Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншi түрге ауыстыру
тәртібін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
1996 жылғы 14 қазандағы № 1262 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2005 ж. 9 ақпандағы № 124 қаулысымен күші жойылды
"Жер туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 24 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
Кіріспе өзгерді ҚР Үкіметiнiң 29.08.2001 № 1123 қаулысымен.
1. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншi түрге ауыстырудың қоса берiлiп отырған Тәртібі бекітілсiн.
2. "Суармалы жердi суарылмайтын жерге ауыстыру туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 15-ақпандағы № 188 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, № 10, 101-бап) күшi жойылған деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
1996 жылғы 14 қазандағы
№ 1262 қаулысымен
Бекітілген
Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншi түрге
ауыстырудың
ТӘРТІБІ
1. Осы Тәртiп "Жер туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 24 қаңтардағы Заңына сәйкес әзiрлендi.
1-тармақ өзгерді ҚР Үкіметiнiң 29.08.2001 № 1123 қаулысымен.
2. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншi түрге ауыстырудың (көшiрудiң) қажеттiлiгi басқа жер алқаптарының құрамында оларды одан ары пайдаланудың табиғи факторларына, экономикалық тиiмдiлiгiне негiзделген.
3. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншi түрге ауыстыру жөніндегі жұмыстарды жүргiзу жер учаскесi орналасқан тиiстi жергiлiктi атқарушы органға жер пайдаланушының өтiнiшi, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдардың бастамасы негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
4. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншi түрге ауыстыру жұмыстарын жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның өндiрiстiк бөлiмшелерi жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органның тапсырысы бойынша жүргiзедi.
Жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша жүргiзiлген жұмыстарды қаржыландыру жер реформасын жүргiзуге көзделген бюджет қаражатының есебiнен, өтiнiш бiлдiрген жер пайдаланушылардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
5. Ауыл шаруашылық алқаптарын егiстiк, тыңайған жерлер, көпжылдық ағаштар егiлген жерлер, шабындықтар мен жайылымдар жатады, олар мыналарды бiлдiредi:
егiстiк жер - ауыл шаруашылығы дақылдарын, көпжылдық шөптердi қоса, егуге пайдаланылатын және жүйелi түрде өңделген ауыл шаруашылық алқабы, сондай-ақ таза өңделген жерлер. Егiстiк жерлерге түбегейлi жақсарту мақсатында жыртылған, алдын-ала егiлген дақылдар алып жатқан (үш жылдан аспаған мерзiмде) шабындықтар мен жайылымдардың жер учаскелерi, сондай-ақ пайдаланылатын бақтардың қатар аралықтары жатпайды;
тыңайған жер - бұрын егiстiкке пайдаланылған және күзден бастап, бiр жылдан аса мерзiмде ауыл шаруашылық дақылдарын егуге пайдаланылмайтын, өңдеуге дайындалмаған, жер учаскесi;
көп жылдық ағаш егiлген жерлер - жемiс-жидек, техникалық және дәрi-дәрмек өнiмдерiнен түсiм алуға арналған, жасанды түрдегi ағаштар, көп жылдық бұталар отырғызуға пайдаланылатын, сондай-ақ аумақтарды безендiруге арналған ауыл шаруашылығы алқаптары;
табиғи шабындықтар мен жайылымдар - шөп шабуға және мал бағу үшiн жүйелi түрде пайдаланылатын ауыл шаруашылығы алқаптары;
түбегейлi жақсартылған шабындықтар мен жайылымдар - шымды беткi қабаты жойылған соң жаңа шалғын шөптер өсiру жолымен жасалған шабындықтар мен жайылымдар учаскелерi. Шалғындандыру - шымдарды бұзбай-ақ жүргiзiлуi мүмкiн;
суландырылған жайылымдар - аумағында су көздерi (көл, өзен, тоған, су бөгендерi, суаратын немесе суландыратын канал, құбырлы немесе шахталы құдықтар) бар мал басын тиiстi сапалы сумен қамтамасыз ететiн жайылымдар.
Ауыл шаруашылығы алқаптары суармалы және суарылмайтын болуы мүмкiн.
Суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына ауыл шаруашылығына пайдалануға және суаруға жарамды, суару көздерiмен байланысты тұрақты немесе уақытша суару жүйелерi бар, олардың су ресурстары осы жерлердi суаруды жүйенiң пайдалы әсер коэффициенттерi жобалау немесе суару нормаларының қолданылып жүрген белгiленген нормативтерi бойынша ұтымды мерзiмде 75 проценттен кем емес жағдайда ағынды сумен суаруды қамтамасыз ететiн жерлер жатады.
Су тоқтататын жалдары, су реттегiш бөгеттерi және осы учаскелер алқаптарына қар суы мен көктемгi тасыған суларды, сондай-ақ топырақтың ылғалдануы үшiн суару немесе суландыру каналдарынан берiлетiн суларды тоқтататын және қайта бөлiнуiн қамтамасыз ететiн басқа да гидротехникалық құрылғылары бар жер учаскелерi көл табанды суару жерлерi болып табылады.
6. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншi түрге ауыстыру жер учаскесi, учаскелер топтары, суару алаптары, жер пайдаланушылар бойынша жүргiзiлуi мүмкiн.
Топырақтық-мелиорациялық жағдайы бойынша, оларды алқаптың басқа түрiне ауыстыруды қажет ететiн ауыл шаруашылығы алқаптарының болуы қолда бар жобалау-картографиялық материалдар, жерге орналастыру, мелиорациялық, құрылыс жобалары, топырақ, топырақтық-мелиорациялық, геоботаникалық iздестiру, тұзды жерлердi картаға түсiру материалдарын, жер кадастрының, жердi түгендеу мәлiметтерiн зерттеу негiзiнде алдын ала белгiленедi.
Аталған материалдарды талдау нәтижесiнде бiр түрден екiншi түрге ауыстыруға тиiстi ауыл шаруашылық алқаптары көзделедi.
7. Бiр түрден екiншi түрге ауыстыруға жататын алқаптарды анықтауды жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның өндiрiстiк бөлiмшелерiнiң мамандары (жерге орналастырушы, топырақтанушы, су маманы, агроном) алқаптық зерттеу барысында мүдделi жер пайдаланушылардың өкiлдерiн қатыстыра отырып жүзеге асырады.
8. Алқаптық зерттеу процесiнде ауыстыру көзделген ауыл шаруашылығы алқаптарының орналасқан жерлерi, олардың көлемi, пайдалану түрi, топырақтық-мелиорациялық жағдайы, сумен қамтамасыз етiлуi, суару жүйелерiнiң жайы, тозу құнының, бiр түрден екiншi түрге ауыстыру себептерiн көрсете отырып зерттелетiн суармалы жерде, көл табандап суарылатын, суармалы жайылымдарда орналасқан негiзгi қорлардың құны анықталады.
Алқаптық зерттеу нәтижелерi оның қосымшасымен бiрге актымен ресiмделедi. Жердi алқаптық зерттеу актiсi мен сызбасына зерттеу жүргiзген мамандар, сондай-ақ мүдделi жер пайдаланушылардың өкiлдерi қол қояды.
9. Аса бағалы ауыл шаруашылығы алқаптарын онша бағалы емес алқапқа ауыстыруға мыналар негiз болып табылады:
егiстiк жерлер үшiн - жердiң агроөндiрiстiк топырақ сипаттамасының олардың нақты пайдалануына сәйкес келмеуi, улы заттармен жоғары деңгейде ластануы және т.б.;
көп жылдық екпе ағаштар үшiн - екпе ағаштардың шектi жасы, олардың сиректiгi, нашар тұқымдық құрамы, жердiң қолайсыз топырақтық-мелиорациялық сипаттамасы;
шабындықтар үшiн - шалғынды шөптердiң сиреуiмен жердiң шөлге айналуы, жердiң мелиорациялық жағдайының төмендеуi;
жайылымдар үшiн - олардың тапталып бүлiнуi.
Суармалы жерлердi суарылмайтын жерге ауыстыру кезiнде, жоғарыда айтылған факторлармен қатар, сумен жеткiлiктi қамтамасыз етiлмеуi, iшкi шаруашылық суландыру жүйелерiнiң техникалық жайы; көл табандап суарылатын жерлер үшiн - ағын судың қайта бөлiнуi нәтижесiнде су басудың тоқтатылуы немесе су ресурстарының болмауы, құрылғылардың техникалық жайы есепке алынады.
Қажет болған жағдайда жергiлiктi атқарушы органдар ауыл шаруашылығы алқаптарын онша бағалы емес алқапқа ауыстырғанда басқа да көрсеткiштердi белгiлейдi: ауыл шаруашылығы алқаптары өнiмдiлiгiнiң барынша төмендеуi, тұздану деңгейi, топырақтың ластануы және т.б.
10. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншi түрге ауыстыру жөніндегі материалдар:
тұжырымдары және ұсыныстарымен қоса түсiндiрме жазбасын;
бiр түрден екiншi түрге көшiру көзделген жер экспликациясын;
алқаптық зерттеу актiсiн;
ауыстырылуға тиiстi анықталған ауыл шаруашылығы алқаптары бейнеленген алқаптық зерттеу сызбасын;
жер учаскелерiнiң сапалық сипаттамасын;
суару жүйелерiнiң техникалық жағдайы, көл табандап суару, суландыру құрылғыларының жүйелерi туралы, сондай-ақ негiзгi қорлардың құны туралы мәлiметтердi қамтиды.
11. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншi түрге ауыстыру жөніндегі материалдар аудандық ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, табиғат қорғау органдарымен келiсу, аудан бойынша жинақтау үшiн жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органға берiледi.
12-тармақ алып тасталды ҚР Үкіметiнiң 29.08.2001 № 1123 қаулысымен.
13. Жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық орган осы Тәртіптің 11-тармағында санамаланған ұйымдардың ескертулерін ескере отырып жасаған өз қорытындысымен материалдарды:
онша бағалы емес ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыру жөнінде түпкілікті шешім қабылдау үшін аудандық атқарушы органға;
суармалы жерлерді суарылмайтын жерге, суарылмайтын егістікті басқа онша бағалы емес ауыл шаруашылығы алқаптарына ауыстыру жөнінде облыстық ауыл және су шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау органына келісуге жібереді;
Жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық орган келісу нәтижелері бойынша материалдарды тұтастай алғанда облыс бойынша қорытады және өз қорытындысымен материалдарды:
суарылмайтын егістіктерді онша бағалы емес ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлеріне ауыстыру жөнінде - аудан әкіміне түпкілікті шешім қабылдау үшін;
суармалы жерлерді суарылмайтын жерге ауыстыру жөнінде - жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органға келісу үшін жібереді.
13-тармақ жаңа редакцияда ҚР Үкіметiнiң 29.08.2001 № 1123 қаулысымен.
14. Жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық орган суармалы жерлердi суарылмайтын жерге ауыстыру жөніндегі ұсынылған материалдарды Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігімен, Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Су ресурстары жөніндегі комитетімен келiседi және жинақталған өз қорытындысымен аталған мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн облыс әкiмдерiне жiбередi.
14-тармақ өзгерді ҚР Үкіметiнiң 29.08.2001 № 1123 қаулысымен.