Қазақстан Республикасының Мемлекеттік ломбарды туралы Ереженi бекіту
туралы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 ж. 6 тамыздағы
№ 660 қаулысы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 9 ақпандағы № 124 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының "Кепiл туралы" Заңының 26-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік ломбарды туралы осыған қосылған Ереже бекітілсiн.
2. Мыналардың:
Қазақ ССР Министрлер Советiнiң "Ломбардтың бiрыңғай Жарғысын бекіту туралы" 1968 жылғы 23 желтоқсандағы № 738 қаулысының;
Қазақ ССР Министрлер Советiнiң 1968 жылғы 23 желтоқсандағы № 738 қаулысымен бекітілген "Қазақ ССР Министрлер Советiнiң "Ломбардтың бiрыңғай Жарғысының 11-тармағының қосымшасына iшiнара өзгерістер енгізу туралы" 1970 жылғы 23 наурыздағы № 198 қаулысының" күшi жойылған деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің
1992 жылғы 6 тамыздағы
№ 660 қаулысымен
Бекiтiлген
Мемлекеттік ломбард туралы
Ереже
1. Мемлекеттік ломбард "Қазақстан Республикасы азаматтық заңдарының нормаларына сәйкес құрылады, өзiнiң Жарғысы тiркелген сәттен бастап ол заңды ұйым хұқына ие болады және мүлiктердi кепiлдiкке алып ақшалай қарыз беретiн және мүлiктердi сақтайтын мамандандырылған кәсiпорын болып табылады.
1-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚРҮ-нiң 1996.01.19. № 71 қаулысымен.
2. Мемлекеттік ломбард өз қызметiнде "Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексi" (жалпы бөлiм) және Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерін, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жасалған Жарғыны басшылыққа алады.
2-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚРҮ-нiң 1996.01.19. № 71 қаулысымен.
3. Мемлекеттік ломбард өзiнiң мамандандырылған қызметiнен басқа, заңға қайшы келмейтiн әрi кәсiпорнының Жарғысына сай келетiн басқа да кез-келген қызмет түрiнiң бағыттарын өз бетiнше анықтап, жүзеге асырады, сонымен қатар түскен пайданы қалауынша жұмсайды.
4. Мемлекеттік ломбардқа сақтауға немесе кепiлге өткiзiлген мүлiк оның иесiнiң еркiнен тыс соттың заңды түрде күшiне енген шешiмiмен немесе үкімімен немесе тергеу органдарының қаулысымен ғана алынуы мүмкiн.
Осы аталғандай жағдайларда мүлiк алынған кезде оны алушы ломбардқа сақтау құнын, сондай-ақ берiлген қарызды процентiмен төлеуге тиiс.
5. Мемлекеттік ломбард:
паспортын немесе жеке басын куәландыратын өзге құжатын көрсеткен жасы 18-ге толған азаматтардан асыл металдар мен тастардан жасалған бұйымдарды, жеке пайдаланудағы және тұрмыста ұсталатын заттарды сақтауға қабылдайды және оның бағаланған толық сомасының мөлшерiнде материалдық жауапкершiлiктi өз мiндетiне алады;
азаматтарға асыл металдар мен тұрмыста ұсталатын және жеке пайдаланудағы заттар үшiн кепiл ретiнде қарызға ақша бередi;
сақтауға немесе кепiлге қабылданған мүлiктi бағаланған толық сомасы бойынша сақтандыру органында өзiнiң есебiнен сақтандыруға мiндеттi;
сақтауға және кепiлге тапсырылатын заттарды ұсынылып отырған тiзбе бойынша қабылдамайды;
кепiлге қарыз ретiнде шетел валютасы мен құнды қағаздарды бермейдi;
50 сомнан кем бағаланған мүлiктi сақтауға және кепiлге қабылдамайды;
өз мiндеттемелерi бойынша қолданылып жүрген заңға сәйкес өндiрiп алуға болатын мүлiгiмен жауап бередi.
5-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚРҮ-нiң 1996.01.19. № 71 қаулысымен.
6. Сақтауға немесе кепiлге ломбардқа қабылданған кезде заттар екi жақтың келісімi бойынша бағаланады, ал асыл металл бұйымдары жергiлiктi әкiмнiң келісімiмен ломбард белгiлеген сатып алу бағасы бойынша қабылданады.
7. Мүлiк кепiлiнiң шарты екi жақтың қолы қойылған ломбард беретiн кепiл билетi арқылы ресiмделедi.
Билеттiң үлгiсiн Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік банкi бекiтедi.
Мүлiктi сақтағаны үшiн және несиенi пайдаланғаны үшiн ломбард шығындарының калькуляциясына және банк белгiлеген сақтаудың толық мерзiмiне мүлiктi ломбардқа өткізу кезiнде келісілген қарыз процентiне сәйкес төлем алынады.
Есеп айырысу әрбiр 15 күнде жүргiзiледi.
Бiр кепiл билетiне берiлетiн қарыздың ең жоғарғы мөлшерi қабылданған мүлiктiң бағаланған құнының проценттiк қатынасымен есептеледi, әрi одан артпауға тиiс және бағаның өзгеруiне, қолдағы ақша қаражатына, мүлiктi сақтау төлемiнiң мөлшерiне және қарызды пайдалану процентiне қарай калькуляцияға сәйкес белгiленедi.
Кепiл билетiне қол қойған әрбiр кепiл билетi бойынша жеке есеп айырысады.
Бiр адамға берiлетiн кепiл билеттерiнiң санына шек қойылмайды.
8. Қарыз 1 ай мерзiмге дейiн берiледi. Бұл мерзiм аяқталғаннан кейiн кепiлде жатқан мүлiктi сатып алу үшiн бiр ай жеңiлдiк берiледi. Тиiстi құжаттармен расталған дәлелдi себебi болған жағдайда ломбард өткiзiлген мүлiктi және 2 айдан аса мерзiмде қайтарылып алынбаған мүлiктi сатылып кетпеген болса, иесiне қайтарып бере алады.
Мүлiктердi сақтаудың ең ұзақ мерзiмi 12 айдан аспауы керек, мерзiмi өткен мүлiктер сатуға жiберiледi.
9. Кепiл берушiге ломбард кассасына қарызды өткiзбей-ақ асыл металдар мен заттардан жасалған бұйымдарды тағы да бiр мерзiмге (2 айға) қайта тапсыру хұқы берiлуi мүмкiн. Бұл ретте ол ломбардтың өткендегi барлық қызметi үшiн процент төлейдi.
Қайтадан кепiлге салу бiр рет жүргiзiледi, әр кепiл билетi бойынша оның хұқы төленедi.
Қайтадан кепiлге салу құны қызметтiң осы түрiне жұмсалатын шығындардың калькуляциясы бойынша белгiленедi.
10. Ломбардтағы кепiлге берiлген өнеркәсiп тауарларының қарызы белгiленген мерзiмде қайтарылмаған жағдайда бұл мүлiк нарықтағы сұранысқа сәйкес бағамен, алайда белгiленген құнынан төмен емес баға бойынша сату үшiн сауда ұйымдарына берiледi. Қабылданған және уақытында қайтарылып алынбаған асыл металдар мен тастардан жасалған бұйымдар саудаластық пен аукциондар арқылы сатылады.
Уақытында қайтарылып алынбаған өнеркәсiп тауарларын және алтын мен асыл тастардан жасалған бұйымдарды сатудан түскен сомадан сақтау құны, берiлген қарыз, қарыз процентi және мүлiктi сату шығындары өтеледi.
Ломбард сатудан қалған соманың қалдығын, егер ондай қалдық болған жағдайда, кепiл билетiн немесе сақтау квитанциясын көрсеткен болса, иесiне қайтарып бередi.
Мүлiк сатылған күннен бастап 3 жылға дейiн талап етiлмеген ондай соманың қалдығы:
өнеркәсiп бұйымдарын сатудан түскенi - республикалық бюджет кiрiсiнiң жарнасына;
алтыннан және асыл тастардан жасалған бұйымдарды сатудан түскенiнiң:
80 процентi республикалық бюджеттiң кiрiсiне;
10 процентi ломбардтың кiрiсiне;
10 процентi саудаластық немесе аукцион ұйымдастырған ұйымның кiрiсiне түседi.
Кепiлге берiлген немесе сақтауға өткiзiлген мүлiктi сатудан түскен сома ломбардқа берешектi (ақшалай қарыздың сомасы, оны пайдаланғаны үшiн процентi, сақтау ақысы, сату шығындары) өтей алмаған жағдайда, сондай-ақ сақтауға немесе кепiлге өткiзiлген мүлiктi сатудың мүмкiндiгi болмаған жағдайда ломбард оның иесiнен қалаған қарызды сот органдары арқылы өндiрiп алады.
11. Ломбардта сақтауда немесе кепiлде жатқан мүлiктi алу хұқығын беретiн сақтау квитанциясы мен кепiл билетi басқа адамға тапсырылған жағдайда, ол адам иесi белгiленген тәртiппен толтырылған сенiмхат берсе ғана сол мүлiктi ала алады.
12. Ломбардқа өткiзiлген мүлiкке берiлген кепiл билетi жоғалған жағдайда оның иесi паспортты немесе жеке басын куәландыратын құжатты көрсетiп, жазбаша арыз арқылы дубликат алады.
13. Үйде қызмет көрсеткенi үшiн, сондай-ақ дубликат бергенi үшiн төлем осындай қызмет түрiне қойылған шығындардың калькуляциясы бойынша анықталады және әрбiр кепiл билетi бойынша алынады.
14. Кепiлдi сатып алғанда немесе сақтауға берген мүлiктi қайтарып алған кезде және мүлiктi сатудан қалған ақша қалдықтарын алған кезде олар қабылданғанда берiлген кепiл билетi немесе сақтау квитанциясы ломбардқа қайтарылуы қажет.
15. Мемлекеттік ломбард өз қызметiн тоқтатқан кезде сақтауға және кепiлге қабылданған мүлiктердiң осы Ережеде белгiленген мерзiмде қайтарылып берiлуi қамтамасыз етiлуге тиiс.
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік ломбард
туралы Ережесiне
Қосымша
Ломбардқа сақтауға, кепiлдiкке қабылдауға
болмайтын мүлiктердiң
Тiзбесi
Өңiн айналдырып тiккен, өңi кеткен, қайта жөнделген, кiр, жуылған, тiгiсi соңғы модаға сай келмейтiн және стандартсыз (58-60 размерлi) пальтолар, костюмдер және әйел көйлектерi.
Түгi түлеген және күйе түскен жарамсыз терiлер және былғары бұйымдары, фабрикалық белгiсi жоқ сапасы нашар барлық терiлер.
Нысанды және арнаулы киiмдер, ұсақ галантерея бұйымдары.
Пiшiлiп қойылған барлық түрлi маталар және толық тiгiлiп бiтпеген заттар.
Ұзындығы 1,5 метрден аз барлық мата түрлерi.
Киiз, тебiскi, резеңке және қолдан тiгiлген аяқ киiмдер, сондай-ақ киiлген аяқ киiмдер.
Алтын сағаттан басқа барлық отандық сағаттар - стол, қабырға, қалта сағаттың барлық түрлерi мен маркалары.
Темір құрсаулы шетел сағат маркалары.
Резеңке мен пластмасса бұйымдары.
Велосипедтер, аспаптар және барлық техникалық тетiктер мен құралдар түрлерi.
Жиhаз, суық және атылатын қару, оның iшiнде аңшы мылтығы.
Суреттер мен бюстер. Музыка аспаптары. Алтын және күмiс теңгелер. Сом алтын және оның ұнтақтары. Кесек күмiс.
Керосин, бензин және де басқа зарарсыздандырылған иiстерi бар кiлемдер.