40-бап. Қарсы талап қою және қарсы талаптарды есепке алу
1. Қарсы талаптың талап қоюшының талаптарымен өзара байланысы болған жағдайларда, сондай-ақ төрелiктiң қарсы талап қоюды төрелiк келiсiмге сәйкес қарауы мүмкiн болатын жағдайларда жауапкер талап қоюшыға қарсы талап қоюға құқылы.
2. Егер тараптар қарсы талап қою үшiн өзге мерзiмге келiспесе, қарсы талап қою төрелiк шешiм қабылдағанға дейiн төрелiк талқылау барысында қойылуы мүмкiн.
3. Қарсы талап қою осы Заңның 23-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес келуге тиiс.
4. Талап қоюшы төрелiк талқылау регламентiнде немесе қағидаларында көзделген тәртiппен және мерзiмдерде қарсы талап қоюға қарсылықтарын ұсынуға құқылы.
5. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда жауапкер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарын сақтай отырып, қарсы талап қоюды есепке алуды талап етуге құқылы.
5-тарау. ТӨРЕЛІКТЕ ДАУДЫ ШЕШУГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ШЫҒЫСТАР
41-бап. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстар
1. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарға:
1) төрешiлердiң гонорары;
2) төрешiлердiң төрелiкте талқылауға қатысуына байланысты шеккен шығыстары, оның iшiнде дау қаралатын жерге жол жүру, онда тұру және тамақтану ақысының шығыстары;
3) сарапшыларға және аудармашыларға төленуге тиiстi сомалар;
4) төрешiлердiң жазбаша және заттай айғақтарды олардың тұрған жерiнде тексеріп қарауға және зерттеуге байланысты шеккен шығыстары;
5) куәлар шеккен шығыстар;
6) төрелiк шешiм өз пайдасына шығарылған тараптың өкiлі көрсеткен қызметтердiң ақысын төлеуге жұмсалған шығыстар;
7) төрелiк талқылауды ұйымдастыруға және материалдық қамтамасыз етуге жұмсалған шығыстар кiредi.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiкте төрешiлер гонорарының мөлшері тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде көзделген төрешiлер гонорарларының шәкiлiне сәйкес айқындалады.
Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде төрешiлер гонорарының тіркелген мөлшерiне нұсқау болмаған кезде төрелiк құрамы төрешi гонорарының мөлшерiн дау бойынша талқылаудың әрбiр нақты жағдайында, талап қоюдың бағасын, даудың күрделiлiгiн, төрешiлердiң төрелiк талқылауға жұмсаған уақытын және iске қатысты кез келген басқа да мән-жайларды ескере отырып, айқындауы мүмкiн.
3. Төрелiкте нақты дауды шешу үшiн төрешiлер гонорарының мөлшерi тараптардың келiсiмi бойынша айқындалады, ал мұндай келiсiм болмаған кезде тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiк үшiн көзделген тәртiппен нақты дауды шешуге арналған төрелiк айқындайды.
42-бап. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу
1. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды тараптар арасында бөлудi төрелiк тараптардың келiсiмiне сәйкес, ал мұндай келiсiм болмаған кезде қанағаттандырылған және қабылданбаған талаптарға барабар жүргiзедi.
2. Егер келтiрiлген шығыстарды өтеу туралы талап төрелiкте талқылау барысында мәлiмделсе және оны төрелiк қанағаттандырған болса, төрелiктiң шешiмi өз пайдасына шешiлген тараптың өкiлі көрсеткен қызметтердің төлеміне жұмсалған шығыстар, сондай-ақ төрелiк талқылауға байланысты өзге де шығыстар төрелiктiң шешiмi бойынша екінші тарапқа жатқызылуы мүмкiн.
3. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу төрелiктiң шешiмiнде немесе ұйғарымында көрсетiледi.
4. Талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан кезде оған келтірілген шығыстарды жауапкер өтемейді.
43-бап. Төрелікте дауларды шешуге байланысты шығыстарды қамтамасыз ету
1. Төрешілер өздері төрелікте дауларды шешуге байланысты шеккен шығыстарының қамтамасыз етілуін тараптардан талап етуге құқылы. Төрешілер жекелеген талаптарға қатысты жекелеген қамтамасыз етуді айқындауға құқылы. Егер тараптардың бірі төрешілер белгіленген мерзімде талап етілетін қамтамасыз етудің өз бөлігін бермесе, басқа тарап қамтамасыз етуді толық енгізуі мүмкін. Егер талап етілетін қамтамасыз етуді тараптар бермесе, төрешілер талқылауды толық немесе ішінара тоқтатуға құқылы.
Төрешілер берілген қамтамасыз етуді шығыстарды жабу мақсатында төрелік талқылау процесінде пайдалануға құқылы. Төрешілер түпкілікті шешімде өз өтемақысы туралы мәселені шешкеннен кейін және осы бөліктің шешімі мәжбүрлі түрде орындалуы мүмкін болғанда, егер тараптар шешімге сәйкес төлем міндеттерін орындамаса, төрешілер қамтамасыз ету есебінен төлемді алуға құқылы.
2. Тараптар бірлесіп қатыспаған төрешілерге өтемақы төлеу туралы келісім жарамсыз болып табылады. Толық қамтамасыз етуді берген тарап атқарылған жұмыстың өтемақысын жабу мақсатында төрешілердің барлық қамтамасыз етуді пайдалануына келісуге құқылы.
3. Төрешілер шешім шығаруды өтемақының төлену-төленбеуіне тәуелді етуге құқылы емес.
6-тарау. ТӨРЕЛІК ШЕШІМДІ ШЫҒАРУ ЖӘНЕ ТАЛҚЫЛАУДЫ ТОҚТАТУ. ТӨРЕЛІК ШЕШІМНІҢ КҮШІН ЖОЮ
44-бап. Даудың мәніне қолданылатын нормалар
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Төрелiк дауды тараптар дауды қарауда қолдану ретінде таңдаған құқық нормаларына сәйкес шешедi. Қандай да бiр мемлекеттiң құқығына немесе құқық жүйесiне кез келген сiлтеме жасау оның коллизиялық нормаларына емес, осы мемлекеттiң материалдық құқығына тiкелей сiлтеме ретiнде түсiндiрiлуге тиiс.
Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғалары арасындағы дау қаралған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасы қолданылады.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тараптардың қолданылатын құқық туралы келiсiмi болмаған жағдайда, қолданылатын құқықты төрелiк осы жағдайда қолдануға болады деп өзі есептеген коллизиялық нормаларға сәйкес айқындайды.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Нақты қатынасты реттейтiн құқық нормалары болмаған кезде төрелiк осы қатынастарға қолданылатын iскерлiк айналымның дағдыларына сәйкес шешiм қабылдайды.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Даулы қатынастар заңнамада немесе тараптардың келісімінде тікелей реттелмеген және оларға қолданылатын дағдылар болмаған жағдайларда, мұндай қатынастарға, бұл олардың мәніне қайшы келмейтіндіктен, ұқсас құқықтық қатынастарды реттейтiн құқық нормалары қолданылады, ал мұндай нормалар болмаған кезде дау азаматтық заңнаманың жалпы бастаулары мен мағынасы негiзге алына отырып шешіледi.
45-бап. Төрелік шешімді қабылдау
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Төрелік iстiң мән-жайы зерттелгеннен кейiн төрелік құрамына кiретiн төрешілердің көпшiлiк даусымен шешiм қабылдайды.
Егер регламентте өзгеше көзделмесе, шешім төрелік отырысында жарияланады. Төрелік шешiмнiң тек қарарлық бөлiгiн жариялауға құқылы. Мұндай жағдайда, егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, шешiмнiң қарарлық бөлiгi жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн iшiнде тараптарға уәжді шешiм жiберiлуге тиiс.
Төрелік мүшелерiнiң көпшiлiгiнiң шешiмiмен келiспеген төреші өзiнiң айрықша пiкiрiн жазып беруге құқылы, ол шешiмге қоса тiркеледi. Тараптар төрешінің айрықша пiкiрiмен танысуға құқылы.
2. Төрелік, егер оны қажет деп таныса, шешiм қабылдауды кейiнге қалдыруға және тараптарды қосымша отырысқа шақыруға құқылы.
3. Төрелік шешiм төреліктің талқылау орнында қабылданған болып есептеледi және оған төреші (төрешілер) қол қойған күнi күшiне енедi.
46-бап. Бiтiмгершiлiк келiсiм және дауды медиация тәртібімен реттеу
1. Егер тараптар дауды төрелiк талқылау барысында, оның ішінде Қазақстан Республикасының медиация туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, медиация тәртібімен реттесе, төрелiк талқылауды тоқтатады және тараптардың өтiнiшi бойынша бұл реттеудi келiсiлген шарттарда төрелiк шешім ретiнде тiркейдi.
2. Келiсiлген шарттардағы төрелiк шешім осы Заңның 45-бабының ережелерiне сәйкес шығарылуға тиiс. Мұндай шешім даудың мәнi бойынша шығарылған төрелiк шешiм сияқты да орындалуға тиiс.
47-бап. Төрелік шешімнің нысаны мен мазмұны
1. Төрелiк шешiм жазбаша нысанда жазылады және оған төрешiлер (жеке-дара төреші) қол қояды.
Егер төрелiк талқылау алқалы түрде жүзеге асырылса, онда қандай да бір төрешінің қойылған қолы жоқ болған жағдайда, оның болмау себептері көрсетіледі. Төрелік шешiмге ерекше пiкiрi бар төрешi қол қоймауы мүмкін, оның пікірі жазбаша нысанда төрелік шешімге қоса берілуге тиіс.
2. Төрелік шешімде:
1) шешімнің қабылданған күні;
2) осы Заңның 22-бабына сәйкес айқындалған төрелік талқылаудың орны;
3) төрелік құрамы;
4) төрелік құзыретінің негіздемесі;
5) дау тараптарының атауы, олардың өкілдерінің өкілеттіктері көрсетіле отырып, тектері, аты-жөндері, лауазымдары;
6) талап қоюшының талаптары және жауапкердің қарсылықтары;
7) даудың мәні;
8) төрелік анықтаған істің мән-жайлары, осы мән-жайлар туралы төреліктің тұжырымдары негiзделген дәлелдемелер, төрелік шешiм қабылдау кезiнде басшылыққа алған нормативтiк құқықтық актiлер;
9) әрбiр мәлiмделген талап арыз талабын қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы төреліктің тұжырымдары;
10) төрелікте дауды шешуге байланысты шығыстардың сомасы, көрсетілген шығыстардың тараптар арасында бөлiнуi және қажет болған жағдайда қабылданған шешiмдi орындаудың мерзiмi мен тәртiбi көрсетiлуге тиiс.
48-бап. Төреліктің ұйғарымы
Дау мәнін қозғамайтын мәселелер бойынша уәжді ұйғарымдар шығарылады.
49-бап. Төрелiк талқылауды тоқтату
1. Төрелiк талқылау осы баптың 2-тармағында көрсетілген негiздер бойынша төрелiк талқылауды тоқтату туралы ұйғарым шығару арқылы тоқтатылады.
2. Төрелiк, егер:
1) жауапкер даудың мәнi бойынша шешiлуiне өзiнiң заңды мүддесiнiң болуына байланысты төрелiк талқылауды тоқтатуға қарсылығын мәлiмдемесе ғана, талап қоюшы өзiнiң талабынан бас тартқан және төрелiк бас тартуды қабылдаған;
2) төрелiктің қарауына берiлген дау оның құзыретiне жатпаған;
3) сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысанасы туралы және сол негiздер бойынша қабылданған заңды күшiне енген соттың шешімі немесе төрелiк шешiм болған;
4) тараптар төрелiк талқылауды тоқтату туралы келiсiмге келген;
5) төрелiк талқылау тарапы болып табылатын заңды тұлға таратылған;
6) төрелiк талқылаудың тарапы болып табылатын жеке тұлға қаза тапқан не ол қайтыс болды деп жарияланған не хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда, төрелiк талқылауды тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
50-бап. Төрелік шешiмдi түзету және түсiндiру. Қосымша төрелік шешiм
1. Егер тараптар келісімімен немесе регламентте өзге мерзiм белгіленбесе, төрелiк шешiмдi алғаннан кейiн күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде:
1) тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктен шешiмдегi есептеулерде жол берiлген кез келген қателердi, жаңылыс жазуларды немесе жаңсақ жазылымдарды не осындай сипаттағы өзге де қателердi түзетудi өтiнуi мүмкiн;
2) тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктен қабылданған шешiмнiң қандай да бiр нақты тармағына немесе бөлiгiне түсiнiктеме берудi өтiнуi мүмкiн.
Егер, төрелiк өтiнiштi негiздi деп санаса, оны алғаннан кейiн, егер регламентте немесе тараптар келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, күнтiзбелiк отыз күн iшiнде тиiстi түзетулер енгiзуге немесе түсiнiктеме беруге тиiс. Төрелiк шешiмге шығарылған түсiнiктеме төрелiк шешiмнiң ажырамас бөлiгі болып табылады.
2. Егер регламентте немесе тараптар келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, төрелiк шешiм шығарылған күннен бастап есептегенде күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде төрелiк өз бастамасы бойынша, тараптарға тиісінше хабарлағаннан кейін осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген кез келген қатенi түзете алады.
3. Егер, тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, онда тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктiң шешiмiн алғаннан кейiн төрелiк талқылау барысында мәлiмделген, алайда шешiмде көрiнiс таппаған талаптарға қатысты қосымша шешiм шығаруды күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде төрелiктен өтiнуi мүмкiн. Егер төрелiк өтiнiштi негiздi деп санаса, оны алғаннан кейiн күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде қосымша төрелiк шешiм шығаруы тиiс.
4. Төрелiк қажет болған жағдайда мерзiмдi ұзарта алады, бiрақ бұл мерзiм күнтiзбелiк алпыс күннен аспауға тиiс, осы мерзiм iшiнде осы баптың 1 немесе 3-тармақтарына сәйкес қателердiң түзетiлуi, түсiнiктеме берiлуi немесе қосымша төрелiк шешiм шығарылуы қажет.
51-бап. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша төрелік шешімді қайта қарау
1. Төрелік шешiм төрелік келiсiм тараптарының бiрiнiң немесе құқықтары жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғалған өзге де тұлғаның арызы бойынша қайта қаралуы мүмкiн. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша төрелік шешiмдi қайта қарау негiздемелерi:
1) заңсыз не негiзсiз шешiмнiң қабылдануына әкеп соққан, күшiне енген сот үкiмiмен белгіленген куәнiң көрiнеу жалған жауаптары, сарапшының көрiнеу жалған қорытындысы, көрiнеу бұрыс аударма, құжаттардың не заттай дәлелдемелердiң жалғандығы;
2) күшiне енген сот үкiмiмен белгіленген тараптардың, iске қатысушы басқа адамдардың не олардың өкiлдерiнiң қылмыстық iс-әрекеттерi немесе төрешінің осы iстi қарау кезiнде жасаған қылмыстық әрекеттерi;
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) төреліктің төрелік шешім шығарған кезде қолданған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының конституциялық емес деп тануы болып табылады.
2. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша төрелік шешiмдi қайта қарау туралы арыз осы Заңда айқындалған тәртiппен қайта қарау үшiн негiз болған мән-жайлар белгіленген күннен бастап, егер регламентте немесе тараптар келісімінде өзгеше мерзім белгіленбесе, үш ай iшiнде берiледi және шешiм шығарған төрелікте қаралады.
Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істерді төрелік бір айға дейінгі мерзімде қарайды және шешеді.
Төреліктің, оның iшiнде бұрынғы құрамда шешiм шығарған тұрақты жұмыс істейтін төреліктің отырысын өткiзу мүмкiн болмаған кезде, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша шешiмдi қайта қарау туралы арызды осы Заңда белгiленген тәртiппен құрылған төреліктің жаңа құрамы қарайды.
52-бап. Төрелiк шешiмнiң күшін жою негізі
1. Соттың төрелік шешімнің күшін жоюы үшін оның күшін жою туралы өтінішхатты мәлімдеген тарап:
1) төрелiк шешiмнiң төрелiк келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына дөп келмейтін мәселе бойынша шешімді қамтитындығы не төрелiк келiсiмнiң шегiнен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулыны қамтитындығы, сондай-ақ даудың төрелiктiң ведомстволық қарауына жатпайтыны туралы дәлелдемелерді ұсынуға тиіс.
Егер төрелiк келiсiмде қамтылған мәселелер бойынша төрелiк шешiмдерді осындай келiсiмде қамтылмайтын мәселелер бойынша шешiмдерден бөлiп алу мүмкiн болса, онда төрелiк шешiмнің төрелiк келiсiмде қамтылмайтын мәселелер бойынша шешiмді қамтитын бөлiгiнің ғана күшi жойылуы мүмкін;
2) сот төрелiк келiсiм тараптарының бiрiн әрекетке қабiлетсiз деп танығандығы немесе тараптар төрелік келісімді жасауға негізге алған заң бойынша, ал мұндай заңға сілтеме болмаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк келiсiмнің күшінің жоқтығы;
3) төрешiнiң тағайындалуы туралы немесе төрелiк талқылау туралы тараптың тиiстi түрде хабардар болмағандығы немесе сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өзiнiң түсiндiрулерiн ұсына алмағандығы;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) төрелік құрамы немесе талқылаудың төрелік рәсiмi тараптардың келiсiміне сәйкес келмегендігі, егер тек мұндай келісім тараптар бас тарта алмайтын осы Заңның кез келген ережесіне қайшы келмесе, немесе мұндай келісім болмаған кезде осы Заңға сәйкес келмегендігі;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша шығарылған заңды күшiне енген соттың шешімі немесе төрелiк шешiм не талап арыз берушінің талап арыздан бас тартуына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы соттың немесе төреліктің ұйғарымы болғаны туралы дәлелдемелерді ұсынуға тиіс.
6) 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2. Мыналар:
1) төрелік шешім Қазақстан Республикасының жариялы тәртібіне қайшы келетіндігі;
2) төрелік шешім шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелік талқылау нысанасы болып табылмайтыны айқындалған жағдайда сот төрелік шешімнің күшін жояды.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты, атқару парағын беруден бас тартуды қараған кезде сот төреліктің шешімін мәні бойынша қайта қарауға құқылы емес.
53-бап. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат
1. Төрелік шешімнің күшiн жою туралы өтiнiшхат Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес сотқа беріледі.
2. Төрелік шешімнің күшiн жою туралы өтiнiшхат, осы өтiнiшхатты мәлiмдеген тараптың төрелiк шешiмдi алған күнiнен бастап, ал өтiнiш осы Заңның 51-бабына сәйкес берiлген жағдайда, осы өтiнiш бойынша төрелiк шешiм шығарылған күннен бастап, бір ай өткен соң мәлiмделе алмайды.
3. Сот тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша төрелiк талқылауды жаңарту үшiн не төрелiк шешiмнің күшін жоюдың негiзiн жоюға мүмкiндiк беретiн өзге де шараларды қолдану үшiн төрелiк шешiмнiң күшiн жою туралы өтiнiшхат бойынша iс жүргiзудi белгiлi бiр мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
Егер төрешілер жаңа шешім шығарса, тарап сот белгілеген мерзім ішінде талап арыз ұсынбай шешімнің жаңартылған төрелік талқылауға немесе бастапқы шешімдегі өзгерістерге қатысты бөлігінде шешімнің күшін жою туралы өтініш беруге құқылы.
4. Сот төрелiк шешiмнiң күшiн жою туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарымға Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
7-тарау. ТӨРЕЛІК ШЕШІМДЕРДІ ТАНУ ЖӘНЕ ОРЫНДАУ
54-бап. Қазақстан Республикасында төрелiк шешiмді тану және орындау
1. Төрелiк шешiм мiндеттi деп танылады және сотқа жазбаша арыз берiлген кезде Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес орындалады.
2. Егер төрелік шешімде мерзім белгіленбесе, онда ол дереу орындалуға жатады.
55-бап. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату
1. Егер төрелік шешім ондағы белгіленген мерзімде ерікті түрде орындалмаса, онда ол мәжбүрлеп орындатуға жатады.
2. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға сот берген атқару парағы негізінде төрелік шешімді орындау кезінде қолданылатын атқарушылық іс жүргізу қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
3. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арыз Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес сотқа беріледі.
56-бап. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатумен байланысты шығыстарды өндіріп алу
Төрелік шешiмді мәжбүрлеп орындатуға байланысты қосымша шығыстар шешiмдi еріктi түрде орындамаған тарапқа жүктеледi.
57-бап. Төрелiк шешiмдi танудан және (немесе) орындаудан бас тарту үшiн негiздер
1. Сот мына негiздер бойынша:
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) өзіне қарсы төрелік шешім қабылданған тарап сотқа:
төрелiк келiсiмнiң - тараптар төрелік келісімді жасауға негізге алған қайсыбір мемлекеттiң заңдары бойынша, ал мұндай заңға сілтеме болмаған кезде - шешім шығарылған елдің заңы бойынша жарамсыз болып табылатынына;
төрелiк шешiмнің төрелiк келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына дөп келмейтін дау бойынша шығарылғандығына не төрелiк келiсiмнiң шегiнен шығатын мәселелер бойынша қаулыдан тұратынына, сондай-ақ даудың төрелiктiң ведомстволық қарауына жатпаса да шығарылғандығына дәлелдемелер ұсынса.
Егер төрелiк келiсiмде қамтылатын мәселелер бойынша төрелiк шешiмдi осындай келiсiмде қамтылмайтын мәселелер бойынша шешiмдерден бөлiп алу мүмкiн болса, онда төрелiк шешiмнiң төрелiк келiсiмде қамтылған бөлiгiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тартылмайды;
төрелiк келiсiм тараптарының бiреуiн соттың әрекетке қабiлетсiз не әрекет қабiлетi шектеулi деп танығанына;
өзiне қарсы шешiм шығарылған тарап төрешiнiң тағайындалуы туралы немесе төрелiк талқылау туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегенiне немесе төрелiкке сот дәлелдi деп таныған басқа да себептермен өз түсiнiктерiн бере алмағанына;
сол бiр тараптардың арасындағы дау бойынша, сол бiр нысана туралы және сол бiр негiздер бойынша шығарылған, заңды күшiне енген соттың шешiмi немесе төрелiк шешiм не талап қоюшының талап қоюдан бас тартуына байланысты iс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы соттың немесе төрелiктiң ұйғарымы болғанына;
төрелік құрамы немесе төреліктің талқылау рәсімі тараптардың келісіміне сәйкес келмегеніне немесе мұндай болмаған кезде төрелік талқылау өткізілген елдің заңдарына сәйкес келмегеніне;
шешiм тараптар үшiн әлi де мiндеттi емес болғандығына немесе күшi жойылғандығына немесе оның орындалуын өз заңына сәйкес шешiм шығарған елдiң соты тоқтатып қойғандығына дәлелдемелер ұсынса;
2) сот осы төрелiк шешiмдi тану және (немесе) орындау Қазақстан Республикасының жария тәртiбiне қайшы келедi деп немесе төрелiк шешiм шығарылған дау осы Заңға сәйкес төрелiк талқылаудың нысанасы болып табыла алмайды деп белгілесе, төрелiк шешiмнiң қай елде шығарылғанына қарамастан, оны танудан және (немесе) орындаудан бас тартады.
2. Сот төрелiк шешiмдi тану және (немесе) орындау туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарымға Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
58-бап. Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
59-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасында құрылған халықаралық төреліктер мен аралық соттар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде өздерінің ережелеріне, жарғыларына немесе регламенттеріне тиісті өзгерістер енгізуге міндетті.
2. Осы Заңның 11-бабында көрсетілген Қазақстанның төрелік палатасын құру үшін алғашқы құрылтай жиналысын өткізуге байланысты ұйымдастырушылық мәселелер Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жүктеледі.
60-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Мыналардың:
1) «Аралық соттар туралы» 2004 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 24, 151-құжат; 2009 ж., № 9-10, 47-құжат; 2010 ж., № 3-4, 12-құжат; 2012 ж., № 6, 43-құжат; № 14, 93-құжат; 2013 ж., № 15, 76-құжат; 2014 ж., № 16, 90-құжат);
2) «Халықаралық төрелiк туралы» 2004 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 24, 152-құжат; 2010 ж., № 3-4, 12-құжат; 2013 ж., № 15, 76-құжат; 2014 ж., № 12, 82-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2016 жылғы сәуірдің 8-і.
№ 488-V