Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау
министрлігінiң Туризм және спорт комитетi туралы ереженi бекіту
туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 18 желтоқсандағы
№ 1789 Қаулысы
ҚР Үкіметінiң 06.05.99 ж. № 539 қаулысымен күші жойылды
"Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқарудың пәрмендiлiгiн одан әрi арттыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 10 қазандағы № 3655 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., № 45, 410-құжат) және "Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 10 қазандағы № 3655 Жарлығын iске асыру мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 12 қарашадағы № 1551 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
1. Қоса берiлiп отырған:
Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінiң Туризм және спорт комитетi туралы ереже;
Қазақстан Республикасының Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі Туризм және спорт комитетiнiң қарауындағы ұйымдардың тiзбесi;
Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінiң Туризм және спорт комитетiнiң құрылымы бекітілсiн.
2. "Қазақстан Республикасы Білім және мәдениет министрлігінiң Туризм және спорт департаментi туралы ереженi бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 22 шiлдедегi № 1145 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж.,№ 33, 307-құжат) күшi жойылған деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1997 жылғы 18 желтоқсандағы
№ 1789 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық
сақтау министрлігінiң Туризм және спорт комитетi
(Білім, мәдениет және денсаулық сақтауминiнiң
Турспорткомы) туралы
ЕРЕЖЕ
Миссиясы
Қазақстан Республикасында дене мәдениетiн, бұқаралық спортты, дамытуға, ұлттық құрама командалардың спорттық шеберлiгiн арттыруға, туризмдi одан әрi дамытуға жәрдемдесу.
I. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінiң Туризм және спорт комитетi (бұдан әрi - Комитет) туризм, дене мәдениетi және спорт саласындағы мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.
2. Комитет Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі құзыретiнiң және өзiне берiлген өкiлеттiктер шеңберiнде өз қызмет саласында бiрыңғай мемлекеттік саясатты жүргiзедi және осы мақсатта заңдарға сәйкес салааралық үйлестiрудi жүзеге асырады.
3. Комитет заңды тұлға болып табылады, оның банктерде шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және өз атауы мемлекеттік тiлде жазылған мөрi болады.
4. Өз қызметiнде Комитет Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкіметінiң актілерін, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
5. Комитеттiң құрылымын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
6. Комитеттiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджетте көзделген қаржының есебiнен жүзеге асырылады.
II. Басымдықтары
7. Комитет өз қызметiнде мынадай басымдықтарды басшылыққа алады.
Қазақстан Республикасы тұрғындарының күнделiктi тұрмысына салауатты өмiр салтын енгізу, халық тұратын жерлерде және оқу орындарында бұқаралық спорт және дене мәдениетi - сауықтыру жұмыстарының нысандарын дамыту, туризм және спорт саласында мемлекеттік бағдарламаларды iске асыру және Қазақстан Республикасы халқының дене даярлығының Президенттiк тесттерiн енгізу;
iрi халықаралық шараларды, оның iшiнде Азиялық және Олимпиадалық ойындарды өткізу мақсатында туризм мен спорттың материалдық-техникалық базасын дамыту және нығайту, инвесторларды, оның iшiнде шетелдiк инвесторларды, қатыстыра отырып қазiргi заманғы спорттық-туристiк орталықтар құру;
халықаралық спорт аренасында республиканың беделiн нығайту;
республиканың туристiк - рекреациялық ресурстарды тиiмдi және кең ауқымды жарнамалау жүйесiн жасау;
Қазақстанға туристердi тарту мақсатында туризм инфрақұрылымын одан әрi кеңейту;
жоғары біліктi кадрлар даярлау.
III. Мiндеттерi
8. Комитеттiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасында дене мәдениетi мен спортты дамыту, спорттық резервтi және халықаралық деңгейдегi спортшыларды даярлау;
туризмнiң, дене мәдениетi мен спорттың материалдық-техникалық базасын құру және оны нығайту, олардың инфрақұрылымын дамыту;
салада ақпараттық-жарнамалық және баспа iсiн ұйымдастыру;
республикада және шетелде туристiк және спорттық ұйымдар үшiн мамандар даярлауды ұйымдастыру мен реттеу, олардың iскерлiк біліктiлiгiн арттыру, сондай-ақ мамандарды ұтымды пайдалану, туристiк және спорттық қозғалысты насихаттау;
мүдделi ұйымдармен бiрлесе отырып туризм, дене мәдениетi және спорт саласында зерттеулер ұйымдастыру және жүргiзу;
мемлекеттік органдардың, ұйымдардың туризмдi, дене мәдениетi және спортты дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты iске асыру мәселелерi жөніндегі қызметiн, сондай-ақ облыстардың, астана мен Алматы қалалары әкiмдерiнiң осы саладағы өзектi проблемаларды нақты шешуге қатысты мәселелер бойынша өзара қарым-қатынасын үйлестiру.
IV. Функциялары
9. Негiзгi мiндеттерiне сәйкес Комитет мынадай функцияларды жүзеге асырады:
туризмдi, дене мәдениетi мен спортты дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын iске асырады, туризм, дене мәдениетi және спорт саласында перспективалық, ағымдағы, мақсатты бағдарламаларды әзiрлеп, жүзеге асырады;
мемлекеттік органдардың халықаралық және iшкi туризмдi, дене мәдениетi мен спортты дамыту, материалдық-техникалық базаны нығайту, тиiмдi және ұтымды пайдалану, ақпараттық-жарнамалық iстi дамыту, ғылыми зерттеулер мен өз қызметiнiң басқа да бағыттарын ұйымдастыру мәселелерi жөніндегі жұмысын үйлестiредi;
Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес туризм инфрақұрылымын құру, туристiк, спорттық және басқа да өнiмдер шығару үшiн инвестицияларды тартуда бiрыңғай стратегияны қалыптастырады және iске асырады;
қолданылып жүрген заңдарға сәйкес халықаралық, аймақаралық және iшкi туристiк, спорттық байланыстарды жүзеге асырады;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың басшыларымен, мамандармен, жетекшi бапкерлермен және спортшылармен келісім-шарттар жасасады;
спорттық ғимараттарды пайдалану жөніндегі нормативтер мен талаптарды және ведомстволық және аумақтық тиесiлiгiне қарамастан спорттық ғимараттардың, базалар мен ұйымдардың барлық басшыларының орындауы үшiн мiндеттi спорттық шараларды, оқу-жаттығу процесi мен жиындарын өткізу кезіндегі техникалық қауiпсiздiк ережелерiн әзiрлейдi және бекiтедi;
туристiк және спорттық ұйымдарды жабдықтаудың нормативтерiн, туристерге қызмет көрсету стандарттарын әзiрлейдi және бекiтедi, туристiк қызметтi жүзеге асыру құқығына қолданылып жүрген заңдарда көзделген тәртiппен лицензия бередi және оларды керi қайтарып алады;
туризм, дене мәдениетi және спорт мәселелерi бойынша республика заңдарын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi, саланың халықаралық және аймақаралық шарттарының, үкiметаралық келісімдердiң жобаларын әзiрлеуге және iске асыруға қатысады;
ақпараттық-жарнамалық және баспа қызметiн жүзеге асырады, спорттық, туристiк тауарлар мен қызмет көрсетулердiң республикалық көрмесiн өткiзедi, халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысуды қамтамасыз етедi;
туристiк және спорттық ұйымдарға ұйымдастырушылық және әдiстемелiк басшылық жасайды;
басқа мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бiрлесiп ұйымдастырылатын туристiк және спорттық шаралардың жоспарларын үйлестiредi, шаралардың, жарыстардың бiрыңғай күнтiзбелiк жоспарларын әзiрлейдi, олардың орындалуына бақылау жасайды;
Қазақстан Республикасының құрама командаларын даярлайды, республика спортшыларының ТМД елдерiнiң, Еуропа, Әлем чемпионаттарына, Олимпиадалық және Азиялық ойындарға, басқа да халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз етедi;
мүдделi мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бiрлесе отырып спорттық резерв даярлау жөніндегі жұмысты жүргiзедi, спорт клубтарының, мектептерi мен ғимараттарының, олимпиадалық даярлық орталықтарының жүйесiн дамытуды, сондай-ақ ондағы оқу-жаттығу процесi мен допинг бақылауды ұйымдастыру жұмысын үйлестiредi;
бағдарламалар мен ерекшелiктер тұрғысынан бюджеттік және бюджеттен тыс қаражат бойынша шығыстар сметаларын әзiрлеп, бекітуге ұсынады.
V. Құқықтары
10. Комитеттiң:
туристiк қызметтi лицензиялауға;
белгiленген тәртiпте халықаралық, аймақаралық, туристiк және спорттық ұйымдарда республика мүддесiн бiлдiруге;
Қазақстан Республикасы Үкіметі шешiмдерiнiң жобаларын, саланы әлеуметтiк-экономикалық дамытудың мемлекеттік бағдарламалары мен жоспарларын жасауға қатысуға;
туристiк және саяхаттық бағдарламалар мен бағыттарды әзiрлеуге және бекітуге;
кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктiлiгiн арттыру, олардың қызметiн әдiстемелiк жағынан қамтамасыз ету бағдарламаларын бекітуге және үйлестiруге, симпозиумдар, конференциялар, семинарлар, оқытудың басқа да түрлерi мен туризм, дене мәдениетi және спорт жөнiнде мамандармен тәжiрибе алмасуды ұйымдастыруға;
туристiк және спорттық шараларға қатысушыларды материалдық қамтамасыз етудiң шығыс нормаларын белгiленген тәртiппен бекітуге;
халықаралық, аймақаралық және республикалық туристiк шаралар, спорттық жарыстар мен жиындар өткізуге;
спорттық жарыстар мен жиындар өткізудiң ережелерiн, спорт түрлерiнiң жiктемесiн, оларды өткізу жөніндегі жұмысты реттеп отыратын бағдарлама-әдiстемелiк және басқа да нормативтiк құжаттарды бекітуге;
белгiленген тәртiппен республикалық спорттық және басқа да шаралардың жеңiмпаздары мен жүлдегерлерiне спорттық және құрметтi атақтар беру, медальдармен, белгiлермен, дипломдармен, жүлделермен, грамоталармен, бағалы сыйлықтармен марапаттау мәселелерiн шешуге, жаттықтырушы-оқытушылар құрамына санаттар тағайындауға құқығы бар.
VI. Қызметiн ұйымдастыру
11. Комитетi Қазақстан Республикасының Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрінің ұсынуымен Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төраға басқарады.
Төрағаның екi орынбасары болады, оларды Төрағаның ұсынуымен Қазақстан Республикасының Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрi қызметке тағайындайды және қызметiнен босатады.
12. Төраға:
Комитеттiң жұмысына басшылық жасайды;
Комитетке жүктелген мiндеттер мен функциялардың орындалуына жеке жауап бередi;
Комитеттiң орталық аппаратының қызметкерлерiн, Комитетке ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтерiнен босатады;
өз құзыретiнiң шегiнде Комитеттiң барлық бөлiмшелерi мен Комитетке ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың орындалуы үшiн мiндеттi бұйрықтар шығарады, нұсқаулар мен өкiмдер бередi;
Комитеттiң жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды;
белгiленген адам саны мен еңбек ақы қорының шегiнде Комитеттiң орталық аппаратының штат кестесiн бекiтедi.
13. Комитеттi тарату және қайта ұйымдастыру қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1997 жылғы 18 желтоқсандағы
№ 1789 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Білім, мәдениет және
денсаулық сақтау министрлігі Туризм және спорт
комитетiнiң қарауындағы ұйымдардың
ТIЗБЕСI
I. Оқу орындары
Республикалық спорттың бұқаралық түрлерi жөніндегі жоғары спорттық шеберлiк мектебi
Республикалық спорттың ойындық және қысқы түрлерi жөніндегі жоғары спорттық шеберлiк мектебi
Республикалық спорттың қолданбалы түрлерi жөніндегі жоғары спорттық шеберлiк мектебi
Республикалық олимпиадалық резервтiң мамандандырылған балалар мен жасөспiрiмдер мектебi
Қ.Мұңайтпасов атындағы № 1 республикалық спорт колледжi
Қ.Ахметов атындағы № 2 республикалық спорт колледжi
II. Республикалық маңызы бар спорт
ғимараттары
"Монтажник" спорттық-сауықтыру кешенi
"Медеу" спорт кешенi
Б.Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайы
Орталық жүзу бассейнi
"Достық" оқу-спорт кешенi
"Бутаковка" оқу-жаттығу базасы
III. Басқа да ұйымдар
"Қазспортжабдықтау" басқармасы
Спорт түрлерi жөніндегі штаттық ұлттық командалар дирекциясы
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1997 жылғы 18 желтоқсандағы
№ 1789 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және
денсаулық сақтау министрлігінiң Туризм және спорт
комитетiнiң құрылымы
Туризм басқармасы
Спорт басқармасы
Қаржы-экономика бөлiмi
Ұйымдастыру-кадр жұмысы бөлiмi