9-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау
1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау осы Заңға және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Алып қою деңгейінен жоғары атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен қызмет лицензиялануға жатады.
2. Қызметтің түрлері: атом энергиясы пайдаланылатын объектілердің өмірлік циклінің кезеңдеріне байланысты жұмыстарды орындау; ядролық материалдармен жұмыс істеу; радиоактивті заттармен, құрамында радиоактивті заттар бар аспаптармен және қондырғылармен жұмыс істеу; иондандырушы сәулеленуді генерациялайтын аспаптармен және қондырғылармен жұмыс істеу; радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу; ядролық материалдарды, радиоактивтi заттарды, иондандырушы сәулеленудің радиоизотоптық көздерiн, радиоактивтi қалдықтарды транзиттiк тасымалдауды қоса алғанда, Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде тасымалдау үшін лицензия және (немесе) лицензияға қосымша алуға өтінішті қарау мерзімі - ол ұсынылған күннен бастап:
1) радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғылар, көму пункттері үшін - он айдан аспайды;
2) радиациялық қауіптілігі 3 және 4-санаттардағы ядролық қондырғылар, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы радиациялық және электрофизикалық қондырғылар үшін - бес айдан аспайды;
3) радиациялық қауіптілігі 3-санаттағы радиациялық және электрофизикалық қондырғылар үшін - алпыс жұмыс күнінен аспайды;
4) радиациялық қауіптілігі 4-санаттағы радиациялық және электрофизикалық қондырғылар үшін - қырық жұмыс күнінен аспайды;
5) пайдаланылып болған ядролық отынды, активтілігі жоғары радиоактивті қалдықтарды тасымалдау үшін - төрт айдан аспайды;
6) ядролық материалдарды тасымалдау үшін - елу жұмыс күнін;
7) активтілігі орташа, активтілігі төмен радиоактивті қалдықтарды, радиоактивті заттар мен жабық радиоактивті көздерді тасымалдау үшін - отыз жұмыс күнін құрайды.
3. Ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғыларға қатысы жоқ иондандырушы сәулелену көздерімен немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, сондай-ақ қызметтің түрлері: атом энергиясын пайдалану саласында қызметтер көрсету; бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарындағы және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа аумақтардағы қызмет; ядролық қондырғылар мен ядролық материалдарды физикалық қорғау; ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты персоналды арнайы даярлау үшін лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беру туралы өтініштерді қарау мерзімі отыз жұмыс күнін құрайды.
4. Лицензияға қосымшада лицензия берудің ерекше шарттары ретінде аспаптардың, қондырғылардың, материалдардың, заттардың, қалдықтардың түрі көрсетіледі, бұлармен лицензиат мынадай тізбе бойынша жұмыс жүргізеді:
1) ядролық отын және оның компоненттерін дайындайтын қондырғылар;
2) атом энергетикалық станциялары;
3) ядролық (атом) зерттеу реакторлары;
4) термоядролық реакторлар;
5) табиғи уран өндіретін және қайта өңдейтін қондырғылар;
6) активтілігі жоғары радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттері;
7) активтілігі орташа радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттері;
8) активтілігі төмен радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттері;
9) пайдаланылып болған ядролық отынды сақтау пункттері;
10) радионуклидті көздерді сақтау пункттері;
11) активтілігі жоғары радиоактивті қалдықтарды көму пункттері;
12) активтілігі орташа радиоактивті қалдықтарды көму пункттері;
13) активтілігі төмен радиоактивті қалдықтарды көму пункттері;
14) пайдаланылып болған ядролық отынды көму пункттері;
15) пайдаланылған радионуклидті көздерді көму пункттері;
16) изотоптық құрамы көрсетілген ядролық материалдар;
17) радиоактивті заттар;
18) радиофармпрепараттар;
19) нейтрон генераторлары;
20) құрамында уран бар заттар;
21) құрамында торий бар заттар;
22) табиғи уранның қайта өңделген өнімдері;
23) белсенділігі көрсетілген жабық радионуклидті көздер;
24) активтілігі жоғары радиоактивті қалдықтар;
25) активтілігі орташа радиоактивті қалдықтар;
26) активтілігі төмен радиоактивті қалдықтар;
27) радиоизотоптық спектрометрлер, талдағыштар, датчиктер, өлшеуіштер;
28) рентгендік спектрометрлер, талдағыштар, датчиктер, өлшеуіштер;
29) стационарлық радиоизотоптық дефектоскоптар;
30) көшпелі радиоизотоптық дефектоскоптар;
31) стационарлық рентгендік дефектоскоптар;
32) көшпелі рентгендік дефектоскоптар;
33) қол жүгін, багажды, көлікті, материалдарды, заттарды жете тексеруге арналған радиоизотоптық қондырғылар;
34) қол жүгін, багажды, көлікті, материалдарды, заттарды жете тексеруге арналған рентген жабдығы;
35) адамды жеке-дара жете тексеруге арналған рентген жабдығы;
36) энергиясы 10 МэВ дейін электрондарды үдеткіштер;
37) энергиясы 10 МэВ жоғары электрондарды үдеткіштер;
38) энергиясы 2 МэВ/нуклонға дейін иондарды үдеткіштер;
39) энергиясы 2 МэВ/нуклоннан жоғары иондарды үдеткіштер;
40) зарядталған бөлшектерді медициналық үдеткіштер;
41) жалпы мақсаттағы медициналық рентген қондырғылары;
42) медициналық рентгендік дентальдық жабдық;
43) медициналық рентгендік маммографиялық қондырғылар;
44) медициналық рентгендік ангиографиялық жабдық;
45) медициналық компьютерлік рентгендік томографтар;
46) медициналық радиоизотоптық диагностикалық жабдық;
47) медициналық рентгендік терапиялық жабдық;
48) медициналық рентгендік симуляторлар;
49) медициналық гамма-терапиялық қондырғылар.
5. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызмет түрлеріне лицензиялардың қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) радиациялық авариялар және (немесе) оқыс оқиғалар кезінде;
2) тексерулер нәтижесінде анықталған ядролық және (немесе) радиациялық және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік, ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу талаптары бұзылған кезде;
3) лицензия алу кезінде лицензиат ұсынған материалдарда анық емес мәліметтер анықталған кезде;
4) уәкілетті органның нұсқамалары белгіленген мерзімдерде орындалмаған кезде алты айдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұруы мүмкін.
6. Лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған кезде лицензиат ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жалғастырады.
7. Лицензияны тоқтата тұру немесе одан айыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
10-бап. Қондырғылардың радиациялық қауіптілік санаттары
1. Ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғылар мынадай төрт радиациялық қауіптілік санатына бөлінеді:
1) 1-санат - авария кезінде олардың санитариялық-қорғау аймағының шегінен тысқары жерде халыққа радиациялық әсері болуы мүмкін қондырғылар;
2) 2-санат - авария кезінде радиациялық әсер олардың санитариялық-қорғау аймағының аумағымен шектелетін қондырғылар;
3) 3-санат - радиациялық әсері оларды орналастыру алаңымен шектелетін қондырғылар;
4) 4-санат - радиациялық әсері атом энергиясын пайдалана отырып қызметті жүзеге асыруға байланысты жұмыстар жүргізілетін үй-жайлармен немесе жұмыс орнымен ғана шектелетін қондырғылар.
2. Ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғылардың радиациялық қауіптілік санаттарын атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын және (немесе) қондырғылардың меншік иелері болып табылатын жеке және заңды тұлғалар радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға және Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес айқындайды.
3. Заңды тұлғалар ғана радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық және радиациялық қондырғылардың, сондай-ақ электрофизикалық қондырғылардың меншік иелері бола алады.
11-бап. Радионуклидті көздердің қауіптілік санаттары
1. Радиациялық қорғануды оңтайландыру және ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында радионуклидті көздер адамға қауіпті әсер туғызатын шекті белсенділікке көздің белсенділігінің қатысымен айқындалатын бес қауіптілік санатына бөлінеді:
1) 1-санат - белсенділігі шекті белсенділікке қатысты 1000-нан астам мәнге ие көздер;
2) 2-санат - белсенділігі шекті белсенділікке қатысты 10-нан 1000-ға дейінгі мәнге ие көздер;
3) 3-санат - белсенділігі шекті белсенділікке қатысты 1-ден 10-ға дейінгі мәнге ие көздер;
4) 4-санат - белсенділігі шекті белсенділікке қатысты 0,01-ден 1-ге дейінгі мәнге ие көздер;
5) 5-санат - белсенділігі алып қою деңгейінен жоғары мәнге ие және белсенділігі шекті белсенділікке қатысты 0,01-ден кем мәнге ие көздер.
2. Әртүрлі радиоизотоптар үшін шекті белсенділік шамасының мәндерін уәкілетті орган белгілейді.
12-бап. Ядролық қондырғылар мен көму пункттерін салу
1. Ядролық қондырғыларды және көму пункттерін салу және салу ауданы туралы шешімді аумағында қондырғыны немесе көму пунктін салу жоспарланатын жергілікті өкілді органдардың келісімімен Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) елдің және оның жекелеген өңірлерінің шаруашылық міндеттерін шешу үшін оларға деген қажеттіліктерді;
2) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарына сай келетін көрсетілген объектілерді орналастыру үшін қажетті жағдайлардың болуын;
3) жақын орналасқан азаматтық және әскери объектілер тарапынан көрсетілген объектілерге қауіпсіздік қатерінің жоқ екендігін;
4) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген талаптарды;
5) көрсетілген объектілерді орналастырудың өңірдің өнеркәсіптік, ауыл шаруашылық және әлеуметтік дамуына ықтимал әлеуметтік және экономикалық салдарын ескере отырып, қабылдайды.
2. Салу және салу ауданы туралы шешім қабылданғаннан кейін ядролық қондырғыны немесе көму пунктін орналастыру алаңын таңдау жұмыстары жүргізіледі.
3. Ядролық қондырғыны немесе көму пунктін орналастыру алаңы:
1) табиғи және (немесе) техногендік сипаттағы ықтимал сыртқы әсерлер;
2) радиоактивті заттардың ықтимал көшірілуі;
3) ядролық қондырғыны немесе көму пунктін пайдалану нәтижесінде немесе оқыс оқиғалардың немесе авариялардың туындауы салдарынан халыққа және қоршаған ортаға келтірілетін нұқсанды болғызбау мүмкіндігі ескеріле отырып, айқындалуға тиіс.
4. Ядролық қондырғыны немесе көму пунктін жобалау, салу және пайдалануға беру осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Ядролық қондырғылардың және көму пункттерінің жобалау құжаттары міндетті түрде мемлекеттік экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардан өткізіледі.
6. Ядролық қондырғыларды және көму пункттерін салуға заңды тұлғаларға ғана рұқсат етіледі.
7. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайларда, Қазақстан Республикасының Үкіметі ядролық қондырғыны немесе көму пунктін салуды тоқтату туралы шешім қабылдауға құқылы.
13-бап. Ядролық физикалық қауіпсіздік
1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланушы ұйым ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
2. Ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді физикалық қорғау жүзеге асырылады, ол:
1) атом энергиясы пайдаланылатын объектіні ядролық материалдарды рұқсатсыз алып қоюдан, ұрлаудан немесе ядролық қондырғыны заңсыз басып алудан қорғауды;
2) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді диверсиядан қорғауды;
3) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде болуы ықтимал диверсияның радиологиялық салдарын жеңілдетуді немесе барынша азайтуды қамтамасыз етуге тиіс.
3. Радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғыларды күзетуді ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері жүзеге асырады.
14-бап. Ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерiн мемлекеттік есепке алу
1. Ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерi уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттiк есепке алынуға жатады.
2. Ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерін мемлекеттік есепке алу ядролық материалдардың, иондандырушы сәулелену көздерінің қолда бар санын, олармен жұмыс істеу кезінде олардың орын ауыстыруын және орналасқан жерін айқындауды қамтамасыз етеді.
3. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар уәкілетті органға ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерiнің бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы есептерді ұсынады.
4. Уәкілетті орган иондандырушы сәулелену көздерінің бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы алынған ақпаратқа талдау мен салыстыруды жүзеге асырады және оны иондандырушы сәулелену көздерінің тізіліміне енгізеді.
15-бап. Атом энергиясын пайдалану саласында экспорт пен импортты жүзеге асыру
1. Ядролық және арнайы ядролық емес материалдардың, жабдықтардың, қондырғылардың, технологиялардың, иондандырушы сәулелену көздерінің, қосарлы қолданылатын (мақсаттағы) жабдықтардың және тиісті тауарлар мен технологиялардың, оларды шығаруға байланысты жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің экспорты мен импорты уәкілетті органның келісуі бойынша экспорттық бақылау саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның лицензиясы негізінде жүзеге асырылады.
2. Өнімнің немесе зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелерінің экспортына, егер мұндай өнім немесе зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелері ядролық қаруды немесе оның компоненттерін әзірлеуде, жасауда, сынауда және беруде пайдаланатындығы экспорттаушыға анық белгілі болса, тыйым салынады.
3. Атом энергиясын пайдалану саласындағы экспорттық бақылаудың нормалары мен талаптарын қамтамасыз ету мақсатында экспорттаушылар Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау туралы заңнамасына сәйкес фирмаішілік экспорттық бақылау жүйелерін құрады.
16-бап. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау
1. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау көліктік қаптама комплектілерін дайындауға және оларға қызмет көрсетуге, сондай-ақ жүктерді дайындауға, тиеуге, жөнелтуге, транзиттік сақтауды қоса алғанда, тасуға, соңғы межелі пунктте түсіруге және қабылдап алуға байланысты барлық операциялар мен жағдайларды қамтиды.
3. Жүк жөнелтуші, тасымалдаушы және жүк алушы ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тасымалдауды қауіпсіз орындауға қажетті жағдайларды жасауға міндетті.
4. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау атом энергиясын пайдалану саласындағы тиісті қызмет түріне лицензиясы болған кезде жүзеге асырылады.
5. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау тасуға рұқсат етілген ядролық материалдар, радиоактивті заттар және радиоактивті қалдықтар қаптамасының коды мен типі, тасу шарттары, тіркеу нөмірі мен күні, олардың қолданылу мерзімі көрсетіле отырып, конструкциясын уәкілетті орган бекітетін көліктік қаптама комплектілерінде жүзеге асырылады.
17-бап. Радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу
1. Қазақстан Республикасының аумағында түзілген радиоактивті қалдықтар ықтимал қауіп төндіруі мүмкін бүкіл уақыт кезеңінде халық пен қоршаған ортаны радиациялық қорғауды қамтамасыз ететіндей түрде көмілуге тиіс.
2. Радиоактивті қалдықтардың түзілуіне алып келетін, атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар оларды барынша азайту шараларын қабылдауға міндетті.
3. Пайдаланылып болған ядролық отынды және радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз орналастыру радиоактивті қалдықтардың түзілуіне алып келетін қызметтің кез келген түрінің міндетті кезеңі ретінде жобалау және пайдалану құжаттамасында көзделуге тиіс.
4. Пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеуге заңды тұлғалар ғана жіберіледі.
5. Радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу қызметі лицензия негізінде жүзеге асырылады.
6. Радиоактивті қалдықтармен және (немесе) пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.
7. Радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу кезінде Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде белгіленген талаптар сақталуға тиіс.
18-бап. Бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарындағы және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтардағы қызметті жүзеге асыру
1. Бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарындағы және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтардағы қызмет осы Заңға және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға жатады.
2. Бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарында және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтарда осы аумақтардың шекаралары олардың радиоактивті ластануы ескеріле отырып белгіленеді.
19-бап. Құрамында алып қою деңгейлерінен жоғары табиғи радионуклидтер бар материалдардың пайдаланылуын бақылау
1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметке жатпайтын өндірістік қызметте пайдаланылатын материалдардың құрамында алып қою деңгейлерінен жоғары табиғи радионуклидтердің болуына байланысты жұмыскерлер мен тұрғындардың сәуле алуы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекіткен гигиеналық нормативтерден аспауға тиіс.
2. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары жұмыскерлер мен тұрғындарды құрамында алып қою деңгейлерінен жоғары табиғи радионуклидтер бар материалдардан нормативтен тыс сәуле алудан қорғау мақсатында радиациялық бақылауды жүзеге асырады.
20-бап. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың біліктілігі
1. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті, авариялық әзірлікті қамтамасыз ету және ядролық және (немесе) радиациялық аварияларға ден қою үшін атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың тиісті біліктілігі болуға тиіс.
2. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал мынадай санаттарға бөлінеді:
1) мамандар - жоғары буын басшыларын, аға басшыларды (бөлімдер мен секторлардың бастықтарын); кіші буын басшыларын (аға операторларды, техникалық қызмет көрсету және техникалық қолдау топтарының бастықтарын және олардың орынбасарларын) қамтитын персонал; қызметі атом энергиясы пайдаланылатын объектіні пайдалануға байланысты инженерлік және (немесе) ғылыми персонал;
2) техниктер - бақылау-өлшеу аппаратурасының техниктерін, радиациялық бақылау техниктерін, химиялық зертхана техниктерін, техник-механиктерді, техник-электриктерді және электрондық аппаратура техниктерін қамтитын персонал, сондай-ақ ядролық қондырғыны пайдалануға байланысты жұмыстармен тікелей айналысатын өзге де мамандандырылған персонал;
3) жұмысшылар - дәнекерлеушілерді, слесарьларды, механиктерді, электриктерді, механизмдер операторларын қамтитын персонал және басқа да білікті жұмысшы персонал.
3. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал уәкілетті орган бекіткен біліктілік талаптарына сай болуға тиіс.
4. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың атом энергиясы пайдаланылатын объектілердегі еңбек қызметіне біліктілік талаптарына сай келмейтін және (немесе) мәлімделген жұмыс түріне медициналық қарсы көрсетілімдері бар жұмыскерлерді жіберуіне тыйым салынады.
5. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың тиісті кәсіби деңгейін қолдау және білімі мен дағдыларын арттырудағы қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен персоналдың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді.
21-бап. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау
1. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал біліктілігі мен кәсіби даярлығы деңгейінің атқаратын лауазымына сәйкестігін айқындау тұрғысынан аттестаттаудан өтеді.
2. Персоналды аттестаттау ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздік нормалары мен талаптарын білуін тексеру, сондай-ақ еңбек міндеттерін атқару кезінде шешімдер қабылдау қабілетін айқындау мақсатында жүргізіледі.
3. Уәкілетті орган:
1) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде қондырғыны тікелей басқару, ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету лауазымдық міндеттеріне кіретін мамандарды;
2) ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін, радиоактивті қалдықтарды есепке алу және бақылау, ядролық қондырғы мен ядролық материалдарды физикалық қорғауды қамтамасыз ету лауазымдық міндеттеріне кіретін ядролық қондырғы персоналын;
3) радиациялық қауіпсіздікті бақылау, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу және бақылау лауазымдық міндеттеріне кіретін радиациялық, электрофизикалық қондырғы персоналын аттестаттауды өткізеді.
Өзге персоналды атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар аттестаттайды.
4. Персоналды аттестаттау мынадай түрлерге бөлінеді:
1) бастапқы аттестаттау;
2) мерзімді аттестаттау;
3) кезектен тыс аттестаттау.
5. Персоналды бастапқы аттестаттау жұмыскер лауазымға тағайындалғаннан кейін бір ай ішінде жүргізіледі. Мерзімді аттестаттау үш жылда бір рет өткізіледі. Кезектен тыс аттестаттау мынадай жағдайларда:
1) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде оқыс оқиғалар туындағанда - олардың туындауына жол берген адамдарға қатысты;
2) уәкілетті органның тексерулері нәтижесінде анықталған, ядролық және (немесе) радиациялық және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік талаптары, ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу талаптары бұзылғанда - бұзушылыққа жол берген адамдарға қатысты;
3) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаның шешімі бойынша тағайындалады.
6. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың атом энергиясы пайдаланылатын объектілердегі еңбек қызметіне біліктілігі мен кәсіби даярлығы деңгейінің атқаратын лауазымына сәйкес келмейтіні туралы аттестаттау комиссиясы қорытындысын алған жұмыскерді жіберуіне тыйым салынады.
22-бап. Қондырғыларды пайдаланудан шығару, ядролық немесе радиациялық қондырғыны пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару және көму пункттерін жабу
1. Пайдаланушы ұйым ядролық қондырғыны немесе көму пунктін жобалау сатысында ядролық қондырғыны пайдаланудан шығарудың немесе көму пунктін жабудың алдын ала жоспарын Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес әзірлейді.
2. Пайдаланудан шығарудың алдын ала жоспары ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару немесе көму пунктін жабу кезеңдерінің, негізгі конструкцияларды бөлшектеу әдістерінің, жұмыстардың құнын бағалау мен оларды орындау мерзімдерінің, қажетті ресурстардың сипатын, ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды, ядролық қондырғыны пайдаланудан шығарғаннан кейін немесе көму пунктін жапқаннан кейін оларды орналастыру алаңының негізгі нормалары мен сипаттамаларын қамтиды.
3. Ядролық қондырғыны немесе көму пунктін пайдалану кезінде пайдаланудан шығарудың алдын ала жоспары жаңа техникалық және технологиялық әзірлемелер, ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының өзгерістері, жұмыстардың құны мен талап етілетін ресурстар ескеріле отырып, қайта қаралуға және жаңғыртылуға жатады.
4. Ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару немесе көму пунктін жабу туралы шешім қабылдау кезінде пайдаланушы ұйым сол уақытта қолда бар технологияларды, әдістемелерді, экономикалық көрсеткіштерді, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын ескере отырып, пайдаланудан шығарудың түпкілікті жоспарын жасайды. Пайдаланудан шығарудың түпкілікті жоспары ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару немесе көму пунктін жабу жөніндегі жұмыстарды жобалау және жүргізу үшін негіз болып табылады.
5. Пайдаланушы ұйым қондырғыны пайдалануды тоқтату туралы шешімді өмірлік циклдің кез келген кезеңінде дербес қабылдайды. Бұл ретте пайдаланушы ұйым қабылданған шешім, пайдаланудан шығару жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру басталатын күн мен оның мерзімдері туралы уәкілетті органды хабардар етеді. Пайдаланушы ұйым пайдаланудан шығару жоспары бойынша жұмыстардың толық көлемде орындалуын қамтамасыз етеді.
6. Ядролық қондырғыны пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару туралы шешімді ядролық және (немесе) радиациялық аварияға алып келген немесе алып келуі мүмкін, ядролық қондырғыны қауіпсіз пайдалану талаптары бұзылған жағдайда және пайдаланушы ұйымның ядролық қондырғыны одан әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге негізделген мүмкіндігі болмаған жағдайда, уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.