Қоғамдық бiрлестiктердiң меншiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады.
4-тарау. Қоғамдық бiрлестiктер туралы заңдарды бұзғандық үшiн жауапкершiлiк
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 22-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
22-бап. Қоғамдық бiрлестiктер туралы заңдарды бұзғандық үшiн жауапкершiлiк
Қоғамдық бiрлестiктер туралы заңдарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiп бойынша жауап беруге әкеп соқтырады.
Қоғамдық бiрлестiктер туралы заңдарды бұзғандық үшiн бұған кiнәлi заңды және жеке тұлғалар, соның iшiнде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары және қоғамдық бiрлестiктердiң басшы органдарының құрамына кiретiн адамдар жауапты болады.
ҚР 2005.23.02. № 33-III Заңымен (бұр. ред. қара); 2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2020.25.05. № 334-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 23-бап өзгертілді
23-бап. Қоғамдық бiрлестiктiң қызметiн тоқтата тұру
Қоғамдық бiрлестiктiң қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары бұзылған немесе қоғамдық бiрлестiк өз жарғысында белгiленген мақсаттар мен мiндеттер шегiнен шығатын әрекеттерi бiрнеше рет жасаған жағдайларда прокуратура, iшкi iстер органдарының ұсынулары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының өтініштері немесе азаматтардың арыздары негiзіндегі сот шешiмi бойынша үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтатыла тұруы мүмкiн.
Қоғамдық бірлестіктің қызметі тоқтатыла тұрған жағдайда оған барлық бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға, үгіт пен насихат жүргізуге, бейбіт жиналыстар мен басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге, сайлауға қатысуға тыйым салынады. Қоғамдық бірлестіктің банктік салымдарды пайдалану құқығы да тоқтатыла тұрады, бұған еңбек шарттары, қызметінің нәтижесінде келтірілген залалдардың орнын толтыру және айыппұлдар төлеу бойынша есеп айырысулар кірмейді.
Егер қоғамдық бiрлестiк өз қызметiн тоқтата тұруға негiз болған тәртiп бұзушылықты қызметi тоқтатыла тұратын болып белгiленген мерзiм iшiнде жойса, аталған мерзiм аяқталған соң қоғамдық бiрлестiк өз қызметiн қайта бастайды. Қоғамдық бiрлестiк Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуын жоймаған жағдайда, не оларды қайталап бұзған жағдайда прокуратура, ішкi iстер органдары, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары, азаматтар сотқа оны тарату туралы арызбен жүгiнуге құқылы.
5-тарау. Қорытынды ережелер
24-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң халықаралық байланыстары
Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктерi өздерiнiң жарғыларына сәйкес халықаралық байланыстар орнатып, тиiстi келісімдер жасасуы, дiни бiрлестiктерден басқа халықаралық коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктерге ұжымдық мүшелер ретiнде кiруi мүмкiн.
Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктерi жалпы жұрт таныған принциптер мен халықаралық құқық нормалары, халықаралық шарттар мен тиiстi мемлекеттердiң заңдары негiзiнде шет мемлекеттерде өздерiнiң құрылымдық бөлiмшелерiн (филиалдары мен өкiлдiктерiн) құра алады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев
1996 жылғы 31 мамырдағы № 3-I