлiгi жөніндегі мемлекеттік ведомствоаралық комитетiнiң өкiлдерiнен басқа тәуелсiз консалтинг, оның iшiнде заңгерлiк фирмалардың сарапшылары, Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитетiнiң, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлiктi басқару жөніндегі мемлекеттік комитетiнiң, Баспасөз және бұқаралық ақпарат iстерi жөніндегі ұлттық агенттiктiң, жергiлiктi атқарушы органдардың өкiлдерi, қызмет түрi мен лицензиялардың күшi қолданылатын аумаққа байланысты басқа да мамандар енгiзiлуi мүмкiн.
Конкурс комиссиясы конкурсты ұйымдастырып, өткiзедi және лицензияларды немесе рұқсатты ресiмдеу үшiн негiз болып табылатын қорытынды құжатты лицензиарға табыстайды.
Конкурс комиссиясының жұмысқа қосымша сарапшылар мен консультанттар тартуға құқығы бар.
Комиссияның қызметi Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына және осы Ережеге сәйкес, жариялылық, алқалы түрде түпкiлiктi шешiм қабылдау негiзiнде жүзеге асырылады.
Конкурсқа берiлген өтiнiш құжаттарын қараған және шешiм қабылдаған кезде толық құпиялылық қамтамасыз етiлуге тиiс.
Комиссияның, егер өтiнiш берушi:
жалған мәлiметтер берсе;
Қазақстан Республикасының аумағында қолданылып жүрген заңдарды бұзса;
оның өтiнiмiнiң материалдары конкурс комиссиясы белгiлеген талаптарға сай келмесе, конкурс комиссиясына ұсынылған кез келген ұсынысты қабылдамай тастауға құқығы бар.
Комиссия мұның өзi түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн қажет болса, өтiнiш берушiлерден қосымша мәлiметтер сұратып алдыруға, сондай-ақ отырыстарына өтiнiш берушiлердi шақыруға хақылы.
3. Конкурсты ұйымдастыру
Конкурс өткізу туралы шешiм қабылданғаннан кейiн лицензиар бұл туралы баспасөзде мәлiмет жариялайды.
Комиссия iшiнде:
конкурсты өткізу шарттары мен мерзiмi және осыған байланысты қажеттi рәсiмдер;
конкурсқа қатысуға берiлген өтiнiмдердiң мазмұнына қойылатын талаптар;
жаңа операторлар мен жұмыс iстеп тұрған желiлердiң, соның iшiнде жалпы пайдаланымдағы желiлердiң операторлары арасындағы жалғану үшiн өзара есеп айырысуларға дейiнгi мәселелердi қамтитын қатынастар туралы ақпарат;
iшiнде желiнiң көлемi, көрсетiлетiн қызмет, тарифтердiң деңгейi мен басқа да шарттар жөніндегі мiндеттемелер айтылатын лицензияның жобасы бар конкурс құжаттамасын дайындайды.
Конкурс құжаттамасы дайындалып болғаннан кейiн баспасөзде барлық ықтимал қатысушыларға белгiленген ақысына кокурс құжаттарын жiберуге дайын екендiктерi және оған қатысуға өтiнiмдер қабылдаудың басталу мен аяқталу мерзiмi туралы тағы да бiр жарнамалық хабарлама берiледi.
Конкурсқа өтiнiм құжаттарын дайындау кезеңiнде үмiткерлердiң комиссияға жазбаша нысанда берiлетiн әрi конкурсты өткізу мен конкурс құжаттамасының мазмұнына қатысты сұрақтар қоюға құқығы бар. Сұрақтар мен оларға жауаптарды комиссия конкурс құжаттамасын алған барлық тараптарға жiбередi.
Келiп түскен өтiнiм материалдарын комиссия тiркеп отырады. Өтiнiш берушiлерге өтiнiмнiң тiркелген мезгiлi мен нөмiрi жазбаша хабарланады.
Сонымен қатар барлық сұрақтар мен жауаптар да тiркелуге тиiс.
Өтiнiм құжаттарын қабылдау аяқталғаннан кейiн бұл туралы және өтiнiм берген фирмалардың тiзбесi жайында баспасөзде хабар берiледi.
Конкурс өткізу шарттарында белгiленген мерзiмде комиссия келiп түскен құжаттарды қарап, ең үздiк ұсыныстарды iрiктеп алады. Қорытынды шешiм дәлелденiп, отырыстан кейiнгi үш күн мерзiмнiң iшiнде отырыс хаттамасының негiзiнде ресiмделуге тиiс. Бұл шешiм жариялауы және осы шешiмнiң көшiрмесi қоса тапсырылатын конкурс жеңiмпазына лицензия және/немесе рұқсат беруi үшiн лицензиарға табысталады. Комиссия отырысының хаттамасына оның барлық мүшелерi, ал қорытынды шешiмге - комиссия төрағасы қол қояды.
Конкурс комиссиясының отырысы оның мүшелерiнiң кемiнде 2/3-сi қатысқан жағдайда құқықты, ал шешiм біліктi мамандардың көпшiлiк даусымен қабылданған болып саналады.
Конкурс комиссиясының қарауына келiп түскен материалдар қайтарылмайды және Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігінiң меншiгiнде қалады.
4. Конкурсқа қатысушылар мен өтiнiм материалдарына қойылатын
талаптар
Конкурсқа қатысуға техникалық жобаны немесе конкурсқа берiлетiн ұсынысты жүзеге асыруға өзiнiң қаражаты немесе кредит бөлетiндiгi жөнiнде банктердiң кепiлдiгi бар, қандай меншiк нысанындағы болсын заңды тұлғалар, әрi жеке тұлғалар, соның iшiнде шетелдiк тұлғалар жiберiледi.
Конкурс комиссиясы қойған талаптарға сәйкес келетiн өтiнiм материалдарын табыстаған, әрi тiркелу нөмiрiн алған заңды немесе жеке тұлғалар конкурстық ұсыныс берушi болып танылады.
Өтiнiм материалдарында мынадай ақпарат көрсетiледi:
1. Өтiнiш берушiнiң баяны - оның жалпы сипаттамасы, атауы, ұйымдық нысаны.
Егер конкурсқа қатысуға өтiнiмдi консорциум берген болса, онда атауы мен орналасқан жерi, қызмет түрi; консорциум шеңберіндегі мiндеттер бөлiнiсi, ұсынылатын заңдық нысаны: акциялары, акцияларының қаржылық қамтамасыз етiлуi және т.б. көрсетіліп, консорциум мүшелерiне қысқаша сипаттама берiледi.
2. Өтiнiш берушiнiң мүмкiндiктерi - құрылатын желiнi немесе объектiнi әзiрлеу, енгізу мен техникалық қызмет көрсетуге қатысты мәлiметтер келтiрiледi. Егер өтiнiмдi консорциум берген болса, онда консорциумның әрбiр мүшесiнiң салымы баяндалады.
3. Қаржылық мүмкiндiктерi - қаржылық менеджментi және құжатпен расталған қаржыландыру көздерiнiң тiзбесi.
4. Өтiнiш берушiнiң техникалық мүмкiндiктерi.
Бұл бөлiмде лицензияланатын қызмет түрiне қойылатын біліктілік талаптарына (Лицензиялау, туралы ережеге № 2 қосымша) сәйкес негiзгi техникалық шешiмдер егжей-тегжейлi баяндалады. Өтiнiш берушi өзiнiң қызмет көрсету мен көрсетiлетiн қызметтiң сапасына қандай кепiлдiк бере алатынан көрсетуге, сонымен қатар пайдаланылатын техникалық құралдардың жай-күйi, көрсетiлетiн қызметтiң барлық номенклатурасына қойылатын тарифтер туралы ақпаратты, сондай-ақ статистикалық есеп деректерiн берiп тұруға, жабдықтардың техникалық параметрлерiне тексерiс жүргiзген кезде мемлекеттік қызметтерге кедергi келтiрмеуге өзiнiң әзiр екенiн қуаттауға тиiс.
5. Нарықты бағалау:
өтiнiш берушiнiң көрсетіліп келе жатқан қызмет пен оны дамыту келешегiн ескере келiп, нарыққа беретiн бағасы;
осындай бағаны алудың әдiсiн (әдiстерiн) сипаттау;
лицензияның қызмет мерзiмiне өтiнiш берiлген қызметке деген күтіліп отырған қажеттілік және келешектегi даму жоспарлары.
6. Қамту аумағына сәйкестендiрiлген, жылдар бойынша дамуды қоса алғанда, жоспардың негiзгi факторлары мен қағидалары баяндалған жұмыс жоспары; iске қосуға, техникалық күтiм жасауға кететiн жалпы шығындар мен лицензия қолданылатын бұдан кейiнгi жылдарға арналған басқа да күрделi салымдар; лицензия берiлетiн мерзiмге экономикалық көрсеткiштер жөніндегі ұсыныстарды бағалауға арналған бизнес-жоспар (күрделi салымдар, көрсетiлетiн қызмет тарифтерi, пайда).
Өтiнiш берушiлер, өздерiнiң пiкiрлерiнше, комиссияға жобаларды (ұсыныстарды) неғұрлым әдiл бағалауға мүмкiндiк беретiн конкурстың мән-мағынасына қатысты кез-келген деректi қосымша хабарлап, жобаны (ұсынысты) жаңғыртудың ықтимал жолдары мен оларды iске асыру мерзiмдерiн көрсете алады.