5.6. Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын Атом энергиясы жөніндегі агенттiктiң өтiнiмiне сәйкес, реттеу мен қадағалаудың басқа да органдарының қажеттiлiгiн ескере отырып, атом энергиясын пайдалану және ядролық қызмет саласындағы қауiпсiздiк жөніндегі ережелер мен нормалар жүйесiн әзiрлеу мен қайта қарауды қаржыландырудың мөлшерiн айқындайды, оларға белгiленген тәртiппен қажеттi көлемде қаржы бөледi.
5.7. Министрлiктер мен ведомстволар реттеу мен қадағалау органдарына жаңа ережелер мен нормалар әзiрлеу жөнiнде өздерiнiң ұсыныстарын, сондай-ақ қолданылып жүрген ережелер мен нормаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнiнде ұсыныстар түсiредi. Ережелер мен нормаларды әзiрлеу, келiсу, бекіту, басып шығару, күшiне енгізу мен қайта қарау тәртібін реттеу мен қадағалау органдарының қызметiн, құзырлы саласын және өкiлеттiлiгiн белгiлейтiн құжаттарға сәйкес жүргiзiледi.
5.8. Реттеу мен қадағалау органдары ережелер мен нормаларды басып шығаруды және атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметтi жүзеге асыратын кәсiпорындар мен ұйымдар арасында олардың таратылуын қамтамасыз етедi, сондай-ақ қолданылып жүрген ережелер мен нормаларға енгiзiлетiн барлық өзгерістер мен қосымшалар туралы хабарлап отырады.
5.9. Атқарушы өкiметтiң жергiлiктi органдары өз құзыры шегiнде қарауындағы аумақта экологиялық қауiпсiздiктiң ережелерi мен нормаларының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
5.10. Атом энергиясын пайдалану мен ядролық қызмет саласындағы қауiпсiздiкке қатысы бар ережелер мен нормалардың бәрi Қазақстан Республикасының Атом энергетика жөніндегі агенттiгiмен мiндеттi түрде келісілуге тиiс.
6. Рұқсат ету жүйесi мен лицензиялау
6.1. "Атом электр станцияларының (АЭС-тiң қауiпсiздiгi мәселелерiн реттеудi үкiметтiк ұйымдастыру) қауiпсiздiгi жөніндегі ережелердiң Жинағында" (№ 50-С-Q / Rev. 1) тұжырымдалған МАГАТЭ-нiң талаптарына сәйкес және ССРО Жоғарғы Кеңесiнiң "Кәсіпорындардың арнайы рұқсаттар (лицензиялар) негізінде ғана шұғылдануіа құқы болатын қызметтің түрлері туралы" 1991 жылғы 28 мамырдағы № 2195-1 қаулысы негiзiнде қауiпсiздiктi реттеу жүйесi ұйымдар мен кәсiпорындарға жобалау, салу, пайдалану және ядролық қондырғылардың басқа да өмiрлiк циклды кезеңдерi бойынша белгiлi бiр қызмет түрлерi мен атом энергиясын, ядролық қызметтiң басқа да түрлерiн пайдалануға байланысты қызметтi жүзеге асыру құқығына рұқсаттар (лицензиялар) беруге негiзделедi. Ядролық қондырғылар үшiн бұл рұқсатты берудiң тәртібін Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi айқындайды, ол лицензиялау жүйесiн енгiзгенге дейiн күшiн сақтайды (қосымшаға сәйкес).
6.2. Атом энергиясын пайдалануға байланысты қызметке рұқсат беру кезiнде қадағалау органдарының арасындағы өзара iс-қимыл қадағалаудың нақты органдары туралы ережелерге сәйкес жүзеге асырылады, сондай-ақ, жекелеген жағдайларда, олардың арасындағы өкiлдiктiң аражiгiн бөлу туралы хаттамалармен айқындалады.
6.3. Мемлекеттік қадағалау органдарының, министрлiктердiң, ведомстволардың ядролық қондырғылардың әрбiр тұрпатының өмiрлiк циклы кезеңіндегі өзара iс-қимылы қолданылып жүрген заңдармен, заң актілерімен және қауiпсiздiк саласындағы ережелер әрi нормалар жүйесiмен айқындалады және мынадай тәртiппен жүзеге асырылады:
6.3.1. Тұжырымдаманы әзiрлеу сатысы
6.3.1.1. Атом энергиясын пайдалануға байланысты объектiлердi салудың қажеттiлiгi осы Ереженiң 3 және 4-тарауларында көрсетiлген тиiстi министрлiктермен, ведомстволармен және қадағалау органдарымен келісілуге және оны Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекітуге тиiс.
6.3.1.2. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi мүдделi министрлiктердiң, ведомстволардың және қадағалау органдарының өздерiнiң құзыретi шегіндегі сараптау қорытындыларын ескере отырып, мемлекеттік инвестициялардың тиiмдiлiгi туралы шешiм қабылдайды.
6.3.1.3. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi объектiлерге Қазақстан Республикасының iшкi әскерлерiнiң әскери (арнайы) күзетiн ұйымдастыру туралы шешiм қабылдайды.
6.3.2. Техникалық-экономикалық негiздеу сатысы
6.3.2.1. Облыстардың жергiлiктi өкiлдi өкiмет органдары объектiлердi орналастыру мен дамыту схемаларының негiзiнде ядролық қондырғыны орналастыру ауданын алдын-ала келiсудiң материалдарын қарап бекiтедi; бұған Экология және биоресурстар министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссиясы, Азаматтық қорғаныс Штабы, Iшкi iстер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрлігі, Жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитет, Мемкенқадағалаукомы тартылады, олар жергiлiктi өкiлдi өкiмет органдарына сараптау қорытындыларын бередi. Жергiлiктi әкiм жер учаскесiн алып қоймастан орналастыру мекенiне алдын-ала келісім актiсiн бередi, ол ТЭН сатысында жобалау-iздестiру жұмыстарын жүргiзу үшiн негiз болып табылады.
6.3.2.2. Пайдаланушы ұйым Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгiн, Экология және биоресурстар министрлігінiң, Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрлігінiң, Денсаулық сақтау министрлігінiң, Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссиясының, Жер қатынастары және Жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитетiнiң, Қорғаныс министрлігінiң, Азаматтық қорғаныс Штабының, Iшкi iстер министрлігінiң, Мемкенқадағалаукомының, Қазақстан Республикасының Iшкi әскерлерi Бас басқармасының қолданылып жүрген нормативтiк талаптарына сәйкес әзiрленген ТЭН материалдарын, сондай-ақ олардың сараптау қорытындыларын Қазақстан Республикасының Энергетика және отын ресурстары министрлігіне табыс етедi, ол жергiлiктi өкiмет және басқару органдарымен бiрлесiп, энергетика және атом өнеркәсiбi кәсiпорындары мен объектiлерiн аймаққа орналастыру туралы шешiм қабылдайды, отын-энергетика кешенi мен атом өнеркәсiбi кәсiпорындарын салу мен қайта жаңартудың жобаларына сараптау мен конкурс жүргiзу үшiн осы салалардың объектiлерi мен өндiрiстiк қуаттарын пайдалануға қабылдау үшiн комиссиялар құрады.
Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлігі ТЭН материалдарын мемлекеттік экологиялық сараптаудың нәтижелерi бойынша табиғатты кешендi пайдалануға рұқсат (лицензия) бередi.
Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі ТЭН материалдарын мемлекеттік экологиялық сараптаудың нәтижелерi бойынша iздестiру жұмыстарына рұқсат (лицензия) бередi.
Қазақстан Республикасының Үкiмет сараптау комиссиясының оңтайлы қорытындысының негiзiнде мемлекеттік бюджеттен ядролық қондырғы жасау үшiн мемлекеттік инвестициялар жөніндегі шешiм қабылдайды.
Жергiлiктi әкiм пайдаланушы ұйымның өтiнiшi бойынша жергiлiктi өкiлдi өкiмет органдарының келісімiмен жерлердi кесiп алу және оларды ядролық қондырғымен орналастыру аумағын қорғау жөніндегі дайындық жұмыстарын жүргiзу үшiн беру туралы алдын ала рұқсат ете алады. Жергiлiктi әкiм жердi алып қою мен жер учаскесiн беру туралы, әдетте, жоба бекiп, құрылыс жоспарына енгiзiлгеннен кейiн шешiм қабылдайды.
6.3.3. Жобалау сатысы
6.3.3.1. Пайдаланушы ұйым дербес немесе бөгде кәсiпорынды пайдалана отырып, қолданылып жүрген нормативтiк-техникалық құжаттарға сәйкес ядролық қондырғы құрылысының жобасын әзiрлейдi, жобаны олардың құзыретiне сәйкес министрлiктермен, ведомстволармен, қадағалау органдарымен қарайды және келiседi.
6.3.3.2. Ядролық қондырғыларды, жабдықтарды, приборлар мен соларға керектi жүйелердi жобалаушы (құрастырушы) барлық кәсiпорындар Атом энергиясы жөніндегі агенттiктен рұқсат (лицензия) алуға тиiс.
Мұндай рұқсатты алу мен жобаларды қараудың тәртібі Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi тарапынан реттеледi.
6.3.3.3. Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлігі, Iшкi iстер министрлігі, Мемкенқадағалаукомы, Денсаулық сақтау министрлігі, Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрлігі, Азаматтық қорғаныс штабы өздерiнiң құзыретіндегі мәселелер бойынша жобаларға белгiленген тәртiппен сараптау жүргiзедi және материалдарды Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгіне бередi.
Атом энергиясы жөніндегі агенттiк аталған министрлiктер мен ведомстволардың қорытындыларын ескере отырып, ядролық қондырғылар орнатудың мүмкiндiгi туралы тұжырым дайындап, оны Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне жiбередi.
6.3.3.4. Атом энергиясы жөніндегі агенттiктiң тұжырымы мен тиiстi жергiлiктi өкiлдi өкiмет органының шешiмi Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қарауына жатады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiленген тәртiппен жобалық материалдарды тәуелсiз сараптау комиссиясы қарауы мүмкiн.
6.3.3.5. Жергiлiктi әкiм ядролық қондырғылар салуға арналған жобалар бекiгеннен кейiн құрылысқа жер беру туралы ақырғы шешiм қабылдайды.
6.3.3.6. Ядролық қондырғының жобасы бекітілген соң Атом энергиясы жөніндегі агенттiк ядролық қондырғының құрылысын бастауға рұқсат (лицензия) бередi.
6.3.4. Ядролық қондырғылар үшiн жабдықтар, приборлар мен жүйелердi дайындау
Ядролық қондырғылар үшiн жабдықтар, приборлар және жүйелер дайындау кезiнде қауiпсiздiк пен сапаны қамтамасыз ету жөніндегі талаптар мен ережелердiң, нормалардың сақталуын реттеу мен бақылау Қазақстан Республикасының "Стандарттау және сертификаттау туралы" Заңына және атом энергиясын пайдалану саласындағы қауiпсiздiк жөніндегі нормативтiк актiлерге сәйкес жүзеге асырылады.
6.3.5. Құрылыс жүргiзу мен монтаждау сатысы
6.3.5.1. Ядролық қондырғыларда құрылыс-монтаж, iске қосу-реттеу және жөндеу жұмыстарын атқаратын ұйымдардың, бiрлестiктердiң, концерндер мен кәсiпорындардың Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiктен сол жұмыстарды жүргiзуге құқық беретiн рұқсаты (лицензиясы) болуға тиiс.
6.3.5.2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ядролық қондырғыларда құрылыс-монтаж жұмыстарының барысында қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерiн медициналық-санитарлық қамтамасыз ету саласында санитарлық-гигиеналық және эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асырады және ядролық қондырғының жобасында көзделген облыс халқына санитарлық-эпидемиологиялық қолайлы жағдайлар туғызу жөніндегі бағдарламалардың орындалуын бақылайды.
6.3.5.3. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі ядролық қондырғыны салу мен монтаждау кезiнде өртке қарсы қауiпсiздiк жөніндегі барлық талаптардың орындалуын қадағалауды жүзеге асырады.
6.3.5.4. Мемкенқадағалаукомы өзiнiң құзыретi шегiнде геологиялық барлау ұйымдарындағы, кен кәсiпорындарындағы, химиялық-металлургиялық цехтар мен өндiрiстердегi құрылыс-монтаж қызметi барысындағы жұмыстардың қауiпсiз жүргiзiлуiне мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады.
6.3.5.5. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi Iшкi әскерлер Бас басқармасы Қолбасшысының қатысуымен объектiлердi күзетудiң инженерлiк-техникалық құралдарымен, нақты қорғау жүйесiмен, жеке құрамға арналған қорғаныс ғимараттарымен жабдықтаудың мерзiмi мен сапасына бақылауды жүзеге асырады.
6.3.6. Пайдалануға қосу, пайдалану, пайдаланудан шығару
6.3.6.1. Жаңадан iске қосылған ядролық қондырғының аумағына және iске қосу-реттеу жұмыстары кезеңдерiне алғаш ядролық отын әкелерде ядролық қондырғының әкiмшiлiгi Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiктен рұқсат алуға мiндеттi.
Рұқсаттар: объектiнiң дайындық жайын тексерудiң қорытындысы бойынша ядролық отынның алғаш әкелiнуiне және қолданылған ядролық отын мен радиоактивтiк қалдықтарды сақтау қоймасын пайдалануға қосқанда;
- iске қосу-реттеу жұмыстарының жекелеген кезеңдерiне берiледi.
6.3.6.2. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi, Денсаулық сақтау министрлігі, Iшкi iстер министрлігі, Азаматтық қорғаныс Штабы. Мемкенқадағалаукомы ядролық қондырғының пайдалануға беруге әзiрлiгiн бағалау жөніндегі комиссияның жұмысына қатысады, ол актiмен тұжырымдалады. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгiне актiнi және қауiпсiздiк жөніндегі ережелер мен нормаларда табыс ету үшiн белгiленген басқа да қажеттi құжаттарды түсiргеннен кейiн пайдаланушы ұйым Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгiнен ядролық қондырғыны тәжiрибелiк және өнеркәсiптiк пайдалануға рұқсат (лицензия) алады.
6.3.6.3. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ядролық қондырғыны пайдалану барысында облыста санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды, сондай-ақ облыс халқын медициналық-санитарлық жағынан қамту мен қорғауды жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ядролық қондырғыны пайдалану барысында оған мамандандырылған санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асырады.
6.3.6.4. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi пайдалану барысында қадағалауды жүзеге асырады және қадағалауға алынған объектiлердегi ядролық және радиацияның қауiпсiздiк жайындағы өзгерістер туралы Үкiмет пен жергiлiктi өкiмет органдарына, сондай-ақ қадағалау жүзеге асырылатын аумақтағы қалалар мен облыстардың жұртшылығына хабарлап отырады.
6.3.6.5. Ядролық қондырғыны пайдалану кезіндегі өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi қадағалауды Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі қолданылып жүрген нормативтiк құжаттарға және осы қадағалау туралы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
Осы мақсатпен:
- өрт қадағалау органдары жүргiзген ядролық қондырғының технологиялық бөлiгіндегі өрт және өрт қауiпсiздiк ережелерiнiң бұзылғандығы жөніндегі зерттеулердiң нәтижелерi мен қорытындыларын Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi объектiнiң тұтас алғандағы қауiпсiздiгiн бағалау үшiн пайдаланады;
- Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгiнiң күшi мен атом энергиясының объектiлерiнде бақылау-инспекциялық және алдын-алу рәсiмдерiн бiрлесе жүргiзу ұйымдастырылады;
- қадағалау органдарының инспекторлық құрамын, лауазымдық мiндеттердi, ережелер мен нормаларды бiлу деңгейiн ескере отырып, өзара аттестаттау келісім бойынша жүргiзiледi.
6.3.6.6. Қазақстан Республикасының Мемкенқадағалаукомы ядролық қондырғыны пайдалану кезiнде өзiнiң құзыретiне сәйкес жалпы техникалық қауіпсiздiктi мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады.
Осы мақсатпен атом-энергетика өнеркәсiбi объектiлерiнiң жалпы техникалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бөлiгiне инспекциялық және алдын-алу рәсiмдерiн бiрлесiп жүргiзу ұйымдастырылады алады.
6.3.6.7. Пайдаланушы ұйым ядролық қондырғының жобалық мерзiмдiк қызметi аяқталғанға дейiнгi 5 жылдан кешiктiрмей ядролық қондырғыны пайдаланудан алудың жобасын әзiрлеудi және оны мемлекеттік реттеу мен қадағалау органдарымен келiсудi қамтамасыз етуге тиiс. Жаңадан құрылатын ядролық қондырғы үшiн оны пайдаланудан алудың жобасы құрылыстың жобасына енгiзiлуге тиiс.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі "АЭС энергоблогын пайдаланудан шығару кезіндегі радиациялық қауiпсiздiктiң талаптары (СССРО Мематомэнергияқадағалаукомы бекiткен АЭС-89 радиация қауiпсiздiгiнiң Ережелер)" деген бөлiмiне және басқа нормативтiк құжаттарға сәйкес, сондай-ақ ядролық қондырғы жобасының "Пайдаланудан шығару" бөлiмiн ескере отырып, мамандандырылған санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мен бақылауды жүзеге асырады.
6.4. Атом энергиясын пайдалану жөніндегі қызметтi жүзеге асыруға арналған лицензиялар.
Ядролық қызметтi жүзеге асыру үшiн лицензияның болуы талап етiледi. Лицензия Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес оны алу құқына ие адамның атом энергиясын пайдалану жөніндегі қызметтiң белгiлi бiр түрiн жүзеге асыруына рұқсат беретiн ресми құжат болып табылады.
Лицензияда лицензияланатын қызметтiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды айқындайтын шарттар болуға тиiс. Лицензия шарттарын ол жүзеге асырылатын қызмет пен объектiнiң нақты түрiнiң ерекшелiгiн ескере отырып лицензияны берушi ведомство белгiлейдi.
Лицензия алған адам Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес:
- лицензия мен рұқсатта айқындалған шарттарды орындамағаны үшiн;
- радиациялық және басқа да техногендiк әсер етуден халыққа және табиғи ортаға келтiрген зиян үшiн жауап бередi.
Ядролық қызмет жүргiзуге лицензия мынадай жағдайда, егер:
- талап етiлген шарттар тиiсiнше орындалмағанда;
- қауiпсiздiк тұрғысынан айғақты себептер болғанда қайтарылып алынуы мүмкiн.
Қадағалаушы органның сұратуы бойынша лицензияның иесi:
- қадағалау мен инспекциялау жүргiзу үшiн қажеттi ақпарат пен құжаттарды органға беруге;
- инспекциялау жүргiзу кезiнде қызмет атқарылатын жерге орган өкiлдерiнiң жiберiлуiн қамтамасыз етуге тиiс.
6.5. Рұқсат ету жүйесiнен лицензиялау жүйесiне көшу тиiстi заң шығарушылық және заңдық актiлердiң күшiне енгiзiлуiне қарай жүзеге асырылады.
7. Халықтың радиациялық қауiпсiздiгiн
қамтамасыз ету
7.1. Халықтың радиациялық қауiпсiздiгi осы Ережеде аталған жұмыс iстейтiн объектiлердi пайдалануды жүзеге асыратын пайдаланушы ұйымдар, өзге же заңды тұлғалар тарапынан қамтамасыз етiледi.
7.2. Халықтың радиациялық қауiпсiздiк реттеу мен қадағалау Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгiнiң, Экология және биоресурстар министрлігінiң және Денсаулық сақтау министрлігінiң құзыретiне енедi. Аталған органдардың әрқайсысының реттеу мен қадағалаудағы нақты функциялары осы органдар туралы ережелерде айқындалған.
7.3. Радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі негiзгi талаптар "Радиоактивтiк заттармен және басқа иондалған сәуле көздерiмен жұмыстың негiзгi санитарлық ережелерiмен" реттеледi. Сәуле алудың дозалық шегiнiң жүйесi мен деңгейi және оларды қолданудың ұстанымдары қадағалау органдары талап қойған сәтте қолданылып жүрген "Радиациялық қауiпсiздiк нормаларымен" белгiленедi.
7.4. Жергiлiктi атқару органдары Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінiң органдары (облыстардағы СЭС) арқылы өздерiне ведомстволық бағыныстағы аумақтардағы жерлер мен объектiлерде радиоактивтiк заттар мен иондалған сәуле көздерiнiң тиiстi ережелерде белгiленген көлемде өндірiлуiне, тасымалдануына, ұқсатылуына, пайдаланылуына, жиналуына, сақталуына және көмiлуiне есеп жүргiзедi.
8. Ядролық материалдарды есепке алу мен бақылау
кезіндегі өзара iс-қимылдың тәртібі
8.1. Ядролық материалдар олар орналасқан жердегi ядролық материалдардың нақты санын анықтау, ысырапты, рұқсатсыз пайдалану мен ұрлауды болдырмау мақсатында мемлекеттік есеп пен бақылауға жатады. Есепке алынған материалдар мен бақылаудың нәтижелерi ядролық материалдардың саны, орналасқан жерi, пайдалану сипаты, орын алмастырылуы туралы, оларды тиiстi мемлекеттік өкiмет пен басқару органдарының экспорт пен импортқа шығаруы, ядролық материалдарды өндiру мен пайдаланудың қауiпсiздiгiне арналған Қазақстан Республикасының мемлекеттік реттеуi мен қадағалауы туралы жүйелi әрi жедел ақпарат беруге пайдаланылады.
8.2. Ядролық материалдарды есепке алу мен бақылау деп ядролық материалдардың санын анықтау және өндiрiлген жерде осы мөлшердi тексеру, пайдалану және сақтау, сондай-ақ белгiлi бiр уақыт iшiнде бұл мөлшердiң өзгертуiн айқындау мақсатында жүргiзiлетiн қызмет түсiнiледi. Ядролық материалдарды есепке алу мен бақылау элементтерiне ядролық материалдардың баланс аймағын айқындау, құжаттамалар жүргiзу, есеп берiлетiн құжаттарды әзiрлеу және оларды Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгiне жiберу материалдардың мәлiмденген түгел санын анықтау үшiн деректердi есеп бойынша тексеру мен талдау жатады.
8.3. Ядролық материалдарды ядролық қондырғыларда есепке алу мен бақылауды ұйымдастыру мен жүргiзудi ядролық материалдарын пайдалану мен сақтау жөніндегі қызметтi атқаруға рұқсаты (лицензиясы) бар басқару органдары мен кәсiпорындар жүзеге асырады.
8.4. Ядролық материалдарды есепке алу мақсатында қол жеткізудiң нормативтiк талаптары мен өлшемдерiн әзiрлеу, деректердiң орталықтандырылған базасын жолға қою, ядролық материалдарды есепке алу мен бақылаудың мемлекеттік жүйесiн жүзеге асырудың нәтижелерi туралы есеп-қисап түсiру, ядролық қондырғылардағы материалдардың есебiн жүргiзу мен бақылаудың қамтамасыз етiлуiн қадағалау, олардың неге жататынына және қайда бағынатынына қарамастан, Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi тарапынан жүзеге асырылады.
8.5. Заңды тұлғалар және олардың құрамына енетiн ядролық материалдарды өндiруге және (немесе) пайдалануға байланысты қызметтiң белгiлi бiр түрiн жүргiзу құқына рұқсаты (лицензиясы) бар пайдаланушы ұйымдар белгiленген мерзiмде Атом энергиясы жөніндегі агенттiктiң алдында қондырғылардағы ядролық-материалдардың нақты саны туралы және мөлшеріндегі барлық өзгерістер туралы есеп берiп отыруға, атап айтқанда:
- ядролық материалдарды есепке алу жөніндегі есеп-қисапты талап етiлген көлемде Атом энергиясы жөніндегі агенттiкке жiберуге;
- Атом энергиясы жөніндегі агенттiк пен жергiлiктi органдар өкiлдерiнiң ядролық материалдар орналасқан немесе пайдаланылатын жерлерге жiберiлуiн қамтамасыз етуге;
- ядролық заттардың нақты мөлшерiне тексеру жүргiзу үшiн жағдай туғызуға;
- ядролық материалдарға есептiк құжаттаманы талап етiлген көлемде түсiруге;
- инспекциялау мақсатында пайдаланылатын приборлар мен жабдықтарды қолдану үшiн жағдай туғызуға;
- Атом энергиясы жөніндегі агенттiктiң инспекторлары есепке алынбаған ядролық материалдар орналасқан немесе пайдаланылатын жерлерге жiберiлуiн қамтамасыз етуге;
- ядролық заттардың нақты мөлшерiне тексеру жүргiзу үшiн жағдай туғызуға;
- ядролық материалдарға есептiк құжаттаманы талап етiлген көлемде түсiруге;
- инспекциялау мақсатына пайдаланылатын приборлар мен жабдықтарды қолдануға жағдай туғызуға;
- Атом энергиясы жөніндегі агенттiктiң инспекторлары есепке алынбаған ядролық материалдарды немесе ядролық материалдардың ысырап болу фактілерін немесе ядролық материалдардың нақты мөлшерiн тексерудiң нәтижелерi мен есепке алынған деректердiң арасындағы алшақтықты айқындаған жағдайда солардың талап етуi бойынша қосымша ақпарат түсiруге;
- ядролық материалдарды түгендеу санының өзгеруiне байланысты ядролық материалдармен жоспарланған операциялар туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттiктiң атына хабарлама жiберуге мiндеттi.
8.6. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi:
- ядролық материалдардың мөлшерi туралы есеп-қисаптың көлемiне, нысанына және мерзiмдiлiгiне қойылатын талапты қосқанда, ядролық материалдарды есепке алу мен бақылаудың тәртібіне қойылатын талаптарды белгiлеудi;
- инспекциялау жүргiзу жоспарлары туралы, соның iшiнде тексерулердiң саны мен мерзiмi туралы заңды тұлғалар мен пайдаланушы ұйымдарды хабардар етудi;
- ядролық материалдардың есептелмеген бөлiгiн анықтау мақсатында ядролық материалдардың нақты мөлшерiн тексерудi;
- инспекциялық тексерудi жүзеге асырудың қорытындылары туралы заңды тұлғаларды, олардың құрамындағы пайдаланушы ұйымдар мен тиiстi атқарушы органдарды хабардар етудi;
- ядролық материалдарды есепке алу мен бақылау жөніндегі
талаптарды бұзушылық, баланстық алшақтықтар айқындалған жағдайда
жоспардан тыс инспекциялау жүргiзудi жүзеге асырады.
8.7. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгiнiң атына жiберiлген хабарламаға жоспарлы жөнелтiлiмдер, алынымдар ядролық материалдарды қондырғылар арасында тасымалдаулар туралы ақпарат енуге тиiс. Рәсiмнiң тәртібін, талабы мен шартын, түсiру мерзiмiн, хабарламаның мазмұнын Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттiгi белгiлейдi.
8.8. Пайдаланушы ұйымдар мен заңды тұлғалардың қадағалаушы органның алдындағы есеп беру жүйесiне:
- ядролық материалдардың түгенделу санының өзгерістерi (алу, жөнелту, ядролық өндiрiс, ядролық шығын, жөнелтушiнiң) алушының деректеріндегі алшақтықтар, есептен шығарып тастау, ядролық материалдарды түгендеу санындағы өзге де шығындар мен өзгерістер) туралы есеп берулер;
- пайдаланушы ұйымдар жүргiзетiн мерзiмдiк тиянақты түгендеу барысындағы ядролық материалдардың қолдағы нақты мөлшерiн тексерудiң нәтижесi туралы есеп берулер;
- тиянақты түгендеулер арасындағы кезең iшiнде ядролық материалдардың балансы туралы материалдық-баланстық есеп берулер;
- ядролық материалдардың шығыны айқындалған жағдайда, осындай оқиғаны тексерудiң нәтижесiн қоса, арнайы есеп берулер;
- қондырғылардың конструкциясы мен ядролық материалдарды пайдалану тәсiлiне жоспарлы өзгерістер енгізу туралы хабарлама енедi.
8.9. Заңды тұлғалар мен олардың құрамындағы пайдаланушы ұйымдары жергiлiктi өкiмет органдарының сұратуы бойынша оларды ядролық материалдардың қолда бары, пайдалану сипаты, сақталуы туралы хабардар етiп отыруға мiндеттi. Берiлетiн ақпараттың көлемi жөнiнде шектеу мемлекеттік құпияны сақтау мүддесiне және ядролық материалдар мен қондырғыларды нақты қорғау талаптарына орай болады.