Қазақстан Республикасының Үздiксiз білім беру жүйесiнде мамандар
даярлау құрылымын реформалау туралы Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің 1994 ж. 1 қыркүйектегі № 982 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2002 ж. 17 маусымдағы № 665 қаулысына сәйкес осы қаулының күші жойылды
Үздiксiз және көп деңгейлi білім беру принциптерiн жүзеге асыру негiзiнде мамандарды даярлаудың сапасын арттыра түсу мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасында Жоғары білім берудiң көп деңгейлiгi туралы уақытша ереже бекітілсiн (қоса берiлiп отыр).
Қазақстан Республикасының Білім министрлігі, қарауында оқу орындары бар министрлiктер мен ведомстволар өздерiнiң нормативтiк құжаттарын осы ережеге сәйкестендiрсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің
1994 жылғы 1 қыркүйектегi
№ 982 қаулысымен
Бекiтiлген
Қазақстан Республикасындағы жоғары білімнiң
көп деңгейлi құрылымы туралы
Уақытша ереже
Жоғары оқу орындарының жеке адамының көп қырлы мәдени-білімдiк сұраныстарын қанағаттандыру, мамандардың жалпы мәдени, ғылыми және кәсiби даярлығының икемдiлiгiн арттыру және экономика мен еңбек нарқы талаптарының күн сайын өзгерiп отыруын ескере отырып мамандардың әлеуметтiк қорғалуын, республика жоғары мектебiнiң әлемдiк білім беру кеңiстiгiнде интеграциясын арттыру мүмкiндiктерiн кеңейту мәселелерiн шешу дипломды мамандарды даярлаудың бір деңгейлi үлгiсiнен жоғары білімнiң көп деңгейлi құрылымына өтудi талап етедi.
Жоғары білім жүйесiн қайта ұйымдастыру қазақстандық мамандар даярлау жүйесiн көптеген дамыған елдерде қолданылып жүрген жүйеге жақындатуға, сондай-ақ білім беру құрылымының барлық деңгейiнде қабiлеттi және талантты жастарды анықтау мен оларды жетiлдiру тетiгi бар сабақтастығына қол жеткiзуге бағытталған.
Жоғары білімнiң мұндай көп деңгейлi құрылымы жоғары мектеп дамуының отандық және шетелдiк тәжiрибелерiн ескере отырып, әлемдiк практикаға сәйкес түлектерге мамандық берудi, сондай-ақ белгiленген тәртiп бойынша академиялық дәреже берудi көздейдi.
Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының жоғары білім құрылымы мазмұны мен оқу мерзiмi жағынан әртүрлi бірi-бірiмен сабақтасқан төрт деңгейдегi білімдiк-кәсiптiк бағдарламалар арқылы жүзеге асады: бастауыш жоғары білім (бірiншi деңгей), орталау жоғары білім (екiншi деңгей), негiзгi жоғары білім (үшiншi деңгей), тереңдетiлген жоғары білім (төртiншi деңгей).
2. Дайындықтың бағыты мен мамандықтар тiзбесiн барлық деңгейдегi жоғары білімнiң мазмұны мен сапасына қойылатын талаптарды (мемлекеттік стандарт) Қазақстан Республикасының Білім министрлігі Еңбек министрлігімен келiсе отырып бекiтедi.
3. Қолданылып жүрген жоғары білімнiң білімдiк-кәсiптiк бағдарламалар жүйесi жоғары білімнiң жаңа көп деңгейлi құрылымына оның құрамдас бөлiгi болып кiредi.
Жоғары білімнiң құрылымы
Бiрiншi деңгей - бастауыш жоғары білім
4. Бастауыш жоғары білімнiң білімдiк-кәсiптiк бағдарламасы негiзгi (тоғыз жылдық) немесе толық (он бір жылдық) орта мектеп негiзiнде арнаулы орта оқу орындарында жүзеге асырылады.
Қазiргi уақытта жоғары білімнiң бұл деңгейi үздiксiз білім берудiң жеке сатысы - арнаулы орта білім ретiнде жүзеге асуда.
Нақты орта арнаулы білім тиiстi профильдi жоғары білімнiң бірiншi деңгейi болып табылады.
5. Бiрiншi деңгей бағдарламасын тәмамдағандарға арнаулы орта оқу орындарының мамандықтары тiзбесiне сәйкес біліктiлiк тағайындалып, арнаулы орта білім туралы диплом берiледi.
6. Бiрiншi деңгейдiң бағдарламасын меңгергендердiң алған мамандығы бойынша жұмыс iстеуiне немесе белгiленген тәртiппен жоғары білімнiң келесi деңгейлерiнiң білімдiк-кәсiптiк бағдарламалары бойынша оқуын жалғастыруына болады.
Екiншi деңгей - орталау жоғары білім
7. Екiншi деңгейдiң білімдiк-кәсiптiк бағдарламалары студенттердiң жоғары оқу орындарының бірiншi және екiншi курстарындағы жалпы білім беру және iргелi жаратылыстанушылық-ғылыми даярлығы мен арнаулы орта білімдi мамандар үшiн 1,5 жылға дейiнгi кәсiби дайындықты қамтиды.
Екiншi деңгей бағдарламасының білімдiк бөлiмi дайындықтың ұқсас мамандықтар тобы үшiн бірдей болып табылады.
Екiншi деңгей бағдарламасының кәсiптiк бөлiмi жоғары оқу орындарының құрамында немесе жанынан құрылған, сондай-ақ дербес арнаулы оқу орындары мен құрылымдары - колледждерде, бөлiмдерде, топтарда және т.б. жүзеге асырыла алады.
8. Екiншi деңгей бағдарламасының білімдiк бөлiмiн меңгергендерге орталау жоғары білімi туралы куәлiк, ал бұл бағдарламаның кәсiптiк бөлiмiн тәмамдағандарға арнаулы орта білім мамандықтары мен тiзбесiне сәйкес мамандық берiлiп, орталау жоғары білімi туралы диплом тапсырылады. Олар алған мамандықтары бойынша жұмыс iстей алады және үшiншi деңгейде білімiн жалғастыру құқығын сақтайды.
9. Жоғары оқу орнында екiншi деңгейдiң кәсiптiк бағдарламасын енгізу мәселесiн қажет жағдайлар болғанда (кәсiптiк даярлықты, әдiстемелiк және материалдық жағынан қамтамасыз етудi iске асыратын арнаулы құрылымдық бөлiмшелер құру және т.б.) жоғары оқу орнының Ғылыми кеңесi шешедi. Ғылыми кеңес, сол сияқты, екiншi курсты бiтiрген студенттер арасынан осы деңгейдiң кәсiптiк бағдарламасына студенттер контингентiн қалыптастыру тәртібін анықтайды.
Үшiншi деңгей - негiзгi жоғары білім
10. Үшiншi деңгейдiң білімдiк-кәсiптiк бағдарламалары жоғары білімнiң бағыттары мен мамандықтарының тiзбесiне сәйкес және толық орта білім негiзiнде үш нысанда мыналардың есебiнен жүзеге асырылады:
а) жоғары білімдi дипломы бар мамандарды даярлаудың дәстүрлi (қолданылып жүрген) білімдiк-кәсiптiк бағдарламалары;
б) бакалавр бағдарламасын оқу бағыты бойынша (4 жыл) және оның негiзiнде дипломды маман даярлаудың кәсiптiк бағдарламасын (1-2 жыл) игеру.
Бакалавр бағдарламасын меңгергендерге академиялық бакалавр дәрежесi берiлiп, оқу бағыты көрсетiлiп, жоғары білімi туралы аттестат берiледi. Олардың оқуын жалғастыруына немесе тиiстi қызметке тұруына болады. Дипломды маман даярлау бағдарламасы бойынша оқуын жалғастырғандарға және оқуды тәмамдағандарға алған мамандықтары бойынша біліктiк берiлiп, жоғары білімi туралы диплом тапсырылады;
в) классикалық түрдегi университеттерде, бакалавр-маман даярлау бағдарламалары, әдетте, жалпы оқу мерзiмi бойынша төрт жыл.
Бұл бағдарламалар бойынша оқу бiтiргендерге тиiстi біліктiлiк тағайындалып, жоғары университеттiк білімнiң нақты мамандығы бойынша бакалавр дипломы берiледi.
11. Негiзгi жоғары білімнiң білімдiк-кәсiптiк бағдарламалары бойынша оқу мерзiмi арнаулы орта немесе орталау жоғары білімi бар адамдар үшiн қысқартылуы мүмкiн.
12. Негiзгi жоғары білімнiң толық бағдарламасын ойдағыдай бiтiргендер алған мамандықтары бойынша жұмыс iстей алады немесе магистратурада не үш жылдық аспирантурада белгiленген тәртiппен оқуын жалғастыра алады.
13. Жоғары оқудың білім беру бағыттары немесе мамандықтары бойынша бақалаврлар даярлау бағдарламаларын Қазақстан Республикасының Білім министрлігі мен ведомстволық басқару органдары белгiлеген қабылдау жоспары шегiнде оларды хабардар ете отырып, жоғары оқу орнының Ғылыми кеңесi өз шешiмiмен дербес енгiзе алады.
Төртiншi деңгей - тереңдетiлген жоғары білім
14. Жоғары білімнiң төртiншi деңгейiнiң білімдiк-ғылыми магистрлiк бағдарламалары оқушылардың болашақтағы қызметiнiң көбiнесе зерттеушiлiк, шығармашылық, педагогикалық сипатын көздейдi және бакалавр дипломы барлар үшiн негiзгi университеттiк білім беру бағдарламаларын нақты мамандық бойынша дамыту және саралау есебiнен түзiледi. Бұл бағдарламаны iске асыру мерзiмi 2 жыл.
15. Тиiстi мамандық бойынша үздiк бакалавр дипломы барлар бұл деңгейдiң бағдарламасы бойынша қабылдау емтихандарысыз қабылданады.
16. Төртiншi деңгейдiң бағдарламалары бойынша оқуға қабылдағанда қажеттi жұмыс тәжiрибесi бар және жұмыс орнынан кәсiпорынның, ұйымның, мекеменiң жолдамасын алғандарға артықшылық берiлуi тиiс.
17. Бiтiру жұмысын қорғап, қажеттi емтихандарды тапсырып, төртiншi деңгейдiң бағдарламаларын табысты аяқтағандарға Ғылыми кеңестiң шешiмi бойынша академиялық ғылым (өнер) магистрi дәрежесi тағайындалады және оқыған мамандығы көрсетiлген тиiстi диплом берiледi.
18. Магистрлiк дәрежесi бар адамдар өзiнiң ғылыми дайындығын екi жылдық аспирантурада жалғастыра алады.
19. Жоғары оқу орындарында ғылым (өнер) магистрлерiн дайындау бағдарламаларын енгізу олардың Ғылыми кеңестерiнiң өтiнiм хаттары негiзiнде ғылыми және ғылыми-әдiстемелiк мектептер мен өмiр талабына сай ғылыми-зерттеу базасының болуы ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының Білім министрлігінiң рұқсатымен жүзеге асырылады.
20. Осы деңгей шеңберiнде жоғары оқу орнының Ғылыми кеңесiнiң шешiмiмен жоғары білімдi дипломды мамандарды магистрлiк емес, түрлi салалардағы мамандандырылған практикалық қызметке, аспирантураға түсуге дайындау немесе білімдiк-ғылыми дәрежесiн арттыруға бағытталған бағдарламалар бойынша келісім-шарт негiзiнде тереңдетiп оқыту жүргiзiлуi мүмкiн. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру мерзiмi бір жылдан аспауға тиiс.