Жеке кәсiпкерлiк туралы 1997
жылғы 19 маусымдағы № 135-1 Қазақстан Республикасының Заңы
(ҚР 24.12.01 ж. № 276-II; 08.12.97 ж. № 200-I; 29.11.99 ж. № 488-I
Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
2006.31.01. № 124-III ҚР Заңымен күші жойылды
Осы Заң азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясында белгiленген кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне құқығын iске асыруға, жеке кәсiпкерлiк үшiн мемлекеттік кепiлдiктер жүйесiн қалыптастыруға бағытталған.
I тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Жеке кәсiпкерлiк ұғымы
1. Жекеше кәсiпкерлiк түрi ретіндегі жеке кәсiпкерлiк азаматтардың бастама жасайтын қызметi, ол табыс табуға бағытталған, азаматтардың өздерiнiң меншiгiне негiзделген және олардың тәуекелi мен мүлiктiк жауапкершiлiгi арқылы азаматтар атынан жүзеге асырылады.
2. Заңды тұлға құрмай және заңды тұлға белгiлерi болмаған жағдайда кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын жеке адам жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылады.
2-бап. Жеке кәсiпкерлiк туралы заңдар
1. Жеке кәсiпкерлiк саласындағы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, оған қайшы келмейтiн өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
2. "Жекеше кәсiпкерлiктi қорғау және қолдау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы жеке кәсiпкерлiкке осы Заңда белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып қолданылады.
3. Осы Заң нотариустар мен адвокаттардың арнаулы заң актілерімен реттелмейтiн бөлiктегi қызметiн жүзеге асыру жөніндегі қатынастарды реттейдi.
3-бап. Жеке кәсiпкерлiктiң түрлерi
1. Жеке кәсiпкерлiктiң түрлерi өзiндiк кәсiпкерлiк пен бiрлескен кәсiпкерлiк болып табылады.
2. Өзiндiк кәсiпкерлiктi бiр азамат меншiк құқығы бойынша өзiне тиесiлi мүлiк негiзiнде, сондай-ақ мүлiктi пайдалануға және (немесе) оған билiк етуге жол беретiн өзге де құқыққа байланысты дербес жүзеге асырады.
3. Бiрлескен, кәсiпкерлiктi азаматтар тобы (жеке кәсiпкерлер) ортақ меншiк құқығы бойынша өздерiне тиесiлi мүлiк негiзiнде, сондай-ақ мүлiктi бiрлесiп пайдалануға және (немесе) оған билiк етуге жол беретiн өзге де құқыққа байланысты жүзеге асырады.
4-бап. Бiрлескен кәсiпкерлiктiң түрлерi
1. Бiрлескен кәсiпкерлiк бiрлескен ортақ меншiк (ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi, шаруа (фермерлiк) шаруашылығының ортақ меншiгi, жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ меншiк) немесе үлестiк ортақ меншiк негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Бiрлескен кәсiпкерлiктiң түрлерi мыналар болып табылады:
1) ерлi-зайыптылардың бiрлескен ортақ меншiгi негiзiнде жүзеге асырылатын ерлi-зайыптылар кәсiпкерлiгi;
2) шаруа (фермерлiк) шаруашылығының ортақ меншiгi немесе жекешелендiрiлген тұрғын үй бiрлескен ортақ меншiк негiзiнде жүзеге асырылатын отбасылық кәсiпкерлiк;
3) кәсiпкерлiк қызмет үлестiк ортақ меншiк негiзiнде жүзеге асырылатын жай серiктестiк.
5-бап. Жеке кәсiпкерлiктiң әр алуан түрлерiн жүзеге асыру кезiнде iскерлiк айналымда iс-қимыл жасау
1. Некеде тұратын азамат кәсiпкер ретiнде өз зайыбын (ерiн) ескертпей өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асырған ретте бұл зайыптың (ерiнiң) кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға келісімi талап етiлмейдi.
Азамат өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асыру үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн пайдаланған жағдайларда, егер заң актілерінде немесе неке келісім-шартында, не ерлi-зайыптылардың арасындағы өзге де келісімде басқаша көзделмесе, мұндай пайдалануға зайыбының (ерiнiң) келісімi көзделедi.
2. Ерлi-зайыптылардың iскерлiк айналымда кәсiпкерлiк жүзеге асыруы кезiнде ерлi-зайыптылардың бiрi екiншiсiнiң келісімiмен ерлi-зайыптылардың атынан iс-қимыл жасайды, мұның өзi жеке кәсiпкерлiктi тiркеу кезiнде расталуы немесе жеке кәсiпкердiң қызметтi мемлекеттік тiркеусiз жүзеге асырылатын жағдайларда жазбаша түрде көрсетiлiп, нотариаттық куәландырылуы мүмкiн.
Ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң iскерлiк айналымда олардың атынан екiншiсiнiң iс-қимыл жасауына осылайша бiлдiрген келісімi болмаған жағдайда iскерлiк айналымда iс-қимыл жасаушы жұбайы кәсiпкерлiк қызметтi өзiндiк кәсiпкерлiк түрiнде жүзеге асырады деп саналады.
3. Кәсiпкерлiк қызметтiң объектiсi ретiнде жекешелендiрiлген тұрғын үйдi пайдалануға байланысты отбасылық кәсiпкерлiктi жүзеге асырған кезде iскерлiк айналымда тұрған үйге меншiк иелерiнiң бiрiнiң iс-қимыл жасауы басқа меншiк иелерiнiң нотариат куәландырған келісімiмен ғана жүргiзiледi.
4. Жеке кәсiпкерлiктi жай серiктестiк нысанын пайдаланып жүзеге асырған кезде жай серiктестiк қатысушыларының ортақ iстерi олардың ортақ келісімiмен жүргiзiледi. Бiр-бiрiмен өзара келісім бойынша қатысушылар iскерлiк айналымда iс-қимыл жасауды қатысушылардың бiреуiне тапсыруы мүмкiн, бұл жағдайда ол серiктестiктiң басқа қатысушылары берген сенiмхат негiзiнде iс-қимыл жасайды.
6-бап. Жеке кәсiпкерлердiң борыштары бойынша олардың мүлкiнен өндiрiп алу
1. Жеке кәсiпкерлер өз мiндеттемелерi бойынша, Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес өндiрiлiп алынбайтын мүлiктi қоспағанда, өздерiнiң барлық мүлкiмен жауап бередi.
2. Азамат өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асырған кезiнде меншiк құқығы бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен, оның iшiнде ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгіндегі үлесiмен жауапты болады.
Азамат кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн пайдаланған жағдайларда оның борыштары бойынша өндiрiп алу ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне де қолданылуы мүмкiн.
Егер кәсiпкер болып табылмайтын ерлi-зайыптының бiрi екiншiсiнiң кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру үшiн ортақ мүлiктi пайдалануына келiспесе, ол ортақ мүлiктi бөлу туралы мәселе қоюға, оның iшiнде сот тәртібімен мәселе қоюға да құқылы.
Кәсiпкер болып табылмайтын ерлi-зайыптының әрқайсысының мүлкi өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асырушы жұбайдың борыштары бойынша өндiрiп алу нысанасы бола алмайды.
3. Ерлi-зайыптылар кәсiпкерлiктi жүзеге асырған кезде кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға байланысты ерлi-зайыптылардың борыштары бойынша өндiрiп алу iскерлiк айналымда олардың қайсысының iс-қимыл жасайтынына қарамастан, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне қолданылуы мүмкiн.
4. Кәсiпкерлiк қызмет объектiсi ретiнде жекешелендiрiлген тұрғын үй пайдаланылатын жағдайларда борыштар бойынша өндiрiп алу осы тұрғын үйге қолданылады.
5. Жай серiктестiкпен байланысты кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырған кезде жай серiктестiктiң қатысушылары, егер бiрлескен қызмет туралы шартта өзгеше көзделмесе, жай серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша үшiншi тұлғалар алдында бiрлесiп жауап бередi.
7-бап. Жай серiктестiк
1. Жай серiктестiк бiрлескен шаруашылық қызмет туралы шарт негiзiнде құрылады.
2. Бiрлескен шаруашылық қызмет туралы шарт (жай серiктестiк шарты) бойынша тараптар (жеке кәсiпкерлер) жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыру үшiн бiрлесiп iс-әрекет жасауға мiндеттенедi.
3. Жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыру үшiн жай серiктестiктiң қатысушылары жарналарды мүлкiмен немесе өзге де мүлiктiк құқықтарымен, соның iшiнде санаткерлiк қызмет нәтижелерiне құқығын қоса, енгiзедi.
Қатысушылардың жарналары, егер жай серiктестiк шартында өзгеше көзделмесе, құны бойынша тең болып көзделедi. Мүлiк немесе еңбек жарнасын ақшамен бағалау серiктестiк қатысушыларының арасындағы келісім бойынша жүргiзiледi.
4. Шартқа қатысушылардың ақшалай немесе өзге де мүлiктiк жарналары, сондай-ақ кәсiпкерлiк қызметтi бiрлесiп жүзеге асыру нәтижесiнде жасалған немесе сатып алынған мүлiк олардың ортақ үлестiк меншiгi болып табылады.
5. Бiрлескен кәсiпкерлiк қызмет бойынша ортақ шығындарды және оның нәтижесiнде болуы мүмкiн зияндарды өтеу тәртібі қатысушылардың шартында белгiленедi. Егер шартта мұндай тәртiп көзделмесе, ортақ шығындар мен зияндар шартқа қатысушылардың ортақ мүлкiнiң есебiнен өтеледi, ал жетпеген сомалар олардың арасында өздерiнiң осы мүлiктегi үлестерiне пропорциялы түрде бөлiнедi.
6. Серiктестiкке қатысушылардың бiрлескен кәсiпкерлiк қызмет нәтижесiнде алған табысы (пайдасы), егер жай серiктестiк шартында өзгеше көзделмесе, олардың ортақ мүлiктегi үлестерiне пропорциялы түрде бөлiнедi. Қандай да бiр қатысушыны пайда бөлiсiнен шеттету туралы келісім жарамсыз болып табылады.
7. Серiктестiк қатысушыларының ортақ мүліктегi өз үлесiне билiк етуге және тиiсiнше серiктестiкке қатысу құқығын өзге қатысушылардың келісімiнсiз басқаға беруге қақысы жоқ.
Серiктестiк қатысушысының өз қалауы бойынша бiрлескен қызметке қатысудан бас тартуға құқығы бар. Қатысушылардың олардың қайсыбiрiнiң серiктестiкке қатысудан бас тартуынан туындаған зияндары, егер жай серiктестiктiң шартында өзгеше көзделмесе, толық көлемiнде өндiрiп алынады.
8-бап. Шаруа шаруашылығы (фермерлiк шаруашылық)
1. Ауыл шаруашылығына арналған жерлердi ауыл шаруашылық өнiмiн өндiру үшiн пайдаланумен, сондай-ақ сол өнiмдi ұқсату және өткiзумен тығыз байланысты жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыратын шаруашылық шаруа шаруашылығы (фермерлiк шаруашылық) деп танылады.
2. Фермерлiк шаруашылықтың (шаруа шаруашылығының) негiзгi түрлерi:
1) кәсiпкерлiк қызмет бiрлескен ортақ меншiк базасына негiзделген отбасылық кәсiпкерлiк нысанында жүзеге асырылатын шаруа шаруашылығы;
2) өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асыруға негiзделген фермерлiк шаруашылық;
3) бiрлескен қызмет туралы шарттың негiзiнде жай серiктестiк түрiнде ұйымдастырылған фермерлiк шаруашылық болып табылады.
4) Қазақстан Республикасының заң актілерімен шаруа шаруашылығының (фермерлiк шаруашылықтың) басқа да түрлерi көзделуi мүмкiн.
3. Шаруа шаруашылықтарымен (фермерлiк шаруашылықпен) байланысты құқық қатынастары осы Заңмен және арнаулы заңдармен реттеледi.
II тарау. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттік тiркеу және лицензиялау
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 9-бап өзгерді
9-бап. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттік тiркеу
1. Мына талаптардың бiрiне сай келетiн:
1) жалдамалы қызметкерлердiң еңбегiн тұрақты негiзде пайдаланатын;
2) кәсiпкерлiк қызметтен Қазақстан Республикасының заң актілерінде жеке тұлғалар үшiн белгiленген салық салынбайтын жылдық жиынтық табыс мөлшерiнен асып түсетiн мөлшерде салық заңдарына сәйкес есептелген жылдық жиынтық табысы бар жеке кәсiпкерлер мiндеттi түрде мемлекеттік тiркеуден өтуге тиiс.
Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы бапта аталған жеке кәсiпкерлердiң қызметiне, тiркеуден өтпесе, тыйым салынады.
2. Заңды тұлға құрмастан кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырушы азаматтарды мемлекеттік тiркеу өзi барып тiркелетiн сипатта болады және жеке кәсiпкер ретiнде азаматтың тұрғылықты жерi бойынша аумақтық салық органында (бұдан әрi - тiркеушi орган) есепке алынуы болып табылады.
3. Осы баптың 1-тармағында аталмаған жеке кәсiпкерлер өз қалауы бойынша жеке кәсiпкер ретiнде тiркелуге құқылы.
Осы баптың 1-тармағында аталғаннан басқа жеке кәсiпкерлерде мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктiң болмауы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру үшiн кедергi болып табылмайды.
4. Өз қызметiн мемлекеттік тiркеусiз жүзеге асырушы жеке кәсiпкердiң өз мәмiлелер жасасқан жағдайда өзiнiң кәсiпкер еместiгiне сiлтеме жасауға құқығы жоқ.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 10-бап өзгерді
10-бап. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттік тiркеу тәртібі
1. Мемлекеттік тiркеу үшiн жеке кәсiпкер тiркеушi органға:
1) уәкiлеттi орган белгiлеген нысандағы өтiнiштi;
2) жеке кәсiпкерлердi мемлекеттік тiркегенi үшiн алынатын алым сомасының бюджетке төленгенiн растайтын құжатты табыс етедi.
2. Осы баптың 1-тармағында келтiрiлген құжаттар болған жағдайда тiркеушi орган жеке кәсiпкерге құжаттар тапсырылған күнi мемлекеттік тiркеу жасайды.
3. Осы Заңның 9-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда, ерлi-зайыптылар кәсiпкерлiгi, отбасылық кәсiпкерлiк, сондай-ақ тұрақты негiзде құрылатын жай серiктестiк нысанында бiрлескен жеке кәсiпкерлiктi тiркеу кезiнде азаматтармен, ұйымдармен және мемлекеттік органдармен қатынаста мүдделерiн бiлдiруге және азаматтық-құқықтық мәмiлелердi жүзеге асыруға уәкiлеттi тұлға өтiнiш бередi.
Мемлекеттік тiркеу туралы куәлiк уәкiлеттi тұлғаға жазып берiледi. Куәлiкке тiркеушi органның басшысы растаған бiрлескен жеке кәсiпкерлiк мүшелерiнiң тiзiмi қоса берiледi.
4. Жеке кәсiпкердi мемлекеттік тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген тәртiппен алым алынады.
Мемлекеттік тiркеу туралы куәлiк беруге арналған өтiнiште көрсетiлген деректер өзгерген ретте кәсiпкер өзгерістер туралы тiркеушi органға осы орган белгiлеген нысан бойынша хабарлауға мiндеттi. Мемлекеттік тiркеу туралы куәлiкте көрсетiлген деректер өзгерген ретте кәсiпкер қайта тiркеудi жүзеге асыруға және жаңа куәлiк алуға мiндеттi.
Кәсiпкер мемлекеттік тiркеу туралы куәлiгiн жоғалтып алған жағдайда оған өзiнiң өтiнiшi бойынша мемлекеттік тiркеудi растайтын құжаттың көшiрмесi берiледi.
Мемлекеттік тiркеудi растайтын құжаттың көшiрмесi берiлгенi үшiн кәсiпкерден Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленетiн тәртiппен алым алынады.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 11-бап өзгерді
11-бап. Мемлекеттік тiркеу туралы куәлiк
1. Мемлекеттік тiркеу туралы куәлiк кәсiпкерлiк қызметтi заңды тұлға құрмастан жүзеге асыратын азаматты жекелеу тәсiлi болып табылады.
2. Мемлекеттік тiркеу туралы куәлiк жеке кәсiпкерге осы заңның 10-бабының 2-тармағында белгiленген мерзiмде берiледi.
Тiркеушi орган жеке кәсiпкер ретiнде мемлекеттік тiркеу туралы хабарламаны тiркеу күнiнен бастап он күн мерзiмде статистикалық қызмет жүргiзетiн уәкiлеттi органға жiбередi.
3. Жеке кәсiпкердi мемлекеттік тiркеу туралы куәлiк, егер өтiнiште өзге мерзiм көзделмесе, мерзiмсiз уақытқа берiледi.
4. Жеке кәсiпкердi мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктiң нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
5. Жеке кәсiпкерлердi мемлекеттік тiркеу мәселесi болып табылатын мәлiметтер жалпы жұртқа ашық болады.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 12-бап өзгерді
12-бап. Жеке кәсiпкерлiк қызметтi лицензиялау
1. Егер жеке кәсiпкер лицензиялануға тиiстi қызметтi жүзеге асырса, оның осындай қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензиясының болуы мiндеттi.
2. Лицензия лицензиялау туралы заңдарда белгiленген тәртiппен берiледi.
Қазақстан Республикасының Үкіметі жеке кәсiпкерлерге лицензиялар берудiң оңайлатылған тәртібін белгiлеуге құқылы.
Жеке кәсiпкерлiк тәртібімен жолаушылар мен жүктердi автомобиль көлiгiмен немесе өзге көлiкпен тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде лицензия беру үшiн тиiстi санаттағы жүргiзушiлiк құқығының болуы жеткiлiктi негiз болып табылады.
Табыс етiлген құжаттар негiзiнде лицензия беру кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру шарттарын тексерусiз, сондай-ақ үмiткердiң білімiн біліктiлiк сынағынан өткiзбей жүргiзiледi.
Жоғарыда көрсетiлген құжаттар болған кезде лицензия беруден бас тартуға жол берiлмейдi.
3. Лицензия берiлгенi үшiн жеке кәсiпкерден қызметтiң жекелеген түрлерiмен айналысу құқығы үшiн лицензиялық алым алынады. Алымды есептеу, төлеу және төленген сомаларды қайтару тәртібі Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгiленедi.
4. Жеке медициналық, дәрiгерлiк, мал дәрiгерлiк қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензия мерзiмi шектелмей (тұрақты лицензия); көлiк қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензия - кемiнде бес жыл мерзiмге; жеке кәсiпкерлiк қызметтiң өзге түрлерiн жүзеге асыру құқығына лицензия (тауарлардың экспорты мен импортына лицензия берудi қоспағанда) - кемiнде бiр жыл мерзiмге; тауарлардың экспорты мен импортына лицензия - лицензиялау туралы заңдарда көзделген мерзiмдерге берiледi.
5. Қызметтiң лицензияланатын түрiн жүзеге асыру құқығына лицензия азаматтың жеке кәсiпкер ретiнде тiркелгендiгiне немесе тiркелмегендiгiне қарамастан берiледi.
III тарау. Жеке кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру
13-бап. Жеке кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру шектерi
Егер заңдарға өзгеше белгiленбесе жеке кәсiпкер кәсiпкерлiк қызметтiң кез келген түрiн жүзеге асыруға құқылы.
14-бап. Жеке кәсiпкерлiк қызметтiң мүлiктiк негiздерi
1. Жеке кәсiпкерлiк азаматтарға меншiк құқығы бойынша немесе мүлiктi кәсiпкерлiкпен айналысу үшiн пайдалануға және (немесе) оған билiк етуге жол беретiн өзге де құқықтармен тиесiлi мүлiктiң негiзiнде және солардың есебiнен жүзеге асырылады.
2. Заңды тұлғалар мен азаматтар заңдарда белгiленген жағдайларда кәсiпкерлiк қызметтi жүргiзу мақсатында пайдалану үшiн көп пәтерлi үйлердегi пәтерлердi қоса алғанда, өздерiне тиесiлi үйлердi, құрылыстар мен үй-жайларды жалға беруге құқылы.
15-бап. Кәсiпкерлiк iс
1. Кәсiпкерлiк iс - мүлiктiк құқықтарды қоса алғандағы мүлiктiң жиынтығы, жеке кәсiпкер өз қызметiн солардың негiзiнде және солар арқылы жүзеге асырады.
2. Кәсiпкерлiк iс тұтастай немесе оның бiр бөлiгi құқықтарды белгiлеуге, өзгертуге және тоқтатуға байланысты сатып алу-сату, кепiлге беру, жалға беру және басқа да мәмiлелер объектiсi болуы мүмкiн.
16-бап. Өнiмнiң (жұмыстың, қызметтiң) сапасына қойылатын талаптар
1. Жеке кәсiпкер өзi өндiретiн өнiмнiң (жұмыстың, қызметтiң) сапасы үшiн жауап бередi.
2. Жеке кәсiпкердiң өндiретiн өнiмi (жұмысы, қызметi), егер тапсырысшымен шартта өзгеше талаптар белгiленбесе, қойылатын талаптарға сай келуге тиiс.
Мемлекеттік стандарттар белгiленген өнiм (жұмыс, қызмет) осы стандарттарға сай болуы тиiс.
3. Егер бұл белгiленген ережелерде көзделсе, жеке кәсiпкер сататын өнiмнiң (жұмыстың, қызметтiң) сапа сертификаты немесе сәйкестiк белгiсi болуға тиiс.
17-бап. Жеке кәсiпкерлердiң сауда қызметi
1. Жеке кәсiпкерлер өздерi өндiретiн өнiмдi, сондай-ақ сату мақсатында сатып алынған тауарларды, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, заңдарда тыйым салынбаған кез келген әдiстермен және кез келген жерде сатуға құқылы.
2. Жеке кәсiпкерлер елдi мекендердiң (мұндай сауда жасауға жергiлiктi атқарушы органдар тiкелей тыйым салған, белгiленген тәртiппен заңды тұлғаларға бекітілiп берiлген, сондай-ақ алаңдардың, көшелердiң, жолдардың жүргiн бөлiгi болып табылатын учаскелерден, өтетiн жерлерден және қоғамдық көлiктiң жолаушылар аялдамаларынан басқа жерлерде) ортақ пайдаланыстағы жерлерiн ұсақ бөлшек сауда жүргiзу үшiн (қолдан және тасымалданатын астаушадан сауда жасау), егер мұндай сауда:
1) жүргiншiлер жүрiсiне кедергi жасамайтын;
2) маңындағы тұрғын үйлердiң (тұрғын жайлардың) тұрғындарына қолайсыздық туғызбайтын;
3) санитариялық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылатын;
4) аумақтың ластануына әкеп соқпайтын жағдайларда пайдалануға құқылы.
Аталған сауданы жүзеге асырғаны үшiн ақы алынбайды.
18-бап. Жеке кәсiпкерлердiң ақшалай есеп айырысуы
Жеке кәсiпкерлердiң өздерiнiң кәсiпкерлiк қызметiн жүзеге асыруға байланысты есеп айырысуы, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, өздерiнiң қалауы бойынша қолма-қол төлейтiн де, қолма-қол төлемейтiн де тәртiппен жүргiзiледi.
19-бап. Жеке кәсiпкерлерге банк қызметiн көрсету
Жеке кәсiпкерлерге банк қызметiн көрсету қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жеке кәсiпкерлердiң банктермен жасасқан шарттарының негiзiнде жүзеге асырылады.
Банктер жеке кәсiпкерлерге Қазақстан Республикасының заңдарында және талаптардың келісінде белгiленген тәртiппен қызмет көрсетедi.
20-бап. Жеке кәсiпкерлердiң сыртқы экономикалық қызметi
Жеке кәсiпкерлердiң, егер заңдарда неғұрлым қолайлы режим белгiленбесе, заңды тұлғалармен тең дәрежеде сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар.
Жеке кәсiпкерлердiң, ауыл шаруашылық өнiмдерiн қоса алғанда, өздерi дайындаған өнiмдi экспортқа шығаруы Қазақстан Республикасының кеден iсi жөніндегі заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 21-бап жаңа редакцияда ҚР 08.12.97 ж. № 200-I Заңымен 21-бап өзгерді
21-бап. Жеке кәсiпкерлерге салық салу
Жеке кәсiпкерлерге салық салу Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
22-бап. Жеке кәсiпкерлiк жағдайында жалдама еңбектi пайдалану жөніндегі қатынастарды ресiмдеу
1. Жеке кәсiпкердiң кәсiпкерлiк қызметтi жалдама еңбектi пайдалана отырып жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Жеке кәсiпкер өз қызметкерлерiмен қатынастарын еңбек шартымен (келісім-шартымен) немесе мердiгерлiк шартпен ресiмдейдi.
3. Еңбек шарты (келісім-шарты) бойынша жалданған қызметкерге еңбек, әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдардың нормалары қолданылады.
Еңбек шарты (келісім-шарты) бойынша жалданған қызметкерлер заңдарда белгiленген тәртiп пен шарттарда әлеуметтiк және медициналық сақтандыруға, сондай-ақ әлеуметтiк қамсыздандырылуға тиiс.
4. Жеке кәсiпкер өзiнiң қызметкерлерi (қызметкерi) үшiн заңдарға сәйкес әлеуметтiк, сақтандыру және зейнетақы қорларына қаржы аударуды жүзеге асырады.
5. Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарымен салыстырғанда қызметкердiң жағдайын нашарлататын еңбек шартының ережелерi жарамсыз болып табылады.
23-бап. Кәсiпкерлiк iстiң басқа адамға ауысуы
1. Жеке кәсiпкер өзiнiң кәсiпкерлiк iсiн басқа адамға ақылы немесе өтеусiз беруге қақылы.
2. Кәсiпкерлiк iстi беру толық көлемiнде де, бөлiгi бойынша да жүзеге асырылуы мүмкiн. Кәсiпкерлiк iстiң бiр бөлiгi берiлген кезде беру туралы шартпен алушыға қандай құқықтардың және өтелмеген қандай борыштардың ауысатыны көзделуге тиiс.
3. Кәсiпкерлiк iстi алушы толық көлемiнде бұрынғы кәсiпкердiң барлық құқықтары мен мiндеттерiнiң құқықтық мұрагерi болып табылады.
4. Кәсiпкерлiк iстiң басқа адамға берiлетiндiгi туралы несие берушiлер хабардар етiлуге тиiс, олар iстi берушi кәсiпкерден мiндеттеменiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын немесе орындалуын талап етуге хақылы. Олардың келісімiнсiз кәсiпкерлiк iстi алушыға мiндеттемелердiң орындалуын беруге жол берiлмейдi.
5. Кәсiпкерлiк iстi берушi кәсiпкер мен кәсiпкерлiк iстi алушы iстi беру туралы хабарланбаған несие берушiнiң алдында кәсiпкерлiк iске байланысты сол несие берушiнiң талаптары бойынша бiрлесiп жауапты болады.
6. Кәсiпкерлiк iстi беру туралы шарт жазбаша нысанда жасалуға тиiс. Бұл талаптың бұзылуы шарттың жарамсыз болуына әкеп соғады.
24-бап. Жеке кәсiпкерлiк қызмет нәтижелерiн есепке алу
1. Жеке кәсiпкердiң өз қызметiнiң нәтижелерiн есепке алуы салық заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
Мұндай кәсiпкерлерге заңды тұлғалар үшiн белгiленген қаржылық және статистикалық есептiлiктi жасап, табыс ету туралы талап қойылмауға тиiс.
2. Мемлекеттік тiркеуге жататын (осы Заңның 9-бабының 1-тармағы) жеке кәсiпкердiң өз қызметiнiң нәтижелерiн есепке алуы бухгалтерлiк есеп туралы заңдарда белгiленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
IV тарау. Жеке кәсiпкерлiк қызметтi өз атынан жүзеге асыру
25-бап. Жеке кәсiпкердiң қызметтi өз атынан жүзеге асыруы
1. Жеке кәсiпкер өз атынан кәсiпкерлiк қызметпен айналысады, құқықтар мен мiндеттер алып, оларды жүзеге асырады.
2. Бiрлескен жеке кәсiпкерлiк жағдайында кәсiпкерлiк қызметпен байланысты барлық мәмiлелер осы Заңда көзделген реттердi қоспағанда, бiрлескен кәсiпкерлiктiң барлық қатысушылары атынан жасалады, ал құқықтар мен мiндеттер солардың атынан алынып, жүзеге асырылады.
3. Азамат өзiнiң кәсiпкерлiк қызметiне байланысты мәмiлелер жасаған кезде, егер бұл мәмiле жасау жағдайының өзiнен анық туындамаса, өзiнiң жеке кәсiпкер ретiнде әрекет жасайтындығын көрсетуге тиiс.
Мұндай көрсетудiң болмауы жеке кәсiпкердi тәуекел етуден және жеке кәсiпкердiң өз мiндеттемелерi бойынша жауаптылығынан босатпайды.
4. Жеке кәсiпкер өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде осы адам жеке кәсiпкер екенiн мәтiндерi мейлiнше айқын дәлелдейтiн iскерлiк құжаттаманың жеке атаулы бланкiлерiн, мөрдi, мөртабандарды пайдалануға қақылы.
26-бап. Жеке кәсiпкерге қарайтын кәсiпкерлiк iстiң және/немесе оның бiр бөлiгiнiң фирмалық атауы
1. Жеке кәсiпкер өз iсiне және/немесе оның кәсiпкер мүлкiнiң құрамынан бөлiнген бiр бөлiгiне (осы заңның 15-бабы) фирмалық атау беруге қақылы.
2. Жеке кәсiпкер мүлкiнiң (iсiнiң) құрамынан бiр бөлiктен аса бөлiнген кезде олардың әрқайсысына өзiнiң фирмалық атауы берiлуi мүмкiн.
3. Фирмалық атау iске және/немесе оның бiр бөлiгiне құқықтар объектiсi ретiнде ғана оны даярлау мақсатында берiледi және ол кәсiпкердiң есiмi (есiмдерi) көрсетiлiп, iстiң және/немесе оның бiр бөлiгiнiң жеке кәсiпкерге қарайтындығын көрсетуге тиiс.
27-бап. Фирмалық атауды құқықтық қорғау
1. Жеке кәсiпкер iсiнiң және/немесе оның бiр бөлiгiнiң фирмалық атауы қорғау туралы мiндеттi түрде өтiнiш берiлмей немесе тiркелмей және оның тауарлық белгiнiң бiр бөлiгi екендiгiне қарамастан құқықтық қорғалуға тиiс.
2. Басқа кәсiпкерлерге тиесiлi фирмалық атауларды олардың келісімiнсiз пайдалануға жол берiлмейдi.
3. Фирмалық атау иесiнiң iсi және/немесе оның бiр бөлiгi орналасқан елдi мекенде айыру мүмкiн болмайтындай дәрежеде бiрдей немесе ұқсас фирмалық атауларды пайдаланушы адамдар фирмалық атау иесiнiң талап етуi бойынша оны пайдалануды тоқтатуға мiндеттi.
4. Бөтен фирмалық атауды пайдаланғандығын көрiнеу бiлген адам оған фирмалық атауды пайдаланудан келтiрiлген шығынның орнын оның иесiнiң талап етуi бойынша толтыруға мiндеттi.