Қазақстан Республикасында 1996-1998 жылдарға арналған Мемлекеттік
меншiктi жекешелендiру мен қайта құрылымдардың бағдарламасы
туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996
жылғы 27 ақпандағы № 246 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2005 ж. 9 ақпандағы № 124 қаулысымен күші жойылды
"Жекешелендiру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 23 желтоқсандағы № 2721 Заң күшi бар Жарлығын жүзеге асыру мақсатында және 1996-1998 жылдарға арналған реформаларды тереңдету жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінiң iс-қимыл жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасында 1996-1998 жылдарға арналған Мемлекеттік меншiктi жекешелендiру мен қайта құрылымдардың бағдарламасы бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлiктi басқару жөніндегі мемлекеттік комитетi мүдделi министрлiктермен, мемлекеттік комитеттермен, облыстардың және Алматы қаласының әкiмдерiмен бiрлесiп 1996 жылдың 1 наурызына дейiнгi мерзiмде Үкiметтiң бекiтуiне:
жекешелендiруге жатпайтын және ерекше мемлекеттік меншiктегi мемлекеттік мүлiк объектiлерiнiң тiзбесiн;
жеке жобалар бойынша жекешелендiрiлген iрi және бiрегей объектiлер тiзбесiн ұсынсын.
3. Облыстардың және Алматы қаласының әкiмдерi Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлiктi басқару жөніндегі мемлекеттік комитетiнiң аумақтық органдарымен бiрлесiп екi ай мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлiктi басқару жөніндегі мемлекеттік комитетiмен келісім бойынша коммуналдық меншiктi жекешелендiру жөніндегі бағдарламалар мен шаралар жоспарын әзiрлеп, бекiтсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң 1996 жылғы
27 ақпандағы
№ 246 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншiктi
жекешелендiрудiң және оның құрылымын өзгертудiң
1996-1998 жылдарға арналған
БАҒДАРЛАМАСЫ
Кiрiспе
Осы Бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 13 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген 1996-1998 жылдарға арналған реформаларды тереңдету жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінiң iс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру шеңберiнде және Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес әзiрленген.
1991-1995 жылдарда Қазақстан Республикасында мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң екi бағдарламасы жүзеге асырылды. Мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң 1991 жылғы 22 маусымдағы бағдарламасы 1991-1992 жылдарды қамтып, негiзiнен сауда мен қызмет көрсету саласының объектiлерiн сатуға, сондай-ақ мемлекеттік меншiктi кәсiпорындардың еңбек ұжымдарына беруге бағытталды. Қазақстан Республикасында мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң 1993-1995 жылдарға (II кезең) арналған 1993 жылғы 5 наурыздағы ұлттық бағдарламасы шағын жекешелендiрумен қатар жаппай жекешелендiрудi, жеке жобалар бойынша жекешелендiрудi және агроөнеркәсiп кешенiн жекешелендiрудi қамтыды. Жоғарыда аталған бағдарламаларда белгiленген мақсаттарға негiзiнен қол жеттi.
Шағын жекешелендiру шеңберiнде 11 мыңға жуық объектiлер сатылды, оның өзi шағын жекешелендiруге жататын барлық объектiлердiң 2/3 бөлiгiн құрайды және сонымен бiр мезгiлде шағын жекешелендiру объектiлерiнiң көпшiлiгiн құрайтын объектiлер және халықтың қажеттерiн қанағаттандыру үшiн аса маңызды - сауда, қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету саласы объектiлерi бойынша кәсiпорындардың 84 процентi жекешелендiрiлдi.
Жаппай жекешелендiру бағдарламасы толық аяқталды: 22 аукционда ИЖК-терге сатуға 1600-ден астам кәсiпорынның акциялары қойылды. Осы аукциондарда кәсiпорындардың жарғылық қорын құрайтын нақты құны 1261,5 млн. теңгелiк акциялар сатылды.
5 мыңнан астам адам жұмыс iстейтiн кәсiпорындарды қамтитын жеке жобалар бойынша жекешелендiру шеңберiнде 5 кәсiпорын сатылды, 44 кәсiпорын сенiмдi басқаруға, оның iшiнде 12 кәсiпорын шетелдiк субъектiлердiң басқаруына берiлдi.
Агроөнеркәсiп кешенiн жекешелендiру шеңберiнде 1995 жылдың аяғына дейiн 1967 кәсiпорын сатылды, оның өзi агроөнеркәсiп кешеніндегі барлық объектiлердiң 93 процентiн құрайды.
1996 жылдың бас кезіндегі жағдай бойынша жекешелендiрiлетiн кәсiпорындардың жарғылық қорларының 60 процентi (шағын жекешелендiрудi есептемей) жеке меншiкке көштi. Жекешелендiрiлген капиталдың 1/3 бөлiгi ИЖК-терге, 1/3 бөлiгi ақшаға сатылды және 1/3 бөлiгi жекешелендiрiлетiн және жекешелендiрiлген кәсiпорындардың 43 процентiнде, дауыс беру акцияларының 50 проценттен астамы, соның iшiнде кәсiпорындардың 29 процентiнде - акциялардың 80 процентi және одан көбi жеке меншiкке көштi.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншiктi жекешелендiру мен оның құрылымын өзгертудiң 1996-1998 жылдарға арналған осы Бағдарламаның негiзгi мақсаты-жекешелендiру процесiн негiзiнен аяқтау жолымен, Қазақстан Республикасының экономикасында жеке меншiк сектордың басым болуына қол жеткізу және орнықтыру болып табылады. Бұл мақсаттың жүзеге асырылуы мемлекеттік меншiкте қалатын объектiлердiң құрылымын өзгертумен ұштастырылатын болады. Өзара байланысты осы процестер - жекешелендiру мен құрылымды өзгерту - жеке меншiк және мемлекеттік секторда тиiмдi меншiк иесiнiң қалыптасуына жәрдемдесетiн болады.
Бағдарламаны жүзеге асыру кезiнде жекешелендiрудiң тек қана
нарықтық, бәсекелiк нысандарын қолдану негiзiнде жекешелендiрудi
жүзеге асырудың әйгiлiлiгi мен жариялылығы сақталатын болады.
Жекешелендiрiлетiн объектiлерiмен байланысты құқықтар мен мiндеттемелер бойынша жаңа меншiк иелерiнiң құқық мұрагерлiгiн сақтауы меншiк құқықтарының, нақты бiр меншiк нысандарына қарамастан, құрметтелуi заңмен қамтамасыз етiлуi нығайтылады.
Жекешелендiру жобаларын әзiрлеу барысында және оларды жүзеге асыру кезiнде жекешелендiрiлетiн кәсiпорын қызметкерлерiнiң әлеуметтiк мүдделерi Қазақстан Республикасының еңбек заңын меншiк құрылымында болып жатқан өзгерiстерге сәйкес келтiру жолымен, сондай-ақ жекешелендiрiлетiн объектiлер қызметкерлерiнiң мүдделерiн қорғау жөніндегі талаптарды тендерлер шарттарына енгізу жолымен ұдайы ескерiлетiн болады. Сондай-ақ қоршаған ортаның қорғалуын қамтамасыз ету және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану қажеттiгi ескерiлуге тиiс.
Осы Бағдарламаның жүзеге асырылуы монополиясыздандыруға және экономикадағы тепе-теңдiктi шағын және орта бизнестi, сондай-ақ қызмет көрсету саласын басым дамыту бағытында өзгертуге жәрдемдесетiн болады.
Бағдарламада жекешелендiру процесiн аяқтау, сондай-ақ құрылымды өзгерту мен мемлекеттік меншiктi басқару жөніндегі, республиканың тиiстi министрлiктерiмен және ведомстволарымен келісілген өзара байланысты шаралар кешенi көзделген.
I. ЖЕКЕШЕЛЕНДIРУ ПРОЦЕСIН АЯҚТАУ
Жекешелендiрудiң бұдан бұрынғы кезеңдерiнiң, республикада жүзеге асырылған экономикалық реформалардың нәтижелерi жекешелендiру үдерiсiн тыңғылықты етiп, мына шаралардың жүзеге асырылуын қажеттi еттi:
шағын жекешелендiру шеңберiнде iшiнара жекешелендiрiлген кәсiпорындар, сондай-ақ II кезеңде сатылмаған объектiлер акцияларының мемлекеттік пакеттерiн жекешелендiрудi ақшаға сату жолымен аяқтау;
мемлекеттік меншiк объектiлерiн жекешелендiрудiң жеке жобаларын жүзеге асыру;
бұрын жекешелендiруге жатпаған, сондай-ақ бұдан бұрынғы кезеңдерде жекешелендiрiлмеген кәсiпорындар мен ұйымдардың бiр бөлiгiн жекешелендiру процесiне қосу;
экономиканың жекелеген секторларын жекешелендiру жоспарларын әзiрлеу;
жекешелендiрiлген кәсiпорындарда стратегиялық инвесторлар тобының қалыптасуына жәрдемдесу;
шетелдiк капиталдың жекешелендiруге қатысуын кеңейту.
1996 жылдан бастап мемлекеттік меншiктi жекешелендiрудiң кез
келген түрi тек ақшалай қаражатпен жүзеге асырылатын болады.
Жекешелендiруге жататын мемлекеттік мүлiктi сатуға:
мүлiктiк кешен ретiнде мемлекеттік кәсiпорын мен мекеменiң;
заңда белгiленген тәртiппен мемлекеттік кәсiпорын құрамынан бөлу балансы негiзiнде бөлiнгеннен кейiн тұйық технологиялық циклды бұзбай жекешелендiрiлетiн мүлiктiк кешен ретiнде өндiрiстiк және өндiрiстiк емес бөлiмшелер мен құрылымдық бiрлiктердiң;
мемлекеттік кәсiпорын таратылған жағдайда, таратылатын кәсiпорынға кредиторлардың талап қоюы үшiн заңда белгiленген мерзiм бiткеннен кейiн тек аукционда кәсiпорын мүлкiнiң;
шаруашылық серiктестiктерiнiң жарғылық қорларындағы мемлекет акциялары мен үлестерiнiң өткiзiлуi кiредi.
Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңында жекешелендiрудiң екi түрi көзделген:
1. Сауда-саттықта (аукцион, тендер) сату. Мемлекеттік меншiктi аукционда сату сауда-саттық барысында ең жоғары баға ұсынған, мүлiктi сатып алуын белгiленген тәртiппен ресiмдеп, оның құнын төлеген адамға меншiк құқығының берiлуiн көздейдi. Объектiнi сату шарттары белгiленген жағдайда (бейiндi, жұмыс орындарының санын сақтау және т.т.) объектiлер тендерлерде тендер шарттарын орындау кезiнде ең жоғары баға немесе ең жақсы шарттар ұсынған тұлғаларға сатылатын болады.
2. Белгiлi бiр адамға тiкелей сату. Жекешелендiру объектiлерiн белгiлi бiр адамға, егер мүлiктiң сатып алу құқығымен жалға берiлуi яки акциялардың мемлекеттік пакетiн кейiн сатып алатындай етiп тендер негiзiнде сенiмдi басқаруға бере отырып акционерлендiрiлуi жекешелендiру алдындағы шараларда қамтылған болса, тiкелей сатуға болады.
Объектiлердi жеке жобалар бойынша жекешелендiру кезiнде бәтуаласқан шарттармен белгiлi бiр инвесторға сатудың көзделуi мүмкiн. Ықтимал инвесторды таңдау тендер негiзiнде жүзеге асырылады.
1. Мемлекеттік мүлiктiк кешендердi жеке жобалар бойынша
жекешелендiру
Объектiлердi жеке жобалар бойынша жекешелендiруге жатқызудың мөлшерi олардың ерекше iрi ауқымы мен бiрегей сипаты болып табылады. Ондай объектiлердiң тiзбесiн Үкiмет 1996 жылғы 1 наурызға дейiн бекiтедi.
Жеке жобалар бойынша жекешелендiруге жататын кәсiпорындар мынадай категорияларға бөлiнуге тиiс:
1. Жекешелендiру алдында құрылымын арнайы өзгертудi қажет етпейтiн тұрақты рентабельдi немесе перспективалық кәсiпорындар.
2. Қаржылай тұрлаулылығы мен монополиясыздандырылуы жекешелендiру алдында құрылымының өзгертiлуiмен қамтамасыз етiлетiн кәсiпорындар.
Объектiлердi аталған категорияларға жатқызу үшiн 1996 жылғы 30 маусымға дейiн мемлекеттік басқару органдары (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлiктi басқару жөніндегі мемлекеттік комитетi Қазақстан Республикасының Жекешелендiру жөніндегі мемлекеттік комитетiмен, Қазақстан Республикасы Баға және монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитетiмен, Экономика және Қаржы министрлiктерiмен, тиiстi салалық министрлiктермен бiрлесiп) жеке жобалар бойынша жекешелендiрiлетiн кәсiпорындардың өндiрiстiк-қаржы жағдайын бағалайды және тиiстi ұсыныстар әзiрлейтiн болады. Объектiлердi әзiрленген ұсыныстар негiзiнде аталған категориялардың әрқайсысына жатқызу туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
Тұрақты рентабельдi немесе перспективалы кәсiпорындар қолданылып жүрген заңмен белгiленген тәртiппен (егер олар жекешелендiрудiң алдыңғы кезеңiнде жекешелендiрiлмесе) алдын-ала акционерлендiрiлуге тиiс.
Мемлекет билiгіндегі акцияларды былайша бөле отырып сату ұсынылады:
акциялардың кемiнде 15 процентi нарықтық бағасын анықтау үшiн қор биржасында жария сату жолымен сатылады;
акциялардың жалпы санының (акционерлердiң жалпы жиналысында кемiнде 1/2 + 1 дауысты қамтамасыз ететiн) кемiнде 50 процентi тұтас пакетпен белгiлi бiр инвесторға сатылады. Инвесторды таңдау тендер негiзiнде белгiленедi. Ол инвестор стратегиялық (акциялардың бақылау пакетiне иеленетiн), сондай-ақ белсендi, яғни жекешелендiрiлетiн кәсiпорынның құрылымын өзгертуге әзiр инвестор болуға тиiс;
қалған акциялар ашық ақша сауда-саттығында, соның iшiнде қор биржасы немесе маманданған делдалдар арқылы сатылады.
Осы объектiлердiң акцияларын сату кезiнде мына шарттарды орындау қажет:
акцияларды сату құны меншiк иесi белгiлеген бағадан кем болмауға тиiс;
акциялар ашық сатылған жағдайда жекешелендiру процесiне субъектiлердiң барынша көп санының қамтылуы үшiн жағдайлар жасалуға тиiс;
акциялар белгiлi бiр инвесторға сатылған жағдайда инвестор кәсiпорынды дамыту мүдделерiн негiзге ала отырып, белгiленуге тиiс, олар тендер шарттарына енгiзiледi.
Қаржы тұрлаулылығы мен монополиясыздандырылуы, жекешелендiру алдында құрылымның өзгертiлуiмен қамтамасыз етiлетiн кәсiпорындар, мына тәртiппен қайта құрылуы мүмкiн:
1. Объектiнiң алдын-ала диагностикасын мынадай деректер жинау негiзiнде әзiрлеу;
мүлiктер мен мүлiктiк құқықтардың жағдайы мен құрылымы (жер учаскесi, жылжымайтын мүлiк және т.т.) туралы;
қызмет пен өндiрiлетiн өнiм (жұмыс пен қызмет көрсету) бейiнi туралы;
жабдықтың технологиялық деңгейi мен техникалық жағдайы туралы;
кәсiпорынның қаржы-экономикалық жайы туралы (бухгалтерлiк есеп деректерi);
кәсiпорынның ұйымдық құрылымы мен оны басқару жүйесi туралы;
кәсiпорын өнiмiн негiзгi берiп тұрушылар мен тұтынушылар туралы;
жұмыспен қамту құрылымы мен динамикасы туралы;
кәсiпорынның әлеуметтiк инфрақұрылымының объектiлерi туралы.
2. Алдын-ала диагностика деректерi негiзiнде:
кәсiпорынды (акциялардың, мемлекеттік пакетiн) сенiмдi басқару тендер жарияланады, сенiмдi басқаруға арналған контрактi шарттарына басқарушы фирманың объектi құрылымын өзгерту мен оны кейiн жекешелендiру жобасын әзiрлеуi кiредi;
сенiмдi басқаруға нақты үмiткерлер болмаған немесе жалпы алғанда объектiнi тұтас сенiмдi басқаруға беру тиiмсiз болған жағдайда, конкурс шарттарымен маманданған консультанттарды тарта отырып, кәсiпорынның жағдайына толық талдау жасау туралы шешiм шығарылады.
Шаруашылық жүргiзушi субъектiлер ретiнде одан әрi жұмыс iстеуiнiң орынды болатыны анықталған кәсiпорындар мүлкi, жекешелендiрiлгеннен кейiн таратылуға тиiс.
Бұл шешiмдердi мемлекеттік меншiктi басқару мен иелену жөнiнде шешiмдер қабылдауға өкiлдiк берiлген мемлекеттік орган қабылдайды. Мемлекет дауыс беретiн акциялардың бiрден-бiр иесi болып табылмайтын акционерлік қоғамдарда бұл шешiмдер қолданылып жүрген заңмен белгiленген тәртiппен қабылдануға тиiс.
3. Объект диагностикасының деректерi негiзiнде құрылымды өзгерту жобасы әзiрленiп, онда кәсiпорынның жағдайына жасалған терең талдау және мына мәселелер бойынша:
кәсiпорынның мүлiктiк құқықтарының құжатпен қуатталуын қамтамасыз ету, құрылымды өзгерту кезiнде бөлiнуге тиiстi заңды тұлғалардың саны және олардың арасында мүлiктiк құқықтарды бөлу жөніндегі ұсыныстар;
өндiрiстiк қуаттарды пайдалану деңгейi, өндiрiстiк құрылымын өзгерту (жан-жақты дамыту) жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
кәсiпорында пайдаланылатын технологиялар мен жабдықтың бәсекелестiк қабiлетi, инвестициялар тарту және (немесе) жабдықтың бiр бөлiгiн алу;
рентабельдiлiк, өтiмдiлiк деңгейi, кәсiпорын мiндеттемелерiнiң құрылымы, кәсiпорынның айналым активтерi мен мiндеттемелерiнiң ара қатынасы, қаржы құрылымын өзгерту жөніндегі ұсынымдар; кәсiпорынды басқарудың ұйымдық құрылымының нарықтық жағдайлардағы пәрмендi қызметке және басқару жүйесiн бөлшектеу мен қайта ұйымдастыру жөніндегі ұсынымдарға сәйкестiгiнiң дәрежесi;
маркетингтiк талдау және маркетингтiң жаңа стратегиясын әзiрлеу жөніндегі ұсыным;
кәсiпорынның құрылымын өзгерту кезiнде жұмыспен қамту құрылымын өзгерту жөніндегі ұсынымдар;
әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiн пайдалану жөніндегі ұсынымдар (баланстан алу және өзге шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге немесе әкiмшiлiктерге беру, бөлшектеу кезiнде бөлiнетiн заңды тұлғалар арасында бөлу);
өндiрiстiк экологиялық сауықтыру жөніндегі ұсынымдар болады.
4. Енгiзiлген жобалар бойынша өкiлеттi орган объектiнiң құрылымын жекешелендiру алдында өзгерту және оны жеке жоба бойынша жекешелендiру түрi туралы шешiм қабылдайды. Жекешелендiру алдында құрылымды өзгертуге құрылымды өзгерту жобасының iшiнара жүзеге асырылуын қамтуы мүмкiн. Бұл жағдайда құрылымды өзгерту жобасын толық жүзеге асыру, белгiлi бiр инвесторға жекешелендiру шарттарын әзiрлеу үшiн негiзге айналады.
Ерекше iрi объектiлердiң құрылымын өзгерту жөніндегі мемлекеттік шаралар олардың болашақта бәсекелестiк қабiлетi бар жекелеген шаруашылық субъектiлерiне технологиялық тұрғыдан негiзделе бөлшектенуiн, бөлiнген объектiлердiң әрқайсысы бойынша жекешелендiрудiң жеке жоспарларын әзiрлей отырып, олардың құрылымының өзгертiлуiн қамтиды.
Жекешелендiрудiң жеке жобаларын әзiрлеудiң жалпы процедураларына:
аудиторлық және консалтингтiк фирмаларды конкурс арқылы iрiктеудiң өлшемдерiн белгiлеу;
қаржы консультанттары мен аудиторларын конкурс арқылы таңдау;
жобаны жүзеге асыру әдiстерiн таңдау;
жекелеген инвесторлардың өзiне қабылдауға әзiр мiндеттемелер бойынша ұсыныстарын, соның iшiнде әлеуметтiк мiндеттемелер бойынша ұсыныстарды бағалау жатады.
Жекешелендiрудiң жеке жобаларын жүзеге асырудың негiзгi әдiстерiне:
мемлекеттік меншiктi тендер арқылы сату;
бәтуаласқан шарттармен белгiлi бiр инвесторға сату;
акцияларды ашық сату;
кейiн жекешелендiретiндей етiп басқаруға контрактiлер жасасу;
құрылымды алдын-ала өзгерту жатады.
Объектiнi жекешелендiрудiң жеке жобасында оны жүзеге асырудың бiрнеше әдiстерiнiң бiр мезгiлде қолданылуының көзделуi мүмкiн. Акциялардың ашық сатылуын және акциялардың бөлшектелген пакеттерiн сатудың басқа да нысандарын акциялардың бақылау пакетiн белгiлi бiр белсендi инвесторға сатумен бiрiктiрген жөн.
2. Жекешелендiрудiң секторлық бағдарламалары
Қазақстанның экономикасы үшiн ерекше маңызды мұнай және газ өнеркәсiбi, энергетика, көлiк пен байланыс, қара және түстi металлургия сияқты секторлар жөнiнде диагностикалық және талдау жұмыстары жүргiзiлетiн болады, олар жалпы осы секторларда меншiктiң оңтайлы құрылымын, сондай-ақ оған жетудiң стратегиясын қалыптастыру үшiн негiз болады. Диагностикалық және талдау жұмыстарының нәтижелерi, өкiлеттi органдардың ұсыныстары негiзiнде Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік меншiк объектiлерiн жекешелендiрудiң және, қажет болған жағдайда, олардың құрылымын өзгертудiң секторлық бағдарламаларын бекiтетiн болады.
Аталған секторлардың әрқайсысы бойынша Қазақстан Республикасының мүдделерi министрлiктерiнiң, мемлекеттік комитеттерiнiң, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, жекешелендiру объектiлерiнiң өздерiнiң ұсыныстарын ескере, біліктi консультанттарды тарта отырып, көбiнесе жеке жобалармен объектiлер бойынша жекешелендiрудiң арнаулы бағдарламасы әзiрленетiн болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі объектiлерi секторлық бағдарламалар шеңберiнде жекешелендiруге объектiлер құрамының қажеттi түрде өзгертiлуiн және елеулi қаржы ресурстарының қосылуын қамтамасыз етуге қабiлеттi белгiлi бiр белсендi, соның iшiнде институционалдық инвесторларды, инвесторларды (халықаралық қаржы институттарын, даму банктерiн, екi жақты және көпжақты кәсiпкерлiк қорларды) тартпақ.
Жекешелендiрудiң секторлық бағдарламаларын әзiрлеу мен жүзеге асыру кезiнде бәсекелестiк ортаны қалыптастыру мен монополияға қарсы заңды сақтау жөніндегі талаптар қатаң сақталуға тиiс. Мұны:
бiр салалы объектiлердi түрлi бәсекелесушi инвесторларға сату;
қатаң тендерлiк негiзде үкiметтiк iрi контракт-тапсырыстар жасасу және бiр контракт-тапсырыс ұлттық және (немесе) шетелдiк бiрнеше фирмалар арасында бөлу жолымен орындауға болады.
Электр энергетикасының кешенi
Электр энергетикасы кешенiнiң салалық бағдарламасында құрылымды экономикалық жағынан дербес объектiлер қалыптастырылатындай және олар кейiн жекешелендiрiлетiндей етiп қайта құру көзделетiн болады.
1996 жылы электр энергетикасы кешенiнiң ұйымдық құрылымын өзгерту аяқталады, олар мыналар болады:
мемлекеттік реттеушi органдар атынан Мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен Электр энергетикасында баға белгiлеу жөніндегі мемлекеттік реттеушi комиссия;
жекешелендiруге жатпайтын мемлекеттік кәсiпорындар, оның iшiнде электр берудiң жүйе құраушы және жүйеаралық желiлерi, шағын станциялар, диспетчерлiк басқарма, есептеу орталықтары және бiрыңғай энергетикалық жүйенiң тұтастығын қалыптастыратын және оның жұмысын қамтамасыз ететiн басқа объектiлер. Оларға Қазақстанның Бiрлескен диспетчерлiк басқармасының, аймақаралық және мемлекетаралық электр желiлерi объектiлерi құрамында "Қазақстанэнерго" ұлттық энергетика жүйесiн жатқызуға болады;
жекешелендiруге жататын мемлекеттік кәсiпорындар мен ұйымдар, сондай-ақ не дербес кәсiпорын, не болмаса бөлу балансы негiзiнде бөлiнетiн құрылымдық бөлiмшелер.
Электр энергетикасы кешенiнде мемлекеттік меншiктi жекешелендiру Қазақстан Республикасының Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлігі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлiктi басқару жөніндегі мемлекеттік комитетiмен бiрлесе отырып әзiрлеген, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң арнаулы шешiмiмен бекітілген бағдарлама негiзiнде жүргiзiлетiн болады. Электр энергетикасы кешенiнiң объектiлерiн жекешелендiру жеке жобалар бойынша жүзеге асырылады.
Әрбiр облыста аймақтық энергия жүйелерiнiң құрамынан электр
желiлерi негiзiнде мемлекеттік кәсiпорындар бөлiнiп, кейiн олар
жекешелендiрiлетiн болады.
Жекелеген электр және жылу стансаларын, сондай-ақ жылу желiлерi кәсiпорындарын бөлу балансы негiзiнде бөлiнгеннен кейiн жекешелендiруге болады.
Технологиялық және экономикалық мақсатқа сәйкестiгiне байланысты жылу желiлерiн өкiлеттi органның жылу электр стансалары құрамына беруге болады.
Энергетика объектiлерiнде жөндеу-реттеу жұмыстарын жүзеге асырушы өндiрiстiк бiрлестiктер (кәсiпорындар), сондай-ақ ғылыми-зерттеу және жобалау-iздестiру институттары акционерлік қоғамдар етiп қайта құрылатын болады.
Аймақтық энергия жүйелерiнiң құрамынан құрылыс-монтаж және жөндеу-реттеу жұмыстарын жүзеге асырушы құрылымдық бөлiмшелер, жекелеген электр стансалары, жылу желiлерi кәсiпорындары, облыстық электр желiлерi кәсiпорындары және аймақтық энергетика жүйелерiнiң қалған мүлiктiк кешендерi бөлiнiп, акционерлік қоғамдарға айналдырылады да, кейiннен жекешелендiрiледi.
Электр энергетикасы кешенiнде мемлекеттік кәсiпорындарды акционерлендiру мен жекешелендiру қызмет бейiнiн мiндеттi түрде сақтай отырып және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi бойынша дауыс беретiн акциялардың кемiнде 1/3 бөлiгiн акционерлік қоғамдарда ықтимал бекiте отырып, жүзеге асырылатын болады.
Жекелеген жағдайларда, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi бойынша, технологиялық циклi бiрдей объектiлер құрамындағы бiртұтас мүлiктiк кешен ретiнде жалпы аймақтық энергия жүйесiнiң акционерлік қоғам болып қайта құрылуы мүмкiн.
Акционерлік қоғам болып қайта құрылған кәсiпорындар бойынша акциялардың мемлекеттік пакеттерiн сенiмдi басқару қолданылатын болады. Республикалық меншiк объектiлерi бойынша басқарушы (заңды немесе жеке тұлға) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлiктi басқару жөніндегі мемлекеттік комитетi Қазақстан Республикасының Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлігімен бiрлесе отырып өткiзетiн тендерлер негiзiнде, ал коммуналдық меншiк объектiлерi бойынша - өкiлеттi жергiлiктi атқарушы органдардың қатысуымен, қаржы консультанттарын тарта отырып белгiленетiн болады.
Аймақ және жалпы республика үшiн әлеуметтiк маңызы бар, энергия жүйелерінiң балансындағы әлеуметтiк-мәдени тұрмыс объектiлерi, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiленген тәртiпке сәйкес, жергiлiктi атқару органдарына немесе облыс әкiмдерiнiң қарамағына берiледi. Энергия жүйесiнiң әлеуметтiк инфрақұрылымын қалыптастыруға қажеттi әлеуметтiк-мәдени тұрмыс объектiлерi тиiстi энергия жүйелерiнiң баланстарында қалады.
Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңымен көмiр өндiру кешенiнде, барлау мен кен өндiрудi тиiстi лицензия алуға арналған тендерлерде жеңген инвесторлар жүзеге асыратын болады деген принцип сақталған жағдайда, жер қойнауы мен пайдалы қазбалар қорларына ерекше мемлекеттік меншiк жарияланған. Жеке меншiк капитал Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмдерi бойынша сенiмдi басқаруға шарттар жасасу негiзiнде көмiр өндiретiн кәсiпорындардың қаржы жағдайының жақсартылуын қамтамасыз ету проблемаларын шешу үшiн тартылатын болады.
Мұнай-газ және мұнай-химия кешенi
Мұнай-газ және мұнай-химия кешенiнiң салалық бағдарламасында зерттеу-барлау және жобалау, мұнай мен газ өндiру жұмыстарын, сондай-ақ труба құбыры тасымалын, тұтынушыларға мұнай, газ және олардың ұқсатылған өнiмдерiнiң сатылуын қамтамасыз ететiн кәсiпорындар мен ұйымдардың құрылымын өзгерту және оларды жекешелендiру жолдары көзделетiн болады.
1996-1998 жылдар iшiнде ұлттық, холдингтiк және өзге де мемлекеттік акционерлік компанияларды, сондай-ақ iрi акционерлік қоғамдарды бөлшектеу жолымен олар қайта ұйымдастырылатын болады. Әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерi бөлiнiп, олар коммуналдық меншiкке берiледi.
Мұнай-газ және мұнай-химия кешенiнiң объектiлерi Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмдерiне сәйкес, соның iшiнде халықаралық тендер жариялау жолымен және жобалар бойынша жекешелендiрiлетiн болады. Барлауға және кен өндiруге байланысты жобаларды, мұндай қызметтi жүзеге асыруға лицензия алу тендерлерiнде жеңген инвесторлар жүзеге асыратын болады.
Жұмыс iстеп тұрған труба құбырлары, сондай-ақ салынып жатқан труба құбырларының мемлекеттік мүлкi институционалдық, соның iшiнде шетелдiк инвесторларды тарта отырып, жаңа заңды тұлғалар қалыптастыру үшiн негiз ретiнде пайдаланылады.
Мұнай өңдеу кәсiпорындары негiзiнде құрылған акционерлік қоғамдардың мемлекеттік пакеттерi тендер негiзiнде жекешелендiрiлетiн болады. Бұл жағдайда мемлекет дауыс берушi акциялардың кемiнде 1/3 бөлiгi мөлшеріндегі пакеттi белгiлi бiр уақыт сақтай алады. Акциялардың мемлекеттік пакеттерiнiң тендер негiзiнде сенiмдi басқаруға берiлуi мүмкiн.