Кеден органдары лауазымды адамдарының тауарларды кедендік тазартуды жасау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
2. Кедендік операцияларды жасау тәртібі мен нұсқаулықтары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар санаттарына, тауарларды, тұлғаларды тасымалдау (тасу) жүзеге асырылатын көлік түріне, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізетін адамдарға, тауарларды кедендік декларациялау мен шығару ерекшеліктеріне, сондай-ақ тауарлар орналастырылатын кедендік рәсімдерге байланысты айқындалады.
Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленетін кедендік операцияларды жасау тәртібі мен нұсқаулықтары кедендік-тарифтік реттеу шараларын, тыйым салулар мен шектеулерді, ішкі нарықты қорғау шараларын толық не ішінара қолданбауға алып келмеуге тиіс.
3. Кедендік операциялар тауарлардың шыққан жеріне, тауарларды жөнелтуші елге және межелі еліне қарамастан бірдей жасалады.
4. Кеден органдарының кедендік операцияларды жасау кезіндегі талаптары негізделген болуға және Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті талаптармен шектелуге тиіс.
145-бап. Кеден органдарының кедендік операцияларды жасау орны мен уақыты
1. Кедендік операцияларды кеден органдары өздері орналасқан орындарда және өздерінің жұмыс уақытында жасайды.
2. Осы Кодексте көзделген не уәкілетті орган көздеген жағдайларда, мүдделі тұлғаның уәжді сұрау салуы бойынша кеден органдары жекелеген кедендік операцияларды кеден органдары орналасқан орыннан тыс және (немесе) жұмыс уақытынан тыс жасауы мүмкін.
3. Жекелеген кедендік операциялардың тізбесін, оларды жасау тәртібін, сондай-ақ кедендік операцияларды жасау орындарын уәкілетті орган бекітеді.
146-бап. Кедендік операцияларды жасау үшін қажетті құжаттар және (немесе) мәліметтер
1. Осы Кодексте айқындалған тұлғалар кеден органдарына осы Кодекске сәйкес кедендік операцияларды жасау үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынуға міндетті.
Кеден органдары осы Кодексте айқындалған тұлғалардан Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ғана ұсынуды талап етуге құқылы.
2. Кедендік операцияларды жасау үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді олар жасалған кезде, егер мұндай құжаттар туралы мәліметтерді және (немесе) олардан алынатын мәліметтерді және (немесе) кеден органдарына кедендік операцияларды жасау үшін қажетті өзге де мәліметтерді кеден органдары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдары мен мемлекеттік органдарының (ұйымдарының) ақпараттық өзара іс-қимылы шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының ақпараттық жүйелерінен, сондай-ақ мемлекеттік органдарының (ұйымдарының) ақпараттық жүйелерінен ала алатын болса, кеден органына ұсынбауға болады. Мұндай жағдайда осы Кодексте айқындалған тұлғалар осы құжаттар және (немесе) мәліметтер туралы мәліметтерді кедендік декларацияда көрсетеді немесе оларды кеден органдарына осы Кодекске сәйкес өзге тәсілмен ұсынады.
Осы тармақтың ережелерін іске асыру мақсатында кеден органдарының кедендік операцияларды жасау үшін қажетті құжаттар туралы мәліметтерді және (немесе) осындай құжаттардан алынатын мәліметтерді және (немесе) кеден органдарына кедендік операциялар жасау үшін қажетті өзге де мәліметтерді ақпараттық өзара іс-қимыл шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының ақпараттық жүйелерінен, сондай-ақ мемлекеттік органдарының (ұйымдарының) ақпараттық жүйелерінен алу мүмкіндігі туралы ақпарат кеден органдарының интернет-ресурстарына орналастыру және (немесе) ақпаратты өзге де тәсілмен тарату арқылы жалпы жұрттың назарына жеткізіледі.
3. Кедендік операцияларды жасау үшін қажетті құжаттардың және (немесе) мәліметтердің тізбесі, оларды ұсыну тәсілі мен мерзімдері осы Кодекске сәйкес белгіленеді.
4. Кеден органдары ақпараттық өзара іс-қимыл шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының және мемлекеттік органдарының (ұйымдарының) ақпараттық жүйелерінен алуы мүмкін мәліметтердің құрамы мен осындай мәліметтерді алу тәртібін Комиссия айқындайды, ал ақпараттық өзара іс-қимыл Қазақстан Республикасының кеден органы мен мемлекеттік органдары (ұйымдары) арасында жүзеге асырылатын жағдайларда - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
5. Кеден органдары құжаттардағы мәліметтерді өзгертпейтін, кеден органының шешімдер қабылдауына әсер ететін қатемен жазудың немесе грамматикалық қателердің болуы себебінен құжаттарды қабылдаудан бас тартуға құқылы емес.
6. Кедендік операцияларды жасау үшін қажетті құжаттар электрондық құжаттар немесе қағаз жеткізгіштегі құжаттар түрінде ұсынылады. Егер Одақ туралы шартта, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында мұндай құжаттардың түпнұсқаларын міндетті түрде ұсыну белгіленбесе, көрсетілген құжаттардың көшірмелерін (оның ішінде электрондық құжаттардың қағаз көшірмелерін) ұсынуға болады.
7. Кедендік операцияларды жасау үшін кеден органдарына қазақ, орыс немесе шет тілдерінде жасалған құжаттар ұсынылуы мүмкін.
Кеден органы қазақ немесе орыс тілі болып табылмайтын тілде жасалған кедендік операцияларды жасау үшін қажетті құжаттарда қамтылған мәліметтердің аудармасын талап етуге құқылы.
8. Осы Кодекске және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес кедендік операцияларды жасау үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерде жасалған және қолданылатын кедендік құжаттар қолданылуы мүмкін.
147-бап. Тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты кедендік операцияларды бірінші кезекте жасау тәртібі
1. Дүлей зілзалалардың, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін қажетті тауарларға, бейбітшілікті қолдау жөніндегі акцияларды орындау үшін не оқу-жаттығуларды өткізу үшін қажетті әскери мақсаттағы өнімге, тез бұзылуға ұшырайтын тауарларға қатысты, сондай-ақ жануарларға, радиоактивті материалдарға, жарылғыш заттарға, халықаралық пошта жөнелтілімдеріне, экспресс-жүктерге, халықаралық көрме іс-шараларында көрсетуге арналған тауарларға, гуманитарлық және техникалық көмекке, бұқаралық ақпарат құралдарына арналған хабарламалар мен материалдарға, халықаралық тасымалдау көлік құралдарын жөндеу және (немесе) қауіпсіз пайдаланатындай етіп ұстау үшін қажетті қосалқы бөлшектерге, қозғалтқыштарға, шығыс материалдарына, жабдықтарға, құрал-саймандарға, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына, шетел валютасына, өзге валюталық құндылықтарға, қымбат бағалы металдарға, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және оның филиалдары әкелетін алтынға және басқа да осыған ұқсас тауарларға қатысты кедендік операциялар бірінші кезектегі тәртіппен жасалады.
2. Комиссия кедендік операциялар бірінші кезектегі тәртіппен жасалатын өзге де тауарларды айқындауға құқылы.
3. Осы бапты қолдану мақсаттары үшін тез бұзылуға ұшырайтын тауарлар санаттарының тізбесін - Комиссия, ал оны Комиссия айқындағанға дейін мүдделі уәкілетті органдармен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайды.
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Осы бапта көзделген тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктерін уәкілетті орган белгілейді.
148-бап. Кеден органдарының және тұлғалардың кедендік операцияларды жасауы
1. Кедендік операцияларды кеден органдары, декларанттар, тасымалдаушылар, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғалар, өзге де мүдделі тұлғалар жасайды.
2. Кеден органдарының атынан кедендік операцияларды өздерінің лауазымдық (функционалдық) міндеттеріне сәйкес осындай кедендік операцияларды жасауға уәкілеттік берілген кеден органдарының лауазымды адамдары жасайды.
3. Жекелеген кедендік операцияларды кеден органдары кеден органдарының ақпараттық жүйесі арқылы кеден органдары лауазымдық адамдарының қатысуынсыз жасай алады.
Кеден органдарының кедендік операцияларды кеден органдарының ақпараттық жүйесі арқылы кеден органдарының лауазымды адамдарының қатысуынсыз жасау тәртібін - Комиссия, ал оны Комиссия айқындағанға дейін уәкілетті орган айқындайды.
4. Декларанттар, тасымалдаушылар, тауарға қатысты өкілеттіктері бар тұлғалар, өзге де мүдделі тұлғалар кедендік операцияларды тікелей немесе осындай тұлғалармен еңбек қатынастарында тұрған жұмыскерлер арқылы жасайды.
Декларант, тасымалдаушы, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлға, өзге де мүдделі тұлға атынан кедендік операцияларды - кеден өкілі, ал осы Кодексте көзделген жағдайларда осы тұлғалардың тапсырмасы бойынша әрекет ететін өзге тұлға жасай алады.
149-бап. Декларант
1. Мыналар кедендік рәсімдермен орналастырылатын тауарлардың декларанттары бола алады:
1) мыналар:
соның негізінде тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін шетелдік тұлғамен жасалатын мәміленің тарапы болып табылатын;
оның атынан және (немесе) соның тапсырмасы бойынша осы тармақшаның екінші абзацында көрсетілген мәміле жасалған;
егер тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тараптардың бірі шетелдік тұлға болып табылатын мәміле шеңберінен тыс өткізілсе - тауарларды иеленуге, пайдалануға және (немесе) оларға билік етуге құқығы бар;
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында тұрған шетелдік тауарларға қатысты шетелдік тұлғамен немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің тұлғасымен жасалған мәміленің тарапы болып табылатын;
кедендік транзиттің кедендік рәсімін мәлімдеген кезде - экспедитор болып табылатын;
соның негізінде тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің тұлғалары арасында жасалған мәміленің тарапы болып табылатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің тұлғасы;
2) мыналар:
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында белгіленген тәртіппен құрылған және (немесе) тіркелген өкілдіктің, филиалдың жеке мұқтаждары үшін өткізілетін тауарларға ғана қатысты кедендік рәсімдерді мәлімдеген кезде - осындай өкілдігі бар ұйым болып табылатын;
егер тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы шетелдік тұлға мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің тұлғасы арасындағы мәміле шеңберінен тыс өткізілсе, тауарлардың меншік иесі болып табылатын;
кедендік қойма кедендік рәсімін, уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімін, кері экспорт кедендік рәсімін, арнайы кедендік рәсімді мәлімдеген кезде - егер тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы шетелдік тұлға мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің тұлғасы арасындағы мәміле шеңберінен тыс өткізілсе, тауарларды иеленуге және пайдалануға құқығы бар шетелдік тұлға;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктер, консулдық мекемелер, мемлекеттердің халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктері, халықаралық ұйымдар немесе олардың өкілдіктері, өзге де ұйымдар немесе олардың өкілдіктері;
4) кедендік транзит кедендік рәсімін мәлімдеген кезде - тасымалдаушы, оның ішінде кедендік тасымалдаушы;
5) кедендік қойма кедендік рәсімін, кері экспорт кедендік рәсімін, экспорт кедендік рәсімін мәлімдеген кезде - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің үшінші тараппен халықаралық шартына сәйкес осындай халықаралық шартта көзделген, осындай тұлғаға Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында тұрған тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге құқық беретін құжатты алған шетелдік тұлға;
6) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық төлеуші ретінде Қазақстан Республикасында тіркелген филиалы бар шетелдік тұлға.
2. Комиссия осы баптың 1-тармағы 2) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген шетелдік тұлға тауарлардың декларанты бола алмайтын жағдайларды айқындауға құқылы.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар соларды сақтаған кезде жекелеген кедендік рәсімдермен орналастырылатын тауарлардың декларанттары бола алатын қосымша шарттар, сондай-ақ өзге де тұлғалар және соларды сақтаған кезде мұндай тұлғалар көрсетілген тауарлардың декларанттары бола алатын шарттар осы Кодексте айқындалады. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар соларды сақтаған кезде арнайы кедендік рәсімге орналастырылатын тауарлардың декларанттары бола алатын қосымша шарттарды, сондай-ақ өзге де тұлғаларды және соларды сақтаған кезде мұндай тұлғалар көрсетілген тауарлардың декларанттары бола алатын шарттарды Комиссия және Комиссия көздеген жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
4. Осы Кодекстің 343-бабының 6, 7 және 8-тармақтарында, 361-бабының 2-тармағында және 364-бабының 8-тармағында көзделген тұлғалар осы Кодекске сәйкес кедендік декларациялауға және (немесе) кедендік рәсімдерге орналастырмай шығаруға жататын тауарлардың декларанттары бола алады.
150-бап. Декларанттың құқықтары, міндеттері және жауаптылығы
1. Декларант:
1) кедендік бақылаудағы тауарларды қарап-тексеруге, өлшеуге және олармен жүк операцияларын орындауға;
2) кеден органының осы Кодекстің 37-бабына сәйкес берілген рұқсатымен кедендік бақылаудағы тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алуға;
3) кеден органдарының лауазымды адамдары кедендік қарап-тексеру мен кедендік жете тексеру нысанында кедендік бақылау жүргізген кезде және осы адамдар тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алған кезде қатысуға;
4) кеден органдарындағы өздері декларациялайтын тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін зерттеу нәтижелерімен танысуға;
5) кеден органдарының немесе олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдануға;
6) өздері декларациялайтын тауарлар туралы мәліметтерді нақтылау үшін сарапшылар тартуға;
7) осы Кодексте көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
2. Декларант:
1) тауарларды кедендік декларациялауды жүргізуге;
2) кеден органына осы Кодексте көзделген жағдайларда кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынуға;
3) декларацияланатын тауарларды осы Кодексте көзделген жағдайларда не кеден органының талабы бойынша көрсетуге;
4) кедендік төлемдерді, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуге және (немесе) осы Кодекске сәйкес оларды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуге;
5) кедендік рәсімге сәйкес тауарларды пайдалану шарттарын немесе осы Кодекске сәйкес кедендік рәсімдерге орналастыруға жатпайтын тауарлардың жекелеген санаттарын пайдалану үшін белгіленген шарттарды сақтауға;
6) осы Кодексте көзделген өзге де талаптарды орындауға міндетті.
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Декларант осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осы баптың 2-тармағында көзделген міндеттерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны, кедендік декларацияда анық емес мәліметтерді мәлімдегені, сондай-ақ кеден өкіліне жарамсыз, оның ішінде қолдан жасалған және (немесе) көрінеу анық емес (жалған) мәліметтерді қамтитын құжаттарды ұсынғаны үшін жауапты болады.
Декларант Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жауаптылыққа мынадай жағдайларда:
1) егер кеден органы кедендік бақылау нысандарын және тәуекелдерді басқару жүйесінің ұсынымдарына сәйкес кедендік бақылауды жүргізуді қамтамасыз ететін шараларды қолданудың қажеттігі туралы хабардар етпесе, тауарларды шығарғанға дейін бұзушылықтарды дербес анықтаған және жойған;
2) кеден органының лауазымды адамы тауарларды қате сыныптау фактісін анықтаған жағдайда тауарларды шығарғаннан кейін оларды сыныптау жөніндегі шешімдерді қайта қарау кезінде тауарлар коды өзгерген;
3) алдын ала шешімді берген кеден органының лауазымды адамы тауарларды қате сыныптау фактісін анықтаған жағдайда тауарларды шығарғанға дейін де, сондай-ақ шығарғаннан кейін де алдын ала шешімдерде көрсетілген тауарлар коды өзгерген;
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) егер кеден органы лауазымды адамының тауардың кедендік құнын қате айқындау және (немесе) растау фактісі анықталған болса, кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы талап және (немесе) шешім қайта қаралған және (немесе) осы Кодекстің 410-бабының 10 және 19-тармақтарына сәйкес бұрын расталған тауардың кедендік құны қайта қаралған;
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) көрсетілген хабарламалармен келіскен жағдайда, бұзушылықтарды жою туралы хабарламада, тексеру нәтижелері туралы хабарламада немесе кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың белгіленген мерзімде төленбеген сомалары туралы хабарламада көзделген мерзімдерде бұзушылықтарды өз бетінше жойған;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) енгізілетін өзгерістер тауарларға арналған тіркелген декларацияда көрсетілген тауарларға қарағанда өзге тауарлар туралы мәліметтерді мәлімдеуге алып келетін жағдайларды қоспағанда, егер бұзушылықтар төленуге жататын кедендік төлемдер мен салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшеріне әсер етсе, бұзушылықтарды талап қоюдың ескіруі мерзімі ішінде (өздері бойынша көшпелі кедендік тексеру басталған кедендік декларациялардан басқа) дербес анықтаған және өз еркімен жойған;
6) егер енгізілетін өзгерістер төленуге жататын кедендік төлемдер мен салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшеріне, тыйым салулар мен шектеулерді сақтауға әсер етпесе және тауарларға арналған тіркелген декларацияда көрсетілген тауарларға қарағанда өзге тауарлар туралы мәліметтерді мәлімдеуге алып келмесе, бұзушылық туралы талап қойылғанға дейін тауарларға арналған декларацияға өзгерістерді шығарғаннан кейін енгізу арқылы бұзушылықтарды өз бетінше жойған;
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) 500 еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде бюджетке төлеуге жататын кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының төленуге тиіс сомаларын толықтырып есептеуге алып келген бұзушылықтарды тауарлар шығарылғанға дейін кеден органы анықтаған кезде, осындай бұзушылықтарды кеден органы анықтаған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей декларант төленуге тиіс кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын толық көлемде төлеген;
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) электрондық нысанда кедендік декларациялау жөніндегі ақпараттық жүйенің жұмысында уәкілетті орган растаған, электрондық нысанда кедендік декларациялауға байланысты кедендік операцияларды жасау жөніндегі міндеттердің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде және тәртіппен орындалмауына алып келген қателер туындаған кезде тартылмайды.
Бұл ретте уәкілетті органның қателердің туындау фактісін растау мерзімі декларант электрондық нысанда кедендік декларациялау жөніндегі ақпараттық жүйенің жұмысында қателердің туындағаны туралы өтініш жасаған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Осы тармақтың екінші бөлігінің ережелері кеден өкіліне және уәкілетті экономикалық операторға қолданылады.
4. Осы Кодекстің 149-бабы 1-тармағы 2) тармақшасының екінші абзацында және 6) тармақшасында көзделген тұлғалар осы баптың 2-тармағында көзделген міндеттерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін, сондай-ақ кедендік декларацияда анық емес мәліметтерді мәлімдегені, сондай-ақ кеден өкіліне жарамсыз, оның ішінде қолдан жасалған және (немесе) көрінеу анық емес (жалған) мәліметтерді қамтитын құжаттарды ұсынғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заңды тұлғалар сияқты жауапты болады.
151-бап. Кедендік операциялар жасалған кезде мүдделі тұлғалардың қатысуы
1. Мүдделі тұлғалар кедендік операциялар жасалған кезде қатысуға құқылы.
2. Кеден органының талап етуі бойынша мүдделі тұлғалар кедендік операциялар жасалған кезде кеден органдарына оларды жасауға жәрдем көрсету мақсатында қатысуға міндетті.
152-бап. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізілген тауарларға қатысты кедендік операцияларды жасау
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізілген не шығарылуын кеден органдары осы Кодекске сәйкес жүргізбеген, бұл кедендік баждардың, салықтардың төленбеуіне немесе тыйым салулар мен шектеулердің, ішкі нарықты қорғау шараларының сақталмауына алып келген және кеден органдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында осы тауарларды сатып алған тұлғаларда анықтаған тауарларға қатысты осындай тұлғалардың қалауы бойынша кедендік декларациялау жүзеге асырылуы мүмкін не осындай тауарларға қатысты уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өзге де кедендік операциялар жасалуы және кедендік төлемдер, салықтар төленуі мүмкін.
15-тарау. ТАУАРЛАРДЫҢ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ КЕДЕНДІК АУМАҒЫНА КЕЛУІ ЖӘНЕ ОСЫНДАЙ КЕЛУГЕ БАЙЛАНЫСТЫ КЕДЕНДІК ОПЕРАЦИЯЛАР
153-бап. Тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келуі
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өткеннен кейін тасымалдаушы немесе жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізетін адам тауарларды келу орнына немесе осы Кодекстің 30-бабының 3-тармағында көрсетілген өзге де жерлерге жеткізуге тиіс. Бұл ретте тауарлар орамасының бұзылуына, сондай-ақ салынған пломбаларды, мөрлерді және өзге де сәйкестендіру құралдарын өзгертуге, алып тастауға, жоюға, зақымдауға немесе ауыстыруға жол берілмейді.
2. Егер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өткеннен кейін тауарларды келу орнына немесе осы Кодекстің 30-бабының 3-тармағында көрсетілген өзге де жерлерге жеткізу үзілген, сондай-ақ егер су немесе әуе кемесі авария, еңсерілмейтін күш әсері не тауарларды жеткізуге, белгіленген орындарға тоқтауды немесе қонуды жүзеге асыруға кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар салдарынан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына мәжбүрлі тоқтаған немесе қонған жағдайда, тасымалдаушы немесе жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізетін тұлға тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қолдануға, жақын кеден органына осы мән-жайлар туралы және тауарлардың тұрған жері туралы дереу хабарлауға, сондай-ақ көлік құралы зақымдалған кезде тауарларды апаруға немесе оларды жақын кеден органына не кеден органы көрсеткен өзге орынға тасымалдауды (тасуды) қамтамасыз етуге міндетті.
Тасымалдаушыда немесе өзге де тұлғаларда осы тармақтың талаптарын сақтауға байланысты туындаған шығыстарды кеден органдары өтемейді.
3. Тауарларды келу орнына немесе осы Кодекстің 30-бабының 3-тармағында көрсетілген өзге де жерлерге жеткізгеннен кейін су кемелерімен тасымалданатын тауарларды қоспағанда, тауарлар кедендік бақылау аймағында болуға тиіс.
4. Осы Кодекстің 154, 155, 156 және 157-баптарының ережелері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке тұлғалар әкелетін жеке пайдалану үшін тауарларға қатысты қолданылмайды.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке тұлғалар әкелетін жеке пайдалану үшін тауарларға қатысты олар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келгеннен кейін кедендік операциялар осы Кодекстің 39-тарауына сәйкес жасалады.
5. Осы тараудың ережелері:
1) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында орналасқан портқа кірмей немесе әуежайға қонбай, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағын кесіп өтетін су және әуе кемелерімен тасымалданатын тауарларға;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына және осы Кодекстің 385-бабының 4-тармағында көрсетілген Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының бір бөлігінен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының басқа бөлігіне Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағы арқылы және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағына қонбай теңізбен не су кемесінің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекет портына кірмей, су және әуе кемелерімен тасымалданатын шетелдік тауарларға;
3) құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері арқылы өткізілетін тауарларға қатысты қолданылмайды.
154-бап. Тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келуіне байланысты кедендік операциялар және оларды жасау тәртібі