Жүзу құралдарының, мұз үстiмен жүретiн құралдардың орналасқан жерiнен сапарға шығуына (шығарылуына) құжаттар ресiмдеудiң тәртібі және тоқтамаларды, айлақтар мен жүзу құралдарының, мұз үстiмен жүретiн құралдардың орналасқан пункттерiн жабдықтау тәртібі туралы нұсқама мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттеріндегі шекаралық режимнiң ережелерiн бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 4 қаңтардағы № 20 қаулысы
(2000.27.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 21 қаңтардағы № 19 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Осыған қосылған:
Жүзу құралдарының, мұз үстiмен жүретiн құралдардың орналасқан жерiнен сапарға шығуына (шығарылуына) құжаттар ресiмдеудiң тәртібі және тоқтамаларды, айлақтар мен жүзу құралдарының, мұз үстiмен жүретiн құралдардың орналасқан пункттерiн жабдықтау тәртібі туралы Нұсқама;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттеріндегі шекаралық режимнiң Ережелерi бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасы Шекара әскерлерiнiң Бас басқармасы, Қаржы министрлігінiң Бас кеден басқармасы Қазақстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерiнiң ерекшелiктерi мен түрлерiн ескере отырып, 1994 жылы осы Ережелердiң талаптарын орындауды қамтамасыз ету жөніндегі келісілген шаралардың жиынтығын iске асырсын.
3. Қазақстан Республикасының Көлiк министрлігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерi болып табылатын әуежайлар, стансалар, вокзалдар әкiмшiлiктерiн шекара әскерлерi мен кеден органдарының өкiлдерiмен келiсу бойынша шекаралық және кедендiк бақылауға арналған орындар бөлуге мiндеттесiн.
4. Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Семей және Талдықорған облыстарының әкiмдерi бекітілген Нұсқамаға сәйкес өзi жүретiн және өздiгiнен жүрмейтiн, жүзу құралдарының және мұз үстiмен жүретiн құралдарды ұстау мен сақтау тұрақты қадағалауды жүзеге асыру үшiн жұмыс органдарын белгiлесiн.
Меншiктiң кез келген нысанындағы кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың басшыларына 1994-1995 жылдары айлақтарды, тоқтамаларды, орналасу пункттерiн белгiленген тәртiп бойынша жабдықтау, олардың күзетiлуiн, шекара әскерлерiнiң бөлiмшелерiмен телефон немесе радио байланысымен қамтамасыз ету мiндеттелсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің
1994 жылғы 4 қаңтардағы
№ 20 қаулысымен
Бекiтiлген
Жүзу құралдарының, мұз үстiмен жүретiн құралдардың
орналасқан жерiнен сапарға шығуына (шығарылуына) құжаттар
ресiмдеудiң тәртібі және тоқтамаларды, айлақтар мен жүзу
құралдарының, мұз үстiмен жүретiн құралдардың орналасқан
пункттерiн жабдықтау тәртібі туралы
Нұсқама
1. Шекара аймағы аумағында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасына жақын орналасқан аудандардың, қалалардың, поселкелердiң, селолардың (ауылдардың) аумағында немесе шекара аймағы белгiленбеген, шекара әскерлерi күзететiн теңiз жағасында балық аулайтын, аң аулайтын, ғылыми-зерттеу, спорттық және басқа да өздiгiнен жүретiн, өздiгiнен жүрмейтiн жүзгiлер, сондай-ақ кәсiпорындарға, мекемелерге, ұйымдарға (колхоздарды қоса) және азаматтарға тиесiлi мұз үстiнде жүруге арналған құралдар (аэрошаналар, буерлер, мотошаналар) кемежайды қадағалау органдарында және шағын жүзгiлер мен мұз үстiнде жүруге арналған құралдар жөніндегі инспекцияларда белгiленген тәртiппен тiркелумен қатар шекара әскерлерiнiң таяудағы бөлiмшелерiнде тiркеуден өтуге тиiс, бұл туралы олардың иесiнiң тiркеу құжаттарына арнаулы штамп қойылады.
Аталған жүзгiлер мен мұз үстiнде жүруге арналған құралдар орнатылған айлақтарға, тоқтамаларға, орналасу пункттерiне бекітілуге тиiс және олардың аялдауына арналған тұрақты орны болуы керек.
Бұл жүзгiлердiң кiмдердiкi екенiн бiлу үшiн олардың иелерi кемелердiң тұмсық бөлiгi мен артқы жағының шанақтарына берiлген тiркеме нөмiрлерiн және облыстар, аудандар, қалалардағы аудандар әкiмдерiнiң қаулыларымен (шешiмдерiмен) орнатылған шекаралық режим туралы жазуларды түсiредi. Жүзгiлердiң әуеден танылуы үшiн нөмiрлерi, сондай-аақ басқару бөлмесiнiң (рубканың) жоғарғы жағына, шанақтарда, желкендi және ескектi қайықтарда, мұз үстiмен жүретiн құралдарда - арнайы жабдықталған тұмсық жағындағы алаңқайларға түсiрiлуi қажет. Құтқарғыш құралдарда (оман қайықта, дөңгелекте, белдiкте), желкендерде осы жүзгiге (мұз үстiмен жүретiн құралға) берiлген индекс пен нөмiр болуға тиiс.
Осы тармақта көзделген шекара әскерлерiнiң жүзгiлердi тiркеу тәртібі әскери кемелерге және Әскери-Теңiз Күштерiнiң өзге де жүзгiлерiне, сондай-ақ тиiстi теңiз және өзен кемежайларына бекітілiп белгiленген тәртiппен тiркелген Қазақбалықөнеркәсiпөткізу бiрлестiгiнiң, басқа да министрлiктер мен ведомстволардың кәсiпорындары мен ұйымдарына (Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi бекiткен тiзбе бойынша) қарасты жүзгiлерге қолданылмайды.
2. Азаматтар шекара әскерлерi күзететiн теңiз жағасында, шекарадағы өзендер, көлдер мен өзге де су тоғандарының жағалауларында өздiгiнен жүретiн және өздiгiнен жүрмейтiн жүзгiлермен, мұз үстiнде жүруге арналған құралдармен уақытша болған кезде олар иелерi тарапынан шекара әскерлерiнiң таяудағы бөлiмшесiнде уақытша есепке қойылуы және белгiленген айлақтарда, тоқтамалар мен орналасқан пункттерiнде ұсталуға тиiс.
3. Шекара аймағының шегiнде, сондай-ақ шекара аймағы белгiленбеген шекара әскерлерi күзететiн теңiз жағасына жақын орналасқан аудандар, қалалар, қалалардағы аудандар, поселкелер мен селолар (ауылдар) аумағында айлақтар, тоқтамалар (орналасатын жерлерi) мүдделi кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдардың ұсыныстары бойынша және шекара әскерлерiнiң келісімiмен тиiстi әкiмшiлiк айқындаған жерлерде орнатылады.
Айлақтың, тоқтаманың және орналасу пунктiнiң аумағына бөгде адамдардың кiрiп кетпеуi үшiн олардың қоршалған дуалы, суда және жазға сақталатын жүзу құралдарына, мұз үстiмен жүретiн құралдарға арналған бекiтпелерi, ескек, желкен, аспалы мотор сақтауға арналған үй-жайы, айлақтың сақшысына немесе күзетшiсiне арналған күркежайы, жанар-жағар материалдар қоймасы, заставамен немесе басқа да шекара әскерлерi бөлiмшелерiмен байланыс, пайдаланылмайтын жүзу құралдарын сақтайтын орны, тоқтаманың нөмiрi бар сiлтемесi болуы қажет.
Барлық жүзу құралдары, мұз үстiнде жүретiн құралдар олар бекітілген тоқтамаларда, айлақтарда (орналасқан жерлерiнде) ғана ұсталынады. Шағын жүзу құралдары (оман қайықтар, жай қайықтар), мұз үстiнде жүретiн құралдарға құлып салынып, жабылады да олардың кiлттерi күзетшiдегi арнайы жәшiкте сақталынады.
Кәсiпорындар, мекемелер мен ұйымдар (колхоздарды қосқанда) тиiстi айлақтарды, тоқтамалар мен орналасу пункттерiн белгiленген тәртiппен жабдықтауға, олардың күзетiлуiн және шекара әскерлерiнiң бөлiмшелерiмен байланысын қамтамасыз етуге мiндеттi. Азаматтарды осы объектiлердi күзетуге байланысты жұмысқа қабылдау iсi шекара әскерлерiмен келісіледi.
4. Белгiленген айлақтардан, тоқтамалардан (орналасу орындарынан) тыс жерлерде және осы үшiн бөлiнбеген басқа да орындарда өздiгiнен жүретiн және өздiгiнен жүрмейтiн жүзгiлердi, мұз үстiнде жүретiн құралдарды сақтауға және тоқтатуға, адамдарды мiнгiзуге және түсiруге, жүктердi тиеуге және түсiруге, зiлзала мен авария жағдайынан басқа кезде, тыйым салынады.
5. Өздiгiнен жүретiн, өздiгiнен жүрмейтiн жүзгiлердiң және мұз үстiмен жүруге арналған құралдардың теңiзге шығарылуын және шекаралық өзендердiң, көлдер мен өзге де су тоғандарының қазақстандық су бөлiгiне шығарылуын барлық жағдайларда шекара отряды бастығының (дербес бақылау-өткізу пунктi - ДБӨП бастығының), ал шекаралық аудандарда тұратын адамдарға - шекара отряды бастығының (ДБӨП бастығының) немесе олардың орынбасарларының жазбаша рұқсаты негiзiнде белгiленген жерлер мен белгiлi бiр уақытта шекаралық застава (шекаралық әскерлер бөлiмшесi) жүзеге асырады.
6. Шекарадағы кеме жүретiн өзендерде, көлдер мен өзге де тоғандарында балық аулау Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және Қазақбалықөнеркәсiбi өткізу бiрлестiгi белгiленген ережелерге сәйкес жүргiзiледi; шекарадағы кеме жүрмейтiн өзендерде балық аулауға ерекше жағдайларда ғана рұқсат етiлуi мүмкiн. Барлық жағдайларда да, балық аулауға отряд бастығының (дербес бақылау-өткізу пунктi бастығының) жазбаша рұқсаты берiледi.
7. Әуесқой балықшылардың, туристердiң және спортшылардың теңiзге шығуына, шекарадағы өзендердiң, көлдердiң және өзге де су тоғандарының қазақстандық су бөлiгiне, оның iшiнде су астынан балық аулауға шығуына тәулiктiң жарық мезгiлiнде шекара отряды бастығының (ДБӨП бастығының), ал шекаралық аудандарда тұратын адамдарға - шекара отряды бастығының (ДБӨП бастығының) немесе олардың орынбасарларының жазбаша рұқсаты негiзiнде және тiркелген өздiгiнен жүретiн, өздiгiнен жүрмейтiн жүзгiлерге, мұз жүруге арналған құралдарға ғана қараңғы түскенге дейiн белгiленген айлақтарға, тоқтамаларға (орналасқан орындарына) оралатындай етiп барлық жағдайда берiлетiн рұқсаттамалар бойынша рұқсат етiледi.
8. Ұйымдар, мекемелер, кәсiпорындар (колхоздарды қосқанда) әзiрлеген, олардың басшылары қол қойған, мөр соғылған және Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi мен iшкi iстерiнiң аудандық органдарында келісімнен өткен тiзiмдер жазбаша рұқсат болып табылады.
9. Тiзiмдер төрт данада мынадай нысан бойынша ресiмделедi:
рет нөмiрi
фамилиясы, аты, әкесiнiң аты
паспортының сериясы, нөмiрi
туған жылы және жерi
тiркелген жерi
келген пунктi, орны (жұмыс iстеуге, кәсiпшiлiкпен айналысуға, балық аулауға және т.б.).
Тiзiмдердi шекара отрядының бастығы (ДБӨП бастығы) немесе олардың орынбасарлары бекiткен сәтiнен бастап 6 ай мерзiмде күшiнде болады.
10. Бекiтiлген тiзiмдер негiзiнде шекара заставасының бастығы (шекара бөлiмшесiнiң командирi) рұқсаттамаларды толтырып, оларды кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың басшыларына қол қойғызып, тапсырады. Жұмыс бiткен соң немесе рұқсаттаманың мерзiмi аяқталған соң олар алынған жерiне қайтарылып берiледi.
11. Тоқтамалардан, айлақтардан (орналасқан орындарынан) жүзу құралдарын, мұз үстiмен жүретiн құралдардың тiкелей сапарға шығарылуын шекара нарядтары мынадай құжаттары:
тiркелуi туралы шекара әскерлерiнiң штампы соғылған осы құралды басқару құқына куәлiгi;
экипаждың әрбiр мүшесiнiң жеке басын куәландыратын құжаттары;
жүзгiлiк рөлi немесе кәсiпорынның мөрi басылған және басшысының қолы қойылған жүзгi экипажының (балықшылардың) тiзiмi немесе застава бастығы (шекара бөлiмшесiнiң командирi) берген рұқсаттамасы;
таным белгiлерi, тiркеме нөмiрлерi немесе жазылымдары болған жағдайда жүзеге асырады.
Бұған қоса балық аулау үшiн шығатын адамдардың балық аулауға лицензиясы болуға тиiс.
12. Жүзу құралдарының, мұз үстiмен жүретiн құралдардың сапарға шығуы мен одан қайта оралуының есебiн шекара нарядтары, заставалары (шекара бөлiмшелерi), шекара отрядтары схемаларда (макеттерде), арнайы журналдарда мынадай нысан бойынша жүргiзiледi:
тоқтама нөмiрi;
жүзу құралының, мұз үстiмен жүретiн құралдың нөмiрi немесе оның атауы;
экипаждың тiзiмi немесе жетекшiсiнiң фамилиясы, аты, әкесiнiң аты;
келген ауданы (кәсiпшiлiгi және т. б.);
шығу (шығарылу) күнi мен уақыты;
қайта оралған күнi мен уақыты;
жiберушiнiң фамилиясы, аты-жөнi;
кiмге мәлiмделдi (ақпарат берiлдi).
13. Шекара әскерлерi күзететiн шекарадағы өзендердiң, көлдер мен өзге де су тоғандарының жағалауларында, теңiз жағасында дем алуға (шомылуға) арналған орындарды, оларды жабдықтау мен пайдалану тәртібін шекара әскерлерiмен келiсу бойынша аудандардың, қалалардың, қалалардағы аудандардың әкiмдерi айқындайды.
14. Шекара әскерлерiнiң кемелерiне (катерлерiне) Қазақстан Республикасының аумақтық суларында (аумақтық теңiзiнде), Қазақстан Республикасының iшкi суларында, шекарадағы өзендердiң, көлдердiң және өзге де су тоғандарының қазақстандық су бөлiгiнде қажет болғанда түн мезгiлiнде орнатылған шамдарсыз жүзуге рұқсат етiледi. Мұндай жағдайда кемелердiң (катерлердiң) командирлерi басқа жүзгiлермен қақтығысып қалмаудан сақтандыратын шараларды қолдануға мiндеттi.
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің
1994 жылғы 4 қаңтардағы
№ 20 қаулысымен
Бекiтiлген
Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы
арқылы өткізу пункттеріндегі шекаралық режимнiң
Ережелерi
ҚР Үкіметінің 27.07.00 ж. № 1132 қаулысымен мәтін бойынша сөздер ауыстырылды
Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктi дегенiмiз - бақылаудың шекаралық, кедендiк және өзге де түрлерi жүзеге асырылатын әрi адамдар, көлiк құралдарын, жүктер мен өзге де мүлiк өткiзiлетiн халықаралық немесе екi жақты қатынас үшiн ашық болатын темір жол мен автомобиль стансаларының, теңiз және өзен кемежайларының, әуежайлар мен әуе айлақтарының аумағы немесе аумағының бөлiгi.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерiнiң мынадай түрлерi:
автомобиль;
темір жол;
авиация;
теңiз (өзен) өткізу пункттерi ашылып, жұмыс iстейдi.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерiнде шекаралық режим белгiленедi.
Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріндегі режим адамдарды, көлiк құралдары мен жүктердi мемлекеттік шекара арқылы өткізуге қатысушы мекемелердiң қызметтiк қарекетi үшiн жағдай туғызу мен олардың қолдау мүддесiне орай белгiленедi. Ол осы пункттерге келу мен жүру, адамдарды, көлiк құралдарын өткізу тәртібін реттейдi, өткізу пункттеріндегі олар үшiн жабық орындарға, шетелге баратын көлiк құралдарына бөгде адамдардың кiрiп кетпеуiне ықпал етедi, сондай-ақ шекара арқылы өткізуге қатысушы, оны орындау жөніндегі лауазымды адамдар мен ұйымдардың мiндеттерiн реттейдi.
Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын әуежайлар мен әуе айлақтары, теңiз және өзен кемежайлары, темір жол мен автомобиль стансалары режимдiк объектiлер болып табылады, бұлардың аумағы қоршаулы әрi жарық болуға тиiс, оларда адамдар мен көлiк құралдарының өтуi мен болуының айрықша ережелерi белгiленедi. Азаматтар мен көлiк құралдарын өткізу, осы аумақты күзету әскерилендiрiлген күзет (ӘК) бөлiмшелерi мен басқа да күзет қызметi орындарына жүктеледi.
Қоршауларды, соның iшiнде ауыстырмалыларын, турникеттердi, шлагбаумдарды және т.б. орнату үшiн және оларды мемлекеттік шекара арқылы өтетiн пункттерде сақтау үшiн жауапкершiлiк көлiк ұйымдарының әкiмшiлiктерiне жүктеледi.
ҚР Үкіметінің 27.07.00 ж. № 1132 қаулысымен 1-тармақ өзгертілді
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттеріндегі режимдi реттеушi ережелер әуежайлардың, әуе айлақтарының, теңiз және өзен кемежайларының, темір жол және автомобиль вокзалдары мен стансаларының бастықтары (бұдан әрi - көлiк ұйымдарының әкiмшiлiктерi) шекара әскерлерiмен, кеден органдарымен және iшкi iстер органдарымен келiсу бойынша шығарған тиiстi бұйрықтарына (нұсқамаларына) сәйкес белгiленедi. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсiздiк комитетiнiң Шекаралық қызметi, кедендiк қызмет және көлiктiк ұйымдардың әкiмшiлiгi шекаралық және кедендiк бақылауды жүзеге асыру үшiн үй-жайлар мен өзге де орындарды белгiлейдi. Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекаралық қызметi көлiктік ұйымдардың әкiмшiлiгiмен, кеден органдарымен келісім бойынша осы жерлерде қосымша режимдiк iс-шаралар белгілейдi, олар:
шекаралық және кедендiк бақылау жүзеге асырылатын үй-жайлар мен өзге де жерлерге, сол көлiк құралдарын бақылау мен оларға қызмет көрсету жөніндегі жұмысқа қатысатын адамдарды және солармен шетелге бара жатқан жолаушыларды көлiк құралдарына жiберуге, сондай-ақ басқа да адамдарды жiберуге қатаң тәртiп орнатуды;
белгiленген үлгiде рұқсаттамалар енгiзудi;
шетелге баратын жолаушыларды, көлiк құралдарын ресiмдеумен және оларға қызмет көрсетумен шұғылданатын адамдардың барлық санаттарына шекара әскерлерiнiң бақылау-өткізу пункттерi оларға өздерiнiң тiкелей мiндеттерiн орындайтын жерлерiнiң ғана режимдiк аумағында болуына құқық беретiн белгiленген үлгiдегi рұқсаттама беруiн қамтиды. Мұндай рұқсаттамалары бар, бiрақ ауысылымда жолаушыларды, көлiк құралдарын, жүктердi қамту жөніндегі жұмыспен шұғылданбайтын көлiк кәсiпорындарының қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекаралық қызметiнiң әскери қызметшілерiне және кеден органдарының қызметкерлерiне режимдiк аумақта болуға тиым салынады.
Режимдiк аумақта жүрген кезде барлық адамдардың режимдiк аумаққа кіруiне құқық беретiн құжаттары да болуға мiндеттi.
Көлiк ұйымдарының әкiмшiлiктерi белгiсiз себептермен жұмысқа шықпай қалған немесе жұмыс бiткен соң қалып қойған жұмысшылар мен қызметшiлер туралы, олардың болған жерлерiн айқындауға қолданылған шаралар туралы, сондай-ақ жұмыстан босатылған адамдар туралы шекара әскерлерiнiң бақылау-өткізу пункттерiн (БӨП) хабардар етедi. Қайтарылып алынған рұқсаттамалар олар босатылғаннан кейiн 24 сағаттан кешiктiрiлмей БӨП-ке қайтарылып берiледi.
Автокөлiк және басқа да өздiгiнен жүретiн құралдар режимдiк аумаққа шекара әскерлерiнiң арнайы рұқсаттамалары бойынша сол үшiн бөлiнген жерлер арқылы жiберiледi. Олардың режимдiк аумақ бойынша жүру тәртібін шекара әскерлерiнiң бақылау-өткізу пункттерiмен келiсу бойынша көлiк ұйымдарының әкiмшiлiктерi айқындайды.
Шетелге баратын көлiк құралдарына:
- шетелге кетер кезiнде - шекаралық ресiмдеудiң басталуынан оның аяқталуына дейiн;
шетелден келген кезде - оның келу сәтiнен шекаралық ресiмдеу аяқталғанға дейiн бөгде адамдар жiберiлмейдi.
Жолаушылар мен қол жүктерiне шекаралық және кедендiк бақылау жасалып жатқан үй-жайларға, көлiк құралдарына қарсы алушылар мен шығарып салушылардың өтуiне тиым салынады.
Шетелге баратын көлiк құралдарын шекаралық ресiмдеу кезеңiнде қажеттi жағдайда осы құралдарға (үй-жайларға) жекелеген адамдар шекаралық әскерлердiң бақылау-өткізу пункттерi бастықтарының рұқсатымен ғана жiберiлуi мүмкiн.
Қазақстан Республикасындағы шетелдiк елшiлiктер мен консулдықтардың қызметкерлерiне бұл үй-жайларға кіру құқына рұқсаттамаларды Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігінiң хаттама бөлiмi бередi. Қазақстан Республикасындағы шетел мемлекеттерiнiң елшiлерiне бұл үй-жайларға олардың дипломатиялық паспорттарымен (кәртiшкелерiмен) өтуге рұқсат етiледi.
Шетелге баратын көлiк құралдарына шетелге кетер кезде жолаушыларды отырғызу және шет елден келгенде жолаушыларды түсiру, сондай-ақ қол жүгiн, почтаны, жүктердi және өзге де мүлiктердi тиеу (түсiру) шекара әскерлерiнiң бақылау-өткізу пункттерiнiң рұқсатымен жүргiзiледi.
Шетелге баратын адамдардың жүктерi мен өзге де мүлiктерiн, көлiк құралдарын және олармен апарыла жатқан жүктердi тексерiп шығуды шекара әскерлерiнiң бақылау-өткізу пункттерi кеден мекемелерiмен бiрге немесе дербес жүзеге асырады. Шекара әскерлерiнiң, шет елге кететiн уақытына қарамастан, көлiк құралдарын тәулiктiң кез келген уақытында тексерiп шығуға, ал қажеттi жағдайда қайтадан тексеру жүргiзуге құқы бар.
Арнайы рұқсаттамалармен ресiмделген пломбалары бар вагондар, контейнерлер, жүзгiлердiң бөлiктерi мен жүк тиелген көлiк құралдарының өзге де орындары, егер буып-қаттаудың, мөрлердiң, пломбалардың тұтастығы бұзылса, сондай-ақ бөгде адамдардың жасырыну белгiлерi білінген жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекаралық қызметі тарапынан ашылып, тексерiледi.
Көлiк ұйымдарының лауазымды адамдары шетелге баратын пломбаланған контейнерлердi, вагондарды, бөлiктер мен көлiк құралдарының өзге де орындарын шекара әскерлерiнiң бақылау-өткізу пункттерi өкiлдерiнiң талап етуi бойынша ашып көрсетуге мiндеттi.
Шетелдiк көлiк құралдары мен Қазақстан Республикасының шетелге баратын көлiк құралдарын мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерiнде қабылдау мен жөнелтудi құрамында:
шекара әскерлерiнiң бақылау-өткізу пунктiнiң өкiлi;
кеден мекемесiнiң өкiлi;
көлiк ұйымдарының өкiлдерi;
санитарлық қадағалау мен карантиндiк инспекцияның өкiлдерi бар комиссия жүргiзедi.
Құйма тұрпатындағы теңiз көлiктерiн жөнелту мен қабылдау кезiнде комиссия құрамына өрт сөндiру инспекциясының өкiлi енгiзiледi.
Комиссияны барлық жағдайда көлiк ұйымдарының әкiмшiлiгi шақырады, оның көлiк құралындағы жұмыс тәртібін шекара әскерлерiнiң бақылау-өткізу пунктiнiң өкiлi белгiлейдi.
Көлiк ұйымдарының әкiмшiлiктерi шекара әскерлерiнiң бақылау-өткізу пункттерiне шет елден жақында соғатын (келетiн) көлiк құралдары туралы мынадай деректердi хабарлауға мiндеттi:
көлiк құралының кiмдiкi екенi, типi, тоннажы;
экипаждың саналымы, жолаушылардың саны және олардың азаматтығы;
әкеле жатқан жүгiнiң сипаты мен мөлшерi;
аялдама орны (тоқтама, бекет, темір жол тарамы);
осы көлiк құралына қызмет көрсету жөніндегі жұмысқа қандай бригадалар (жүк тиеушiлер, докерлер және басқа да қызмет көрсетушiлер) жiберiледi.
Шетелге адамдар, жүктер тасуға қатысатын көлiк ұйымдарының лауазымды адамдары (поездардың бастықтары, вагондардың жолсерiктерi, жүзгiлердiң капитандары, әуе кемелерiнiң командирлерi, автобустар мен жүк автомобильдерiнiң жүргiзушiлерi) бөгде адамдардың көлiк құралдарына кiрiп кетуiне жол бермеуге шаралар қолдануға мiндеттi, осы мақсатпен олар экипаждардың (поезд бригадаларының) күшiмен тексеру жүргiзуге тиiс. Бұған қоса, олар өткізу пунктiне келгенi және алда болатын шекаралық бақылау туралы жолаушыларды хабардар етiп отыруға, көлiк құралы бойынша жолаушылардың ерсiлi-қарсылы жүруiн шектеуге, вагоннан вагонға және көпшiлiк орындарына (ресторандарға, буфеттерге және басқаларына) өтетiн есiктердi жабуға, жарық беретiн тетiктердi қосуға, шекара нарядына жолаушылардың саны және олардың жол үстіндегі тәртібі туралы хабарлап отыруға мiндеттi.
Көлiк ұйымдарының әкiмшiлiктерi шекара әскерлерiнiң бақылау-өткізу пункттерiнiң келiсуi бойынша шетелге баратын көлiк құралдары үшiн аялдама жасайтын орындарды (бекеттердi, тоқтамаларды, темір жол тарамдарын) және аялдама жасау уақытының ұзақтығын белгiлейдi. Шетелге баратын көлiк құралдары шетелге аттанар кезде және шет елден келгенде шекара әскерлерiнiң бақылау-өткізу пункттерiнiң рұқсатымен ғана жүрiсiн бастап, аялдама орнын ауыстыра алады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерiнде режим ережелерiн бұзған адамдар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабына сәйкес қылмыстық және әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылады.
«Қазақстан Республикасының Шекара әскерлерi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес шекара әскерлерi бақылау-өткізу пункттерiнiң мемлекеттік шекара арқылы өту пункттерiнде режимдi бұзған азаматтарды әкiмшiлiк жолымен бөгеуге және оларды көлiк ұйымдары арнайы бөлiп, жабдықтаған үй-жайларда ұстауға құқы бар.
3. Өткізу пункттерiнде режимдi сақтау мүддесiмен көлiк ұйымдарының басшылары тарапынан тұрақты бақылау жасалуымен қатар тоқсан сайын өткізу пункттеріндегі шекаралық режимнiң жайын комиссиялық тексеру жүзеге асырылады. Комиссиялардың құрамына өткізу пунктiнiң жұмысына мүдделi барлық ұйымдар өкiлдерiнiң кемiнде жартысы енгiзiлуге тиiс.
Бұған әрбiр жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекаралық қызметі, кеден және көлiк ұйымдары өкiлдерiнiң қатысуы мiндеттi болып табылады. Комиссиялар жұмысының қорытындылары үш дана болатын актiмен ресiмделедi.
Өткізу пункттерiнде шекаралық режим ережелерiнiң сақталуын бақылау Қазақстан Республикасының Шекара әскерлерiне жүктеледi.