2) бағынысындағы барлық қызметкерлерi мен жұмыскерлері үшiн мiндеттi бұйрықтар, өкiмдер, нұсқаулар шығарады.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 14-бап өзгертілді
14-бап. Облыстардың прокуратуралары
1. Облыстардың прокуратураларына және оларға теңестiрiлген прокуратураларға Республика Президентінің келісімiмен Республиканың Бас Прокуроры бес жыл мерзiмге тағайындайтын тиiстi прокурорлар басшылық етедi.
2. Облыстардың прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорлардың бiрiншi орынбасарлары мен орынбасарлары, аға көмекшiлерi мен көмекшiлерi болады. Облыстардың прокурорларының орынбасарлары облыстық прокуратуралардың тиiстi басқармаларының бастықтары болып тағайындалуы мүмкiн.
3. Облыстардың прокуратураларында және оларға теңестiрiлген прокуратураларда басқармалар мен бөлiмдер болады. Басқармалар мен бөлiмдердiң бастықтары тиiсiнше облыстар прокурорларының аға көмекшiлерi және көмекшiлерi болып табылады. Басқармалар мен бөлiмдерде аға прокурорлар мен прокурорлардың лауазымдары белгiленедi.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 15-бап өзгертілді; 2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 15-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 15-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
15-бап. Қалалық, аудандық және оларға теңестiрiлген өзге де прокурорлар мен прокуратуралар
1. Қалалық, аудандық және оларға теңестiрiлген прокуратураларға Республиканың Бас Прокуроры бес жыл мерзiмге тағайындайтын тиiстi прокурорлар басшылық етедi.
2. Қалалық, аудандық және оларға теңестiрiлген прокурорлар:
1) қалалық, аудандық және оларға теңестiрiлген өзге де прокуратуралардың прокурорлық қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметіне басшылық жасайды;
2) бағынысындағы барлық қызметкерлер мен жұмыскерлер үшiн мiндеттi бұйрықтар, өкiмдер, нұсқаулар шығарады.
3. Қалалық, аудандық және оларға теңестiрiлген прокурорлардың қарамағында қадағалау салалары бойынша орынбасарлар, аға прокурорлар және прокурорлар болады.
4. Қалалық, аудандық және оларға теңестiрiлген прокуратураларда бөлiмдер құрылуы мүмкiн.
16-бап. Төменгi прокурорлардың жоғары тұрған прокурорларға бағыныстылығы
1. Прокурорлардың бағыныстылығы:
1) жоғары тұрған прокурорлардың ұйымдастыру және қызмет мәселелерi жөніндегі нұсқауларының төменгi прокуратуралар үшiн мiндеттiлiгiн;
2) төменгi прокурорлардың жоғары тұрған прокурорлар алдында қызмет мiндеттерiн орындауы үшiн жауапкершiлiгiн;
3) жоғары тұрған прокурорлардың қажет болған жағдайларда төменгi прокурорлардың өкiлеттiгiн жүзеге асыруын;
4) жоғары тұрған прокурорлардың төменгi прокурорлар актілерінiң күшiн жоюын, қайтарып алуын, өзгертуiн;
5) жоғары тұрған прокурорлардың төменгi прокурорлардың iс-әрекеттерi мен актілеріне жасалған шағымдарды шешуiн қамтиды.
2. Республиканың Бас Прокуроры төменгi прокурорлардың бағыныстылығының өзге де нысандарын белгiлеуi мүмкiн.
17-бап. Прокуратура органдарындағы алқалар
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бас прокуратурада, ведомстволарда, облыстардың прокуратураларында және оларға теңестiрiлген прокуратураларда алқалар құрылады.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Алқа отырыстарында прокуратура органдары қызметiнiң мәселелерi, сондай-ақ заңдардың бұзылуының анықталуына байланысты Бас Прокурордың, ведомство басшысының, облыс прокурорының немесе оған теңестiрiлген прокурордың ұйғарымы бойынша заңды бұзған лауазымды адамдардың қатысуымен алқалы түрде қарауды қажет ететiн өзге де мәселелер қаралады.
3. Алқа шешiмдерi оның мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады.
2011.06.01. № 379-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Алқаның шешiмдерi тиiстi прокурорлардың бұйрықтарымен iске асырылады және прокуратура органдарының қызметкерлерi мен жұмыскерлері үшiн мiндеттi. Заңның бұзылуының анықталуына қарай прокурорлық қадағалау актілері қабылданады.
5. Алқа жұмысының регламентiн және алқа мүшелерiнiң мәртебесiн Республиканың Бас Прокуроры айқындайды.
3-тарау Прокуратураның құқықтық актілері
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 18-бап толықтырылды
18-бап. Прокуратураның құқықтық актілерінiң жүйесi
1. Прокуратураның құқықтық актілерінiң жүйесiн:
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) прокурорлық қадағалау актілері: наразылық, қаулы, ұйғарым, өтiнiш, санкция, нұсқау, ұсыныс, үндеу, алдын ала ескерту, заңға түсiндiрме;
2) Прокуратураны ұйымдастыру және оның қызмет мәселелерiн реттейтiн актiлер: бұйрықтар, нұсқаулар, өкiмдер, ережелер, нұсқаулықтар құрайды.
1-1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң қолданылуын тоқтата тұратын прокурорлық қадағалау актілері жариялануға тиiс.
2. Прокуратураның ережелерi мен нұсқаулықтары тиiстi прокурорлардың бұйрықтарымен бекітіледi.
19-бап. Наразылық
1. Прокурор Конституцияға, заңдарға және Республика Президентінің актілеріне қайшы келетiн нормативтiк және өзге де құқықтық актiлерге, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне наразылық жасайды.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Заңсыз актіні, шешімді қабылдаған органға немесе лауазымды адамға немесе жоғары тұрған органға не жоғары тұрған лауазымды адамға наразылық келтіріледі. Органның немесе лауазымды адамның заңсыз iс-әрекеттерiне наразылық нақ осындай тәртiппен жасалады.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Прокурордың наразылығын тиiстi орган немесе лауазымды адам күнтізбелік он күн ішінде қарауға тиiс.
Наразылық бойынша шешім дайындау және қабылдау қажеттілігіне байланысты прокурор оны қараудың өзге де мерзімін белгілеуге құқылы, бірақ бұл кемінде күнтізбелік он күн болуға тиіс.
Наразылықты сотта қарау мерзiмi Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
Орган немесе лауазымды адам наразылықтың қаралатын күнi туралы прокурорға хабарлауға мiндеттi.
4. Наразылықта прокурор заңсыз актiнiң күшiн жоюды не оны Конституцияға және заңдарға сәйкес келтiрудi, сондай-ақ лауазымды адамның заңсыз әрекеттерiн тоқтатуды және бұзылған құқықты қалпына келтiрудi талап етедi.
5. Прокурор наразылық жасалған актiнiң не iс-әрекеттiң орындалуын наразылық бойынша шешiм қабылданғанға дейiн тоқтата тұруға хақылы. Заңдарға жасалған наразылық олардың қолданылуын тоқтатпайды.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен ; 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 20-бап өзгертілді
20-бап. Қаулы
1. Заңның бұзылу сипатына қарай прокурор қылмыстық іс бойынша, тәртіптік іс жүргізуді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қозғау туралы қаулылар шығарады.
2. Прокурор заңның қолданылуына тексерiс жүргiзу туралы, заңсыз құқықтық актiнi алдырып тастау, қарау, тұмшалау салу туралы, тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды жою немесе алып тастау туралы, күшiн тоқтата тұру туралы, прокурордың талабын мәжбүрлеп орындату туралы, жеткізу (күштеп әкелу) туралы, сондай-ақ заңда көзделген басқа да реттерде қаулы шығарады.
3. Прокурордың қаулысын уәкiлеттi орган немесе лауазымды адам заңмен белгiленген мерзiмде, ал мұндай мерзiм болмаған жағдайда, прокурор белгiлеген мерзiмде мiндеттi түрде орындауға тиiс. Қаулының орындалу нәтижелерi туралы прокурорға дереу хабарланады. Прокурордың қаулысын белгiленген мерзiмдерiнде орындамау Қазақстан Республикасы заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II 21-бап өзгертілді; ҚР 10.07.03 ж. № 483-II 21-бап толықтырылды; 2008.10.12. № 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 21-бап өзгертілді; 2011.22.07. № 478-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 21-бап өзгертілді
21-бап. Санкция
1. Прокурор:
1) 2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2) қылмыстық iс жүргiзу заңдарында көзделген жағдайларда тiнтуге және (немесе) алуға;
3) 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) азаматтардың Конституциямен және заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерін қозғайтын жедел-iздестiру іс-шаралары мен тергеу әрекетiн, оның ішінде жасырын тергеу әрекеттерін жүргiзуге;
5) шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды шығарып жіберу үшiн ұстауға;
5-1) 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5-2) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лауазымды адамдарын қоспағанда) банк құпиясын құрайтын құжаттарға қол жеткiзуіне;
5-3) 2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен алып тасталы (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5-4) 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6) тiкелей заңмен көзделген өзге жағдайларда санкция (келісім) бередi.
2. Көрсетiлген әрекеттердi жасауға санкцияны (келісімді) не оны беруден бас тартуды прокурор санкцияны сұрауға негiз болған материалдарды зерделегеннен кейiн жиырма төрт сағат iшiнде лауазымды адамның қаулысына бұрыштама және қол қою арқылы ресiмдейдi.
3. Адамның және азаматтың бостандық құқықтарын шектеуi мүмкiн жедел-iздестiру және өзге қызмет мәселелерi жөніндегі ведомстволық нормативтiк құқықтық актiлердiң қолданылуына келісім бередi.
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 22-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
22-бап. Нұсқау
1. Прокурор:
1) қылмыстық iстердi тергеп-тексеруге байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына;
2) жедел-iздестiру қызметiн және жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдарға;
3) заңнамада белгiленген өзге де жағдайларда нұсқау бередi.
2. Республика Бас Прокурорының жедел-iздестiру қызметi, жасырын тергеу әрекеттері және сотқа дейінгі тергеп-тексеру мәселелерi жөнiндегi нормативтiк сипаттағы нұсқауы барлық тергеу және анықтау органдарының, жедел iздестiру қызметiн және жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдардың орындауы үшін мiндеттi.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 23-бап өзгертілді
23-бап. Өтiнiш
1. Прокурор заңға сәйкес бұзылған құқықтарды қалпына келтiру және мемлекеттiң, жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiн қорғау үшiн сотқа талаптық өтiнiш жасауға хақылы.
2. Прокурорлық қадағалау актілері қабылданбаған немесе олар заңда белгiленген мерзiмде қаралмаған жағдайларда прокурор органдар мен лауазымды адамдардың iс-әрекеттерi мен актілерін жарамсыз деп тану туралы, сондай-ақ заңды бұзушылықты болдырмау туралы сотқа өтiнiш беруге құқылы. Прокурор наразылық келтiрiлген актiнiң күшiн арызды сот қарағанға дейiн өз қаулысымен тоқтата тұруға құқылы.
3. Сотқа берiлген прокурорлық қадағалау актілерінiң қабылданбауына немесе қараусыз қалдырылуына байланысты өтiнiштi сот заңда белгiленген тәртiппен қарайды.
4. Прокурордың өтiнiшiне мемлекеттік баж бен өзге де алымдар салынбайды.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 24-бап өзгертілді
24-бап. Ұйғарым
1. Заңды бұзушылықты жою туралы жазбаша ұйғарымды прокурор енгiзедi және оны заңды бұзуға жол берген органға немесе лауазымды адамға, не жiберiлген заң бұзушылықты жоюға өкiлеттi органға немесе лауазымды адамға жiбередi. Егер заңды бұзу ашық сипатта болып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулi зиян келтiруi мүмкiн болған және ол дереу жойылмайтын болған жағдайда, ұйғарым енгiзiледi. Ұйғарымды нормативтiк құқықтық актiлерге енгiзуге болмайды.
2. Ұйғарымда Конституцияның, заңдар мен Республика Президентi актілерінiң бұзылған нормалары көрсетiлiп, құқық бұзушылықтың сипаты мен заң бұзушылықты жою жөніндегі шаралар туралы нақты ұсыныстар болуға тиiс.
3. Ұйғарым прокурор белгiлеген мерзiмде мiндеттi түрде орындалуға тиiс. Ұйғарымның орындалуы туралы прокурорға дереу хабарланады. Прокурордың ұйғарымын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
4. Ұйғарымға жоғары тұрған прокурорға не сотқа шағым берiлуi мүмкiн. Ұйғарымға шағымның берiлуi оның орындалуын тоқтата тұрмайды.
5. Жоғары тұрған прокурор немесе сот шағым бойынша шешiм қабылданғанға дейiн ұйғарымның орындалуын тоқтата тұра алады.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 25-бап өзгертілді; 2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 25-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
25-бап. Ұсыныс
1. Прокурор өз құзыретi шегiнде:
1) заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы;
2) қылмыс жасауға және басқа да құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қол сұғылмаушылық құқығы бар адамдарды одан айыру мәселелерi бойынша;
4) заңда белгiленген өзге жағдайларда ұсыныс енгiзедi.
2. Ұсынысты лауазымды адам немесе орган заңдылықтың бұзылуын, сондай-ақ оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша шараларды мiндеттi түрде қабылдай отырып, прокурор белгілеген мерзімдерде, бірақ күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей қарауға тиiс.
Прокурор ұсынысты қарау кезінде қатысуға құқылы. Мемлекеттік орган немесе лауазымды адам ұсыныс қаралатын күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірмей, ұсынысты қарау орны мен уақыты туралы прокурорға хабарлауға тиіс.
Ұсынысты қараудың нәтижелерi және қолданылған шаралар туралы ұсыныс қаралған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде прокуратураға хабарланады.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 25-1-баппен толықтырылды
25-1-бап. Алдын ала ескерту
Құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында немесе дайындалып жатқан құқыққа қарсы әрекеттер туралы мәліметтер болған кезде прокурор жазбаша нысанда жеке және заңды тұлғаларға заңды бұзуға жол берілмейтіні туралы алдын ала ескерту жасайды және оларға заңда белгіленген жауаптылық туралы ескертеді.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 25-2-баппен толықтырылды
25-2-бап. Үндеу
Прокуратура органдары заңдылықты қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында лауазымды адамдарға, мемлекеттік органдарға, заңды және жеке тұлғаларға үндеу жасауға құқылы.
Бұл ретте үндеу бұқаралық ақпарат құралдары пайдаланыла отырып немесе өзге де жария ету тәсілімен таратылады.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 26-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
26-бап. Заңды түсiндiру
1. Жеке не заңды тұлғалардың заңдарды бiлмеуi немесе дұрыс түсiнбеуi заңдардың не азаматтың немесе шектелмеген адамдар тобының құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін деп санауға жеткiлiктi негiздер болған кезде прокурор заңның мазмұнын түсiндiредi.
2. Құқықтық актiнiң жобасы заңға сәйкес келмеген жағдайда, прокурор актiнi қабылдайтын органға немесе лауазымды адамға заңның талабын түсiндiредi.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 26-1-баппен толықтырылды
26-1-бап. Прокурордың құқықтық актілерін мәжбүрлеп орындату шаралары
1. Прокурордың қаулылары мен ұйғарымдарын өз еркiмен орындамаған жағдайда, ол мүлкiнен мәжбүрлеп айыруды көздейтiндерiн қоспағанда, прокурордың талаптарын мәжбүрлеп орындату туралы қаулы шығаруға және оны орындау үшiн уәкiлеттi мемлекеттік органдарға жiберуге құқылы.
2. Уәкiлеттi мемлекеттік органдар прокурордың тиiстi қаулысын алған бойда оны орындауға дереу шаралар қолдануға мiндеттi.
3. Лауазымды адамдар, азаматтар айғақтар беру үшiн прокуратура органдарына келуден бас тартқан жағдайда, прокурор ондай адамды прокуратура органдарына жеткізу (күштеп әкелу) туралы қаулы шығаруға құқылы, оны жиырма төрт сағат iшiнде iшкi iстер органдары орындайды.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 27-бап өзгертілді
27-бап. Прокурорлық қадағалау актілерін жариялау
Өз қызметiнiң жариялылығын қамтамасыз ету үшiн прокуратура органдары адамның және азаматтың конституциялық және заңмен қорғалатын өзге де құқықтарын, заңды тұлғалар мен мемлекеттiң мүдделерiн бұзған органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне прокурорлық қадағалау актілерін мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында жариялай алады.
4-тарау Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының,
заңды тұлғалардың және мемлекеттiң мүдделерiнiң сақталуын қадағалау
28-бап. Қадағалаудың мiндеттерi
1. Қадағалаудың мiндеттерi:
1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың құқықтық актілері мен iс-әрекеттерiнiң заңға сәйкес келуiн қамтамасыз ету;
2) заңдылықтың кез келген бұзылуын, осындай заң бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтап, жою, бұзылған құқықтарды қалпына келтiру шараларын қолдану болып табылады.
2. Прокуратура басқа мемлекеттік органдарды алмастырмайды және ұйымдардың қызметi мен азаматтардың жеке өмiрiне араласпайды.
09.08.02 ж. № 346-II; 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2010.19.03. № 258-ІV (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен; 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 29-бап өзгертілді
29-бап. Прокурордың өкiлеттiгi
1. Қадағалауды жүзеге асыру кезiнде прокурор:
1) жүргiзiлетiн тексерiс мәселелерi бойынша азаматтар мен лауазымды адамдарды шақыруға және олардан айғақтар алуға;
2) қызметтiк куәлiгiн көрсетiп, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ меншiктiң барлық нысанындағы ұйымдардың аумағы мен үй-жайларына кедергiсiз кiруге;
2-1) жүргiзiлетiн тексерiс мәселелерi жөнiнде банктерден жеке және заңды тұлғалардың операциялары мен шоттары бойынша коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпия болып саналатын мәлiметтердiң жариялануға болмайтын талаптарын сақтай отырып, мәлiметтер алуға;
2-2) жасырын қылмыстарды анықтау мақсатында құзыреттi органдардан жедел-iздестiру шараларын жүзеге асырып, олардың нәтижелерi туралы хабар берiп отыруды талап етуге;
3) басшылардан және басқа да лауазымды адамдардан заңдылықтың жай-күйi және оны қамтамасыз ету жөніндегі қажеттi құжаттарды, материалдарды, статистикалық ақпаратты алуға;
4) тексерiске қатысу және қорытынды беруi үшiн мамандарды тартуға;
5) прокуратураға түскен материалдарға, арыздарға өзiнiң құзыретiне сәйкес тексерiс жүргiзудi талап етуге және бұлардың нәтижелерi туралы хабарлауды мiндеттеуге;
6) қауiпсiздiктi және қадағалау қызметiн қамтамасыз ету үшiн тексерiстi жүзеге асыруға басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлерiн тартуға;
6-1) сараптамалар тағайындауға;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да тексерiс әрекеттерiн жасауға құқылы.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қадағалауды жүзеге асыру процесінде, оның ішінде тексеру нәтижелері бойынша прокурор:
1) наразылық енгiзедi;
2) заң бұзушылықты болдырмау жөнiнде ұйғарым бередi;
2-1) сотқа дейінгі тергеуді бастайды не қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеу ісін жүргізу үшін қылмыстық қудалау органына береді;
3) тәртіптік іс жүргізуді немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қозғау туралы, прокурордың талабын мәжбүрлеп орындау, жеткізу (күштеп әкелу) жөнiнде қаулы шығарады, материалдық залалдың өтелу шараларын қолданады;
4) адамның және азаматтың, заңды тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған жағдайда заңдардан басқа заңсыз актiнiң күшiн тоқтата тұрады;
5) мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары енгiзген тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралардың күшiн жояды немесе алып тастайды;
6) мемлекеттiң, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен олардың заңмен қорғалатын мүдделерiн сақтауды соттан өтiнедi;
7) органға немесе лауазымды адамға заңдылықты бұзуды болдырмау туралы ұсыныс енгiзедi;
8) заң бұзушылыққа жол берілмейтіні туралы алдын ала ескертеді;
9) осы Заңда көзделген өзге де прокурорлық қадағалау актілерін енгізеді.
5-тарау Сотта мемлекеттiң мүддесiн бiлдiру
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 30-бап өзгертілді
30-бап. Прокурордың сотта iс қараудағы құзыретi
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қылмыстық, азаматтық немесе өзге де сот iсiн жүргiзу барысында сотта мемлекет мүддесiн бiлдiре отырып, прокурор осы Заңға, сондай-ақ Республиканың қылмыстық iстер жүргiзу, азаматтық iстер жүргiзу және өзге де заңдарына сәйкес шағым, кассация (кассациялық) және қадағалау тәртібімен өз өкiлеттiгiн жүзеге асырады.
2. Соттың (судьяның) iс бойынша шешiмiмен, үкімімен немесе өзге қаулысымен оның заңға сәйкессiздiгi немесе негiзсiздiгi себептi келiспеген жағдайда, прокурор iстi қайта қарау немесе құқықтық актiнiң күшiн жою не өзгерту туралы жоғары тұрған сотқа наразылық беруге хақылы.
31-бап. Соттың заңды күшiне енбеген қаулыларына наразылық жасау
Прокурор өзiнiң iстiң сотта қаралуына қатысу-қатыспауына қарамастан, соттың (судьяның) заңды күшiне енбеген заңға сәйкес келмейтiн немесе негiзсiз шешiмiне, үкімі мен өзге де қаулысына жоғары тұрған сотқа наразылық беруге хақылы.
32-бап. Соттың заңды күшiне енген қаулыларына наразылық жасау
1. Прокурор соттың заңды күшiне енген шешiмдерi, үкiмдерi және өзге қаулылары бойынша iстердi өз құзыретiнiң шегiнде соттан талап етiп алдыруға хақылы.
2. Соттың заңды күшiне енген шешiмi, үкімі мен өзге қаулысы заңға сәйкес келмейтiн немесе негiзсiз болған жағдайда, прокурор қадағалау тәртібімен наразылық жасайды. Егер наразылық жасау оның құзыретiнiң шегiнен асып кететiн болса, онда тиiстi прокурор наразылық жасау жөнiнде жоғары тұрған прокурорға ұсыныс айтып, өтiнiш жасайды.
3. Прокурордың соттың заңды күшiне енген шешiмiне, үкімі мен өзге де қаулыларына наразылық жасау және орындалуын тоқтата тұру жөніндегі өкiлеттiгi заңмен айқындалады.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 33-бап өзгертілді
33-бап. Республика Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулысына наразылық жасау
Республиканың Бас Прокуроры Республика Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулысының Конституцияға және заңдарға сәйкес келмеу негiздерi бойынша Республика Жоғарғы Сотының жалпы отырысына наразылық енгiзедi.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 6-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
6-тарау Жедел-iздестiру қызметінің заңдылығын қадағалау
34-бап. Қадағалаудың мазмұны мен мәнi
Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру, жедел-iздестiру шараларын жүргiзу барысында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуы, сондай-ақ жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыруға өкiлеттi органдар мен лауазымды адамдардың актілері мен iс-әрекеттерiнiң заңдылығы қадағалаудың мәнi болып табылады.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен; 2009.07.12. № 221-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 35-бап өзгертілді; 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 35-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
35-бап. Прокурордың жедел-iздестiру қызметі мен жасырын тергеу әрекеттерінің заңдылығын қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiгi
Жедел-iздестiру қызметінің және жасырын тергеу әрекеттерінің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыра отырып, прокурор:
1) жедел-iздестiру қызметiн және жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдармен жасырын негiзде ынтымақтасатын немесе ынтымақтасқан құпия көмекшілердің және штаттағы жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы мәлiметтерден басқа, жедел-iздестiру қызметiнiң тоқтатылған және іс жүргiзуінде жатқан iстерiн, қылмыстық істерді, жедел-iздестiру қызметiнiң және жасырын тергеу әрекеттерінің барысы мен нәтижелері туралы материалдарды, құжаттарды және басқа да қажеттi мәлiметтердi алады;
2) арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін, оның ішінде байланыс желісінде жүзеге асырудың заңдылығын тексеруді жүргізеді;
3) жедел-iздестiру қызметiн және жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдарының әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешiмдерiне шағымдар мен өтiнiштердi қарайды;
4) Конституцияға, заңдарға және Республика Президентiнiң актiлерiне қайшы келетiн, жедел-iздестiру қызметін және жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдар шығаратын жедел-iздестiру іс-шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін ұйымдастыруды және өткiзу тактикасын регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерге наразылық білдіреді;