Қазақстан Республикасында бағалы металдардың қайталама ресурсын
пайдаланудың тиiмдiлiгiн арттыру туралы Қазақстан Республикасы Министрлер
Кабинетінің 1993 ж. 20 тамыздағы № 718 қаулысы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 9 ақпандағы № 124 Қаулысымен күші жойылды
Құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтарды дайындау (өткізу) жөніндегі жұмыстың тиiмдiлiгiн арттыру, сондай-ақ республикада бағалы металдардың қайталама ресурсын өңдеу технологиясын игеру мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1."Алтыналмас" Ұлттық акционерлік компаниясына, "Алтын" акционерлік қоғамына республикада бағалы металдардың қайталама шикiзатын өңдейтiн өз қуаты жасалғанға дейiн бағалы металдарды "Сэйбин металл корпорэйшн" фирмасының (АҚШ) және басқа фирмалардың зауыттарында алынған бағалы металдар мiндеттi түрде Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің Мемлекеттік құнды заттар қоймасына қайтарылатын етiп өңдеуге рұқсат етiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі:
"Алтыналмас" Ұлттық акционерлік компаниясына, "Алтын" акционерлік қоғамына 1993-1994 жылдары құрамында бағалы металдар бар сынықтар мен қалдықтарды өңдеуге байланысты операциялар жүргiзуге қажеттi лицензиялар беретiн болсын;
"Алтыналмас" Ұлттық акционерлік компаниясы, "Алтын" акционерлік қоғамы түстi металдардың экспортына жалпы квоталарда есеп айырысу үшiн және "Сэйбин металл корпорэйшн" фирмасы мен басқа фирмалардың зауыттарында көрсеткен қызметi үшiн шығынның орнын толтыратын өнiм көлемiн қарастырсын.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 9 наурыздағы № 1154 Жарлығының 7-тармағына сәйкес өңдеуге кеткен шығынның орнын толтыру үшiн сыртқа шығарылатын құрамында бағалы металдар мен түстi металдар бар қайталама шикiзаттан кедендiк баж салығы алынбайтын болсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi