16. МЕПМ қызметкерлерiне күш көрсете қарсыласқан, елiрiп жанжал көтерген немесе басқа да зорлық әрекеттерiн жасаған жағдайда МЕПМ-дегi адамға, маңайындағыларға немесе өзiне-өзi залал келтiрмеуi үшiн бой ұсындырғыш жейде кигiзiледi.
Бой ұсындырғыш жейде МЕПМ бастығының немесе оның орнындағы адамның нұсқауымен қолданылады және оны қолдану медицина қызметкерiнiң қадағалауымен жүргiзiледi. МЕПМ-дегi әйелдерге бой ұсындырғыш жейде қолданылмайды.
17. Мамандандырылған емдеу-профилактика мекемесiнен немесе оған әкеле жатқанда қашқан адам Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жауап бередi. Оларды iздестiру Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң қолданылып жүрген нормативтiк актілері бойынша жүзеге асырылады.
III. Медициналық-санитарлық қызмет көрсету
18. МЕПМ-нiң медициналық құрамы толық кешендi арнайы емдеудi ұйымдастырып, оны жүзеге асырады және санитарлық-гигиеналық қағидалардың сақталуын қадағалайды, санитарлық-профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырады.
19. Емдеу-профилактикалық және санитарлық-эпидемиологиялық жұмыста МЕПМ-нiң медициналық құрамы денсаулық сақтау туралы қолданылып жүрген заңдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінiң бұйрықтарын, нұсқамалары мен нұсқауларын басшылыққа алады.
IV. МЕПМ-де емделушiлердiң негiзгi мiндеттерi
мен құқықтары
20. МЕПМ-де емделушiлер: белгiленген iшкi тәртiп ережелерiн сақтауға, әкiмшiлiк пен медицина қызметкерлерiнiң талаптарын орындауға, емделуге, тәртiп бұзбауға, мекеме меншiгiне ұқыпты қарауға, тұрғын жайды және мекеменiң аумағын таза әрi реттi ұстауға, жеке бас гигенасын сақтауға, тәртiп сақтауда әкiмшiлiкке жәрдем көрсетуге мiндеттi.
Құқық бұзуға жол бергенi және материалдық залал келтiргенi үшiн мекемеде емделушi заңда белгiленген тәртiппен жауапқа тартылады.
21. МЕПМ-дегi емделушiлер:
қолма-қол есеп айырыспай-ақ азық-түлiк пен негiзгi қажеттi заттарды алуға;
жақын туыстарымен ай сайы қысқа немесе ұзақ мерзiмдi кездесуге;
нәтижелi емделген жағдайда қысқа мерзiмдi демалысқа шығуға;
дәрiгердiң қорытындысымен дәрi-дәрмек алуға;
почтамен жiберiлген немесе былайынша берiлген сәлем-сауқатты алуға;
байланыс жүйесi арқылы аударма түрiнде келген ақшаны алуға. Аударылған ақша алушының жеке есеп шотына тiркеледi;
санын шектемей қалағанынша хат жазып, хат алуға;
өзiнiң жеке есеп шотындағы қаражаты есебiнен қалағанынша әдеби кiтаптар, жазу құралдарын сатып алуға, сондай-ақ газет-журналдарға жазылуға;
үстел үстi ойындарын, музыка аспаптарын, спорт құралдарын сатып алуға және пайдалануға құқылы.
22. МЕПМ-дегiлерге мынадай көтермелей шараларын қолдануға болады;
алғыс жариялау;
тәртібі жақсы болып, медицина қызметкерлерiнiң талаптарын орындаған жағдайда оларға сот осы мекемеде болуға кескен мерзiмнiң жартысын өтеген соң мыналарға рұқсат етiлуi мүмкiн:
туысқандарымен айына бiр рет қосымша кездесуге;
айына бiр рет почтамен немесе былайынша қосымша сәлем-сауқат алуға;
азық-түлiк өнiмдерi мен негiзгi қажеттi заттарды сатып алуға Қазақстан Республикасында бекітілген ең төменгi жалақы көлемiнде қосымша ақша жұмсауға.
23. МЕПМ-нiң белгiленген iшкi тәртiп ережесін бұзған немесе емделуден жалтарған адамдарға еңбек заңында қарастырылған жазалау шаралары қолданылады. Онан басқа олар:
мекеме үйi мен оның маңайын тазалауға кезектен тыс кезекшiлiкке қойылуы;
почтамен жiберiлетiн немесе былайынша берiлетiн кезектi сәлем-сауқатты алу құқынан айырылуы;
азық-түлiк өнiмдерiн сатып алу хақысынан бiр айға дейiнгi мерзiмге айырылуы;
10 тәулiкке дейiнгi оңаша қамауға отырғызылуы мүмкiн.
24. Мекеменiң бастығы мен оның орынбасарлары МЕПМ-дегi емделушiлердi көтермелеу және жазалау құқын пайдаланады.
V. Материалдық-тұрмыстық және қаржымен
қамтамасыз ету
25. МЕПМ-де емделушiлердi тұрғын жаймен қамтамасыз етiлiп, оларға қажеттi тұрмыстық жағдайлар жасалады. Әрi адамға жататын жеке орын мен төсек бұйымдары берiледi. Олар әр маусымға сәйкес киiммен, ауа райына лайықты аяқ киiммен және белгiленген мөлшерде тамақпен қамтамасыз етiледi. Ас қорыту ағзалары сырқатымен ауырғандарға амбулаториялық емделу кезеңiнде диеталық тағамдар берiледi.
26. Жаңадан ашылып жатқан МЕПМ республикалық және жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылады. Оларды қаржыландыруға бөлiнетiн қаражат республика бюджетiнен денсаулық сақтау саласы бойынша аталған мекемелерде емделушiлердi бақылау мен күзетуге жұмсалатын шығын есептеле отырып қарастырылады.
VI. МЕПМ-нен босату
27. МЕПМ-дегi адам емдеу-профилактикалық мекемеде ұстауға сот тағайындаған мерзiм бiткен соң немесе сот қаулысымен уақытынан бұрын босатылады.
28. МЕПМ-дегi адамнан созылмалы жан-жүйке дертiнiң немесе бұл мекемеде емделуге кедергi келтiретiн ауыр науқастың белгiлерi байқалса, әкiмшiлiк медициналық қорытындының негiзiнде оны мерзiмiнен бұрын босату жөнiнде сол мекеме орналасқан жердегi жергiлiктi аудандық (қалалық) халық сотына өтiнiш берiп, мәселе қозғайды.
Мекеме әкiмшiлiгi мерзiмiнен бұрын босатылған адамды, қажет болған жағдайда, сырқатына сәйкес емдейтiн медициналық мекемеге жеткiзiп салуды ұйымдастырады.
29. МЕПМ-нен босатылған адамға жеке заттары, құжаттары мен ақшасы қайтарып берiледi.
Еңбек кiтапшасына МЕПМ-де болған мерзiмi туралы белгi соғылады, ал еңбек кiтапшасы жоқ болса - анықтама берiледi.
30. МЕПМ-нен босатылған адамға, қажет болған жағдайда материалдық көмек қорынан бiр жолғы ақшалай жәрдем берiлуi мүмкiн.
31. Мекеме әкiмшiлiгi МЕПМ-нен босатылған адамның тұрмыста және еңбекте орнығуына көмек көрсету үшiн оның тұрғылықты тұратын жеріндегі әкiмге және диспансерлiк бақылаумен қамту үшiн республикалық, облыстық психоневрологиялық (наркологиялық) диспансерге хабарлайды.