Банкроттық рәсiмдерiн ауыл шаруашылығы ұйымдары үшiн қолданудың
ерекшелiктерi туралы ереженi бекіту туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң 1997 ж. 22 желтоқсандағы № 1816 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 02.10.03 № 1016 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен)
ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 11 қыркүйектегі № 840 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
Банкроттық рәсiмдерiн ауыл шаруашылығы ұйымдары үшiн қолданудың ерекшелiктерi туралы қоса берiлiп отырған Ереже бекітілсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1997 жылғы 22 желтоқсандағы
№ 1816 қаулысымен
бекітілген
Банкроттық рәсiмдерiн ауыл шаруашылығы ұйымдары
үшiн қолданудың ерекшелiктерi туралы
ЕРЕЖЕ
ҚР Үкіметінің 02.10.03 № 1016 қаулысымен мәтiн бойынша "Әкімгер", "әкімгер" деген сөздер алынып тасталды
Осы Ереже "Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген банкроттық рәсiмдерiн ауыл шаруашылығы ұйымдарына қатысты қолданудың ерекшелiктерiн реттейдi.
I. Жалпы ережелер
1. Ереже Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне, "Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес әзiрлендi.
2. Ауыл шаруашылығы ұйымдарының банкроттығы рәсiмдерi осы Ережеде көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, "Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледi.
3. Осы Ереженiң күшi ұйымдастырушылық-құқықтық нысандарына қарамастан ауыл шаруашылығы ұйымдарына қолданылады.
4. Шаруа (фермер) қожалықтарының банкроттығы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (жалпы бөлiм) 21-бабына "Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және "Жеке кәсiпкерлiк туралы" Қазақстан Республикасы Заңының VII тарауына сәйкес жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 02.10.03 № 1016 қаулысымен 5-тармақ өзгертілді
5. Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
ауыл шаруашылығы ұйымы - жердi пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiретiн; егер бұл өнiмдi, оның iшiнде қайта өңделген өнiмдi сатудан алынатын кiрiс жылдық кiрiстiң жалпы сомасының елу пайызынан астамын құрайтын болса, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы (оның ішiнде төл өсiруден бастап толық циклы бар асыл тұқымды), ара шаруашылығы өнiмiн өндiретiн ұйым;
ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң маусымдылық циклы - ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру үшiн қажеттi көктемгi егiс және жиын-терiн жұмыстарын қамтитын технологиялық шаралар кешенiн орындау кезеңi;
саудаластықтың голландиялық әдiсi - бастапқы бағасы алдын ала жарияланған қадаммен саудаластыққа (аукционға) қатысушылардың бiрi сатылатын мүлiктi жарияланған бағасы бойынша сатып алуға келiскен сәтке дейiн төмендейтiн саудаластық (аукцион) жүргiзу әдiсi.
6. Басқа ұғымдар Ережеде "Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңында қолданылып жүрген айқындамаларға сәйкес пайдаланылады.
II. Борышкер ауыл шаруашылығы ұйымын банкрот
деп тану үшiн негiздер
7. Ауыл шаруашылығы ұйымын банкрот деп тану туралы iс қозғаған кезде сотқа "Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген құжаттарға қоса жерлердiң кадастрлық сипаттамасы мен ауыл шаруашылығы өндiрiсi маусымдылығының соңғы циклындағы ауа райы-климаттық жағдайының деректерi ұсынылады.
8. Борышкер ауыл шаруашылығы ұйымын сот тәртібімен немесе соттан тыс банкрот деп тану үшiн оның дәрменсiздiгi негiз болып табылады.
9. Борышкер ауыл шаруашылығы ұйымының ауыл шаруашылығы өндiрiсi маусымдылығының кезектi циклының iшiнде жалақы төлеу жөніндегі талаптарды қоса алғанда, кредиторлардың ақшалай мiндеттемелер бойынша талаптарын қанағаттандыруға, сондай-ақ өзiне тиесiлi мүлiктiң есебiнен бюджетке және бюджеттен тыс қорларға мiндеттi төлемдердi төлеудi қамтамасыз етуге қабілетсiздiгi оны дәрменсiз деп тану үшiн негiз болып табылады. Борышкер ауыл шаруашылығы ұйымының активтерiнiң оның пассивтерiнен шартты түрде асып кетуi борышкердi дәрменсiз деп танудан бас тарту үшiн негiз болмайды.
III. Жердi пайдалану құқығының құны
ҚР Үкіметінің 02.10.03 № 1016 қаулысымен 10-тармақ өзгертілді
10. Қазақстан Республикасының Жер кодексі 63-бабының 1-тармағына сәйкес жердi тұрақты және ұзақ мерзiмдi уақытша пайдалану құқығы олар банкроттық жағдайды қоса алғанда, өз мiндеттемелерi бойынша жауап беретiн заңды тұлғалардың мүлкiнiң құрамына кiредi.
11. Оңалтушы және конкурстық басқарушылар ауыл шаруашылығы ұйымының жердi пайдалану құқығы заңдарға сәйкес ресiмделгенiне, оның құны активтерге кiргiзiлгенiне және ауыл шаруашылығы ұйымының балансында көрсетiлгенiне көз жеткiзуге мiндеттi. Жердi пайдалану құқығын ресiмдеу және оның құнын баланста көрсету жөніндегі заңдардың талаптарына сәйкес келмеушiлiк фактiлерi анықталған кезде әкiмгер, конкурстық басқарушы тиiстi тiркелудi, жердi пайдалану құқығын бағалауды және ауыл шаруашылығы ұйымының активiне кiргiзудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
12. Жердi пайдалану құқығын тiркеуге және оның құнын айқындауға байланысты шығыстар әкiмшiлiк шығыстарға жатады.
13. Банкрот ұйымның жердi пайдалану құқығы конкурстық массаның құрамына кiредi.
IV. Дәрменсiз ауыл шаруашылығы ұйымын сауықтыру
жөніндегі шаралар
14. Сот дәрменсiз ауыл шаруашылығы ұйымына қатысты оңалту рәсiмдерiн жүргiзу мақсатқа сай болады деп ұйғарым шығарған жағдайда оңалтушы басқарушы борышкер ауыл шаруашылығы ұйымын оңалту жоспарында көзделген шараларды жүзеге асыруға кiрiседi.
15. Дәрменсiз ауыл шаруашылығы ұйымын санациялау бағдарламасы ауыл шаруашылығы ұйымының төлем қабiлетiн қалпына келтiру жөніндегі нақты шараларды (оңалту шараларын) қамтуға тиiс.
16. Оңалту шаралары дәрменсiз ауыл шаруашылығы ұйымын таратуды болдырмауға бағытталған кез келген ұйымдастыру-шаруашылық, техникалық, қаржы-экономикалық шараларды қамти алады.
17. Оңалту рәсiмдерiнiң ұзақтығы 2 жылдан аспауы тиiс. Сот оңалтушы басқарушының өтiнiмi бойынша оңалту шараларын жүзеге асырудың мерзiмiн ұзартуға, бiрақ ауыл шаруашылығы өндiрiсi маусымдылығының бiр циклынан аспайтын уақытқа ұзартуға құқылы.
V. Конкурстық массаның құнын ұстап тұру
жөніндегі шаралар
18. Конкурстық басқарушы "Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13, 14-баптарына сәйкес өткiзiлген дауыс берудiң нәтижесiнде алынған кредиторлар комитетiнiң (жиналысының) келісімiмен конкурстық массасының құнын ұстап тұру үшiн қажеттi шараларды жүргiзу туралы шешiм қабылдауға құқылы.
19. Конкурстық массаның құнын ұстап тұру жөніндегі шараларға:
1) жерлердi қорғау жөніндегі шаралар;
2) егiн егу және жиын-терiн жұмыстары;
3) материалдық-техникалық базаны дайындау және пайдалану;
4) өзге де шаралар жатады.
20. Конкурстық массаның құнын ұстап тұру жөніндегі шараларды жүргiзуге арналған қаражат:
1) банкрот ұйымның активтерiн мақсатты арналуы бойынша пайдаланудың;
2) өндiрiстiк алаңдарды жалға берудiң;
3) жаңа борыштық мiндеттемелер қабылдаудың;
4) мүлiктiң бiр бөлiгiн сатудың;
5) өзге де iс-әрекеттiң есебiнен алынуы мүмкiн.
21. Әкiмгер, конкурстық басқарушы конкурстық массаның құнын ұстап тұру жөніндегі шараларды жүзеге асыру мақсатында кредиторлар комитетiнiң (жиналысының) келісімiмен банкрот ауыл шаруашылығы ұйымының атынан шарттар жасасуға құқылы. Жаңадан қабылданған мiндеттемелер жөніндегі шарттардың қолданылу мерзiмi конкурстық iс жүргiзу мерзiмiнен аспауы тиiс.
22. Конкурстық массаның құнын ұстап тұру жөніндегі шығыстар, сондай-ақ жаңадан қабылданған борыштық мiндеттемелер әкiмшiлiк шығыстарына жатады. Конкурстық массаның құнын ұстап тұру жөніндегі шараларды жүргiзуден қалған қаражат конкурстық iс жүргiзу процесiнде өндiрiп алуға жататын мүлiктiң құрамына кiредi.
ҚР Үкіметінің 02.10.03 № 1016 қаулысымен 23-30-тармақтар алынып тасталды
VI. Банкрот ауыл шаруашылығы ұйымының конкурстық
массасын бiрыңғай лотпен сату
23. Банкрот ұйымның конкурстық массасын сату голландиялық әдiс бойынша бiрыңғай лотпен аукционда жүргiзiледi.
24. Конкурстық массаны жүзеге асыру жөнiнде аукцион өткiзудiң уақыты мен орнын кредиторлар комитетiнiң (жиналысының) келісімiмен конкурстық басқарушы айқындайды.
25. Конкурстық массаны сату кезіндегі бастапқы баға конкурстық басқарушы төлеу үшiн бекiткен төленбеген әкiмшiлiк шығыстар мен жалпы кредиторлық берешектердiң сомасының жүз еселенген мөлшерiнен кем болмауға тиiс. Конкурстық массаны сату кезіндегі ең төменгi баға төленбеген әкiмшiлiк шығыстардың сомасынан кем бола алмайды. Бастапқы және ең төменгi бағаны есептеудi конкурстық басқарушы жүргiзедi және оны кредиторлардың комитетi (жиналысы) бекiтедi.
26. Конкурстық басқарушы әкiмшiлiк шығыстардың сомасы, әр кезектегi кредиторлардың талап етуiнiң жалпы сомасы туралы ақпаратты, сондай-ақ әкiмшiлiк шығыстардың бiр бөлiгiнiң төленгенi және жекелеген кредиторлардың талаптарының қанағаттандырылғаны туралы ақпаратты аукционға қатысушының талап етуi бойынша ұсынуы тиiс.
27. Конкурстық массаны сату жөніндегі аукционға қатысуға қатысушы ретiнде тiркелген жеке тұлғаларға, мемлекеттік емес заңды тұлғаларға, шетелдiк жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ банкрот ауыл шаруашылығы ұйымының кредиторларына, оның iшiнде банкрот ұйымның еңбек ұжымның қатысушы болып тiркелген мүшелерiне рұқсат етiледi.
Банкрот ауыл шаруашылығы ұйымының мүлкiн бiрыңғай лотпен сату кезiнде оны сатудың шарттарының бiрi банкрот ұйымның қызметiнiң негiзгi түрiн сақтау болуы мүмкiн.
28. Аукционға банкрот ұйымның кредиторы қатысқан және ол жеңiмпаз деп танылған жағдайда, кредитор өзiнiң талабының сомасын егер сату бағасы кредиторлардың бұрынғы кезегiнiң және осы кредитор кiретiн кредиторлар кезегiнiң талаптарын қанағаттандырмаған төленбеген әкiмшiлiк шығыстардың сомасына тең немесе одан асатын кезiнде сатып алынған мүлiк үшiн төленген қаражат ретiнде пайдалануға құқылы және сату, алу бағасы мен оның талабының мөлшерiнiң арасындағы айырма ақшалай түрiнде енгiзiледi. Кредитор енгiзiлетiн ақша қаражатының мөлшерiн кредиторлардың бұрынғы кезегiнiң және талап ету құқығын беру нәтижесiнде алынған өз кезегiнiң талабының төлем қаражаты ретiнде пайдалану есебiнен азайтуға құқылы.
Осы тармақпен белгiленген ереже, сондай-ақ банкрот ұйымның еңбек ұжымының мүшелерiне қатысты да қолданылады.
29. Банкрот ұйымның конкурстық массасын сатып алушы болмаған кезде конкурстық массаны бiрыңғай лотпен сату бөлшектеп жүргiзiледi.
30. Конкурстық массаны бөлшектеп сатып алушы болмаған кезде борышкердi сырттай басқару және конкурстық iс жүргiзу барысында пайда болған мiндеттемелер бойынша (әкiмшiлiк шығыстар) әкiмгер, конкурстық басқарушы және кредиторлар өздерiнiң талаптарын қанағаттандыруды банкрот ұйымның мүлкiнiң есебiнен өздерiнiң талаптарының сомасына бара-бар түрде алуға құқылы.