Селекциялық жетістіктердің патентке қабілеттілігіне сараптама жүргізуге арналған өтінімді қарау ережесін бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 310 қаулысына толықтыру мен өзгеріс енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 15 тамыздағы № 751 Қаулысы
Осы редакция 2016 жылғы 24 ақпанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі және «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» 1998 жылғы 9 шілдедегі заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Селекциялық жетістіктердің патентке қабілеттілігіне сараптама жүргізуге арналған өтінімді қарау ережесі бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 310 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 14, 168-құжат) мынадай толықтыру мен өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ережеде:
13-тармақ мынадай мазмұндағы 55-1) тармақшамен толықтырылсын:
«55-1) мал шаруашылығындағы жаңа селекциялық жетістіктерді сынауды және сапасын анықтауды жүргізеді;»;
14-тармақтың 128) тармақшасы алынып тасталсын.
3. Осы қаулы жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 15 тамыздағы
№ 751 қаулысымен
бекітілген
Селекциялық жетістіктердің патентке қабілеттілігіне
сараптама жүргізуге арналған өтінімді қарау ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Селекциялық жетістіктердің патентке қабілеттілігіне сараптама жүргізуге арналған өтінімді қарау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі және «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» 1998 жылғы 9 шілдедегі заңдарына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді.
Ереже селекциялық жетістіктердің жануарлардың шығарылған тұқымдарының, ішкі тұқымдық (аймақтық) және зауыттық үлгілерінің, зауыттық желілерінің, тұқым топтарының, құстар кростарының патентке қабілеттілігіне, сондай-ақ олардың жаңалық, ерекшелік, біртектілік және тұрақтылық шарттарына сәйкестігіне сараптама жүргізуге арналған өтінімді қарау тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) патентке қабілеттілігі - жануарлардың шығарылған тұқымдарының, ішкі тұқымдық (аймақтық) және зауыттық үлгілерінің, зауыттық желілерінің, тұқым топтарының, құстар кростарының жаңалық, ерекшелік, біртектілік және тұрақтылық өлшемдеріне сәйкестігі;
2) сараптама ұйымы - мемлекеттік монополияға (селекциялық жетістіктерді қорғау саласында қызметтер көрсету) жатқызылған салаларда қызметті жүзеге асыратын селекциялық жетістіктерді қорғау саласындағы уәкілетті органға ведомстволық бағынысты ұйым;
3) сипаттау (монография) - селекциялық жұмыстың мақсаттары мен шаруашылық-пайдалы, биологиялық, зоотехникалық, экстерьерлік-конституциялық қасиеттерін, жануарларды күтіп ұстау және азықтандыру шарттарын сипаттайтын нәтижелерді, өнімнің өнеркәсіптік өндіріс жағдайларына икемділігін, шығару (жасау) әдістерін, сапасын анықтауға ұсынылатын селекциялық жетістіктің генеалогиялық құрылымы мен экономикалық тиімділігін ашатын мал шаруашылығындағы селекциялық жетістіктердің белгілері;
4) сараптама - болжанып отырған селекциялық жетістіктің негізгі селекциялық белгілер мен ең аз құрылымдық бірліктерге сәйкестігіне бағалау;
5) сапасын анықтау - болжанып отырған жаңа селекциялық жетістікті патент қабілеттілігіне сәйкестігіне тексеру;
6) селекциялық жетістіктерді қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және селекциялық жетістіктерді қорғау саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
3. Селекциялық жетістіктердің патентке қабілеттілігіне сараптама жүргізуге арналған өтінімді қарауды Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган құратын Тұқымдарды сынақтан өткізу және сапасын анықтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы (бұдан әрі - Мемлекеттік комиссия) жүзеге асырады.
2. Селекциялық жетістіктің патентке қабілеттілігіне
сараптама жүргізуге арналған өтінімді қарау тәртібі
4. Патент беруге арналған өтінім сараптама ұйымына беріледі.
5. Өтінім берілген күннен бастап екі ай өткен соң сараптама ұйымы ол бойынша алдын ала сараптама жүргізеді. Алдын ала сараптама жүргізу барысында өтінім басымдығының күні белгіленеді, қажетті құжаттардың болуы және оларға белгіленген талаптардың орындалуы тексеріледі. Патент беруге арналған өтінімді алдын ала сараптау екі ай мерзімде жүргізіледі.
6. Алдын ала сараптаманың оң нәтижесін алған кезде уәкілетті орган өтінімді одан әрі қарау туралы шешім қабылдайды. Өтінімнің және селекциялық жетістік сауалдарының көшірмелері Мемлекеттік комиссияға жіберіледі.
7. Мемлекеттік комиссия ұсынылған құжаттардың көшірмелерін тіркеуді жүзеге асырады.
8. Мемлекеттік комиссияның өтінімді қарауы қабылданған әдістемеге сәйкес сол жерге барып, ұсынылатын асыл тұқымды материалдың селекциялық жетістігінің патентке қабілеттілігіне сараптама жүргізуді және сапасын анықтауды қамтиды.
9. Сараптама жүргізу мен сапасын анықтау нәтижелерін алғаннан кейін Мемлекеттік комиссия бір ай мерзімде өтінім берушіні оның нәтижелері туралы хабардар етеді.
10. Мемлекеттік комиссия Қазақстан Республикасының, сондай-ақ тиісті шарттар жасасқан басқа да мемлекеттердің басқа ұйымдары жүргізген сынақтардың нәтижелерін және өтінім беруші ұсынған деректерді пайдалануға құқылы.
11. Жүргізілетін селекциялық жетістіктің сараптамасы мен сапасын анықтау нәтижелерін Мемлекеттік комиссия қорытынды түрінде ресімдейді және оны үш данада сараптама ұйымына жібереді.
Қажет болған кезде қорытынды селекциялық жетістіктің дұрыстығын сипаттайтын тиісті материалдармен (суреттер, схемалар, фотосуреттер) толықтырылады.
12. Селекциялық жетістік патентке қабілеттілік шарттарына сәйкес келген кезде Мемлекеттік комиссия селекциялық жетістіктің ресми сипаттамасын жасайды, уәкілетті орган оның негізінде патент беру туралы шешім қабылдайды.
13. Егер сараптама жүргізу кезінде селекциялық жетістіктің патентке қабілеттілік талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталса, уәкілетті орган Мемлекеттік комиссияның қорытындысы негізінде патент беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды, бұл туралы өтінім берушіге бір ай мерзімде жазбаша хабарлама жіберіледі.
Өтінім беруші уәкілетті органға патент беруден бас тарту туралы шешімге оны алған күннен бастап үш ай мерзімде шағым бере алады. Шағымды апелляциялық кеңес ол түскен күннен бастап үш ай мерзімде қарауға тиіс.
Апелляциялық кеңестің шешіміне өтінім беруші шешімді алған күннен бастап алты ай ішінде сотқа шағым жасауы мүмкін.
14. Өтінім беруші сараптамада қарсы қойылған барлық материалдармен таныса алады. Өтінім беруші сұрау салатын материалдардың көшірмелерін уәкілетті орган оған сұрау салу алынған күннен бастап бір ай мерзімде жібереді.