8.10. Атом энергиясы жөніндегі агенттiк Қазақстан Республикасының аумағындағы ядролық материалдарды есепке алу мен бақылаудың жайы туралы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне жыл сайын есеп берiп отырады.
Халықтың және айналадағы ортаның ядролық және радиациялық қауiпсiздiгiне әсер ететiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүддесiне нұқсан келтiретiн ауытқушылықтар орын алған жағдайда Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекеттік органдарына дереу ақпарат жiбередi.
9. Ядролық материалдар мен ядролық
қондырғыларды нақты қорғау
9.1. Барлық ядролық материалдар мен ядролық қондырғылар нақты қорғауға жатады. Нақты қорғау дегенiмiз - ядролық материалдарды ұрлауға, ядролық қондырғыларға ықпал етуге және ұлттық қауiпсiздiктiң мүддесiне, ядролық және радиациялық қауiпсiздiкке зиянын тигiзетiн өзге де зардаптарға әкеп соғуы мүмкiн ядролық қондырғылар мен ядролық материалдарға рұқсат етiлмеген жолатуларды болдырмауға бағытталған жоспарлаудың, үйлестiрудiң, бақылаудың, ұйымдастырушылық және тактикалық шаралар кешенiн жүзеге асырудың бiртұтас жүйесi.
9.2. Ядролық материалдар мен ядролық қондырғыларды нақты қорғауды атом энергиясын пайдалану жөніндегі мемлекеттік басқару органдары мен мемлекеттік реттеу және қадағалау органдары (Қазақстан Республикасының Энергетика және отын ресурстары министрлігі, Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi) және ядролық қаруды жоюға байланысты мемлекеттік басқару органдары (Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Қорғаныс министрлігі, Iшкi әскерлер Қолбасшысының Бас басқармасы, ядролық материалдарды тасымалдаған кезде - Қазақстан Республикасының Көлiк министрлігі) ұйымдастырады және бақылайды.
9.3. Ядролық материалдар мен ядролық қаруды пайдалануға, сақтауға, тасымалдауға байланысты кәсiпорындарды (объектiлердi) нақты қорғауды жүзеге асыру мен қамтамасыз етуге пайдаланушы ұйым тiкелей жауап бередi. Ядролық қондырғыны нақты қорғауды қамтамасыз ету үшiн пайдаланушы ұйым Қазақстан Республикасы iшкi әскерлерiнiң және (немесе) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінiң әскери бөлiмдерiн тартады.
9.4. Ядролық материалдар мен ядролық қондырғылардың объектiлердегi және тасымалдау кезіндегі нақты қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптардың орындалуына мемлекеттік қадағалауды, нақты қорғау мақсаттарына қол жеткізудiң нормативтiк талаптары мен өлшемдерiн белгiлеудi Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi жүзеге асырады.
9.5. Ядролық материалдарды өндiру және (немесе) пайдалану жөніндегі қызметтiң белгiлi бiр түрiн жүргiзуге арналған рұқсаты бар пайдаланушы ұйымдар өздерiнiң кәсiпорындарын (объектiлерiн) нақты қорғаудың жайы туралы басқару, мемлекеттік реттеушi және қадағалаушы органдарының алдында есеп берiп отыруға мiндеттi.
9.6. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi Iшкi iстер министрлігімен, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен және Iшкi әскерлерi Қолбасшысының Бас басқармасымен бiрлесе отырып, кәсiпорындарды (объектiлердi) нақты қорғауды қамтамасыз етудiң инженерлiк жүйелерi мен құралдарын әзiрлеудiң және жаңартудың өлшемдерi мен техникалық талаптарын айқындайды.
9.7. Ядролық материалдарды пайдалану, сақтау, тасымалдау жөніндегі қызметтi жүргiзуге рұқсаты (лицензиясы) бар заңды тұлғалар мен пайдаланушы ұйымдар:
- Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгiнiң, басқа да мемлекеттік органдардың (олардың өз құзiретi шегiнде) нақты қорғаудың жайына бақылау (инспекциялау) жасауына жағдай туғызуға;
- Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгiнiң инспекторына объектiлердi нақты қорғауды қамтамасыз ету жүйесiнiң техникалық жайы жөніндегі есеп беру құжаттамасын талап етiлген көлемде түсiруге;
- нақты қорғауды қамтамасыз етудiң талаптарына сәйкессiздiк анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi инспекторларының талап етуi бойынша қосымша ақпарат түсiруге, Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгiнiң ұсынысы бойынша ашылған кемшiлiктердi жоюға мiндеттi.
9.8. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi:
- ядролық материалдар мен ядролық қондырғыларды нақты қорғау жүйесiнiң жайы туралы есеп берудiң тәртібін, нысаны мен көлемiн айқындайды;
- ядролық материалдар мен ядролық қондырғыларды нақты қорғаудың жайын қадағалау мақсатымен кәсiпорындарда (объектiлерде) инспекциялау жүргiзедi.
9.9. Нақты қорғау мақсаттарына жетудiң талаптары мен өлшемдерiне сәйкес нақты қорғау өткізу режимi және арнайы жүктердi тасымалдау тәртібі шеңберiнде күзет шараларын қолдануды қамтамасыз ететiн әскери бөлiмдер бағынатын ведомство бөлiмдер мен бөлiмшелердiң, құқық тәртібін қорғау органдарының төтенше жағдайлар туындаған кездегi өзара iс-қимылының тәртібін белгiлейдi.
10. МАГАТЭ-мен өзара iс-қимыл
10.1. Қазақстан Республикасы МАГАТЭ-нiң мүшесi бола отырып, оның органдарының атом энергиясының бейбiт мақсатта қауiпсiз пайдаланылуына жәрдемдесуге, ядролық қаруды таратпау режимiн, соның iшiнде халықаралық кепiлдiктi қамтамасыз етiп нығайтуға, радиоактивтi заттар мен иондаушы сәулелердi өнеркәсiпте, денсаулық сақтау мен ауыл шаруашылығында қолдануға байланысты қызметiне қатысады.
10.2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі МАГАТЭ-мен iс-қимыл кезiнде саяси-құқықтық мәселелердiң шешiлуiне жауап бередi.
10.3. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi МАГАТЭ-нiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң жұмысына байланысты министрлiктер мен ведомстволардың (Ядролық энергия мен қауiпсiздiк департаментiнiң, Кепiлдiктер департаментiнiң, Ғылыми зерттеулер мен изотоптар департаментiнiң, Зайберсдорфтегi МАГАТЭ лабораториясының, Халықаралық теориялық физика орталығының, Халықаралық теңiз радиоактивтiлiгi лабораториясының, Техникалық ынтымақтастық департаментiнiң) қызметiн үйлестiру үшiн жауап бередi.
10.4. Министрлiктер мен ведомстволардың МАГАТЭ-мен ағымдағы өзара iс-қимылы Австрияның Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкiлдiгi арқылы жүзеге асырылады.
10.5. Делегацияларды қалыптастыруды, МАГАТЭ-нiң органдарының жұмысына (МАГАТЭ-нiң Бас конференциясы, МАГАТЭ-нiң басқарушылар Кеңесi, сарапшылардың, мамандардың, консультанттардың, кеңесшiлердiң консультативтiк кездесулерi және т.б.) қатысу үшiн айқындамалар әзiрлеудi шаралардың күн тәртібіне енгiзiлетiн мәселелерге орай Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігімен және басқа да мүдделi министрлiктер мен ведомстволардың келiсуi бойынша Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi жүзеге асырады.
10.6. Техникалық комитеттердi, консультанттар мен мамандардың кеңестерiн, кеңесшiлердiң тұрақты топтарын, жұмыс топтарын және т.б. қосқанда, Қазақстан Республикасы өкiлдерiнiң МАГАТЭ-нiң ағымдағы ғылыми-техникалық шараларына қатысуына жауапкершiлiктi, МАГАТЭ-нiң тиiстi бөлiмшелеріндегі жұмысқа байланысты қызметтi үйлестiру жағын Сыртқы iстер министрлігі мойнына алады.
10.7. МАГАТЭ Секретариатындағы квоталанған бос орындарға өтiнiштер жасалуын қолдауды Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгiнiң келісімi бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі жүзеге асырады.
10.8. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі МАГАТЭ-нiң жетекшiлiгiмен әзiрленген халықаралық конвенцияларды, келісімдердi, өзге де халықаралық құқықтық құжаттарды Қазақстан Республикасының қайта қарауына және әзiрлеуi мен тұжырымдауына байланысты қызметтi жалпы үйлестiрудi жүзеге асырады.
10.9. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi МАГАТЭ-мен келісімдер бойынша мiндеттемелердiң орындалуына байланысты қызметтi үйлестiру үшiн жауап бередi.
Атом энергиясы мен ядролық қызметтi
пайдалану, радиоактивтiк қалдықтар
мен қолданылған ядролық материалдарды
ұстау, Қазақстан Республикасы халқының
радиациялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз
ету туралы уақытша ережеге
ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі
агенттiгiнiң ядролық қондырғыларды жобалау, салу, пайдалану
және өмiрлiк циклының басқа да кезеңдерi жөніндегі қызметтi
жүзеге асыру құқығына уақытша рұқсат беру тәртібі
1. Жалпы ережелер
1.1. Атом энергиясы жөніндегі агенттiктiң қызмет түрлерiне уақытша рұқсаты кәсiпорынның рұқсатта көрсетiлген қызметпен айналысуына құқық беретiн құжат болып табылады және ол орындалған кезде аталған рұқсат күшiнде қалатын шарттарды белгiлейдi.
1.2. Уақытша рұқсат әрбiр кәсiпорынға жеке-жеке бiр немесе бiрнеше қызмет түрiне берiледi.
1.3. Уақытша рұқсат берiлген сәттен бастап көрсетiлген мерзiм аяқталғанға дейiн немесе Атом энергиясы жөніндегі агенттiк өзгерiс енгiзген сәтке дейiн не Атом энергиясы жөніндегі агенттiк оның күшiн тоқтатқанға яки жойғанға дейiн, немесе кәсiпорынды жойған не қайта құрған сәтке дейiн күшiн сақтайды.
2. Уақытша рұқсат алуға өтiнiм түсiру
2.1. Уақытша рұқсат алуға түсiрiлетiн өтiнiмге мынадай құжаттардың жиынтығы:
- осы қызмет жүзеге асырылатын немесе жүзеге асырылуы көзделiп отырған қызмет түрлерi мен ядролық қондырғылар көрсетiлген өтiнiш;
- кәсiпорынның мемлекеттік тiркеуден өткенiн куәландыратын және шаруашылық жүргiзудiң құқын айқындайтын құжаттар;
- өтiнiмдi негiздейтiн құжаттар енедi.
2.2. Өтiнiмдi негiздейтiн құжаттарға мыналар:
- қызметтiң мәлiмделген түрлерiн жүзеге асыру шарттарының ядролық және радиациялық қауiпсiздiк жөніндегі қазiргi қойылатын талаптарға сәйкестiгiне техникалық талдау;
- қолданылып жүрген нормативтiк құжаттар мен ережелердiң талаптарынан болып отырған ауытқуларды тиiстi негiздеумен техникалық талдау;
- қолданылып жүрген технологиялық регламенттер мен нұсқаулықтардың тiзбесi;
- мәлiмделiнген қызмет бабынан пайда болуы мүмкiн кәсiпорындағы аварияны жою жөніндегі нұсқаулықтар;
- жобаланылған авариялар тiзбесi, оларды жою және қызметкерлердi қорғау жөніндегі шаралардың жоспары;
- жобадан тыс аварияның тiзбесi, жобадан тыс аварияны ырыққа көндiру және қызметкерлер мен халықты қорғау жөніндегі шаралардың жоспары;
- ядролық материалдарды есепке алу мен бақылау жүйесiн, ядролық материалдар мен ядролық қондырғыларды нақты қорғау жүйесiн ұйымдастыру мен iс-қимылын негiздейтiн құжаттар жиынтығы;
- қызметтiң мәлiмделiнген түрлерi бойынша жұмыс iстеуге құқық беретiн санитарлық паспорттардың көшiрмелерi;
- оқытудың ұйымдастырылуы мен өткiзiлуiн, сондай-ақ ядролық және радиациялық қауiпсiздiк жөніндегі қызметкерлердiң білімiн тексерудiң нәтижелерiн растайтын құжаттар;
- мемлекеттік экологиялық сараптаудың (қажет болған жағдайда) қорытындысы енедi.
2.3. Уақытша рұқсатқа өтiнiмдi қабылдамай тастауға және оны қайтадан ресiмдеуге қайтаруға:
- өтiнiм құжаттарының талап етiлген құрам мен мазмұнға сәйкес келмеуi;
Атом энергиясы жөніндегі агенттiктiң мәлiмделiнген қызметтi қауiпсiздiктiң қажеттi шарттарымен қамтамасыз ету жөніндегі жағымсыз қорытындысы негiз болып табылады.
2.4. Уақытша рұқсат беруден бас тарту қызметтiң мәлiмделiнген түрiне бұрын берiлген құжаттардың күшiн тоқтатуға әкеп соғады. Уақытша рұқсат беруден бас тарту туралы хабар кәсiпорынды тiркеудi жүзеге асырған басқару органына, атқару өкіметі органына, өзге де қадағалау органдарына жiберiледi.
3. Мәлiмдеушi кәсiпорын мен Атом энергиясы
жөніндегі агенттiктiң арасындағы
қарым-қатынасты реттеу
3.1. Кәсiпорын уақытша рұқсаттың шарттарын сақтамаған жағдайда
Атом энергиясы жөніндегі агенттiк уақытша рұқсаттың күшiн
орын алған ауытқуларды түзеткенге дейiн тоқтата тұруы мүмкiн.
3.2. Ядролық немесе радиациялық қауіпсiздiктiң жайы-күйi туралы дүдәмал немесе бұрмаланған ақпарат берiлген, рұқсаттың күшiн сақтау шарты оқиғалар мен авариялар орын алғаны туралы хабарланбаған жағдайда, рұқсатта көрсетiлген қызмет құқын өзге заңды тұлғалар мен жеке тұлғаларға қандай да бiр нысанда заңсыз берген жағдайда уақытша рұқсаттың күшi тоқтатылуы мүмкiн.
3.3. Қызметке рұқсат сұраған өтiнiмдi қараудың мерзiмi, өтiнiмнiң түрiне қарай, 30 күннен 6 айға дейiн болады.
3.4. Атом энергиясы жөніндегі агенттiктiң уақытша рұқсатты беруден бас тарту немесе күшiн жою туралы шешiмiне Қазақстан Республикасының сот органдарында шағым жасалына алады.