Қазақстан Республикасының теңiздерi мен iшкi су қоймаларында мұнай операцияларын жүргiзудiң
тәртібі туралы ереженi бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 27 қаңтардағы № 105 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 24 қарашадағы № 1245 Қаулысымен күші жойылды
«Мұнай туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 28 маусымдағы Заң күшi бар № 2530 Жарлығын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасының теңiздерi мен iшкi су қоймаларында мұнай операцияларын жүргiзудiң тәртібі туралы берiлiп отырған Ереже бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ өнеркәсiбi министрлігі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетiмен және Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлігімен бiрлесiп:
Қазақстан Республикасының теңiздерi мен iшкi су қоймаларында мұнай операцияларын жүргiзу кезіндегі қауiпсiздiк тәртібін;
Қазақстан Республикасының теңiздерi мен iшкi су қоймаларында мұнай операцияларын жүргiзу кезіндегі қондырғылар құрылысының техникалық тәртібін дайындасын және бекiтсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1997 жылғы 27 қаңтардағы
№ 105 қаулысымен
Бекiтiлген
Қазақстан Республикасының теңiздерi мен iшкi су
қоймаларында мұнай операцияларын жүргiзудiң тәртібі туралы
ЕРЕЖЕ
Жалпы ережелер
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының теңiздерi мен iшкi су қоймаларында мұнай операцияларына рұқсат алу, келісім жасау, жобалау және жүзеге асыру сатысында заңды және жеке тұлғалардың, орталық және жергiлiктi атқарушы органдар мен басқа да ұйымдардың қызметiн регламенттейдi.
2. Теңiздер мен iшкi су қоймаларындағы мұнай операциялары аймақтық геологиялық-геофизикалық зерттеулердi және барлауға қатысты жұмыстарды, мұнай, газ және конденсат өндiрудi, бiрыңғай технологиялық циклдегi сақтауды, мұнай, газ және конденсатты труба құбыры көлiгiмен теңiзден құрғаққа шығаруды, сондай-ақ құрылыс жүргiзу, теңiз қондырғыларын, жасанды аралдар, бөгендер және қондырғыларды салу мен құрастыру және олардың тiршiлiк әрекетiн қамтамасыз етудi қамтиды.
3. Каспий мен Арал теңiздерiнiң қазақстандық бөлiктерi мен Қазақстан Республикасы iшкi су қоймаларында мұнай операцияларын жүргiзу үшiн шарт жасалынатын аймақтар қызметiн атқара алатын блоктарға бөлiнедi. Блоктар картасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi. Шарт жасалынатын аймаққа бiр-бiрiмен аралас немесе бөлек-бөлек бiр және одан көп блоктар кiредi. Блоктар белгiлi бiр тереңдiкпен шектелiнуi мүмкiн.
4. Теңiздер мен iшкi су қоймаларында мұнай операцияларын жүргiзуге берiлген лицензия, сонымен бiрге лицензия иесi өзiнiң қызметiн iске асыру шеңберiнде акваторияны пайдалануға да құқылы болатынын бiлдiредi.
Теңiздер мен iшкi су қоймаларында мұнай операцияларын
жүргiзу құқына ие болу тәртібі
5. Теңiздер мен iшкi су қоймаларында мұнай операцияларын жүргiзу мүмкiндiгi жөніндегі жалпы рұқсатты Мемлекеттік экологиялық сараптама негiзiнде Қазақстан Республикасы Үкіметінiң ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президентi бередi.
6. Қазақстан Республикасы Президентінің теңiздер мен iшкi су қоймаларында мұнай операцияларын жүргiзу мүмкiндiгi жөніндегі шешiмiнен кейiн, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiленген тәртiп бойынша жер қойнауын пайдаланушыларға барлауға және/немесе көмiрсутек шикiзаттарын өндiруге, болған конкурстың немесе жер қойнауын пайдаланушымен тiкелей келiссөздер негiзiнде лицензия бередi.
7. Мұнай операцияларымен байланысты теңiз зерттеу жұмыстарын жүргiзу үшiн жер қойнауын пайдалануға лицензия алу талап етiлмейдi. Теңiз зерттеу жұмыстарын жүргiзуге рұқсатты арыз берушiге «Қазақстан Республикасы теңiздерi мен iшкi су қоймаларындағы мұнай операцияларымен байланысты теңiз зерттеу жұмыстарын жүргiзу тәртібіне» сәйкес құзыреттi орган бередi.
8. Мердiгермен шарт жасалынып бөлiнген аймақ көлеміндегі блоктарда теңiздер мен iшкi су қоймаларында мұнай операцияларын жүргiзу үшiн жер бөлу талап етiлмейдi.
9. Лицензиялау жөніндегі жұмыс органы теңiздер мен iшкi су қоймаларында мұнай операцияларын жүргiзу басталғаны жайлы кеме қатынасын реттейтiн органдарды, балық және басқа өнiм өндiрушi кәсiпшiлiктердi, экологиялық қауiпсiздiк және басқа мемлекеттік органдарды хабардар етедi.
10. Теңiз және iшкi су қоймаларында мұнай операциясын жүргiзудi қамтамасыз ететiн жаға құрылыстарын салу үшiн жер бөлу, белгiленген тәртiп бойынша, жергiлiктi атқарушы органдар арқылы жүргiзiледi.
11. Су жағдайына әсер ететiн теңiздер мен iшкi су қоймаларында мұнай операциясын жүргiзуге арналған нысандарды жобалау мiндеттi түрде су қорғау шараларын қолдана отырып, Қазақстан Республикасының су ресурстары комитетiнiң келісімiмен жүргiзiлуi тиiс.
Қазақстан Республикасының теңiздерi мен iшкi су
қоймаларында мұнай операцияларын жүргiзудiң тәртібі
12. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға лицензия алғаннан соң құзыреттi органға мiндеттi түрде шартқа қоса ұсынылатын мұнай операциясын жүргiзудiң жұмыс бағдарламасын бередi.
13. Жер қойнауын пайдаланушы белгiленген тәртiп бойынша контрактiнiң жұмыс бағдарламасында айтылған технологиялық регламенттердi, бiр үлгiдегi және жеке жоспарларды Құзыреттi органдармен келiседi.
14. Теңiздер мен iшкi су қоймаларындағы мұнай операциялары Қазақстан Республикасы Үкіметі бекiткен мұнай және газ кен орындарын пайдалану жөніндегі бiрыңғай ережеге сай жүргiзiледi.
15. Мұнай кен орнын пайдалануды жобалау Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсiбi бекiткен технологиялық сызба жасау жөніндегі регламентке және мұнай мен мұнай-газ кен орындарын пайдалану жобасына сай әлемдiк өнеркәсiпте қабылданған үлгiлердi есепке ала отырып жүзеге асырылады.
16. Теңiздер мен iшкi су қоймаларында мұнай операцияларын жүргiзген жағдайда, мiндеттi түрде белгiленген тәртiп бойынша мемлекеттік шекараны қорғау, қорғаныс қауiпсiздiгiн, кедендiк және шетелге өту тәртібін, визалық тәртiптiң сақталынуын қамтамасыз етуге байланысты Қазақстан Республикасының заңдары талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралармен ретi қарастырылған жұмыс бағдарламасын тиiстi мемлекеттік органдармен келiсу мiндет.
17. Жасанды аралдар және теңiз құрылыстарында бөгендер мен қондырғыларда мұнай, газ және газ конденсатын сақтауға немесе жинауға тыйым салынады.
18. Арналы құбыр иесi оның құбырының өткізу мүмкiндiгi болған жағдайда басқа кез-келген жүк жөнелтушiнiң мұнай және газдарын тасымалдауға бас тартуға құқы жоқ.
19. Мердiгер жүйелi түрде, жылына бiр реттен кем емес, шартқа қол қойған тиiстi органның, сондай-ақ өлшеу құралдары және төтенше жағдайларды бақылау жөніндегі тиiстi өкiлеттi органның өкiлдерi қатысуымен өлшеу және өндiрiлген көмiрсутек шикiзаттарын салмақтауға пайдаланылатын аспаптар мен құрал-жабдықтарды тексеру актiсiнде нәтижесi көрсетiлетiн сынақтар өткiзедi.
20. Арналы құбырларды пайдаланатын көмiрсутек шикiзаттарын жөнелтушi жөнелтiлетiн шикiзатты өлшеудi құбырлардың өткізу мүмкiндiгi мен шикiзат берудiң уақытының ұзақтығына байланысты тәсiлмен жүзеге асырады. Басқа жағдайларда өндiрiлген көмірсутек шикiзатын анықтау жер қойнауын пайдалану шартымен анықталады.
21. Акваторияны, су бетiн және теңiздер мен iшкi су қоймаларының түбіндегі телiмдердi пайдаланғаны үшiн төлемдер iздеу, барлау, көмiрсутек шикiзаттарын өндiру және су түбiмен жер қойнауын басқа мақсатқа пайдалануды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардан алынады.