5. Фирмалық атау құқығына дау туған кезде оны бұрын пайдалана бастаған кәсiпкерге фирмалық атауға басымдық берiледi.
28-бап. Фирмалық атауға құқықтың ауысыуы
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, фирмалық атау жеке кәсiпкердiң iсiн және/немесе оның бiр бөлiгiн сатып алушыға ауысады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген реттi қоспағанда, фирмалық атаудан айыруға жол берiлмейдi.
3. Жеке кәсiпкер iсiнiң және/немесе оның бiр бөлiгiнiң фирмалық атауын иеленушi шарт бойынша басқа адамға шартта келісілген тәсiлдермен фирмалық атауды пайдалануға рұқсат бере алады. Шартта тұтынушыларды жаңылыстыруға жол бермеу шаралары көзделуге тиiс.
V тарау. Жеке кәсiпкерлiк қызметтi қорғау және оның кепiлдiктерi
29-бап. Мемлекеттік органдардың жеке кәсiпкерлер қызметiне араласуын шектеу
1. Заң актілерінде белгiленген реттердi қоспағанда, мемлекеттік органдардың жеке кәсiпкерлер қызметiне араласуға қақысы жоқ.
2. Жеке кәсiпкерлiк қызметтi ағымдағы тексерудi соған уәкiлеттi бақылау және қадағалау қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, егер заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, сондай-ақ мұндай тексерулер осының алдындағы тексеру актiсiнде айтылған нұсқамалардың орындалуын бақылау тәртібімен жүргiзiлетiн кезде болмаса, жылына бiр реттен жиi өткiзуге болмайды.
Тексеру материалдары бойынша қылмыстық iс қозғалған реттерде мұндай шектеулер қолданылмайды.
Бақылау және қадағалау мiндеттерiн жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жалақының, зейнетақылардың, жәрдемақылардың уақытылы төленуiн, Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарда көзделген, мiндеттi төлемдердiң аударылу тәртібінiң сақталуын тексерудi жылына бiр реттен жиi жүзеге асыруы мүмкiн.
3. Бақылаушы органдар тексеруiнiң нәтижелерi екi жақты акт жасау арқылы расталуға тиiс, онда ескертпелер тiзбесi, оларды жоюдың қажеттi шаралары мен мерзiмдерi көрсетiледi.
Актiде тараптардың әрқайсысы актiнiң қандай шарттарымен өздерiнiң келiспейтiнiн көрсетуге құқылы.
30-бап. Мемлекеттік органдардың ақпарат беру және жеке кәсiпкерлiкпен байланысты өзге де iс-әрекеттер жасау жөніндегі мiндеттерi
1. Мемлекеттік органдар жеке кәсiпкерлерге олардың сұрай салуы бойынша қолданылып жүрген заңдарға түсiндiрме, консультация және олардың кәсiпкерлiк қызметiне байланысты өзге де ақпарат беруге мiндеттi.
Мемлекеттік органдардың мұндай ақпарат беруден бас тартуға қақысы жоқ.
2. Мемлекеттік органдарға тiркеу, жер учаскесiн бөлiп беру, лицензия алу, осы баптың 1-тармағында көзделген ақпаратты беру мәселелерi бойынша, сондай-ақ өздерiнiң кәсiпкерлiк қызметiне байланысты өзге де мәселелер бойынша өтiнiш жасаған жеке кәсiпкерлерден заң актілерімен тiкелей көзделмеген ақша алымдарын алуға болмайды.
31-бап. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының жеке кәсiпкерлердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзатын iс-әрекеттерiне немесе әрекетсiздiгiне шағымдану
1. Жеке кәсiпкерлердi тiркеу, оларға лицензия беру, олардың қызметiн тексеру, оны тоқтату немесе тоқтата тұру туралы талап қою кезiнде, сондай-ақ осыған ұқсас басқа да жағдайларда өздерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған ретте жеке кәсiпкер тиiстi органның және (немесе) лауазымды адамның iс-әрекеттерiне орган (лауазымды адам) орналасқан жердегi немесе (шағым берушiнiң қалауы бойынша) жеке кәсiпкерлiк қызмет жүзеге асырылатын жер бойынша сотқа шағымдануға қақылы.
2. Құқық қорғау органдарының қылмыстық iс қозғауға және оны тергеуге байланысты iс-әрекеттерiне жеке кәсiпкердiң шағым жасауы қылмыстық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
32-бап. Жеке кәсiпкердi әлеуметтiк қорғау
1. Жеке кәсiпкер әртүрлi әлеуметтiк қамсыздандыру, әлеуметтiк және медициналық сақтандыру жүйелерiн пайдалануға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының зейнетақы заңдарына сәйкес төлемдер төлеп тұрған жағдайда жеке кәсiпкерлiк қызмет зейнетақы тағайындау үшiн жұмыс стажына есептеледi.
VI тарау. Жеке кәсiпкердiң қызметiн тоқтату
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 33-бап өзгерді ҚР 29.11.99 ж. № 200-I Заңымен 33-бап толықтырылды
33-бап. Жеке кәсiпкердiң қызметiн тоқтата тұру мен тоқтатудың негiздерi мен тәртібі
1. Жеке кәсiпкердiң қызметi ерiктi не мәжбүрлеу тәртібімен, сондай-ақ осы заңда көзделген жағдаяттар пайда болған ретте тоқтатылуы мүмкiн.
2. Жеке кәсiпкердiң қызметi ерiктi тәртiппен кез келген уақытта - өзiндiк кәсiпкерлiк жағдайында жеке кәсiпкердiң өздiгiнен қабылдаған шешiмiнiң, бiрлескен кәсiпкерлiк жағдайында - барлық қатысушылардың бiрлесiп қабылдаған шешiмiнiң негiзiнде тоқтатылады. Бiрлескен кәсiпкерлiктi тоқтату туралы шешiм оның қатысушыларының жартысы жақтап дауыс берсе, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, қабылданған болып есептеледi.
3. Жеке кәсiпкердiң қызметi мынадай жағдайларда:
1) банкроттық;
2) тiркеу кезiнде қалпына келтiрiлмейтiндей сипаттағы заң бұзушылыққа жол берiлуiне байланысты жеке кәсiпкердiң тiркелуiн жарамсыз деп тану;
3) егер қызмет лицензиялануға жататын болса, қызметтi лицензиясыз не заң актілері тыйым салған қызметтi жүзеге асыру;
4) заңдарды күнтiзбелiк жыл iшiнде бiрнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүзеге асыру жағдайларында;
5) заң актілерінде көзделген өзге де жағдайларда сот шешiмi бойынша мәжбүрлеу тәртібімен тоқтатылады.
Жеке кәсiпкердiң қызметiн тоқтату немесе тоқтата тұру бақылау және қадағалау мiндеттерiн жүзеге асыратын мемлекеттік органның өтiнiшi бойынша сот арқылы жүргiзiледi.
Жеке кәсiпкердiң қызметiн тоқтату немесе тоқтата тұру туралы талап арызды уәкiлеттi мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен және негiздерде сотқа жiбередi.
4. Жеке кәсiпкердiң қызметi осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген негiздерден басқа мынадай жағдайларда да:
1) өзiндiк кәсiпкерлiк - жеке кәсiпкер-азамат әрекетке қабiлетсiз деп танылғанда не ол қайтыс болғанда;
2) отбасылық кәсiпкерлiк пен жай серiктестiк - егер осы тармақтың 1)-тармақшасында аталған жағдаяттардың болуы нәтижесiнде бiрлескен кәсiпкерлiктiң бiр қатысушысы қалса немесе бiрде-бiр қатысушысы қалмаса, сондай-ақ некенiң бұзылуына байланысты мүлiк бөлiнгенде тоқтатылады.
5. Осы баптың 3-тармағының 2) - 4)-тармақшаларында көзделген негiздер бойынша жеке кәсiпкерлiктi тоқтату туралы талапты сотқа тиiсiнше тiркеушi орган, кәсiпкерлiк қызмет жөніндегі қадағалау мен бақылау қызметтерiн жүзеге асыруға немесе лицензия беруге уәкiлеттi мемлекеттік органдар және несие берушiлер мәлiмдеуi мүмкiн.
6. Осы баптың 3-тармағының 4-тармақшасында көзделген жағдайларда сот жеке кәсiпкердiң қызметiн тоқтату туралы шешiмнiң орнына мұндай қызметтi тоқтата тұру туралы шешiм шығаруы мүмкiн.
Жеке кәсiпкердiң қызметiн сот шешiмiнсiз тоқтата тұруға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген ерекше жағдайларда талап арызды 3 күннен аспайтын мерзiмде сотқа табыс ету мiндеттелiп, аталған мерзiмге рұқсат етiлуi мүмкiн. Бұл орайда қызметтi тоқтата тұру туралы акт сот шешiмi шыққанға дейiн қолданылады.
7. Жеке кәсiпкердiң қызметi оның (олардың) өтiнiшi не тиiстi жағдайларда сот шешiмi негiзiнде мұндай кәсiпкер (кәсiпкерлер) мемлекеттік тiзiлiмнен шығарылған кезден бастап тоқтатылған болып есептеледi. Мемлекеттік тiзiлiмнен алып тастау жеке кәсiпкердiң мемлекеттік тiркелгенi туралы куәлiгiн тiркеушi органға тапсырғаннан кейiн жүргiзiледi. Кәсiпкерлiк белгiленген жағдайларда тiркеусiз жүзеге асырылған кезде ол ерiктi сипатта болғанда - нақты тоқтатылған кезiнен бастап не, тиiсiнше, мәжбүрлеу жағдайында - сот шешiмi күшiне енген кезден бастап кәсiпкерлiк қызмет тоқтатылған болып есептеледi.
34-бап. Жеке кәсiпкердiң қызметiн ерiктi тәртiппен тоқтатудың салдарлары
1. Жеке кәсiпкердiң қызметi ерiктi тәртiппен тоқтатылған жағдайда кәсiпкерлiк қызметке байланысты мiндеттемелер бойынша барлық несие берушiлерге борышкер ол туралы дереу, бiрақ бiр айдан кешiктiрмей хабарлауға тиiс.
2. Жеке кәсiпкердiң қызметi, егер мұндай қызмет лицензияланатын болса, ерiктi тәртiппен тоқтатылған жағдайда, не осы Заңның 9-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда мiндеттi түрде мемлекеттік тiркеуге жатса, оның мынадай салдарлары болады:
1) кәсiпкерлiк қызметке байланысты емес мiндеттемелердi қоспағанда, мүлiктi беру, жұмыс атқару не қызмет көрсету бойынша кәсiпкердiң мiндеттемелерiн орындау мерзiмдерi басталған болып есептеледi;
2) несие берушi кәсiпкердiң қызметiн тоқтатуға байланысты мiндеттемелердiң орындалу мерзiмiнiң мезгiлiнен бұрын басталуын талап еткен не кәсiпкерлiк қызметтi тоқтатуға байланысты ақша мiндеттемелерi бойынша несие берушiлер басқа несие берушiлерге қарағанда нашар жағдайда қалады деп қауiптенуiне негiздер болған жағдайларды қоспағанда, ақша сипатындағы мiндеттемелердi орындау белгiленген мерзiмдерде жүзеге асырылады;
3) лицензияның қолданылуы лицензиялау туралы заңдарға сәйкес тоқтатылады.
3. Лицензияланбайтын қызмет түрлерi бойынша кәсiпкерлiк қызметтiң ерiктi тәртiппен тоқтатылуы кезiнде, сондай-ақ жеке кәсiпкер өз қызметiн мiндеттi мемлекеттік тiркеусiз жүзеге асыра алатын жағдайларда, егер несие берушiлермен жасалған келісімдерде өзгеше көзделмесе, кәсiпкерлiк қызметке байланысты мiндеттемелер заңдарда және шартта белгiленген тәртiп пен мерзiмде орындалуға тиiс.
35-бап. Жеке кәсiпкердiң қызметiн мәжбүрлеу тәртібімен тоқтатудың салдарлары
Жеке кәсiпкердiң қызметiн сот шешiмi бойынша тоқтатқан кезде осы Заңның 34-бабының 2-тармағындағы 1), 2)-тармақшаларда көзделген салдарлары болады және бұған қоса:
1) сот жеке кәсiпкердiң белгiленген мерзiм iшiнде белгiлi бiр қызмет түрлерiмен айналысуына аталған мерзiм бiткеннен кейiн мұндай қызметтi қайта бастау құқығымен осы Заңда белгiленген тәртiппен тыйым салуы мүмкiн;
2) егер сот шешiмiмен жеке кәсiпкерге белгiлi бiр мерзiм iшiнде оның жүзеге асыруға лицензиясы бар қызмет түрiмен айналысуға тыйым салынса, лицензия қайтарылып алынады не оның қолданылуы тоқтатыла тұрады.
36-бап. Жеке кәсiпкердiң қызметiн белгiлi бiр жағдаяттардың басталуына байланысты тоқтатудың салдарлары
1. Осы Заңның 33-бабының 4-тармағында көзделген жағдаяттар пайда болған ретте жеке кәсiпкердiң қызметiн тоқтатқан кезде оның мынадай салдарлары болады:
1) өзiндiк кәсiпкерлiк жағдайында қайтыс болған жеке кәсiпкердiң құқықтары мен мiндеттерi осы Заңның 23-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, заңмен белгiленген тәртiп бойынша оның мұрагерлерiне ауысады;
2) қайтыс болған ерлi-зайыпты жеке кәсiпкерлердiң құқықтары мен мiндеттерi мұрагерлiк құқық ережелерi бойынша, не олардың iстерi осы Заңда белгiленген тәртiппен мұрагерлерiне ауысады;
3) бiрлескен кәсiпкерлiктiң қайтыс болған (қайтыс болғандар) қатысушысының (қатысушыларының) құқықтары мен мiндеттерi мұрагерлiк құқық ережелерi бойынша, не оның (олардың) iстерi осы Заңда белгiленген тәртiппен мұрагерлерiне ауысады.
2. Жеке кәсiпкердiң қызметi осы Заңның 33-бабының 2,3,4-тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтатылған кезде тиiстi қызмет түрлерiн жүзеге асыруға берiлген лицензияның күшi де тоқтатылады.
37-бап. Жеке кәсiпкердiң қызметiн тоқтатуға байланысты несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру
1. Кәсiпкерлiк қызметтi ерiктi тәртiппен тоқтатқан кезде жеке кәсiпкер мiндеттемелердiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуынан келтiрiлген шығындардың орнын толтыру туралы несие берушiлердiң талаптарын осы қатынастарды реттейтiн заңдарға және өздерiнiң арасындағы шартқа сәйкес өзiне тиесiлi барлық мүлiктiң есебiнен қанағаттандыруға мiндеттi, бұған заң актілеріне сәйкес өндiрiп алуға болмайтын мүлiк қосылмайды.
Бiрлескен кәсiпкерлiк кезiнде оған қатысушылардың несие берушiлер алдындағы, жауапкершiлiгi, егер қатысушылардың келісімiнде өзгеше белгiленбесе, ортақ сипатта болады.
2. Жеке кәсiпкердiң қызметiн мәжбүрлеу тәртібімен тоқтатқан кезде сот мұндай шешiмдi қабылдаумен бiрге несие берушiлердiң борышкерге талаптарын қанағаттандыру туралы өтiнiшiн қарай алады. Бұл орайда сот несие берушiлердiң талаптары қанағаттандырылған кезге дейiн борышкерге тиесiлi мүлiкке тыйым сала алады. Кәсiпкерлiкке байланысы жоқ мiндеттемелердi орындау жалпы тәртiппен жүргiзiледi.
3. Бiрлескен кәсiпкерлiк кезiнде несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандырғаннан кейiн қалған ортақ мүлiк, егер заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, оның қатысушылары арасындағы келісімге сәйкес солардың арасында бөлiнуге тиiс.
VII тарау. Жеке кәсiпкердiң банкроттығы
38-бап. Банкрот деп жариялаудың негiздерi мен тәртібі
1. Борышкердi - жеке кәсiпкердi банкрот деп жариялауға оның жалақы төлеу жөніндегі талаптарды қоса алғанда, ақша мiндеттемелерi бойынша несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыруға, сондай-ақ өзiне тиесiлi мүлiктiң есебiнен бюджетке және бюджеттен тыс қорларға мiндеттi төлемдер төлеудi қамтамасыз етуге қабiлетсiздiгi негiз болып табылады.
2. Банкроттық сот шешiмiмен белгiленедi немесе несие берушiлердiң келісімi бойынша борышкер деп соттан тыс тәртiппен жарияланады.
3. Несие берушi үшiн борышкердiң банкроттығы туралы арызбен сотқа жүгiнуiне борышкердiң төлем қабiлетсiздiгi негiз болады.
Егер борышкер мiндеттеменi оның орындалу мерзiмi басталған кезден бастап үш ай iшiнде орындамаса, ол төлем қабiлетi жоқ деп саналады.
4. Борышкердiң өз банкроттығы туралы сотқа өтiнiш беруiне оның дәрменсiздiгi негiз болып табылады.
5. Жеке кәсiпкердi банкрот деп тану туралы арыз беруге борышкердiң, кәсiпкерлiк қызметтi борышкердiң жүзеге асыруына байланысты азаматтық-құқықтық мiндеттемелерi бойынша несие берушiлердiң, бюджетке және бюджеттен тыс қорларға төленетiн мiндеттi төлемдерге қатысты салық органдары мен өзге де уәкiлеттi мемлекеттік органдардың құқығы бар.
6. Жеке кәсiпкерге банкроттық рәсiмдерiн қолданған кезде оның кәсiпкерлiк қызметке байланысы жоқ мiндеттемелер бойынша, егер мұндай мiндеттемелер бойынша орындалу мерзiмi басталса, несие берушiлер де өз талаптарын қоюға құқылы.
39-бап. Банкрот деп тану туралы өтiнiш
1. Борышкердiң - жеке кәсiпкердiң өзiнiң банкрот болғандығы туралы өтiнiш сотқа кәсiпкерлiк қызметтi тiркеу орны бойынша, ал егер мұндай қызмет тiркеусiз жүзеге асырылатын болса, оның азаматтық iс жүргiзу заңдарының ережелерi бойынша анықталатын тұрғылықты жерi бойынша, бiрлескен кәсiпкерлiк кезiнде - жеке кәсiпкерлердiң бiрiнiң тұрғылықты жерi бойынша берiледi.
2. Жеке кәсiпкердiң өз банкроттығы туралы өтiнiшiне - азамат, бiрлескен кәсiпкерлiк кезiнде - оның барлық қатысушылары немесе олардың өкiлдерi қол қояды және онда заңды тұлға борышкерiнiң банкроттығы туралы мәлiмдеуi үшiн белгiленген барлық қажеттi мәлiметтер, сондай-ақ жеке кәсiпкердiң кәсiпкерлiк қызметке байланысы жоқ мiндеттемелерi туралы мәлiметтер қамтылуға тиiс.
3. Несие берушiнiң борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiшi заңды тұлға несие берушiсiнiң мәлiмдеуi үшiн банкроттық туралы заңдарда белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
40-бап. Банкроттық туралы iстердi қозғау және қарау
Жеке кәсiпкердiң банкроттығы туралы iстердi қозғау мен қарау заңды тұлғалар үшiн белгiленген ережелер бойынша мынадай ерекшелiктермен жүзеге асырылады:
1) банкроттық туралы iстер несие берушiлердiң борышкерден талап ететiн сомасына қарамастан сотта қаралады;
2) банкроттық туралы iс бойынша iс қозғау, егер сот ұйғарымында өзгеше белгiленбесе, борышкердiң мүлкiне сырттан басқаруды енгiзуге әкелiп соқпауы мүмкiн;
3) борышкердiң банкроттығы кезiнде несие берушiнiң мүдделерiн қамтамасыз ету мақсатында сот iс бойынша iс қозғаған кезден бастап оның мүлкiн, оның iшiнде ортақ меншiктегi оның үлесiн жауып қояды, бұған кепiлдiк немесе үшiншi адамдар тарапынан борышкер мiндеттемелерiнiң орындалуын қамтамасыз етудiң өзге әдiсi ұсынылған реттер қосылмайды;
4) борышкердiң арызы бойынша сот бiтiмгершiлiк келісімге жету не оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiштi қарау үшiн iстiң қаралуын бiр айдан аспайтын мерзiмге кейiнге қалдыруы мүмкiн. Бiтiмгершiлiк келісім азаматтық iс жүргiзу заңдарында көзделген ережелер бойынша жасалады, әрi бұл оны жасауға келісім бермеген несие берушiлерге қолданылуға тиiс емес.
5) борышкер осы баптың 4) тармақшасында көзделген мерзiмде несие берушiлер талаптарының қанағаттандырылғанының немесе қанағаттандырылу мүмкiндiгiнiң немесе бiтiмгершiлiк келісім жасалғанының дәлелдемелерiн табыс етпеген жағдайда, сондай-ақ оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiштi қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда сот борышкердi банкрот деп тану туралы шешiм шығарады;
6) борышкер-жеке кәсiпкердiң банкроттығы туралы iс бойынша iс қозғау ақша сомаларын өндiрiп алу туралы соттардың шешiмдерiн орындауға немесе борышкердiң кәсiпкерлiк қызметiне байланысы жоқ мiндеттемелер бойынша оның мүлкiнен өндiрiп алуға кедергi болмайды;
7) кәсiпкерлiк қызметке байланысты емес, борышкерден ақша сомаларын өндiрiп алу туралы сот шешiмi немесе басқа орындаушылық құжаттар жоқ мiндеттемелердi орындау сот тиiстi шешiм шығарғанға дейiн тоқтатыла тұрады;
8) борышкердiң мәмiлелерiн жарамсыз деп тануды сот өз бастамасы бойынша немесе мүдделi адамдардың өтiнiшi бойынша Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде және банкроттық туралы заңдарда көзделген тәртiп пен негiздерде жүзеге асырады;
9) банкроттық туралы заңдарда заңды тұлғалар үшiн көзделген негiздер бойынша борышкер банкрот деп танылғанға дейiн мүлiк қайтарылған және оның мәмiлелерiнiң жарамсыздығы танылған кезде банкроттық туралы iс қозғалғанға дейiнгi бiр жыл iшiнде жеке кәсiпкердiң жұбайына (зайыбына), тiкелей алдыңғы және кейiнгi буындағы туыстарына, апа-сiңлiлерiне, аға-iнiлерiне және олардың төменгi буындағы туыстарына, жұбайының (зайыбының) тiкелей алдыңғы және кейiнгi буындағы туыстарына, апа-сiңлiлерiне, аға-iнiлерiне берiлген мүлiктi қайтару талап етiлуi мүмкiн.
41-бап. Жеке кәсiпкерлердiң банкроттығы туралы iстер бойынша оңалту рәсiмi
1. Жеке кәсiпкердiң банкроттығы туралы iс бойынша iс қозғалғаннан кейiн сот борышкердiң оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшiн қанағаттандыра алады.
2. Жеке кәсiпкерлердiң банкроттығы туралы iстер бойынша оңалту рәсiмi банкроттық туралы заңдарда заңды тұлғалар үшiн белгiленген ережелер бойынша мынадай ерекшелiктердi сақтай отырып жүргiзiледi:
1) оңалту жоспарын банкроттық туралы iс бойынша iс жүргiзудi сот кейiнге қалдырған кезден бастап бiр ай iшiнде борышкер-жеке кәсiпкер не оңалту басқарушысына кандидат әзiрлейдi және талап ету сомасы олардың талап ететiн жалпы сомасының кемiнде 2/3 бөлiгiн құрайтын конкурстық және кепiлдiк несие берушiлердiң келісімi болған жағдайда сот бекiтедi;
2) талап ету сомасы олардың талап ететiн жалпы сомасының кемiнде 2/3 бөлiгiн құрайтын кепiлдiк және конкурстық несие берушiлердiң келісімiмен сот оңалту басқарушысын тағайындамай, борышкердiң өз мүлкi мен iстерiн басқаруын сақтап қала алады.
42-бап. Жеке кәсiпкердi банкрот деп танудың салдарлары
1. Сот жеке кәсiпкердi банкрот деп тану туралы шешiм шығарған кезден бастап мынадай салдарлар болады:
1) кәсiпкерлiк қызметке байланысты мiндеттемелердi орындау мерзiмдерi басталған болып саналады.
2) кәсiпкерлiк қызметке байланысты банкрот берешегiнiң барлық түрлерi бойынша өсiм мен проценттер есептеу тоқтатылады;
3) борышкерден барлық орындаушылық құжаттар бойынша өндiрiп алу тоқтатылады, бұған өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер жауап беретiн азаматтардың талаптары бойынша, сондай-ақ алименттер өндiрiп алу туралы талаптар бойынша орындаушылық құжаттар қосылмайды;
4) сот шешiмiмен кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензияның қолданылуы тоқтатылады.
2. Сот орталық әдiлет органының ресми баспасөз басылымдарының бiрiнде жеке кәсiпкердi банкрот деп тану туралы хабарландыру жариялайды. Хабарландыруда несие берушiлердiң сотқа талап беру мерзiмi көрсетiледi, ол хабарландыру жарияланған күннен бастап екi ай мерзiмнен кем болмауға тиiс.
43-бап. Несие берушiлердiң талаптарын қарау
1. Сот несие берушiлердiң осы Заңның 42-бабының 2-тармағында көзделген мерзiмдерде мәлiмделген талаптарын қарайды. Қарау нәтижелерi бойынша сот несие берушiлердiң мәлiмделген талаптарының мөлшерi және оларды қанағаттандыру тәртібі туралы ұйғарым шығарады.
2. Сот ұйғарымында кәсiпкерлiк қызметке байланысты емес, тиiстi шешiм шығарылғанға дейiн сотқа берiлген мiндеттемелер бойынша несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру тәртібі де белгiленедi.
44-бап. Несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру
1. Сот депозитiне есептелген сомада несие берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғанға дейiн сот шығындары, сондай-ақ тағайындалған жағдайда әкiмшiге, оңалту, конкурстық басқарушыларға сыйақы төлеу жөніндегі шығындар жабылады.
2. Несие берушiлердiң талаптары Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (Жалпы бөлiм) 21-бабында белгiленген кезек бойынша қанағаттандырылады.
3. Әртүрлi кезектегi несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандырудың көлемi мен тәртібі "Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасы Заңында белгiленген ережелер бойынша айқындалады.
4. Несие берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлiк борышкерге қайтарылады не бiрлескен кәсiпкерлiк жағдайында осы Заңның 37-бабының 3-тармағында көзделген ережелер бойынша қатысушылар арасында бөлiнедi.
45-бап. Жеке кәсiпкердiң өтелмеген мiндеттемелерi
1. Банкрот ден танылған борышкер несие берушiлермен есеп айырысып болғаннан кейiн кәсiпкерлiк қызметке байланысты қалған мiндеттемелердi орындаудан босатылады, бұған банкрот деп жарияланған тұлға өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жауап беретiн азаматтардың талаптары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жеке сипаттағы өзге де талаптар қосылмайды.
2. Кәсiпкерлiк қызметке байланысы жоқ мiндеттемелер жөніндегі талаптар, егер мұндай талаптар конкурстық мүлiктен толық көлемiнде қанағаттандырылмаған болса, күшiн сақтап қалады және банкроттық рәсiмдер аяқталғаннан кейiн жеке адам ретiнде борышкерге өндiрiп алуға қойылуы мүмкiн. Бұл талаптардың мөлшерi борышкердiң банкроттығы процесiнде алынып қанағаттандырылған сомасына кемiтiледi.
46-бап. Жеке кәсiпкердiң iсiн соттан тыс тарату
1. Жеке кәсiпкердiң iсiн соттан тыс тарату және оның борыштарын жою барлық несие берушiлермен келісім бойынша жүзеге асырылады.
2. Кез келген несие берушi борышкермен жеке кәсiпкердiң iсiн соттан тыс тарату туралы келісім жасағаннан кейiн борышкердiң банкроттығы туралы арыз жазып сотқа жүгiне алады.
3. Жеке кәсiпкер iсiнiң соттан тыс таратылуы туралы борышкер орталық әдiлет органының ресми баспасөз басылымдарының бiрiнде хабарландыру жасауға және тiркеушi органға өзiнiң жеке кәсiпкерлiк қызметiн тоқтату туралы арыз беруге тиiс.
4. Несие берушiлермен жеке кәсiпкердiң iсiн соттан тыс тарату туралы келісім жасалған кезден бастап осы Заңның 46-бабының 1-тармағында көзделген салдарлар пайда болады.
Қазақстан Республикасының Президентi