Қазақстан Республикасының
Заңы
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2007 ж., № 1, 1-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 21, 97-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 11-12, 55-құжат; № 18, 84-құжат; № 23, 100-құжат; 2010 ж., № 1-2, 5-құжат; № 5, 23-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 3, 7-құжаттар; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 16, 129-құжат; № 21, 161-құжат; 2012 ж., № 3, 27-құжат; № 8, 64-құжат; № 14, 92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 12, 57-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; 2014 ж., № 2, 10-құжат; № 7, 37-құжат; № 10, 52-құжат; № 12, 82-құжат; № 14, 84-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 24, 145-құжат; 2015 ж., № 8, 42-құжат; № 11, 57-құжат; № 20-ІV, 113-құжат; № 20-VІІ, 115-құжат; № 22-І, 141-құжат; № 22-ІІ, 144-құжат; № 22-V, 156-құжат; 2016 ж., № 1, 2-құжат):
1) мазмұнында:
57, 94-10, 158-4 және 160-баптардың тақырыптары мынадай редакцияда жазылсын:
«57-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың жариялылығы»;
«94-10-бап. Парниктік газдар шығарындыларын азайту және (немесе) сіңірулерді ұлғайту жөніндегі ішкі жобалар»;
«158-4-бап. Валидация және верификация»;
«160-бап. Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының мемлекеттік тіркелімі»;
мынадай мазмұндағы 57-1, 57-2 және 166-1-баптардың тақырыптарымен толықтырылсын:
«57-1-бап. Жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға қатысуы;
57-2-бап. Қоғамдық тыңдаулар өткізу»;
«166-1-бап. Қоршаған ортаның жай-күйі туралы және табиғи ресурстарды пайдалану туралы ұлттық баяндама»;
2) 1-бапта:
8), 9), 38), 39) және 40) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«8) валидация (детерминация) - валидация және верификация жөніндегі аккредиттелген органның парниктік газдар шығарындылары мониторингі жоспарының, сондай-ақ шығарындыларды азайту және парниктік газдарды сіңіру жөніндегі жобаларды әзірлеу шеңберінде жобалық шешімдер мен құжаттаманың Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін растауы;
9) верификация - валидация және верификация жөніндегі аккредиттелген органның қондырғы паспортындағы қондырғы операторлары және олардың есепті жылдағы парникті газдарды түгендеу туралы есептерінде қамтылған парниктік газдар шығарындыларының көлемі туралы және жүзеге асырылатын шығарындыларды азайту және парниктік газдарды сіңіру жөніндегі жобаларды іске асыру туралы деректердің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дұрыстығын растауы;»;
«38) қондырғы - парниктік газдар шығарындыларының стационарлық көзі немесе өзара бірыңғай технологиялық процеспен байланысты және бір өндірістік алаңда орналастырылған парниктік газдар шығарындылары стационарлық көздерінің тобы;
39) қондырғы операторы - меншігінде немесе өзгедей заңды пайдалануында қондырғысы бар жеке немесе заңды тұлға;
40) қондырғы паспорты - пайдаланылатын технологияның сипаттамалары, қондырғының географиялық орналасқан жері және оның операторының қызмет түрлері туралы деректерді қамтитын құжат;»;
мынадай мазмұндағы 65-1), 65-2), және 65-3) тармақшалармен толықтырылсын:
«65-1) парниктік газдар шығарындылары мониторингінің жоспары -тиісті кезеңге бекітілген Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарының қолданылу кезеңіне немесе шығарындыларды азайту және парниктік газдарды сіңіруді ұлғайту жөніндегі жобаларды іске асыру мерзіміне қондырғы операторы әзірлейтін құжат;
65-2) парниктік газдар шығарындыларына квоталарды өтеу - Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде жүзеге асырылатын, есепті жылдағы парникті газдарды түгендеу туралы есепке сәйкес тиісті кезеңге бекітілген Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарының көміртегі бірліктерін айналымнан жыл сайынғы алып қою (есептен шығару);
65-3) парниктік газдар шығарындыларының стационарлық көзі - парниктік газдар шығарындыларының орын ауыстырылмайтын көзі немесе пайдаланылуы үшін тіркелген қалыпты қажет ететін парниктік газдар шығарындыларының ауыстырылатын көзі;»;
3) 14-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
«1-1) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау үшін, оның ішінде белгіленбеген тұлғалар тобының мүдделерінде сотқа жүгінуге;»;
4) 16-бапта:
7) тармақшаның үшінші абзацындағы «қағидаларын бекітеді;» деген сөздер «қағидаларын;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы төртінші және бесінші абзацтармен толықтырылсын:
«Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорын жүргізу қағидаларын;
қоршаған ортаның жай-күйі туралы және Қазақстан Республикасының табиғи ресурстарын пайдалану туралы ұлттық баяндаманы әзірлеу қағидаларын бекітеді;»;
9) тармақшаның төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің және Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарындағы квоталардың белгіленген мөлшердегі резерві мен көлемін қалыптастыру тәртібін;»;
5) 17-бапта:
мынадай мазмұндағы 20-4) тармақшамен толықтырылсын:
«20-4) Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының мемлекеттік тіркелімін жүргізуді жүзеге асырады;»;
28-5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«28-5) парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің және Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарындағы квоталардың белгіленген мөлшердегі резерві мен көлемін қалыптастыру тәртібін әзірлейді;»;
мынадай мазмұндағы 28-10) және 28-11) тармақшалармен толықтырылсын:
«28-10) Қоршаған ортаның жай-күйі туралы және Қазақстан Республикасының табиғи ресурстарын пайдалану туралы ұлттық баяндаманы әзірлеуді ұйымдастырады;
28-11) Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорын жүргізу қағидатын әзірлейді;»;
29) тармақшаның отыз бесінші абзацындағы «қағидаларын бекітеді;» деген сөздер «қағидаларын;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы отыз бесінші - қырық үшінші абзацтармен толықтырылсын:
«парниктік газдар шығарындылары мониторингі жоспарының нысанын;
Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының мемлекеттік тіркелімін жүргізу қағидаларын;
Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарындағы квоталар көлемінің резервінен квоталар бөлудің әдістемесін;
жобалары қоғамдық тыңдауларға шығарылуға жататын шаруашылық қызметі түрлерінің тізбесін;
мыналар:
қоршаған ортаға эмиссиялардан бюджетке түсетін түсімдер;
қоршаған ортаға залалды өтеуден бюджетке түсетін түсімдер;
Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзғаны үшін айыппұлдан бюджетке түсетін түсімдер;
қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға бюджет шығыстары туралы ақпараттарды ұсынудың нысандарын бекітеді;»;
30) тармақшада:
үшінші абзац алып тасталсын;
он төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«парниктік газдар шығарындыларына квоталарды беру, өзгерту және өтеу тәртібін;»;
36-4) тармақша алып тасталсын;
6) 34-1-баптың 1-тармағындағы «(детерминация)» деген сөз алып тасталсын;
7) 41-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 11-1) және 11-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«11-1) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының негіздемесін;
11-2) қалдықтарды басқару бағдарламасының негіздемесін;»;
8) 57-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«57-бап. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманың жариялылығы
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың жариялылығы және халықтың қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану мәселелері бойынша шешімдерді қабылдауға қатысуы қоғамдық тыңдаулар өткізу арқылы қамтамасыз етіледі.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезеңінде барлық мүдделі азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерге өз пікірін білдіру мүмкіндігі беріледі.
3. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы табиғат пайдаланушы оны алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастыруы үшін табиғат пайдаланушыға жіберіледі.
4. Жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен даулауға құқылы.
5. Мемлекеттiк экологиялық сараптама қорытындысы бойынша шешiм қабылданғаннан кейiн барлық мүдделi тұлғаларға осы Кодексте көзделген тәртiппен сараптама объектiсi жөнiнде ақпарат алу мүмкiндiгi берiледi.»;
9) мынадай мазмұндағы 57-1-баппен толықтырылсын:
«57-1-бап. Жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша шешімдерді қабылдауға қатысуы
Жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша шешімдерді қабылдауға қатысуы:
қоғамдық тыңдаулар өткізу;
қоғамдық экологиялық сараптама өткізу;
қоғамдық экологиялық бақылау жүргізу;
мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезеңінде мемлекеттік органдарға ескертпелер мен ұсыныстар беру;
мемлекеттік органдардың жанындағы қоғамдық кеңестерге қатысу;
қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің жобаларына, оның ішінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының жобаларына ескертпелер мен ұсыныстар беру арқылы жүзеге асырылады.»;
10) мынадай мазмұндағы 57-2-баппен толықтырылсын:
«57-2-бап. Қоғамдық тыңдаулар өткізу
1. Қоғамдық тыңдаулардың мынадай:
1) ауыл және орман шаруашылығы, тау-кен өндіру және қайта өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік, электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру, қалдықтармен жұмыс істеу және экономиканың басқа да салаларында, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тізбеге сәйкес шаруашылық қызметінің түрлері бойынша;
2) су қорғау аймақтары мен белдеулеріндегі және сумен жабдықтау көздерінің санитариялық қорғау аймақтарындағы объектілердің орналастырылуы көзделетін;
3) мемлекеттік орман қорының жерлеріндегі объектілердің орналастырылуы көзделетін;
4) мемлекеттік орман қорының жерлеріндегі орманның, оның ішінде елді мекендер шекарасының шеңберіндегі көгалдандыру екпелерінің кесілуі көзделетін;
5) табиғат пайдаланушының ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы және бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағындағы қызметі көзделетін;
6) осы Кодекстің 47-бабы 1-тармағының 1), 6), 8), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері болып табылатын жобалар бойынша өткізілуі міндетті.
2. Жоспарланған қызметтің тапсырыс берушісі (бастамашысы) қоғамдық тыңдауларға қатысу үшін жұртшылықты хабардар ету жөніндегі іс-шараларды өткізуге шарттық негізде қоғамдық бірлестіктерді тартуға құқылы.
3. Жергілікті атқарушы органдар қоғамдық тыңдаулар өткізілгенге дейін күнтізбелік жиырма күн бұрын межеленіп отырған шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалау рәсіміне және интернет-ресурс арқылы, сондай-ақ хабардар етудің өзге де тәсілдерін пайдалана отырып осы қызмет бойынша шешім қабылдау процесіне қатысты экологиялық ақпаратқа ашық қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
4. Қоғамдық тыңдауларды өткізу тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.»;
11) 94-1-бапта:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) қондырғы операторларына парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлуді;»;
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3) қондырғы операторларын әкімшілендіруді қамтиды.»;
12) 94-2-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«94-2-бап. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар
1-тармақтың 12) тармақшасының үшінші - алтыншы абзацтары 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
1. Қондырғы операторларының мынадай шығарындылары жылына көміртегі қостотығының жиырма мың тонна баламасынан асатын мынадай: мұнай-газ, электр энергетикасы, тау-кен өндірісі, металлургия, химия, өңдеу сияқты реттелетін қызмет салаларында, құрылыс материалдарын: цемент, әк, гипс және кірпіш өндіру бөлігінде парниктік газдар шығарындыларына квоталар алмастан, қондырғыларды пайдалануына тыйым салынады.
2. Парниктік газдардың шығарындыларына квоталар Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарында көрсетілген көлемге сәйкес ол күшіне енген күннен бастап он жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктері мемлекеттік тізіліміндегі қондырғы операторының есебіне жазылады.
3. Қондырғы операторы тиісті кезеңге бекітілген Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспары қолданылатын алғашқы жылдың бірінші сәуіріне дейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға расталған парниктік газдар шығарындылары мониторингінің жоспарын және қондырғының верификацияланған паспортын ұсынады.
Парниктік газдар шығарындылары мониторингінің жоспары мен қондырғы паспорты осы тармақта көрсетілген мерзімде ұсынылмаған жағдайда қондырғы операторының есеп-шоты талап етілетін құжаттар ұсынылғанға дейін бұғаттауға жатады.
4. Қондырғы операторы ағымдағы жылдың бірінші сәуіріне дейін Парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңірулерінің мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидаларына сәйкес парниктік газдарды түгендеу туралы өткен жылға арналған верификацияланған есепті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынуға немесе Парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңірулерінің мемлекеттік кадастрының жүйесінде есептің электрондық нысанын толтыруға міндетті.
1-тармақтың 12) тармақшасының сегізінші - он екінші абзацтары 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5. Қондырғы операторына тиісті кезеңге бекітілген Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарында белгіленген, сондай-ақ осы Кодекстің 94-4-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда алынған парниктік газдар шығарындыларына квоталарды көлемнен асыруға тыйым салынады.
Қондырғы операторы тиісті кезеңге бекітілген Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарына енгізілген бар квоталарды өз қондырғыларының арасында дербес бөлістіруге құқылы.
6. Қондырғы операторы, осы Кодекстің 94-4-бабының 1-тармағына сәйкес берілген квоталарды қоспағанда, квоталар бірліктерін сатуға немесе сатып алуға құқылы.
7. Осы баптың 1-тармағының сақталуын бақылау тиісті кезеңге бекітілген Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарына енгізілген қондырғыларға және Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарының қолданылу кезеңінде шығарындылары жылына көміртегі қостотығының жиырма мың тонна баламасынан асатын әкімшілендіру субъектілерінің қондырғыларына қатысты ғана жүзеге асырылады.
8. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарының қолданылу кезеңіне парниктік газдар шығарындыларына берілген квоталар Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды беру, өзгерту және өтеу қағидаларына сәйкес өтелуге жатады.»;
13) 94-3-бап алып тасталсын;
1-тармақтың 14) тармақшасы 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
14) 94-4-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«94-4-бап. Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды өзгерту
1. Қондырғы операторы тиісті кезеңге бекітілген тиісті Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарын әзірлеген жылдың басынан және оның қолданылу кезеңінде қондырғының қуаттылығы ұлғайған және (немесе) парниктік газдар шығарындыларының жаңа стационарлық көздері енгізілген жағдайларда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға парниктік газдар шығарындыларына квоталардың қосымша көлемін алу үшін өтініш жасайды.
2. Қондырғының операторы, оның атауы не ұйымдық-құқықтық нысаны ауысқан жағдайда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган растаушы құжаттар негізінде, өтініш беруші жүгінген кезден бастап бес жұмыс күні ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның парниктік газдар шығарындыларын реттеу жөніндегі ведомстволық бағынысындағы ұйымын тиісті өзгерістер енгізілгендігі туралы хабардар етеді.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның парниктік газдар шығарындыларын реттеу жөніндегі ведомстволық бағынысындағы ұйымы бес жұмыс күні ішінде тиісті өзгерістерді енгізеді.
Парниктік газдардың шығарындылары бойынша міндеттемелер қондырғының жаңа операторына өтеді.
3. Қондырғы операторы таратылған жағдайда парниктік газдар шығарындыларына квоталардың пайдаланылмаған көлемі Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарындағы квоталар көлемінің резервіне өтеді.
4. Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды өзгерту тәртібі Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды беру, өзгерту және өтеу қағидаларына сәйкес айқындалады.»;
15) 94-5-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«94-5-бап. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспары
1. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспары парниктік газдар шығарындыларын қысқарту жөніндегі міндеттемелердің сақталуын қамтамасыз етеді.
Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспары Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлу және Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарындағы квоталардың белгіленген саны мен көлемінің резервін қалыптастыру қағидаларына сәйкес әзірленеді және тиісті кезеңге бекітіледі.
2. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарында реттелетін қызмет салалары бойынша парниктік газдар шығарындыларына квоталардың жалпы көлемі және қондырғылар үшін бөлінген парниктік газдар шығарындыларына квоталар көлемімен бірге қондырғылардың тізбесі белгіленеді.
3. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспары мыналар:
1) жаңа қондырғылар үшін парниктік газдар шығарындыларына квоталарды бөлу;
2) осы Кодекстің 94-4-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда қосымша квоталар беру;
3) Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарының қолданылу кезеңінде пайдаланылуы осы Кодекстің 94-2-бабы 1-тармағының талаптарына түсетін әкімшілік субъектілерінің қондырғылары үшін парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлу;
4) парниктік газдар шығарындыларын азайту және (немесе) парниктік газдарды сіңіруді ұлғайту жөніндегі ішкі жобалар үшін көміртегі бірліктерін беру;
5) аукцион шартымен квоталарды сату үшін квоталар резервінің көлемін қамтиды.
4. Қондырғыларды Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарына енгізу және одан шығару Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлу және квоталардың Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарындағы белгіленген саны мен көлемінің резервін қалыптастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Квоталар көлемінің резервін басқаруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Осы баптың 3-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген квоталар көлемінің резерві қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның парниктік газдардың шығарындыларын реттеу жөніндегі ведомстволық бағынысындағы ұйымына сатуды ұйымдастыру үшін беріледі.
Резервтегі парниктік газдарға квоталарды сатудан алынған қаражат мемлекеттік бюджеттің кірісіне түседі.»;
16) 94-6-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«94-6-бап. Әкімшілендіру субъектілері
1. Әкімшілендіру субъектілері мынадай: мұнай-газ, электр энергетикасы, тау-кен өндірісі, металлургия, химия, өңдеу сияқты реттелетін қызмет салаларында құрылыс материалдарын: цемент, әк, гипс және кірпіш өндіру бөлігінде парниктік газдар шығарындылары жылына көміртегі қостотығының оннан жиырма мың тоннасына дейін баламасын құрайтын қондырғы операторлары болып табылады.
2. Осы Кодекстің 94-2, 94-4 және 94-11-баптары, осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлу субъектілері жүзеге асыратын рәсімдер бөлігінде әкімшілендіру субъектілеріне қолданылмайды.
3. Әкімшілендіру субъектілері ағымдағы жылдың бірінші сәуіріне дейінгі мерзімде Парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңірулерінің мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидаларына сәйкес өткен жылға арналған парниктік газдарды түгендеу туралы есепті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынады немесе Парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңірулерінің мемлекеттік кадастрының жүйесінде есептің электрондық нысанын толтырады.
Әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы есептері верификациялауға жатпайды.
4. Әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруға қатысу тәртібі парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарының қолданылу кезеңінде пайдаланылуы осы Кодекстің 94-2-бабы 1-тармағы талаптарына дөп түсетін әкімшілендіру субъектілерінің қондырғылары Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды беру, өзгерту және өтеу қағидаларына сәйкес квоталауға жатады.
6. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдар шығарындыларының көлемін бақылауды жүзеге асырады.»;
1-тармақтың 17) тармақшасы 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
17) 94-7-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«94-7-бап. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін азайтудың нарықтық тетігі
1. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін азайтудың нарықтық тетігі:
1) парниктік газдар шығарындыларына квоталар бірліктерінің, шығарындыларды ішкі азайту бірліктерінің саудасын;
2) парниктік газдарды сіңіру бірліктерінің, шығарындыларды сертификатталған азайту бірліктерінің, шығарындыларды азайту бірліктерінің саудасын;
3) парниктік газдар шығарындыларына шектеуі және (немесе) азайтулары бар елдер және олардың заңды тұлғалары арасындағы белгіленген мөлшердегі бірліктердің халықаралық саудасын қамтиды.
2. Көміртегі бірліктерін сатуды және сатып алуды:
қондырғы операторлары;
парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруға қатысатын жеке және заңды тұлғалар;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның парниктік газдардың шығарындыларын реттеу жөніндегі ведомстволық бағынысындағы ұйымы жүзеге асырады.
3. Квоталар бірліктерін, парниктік газдарды сіңіру бірліктерін, шығарындыларды сертификатталған азайту бірліктерін, шығарындыларды азайту бірліктерін, шығарындыларды ішкі азайту бірліктерін сату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауар биржаларында жүргізіледі.
Қондырғы операторы квоталарды мәміле жасалған күнгі квотаның биржалық белгіленім деңгейінен төмен емес бағамен сатып алу-сату шарты бойынша тікелей сату (сатып алу) арқылы өткізуге құқылы.
Қондырғы операторы квоталарды тікелей сату-сатып алуды жүргізудің қорытындысы бойынша мәліметтерді мәміле жасалған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға беруге міндетті.»;
18) 94-8-бапта «табиғатты пайдаланушыларға» деген сөздер «қондырғы операторларына» деген сөздермен ауыстырылсын;
1-тармақтың 19) тармақшасы 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
19) 94-9-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«94-9-бап. Көміртегі бірліктерінің саудасына қойылатын талаптар
1. Парниктік газдар шығарындыларына квоталардың сауда жүйесіне енгізілген көміртегі бірліктері Парниктік газдар шығарындыларына квоталардың және көміртегі бірліктерінің саудасы қағидаларына сәйкес ішкі сауда нарығында айналымда болады.
2. Сертификатталған азайту бірліктері және шығарындыларды азайту бірліктері ішкі және халықаралық сауданың мақсаттарында пайдаланылуы және мемлекеттік белгіленген мөлшердегі есепке алу жүйесінен басқа елдердің есепке алу жүйесіне өтуімен қамтамасыз етілуі мүмкін.
3. Көміртегі бірлігі тауар болып табылады.
4. Квоталар бірліктері тиісті кезеңге бекітілген Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарының қолданылуы шегінде бір есепті жылдан басқа есепті жылға көшірілуі мүмкін.
Пайдаланылмаған квоталар бірліктерінің көлемі келесі Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарына көшірілмейді және Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарындағы квоталар көлемінің резервіне қайтарылуға жатады.»;
20) 94-10-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«94-10-бап. Парниктік газдар шығарындыларын азайту және (немесе) сіңірулерді ұлғайту жөніндегі ішкі жобалар
1. Парниктік газдар шығарындыларын азайту және (немесе) сіңірулерді ұлғайту жөніндегі ішкі жобаларды Қазақстан Республикасының аумағында жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
Бұл ретте, парниктік газдар шығарындыларын квоталау жөніндегі талаптардың қолданысына түсетін қондырғыларға қатысты парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ішкі жобалар жүзеге асырыла алмайды.