Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау және
күшiн жою тәртібі туралы Қазақстан Республикасы Президентінің
1995 ж. 12 желтоқсандағы № 2679 Заң күшi бар Жарлығы
"Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына сәйкес және Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерiн жүзеге асыру, Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының мақсаттары мен принциптерiнiң жүзеге асырылуына жәрдемдесуге бағытталған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасудың, орындаудың және күшiн жоюдың бiрыңғай тәртібін белгiлеу мақсатында осы Жарлықты шығарамын.
I Тарау
Жалпы ережелер
1-бап. Жарлықтың қолданылу аясы
1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасудың, орындаудың және күшiн жоюдың осы Жарлықпен белгiленген тәртібі олардың нысаны мен атауына (шарт, келісім, конвенция, пакт, хаттама, хаттар немесе ноталар алмасу, халықаралық шарттардың өзге де түрлерi мен атаулары) қарамастан, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қатысты қолданылады.
2. Осы Жарлықтың күшi Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының министрлiктерi, мемлекеттік комитеттерi және өзге де орталық атқару органдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен жасасатын халықаралық шарттарға қолданылады.
3. Қазақстан Республикасының Президентi өзiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдардың қарауына жататын халықаралық шарттарға қатысты оларды жасасудың, орындаудың және күшiн жоюдың осы Жарлықта көзделгендегiден өзгеше тәртібін белгiлеуге хақылы.
2-бап. Осы Жарлықта қолданылатын негiзгi ұғымдар
Осы Жарлықта қолданылатын ұғымдар мынаны бiлдiредi:
1) "Қазақстан Республикасының халықаралық шарты" - Қазақстан Республикасының шет мемлекетпен (немесе мемлекеттермен) не халықаралық ұйыммен жазбаша нысанда жасасқан және мұндай келісімнiң бiр құжатта немесе өзара байланысты бiрнеше құжатта көрiнiс тапқанына қарамастан, сондай-ақ оның нақты аталуына қарамастан, халықаралық құқық арқылы реттелетiн халықаралық келісім;
2) "жасасу" - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттың өзi үшiн мiндеттілігiне келісім бiлдiруi;
3) "қол қою" - егер халықаралық шарт кейiннен ратификациялауға немесе бекітуге жатпайтын болса, өзi үшiн оның мiндеттілігiне Қазақстан Республикасының келісім бiлдiру жолы;
4) "ратификация" - халықаралық шартты Қазақстан Республикасы Парламентiнiң бекітуi арқылы Қазақстан Республикасының өзi үшiн оның мiндеттілігiне келісім бiлдiру жолы;
5) "бекіту (қабылдау)" - Қазақстан Республикасы Үкіметінiң ратификациялауына жатпайтын халықаралық шарттың өзi үшiн мiндеттілігiне Қазақстан Республикасының келісім бiлдiру жолы;
6) "қосылу" - жасалуына Қазақстан Республикасы қатыспаған халықаралық шарттың өзi үшiн мiндеттілігiне оның келісім бiлдiру жолы;
7) "ратификациялық грамоталармен, бекіту (қабылдау) немесе қосылу туралы құжаттармен алмасу" - шартқа қатысушы мемлекеттер немесе депозитарий осындай грамоталармен (құжаттармен) алмасқан (мәлiмдеген) сәттен бастап халықаралық шарттың өзi үшiн мiндеттілігiне Қазақстан Республикасының келісім бiлдiру жолы;
8) "өкiлеттiк" - Қазақстан Республикасының құзырлы органдары негiздеген және сол арқылы бiр тұлға немесе бiрнеше тұлға халықаралық шарт жасасу мақсатында Қазақстан Республикасынан өкiлдiк етуге тағайындалатын құжат;
9) "халықаралық ұйым" - мемлекетаралық, үкiметаралық ұйымдар;
10) "депозитарий" - халықаралық шарттың түпнұсқасы сақтауға тапсырылатын және халықаралық құқықпен көзделген функцияларды орындайтын мемлекет, халықаралық ұйым немесе оның басты атқарушы лауазымды адамы;
11) "күшiн жою" - Қазақстан Республикасының өзi жасасқан халықаралық шарттан тиiсiнше ресiмделген бас тартуы;
12) "шарттың дәлме-дәл сәйкес мәтiнi" - уағдаласушы тараптар негiзгi (шек келтiрiлмейтiн) мәтiн ретiнде қарастыратын халықаралық шарттың мәтiнi.
3-бап. Халықаралық шарттардың түрлерi
1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары шет мемлекеттермен:
1) Қазақстан Республикасының (мемлекетаралық шарттар);
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінiң (үкiметаралық шарттар);
3) Қазақстан Республикасы министрлiктерiнiң, мемлекеттік комитеттерiнiң және өзге де орталық атқару органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдардың (ведомствоаралық шарттар) атынан жасалады.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары халықаралық ұйымдармен Қазақстан Республикасының, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң, Қазақстан Республикасы министрлiктерiнiң, мемлекеттік комитеттерi мен өзге де орталық атқару органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдардың атынан жасалады.
II Тарау
Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттарын жасасу
4-бап. Халықаралық шарттар жасасу туралы ұсыныстар
1. Қазақстан Республикасының мемлекетаралық сипаттағы халықаралық шарттарын жасасу туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Президентiне Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі енгiзедi.
2. Қазақстан Республикасының министрлiктерi, мемлекеттік комитеттерi мен өзге де орталық атқару органдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігімен бiрлесiп немесе оның келiсуiмен өз құзырындағы мәселелер жөнiнде осы баптың 1-тармағында аталған шарттарды жасасу туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгiзедi.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы баптың 2-тармағында аталған шарттарды жасасу туралы ұсыныстарды қарайды және оларды Қазақстан Республикасының Президентiне енгiзедi.
4. Үкiмет қарауына жататын мәселелер жөнiнде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі енгiзедi.
5. Қазақстан Республикасының министрлiктерi, мемлекеттік комитеттерi мен өзге де орталық атқару органдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігімен бiрлесiп немесе оның келiсуiмен өз құзырындағы мәселелер жөнiнде осы баптың 4-тармағында аталған шарттарды жасасу туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне табыс етедi.
6. Ведомствоаралық сипаттағы халықаралық шарттарды жасасу туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының тиiстi министрлiктерi, мемлекеттік комитеттерi мен өзге де орталық атқару органдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігімен келiсе отырып енгiзедi.
5-бап. Халықаралық шарттардың тілі
1. Екi жақты халықаралық шарттар, әдетте, уағдаласушы тараптардың мемлекеттік тiлдерiнде жасалады.
2. Көп жақты халықаралық шарттар шарттарға қатысушылардың келісімi бойынша белгiленетiн тiлдерде жасалады.
6-бап. Халықаралық шарттардың жобаларын құқықтық сараптау
1. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобалары Қазақстан Республикасының мүдделi министрлiктерiмен, мемлекеттік комитеттерiмен және өзге де орталық атқару органдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен алдын ала келісілген соң Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігінде мiндеттi құқықтық сараптаудан өткiзiлуге тиiс.
2. Құқықтық сараптаудан өткен халықаралық шарттардың жобалары Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігінде келісілуге тиiс.
7-бап. Келiссөздер жүргiзу туралы және халықаралық шарттарға қол қою туралы шешiмдер
Келiссөздер жүргiзу туралы және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қол қою туралы шешiмдердi:
1) мемлекетаралық сипаттағы халықаралық шарттарға қатысты, сондай-ақ егер бұл қажеттіліктен туындаса, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарауына жататын мәселелер жөніндегі халықаралық шарттарға қатысты - Қазақстан Республикасының Президентi;
2) Үкiмет қарауына жататын мәселелер жөніндегі халықаралық шарттарға қатысты - Қазақстан Республикасының Үкіметі;
3) ведомствоаралық сипаттағы халықаралық шарттарға қатысты Қазақстан Республикасының Үкіметімен келiсе отырып, Қазақстан Республикасының министрлерi, мемлекеттік комитеттерiнiң төрағалары және де өзге орталық атқару органдарының басшылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдардың басшылары қабылдайды.
8-бап. Келiссөздер жүргiзуге және халықаралық шарттарға қол қоюға берiлетiн өкiлеттiк
1. Қазақстан Республикасының мемлекетаралық сипаттағы келiссөздерiн жүргiзуге және халықаралық шарттарын жасасуға өкiлеттiктi - Қазақстан Республикасының Президентi, ал Үкiмет қарауына жататын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бередi.
2. Келiссөздер жүргiзуге және халықаралық шарттарға немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарауына жататын шарттарға қол қоюға өкiлеттiктi Қазақстан Республикасы Президентінің не Қазақстан Республикасы Үкіметінiң тапсыруымен Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі бере алады.
3. Келiссөздер жүргiзуге және ведомствоаралық сипаттағы халықаралық шарттарға қол қоюға өкiлеттiктi Қазақстан Республикасының Министрi, Мемлекеттік комитетiнiң төрағасы, өзге де орталық атқару органының басшысы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органның басшысы бередi.
9-бап. Арнайы өкiлеттiксiз келiссөздер жүргiзу және халықаралық шарттарға қол қою
1. Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi, Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi арнаулы өкiлеттiксiз-ақ келiссөздер жүргiзуге және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қол қоюға хақылы.
2. Қазақстан Республикасының шет мемлекеттегi дипломатиялық өкiлдiгiнiң басшысы немесе Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы өкілдігінің басшысы тиiсiнше өзi барған мемлекетпен немесе осы халықаралық ұйымның шеңберiнде Қазақстан Республикасының халықаралық шартын жасасу жөнiнде арнайы өкiлеттiксiз келiссөздер жүргiзуге хақылы.
3. Қазақстан Республикасының шет мемлекеттегi дипломатиялық өкiлдiгi басшысының немесе Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы өкiлдiгi басшысының арнайы өкiлеттiктерi болған ретте ғана Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қол қоюға құқығы бар.
4. Қазақстан Республикасының Министрi, Мемлекеттік комитетiнiң төрағасы, өзге де орталық атқару органының басшысы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органның басшысы өз құзырындағы мәселелер жөнiнде арнайы өкiлеттiксiз-ақ келiссөздер жүргiзуге және Қазақстан Республикасының ведомствоаралық сипаттағы халықаралық шарттарына қол қоюға хақылы.
10-бап. Халықаралық шарттарды ратификациялау
1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын Қазақстан Республикасының Парламентi ратификациялайды.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар оның заңдарынан басым болады және халықаралық шартқа орай оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлетiн жағдайларды қоспағанда, тiкелей қолданылады.
11-бап. Ратификациялауға жататын халықаралық шарттар
1. Қазақстан Республикасының мынадай:
1) орындалуы қолданылып жүрген заңдардың өзгертiлуiн немесе жаңа заңдардың қабылдануын талап ететiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгендегiден өзгеше ережелердi белгiлейтiн;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының өтуi туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ерекше экономикалық аймағының және құрылықтық шельфiнiң ара-жiгi туралы шарттарды қоса, Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен ара-жiгi жiктелуi туралы;
3) мемлекетаралық қатынастардың негiздерi туралы, қарусыздану немесе қару-жараққа халықаралық бақылау жасау, халықаралық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi жөніндегі, сондай-ақ бiтiм шарттары мен ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарттары;
4) Қазақстан Республикасының мемлекетаралық одақтарға, халықаралық ұйымдарға және басқа бiрлестiктерге қатысуы туралы, егер мұндай шарттар Қазақстан Республикасының егемендi құқықтарының бiр бөлiгiн жүзеге асыруды оларға берудi көздейтiн болса немесе олардың органдары шешiмдерiнiң Қазақстан Республикасы үшiн заңдық мiндеттілігiн белгiлейтiн болса;
5) мемлекеттік заемдар мен Қазақстан Республикасының экономикалық және өзге көмек көрсетуi туралы халықаралық шарттары ратификациялауға жатады.
2. Жасасқан кезде уағдаласушы мемлекеттер соңынан оларды ратификациялау жөнiнде келiскен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары ратификациялауға жатады.
12-бап. Халықаралық шарттарды ратификациялауға дейiн олардың Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгiн қарау
1. Қазақстан Республикасы Президентінің, Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Премьер-Министрдiң өтiнiшi бойынша Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын ратификациялауға дейiн олардың Конституцияға сәйкестiгiн қарайды.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған мәселелер жөнiнде Конституциялық Кеңеске өтiнiш жасалған жағдайда халықаралық шарттарды ратификациялау мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейдi деп танылған халықаралық шарттар ратификацияланбайды және күшiне енгiзiлмейдi.
13-бап. Халықаралық шарттарды ратификациялау туралы ұсыныстар
1. Қазақстан Республикасының мемлекетаралық сипаттағы халықаралық шарттарын ратификациялау туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Президентiне Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігінiң ұсынуымен Қазақстан Республикасының Үкіметі енгiзедi.
2. Қазақстан Республикасының министрлiктерi, мемлекеттік комитеттерi және өзге де орталық атқару органдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігімен бiрлесiп немесе оның келiсуiмен өздерiнiң құзырындағы мәселелер бойынша осы баптың 1-тармағында аталған шарттарды ратификациялау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгiзедi.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы баптың 2-тармағында аталған халықаралық шарттарды бекіту туралы ұсыныстарды қарайды және оларды Қазақстан Республикасының Президентiне енгiзедi.
4. Президент осы баптың 1 және 3-тармақтарында аталған шарттарды ратификациялау туралы ұсыныстарды қарайды және бұл шарттарды Қазақстан Республикасының Парламентiне ратификациялауға табыс етедi.
5. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарауына жататын мәселелер жөнiнде осындай рәсiмнен өткiзiлуге тиiс халықаралық шарттарды ратификациялау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгiзедi.
6. Қазақстан Республикасының министрлiктерi, мемлекеттік комитеттерi және өзге де орталық атқару органдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігімен бiрлесiп немесе оның келiсуiмен өздерiнiң құзырындағы мәселелер бойынша осы баптың 5-тармағында аталған халықаралық шарттарды ратификациялау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгiзедi.
7. Үкiмет осы баптың 5 және 6-тармақтарында аталған шарттарды ратификациялау туралы ұсыныстарды қарайды және бұл шарттарды Қазақстан Республикасының Парламентiне ратификациялауға ұсынады.
14-бап. Халықаралық шарттарды ратификациялау туралы шешiмдер қабылдау
1. Қазақстан Республикасының Президентi немесе Қазақстан Республикасы Үкіметі ратификациялауға ұсынған халықаралық шарттарды Қазақстан Республикасының Парламентi Палаталардың бөлек отырысында: алдымен - Мәжілісте, содан кейiн Сенатта қарайды және тиiстi заң қабылдайды.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шартын ратификациялау туралы заңға қол қойылып, ол жария етiлгеннен кейiн Қазақстан Республикасының Президентi ратификациялау грамотасына қол қояды.
15-бап. Ратификациялау грамоталарымен, бекіту немесе қосылу туралы құжаттармен алмасу
Ратификациялау грамоталарымен, Қазақстан Республикасының көп жақты халықаралық шарттарды бекітуi немесе оларға қосылуы туралы құжаттармен алмасуды және көп жақты халықаралық шарттарды ратификациялау туралы грамоталарды дипозитарийлерге сақтауға тапсыруды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі не оның тапсыруымен Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiгi немесе Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы өкiлдiгi жүргiзедi.
16-бап. Ратификациялау жатпайтын халықаралық шарттарды бекіту (қабылдау)
1. Қазақстан Республикасының ратификациялауға жатпайтын, бiрақ оларды бекіту (қабылдау) көзделген халықаралық шарттарын бекітудi (қабылдауды):
1) мемлекетаралық сипаттағы халықаралық шарттарға қатысты Қазақстан Республикасының Президентi;
2) үкiметаралық сипаттағы халықаралық шарттарға қатысты Қазақстан Республикасының Үкіметі жүргiзедi.
2. Ведомствоаралық сипаттағы халықаралық шарттарды бекітудi (қабылдауды) Қазақстан Республикасының тиiстi министрлiктерiнiң, мемлекеттік комитеттерiнiң немесе өзге де орталық атқару органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдардың ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жүргiзедi.
17-бап. Халықаралық шарттарға қосылу туралы ұсыныстар
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігінiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне мемлекетаралық сипаттағы халықаралық шарттарға қосылу туралы ұсыныстар енгiзедi.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі Қазақстан Республикасының Үкіметіне үкiметаралық шарттарға қосылу туралы ұсыныстар енгiзедi.
3. Қазақстан Республикасының министрлiктерi, мемлекеттік комитеттерi және өзге де орталық атқару органдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігімен бiрлесiп немесе оның келiсуiмен өздерiнiң құзырындағы мәселелер бойынша осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған шарттарға қосылу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгiзедi.
4. Қазақстан Республикасының тиiстi министрлiктерi, мемлекеттік комитеттерi және өзге де орталық атқару органдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігінiң келiсуiмен ведомствоаралық сипаттағы халықаралық шарттарға қосылу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгiзедi.
18-бап. Халықаралық шарттарға қосылу
1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарға қосылуы туралы шешiмдердi:
1) Қазақстан Республикасының Президентi ұсынған мемлекетаралық сипаттағы халықаралық шарттарға қатысты, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Үкіметі ұсынған және Үкiмет қарауындағы мәселелер жөнiнде ратификациялауға жататын халықаралық шарттарға қатысты Қазақстан Республикасының Парламентi;
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарауындағы және ратификациялауға жатпайтын халықаралық шарттарға қатысты - Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2. Ведомствоаралық сипаттағы халықаралық шарттарға қосылу туралы шешiмдердi Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
19-бап. Халықаралық шарттардың күшiн тоқтата тұру туралы ұсыныстар
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігінiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне Қазақстан Республикасының мемлекетаралық сипаттағы халықаралық шарттарының күшiн тоқтата тұру туралы ұсыныстар енгiзедi.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі Үкiмет құрауына жататын мәселелер жөніндегі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының күшiн тоқтата тұру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгiзедi.
3. Қазақстан Республикасының министрлiктерi, мемлекеттік комитеттерi және өзге де орталық атқару органдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігімен бiрлесiп немесе оның келiсуiмен өздерiнiң құзырындағы мәселелер бойынша осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған халықаралық шарттардың күшiн тоқтата тұру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгiзедi.
4. Қазақстан Республикасының тиiстi министрлiктерi, мемлекеттік комитеттерi және басқа да орталық атқару органдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігінiң ұсынуымен ведомствоаралық сипаттағы халықаралық шарттардың күшiн тоқтата тұру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгiзедi.
20-бап. Халықаралық шарттардың күшiн тоқтата тұру
1. Қазақстан Республикасының Парламентi:
1) ратификациялауға жататын мемлекетаралық сипаттағы халықаралық шарттарға қатысты;
2) осы Жарлықтың 11-бабында аталған үкiметаралық сипаттағы халықаралық шарттарға қатысты Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының күшiн тоқтата тұру туралы шешiмдердi қабылдайды.
2. Ратификациялауға жатпайтын мемлекетаралық сипаттағы халықаралық шарттардың қолданылуын тоқтата тұру туралы шешiмдердi Қазақстан Республикасының Президентi қабылдайды.
3. Үкiмет қарауына жататын халықаралық шарттардың күшiн тоқтата тұру туралы шешiмдердi Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды, бұған осы Жарлықтың 11-бабында аталған шарттар қосылмайды.
4. Ведомствоаралық сипаттағы халықаралық шарттардың күшiн тоқтата тұру туралы шешiмдердi Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
III тарау
Қазақстан Республикасының
Халықаралық шарттарын орындау
21-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын сақтау және олардың орындалуын қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Жарлыққа, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілеріне және халықаралық құқық нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарды мүлтiксiз сақтауға тиiс.
2. Қазақстан Республикасының Президентi Республика жасасқан шарттар мен ол қабылдаған мiндеттемелердiң сақталуын қамтамасыз етедi.
3. Қазақстан Республикасының үкіметі Қазақстан Республикасының күшiне енген халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданады.
22-бап. Халықаралық шарттар жөніндегі мiндеттемелердi орындау
Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының тиiстi министрлiктерi, мемлекеттік комитеттерi өзге де орталық атқару органдары, сондай-ақ құзырларына Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен реттелетiн мәселелер енетiн, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдар қазақстандық тараптың шарттар бойынша қабылдаған мiндеттемелерiнiң орындалуын қамтамасыз етедi, осындай шарттардан туындайтын қазақстандық тарап құқықтарының жүзеге асырылуын және шарттарға басқа да қатысушылардың өз мiндеттемелерiн орындауын бақылап отырады.
23-бап. Халықаралық шарттардың орындалуын жалпы бақылау
Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының орындалуын жалпы бақылауды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі жүзеге асырады.