Қазақстан Республикасының теңiздегi және iшкi су айдындарындағы
мұнай операцияларымен байланысты теңiз ғылыми зерттеулерiн жүргiзу тәртібі туралы ереженi бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 жылғы 5 маусымдағы № 693 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 24 қарашадағы № 1244 Қаулысымен күші жойылды
«Мұнай туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 28 шiлдедегi № 2351 Заң күшi бар Жарлығын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасының теңiздегi және iшкi су айдындарындағы мұнай операцияларымен байланысты теңiз ғылыми зерттеулерiн жүргiзу тәртібі туралы Ереже бекітілсiн (қоса берiлiп отыр).
2. Теңiздегi және iшкi су айдындарындағы мұнай операцияларымен байланысты теңiз ғылыми зерттеулерiн жүргiзу жөніндегі Қазақстан Республикасының Құзыреттi органы болып Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсiбi министрлігі белгiленсiн.
3. Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсiбi министрлігіне Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлігімен бiрлесiп Қазақстан Республикасының акваториясында және теңiз жағалауындағы аймақтар мен iшкi су айдындарында мұнай операцияларын жобалау және жүргiзу кезiнде экологиялық қауiпсiздiк нормаларын сақтау жөніндегі нұсқаулықты әзiрлеп, бекiтсiн.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
Орынбасары
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1996 жылғы 5 маусымдағы
№ 693 қаулысымен
Бекiтiлген
Қазақстан Республикасының теңiздегi және iшкi су
айдындарындағы мұнай операцияларымен байланысты
теңiз ғылыми зерттеулерiн жүргiзудiң тәртібі туралы
Ереже
I. Жалпы ережелер
1. Осы Тәртiп Қазақстан Республикасының теңiздегi және iшкi су айдындарындағы теңiз ғылыми зерттеулерiн жүргiзуге байланысты қатынастарды реттейдi.
2. Теңiзде және iшкi су айдындарында мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде мынадай теңiз ғылыми зерттеулерiн жүзеге асыруға болады:
жер қойнауын мемлекеттік геологиялық-геофизикалық зерттеулер;
экологиялық зерттеулер (мұнай құйылыстарын зерттеу, қоршаған ортаны ластаушылармен күрес жүргiзу жөніндегі әдiстер мен технологияларды әзiрлеуге байланысты зерттеулер, авариялық жағдайларды зерттеу және басқалар);
сулы ортаның және мұзды жағдайдың гидродинамикасын зерделеу;
Каспий теңiзi деңгейiнiң тербеулерiн және олардың теңiздегi мұнай-газ кәсiпшiлiгi гидротехникалық құрылыстарына және жағадағы мұнай-газ инфрақұрылымына тигiзетiн әсерiн зерделеу және болжамдау;
мұнай операцияларын су астында жүргiзу әдiстерiне байланысты зерттеулер;
түрлi құрылыс материалдарының теңiз суы iшіндегі жай-күйiн зерделеуге байланысты зерттеулер;
өзге де ғылыми зерттеулер.
3. Теңiздегi және iшкi су айдындарындағы мемлекеттік геологиялық-геофизикалық зерттеулер Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінiң әкiмшiлiк актiсi негiзiнде лицензия алмай жүргiзiледi.
4. Мұнай операцияларына байланысты теңiз ғылыми зерттеулерi белгiленген тәртiппен жер қойнауын пайдалануға алынған лицензия негiзiнде жүргiзiледi және лицензияда жұмыстардың жеке түрiнде бөлiп көрсетiледi.
5. Каспий және Арал теңiздерi қазақстандық секторлары акваторияларындағы және iшкi су айдындарындағы теңiз ғылыми зерттеулерiн қазақстандық болсын, және шетелдiк болсын заңды және жеке тұлғалар, сондай-ақ халықаралық ұйымдар да Қазақстан Республикасы заңдарының, сондай-ақ осы Ереженiң талаптарын мiндеттi түрде орындай отырып жүзеге асыра алады.
6. Теңiз ғылыми зерттеулерi ғылыми әдiстермен және құралдармен, қоршаған табиғи ортаны қорғау талаптары сақтала отырып және Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүргiзiледi.
7. Теңiз ғылыми зерттеулерiн жүргiзу кезiнде қазақстандық кадрларға, сондай-ақ егер олар экологиялық және техникалық сапалары, бағалары, жұмыс параметрлерi мен беру шарттары бойынша бәсекеге төтеп беретiн болса Қазақстан Республикасында шығарылған жабдықтарға, приборларға және материалдарға да артықшылық берiлуге тиiс.
8. Теңiз ғылыми зерттеулерi теңiзi пайдаланудың басқа да құқықтық түрлерiне жөнсiз кедергi жасамауға тиiс.
9. Теңiз ғылыми зерттеулерi бойынша iс-әрекеттердiң барлық түрлерi теңiздiң кез келген бiр бөлiгiне немесе Қазақстан Республикасының табиғи ресурстарына қандай болса да талаптар қоюға құқықтық негiз жасамайды.
10. Теңiз ғылыми зерттеулерi жеке жобалар бойынша жүргiзiледi.
II. Теңiз ғылыми зерттеулерiн жүргiзуге
рұқсат алу тәртібі
11. Теңiз ғылыми зерттеулерi тек қана, Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасының белгiленген теңiзiнде немесе iшкi су айдынында мұнай операцияларын жүргiзу мүмкiндiгi туралы шешiм қабылдағаннан кейiн, Қазақстан Республикасы Үкіметiнiң рұқсат етуiмен жүргiзiледi.
12. Мұнай операциялары жобаларына кiрмейтiн теңiз ғылыми зерттеулерiн жүргiзуге мүдделi өтiнiш берушiлер тиiстi Құзыреттi органға теңiз ғылыми зерттеулерi басталмай тұрып, жоспарланған уақыттан 180 күн бұрын тапсырыс бередi.
13. Теңiз ғылыми зерттеулерiн жүргiзу құқына ие болуға ұсынылатын тапсырыстар: отандық өтiнiш берушiлерден - қазақ және орыс тiлдерiнде, ал шет елдiк өтiнiш берушiлерден - ағылшын және орыс (қазақ) тiлдерiнде қабылданады және мыналарды қамтуға тиiс:
теңiз ғылыми зерттеулерiн жүргiзетiн мекеменiң атауын және теңiз ғылыми зерттелуiн жүргiзуге жауапты тұлға туралы ақпаратты;
өтiнiш берушiнiң кейiнгi бес жыл iшiнде, ол жұмыс iстеген мемлекеттердiң тiзiмiн қоса алғанда, бұдан бұрынғы қызметi туралы ақпаратты;
теңiз ғылыми зерттеулерiнiң (жұмыс бағдарламасы) сипаттары және мақсаттары туралы ақпаратты;
жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыруға арналған шығындар туралы ақпаратты;
теңiз ғылыми зерттеулерiн жүргiзу кезiнде, кеменiң атауын, тоннажын, типiн, сыныбын, ғылыми жабдықтарының сипаттамасын, орындаушыларының біліктiлiк деңгейi жөніндегі мәлiметтер мен қаржыландыру көздерiн (өзiнiң немесе заемдық қаражат) көрсете отырып, қаржылық мүмкiндiктерiн растауын қоса алғанда, қолданылатын әдiстер мен құралдар туралы ақпаратты;
теңiз ғылыми зерттеулердi жүргiзуi жоспарланып отырған аудандардың географиялық координаттарын, аталған аудандарға баратын және одан қайтатын маршруттарды;
зерттеу жүргiзетiн кемелердiң алғашқы келетiн және түпкiлiктi кететiн шамаланған уақытын, ғылыми жабдықтарды орналастыру және алып кету мерзiмдерiн;
теңiз ғылыми зерттеулерiнiң адам өмiрi мен денсаулығына және қоршаған теңiздiк ортаға тигiзетiн терiс әсерiн шектеу және болдырмау жөнiнде жоспарланған шаралар туралы ақпаратты. Осы ақпаратпен қатар белгiленген зерттеулердiң теңiздiк ортаға, минералдық және жанды ресурстарға тиюi ықтимал әсерiн бағалау жөніндегі өтiнiш берушiнiң есептерi берiлуге тиiс.
14. Қазақстан Республикасының Үкіметі тапсырыс алғаннан бастап 90 күннен кешiктiрiлмей, Құзыреттi органмен тапсырысты Экология және биоресурстар министрлігімен, Су ресурстары жөніндегі комитетпен және Өнеркәсiпте жұмысты қауiпсiз жүргiзудi қадағалау және кен қадағалау жөніндегі комитетпен, Қазақстан Республикасының шекара және кеден қызметтерiмен келiскеннен кейiн өтiнiш берушiге зерттеулер жүргiзуге рұқсат бередi немесе дәлелдi бас тарту бiлдiредi.
15. Теңiз ғылыми зерттеулерiн жүргiзуге рұқсат алғаннан кейiн мердiгер Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлігімен, Өнеркәсiпте жұмысты қауiпсіз жүргiзудi қадағалау және кен қадағалау жөніндегі комитетiмен және Су ресурстары жөніндегі комитетiмен келісілетiн және Құзыреттi органмен бекітілетiн қоршаған ортаға әсерiн бағалауды (ҚОӘБ/ОВОС) қоса алғанда, жұмыстардың жобасын жасайды.
Жер қойнауын пайдалануға байланысты ғылыми зерттеу жобалары Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінде тiркеледi.
16. Өтiнiш берушiге теңiз ғылыми зерттеулерiн жүргiзуге мынадай жағдайларда рұқсат берiлмейдi, егер бұл жұмыстар:
республиканың қауiпсiздiгiне қатер туғызса немесе туғызатын болса;
қоршаған теңiздiк ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау, сондай-ақ теңiздердiң су ресурстарын кешендi түрде пайдалану талаптарымен сыйыспайтын болса;
тапсырыста көрсетiлмеген жабдықтар, қондырғылар немесе iс-әрекеттердi қосса;
теңiз акваториясының қазақстандық бөлiгiнде Қазақстан Республикасының өзiнiң егемендiк және ерекше құқықтарын жүзеге асырудағы жүргiзiлетiн қызметiне кедергiлер келтiретiн болса;
жүргiзiлуiне Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған болса.
17. Тиiстi Құзыреттi орган рұқсат беруден бас тартқан жағдайда, соңғысына бұрын алған ескертпелердi жоя отырып, Құзыреттi органға ауызша немесе жазбаша түрде қайтадан тапсырыс беруiне мүмкiндiк берумен, өзiнiң бас тарту себептерi туралы өтiнiш берушiге жазбаша түрде хабарлайды. Тапсырысты екiншi рет қарағаннан кейiн Құзыреттi орган өтiнiш берушiге өзiнiң түпкiлiктi шешiмi туралы 10 күндiк мерзiмнен кешiктiрмей хабарлайды.
18. Зерттеулер үдерiсiнде мердiгер тиiстi Құзыреттi органға зерттеу бағдарламасында болып жатқан елеулi өзгерістер туралы хабарлап отыруға мiндеттi. Соңғысы мердiгерге өзгерістер туралы жазбаша хабарландыру алғаннан бастап 30 күн iшiнде өз шешiмi туралы хабарлайды. Егер Құзыреттi орган осы мерзiм iшiнде мердiгерге өзiнiң қарсылығы туралы жазбаша жауап бермесе, өзгертулер келісілдi деп есептеледi.