Өз Еркiмен емделуден жалтарған алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратын адамдарды ерiксiз емдеу және оларды медициналық-әлеуметтiк оңалту мәселелерi
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 19 сәуiрдегі № 514 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 24 маусымдағы № 703 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 7 сәуірдегі № 2184 «Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды ерiксiз емдеу туралы» Заң күшi бар Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Өз еркiмен емделуден жалтарған алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқорлықпен ауыратын адамдары ерiксiз емдеу және оларды медициналық-әлеуметтiк оңалтудың тәртібі туралы Ереже (1 қосымша);
алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды емдейтiн мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелер туралы Ереже (2 қосымша) бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, облыстар мен Алматы қаласының әкiмдерi, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі:
денсаулық сақтау үшiн, 1995 жылғы республика бюджетiн анықталған кезде ауруханалардағы бар төсектер жүйесiнiң ретке келтiрiлуiн ескере отырып, жаңадан ашылатын, алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды емдейтiн мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiн ұстауға қажет қаражатты қарастырсын;
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінiң орталық аппаратында наркология бөлiмiн ұйымдастыруға, оларды ұстауға тиiстi қаражат бөле отырып, 3 қосымша орын бөлу туралы мәселенi қарасын;
Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігімен бiрлесiп денсаулыққа қатерлiгi мен өте ауыр еңбек жағдайларына байланысты мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерi қызметкерлерiнiң лауазымдық жалақыларын көтеру туралы мәселенi қарасын.
3. Облыстардың және Алматы қаласының әкiмдерi, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Iшкi iстер министрлігі, Еңбек министрлігі:
жергiлiктi жағдайларды ескере отырып алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды емдейтiн мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiн ұйымдастырсын;
бұл мекемелерде тиiстi цехтар, шеберханалар және басқаларды ашып, оларды қажет шикiзаттармен және шығарылған өнiмдерiн сатуды қамтамасыз ете отырып, алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды емдеуден өту кезеңiнде еңбекке тартуды көздейтiн болсын;
мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiнiң медицина қызметкерлерiн әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз ету үшiн оларға қызметтiк тұрғын үй бөлудi көздей отырып шаралар қолдансын;
жаңадан ашылып жатқан мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелердi қажеттi азық-түлiк тағамдарымен, жұмсақ және қатқыл құрал-саймандармен, санитарлық автокөлiкпен және басқа қажеттi мүлiкпен қамтамасыз етсiн.
4. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі жаңадан ашылып жатқан мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiн медицина кадрларымен, қажеттi медициналық аппаратуралармен және техникамен, медикаменттермен және алкоголизмдi, нашақорлық пен уытқұмарлықты емдеуге арналған арнайы дәрi-дәрмек препараттарымен қамтамасыз етсiн.
5. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен шарт бойынша мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiнiң сыртқы және iшкi күзетiн қамтамасыз етсiн, сондай-ақ медициналық куәландыруға тиiстi адамдарды және ерiксiз емдеуге жiберiлген ауруларды жеткізудi жүзеге асыратын болсын.
6. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Iшкi iстер министрлігі, Еңбек министрлігі, Халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі, жергiлiктi әкiмдер өздерiнiң нормативтiк актілерін аталған ережелерге сәйкестендiрсiн. Қазақстан Республикасының Премьер-министрi Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 19 сәуірдегі № 514 қаулысына 1 қосымша Маскүнемдiк, нашақорлық және уытқұмарлық дертiнде шалдыққан, ерiктi емдеуден бұлтарған адамдарды ерiксiз емдеуге жiберу және оларды медициналық-әлеуметтiк сауықтыру тәртібі туралы Ереже I. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже денсаулық сақтау органдарының наркологиялық мекемелерi мен iшкi iстер органдарының маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан адамдарды анықтау, есепке қою, ерiксiз емдеуге жiберу, медициналық-әлеуметтiк сауықтыру және қайта тәрбиелеу, еңбек ұжымдарына, қоғамдық бiрлестiктерге және отбасыларға осы жұмыста қолғабыс тигiзу жөніндегі бiрлескен шараларды жүргiзу тәртібін белгiлейдi.
Денсаулық сақтау және iшкi iстер органдары өз қызметiнде Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күшi бар «Маскүнемдiк, және нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан, ерiктi емдеуден бұлтарған адамдарды ерiксiз емдеу және медициналық-әлеуметтiк сауықтыру туралы» Жарлығын, Қазақстан Республикасының басқа заң актілерін және осы Ереженi басшылыққа алады.
2. Маскүнемдiкке және нашақорлыққа немесе уытқұмарлыққа шалдыққан адамдармен сауықтандыру жұмыстарын жүргiзуде нарколог дәрiгерлердiң милиция қызметкерлерiмен өзара iс-қимылын қамтамасыз етудi наркологиялық мекемелердiң бас дәрiгерлерi (наркологиялық бөлiмшелердiң басшылары) мен iшкi iстер органдарының бастықтары жүзеге асырады, оларға сондай-ақ қызмет өкiлеттiктерi шегiнде осы Ереженi орындауды ұйымдастыру, қарамағындағыларға алда тұрған мiндеттердi орындауда әдiстемелiк және практикалық көмек көрсету, аталған санаттағы адамдарды емдеудiң, сауықтырудың және қайта тәрбиелеудiң алдыңғы қатарлы нысандарын енгізу жөніндегі мiндеттер жүктеледi.
II. Маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiнне шалдыққан адамдарды анықтау және денсаулық сақтау органдарының наркологиялық мекемелерiнде, iшкi iстер органдарында есепке қою тәртібі
3. Денсаулық сақтау органдарының наркологиялық мекемелерiнде (бөлiмшелерiнде) мыналар есепке қойылады:
маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққандар, соның iшiнде денсаулық сақтау жүйесiнiң медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемелерге, қатты сырқат маскүнемдiк дертiне шалдыққандарды ерiксiз емдеуге арналған арнаулы наркологиялық бөлiмшелерге жiберудi қажет ететiн адамдар;
ерiктi емдеуден өткен маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққандар.
4. Iшкi iстер органдарында мыналар есепке қойылады:
медициналық айықтырғышқа бiр жыл iшiнде екi рет және одан көп түскен адамдар, спирт iшiмдiктерiн iшкенi немесе қоғамдық орындарда мас күйiнде жүргенi үшiн бiр жыл iшiнде екi рет және одан көп әкiмшiлiк жазаға, немесе қоғамдық ықпал ету шараларына тартылған адамдар;
спирт iшiмдiктерiн iшетiн және қоғамдық тәртiп бұзуға жол беретiн, отбасында дау-жанжал шығаратын адамдар;
белгiленген тәртiпте маскүнемдiк дертiне шалдыққан, ерiктi емдеуден бұлтарған деп танылған адамдар;
денсаулық сақтау жүйесiнiң медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемелерiнде ерiктi (жасырыннан басқа) немесе ерiксiз емдеуден өткен адамдар;
дәрiгердiң белгiлеуiнсiз есiрткi пайдаланатын және денсаулық сақтау органдары жүйесiнде есепте тұрған адамдар;
белгiленген тәртiпте нашақорлық дертiне шалдыққан деп танылған, соның iшiнде денсаулық сақтау органдарының наркологиялық мекемелерiнде (бөлiмшелерiнде) ерiктi емдеуден өтушi адамдар;
белгiленген тәртiпте уытқұмарлық дертiне шалдыққан деп танылған адамдар.
5. Спирт iшiмдiктерiн құныға iшетiн, есiрткi және уытты заттарды пайдаланатын адамдарды дер кезiнде және толығымен анықтау, оларды есепке қоюды қамтамасыз ету мақсатында мынадай ақпарат көздерi пайдаланылады;
Денсаулық сақтау органдарының наркологиялық мекемелерiнде (бөлiмшелерiнде);
халыққа емдеу-сауықтандыру жәрдемiн көрсету кезiнде алынған мәлiметтер;
құқық қорғау органдарынан, мекемелердiң, кәсiпорындар мен оқу орындарының әкiмшілiктерiнен алынған мәлiметтер;
қоғамдық бiрлестiктердiң, азаматтардың, спирт iшiмдiктерiн құныға iшетiн, есiрткi және уытты заттарды пайдаланатын адамдардың туған-туыстарының хабарламасы.
Iшкi iстер органдарында:
медициналық айықтырғыштардың, iшкi iстер органдары кезекшi бөлiмдерiнiң, кәмелетке толмағандар iсi жөніндегі инспекциялардың, денсаулық сақтау органдарының медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемелерiнiң деректерi;
iшкi iстер органдарының қызметкерлерi халықпен жұмыс iстеу, жедел-iздестiру шараларын өткізу және қылмыстарды тергеу процесiнде алынған деректер;
азаматтардың мәлiмдемесi, заңды ұйымдар мен жеке адамдардың хабарламасы;
еңбек ұжымдарының, сондай-ақ азаматтардың тұратын жеріндегі қоғамдық бiрлестiктердiң ақпараты.
III. Наркологиялық мекемелердiң (бөлiмшелердiң)
iшкi iстер органдарымен, еңбек ұжымдарымен, қоғамдық
бiрлестiктермен және отбасылармен өзара iс-қимыл
жасау тәртібі
6. Наркологиялық мекемелер (бөлiмшелер) жүйелi түрде, бiрақ тоқсанына кем дегенде бiр рет медициналық айықтырғыштарға немесе iшкi iстер органдарына түскен адамдарға iрiктеу жүргiзедi, iшкi iстер органдарында сақтандыру есебiнде тұрған спирт iшiмдiктерiн құныға iшетiн, есiрткi және уытта заттарды пайдаланатын адамдардың қолда бар есебiн салыстырып тексередi.
7. Наркологиялық мекемелердiң (бөлiмшелердiң) қызметкерлерi iшкi iстер органдарының қызметкерлерiмен бiрлесiп спирт iшiмдiктерiн құныға iшетiн және есiрткi заттарын пайдаланатын адамдарға тәрбиелiк ықпал ету мақсатында:
есепте тұрған адамдар туралы ақпарат алмасады, нақты адамдар мен оларды емдеу нәтижелерi туралы деректер бередi;
отбасы мүшелерiнiң, туған-туыстарының, қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң қатысуымен жеке сақтандыру әңгiмесiн өткiзедi, бұл ретте әңгiменiң мазмұны мен нысаны тұлғаның және оның мiнез-құлқының және психологиялық ерекшелiктерiн ескере отырып белгiленедi.
азаматтардың бас қосуына қатысады, еңбек ұжымдары мен халық тұратын жерлерде әңгiме өткiзедi;
спирт iшiмдiктерiн құныға iшетiн, есiрткi және уытты заттарды пайдаланатын адамдардың отбасы мүшелерiне өздерiнiң құқықтарын және осындай адамдардың әрекет ету қабiлетiн шектеу туралы халық соттарына өтiнiш жасау тәртібін түсiндiредi және оларға халық сотына өтiнiш жасау үшiн материалдарды ресiмдеуге көмек көрсетедi.
IV. Маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық
дертiне шалдыққан адамдарды арнаулы емдеу-сақтандыру
мекемелерiне емделуге ерiксiз жiберу тәртібі
8. Маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан адамдарды ерiксiз емдеуге жiберудi мекемелердiң,өздерiнiң, сырқаттың туған-туысқандарының, еңбек ұжымдарының, қоғамдық бiрлестiктердiң және iшкi iстер органдарының инициативасы бойынша тиiстi медициналық куәландырудан кейiн Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі белгiлеген тәртiпте наркология мекемелерi (бөлiмшелерi) ресiмдейдi.
9. Тұрақты мекенi жоқ адамдарды ерiксiз емдеуге жiберудi
олар жүрген жердегi наркологиялық мекемелер (бөлiмшелер) мен
iшкi iстер органдары ресiмдейдi.
10. Наркологиялық мекемелер (бөлiмшелер) iшкi iстер органдарына маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан адамдарды ерiксiз емдеу қажеттiгi туралы ұсыныс жасайды.
11. Iшкi iстер органында наркологиялық мекеменiң (бөлiмшенiң) ерiксiз емдеуге жiберуге арналған өтiнiшi бойынша материалдар әзiрлеу және оны ресiмдеу милицияның учаскелiк инспекторына және медициналық айықтырғыштың қызметкерлерiне жүктеледi, ал олар мынадай шараларды жүзеге асырады;
үстiнен өтiнiш түскен адамға медициналық куәландыру үшiн жолдама бередi;
Ескерту: Медициналық куәландырудан бұлтарған адамды iшкi iстер органдары наркологиялық мекемеге алып келiп, соңынан ерiксiз тексеруден өткiзедi;
қажет болған жағдайда наркологиялық мекемелерге (бөлiмшелерге) қоғамдық тәртiптi бұзатын адамның спирт iшiмдiктерiмен, есiрткi немесе уытты заттармен қиянат ететiнi туралы қосымша материалдар бередi;
жиналған материалдар бойынша дәлелдi қорытынды жасайды, онда спирт iшiмдiктерiн құныға iшу немесе есiрткi заттарын пайдалану, емделуден бұлтару фактілерін баяндайды. Барлық құжаттар адамды медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемеге ерiксiз емдеуге жiберу туралы мәселенi шешу үшiн наркологиялық мекемеге (бөлiмшеге) жiберiледi.
12. Наркологиялық мекемелер (бөлiмшелер) барлық жиналған материалдарды сол адамның тұратын жеріндегі халық сотына тапсырады. Ал ол материалдар келiп түскен күннен 10 күндiк мерзiмнен кешiктiрмей оны ашық мәжілісте өтiнiш жасалған адамның және оның өтiнiшi бойынша адвокаттың, сондай-ақ наркологиялық мекеме (бөлiмше) iшкi iстер органы өкiлдерiнiң, туыстарының, еңбек ұжымы, қоғамдық бiрлестiк өкiлдерiнiң қатысуымен қаралады және Жарлықпен белгiленген шеңберде емдеу мерзiмiн белгiлеумен медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемелерде маскүнемдiктен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан ерiксiз емдеу туралы тиiстi қаулы шығарады.
13. Медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемелерде болу мерзiмiн сот наркологиялық мекеменiң (бөлiмшенiң) кеңесiн ескере отырып белгiлейдi.
Ескерту: медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемеге ерiксiз емдеуге жiберу туралы шағым түскен адам сотқа келуден бұлтарған жағдайда, iшкi iстер органдары алып келедi.
14. Медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемеде ерiксiз емдеу кезеңiне тексеру үшiн ерiксiз госпитальға жатқызылған уақыты кiредi.
15. Медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемеге жiберу кәмелетке толмағандарға, жүктi әйелдерге, белгiленген тәртiпте ата-ана құқынан айырылмаған 8 жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, 60 жастан асқан ерлерге және 55 жастан асқан әйелдерге, 1 және 2 топтағы мүгедектерге, сондай-ақ тiзбесiн Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі бекiткен ақыл-есi бұзылған және соматикалық аурумен ауыратындарға қолданылмайды.
V. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған
маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық
дертiне шалдыққан адамдарға емдеудi және
медициналық-әлеуметтiк сауықтыруды қолдану тәртібі
16. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамдарға халық соты әкiмшiлiк жазамен қатар денсаулық сақтау жүйесiнiң медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемесiнде ерiксiз емдеудi белгiлеуi мүмкiн.
17. Маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн халық соты әкiмшiлiк қамау түрiнде жаза белгiлеген адамдарды медициналық куәландырудан өткізу және оларға материалдар дайындау наркологиялық мекемелерге (бөлiмшелерге) жүктеледi. Мұндай адамдардың материалдары халық сотына жаза мерзiмi аяқталғанға дейiн ұсынылуы керек.
VI. Ерiксiз емдеудi тоқтату негiзi мен тәртібі
және медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын
наркологиялық мекемеден шығару
18. Медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемеде жатқан адамдар одан мынадай жағдайда шығарылады:
емдеу ықпалы табысты болуына байланысты соттың қаулысы бойынша мерзiмiнен бұрын, бiрақ кем дегенде 6 айдан соң;
сот белгiлеген ерiксiз емдеу мерзiмi аяқталуы бойынша,ерiктi емделудi жалғастыру үшiн;
ерiксiз емдеуге бөгет жасайтын ауыр сырқаттың анықталуына байланысты соттың қаулысы бойынша.
19. Мекемеде жатқан адамдар емдеуден бұлтарған жағдайда, тиiстi медициналық тұжырымдама негiзiнде әкiмшiлiктiң ұсынумен мекеме орналасқан жердегi аудандық (қалалық) халық соты онда болу мерзiмi ұзартуы мүмкiн. Бұл ретте, мекемеде болу мерзiмi үш жылдан аспауы керек.
20. Арнаулы емдеу-сақтандыру мекемесiнде немесе ол жерге бара жатқанда жасаған қылмысы үшiн сотталған адамдар жазасын өтеу орнында емделедi.
VII. Ерiксiз емдеуден өткен адамдарды емдеудi,
медициналық-әлеуметтiк сауықтыруды жалғастыру
21. Маскүнемдiктен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан ерiксiз емдеуден өткен адамдар осы мекемелерден шыққан соң тұратын жеріндегі наркологиялық мекемелерде (бөлiмшелерде) есепке тұруға және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі белгiлеген тәртiпте оларда үзбей емдеуден өтуге мiндеттi.
22. Медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемеден шыққан адамдарды жұмысқа және тұрмыста орналастыру тұратын жерi бойынша жүргiзiледi және ол жергiлiктi әкiмдер белгiлейтiн аумақтық мемлекеттік басқару органдарына жүктеледi.
23. Медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемелерде заңдылықтың сақталуын Қазақстан Республикасының Бас прокуроры және оған бағынышты прокурорлар қадағалайды.
VIII. Iшкiлiкке салынуға, маскүнемдiкке,
нашақорлыққа немесе уытқұмарлыққа мүмкiндiк туғызатын
себептер мен жағдайларды жою жөніндегі шаралар.
Жұмысқа баға беру
24. Наркологиялық мекемелер (бөлiмшелер), iшкi iстер органдары маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан адамдарды емдеу және қайта тәрбиелеу жөніндегі жұмыстың күйiн тоқсан сайын қорытып, талдауға мiндеттi. Статистикалық есеп жүргiзу мен бақылау денсаулық сақтау органдарына жүктеледi.
25. Маскүнемдiк дертiне шалдыққан және есiрткi немесе уыттық заттар пайдаланатын адамдарға қатысты сақтандыру шараларын өткізудi жақсарту, осы бағытта еңбек ұжымдарына, қоғамдық бiрлестiктер мен отбасыларына ықпалды көмек көрсетудi қамтамасыз ету жөніндегі шаралар дайындап, қабылдау.
26. Қажет болған жағдайда барлық меншiк түріндегі кәсiпорындар мен мекемелерде iшкiлiктiң таралғаны, тұратын жерi бойынша қоғамдық бiрлестiктердiң жұмысындағы және iшкiлiкке салынудан әрi маскүнемдiктен сақтау жөніндегі азаматтардың жұмысындағы кемшiлiктер, өнеркәсiптiк кәсiпорын жанынан наркологиялық мекеме (бөлiмше), арнаулы наркологиялық мекеме құру туралы және басқа медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекеменiң жұмысын жақсарту мәселелерiмен және маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан адамдарға көмек көрсету туралы мемлекеттік өкiмет және басқарудың атқарушы және өкiлеттi органдарына ұсыныс жасау.
27. Спирттiк iшiмдiктер және есiрткi заттарын iшетiн адамдарды емдеу мен қайта тәрбиелеу жөніндегі жұмысқа баға беру кезiнде мыналар ескерiледi:
наркологиялық мекемелерде (бөлiмшелерде).
Жұмыс жүргiзiлетiн аудан (қала) халқы арасында маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан (әсiресе аурудың бастапқы кезіндегі) ауруларды анықтау мен жүргiзу күйi; оларды емдеу тиiмдiлiгi, маскүнемдiкпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын ауруларды емдеуден жалтару фактілерінiң таралуы, ақыл-есi бұзылу жиiлiгi, ерiктi, жасырын және ерiксiз емдеу курсынан өткен аурулардың ремиссия сапасы; маскүнемдiктен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан ерiксiз емдеуге жiберiлген адамдардың саны және басқа да көрсеткiштер;
iшкi iстер органында:
мас күйiнде жасалған қылмыстар мен басқа да құқық бұзушылықтардың саны; спирт iшiмдiктерiн құныға iшетiн, есiрткi және уыттық заттарды пайдаланатын адамдарды толық және уақтылы анықтау мен есепке қою; олармен жүргiзiлетiн сақтандыру шараларының тиiмдiлiгi.
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің
1995 жылғы 19 сәуірдегі
№ 514 қаулысына
2 қосымша
Алкоголизмге, нашақорлыққа және уытқұмарлық
дертiне шалдыққан аурулар үшiн мамандандырылған
емдеу-профилактикалық мекемелерi туралы
Ереже
I. Жалпы ережелер
1. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемеде (бұдан әрi МЕПМ) емделуден жалтарған немесе емделгеннен кейiн де алкогольге, есiрткiге құнығуын қоймаған, қолданылған тәртiптiк немесе қоғамдық яки әкiмшiлiк ықпал ету шараларына қарамастан қоғамдық тәртiп пен қоғамдық тұрмыс ережесін бұзатын адамдар орналастырылады.
Аталған адамдар МЕПМ-ге аудандық (қалалық) халық сотының қаулысы бойынша жiберiледi. Ерiксiз емдеу мерзiмi олардың мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемеге келген кезiнен бастап есептеледi.
2. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекеменiң негiзгi мiндеттi аталған адамдарды емдеу болып табылады. Осы мақсатта бұл мекемелерде арнаулы ем жүргiзiледi, оқшаулау тәртібі белгiленедi.
3. МЕПМ Денсаулық сақтау министрлігіне, әкiмдер жанындағы облыстық денсаулық сақтау басқармаларына (бөлiмдерiне) тiкелей бағынады.
4. Аталған мекемелердегi тәрбиелiк жұмыс емдеушiлердi заңды, қоғамдық тұрмыс ережелерiн сақтау, мәдени деңгейiн көтеру, сондай-ақ оларды емделудiң қажеттiлiгiне сендiру рухында тәрбиелеуге бағытталған.
МЕПМ-дегi емделушiлермен тәрбие жұмысын жүргiзуге дiни және қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi, еңбекшiлер ұжымдары және басқа қайырымдылық ұйымдары тартылады.
5. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемеге түскендердi күзетудi iшкi iстер органдары жүзеге асырады.
ЕСКЕРТУ. 5-тармақ өзгертiлдi - ҚРҮ-нiң 1997.05.30.
№ 906 қаулысымен.
6. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесiнiң қызметi жергiлiктi әкiмдердiң жанынан құрылған байқау комиссиясының бақылауымен жүзеге асырылады, олар сырқаттарды ұстау мен емдеудi ұйымдастыруда МЕПМ басшылығына жәрдемдеседi.
7. МЕПМ заңды ұйым құқын пайдаланады және оның елтаңбалы мөрi болады.
Iшкi тәртiп ережесін iшкi iстер органдарының келісімiмен денсаулық сақтау органдары белгiлейдi.
8. МЕПМ-де заңдылықтың сақталуын бақылауды прокуратура органдары жүзеге асырады.
9.
ЕСКЕРТУ. 9-тармақ күшiн жойды - ҚРҮ-нiң 1997.05.30. № 906
қаулысымен.
10. Емделушiнiң МЕПМ-де болған кезi еңбек стажын үзбейдi және ол мемлекеттік әлеуметтiк қамсыздандыру бойынша жәрдемақы тағайындағанда жалпы еңбек стажына есептеледi.
11. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемеге шаруашылық қызметiн көрсетудi ерiксiз емдеуден өтушiлер жүзеге асырады.
12. МЕПМ-де жүрген адамды арнаулы бөлiмдердегi, кеңселердегi, радиотелеграф және телефон тораптарындағы, есеп-бухгалтерлiк аппараттағы жұмыстарға, материалдық жауапты лауазымдарға, сондай-ақ жүргiзушiлiк, экспедиторлық, тракторшылық сияқты тағы басқа кәсiптерге пайдалануға тыйым салынады.
II. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық
мекемедегi тәртiп
13. МЕПМ-де ондағы емдеушiлердiң медициналық ұйғарымдарды орындауын, сондай-ақ оларды тұрақты қадағалауды қамтамасыз ететiн тәртiп белгiленедi.
14. Ерлер мен әйелдердi МЕПМ-де бiр бөлiмшеде ұстауға жол берiлмейдi. Бұрын қылмыстық әрекетi үшiн сотталғандар сотталмағандардан бөлек ұсталады.
15. МЕПМ-де емделушiлерге жеке құжат, ақша және сақтауға тыйым салынған заттар ұстауына рұқсат етiлмейдi.
Жеке құжаттар мен ақшаны сақтауды МЕПМ әкiмшiлiгi жүзеге асырады.
МЕПМ-дегi адамның спирттi iшiмдiктер, есiрткi және тыйым салынған басқа да заттар алуға ниеттенiп жүргенiн айғақтайтын жеткiлiктi дәлелдер болған жағдайда оған тiнту жасалады, алған хат-хабар, сәлем-сауқат тексеруден өтедi. Жеке тексерудi тексерушiмен жынысы бiр адам жүргiзедi.