Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң Су ресурстары
жөніндегі комитетiнiң мәселелерi Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
1997 жылғы 18 желтоқсандағы № 1786 қаулысы
(ҚР Үкіметінiң 30.12.98. № 1359 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен)
ҚР Үкіметінің 06.05.99 ж. № 536 қаулысымен күші жойылды
"Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқарудың пәрмендiлiгiн одан әрi арттыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 10 қазандағы № 3655 Жарлығына және "Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 10 қазандағы № 3655 Жарлығын iске асыру мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 12 қарашадағы № 1551 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
1. Қоса берiлiп отырған:
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң Су ресурстары жөніндегі комитетi туралы ереже;
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң Су ресурстары жөніндегі комитетiнiң қарауындағы су шаруашылығы ұйымдарының және аумақтық органдарының тiзбесi бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң Су ресурстары жөніндегі комитетiнiң құрылымы қосымшаға сәйкес бекітілсiн.
3. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң Су ресурстары жөніндегі комитетi туралы ереженi бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 23 шiлдедегi № 1153 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., № 34, 311-құжат) күшi жойылған деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1997 жылғы 18 наурыздағы
№ 1786 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң
Су ресурстары жөніндегі комитетi (Ауылшарминiнiң
Суресурскомы) туралы ереже
Миссиясы
Қазақстан Республикасының халқының, экономика салаларының, табиғи кешендерiнiң сумен тұрақты жабдықталуына қол жеткізу.
I. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң Су ресурстары жөніндегі комитетi (бұдан әрi - Комитет) су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік орган болып табылады және құрамына өзендер, көлдер, батпақтар, тоғандар, су қоймалары, басқа да жерүстi су көздерi, сондай-ақ каналдардың және арналы су айдағыштар, жерасты сулары, мұздықтар, Каспий және Арал теңiздерiнiң Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы шегіндегі сулары кiретiн республиканың су қорын басқаруды жүзеге асырады, суды ластанудан, қоқыстану мен сарқылудан қорғауды ұйымдастырады, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұйымдардың су шаруашылығы қызметiн жергiлiктi атқарушы органдармен өзара iс-қимыл жасай отырып үйлестiредi.
2. Комитет заңды тұлға болып табылады, оның банктерде шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және өз атауы мемлекеттік тiлде жазылған мөрi болады.
Комитет аппаратын ұстауға арналған шығыстарды қаржыландыру республикалық бюджетте Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігін ұстауға көзделген қаржы есебiнен жүзеге асырылады.
Судың пайдаланылуы мен қорғалуын басқарумен және бақылаумен байланысты шараларды қаржыландыру Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне бөлiнетiн республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.
3. Комитет өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкіметінiң актілерін, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
II. Басымдықтары
Комитет қызметiнiң негiзгi басым бағыттары мыналар болып табылады:
халықты экономика салаларын, табиғи кешендердi тиiстi сападағы және қажеттi мөлшердегi сумен қамтамасыз ету;
су ресурстарын қалпына келтiру, олардың қолда бар көлемiн арттыру, су көздерiнiң ластануы мен сарқылуын болдырмау;
су ресурстарын мемлекетаралық аумақаралық және салааралық бөлу.
III. Мiндеттерi
4. Комитеттiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасының аумағында су ресурстарының пайдаланылуы мен қорғалуын реттеу;
экологиялық талаптарды, халықтың және экономика салаларының суға деген қажеттiлiгiн, су қорының сарқылуын және суды ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғауды, өзендердiң, көлдер мен су қоймаларының жай-күйiн жақсартуды ескере отырып, оның кешендi пайдаланылуын қамтамасыз ету;
министрлiктердiң, ведомстволардың және өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың су шаруашылығы қызметiн үйлестiру;
шекарааралық су бассейндерi мен мемлекетаралық су өткізу арналарының су ресурстарын бiрлесiп пайдалану мен қорғау мәселелерi бойынша iргелес мемлекеттермен ынтымақтастық жасау;
су шаруашылығын аудандастыру принциптерiне және халықтың, экономика салалары мен табиғи кешендердiң суға деген қажеттiлiгiне сәйкес аумақтар мен өзендер бассейндерi тұрғысынан су ресурстарын пайдалану мен қорғаудың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
судың пайдаланылуы мен қорғалуын реттеу саласында ғылыми-техникалық және инвестициялық саясатты жүзеге асыру;
су ресурстарын пайдаланудың экономикалық тетiгiн жетiлдiру;
су шаруашылығы объектiлерi мен кешендi мақсаттағы су құбырларын, сондай-ақ су ресурстарының қалыптасуына және оларды бөлуге ықпал ететiн су көздерiне орналасқан гидротехникалық құрылғыларды пайдалану.
IV. Функциялары
5. Комитет өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес:
су қатынастары және жердi мелиорациялау мәселелерi жөніндегі заң және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлейдi;
су қорын жинау мен оны тұтыну лимиттерiн белгiлеудi қоса алғанда, су ресурстарын реттеу мен бөлудi өзен бассейндерiнiң су шаруашылығы учаскелерiнде су ресурстарын аймақаралық және облысаралық бөлу мен қайта бөлудi жүзеге асырады;
табиғат қорғау органдарымен келiсе отырып, жерүстi су көздерiнен арнайы су пайдалануға рұқсаттамалар бередi және жерасты су көздерiнен арнайы су пайдалануға рұқсаттамалар берудi келiседi;
кәсiпорындар мен объектiлердi салу, қайта жаңғырту, кәсiпорындарды, ғимараттарды орналастыру жобаларын келiсу кезiнде су пайдаланудың барлық түрлерiне техникалық шарттарды берудi ұйымдастырады;
су тұтынуға норма белгiлеуге арналған ережелердi әзiрлейдi және бекiтедi;
су қорын ұтымды пайдалануда мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады;
су тұтынудың техникалық шарттарының, белгiленген лимиттерiнiң сақталуына, жерүстi су объектiлерiне сарқынды сулардың құйылуына, жерүстi суларының сапасына жедел бақылауды ұйымдастырады, сондай-ақ жерүстi суларынан арнайы су пайдалануға берiлген рұқсаттамалардың күшiн жояды;
салааралық және кешендi мақсаттағы су шаруашылығы объектiлерiнiң жұмыс режимiн реттеудi жүзеге асырады;
су қоймаларын, кешендi мақсаттағы арналы су құбырларын, мемлекетаралық, салааралық және облысаралық, ауданаралық және шаруашылықаралық мақсаттағы каналдарды, су бөгендерiн, гидротораптарды, арна реттеу, жаға бекіту құрылғыларын, қорғау дамбалары мен тiкелей су көздерiнде орналасқан басқа да объектiлердi пайдалануды жүзеге асырады;
су шаруашылығы объектiлерi мен құрылғыларын, мелиорация жүйелерiн пайдаланудың техникалық деңгейiн көтеру жөнiнде жұмыс жүргiзедi;
су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғау тораптарын әзiрлеуге, ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстарын жүргiзуге, салааралық, облысаралық, аймақаралық және шаруашылықаралық мақсаттағы су шаруашылығы объектiлерiн салуға, мелиорациялау шараларын жүзеге асыруға, қала және қала үлгiсіндегі елдi мекендердiң аумақтарынан тысқары жерлерде, көлдерде, су қорғау аймақтарында жағалауды бекіту және басқа да жұмыстарды, су қоймаларын көркейтудi орындауда тапсырысшы функцияларын атқарады;
жер қойнауын қорғау және гидрометерология органдарымен бiрлесiп суды мемлекеттік есепке алуды және мемлекеттік су кадастрын, мониторингiн жүргiзудi жүзеге асырады;
суды пайдаланудың жиынтық жоспарларын дайындауды, сондай-ақ өзен бассейндерi, экономикалық және өндiрiс аудандары мен облыстары үшiн қысқа мерзiмдi және перспективалық су шаруашылық балансын жасауды қамтамасыз етедi;
ұйымдардың су ресурстарын ұтымды пайдалануға және су көздерiнiң ластануының, қоқыстануының және сарқылуының алдын алуға қатысты су шаруашылығы және су қорғау қызметiн үйлестiредi;
су қорғау шараларының орындалуына және судың пайдаланылуын алғашқы есепке алу талаптарының сақталуына басшылық пен бақылауды жүзеге асырады; мүдделi мемлекеттік органдармен бiрлесе отырып заңдарда белгiленген тәртiппен шекарааралық суларды бiрлесiп пайдалану мен қорғау бойынша келiссөздер жүргiзуге, екiжақты және көпжақты келісімдер жасасуға қатысады;
су қоймаларының, өзендердiң, көлдердiң, су қорғау аймақтары мен алаптарының жай-күйiн сақтау мен жақсарту жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
су объектiлеріндегі табиғи апаттар мен авариялық жағдайлардың салдарын болдырмау және жою жөніндегі шараларды әзiрлеудi ұйымдастырады;
мемлекеттік табиғат, балық қорын қорғау, санитарлық қадағалау органдарымен және өзге де мүдделi мемлекеттік органдармен келiсе отырып, кешендi мақсаттағы су қоймаларының пайдалану ережелерiн бекiтедi;
кешендi, салааралық және шаруашылықаралық мақсаттағы жаңадан салынған және қайта жаңғыртылған су шаруашылығы объектiлерiн пайдалануға қабылдауды жүзеге асырады;
су шаруашылығы объектiлерiн (iске қосу кешендерiн) пайдалануға қабылдайтын мемлекеттік комиссиялардың жұмыстарына қатысады;
жерүстi су объектiлерiн оқшау пайдалануға беру туралы қорытындылар бередi және оқшау пайдалануға берiлген су объектiлеріндегі суды қайталама пайдалану шарттарын келiседi;
су ресурстарының жай-күйiне әсер ететiн су шаруашылығы объектiлерiнiң (олардың мақсатына, ведомстволық бағыныстылығына және меншiк нысанына қарамай) жобаларын және құрылыс салу, арна түбiн тереңдету және өзге де жұмыстар жүргiзу тәртібіне сараптама жүргiзедi және келiседi;
су қоймаларын, көлдер мен өзендердi, суармалы жерлердi, сондай-ақ салааралық және шаруашылықаралық маңызы бар су шаруашылығы объектiлерiн сақтау мен олардың жай-күйiн жақсарту жөніндегі жобалық құжаттаманы әзiрлеудi ұйымдастырады;
су пайдаланудың барлық түрлерiне, су жеткiзiп беру қызметi үшiн тарифтердi, оларды қолдану шарттарын мүдделi министрлiктермен, ведомстволармен келiсе отырып әзiрлейдi және Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттiгiнiң Баға және монополияға қарсы саясат жөніндегі комитетiне бекітуге ұсынады;
су ресурстарының жай-күйi және пайдаланылуы туралы ғылыми-техникалық ақпаратты басып шығарады;
су үнемдеу технологияларын игеру, ауыз судың сапасын жақсарту және су көздерiн қорғау жөнiнде ұсынымдар әзiрлейдi.
V. Құқықтары
6. Комитеттiң:
бұйрықтар шығаруға, Комитет жүйесiне кiретiн барлық ұйымдарға өкiмдер беруге және олардың орындалуын тексеруге;
суды пайдалану мен қорғау мәселелерi бойынша өз құзыретiнiң шегiнде азаматтар, министрлiктер, мемлекеттік комитеттер, ведомстволар, кәсiпорындар мен ұйымдар үшiн нұсқаулар беруге;
заңдарда белгiленген тәртiппен ведомстволық бағынысты ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату мәселелерi бойынша Министрлiктiң басшылығына ұсыныстарды әзiрлеуге және енгiзуге;
саланы және оның жекелеген бағыттарын дамыту жөніндегі ұсыныстарды әзiрлеу үшiн қажет болған жағдайда шарттық негiзде ғылыми-зерттеу және басқа да ұйымдарды қатыстыра отырып, тиiстi мамандарды, сондай-ақ тиiстi сараптама жүргiзу үшiн тәуелсiз сарапшыларды таратуға;
су ресурстарының ұтымды пайдаланылуына, су көздерiнiң сақталуы мен жай-күйiнiң жақсаруына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға және жергiлiктi атқарушы органдардың қарауына жер үстi су объектiлерiн пайдалану құқықтарын тоқтату жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
министрлiктердiң, ведомстволардың және өзге де орталық атқарушы органдардың су ресурстарын бөлу мен пайдалануды регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актілері Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келген жағдайда олардың күшiн Қазақстан Республикасының аумағында уақытша тоқтату немесе жою жөнiнде заңдарда белгiленген тәртiппен ұсыныс енгiзуге;
мемлекеттік меншiк иелiгіндегі мүлiктердi өз құзыретi мен өкiлеттiгiнiң шегiнде пайдалануға;
су ресурстарының, су объектiлерiнiң, суармалы жерлердiң жай-күйi, пайдаланылуы мен қорғалуы мәселелерi жөнiнде тиiстi министрлiктерден, ведомстволардан және өзге де орталық атқарушы органдардан, заңды тұлғалардан белгiленген тәртiппен ақпарат сұратуға және алуға, қажет болғанда оларға осындай ақпарат беруге құқығы бар.
VI. Қызметiн ұйымдастыру
7. Комитеттi Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төраға басқарады.
Комитет Төрағасының орынбасары болады, оны Комитет Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Комитет Төрағасы лауазымы бойынша сонымен бiр уақытта Республикалық су шаруашылығы кеңесiнiң (Ирригация және дренаж жөніндегі ұлттық комитеттiң) төрағасы және Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестiру комиссиясының мүшесi болып табылады.
Комитеттiң штат санын Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрi бекiтедi.
ҚР Үкіметінiң 30.12.98. № 1359 қаулысымен 8-тармақ өзгердi
8. Комитет Төрағасы:
Комитеттiң және оған бағынысты мекемелердiң, ұйымдардың кәсiпорындардың қызметiне басшылық жасайды;
Комитетке жүктелген мiндеттер мен функциялардың орындалуына жеке жауап бередi;
Комитет аппараты қызметкерлерiнiң қызметтiк мiндеттерiн бекiтедi;
өз құзыретiнiң шегiнде бұйрықтар шығарады, Комитетке ведомстволық бағынысты ұйымдардың құрылымы мен штат санын, сондай-ақ олар туралы ережелердi бекiтедi;
Комитет қызметкерлерiн, Комитет жүйесiне кiретiн ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларын, облыс әкімінiң келісімi бойынша қызметке тағайындайды және қызметтен босатады; қолданылып жүрген заңдарға сәйкес мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Комитеттi бiлдiредi;
өз құзыретiне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды.
9. Республикада су шаруашылығы мен жердi мелиорациялауды дамыту, халықты және экономика салаларын сумен қамтамасыз ету, су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау, ведомстволық бағынысты ұйымдарды басқару әдiстерiн жетiлдiру мәселелерi жөнiнде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі алқасының қарауына материалдар дайындайды.
10. Комитеттi тарату мен қайта ұйымдастыру қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1997 жылғы 18 наурыздағы
№ 1786 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінiң 30.12.98. № 1359 қаулысымен тізбе өзгердi
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң
Су ресурстары жөніндегі комитетiнiң қарауындағы су
шаруашылығы ұйымдарының және аумақтық органдарының
ТIЗБЕСI
Арал-Сырдария бассейндiк су шаруашылығы бiрлестiгi, Қызылорда қаласы
Балқаш-Алакөл бассейндiк су шаруашылығы бiрлестiгi, Алматы қаласы
Ертіс бассейндiк су шаруашылығы бiрлестiгi, Семей қаласы
Есіл бассейндiк су шаруашылығы бiрлестiгi, Ақмола қаласы
Нұра-Сары су бассейндiк су шаруашылығы бiрлестiгi, Қарағанды қаласы
Тобыл-Торғай бассейндiк су шаруашылығы бiрлестiгi, Қостанай қаласы
Орал-Каспий бассейндiк су шаруашылығы бiрлестiгi, Атырау қаласы
Шу-Талас бассейндiк су шаруашылығы бiрлестiгi, Тараз қаласы
"Союзцелинвод" тресi, Петропавл қаласы (шаруашылық жүргiзу
құқығында)
Ертіс-Қарағанды каналын пайдалану жөніндегі кәсiпорын,
Қарағанды қаласы (шаруашылық жүргiзу құқығында)
"Қызылордаауылшарсуқұбыры" тресi, Қызылорда қаласы (шаруашылық
жүргiзу құқығында)
Тасөткел су қоймасын пайдалану жөніндегі басқарма, Жамбыл облысы,
Шу ауданы, Тасөткел селосы
"Суавтоматика" ғылыми-өндiрiстiк орталығы, Шымкент қаласы
Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын және Бартоғай су
қоймасын пайдалану жөніндегі басқарма, Алматы қаласы (шаруашылық
жүргiзу құқығында)
"Арал" салынып жатқан кәсiпорындардың бiрiктiрiлген дирекциясы,
Қызылорда қаласы
"Қазсуресурстары" "ғылыми-техникалық ақпарат орталығы, Алматы қаласы
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1997 жылғы 18 наурыздағы
№ 1786 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң
Су ресурстары жөніндегі комитетiнiң құрылымы
Су ресурстары бөлiмi
Мелиорация, су шаруашылығы құрылыстары және инвестиция бөлiмi
Қаржы - экономика бөлiмi