Шетелдердегi қазақ диаспорасының өкiлдерiн Қазақстан Республикасында
болған кезiнде әлеуметтiк-экономикалық жеңiлдiктермен қамтамасыз ету
туралы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 ж. 23
қыркүйектегі № 791 Қаулысы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 9 ақпандағы № 124 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстанмен танысу үшiн сапарда жүрген, еңбек контракттары бойынша жұмысқа, экономикалық қарым-қатынастарды жолға қою мен қайырымдылық iстерi бойынша, туған-туысқандарымен дидарласып қайтуға, сондай-ақ оқуға түсу үшiн келген шетелдердегi қазақ диаспорасы өкiлдерiнiң республика территориясында жүрiп-тұруына қолайлы жағдайлар туғызу мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Шетелдiк қазақ диаспорасының өкiлдерiне Қазақстан территориясында болған кезiнде ведомстволық бағынысына қарамастан мейманханалардағы жамбаспұл үшiн, республикалық әуе жолдары ұшақтары мен республика iшіндегі темір жол көлiгiне алынған билет үшiн республика азаматтарына белгiленген төлеу тәртібі қолданылатын болсын.
2. Басқа мемлекеттердiң азаматтары болып табылатын қазақ жiгiттерi мен қыздарына кәсiптiк-техникалық, орта арнаулы және жоғары оқу орындарына, аспирантураға оқуға түсулерiне, сондай-ақ тағылымдамадан өтулерiне Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей хұқық берiлсiн, олар стипендиямен, басқа да қажеттi материалдық жағдайлармен мемлекет есебiнен қамтамасыз етiлсiн.
3. Қазақстан Республикасының Білім министрлігі бір ай мерзiм iшiнде басқа мемлекеттердiң азаматтары саналатын қазақ жастарын біліми және кәсiби бейiмдеудiң, оларды әлеуметтiк-экономикалық қолдаудың бағдарламасын және ведомстволық бағынысына қарамастан орта арнаулы және жоғары оқу орындарына оқуға қабылдау шарттарын әзiрлеп, оны Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне енгiзетiн болсын.
4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлiк жөніндегі мемлекеттік комитетiне, облыстардың әкiмдерiне, Алматы қаласының әкіміне басқа елдерде тұратын қазақ ұлтының адамдарына өндiрiстiк ғимараттар, тұрғын үйлер салуға жер учаскелерiн бөлуде, тұрғын үй құрылысы кооперациясына қатысуда, асханаларды, дүкендердi, тұрмыстық қызмет шеберханаларын жалға алуда, бірлескен кәсiпорындар құруда, мемлекеттік меншiктiң барлық нысандарын жекешелендiру жөніндегі аукциондарға қатысуда белгiлi бір жеңiлдiктер мен басымдықтар беру жөнiнде шаралар қолдану ұсынылсын.
5. Мыналар:
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі-шетелдiк қазақ диаспорасы өкiлдерiнiң республикамызда болған кезiнде олардың емдеу-сауықтыру жәрдемiн пайдалануының тәртібін белгiлесiн, республика азаматтарына ортақ негiзде санаторийлiк-курорттық емделулерiн қамтамасыз етсiн;
Қазақстан Республикасының Туризм, дене мәдениетi және спорт министрлігі - мүдделi ұйымдармен бірлесiп, шетелдiк отандастардың ұлттық-этникалық мүддесiн ескере отырып, республикамыздың аймақтары бойынша таныстық сапарлары үшiн арнайы туристiк маршруттар белгiлесiн;
Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі - шетелдiк қазақ диаспорасы өкiлдерiне белгiленген тәртiп бойынша республикамызға келу визасын беру және "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Заңға сәйкес республика азаматтығын алуға қатысты құжаттарды ресiмдеу шараларын белгiлесiн;
Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі - шетелдiк қазақ диаспорасының келген өкiлдерiнiң уақтылы тiркелуi мен олардың республика территориясында жүрiп-тұруына қажеттi құжаттарды әзiрлеу жөнiнде тиiстi шаралар қолдансын. "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға ниет бiлдiрген әрi түпкiлiктi тұруға рұқсат алған азаматтардың қажеттi iс қағаздарын ресiмдеудi қамтамасыз етсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi