«Сенімгерлік басқаруға берілген шаруашылық
серіктестіктеріндегі мемлекет үлесін және акциялардың
мемлекеттік пакетін сатудың ережесін бекіту туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 6 қарашадағы № 1136 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2005.27.07. № 781 қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 19 маусымдағы № 575 қаулысымен бекітілген Мемлекет активтерін тиімді басқару мен оларға билік жасауды қамтамасыз ету жөніндегі 1998-1999 жылдарға арналған шаралар жоспарына сәйкес, сондай-ақ республикадағы жекешелендіру процестерін жеделдету және инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Сенімгерлік басқаруға берілген шаруашылық серіктестіктеріндегі мемлекет үлесін және акциялардың мемлекеттік пакеттерін сатудың ережесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті жарғылық капиталының мөлшері мемлекеттік үлестер мен акциялардың мемлекеттік пакеттері сенімгерлік басқаруға берілген, сондай-ақ тендерлік емес негізде не мемлекет үлесін мерзімінен бұрын сату туралы сенімгер басқарушының өтінімі бойынша шаруашылық серіктестіктер мен акционерлік қоғамдарға салынған инвестициялардың сомаларына ұлғайту мәселелерін қарау үшін жалпы жиналыстарды өткізу жөнінде шаралар қабылдансын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне жүктелсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
1998 жылғы 6 қарашадағы
№ 1136 қаулысымен
бекітілген
Сенімгерлік басқаруға берілген шаруашылық
серіктестіктеріндегі мемлекет үлесін және акциялардың
мемлекеттік пакеттерін сатудың
ЕРЕЖЕСІ
Сенімгерлік басқаруға берілген шаруашылық серіктестіктеріндегі мемлекет үлесін және акциялардың мемлекеттік пакеттерін сатудың осы ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 19 маусымдағы № 575 қаулысымен бекітілген 1998-1999 жылдарға арналған мемлекет активтерін тиімді басқару мен оларға билік жасауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жоспарына сәйкес әзірленді және сенімгерлік басқаруға берілген шаруашылық серіктестіктеріндегі мемлекет үлесін және акциялардың мемлекеттік пакеттерін, сондай-ақ тендерлік негізде емес немесе мемлекеттің үлесін мерзімінен бұрын сату туралы сенімгерлік басқарушының ұсынымы бойынша сенімгерлік басқару шартында (келісім-шартында), (бұдан әрі - шарт) көзделген мерзімдер аяқталғанға дейін сатудың ерекшеліктерін белгілейді, бұған дербес жобалар жөніндегі жекешелендіруге жататындары кірмейді. Осы Ереженің ережелері мемлекеттік үлестері мен акциялары Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Электр энергетикасындағы жекешелендіру және қайта құрылымдау бағдарламасы туралы" 1996 жылғы 30 мамырдағы № 663 қаулысына сәйкес жекешелендіруге жататын шаруашылық серіктестіктері мен акционерлік қоғамдарға да қолданылмайды.
1. Жалпы ережелер
1. Кейін сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген шаруашылық серіктестіктеріндегі мемлекеттің үлесі мен акциялардың мемлекеттік пакеттері (бұдан әрі - мемлекет үлесі) шартта белгіленген мерзімде немесе шартта белгіленген мерзім біткенге дейін (бұдан әрі - мерзімінен бұрын) сатылуы мүмкін.
2. Мемлекет үлесін кейін сатып алу құқығымен шартта көзделген мерзімде сату шартта және қолданылып жүрген заңдарда белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
3. Мемлекет үлесін мерзімінен бұрын сату, осы Ережеде белгіленген талаптарды ескере отырып, сенімгер басқарушымен келісім бойынша жүргізіледі.
Мемлекет үлесін мерзімінен бұрын атаулы сату сенімгер басқарушы кейін сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға арналған шарт бойынша сенімгер басқарушының міндеттемелерін лайықты орындаған жағдайда және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің инвестициялық міндеттемелер орындалғаны туралы дұрыс қорытындысы болған жағдайда ғана жүргізіледі.
4. Кейін сатып алу құқығынсыз, сондай-ақ тендерлік емес негізде сенімгерлік басқаруға берілген мемлекет үлесін шаруашылық серіктестіктеріне сату ашық ақша аукциондарында не қор биржасында жүргізіледі.
Кейін сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілген, сондай-ақ тендерлік емес негізде берілген акциялардың мемлекеттік пакетін сату ашық ақша аукциондарында не қор биржасында жүргізіледі.
5. Сенімгер басқарушысы шартта көзделген міндеттемелерді сақтамаған не дұрыс орындамаған жағдайда, шарт онда көрсетілген тәртіппен және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен бұзуға жатады.
Бұзылған шарттар бойынша шаруашылық серіктестіктеріндегі мемлекет үлестері ашық ақша аукциондарында сатуға жатады.
Бұзылған шарт бойынша акциялардың мемлекеттік пакеті ашық ақша аукциондарында және қор биржасында сатуға жатады.
2. Кейін сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген
мемлекет үлесін сату
6. Кейін сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген мемлекет үлесі сенімгер басқарушыға мерзімінен бұрын атаулы сатуға жатады.
Сенімгер басқарушымен шартқа қосымша келісім жасасқан жағдайда мемлекет үлесін мерзімінен бұрын сату осы Ереженің 4, 8-11-тармақтарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
7. Мемлекет үлесін мерзімінен бұрын атаулы сату сенімгер басқарушының сенімгерлік басқару қабылдаған шартқа сәйкес инвестициялық және қажет болған жағдайда, басқа да міндеттемелерді сақтаған жағдайда жүргізіледі.
Инвестициялық міндеттемелерді сақтаудың ережелері сатып алу-сату шартына міндетті түрде енгізілуге тиіс.
3. Кейін сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілген
мемлекет үлесін сату
8. Кейін сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілген, сондай-ақ тендерлік емес негізде берілген мемлекет үлесін мерзімінен бұрын сатқан кезде сенімгер басқарушы құйған инвестициялардың сомасы, шаруашылық серіктестігінің немесе акционерлік қоғамның уәкілетті органының оның жарғылық капиталын ұлғайту туралы шешімі болған жағдайда, шаруашылық серіктестігі мен акционерлік қоғамның жарғылық капиталына енгізіледі.
Бұл ретте сенімді басқарушының, мемлекеттің үлесін немесе акциялардың мемлекеттік пакетін өзі басқарып отырған шаруашылық серіктестігінің немесе акционерлік қоғамның негізгі қаражатына өз қаражатының есебінен енгізген инвестициялары шаруашылық серіктестігінің немесе акционерлік қоғамның жарғылық капиталына енгізуге жатады.
9. Салынған инвестициялар сомасының бағасы тиісті лицензиясы бар тәуелсіз аудитордың қорытындысымен расталуы керек.
Жүргізілген бағалаудың нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті құрған ведомствоаралық комиссия салынған инвестициялардың сомасы, мемлекет үлесі және сенімгер басқарушы туралы шешім қабылдайды.
10. Шаруашылық серіктестігінің уәкілетті органы жарғылық капиталды салынған инвестициялардың сомасына ұлғайту туралы шешім қабылдағаннан кейін және заңды тұлға тиісті қайта тіркеуден өткізілгеннен кейін сенімгер басқарушының шаруашылық серіктестігінде салынған инвестициялардың сомасына сәйкес үлесі болады.
Акционерлік қоғамның уәкілетті органы жарғылық капиталды салынған инвестициялардың сомасына ұлғайту туралы шешім қабылдағаннан және акциялардың жаңа шығарылымын тиісті мемлекеттік тіркеуден өткізгеннен кейін, сенімгер басқарушы акционерлік қоғамда салынған инвестициялардың сомасына сәйкес акциялардың бөлігіне ие болады.
11. Сенімгер басқарушы салған және осы Ережеде белгіленген тәртіпте шаруашылық серіктестігінің немесе акционерлік қоғамның жарғылық капиталын ұлғайтуға жұмсалған инвестициялар үлес немесе жаңа шығарылым акциялары үшін төлем болып табылады және қайтаруға жатпайды.