Мемлекеттік қажеттiлiк үшiн жер учаскелерiн алып қою және сатып
алу тәртібі туралы ереженi бекіту туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң 1996 жылғы 8 сәуiрдегі № 403 Қаулысы
"Жер туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күшi бар Жарлығын iске асыру шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 22 желтоқсандағы № 2718 өкіміне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
Мемлекеттік қажеттiлiк үшiн жер учаскелерiн алып қою және сатып алу тәртібі туралы Ереже бекітілсiн (қоса берiлiп отыр).
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
1996 жылғы 8 сәуірдегі № 403 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік қажеттiлiк үшiн жер учаскелерiн алып
қою және сатып алу тәртібі туралы
Ереже
1. "Жер туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 22 желтоқсандағы Заң күшi бар № 2717 Жарлығының 63-бабына сәйкес жеке меншiктегi немесе жер пайдаланудағы жер учаскесi мемлекеттік қажеттiлiк үшiн алып қойылуы (сатып алынуы) мүмкiн.
2. Мемлекеттік қажеттiлiк үшiн жер учаскесiн алып қоюға (сатып алуға) қалалардың немесе елдi мекендердiң бас жоспарлары, белгiленген тәртiппен бекітілген аудандарды аймаққа бөлу схемалары және өзге де қала құрылысы немесе жерге орналастыру құжаттамалары негiз болады.
Мемлекеттік қажеттiлiк үшiн жер учаскелерiн алып қою деп мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бойынша жүзеге асырылатын алып қою танылады.
3. Жер учаскелерiнiң иелерiнен және мемлекеттік емес жер пайдаланушылардан мемлекеттік қажеттiлiк үшiн жер учаскелерiн алып қою азаматтық заңдарға сәйкес сатып алу (жер пайдалану құқығы тегiн берiлген жағдайлардан басқа) тәртібімен жүзеге асырылады.
4. Жер пайдалануға тегiн берiлген жер учаскесiн мемлекеттік қажеттiлiк үшiн алып қою жер пайдалану құқығын сатып алмай-ақ жүзеге асырылады. Жер пайдаланушыларға шығындар толық көлемiнде өтеледi, сондай-ақ олардың қалауынша оның орнына басқа жер учаскесi берiлуi мүмкiн.
5. Мемлекеттік қажеттiлiк үшiн мемлекеттік жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қою жер пайдалану құқығын сатып алмай-ақ, бiрақ шығынды толық көлемiнде өтей отырып, құзырлы атқарушы органның бiр жақты шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
6. Меншiк иесiнен жер учаскесiн және мемлекеттік емес заңды ұйымнан жер пайдалану құқығын жергiлiктi атқарушы органның тапсыруы бойынша мемлекеттік қажеттiлiк үшiн алып қою (сатып алу) қажет болған жағдайда, жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі жергiлiктi орган сәулет және қала құрылысы органымен бiрлесе отырып, осы Ереженiң 2-тармағында көрсетiлген материалдар негiзiнде жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын алып қою (сатып алу) мүмкiндiгi жөнiнде ұсыныс әзiрлейдi.
7. Ұсыныстарды әзiрлеу барысында:
жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі жергiлiктi орган меншiк иесi мен жер пайдаланушының жер учаскесiне құқығын куәландыратын құжаттары болуын тексередi, учаскенiң нағыз шекарасы мен аумағын нақты түрде (жергiлiктi жерде) анықтайды, сондай-ақ жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының бағалық құнын белгiлейдi;
сәулет және қала құрылысының жергiлiктi органы жылжымайтын мүлiктi бағалау жөніндегі органмен бiрлесе отырып жергiлiктi жердегi сатып алынатын жер учаскесіндегі жылжымайтын мүлiктiң болуы мен жай-күйiн анықтайды және осы мүлiктiң бағалық құнын белгiлейдi.
Жер учаскесi мен ондағы жылжымайтын мүлiктi зерттеу меншiк иесi немесе жер пайдаланушыны қатыстыра отырып жүргiзiледi және тиiстi актпен рәсiмделедi.
8. Әзiрленген ұсыныстар негiзiнде жергiлiктi атқарушы орган мемлекеттік қажеттiлiк үшiн жер учаскесiн (жер пайдалану құқығын) алып қою (сатып алу) жөнiнде шешiм қабылдайды.
Шешiмде мыналар:
алып қою (сатып алу) мақсаты:
алып қою (сатып алу) негiзi;
жер учаскесiнiң көлемi, орналасқан жерi, жай-күйi, сондай-ақ онда орналасқан жылжымайтын мүлiктiң болуы мен жай-күйi;
жер учаскесiн (жер пайдалану құқығын) алып қою (сатып алу) көзделiп отырған жер учаскесiнiң иесi мен жер иеленушi көрсетiледi.
9. Жер учаскесiнiң иесi мен мемлекеттік емес жер пайдаланушыны учаскенi сатып алардан бiр жылдан кешiктiрмей жылжымайтын мүлiктi мемлекеттік тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен сатып алу жөнiнде шешiм қабылдаған орган жазбаша түрде хабардар етуi тиiс.
Белгiленген жылдық мерзiмнен ерте жер учаскесiн сатып алуға меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының келісімiмен рұқсат етiледi.
10. Егер жер учаскесiнiң иесi немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесiнiң бөлiгiн алып қойғаннан кейiн оның қалған бөлiгiн бұрынғы мақсатына пайдалана алмаса, онда жер учаскесi түгел сатып алынады.
11. Мемлекеттік қажеттiлiк үшiн сатып алынатын жер учаскесiнiң ақысы (сатып алу бағасы), сатып алу мерзiмi мен басқа да шарттары меншiк иесi немесе жер пайдаланушымен келісіммен белгiленедi. Шартпен жер учаскесiнiң жоспары (схемасы) қоса берiледi.
12. Сатып алу бағасына жер учаскесiнiң немесе оған құқығының және ондағы жылжымайтын мүлiктердiң нарықтық құны, сондай-ақ жер учаскесiн алып қоюға байланысты меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген, үшiншi жақтың алдындағы мiндеттемесiн мерзiмiнен бұрын тоқтату нәтижесiнде оларға келтiрiлген шығындарды қоса, барлық шығындар жатады.
13. Меншiк иесi немесе жер пайдаланушы келiскен жағдайда оларға мемлекеттік қажеттiлiк үшiн сатып алынатын жер учаскесiнiң орнына, жер учаскесiнiң немесе оған құқығының сатып алу бағасының құнына есептей отырып, басқа жер учаскесi ұсынылуы мүмкiн.
14. Жер учаскесi (жер пайдалану құқығы) мен жылжымайтын мүлiктiң сатып алу бағасы, сондай-ақ сатып алудың басқа да шарттары жөніндегі келісімге қол жеткен жағдайда жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі орган белгiленген тәртiппен сатып алу-сату шартын рәсiмдейдi.
Шартқа тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк әкімі, жер учаскесiнiң иесi немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы қол қояды және жылжымайтын мүлiкке құқықты тiркейтiн органда тiркеледi.
15. Жер учаскесiн алып қоюға яки сатып алудың ұсынылған шарттарымен жер учаскесiнiң иесi немесе жер пайдаланушы келiспеген жағдайда жер учаскесiн алып қою және сатып алу жөнiнде шешiм қабылдаған мемлекеттік орган алып қою және сатып алу жөніндегі талаппен сотқа жүгiне алады.
Талап бiр жыл iшiнде, бiрақ жер учаскесiнiң иесiн немесе жер пайдаланушы учаскенi сатып алу жөнiнде жазбаша хабардар еткен сәттен бастап екi жылдан кешiктiрмей ұсынылуы мүмкiн.
16. Азаматтар мен заңды ұйымдарға мемлекеттік қажеттiлiк үшiн сатып алынған жер учаскелерiн беру Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен жер учаскелерiн меншiкке, тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға беру Тәртібіне сәйкес жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады.