Құрылыс құнын арзандату жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 31 тамыздағы
№ 1209 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2005 ж. 9 ақпандағы № 124 қаулысымен күші жойылды
Баға түзу факторын тұрақтандыру және құрылыс құнының өсуiн тежеу мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Министрлiктер, ведомстволар, облыстар мен Алматы қаласының әкiмдерi елдi мекендердiң инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарын дамытуға арналған құрылыс өнiмдерiне шығындарды жүктеу практикасын тоқтатып, өздерiнiң ведомстволық актілерін қолданылып жүрген нормативтiк құжаттарға сәйкес келтiрсiн.
Электр, газ, сумен жабдықтау, жылу жүйесi мен су құбырларын, көлiк коммуникацияларын және басқа да әлеуметтiк инфрақұрылымдар объектiлерiн дамытуға арналған шығындар салынып жатқан тұрғын үйлердiң құнына енгiзiлмесiн және "Жаңа тұрғын үй саясаты туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 6 қыркүйектегi № 1344 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1993 ж., № 35, 405-бап) айқындалған көздердiң есебiнен қаржыландырылатын болсын.
2. Аталған шығынды жаңадан салынған үйлердiң сатуға қалдырылған бөлiгiне жатқыза отырып, тұрғын үйдi өтеусiз берудi жергiлiктi атқарушы орындардың талап етуiне, ал тапсырыс берушiлердiң оны басқа бiреуге беруiне тиым салынсын.
3. Құрылысты мемлекеттік қаржылар мен шетелдiк инвестициялар есебiнен жүргiзген кезде шаруашылық жүргiзушi субъектiлер құрылыста мердiгерлiк конкурстар мен сауда (тендер) әзiрлеп, өткізу жөнiнде 1994 жылы 30 қарашадағы № 29 қолданылып жүрген ереженi орындайтын болсын.
4. "Қазақстан КСР құрылыс кешенiнiң нарықтық экономика жағдайында жұмыс iстеуге көшуi жөніндегі кейбір кезек күттiрмес шаралар туралы" Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің 1991 жылғы 8 сәуірдегі № 225 қаулысының күшi жойылған деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi