6. Бір тарап немесе екі тарап та шығындарды төлеуден босатылған жағдайда сарапшылар мен мамандарға тиесілі сомаларды төлеу соттың шешімінің негізінде істі қарау нәтижелері бойынша бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Сарапшылар мен мамандарға тиесілі сомаларды төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
111-бап. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға сомаларды төлеу
1. Сот куәларға, сарапшыларға және мамандарға тиесілі сомаларды олар өз міндеттерін орындағаннан кейін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес ашылған шоттан төлейді.
2. Аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен республикалық бюджет есебінен жүргізіледі.
112-бап. Тегін заң көмегін көрсету
1. Судья істі сот талқылауына дайындаған кезде немесе сот істі қараған кезде мына адамдарды:
1) асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшыларды;
2) жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшыларды;
2020.06.05. № 323-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) Ұлы Отан соғысының қатысушылары, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, І және ІІ топтардағы мүгедектер, жасына байланысты зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметке байланысты емес даулар бойынша талап қоюшылар мен жауапкерлерді;
4) заңға сәйкес ақталған адамдарға олардың зиянын өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшыларды заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден толық босатуға және оларды бюджет қаражаты есебіне жатқызуға міндетті.
2. Адвокат көрсеткен заң көмегіне ақы төлеу және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Адвокат көрсеткен заң көмегіне ақы төлеу және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу тәртібі Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекіткен заң көмегіне ақы төлеу қағидаларында белгіленеді.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, тұлғаның заң көмегіне ақы төлеуден босату және оның атынан өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу туралы өтінішхатына осы тұлғаның республикалық бюджет қаражатынан заң көмегін алу құқығын растайтын құжаттар мен басқа да дәлелдемелер қоса тіркелуге тиіс.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Сот тұлғаны заң көмегіне ақы төлеуден және оның өкілдік етуіне байланысты шығыстарды өтеуден босату туралы немесе өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады, ол шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды. Шығарылған ұйғарыммен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына енгізілуі мүмкін.
5. Тұлғаны заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден босату туралы соттың ұйғарымы азаматтық істі қарайтын сот орналасқан жері бойынша аумақтық адвокаттар алқасына немесе оның құрылымдық бөлімшесіне дереу жіберіледі, олар сот белгілеген мерзімде адвокаттың сотқа қатысуын қамтамасыз етуге міндетті.
113-бап. Өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеу
1. Сот пайдасына шешім шығарылған тараптың өтінішхаты бойынша процеске қатысқан және осы тараппен еңбек қатынастарында тұрмаған өкілдің (бірнеше өкілдің) көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстарын тараптың іс жүзінде жұмсаған шығыстары мөлшерінде басқа тараптан алып береді. Мүліктік талаптар бойынша осы шығыстардың жалпы сомасы талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің он пайызынан аспауға тиіс. Мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша шығыстар сомасы ақылға қонымды шектерде өндіріліп алынады, бірақ ол үш жүз айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.
2. Заңда белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша бюджет қаражаты есебінен адвокаттың білікті заң көмегі көрсетілген тараптың пайдасына сот шешім шығарған жағдайда, көрсетілген шығыстар мемлекеттік бюджеттің кірісіне басқа тараптан өндіріліп алынады.
114-бап. Уақыт ысырабынан келтірілген залалдарды өндіріп алу
1. Іске қатысатын адамның арызы бойынша, көрінеу теріс пиғылымен негізсіз талап қою берген немесе негізделген талап қоюға қарсы дауласқан (адам білген не білуге тиіс болған) не істің дұрыс әрі тез қаралуына және шешілуіне үнемі қарсы әрекет жасаған тараптан сот іске қатысатын екінші адамның пайдасына іс жүзінде уақыт ысырабынан келтірілген залалдар үшін өтемақыны өндіріп алуы мүмкін.
2. Залалдар мөлшерін нақты мән-жайларды ескере отырып, оның ішінде тиісті еңбекақы төлеудің осы жерде қолданылып жүрген нормаларын негізге ала отырып, сот белгілейді.
3. Тараптан залалдарды өндіріп алу туралы уәжді арыз істі мәні бойынша қарау аяқталғанға дейін беріледі және сот оны негізгі талаппен бір мезгілде қарайды. Залалдарды өндіріп алу туралы арызға «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген тәртіппен мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса берілуге тиіс.
115-бап. Талап қоюдан бас тарту, татуласу келісімі немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім, арызды қараусыз қалдыру кезінде сот шығыстарын бөлу
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан кезде ол жұмсаған сот шығыстарын жауапкер өтемейді. Талап қоюшы жауапкерге істі жүргізуге байланысты, оның ішінде дауды сотқа дейін реттеу сатысында оның жұмсаған сот шығыстарын өтейді.
Егер талап қоюшы талап қою берілгеннен кейін жауапкердің оларды ерікті түрде қанағаттандыруы салдарынан өз талаптарын қолдаудан бас тартса, сот талап қоюшының өтінішхаты бойынша жауапкерден барлық жұмсаған сот шығыстарын өндіріп алады. Егер талап қою жауапкердің кінәлі мінез-құлқынан туындамаса, онда сотта жауапкер талап қоюды мойындаған жағдайда сот шығыстары талап қоюшыға жүктеледі.
2. Тараптар бірінші, апелляциялық сатылардағы соттар бекіткен татуласу келісімін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасқан кезде, төленген мемлекеттік баж толық көлемде бюджеттен қайтарылуға жатады.
Кассациялық сатыдағы сотта татуласу келісімі, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасалған кезде, төленген мемлекеттік баж кассациялық сатыдағы сотқа жүгіну кезінде төленген соманың елу пайызы мөлшерінде бюджеттен қайтарылуға жатады.
Басқа сот шығыстарын сот татуласу келісімінің, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімнің шарттарына сәйкес тараптар арасында бөледі. Келісімдерде мұндай нұсқау болмаған жағдайда, олар өзара өтелген деп есептеледі.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы Кодекстің 279-бабының 6), 8) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша талап қою арызы қараусыз қалдырылған кезде талап қоюшының жұмсаған сот шығыстарын жауапкер өтемейді. Мұндай жағдайда талап қоюшы жауапкерге іс жүргізуге байланысты, оның ішінде дауды сотқа дейін реттеу сатысында оның жұмсаған сот шығындарын өтейді.
116-бап. Тараптарға сот шығыстарын өтеу
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда сотқа басқа тұлғалар мен мемлекеттің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау туралы арыздармен жүгінген адамдарға талап қоюдан толық немесе бір бөлігінде бас тартылған кезде (осы Кодекстің 54 және 55-баптары) жауапкер жұмсаған сот шығындары бюджет қаражатынан толық немесе талап қоюшыға бас тартылған талап қою талаптарының бір бөлігіне пропорционалды өтеледі.
2. Мұндай талап қою қанағаттандырылған жағдайда жауапкер сот шығыстарын осы Кодекстің 8-тарауында көзделген тәртіппен өтейді.
117-бап. Мемлекетке сот шығыстарын өтеу
1. Талап қоюшы төлеуден босатылған мемлекеттік баж, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар сот мемлекет кірісіне шығыстарын төлеуден босатылмаған жауапкерден толық немесе талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігіне пропорционалды өндіріліп алынады.
2. Егер талап қою бір бөлігінде қанағаттандырылса, ал жауапкер сот шығыстарын төлеуден босатылса, іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар мемлекеттің кірісіне сот шығыстарын төлеуден босатылмаған талап қоюшыдан талап қою талаптарының қанағаттандырылудан бас тартылған бөлігіне пропорционалды өндіріліп алынады.
3. Егер тараптардың екеуі де сот шығыстарын төлеуден босатылса, онда іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар бюджет қаражаты есебіне жатқызылады.
4. Талап қоюдан бас тартылған жағдайда іс бойынша іс жүргізуге байланысты сот шығындары талап қоюшыдан мемлекет кірісіне өндіріліп алынады.
5. Өзіне тиесілі төлемдерді төлеуден жалтарған адамға іздестіру жарияланған жағдайда іздестіруді жүргізу бойынша шығыстар сол адамнан мемлекет кірісіне өндіріліп алынады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 118-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
118-бап. Сот шығыстарына байланысты мәселелер бойынша сот актілеріне жеке шағым беру, прокурордың өтінішхат келтіруі
Сот шығыстарына байланысты мәселелер бойынша сот актілеріне осы тарауда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
9-тарау. СОТҚА ҚҰРМЕТТЕМЕУШІЛІК БІЛДІРГЕНІ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ ШАРАЛАРЫ
119-бап. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шаралары
1. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шараларын сот баршаның сот алдында теңдігі конституциялық қағидатын және сот төрелігінің міндеттерін іске асыру мақсатында қолданады.
2. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін бұған кінәлі адамдар осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
3. Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, осы адам қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
4. Заңға қарсы жасалған әрекет (әрекетсіздік) үшін бір ғана мәжбүрлеу шарасы және (немесе) бір ғана жауаптылық түрі қолданылады.
120-бап. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауапқа тарту тәртібі
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сот отырысында сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі анықталғандығы туралы осы бұзушылық анықталған сот отырысының процесін тікелей жүргізуші судья (сот құрамы) құқық бұзушыға дереу сот отырысында жариялайды. Осы факт сот отырысының хаттамасында тіркеледі. Бұл ретте әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалмайды.
2. Өзіне қатысты сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі анықталған адам, сондай-ақ іске қатысатын өзге де адамдар өз түсініктемелерін беруге құқылы.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулыны төрағалық етуші судья азаматтық іс бойынша сот отырысы аяқталғаннан кейін дайындайды, оған судьялар (сот құрамы) қол қояды.
4. Егер сотқа құрметтемеушілік сот отырысында білдірілсе және тәртіп бұзушы сот отырысының залынан шығып кеткен жағдайда, сот отырысынан тыс сотқа құрметтемеушілік білдірілмеген кезде, сондай-ақ егер сот отырысына келуден жалтару белгіленсе, сот приставы немесе соттың өзге жұмыскері сот төрағасының немесе сот отырысына төрағалық етушінің ауызша өкімі бойынша құқық бұзушылық туралы хаттама жасайды, бұл туралы құқық бұзушылық туралы хаттамада көрсетіледі.
5. Құқық бұзушылық туралы хаттама осы баптың төртінші бөлігінде көзделген жағдайларда қажетті материалдармен бірге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген соттылыққа сәйкес қарау үшін сотқа жіберіледі.
6. Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, сот бұл туралы қаулы шығарады, ол өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға үш жұмыс күні ішінде тапсырылады және (немесе) жіберіледі және растайтын материалдармен бірге прокурорға сотқа дейінгі іс жүргізуді ұйымдастыру үшін жолданады.
10-тарау. ПРОЦЕСТІК МЕРЗІМДЕР
121-бап. Процестік әрекеттер жасау мерзімдері
1. Процестік әрекеттер осы Кодексте белгіленген процестік мерзімдерде жасалады.
2. Егер процестік әрекеттер жасауға арналған мерзім осы Кодексте белгіленбеген жағдайда, оны сот тағайындайды. Сот тағайындайтын процестік мерзім процестік әрекеттер жасау үшін ақылға қонымды және жеткілікті болуға тиіс.
122-бап. Процестік мерзімдерді есептеу
1. Процестік әрекеттер жасауға арналған мерзімдер сөзсіз болуға тиісті оқиға көрсетіле отырып, дәл күнтізбелік күнмен айқындалады немесе жылдармен, айлармен немесе күндермен есептелетін уақыт кезеңімен айқындалады. Соңғы жағдайда әрекет бүкіл кезең ішінде жасалуы мүмкін.
2. Кезеңмен айқындалатын процестік мерзімнің ағымы оның басталуы айқындалған күнтізбелік күннен немесе оқиға болған күннен кейінгі күні басталады.
123-бап. Процестік мерзімдердің аяқталуы
1. Жылдармен есептелетін мерзім сол мерзімнің соңғы жылының тиісті айында және күнінде бітеді.
2. Айлармен есептелетін мерзім сол мерзімнің соңғы тиісті айында бітеді. Егер айлармен есептелетін мерзімнің соңы тиісті күні жоқ айға сәйкес келсе, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді.
3. Күндермен есептелетін мерзім белгіленген кезеңнің соңғы күні бітеді.
4. Мерзімнің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге сәйкес келген жағдайда жылдармен, айлармен және күндермен есептелетін мерзімнің аяқталатын күні одан кейінгі жұмыс күні болып есептеледі.
5. Жасалуына мерзім белгіленген процестік әрекет мерзімнің соңғы күніне жиырма төрт сағат қалғанға дейін орындалуы мүмкін. Егер шағым, құжаттар не ақша сомалары мерзімнің соңғы күніне жиырма төрт сағат қалғанға дейін поштаға, телеграфқа тапсырылса немесе өзге де байланыс құралдары арқылы берілсе, онда мерзім өткізіп алған болып есептелмейді.
6. Егер процестік әрекет тікелей сотта жасалуға тиіс болса, онда мерзім сотта белгіленген ішкі тәртіптеме қағидалары бойынша жұмыс аяқталатын сағатта бітеді.
7. Осы бапта көзделген процестік мерзімдерді есептеу тәртібі сотқа берілетін электрондық құжаттарға да қолданылады.
124-бап. Процестік мерзімді өткізіп алудың салдарлары
1. Процестік әрекеттерді жасау құқығы осы Кодексте белгіленген немесе сот тағайындаған процестік мерзімнің аяқталуымен жойылады.
2. Процестік мерзімдер аяқталғаннан кейін берілген шағымдар мен құжаттарды, егер өткізіп алған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы мәлімделмесе, сот оларды берген адамға қараусыз кері қайтарады.
3. Процестік мерзімнің өтуі іске қатысатын адамды процестік міндеттерін орындаудан босатпайды.
125-бап. Процестік мерзімдерді тоқтата тұру
1. Іс бойынша іс жүргізу тоқтатыла тұрумен бірге барлық өтпеген процестік мерзімдердің жүруі тоқтатыла тұрады. Мерзімдерді тоқтата тұру сот іс бойынша іс жүргізуді осы Кодексте көзделген негіздер бойынша тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарған күннен басталады.
2. Сот іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы ұйғарым шығарған күннен бастап процестік мерзімдердің жүруі жалғасады.
126-бап. Процестік мерзімдерді ұзарту және қалпына келтіру
1. Сот тағайындаған мерзімдерді сот ұзарта алады.
2. Егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Сот заңды бұзған жағдайда сот актілеріне шағым жасау, прокурордың өтінішхат немесе наразылық келтіруі не процеске қатысушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндігін шектейтін (іске қатысатын адамға сот актісінің көшірмелерін уақтылы жібермеу; егер сот актісі осы тұлға білетін тілге аударылмаса, сот ісін жүргізу тілін білмеу; құқық мирасқорлығын дұрыс ресімдемеу) сот актілеріне шағым жасау үшін, сондай-ақ уақтылы шағым беруге, прокурордың өтінішхат немесе наразылық келтіруіне кедергі болған өзге де мән-жайлар болған кезде сот осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруге міндетті.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Өткізіп алынған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы арыз өзінің құқықтарының немесе заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы арыз иесіне белгілі болған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей, процестік әрекеттер жасалуға тиіс сотқа беріледі.
Іске қатысатын адамдар арыздың келіп түскені туралы дереу хабарландырылады және олардың сотқа пікір ұсынуға құқығы бар.
Сот өткізіп алынған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы арызды сотқа келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.
Сот өткізіп алынған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы арызды өз қалауы бойынша, іске қатысатын адамдарды шақырмастан қарауға не сот отырысын тағайындауға құқылы. Бұл ретте сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған, іске қатысатын адамдардың келмеуі арызды қарауға кедергі болып табылмайды.
5. Мерзімді қалпына келтіру туралы арыз берумен бір мезгілде құқықтарды қорғау туралы талап берілуге, мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелділігін растайтын құжат ұсынылуға тиіс.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Өткізіп алған процестік мерзімді ұзартудан немесе қалпына келтіруден бас тарту туралы соттың ұйғарымына жеке шағым берілуі, прокурордың өтінішхаты, наразылығы келтірілуі мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Процестік мерзімді ұзарту немесе қалпына келтіру туралы соттың ұйғарымы шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды.
11-тарау. СОТТЫҢ ХАБАРЛАУЛАРЫ МЕН ШАҚЫРУЛАРЫ
127-бап. Соттың хабарлаулары мен шақырулары
1. Іске қатысатын адамдар, олардың өкілдері, сондай-ақ куәлар, сарапшылар, мамандар мен аудармашылар сот отырысының немесе жекелеген процестік әрекеттерді жасаудың уақыты мен орны туралы хабарландырылады және соттың шақыру қағаздарымен сотқа шақырылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Іске қатысатын адамдар, куәлар, сарапшылар, мамандар мен аудармашылар электрондық пошта мекенжайы немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша хабарлама жіберу арқылы, сондай-ақ хабарлаудың немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де электрондық байланыс құралдары пайдаланыла отырып хабарлануы немесе шақырылуы мүмкін.
Электрондық пошта мекенжайы немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе хабарлаудың немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де электрондық байланыс құралдары туралы мәліметтер болмаған жағдайда, соттың шақыру қағазы немесе қағаз жеткізгіштегі өзге де хабарлама белгілі болған соңғы тұрғылықты жері немесе тұрған жері бойынша жіберіледі.
Егер сотқа хабарланған мекенжай бойынша адам іс жүзінде тұрмайтын болса, хабарлау немесе шақыру оның жұмыс орны бойынша жіберілуі мүмкін.
Іске қатысатын адамдар хабарланатын және шақырылатын адамдар сотқа келмеген істер бойынша сот талқылауының уақыты, күні мен орны туралы хабарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға құқылы.
Осы баптың төртінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген электрондық байланыс құралдары туралы мәліметтер болған кезде хабарламалар тараптардың өкілдеріне жіберіледі.
3. Хабарлаулар мен шақырулар хабарланатын немесе шақырылатын адамның сотқа уақтылы келуіне және іске дайындалуына жеткілікті мерзімі болатындай есеппен істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарым шығарылған күннен не сот талқылауы тағайындалған күннен кейінгі келесі күннен кешіктірілмей жіберілуге тиіс.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Тарапқа:
1) іске қатысатын тарап көрсеткен электрондық пошта мекенжайына;
2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының электрондық сервистерінде көрсетілген электрондық пошта мекенжайына;
3) бір жыл ішінде тараптар арасында жасалған және даудың нысанасы болып табылатын шартта көрсетілген электрондық пошта мекенжайына;
4) жеткізілгенін растайтын есепті алған кезде жеке өзі сотқа ұсынған ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша;
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) егер мұндай хабарламаның келіп түспегені не кешірек түскені дәлелденбесе, хабарлаудың немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де электрондық байланыс құралдары пайдаланыла отырып;
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) белгілі болған соңғы тұрғылықты жері немесе тұрған жері бойынша қағаз жеткізгіште жіберілген хабарлама тараптың тиісінше хабарландырылуы болып табылады.
Осы бөліктің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген электрондық байланыс құралдары арқылы жіберілген бірінші хабарлама бойынша тарап келмеген жағдайда, қайта хабарлау соттың хабарлауының немесе шақыруының тіркелуін қамтамасыз ететін байланыстың және жеткізудің өзге де электрондық құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі.
5. 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6. Осы бапта көзделген сот хабарлауларының нысандары, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше тәртіп белгіленбесе, осы Кодекстің 23-бабының бесінші бөлігінде көрсетілген субъектілерге қатысты да қолданылады.
128-бап. Соттың шақыру қағазының немесе өзге де хабарлаудың, шақырудың мазмұны
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Соттың шақыру қағазында немесе өзге де хабарлауда, шақыруда:
1) хабарланатын немесе сотқа шақырылатын адамды (тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландырылатын құжатта көрсетілсе) және адамның тұрғылықты жерін не заңды тұлғаның атауы мен оның орналасқан жерін) көрсету;
2) соттың атауы мен мекенжайы;
3) сотқа келетін жері мен уақытын көрсету;
4) адресат хабарланатын немесе шақыртылатын істің атауы;
5) адресаттың кім ретінде хабарландырылып немесе шақырылып отырғандығын көрсету;
6) іске қатысатын адамдарға дәлелдемелерді осы Кодекстің талаптарына сәйкес ұсынбаудың салдарын көрсетіп, іс бойынша оларда бар барлық дәлелдемелерді табыс етуді ұсыну;
7) осы Кодекстің 46-бабында көзделген құқықтар мен міндеттерді көрсету;
8) адресаттың болмауына байланысты шақыру қағазын немесе өзге де хабарлауды, шақыруды қабылдаған адамның оны алғашқы мүмкіндік болған кезде адресатқа тапсыруға міндеттілігін көрсету;
9) хабарландырылатын немесе шақырылатын адамның сотқа келмей қалу салдарын және келмеу себебін сотқа хабарлауға оның міндетті екендігін көрсету;
10) шақыру қағазын немесе өзге де хабарламаны, шақыруды жіберген адамның қойған қолы қамтылуға тиіс.
2. Ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе электрондық мекенжай бойынша жіберілетін хабарда:
1) хабарландырылатын немесе сотқа шақырылатын адамды (хабарлау жіберілетін адамның тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) не заңды тұлғаның атауын) көрсету;
2) соттың атауы мен мекенжайы;
3) келетін жері мен уақытын көрсету;
4) адресат хабарландырылып немесе шақыртылып отырған істің қысқаша атауы;
5) адресаттың кім ретінде хабарландырылып немесе шақыртылып отырғандығын көрсету;
6) хабар жіберген адамның тегі мен аты қамтылуға тиіс.
Хабардың жіберілгендігін растайтын құжат іс материалдарына қоса тіркеледі.
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 2-1-бөлікпен толықтырылды
2-1. Хабарлау немесе шақыру туралы телефонограмманы берген адам оны өзінің қолтаңбасымен және оның кімге және қашан берілгендігін көрсетіп, куәландыруға тиіс.
Телефонограмманың жіберілгенін растайтын құжат іс материалдарына қоса тіркеледі.
3. Хабарламаны алған тараптар, жабық сот отырысында қарауға жататын істерді қоспағанда, талап қоюмен және оған қоса берілетін материалдармен соттың ресми интернет-ресурсы арқылы танысуға құқылы.
129-бап. Соттың шақыру қағазын немесе өзге де хабарлауды жеткізу
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Соттың шақыру қағазы немесе өзге де хабарлама электрондық пошта мекенжайы бойынша немесе ұялы байланыстың абоненттік нөміріне не пошта арқылы жеткізіледі немесе судья оларды жеткізуді тапсыратын адам жеткізеді.
Адресатқа электрондық пошта мекенжайы немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша оларды жөнелту уақыты растайтын есеппен тіркеледі, ал қолма-қол жеткізілген жағдайда, сотқа қайтарылуға жататын шақыру қағазының түбіртегінде немесе өзге де хабарламаның көшірмесінде белгіленеді.
2. Судья хабарландырылатын немесе іс бойынша шақырылатын басқа адамға тапсыру үшін шақыру қағазын немесе соттың өзге де хабарлауын іске қатысатын адамның келісімімен оған беруі мүмкін.