Қазақстан Республикасында Өнімді сертификаттауды қамтамасыз ету жөніндегі
шаралар туралы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 ж. 4
сәуiрдегі № 320 қаулысы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 9 ақпандағы № 124 Қаулысымен күші жойылды
Өнiмдi сертификаттау жөніндегі жұмысты тиiмдi жүргiзу, Қазақстанның нарығына импорттық және республикада өндiрiлген, адамдардың денсаулығы мен айналадағы ортаға қауiптi сапасыз өнiмдердiң берiлiп тұруынан тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитет:
1994-1995 жылдардың iшiнде Қазақстан Республикасына импортталатын және ол экспортқа шығаратын өнiмдердiң сертификаттары сәйкестiгiн өзара мойындау үшiн беделдi шетелдiк сертификаттау ұйымдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сертификаттау жүйесiнде тiркелуiн, сондай-ақ республиканың сертификаттау жөніндегі органдары мен сынақ орталықтары шет елде тiркелуiн қамтамасыз етсiн;
бiр тектес өнiмдердi сертификаттау жөніндегі органдар мен сынақ орталықтары "Қазақстан Республикасында өнiмдердi (жұмыстарды, қызметтердi) мiндеттi түрде сертификаттауды кезең-кезеңiмен енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 20 мамырдағы № 411 қаулысымен бекітілген Тiзбеге сәйкес тiркелуiн қамтамасыз етсiн;
мүдделi ұйымдармен бiрлесiп, Қазақстан Республикасында тiркелген шет елдердiң сауда өкiлдiктерi мен шетелдiк фирмаларға тауарларды республика аумағына әкелу кезiнде олардың қауiпсiздiгiне бақылау енгiзгенi туралы мәлiметтердi табыс етiп отыратын болсын;
1994 жылы республика халық шаруашылығының барлық салаларына өнiмдердi (жұмыстарды, қызметтердi) сертификаттау саласында мамандар даярлау мен қайта даярлау жөнiнде тұрақты жұмыс iстейтiн курстар ұйымдастырсын.
2. Республиканың барлық шаруашылық жүргiзушi субъектiлерi Қазақстан Республикасына өнiм берiп тұруға арнап шетелдiк фирмалармен контракт жасасқанда Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген нормативтi-техникалық құжаттамаға сәйкес олардың қауiпсiздiк көрсеткiштерiне қойылатын талаптарды да қосатын болсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Бас кеден басқармасы мiндеттi түрде сертификаттауға жататын импорттық өнiмдердiң еркiн айналымы үшiн Қазақстан Республикасында сәйкестiгi мойындалған сертификатты ұсынғанда ғана республика аймағына шығарылуын қамтамасыз етсiн.
4. Министрлiктер, мемлекеттік комитеттер, ведомстволар, кәсiпорындар, ұйымдар және басқа шаруашылық жүргiзушi субъектiлер облыс, Алматы мен Ленинск қалаларының әкiмдерiмен бiрлесiп, республикада өндiрiлген және мiндеттi түрде сертификаттауға жататын өнiмдердiң бүкiл номенклатурасын сертификаттау үшiн органдар мен сынақ бөлiмшелерiн тiркеуге әзiрлiктi 1994-1995 жылдардың iшiнде аяқтайтын болсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi