Қабылданған хабарламалар мен шағымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің қарауына беріледі.
Қабылданған және берілген хабарламалар мен шағымдар туралы ақпарат алдын ала болу нәтижелері жөніндегі есепке енгізіледі.
5. Осы Кодекстің ережелерін бұзған ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
21-6-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының өкілеттіктерін тоқтату
Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының өкілеттіктері:
1) осы Кодекстің ережелері бұзылған;
2) өз өкілеттіктерін доғару туралы жазбаша өтініш берілген;
3) ол қайтыс болған не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
5) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;
6) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайлар басталған кезде тоқтатылады.
21-7-бап. Алдын ала болудың түрлері мен кезеңділігі
1. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болуы мыналарға бөлінеді:
1) төрт жылда кемінде бір рет, ұдайы негізде жүргізілетін кезеңдік алдын ала болу;
2) алдыңғы кезеңдік алдын ала болу нәтижелері бойынша ұсынымдарды іске асыру мониторингі, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары әңгімелесулер өткізген адамдарды алдын ала болуға жататын мекемелердің әкімшіліктері тарапынан қудалаудың алдын алу мақсатында кезеңдік алдын ала болулар аралығындағы кезеңде жүргізілетін аралық алдын ала болу;
3) азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы келіп түскен хабарламалардың негізінде жүргізілетін арнаулы алдын ала болу.
2. Үйлестіру кеңесі бөлінген бюджет қаражаты шегінде алдын ала болу мерзімдерін және алдын ала болуға жататын мекемелердің тізбесін айқындайды.
21-8-бап. Алдын ала болу тәртібі
1. Алдын ала болуды Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің келісуі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қағидаларға сәйкес Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан құратын топтар жүргізеді.
2. Алдын ала болу үшін топтар құру кезінде ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының ешқайсысын тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне қатысты себептер бойынша немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша қандай да бір кемсітуге болмайды.
3. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету алдын ала болуға жататын мекемелердің әкімшілігіне жүктеледі. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының құқыққа сыйымсыз әрекеттері орын алған жағдайда, алдын ала болуға жататын мекемелер әкімшілігінің басшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді жазбаша хабардар етеді.
4. Әрбір алдын ала болудың нәтижелері бойынша топтың атынан Үйлестіру кеңесі бекіткен нысанда жазбаша есеп жасалады, оған алдын ала болуды жүзеге асырған топтың барлық мүшелері қол қояды. Ерекше пікірі бар топ мүшесі оны жазбаша түрде ресімдейді және есепке қоса береді.
21-9-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы
1. Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын олардың алдын ала болу нәтижелері бойынша есептерін ескере отырып дайындайды.
2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасына:
уәкілетті мемлекеттік органдарға алдын ала болуға жататын мекемелерде ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жағдайларын жақсарту және азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу бойынша ұсынымдар;
Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар да енгізіледі.
Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасына өткен жылғы алдын ала болу жөніндегі қаржылық есеп қоса беріледі.
3. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы қарау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі және оны Үйлестіру кеңесі бекіткен күннен бастап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің интернет-ресурсында орналастырылады.
21-10-бап. Құпиялылық
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары алдын ала болу барысында адамның жеке өмірі туралы өздеріне белгілі болған мәліметтерді осы адамның келісуінсіз жария етуге құқылы емес.
2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болу барысында адамның жеке өмірі туралы өздеріне белгілі болған мәліметтерді осы адамның келісуінсіз жария етуі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
21-11-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларымен өзара іс-қимылы
1. Мемлекеттік органдар және олардың лауазымды адамдары ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына заңды қызметін жүзеге асыруына жәрдем көрсетеді.
Бірде-бір мемлекеттік орган немесе лауазымды адам азаптауды және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiн қолдану фактілері туралы ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына хабарлағаны үшін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге құқылы емес.
Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының заңды қызметіне кедергі келтіретін лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдар ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамаcын алған күннен бастап үш ай ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілді алынған баяндамаларды қарау нәтижелері бойынша қолданылған шаралар туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
3. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала болу нәтижелері бойынша есептері негізінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған лауазымды адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді не қылмыстық істі қозғау туралы өтінішхат беруге құқығы бар.
Ерекше бөлім
2-Бөлім. Сотталушыны қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларды атқару
4-тарау. Айыппұл түріндегі жазаны атқару
22-бап. Айыппұл түріндегі жазаны атқару тәртібі
1. Сотталушы үкiм заңды күшiне енген соң бiр айдан кешiктiрмей айыппұл төлеуге мiндеттi.
2. Сотталушының айыппұлды бiр жолғы төлеуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, сотталушының өтiнiшi бойынша төлемнiң мерзiмiн ұзартуға немесе алты айға дейiн бөлiп-бөлiп төлетуге жол берiледi.
3. Сотталушы айыппұлды ерiктi түрде төлемеген кезде жазаны атқару сот берген атқару парағының негiзiнде мәжбүрлеп жүргiзiледi. Айыппұл сотталушының мүлкiнен, соның iшiнде оның сотта айқындалған ортақ меншiк құқықтарындағы мүлiктегi үлесiнен өндiрiп алынуы мүмкiн.
4. Айыппұлды өндiрiп алу кезiнде осы Кодекске қосымшамен белгiленген тiзбеге сәйкес тәркiлеуге жатпайтын мүлiктi алып қоюға болмайды.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 23-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
23-бап. Айыппұл төлеуден жалтару
1. Айыппұлды осы Кодекстiң 22-бабының 1-тармағында белгiленген мерзiмде төлемеген және өзiнiң кiрiстерi мен мүлкiн мәжбүрлеп өндiрiп алудан жасырушы сотталушы айыппұл төлеуден жалтарушы деп танылады.
2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Айыппұл төлеуден жалтарушы сотталғандар жөнiнде сот орындаушысы сотқа айыппұлды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 40-бабының төртiншi бөлiгiне сәйкес жазаның басқа түрiмен ауыстыру туралы ұсыныс жiбередi.
5-тарау. Белгілі бір лауазымда болу немесе белгілі
бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны атқару
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 24-бап өзгертілді
24-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаның атқарылуын ұйымдастыру
1. Негiзгi жаза ретiнде белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi, сондай-ақ негiзгi жазаға қосымша ретiнде айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi, сондай-ақ шартты соттау кезiндегi жазаның атқарылуын ұйымдастыруды сотталған адамның тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясы қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкiлеттi орган бекіткен тәртіппен жүзеге асырады.
2. Бас бостандығынан айыру түріндегі негiзгi жазаға қосымша ретiнде тағайындалған бұл жазаның атқарылуын ұйымдастыруды негiзгi жазаны атқарушы орган, ал негiзгi жазаны өтеген соң - сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясы жүзеге асырады.
3. Қылмыстық-атқару инспекциясы:
сотталғандардың есебiн жүргiзедi;
сотталғандардың сот үкімінде көзделген белгiлi бiр лауазымда болуына немесе белгiлi бiр қызметпен айналысуына тыйым салудың сақталуын бақылайды;
сотталушының жұмыс орны бойынша ұйым әкiмшiлiгiнiң, сондай-ақ сотталушыға тыйым салынған қызметтiң тиiстi түрлерiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға құқығы бар органдардың үкiмдi орындауын тексередi;
жазаны өтеуден жалтарған сотталған адамдарға қатысты бастапқы іздестіру іс-шараларын жүргізеді және сотқа іздестіру жариялау туралы ұсыным енгізеді.
3-1. Тұратын жері үш күннен астам уақыт ішінде анықталмаған сотталған адам жазаны өтеуден жалтарған деп танылады.
4. Өзiнде жазаның негiзгi түрiн өтеп жүрген, сондай-ақ белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаға сотталған адамды мекеменiң (ұйымның) әкiмшiлiгi сотталушының орындауына тыйым салынған жұмыстарға тарта алмайды.
5. Сотталғандар әскери қызметке шақырылған немесе олар баламалы арнайы мемлекеттік қызметке кiрген жағдайларда қылмыстық-атқару инспекциялары жергілікті әскери басқару органына немесе сотталғандардың тұрғылықты жерi бойынша қызмет өткеру кезiнде сол жазаны атқаруға арналған сот үкімінiң көшiрмесiн жiбередi.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 25-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
25-бап. Ұйымдар әкiмшiлiктерiнiң сот үкімін атқару жөніндегі мiндеттерi
1. Белгілі бір лауазымдарда болу құқығынан айыру туралы сот үкімінің талаптары мемлекеттік мекемелер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының әкімшіліктері үшін міндетті. Белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімінің талаптары сотталған адамның жұмыс орнындағы ұйымның әкімшілігі үшін міндетті.
2. Сотталушының жұмыс орны бойынша ұйымның әкiмшiлiгi:
сот үкімінiң көшiрмесiн не қылмыстық-атқару инспекциясының хабарламасын алған соң үш күннен кешiктiрмей сотталушыны лауазымынан немесе ол айналысу құқығынан айырылған қызмет түрiнен босатуға; қылмыстық-атқару инспекциясына сот үкімінiң талаптарын орындау туралы хабарлауға;
қылмыстық-атқару инспекциясының талап етуi бойынша жазаны атқаруға байланысты құжаттарды табыс етуге;
сотталушымен еңбек шарты өзгерген немесе тоқтатылған жағдайда бұл туралы қылмыстық-атқару инспекциясына үш күн мерзiм iшiнде хабарлауға мiндеттi.
26-бап. Белгiлi бiр қызметпен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға құқықты органдардың мiндеттерi
1. Сотталғандарды белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімінiң талаптары қызметтiң тиiстi түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға құқықты органдар үшiн мiндеттi.
2. Аталған органдар сот үкімінiң көшiрмесiн немесе қылмыстық-атқару инспекциясының хабарламасын алған соң үш күннен кешiктiрмей сотталушыға тыйым салынған қызмет түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға, осы адамға қызметтiң көрсетiлген түрiмен айналысуға құқық беретiн тиiстi құжатты қайтарып алуға және бұл туралы қылмыстық-атқару инспекциясына хабарлама жiберуге мiндеттi.
2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 27-бап өзгертілді
27-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны атқару мерзiмдерiнiң есептелуi
1. Негiзгi жаза ретiнде немесе айыппұлға, бас бостандығын шектеуге, қоғамдық жұмыстарға немесе түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ шартты соттау кезiнде қосымша жаза түрi ретiнде тағайындалған белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру мерзiмi, егер бұл жағдайда қосымша жазаның атқарылуы кейiнге қалдырылмаса, сот үкімі заңды күшiне енген кезден бастап есептеледi.
2. Бас бостандығынан айыруға қосымша жаза ретiнде белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жаза қолдану кезiнде ол жазаның аталған негiзгi түрлерiн өтеудiң бүкiл уақытына қолданылады, бiрақ бұл орайда оның мерзiмi оларды өтеу кезiнен бастап есептеледi.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 28 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
28-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаға сотталушының мiндеттерi
Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаға сотталғандар сот үкімінiң талаптарын орындауға, қылмыстық-атқару инспекциясының талап етуi бойынша аталған жазаны атқаруға байланысты құжаттарды беруге, жұмыс орны және тұрғылықты жері мен олардың өзгергенi және одан босағаны туралы инспекцияға хабарлауға, сондай-ақ шақыру бойынша инспекцияға келуге мiндеттi. Сотталушы келмей қалған жағдайда оған ерiксiз келтiру қолданылуы мүмкiн.
29-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімін орындамаудың салдары
Соттың белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы үкімінiң орындалмауына кiнәлi өкiмет өкiлдерi, мемлекеттік қызметшiлер, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органының қызметшiлерi, мемлекеттік мекемелердiң, коммерциялық немесе өзге де ұйымдардың қызметшiлерi, сондай-ақ сот үкімінiң талаптарын бұзушы сотталғандар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапты болады.
6-тарау. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны атқару
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 30-бап өзгертілді
30-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны атқару тәртібі
1. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны тізімдерін қылмыстық-атқару инспекциясының келiсiмiмен облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқару органдары, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың, ауылдық округтiң әкiмдерi тоқсан сайын сотқа ұсынатын объектiлерде сотталған адамның тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясы қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкiлеттi орган айқындаған тәртіппен атқарады.
2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза жөніндегі сот үкімі соттың тиiстi өкімі үкiмнiң (ұйғарымның, қаулының) көшiрмесiмен қоса қылмыстық-атқару инспекциясына келiп түскен күннен бастап он күн мерзiмнен кешiктiрiлмей атқарылады.
3. Қылмыстық-атқару инспекциясы:
сотталғандардың есебiн жүргiзедi;
оларға жазаны өтеудiң тәртібі мен ережелерiн түсiндiредi;
аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарында қоғамдық жұмыстардың объектiлерiн сұратып алады;
сотталғандардың мiнез-құлқын бақылайды;
жазаны өтеуден жалтарған сотталған адамдарға қатысты бастапқы іздестіру іс-шараларын жүргізеді және сотқа іздестіру жариялау туралы ұсыным енгізеді;
олардың атқарған уақытының жиынтық есебiн жүргiзедi және сотталғандардың орындаған жұмыстары үшiн қаржы қаражатының тиiстi бюджеттерге уақытылы түсуiн бақылайды.
31-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны атқару ережелерi
1. Сотталғандар:
жазаны өтеудiң белгiленген тәртібі мен ережелерiн сақтауға, еңбекке адал қарауға;
өздерiне белгiленген объектiлерде жұмыс iстеуге және сот белгiлеген қоғамдық жұмыстардың мерзiмiн атқаруға;
тұрғылықты жерiнiң өзгергенi туралы қылмыстық-атқару инспекциясына хабарлап отыруға мiндеттi.
2. Сотталушыға негiзгi жұмыс орны бойынша кезектi демалыстың берiлуi қоғамдық жұмыстар орындауды тоқтатпайды.
3. Сотталушы бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедек деп танылған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа оны жазасын одан әрi өтеуден босату туралы, ал сотталған әйел жүктi болған жағдайда - оның жазасын өтеуiн кейiнге қалдыру туралы ұсыныс жасайды.
2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен 32-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
32-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза мерзiмiнiң есептелуi
1. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаның мерзiмi сотталушы қоғамдық жұмыстарды орындаған сағаттармен есептеледi.
2. Қоғамдық жұмыстар уақыты демалыс күндерi мен сотталушы негiзгi жұмыспен немесе оқумен айналыспаған күндерi - төрт сағаттан; жұмыс күндерi - жұмыс немесе оқу аяқталған соң екi сағаттан, ал сотталушының келісімiмен - төрт сағаттан аспауы керек. Егер сотталған адамның тұрақты жұмыс орны болмаса немесе ол оқумен айналыспаса, қоғамдық жұмыстардың уақыты күніне сегіз сағаттан аспайды. Қоғамдық жұмыстар уақыты апта iшiнде, әдетте, он екi сағаттан кем болмауы керек. Дәлелдi себептерi болған кезде қылмыстық-атқару инспекциясы сотталушыға апта iшiнде саны аз сағат жұмыс iстеуге рұқсат береді.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен 33-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
33-бап. Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеу орны бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiнiң мiндеттерi
1. Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеу орны бойынша ұйымдардың әкiмшiлiгiне сотталғандардың өздерiне белгiленген жұмыстарды орындауына бақылау жасау, қылмыстық-атқару инспекциясына жұмыс iстелген сағаттар саны туралы немесе сотталғандардың жазаны өтеуден жалтаруы туралы хабарлау жүктеледi.
2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаға сотталған адамдардың еңбегін ұйымның пайдалануы өтеусіз негізде жүзеге асырылады. Сотталған адамдар орындаған жұмыстың көлемі мен құны ұйымда қолданылып жүрген бағалау бойынша бөлек есептеледі және есептелген ақшалай қаражат тиісті бюджетке аударылады.
34-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеуден қасақана жалтару
Сотталушы:
қоғамдық жұмыстарға дәлелдi себептерсiз бiр айдың iшiнде екi реттен астам шықпаса;
еңбек тәртібін бiр айдың iшiнде екi реттен артық бұзса;
жазаны өтеуден жалтару мақсатымен жасырынса, қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеуден қасақана жалтарған деп танылады.
35-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеушi адамдардың жауаптылығы
1. Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеудiң тәртібі мен ережелерiн бұзғаны үшiн қылмыстық-атқару инспекциясы оған Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарына сәйкес жауапты болатынын ескертедi.
2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеуден қасақана жалтарушы сотталғандар жөнiнде қылмыстық-атқару инспекциясы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 42-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес сотқа қоғамдық жұмыстарды жазаның басқа түрлерiмен ауыстыру туралы ұсыныс жасайды.
7-тарау. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны атқару
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 36-бап өзгертілді
36-бап. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны атқару тәртібі
1. Түзеу жұмыстары сотталған адамның негізгі жұмыс орны бойынша өтеледі.
Түзеу жұмыстарын орындау жөніндегі қылмыстық-атқару инспекциясының қызметін ұйымдастыру тәртібін қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.
2. Түзеу жұмыстарына сотталғандар жазаны өтеуге қылмыстық-атқару инспекциясына үкiмнiң (ұйғарымның, қаулының) көшiрмесi мен соттың тиiстi өкімі келiп түскен күннен бастап он бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей тартылады.
3. Қылмыстық-атқару инспекциялары:
сотталғандардың есебiн жүргiзедi;
жазаны өтеудiң тәртібі мен ережелерiн түсiндiредi;
сотталғандардың жазаны өтеу ережелерiн сақтауын және сотталғандардың жұмыс орны бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiнiң үкiм талаптарын атқаруын бақылайды;
сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргiзедi;
сотталғандардың мiнез-құлқын бақылайды, қажет болған жағдайда оларды еңбекке орналастыру үшiн жұмыспен қамту орталықтарына жiбередi;
шақыру бойынша немесе тiркелуге дәлелдi себептерсiз келмеген сотталғандарды ерiксiз келтiру туралы шешiм қабылдайды;
жазаны өтеуден жалтарған сотталған адамдарға қатысты бастапқы іздестіру іс-шараларын жүргізеді және сотқа іздестіру жариялау туралы ұсыным енгізеді;
жазаны өтеу кезеңiнде өз қалауы бойынша жұмыстан босауға рұқсат бередi.
37-бап. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу ережелерi
1. Түзеу жұмыстарына сотталғандар жазаны өтеудiң белгiленген тәртібі мен ережелерiн сақтауға, еңбекке адал қарауға, өздерiне қылмыстық-атқару инспекциясы жүктеген мiндеттердi орындауға және оның шақыруы бойынша тiркелу үшiн айына екi рет келуге мiндеттi.
2. Түзеу жұмыстарына сотталғандардың табысынан сот үкімімен белгiленген мөлшерде ақы ұсталып қалады.
3. Жазаны өтеу мерзiмi iшiнде сотталғандарға қылмыстық атқару инспекциясының жазбаша рұқсатынсыз өз қалауы бойынша жұмыстан босауына тыйым салынады. Рұқсат жұмыстан босау себептерiнiң негiздiлiгiн тексерген соң берiлуi мүмкiн. Жұмыстан босауға рұқсат беруден бас тарту дәлелденуге тиiс. Бас тарту туралы шешiмге заңда белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
4. Сотталушы қылмыстық-атқару инспекциясына жұмыс орны мен тұратын жерiнiң өзгергенi туралы он күн мерзiмде хабарлауға мiндеттi.
5. Сотталушы жұмыс iстейтiн ұйымның әкiмшiлiгi жазаны өтеу уақытында қылмыстық-атқарушы инспекцияның келісімi бойынша кезектi демалыс, сондай-ақ он күнге және одан да көп күнге қосымша демалыс бередi. Сотталғандарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген демалыстың өзге түрлерi жалпы негiздерде берiледi.
38-бап. Түзеу жұмыстары түріндегі жаза мерзiмiнiң есептелуi
1. Түзеу жұмыстарының мерзiмi сотталушы жұмыс iстеген және оның табысынан ақы ұсталып қалған жылдармен және айлармен есептеледi. Сотталушының жұмыс iстеген күндерiнiң саны соттың жаза мерзiмiн белгiлеген әрбiр айындағы жұмыс күндерiнiң санынан кем болмауға тиiс. Егер сотталушы көрсетiлген күндер санында жұмыс iстемесе және жұмыс iстелмеген күндердi жаза мерзiмiне есептеу үшiн осы Кодексте белгiленген негiздеме болмаса, түзеу жұмыстарын өтеу сотталушының тиiстi жұмыс күндерiнiң санында толық жұмыс iстегенге дейiн жалғастырылады.
2. Ұйым әкiмшiлiгiнiң сот үкімінiң (қаулысының) көшiрмесiн алған күнi жазаны өтеу мерзiмiнiң басталуы болып табылады.
3. Сотталушының дәлелдi себептермен жұмыс iстемеген уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi. Бұл мерзiмге сотталушы ресми түрде жұмыссыз деп танылған уақыт та есептеледi.
4. Сотталушы қатарынан төрт айдан астам ұзақ ауырған кезде қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа оны жазасын өтеуден босату туралы ұсыныс жасайды.
5. Жазаны өтеу кезiнде сотталушы әйел жүктi болған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа жүктілігi бойынша демалыс берiлген кезден бастап оның жазаны өтеуiн кейiнге қалдыру туралы ұсыныс жасайды.
6. Жұмыс уақытының жиынтық есебi қолданылатын ұйымдарда жұмыс iстейiн сотталғандардың жазасын өтеу мерзiмi есептi кезең үшiн белгiленген жұмыс сағатының санынан аспайтын жұмыс уақытының ұзақтығы негiзге ала отырып есептеледi.