2. Жасалған технологиялық меморандумдардың негiзiнде ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және олармен үлестес заңды тұлғалар тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердi беруге индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiмен шарттар жасасу арқылы кепiлдік берiлген тапсырысты орналастырады. Көрсетiлген шарттардың талаптары бағаны, сапаны, қолжетiмдiлiктi, тасымалдау шарттарын қоса алғанда, ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың және олармен үлестес заңды тұлғалардың коммерциялық мүдделерiне сай келуге тиiс және Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiне қайшы келмеуге тиiс.
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Кепілдік берілген тапсырыс Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды берушілердің дерекқорына енгізілген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді барлық әлеуетті берушілер арасында сатып алу рәсімдерін ұйымдастыру арқылы орналастырылады.
Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң және оларды берушiлердiң дерекқоры отандық тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң және оларды берушiлердiң тiзбесiн білдіреді.
264-бап. Инновациялық гранттар беру
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Инновациялық грант деп инновациялық гранттар берудің басым бағыттары шеңберінде индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің индустриялық-инновациялық жобаларын іске асыру үшін оларға өтеусіз негізде берілетін бюджет қаражаты түсініледі.
Инновациялық гранттар беруді технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институтын тарта отырып, инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Инновациялық гранттар индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруды қоса қаржыландыру арқылы беріледі.
3. Инновациялық гранттар:
1) технологияларды коммерцияландыруға;
2) салаларды технологиялық дамытуға;
3) кәсіпорындарды технологиялық дамытуға беріледі.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Инновациялық гранттарды беру кезінде инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган бекітетін Инновациялық гранттарды беру қағидаларына сәйкес сараптама жүргізіледі.
Инновациялық гранттарды беру қағидаларында инновациялық гранттар беру кезінде қойылатын өлшемшарттар белгіленеді.
5. Технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты гранттар берілген индустриялық-инновациялық жобалар бойынша жоспарланған мақсаттарға қол жеткізуді талдау мақсатында берілген инновациялық гранттарға мониторинг жүргізеді.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi орган мен технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты арасында жасалатын шарт негiзiнде инновациялық гранттар беруге бөлiнген қаражатты басқаруды жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының резидентi - екiншi деңгейдегi банкте ағымдағы шот ашады.
Қаржы жылының соңына есептелетiн ағымдағы шоттағы қаражат қалдықтары инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға және тиiсiнше мемлекеттiк бюджетке қайтаруға жатпайды, келесi қаржы жылында инновациялық гранттар беруге жұмсалады. Инновациялық гранттар беруге арналған ақшаның жалпы көлемi барлық инновациялық гранттар арасында бөлiнедi.
265-бап. Бiлiктi кадр ресурстарымен қамтамасыз ету
1. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн бiлiктi кадр ресурстарымен қамтамасыз ету экономиканың басым секторлары үшiн мамандарды даярлауға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын орналастыру арқылы жүзеге асырылады.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Индустриялық және инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органдар тиiстi мамандарға қажеттiлiк туралы индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерi ұсынатын мәлiметтер негiзiнде экономиканың басым секторлары үшiн мамандар даярлау қажет етiлетiн мамандықтардың тiзбесiн айқындау жөнінде ұсыныстарды қалыптастырады.
Бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган индустриялық және инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органдар ұсынатын мәлiметтер негiзiнде экономиканың басым секторлары үшiн мамандар даярлау қажет етiлетiн мамандықтардың тiзбесiн айқындауға және соның негiзiнде мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын қалыптастыруға мiндеттi.
266-бап. Инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету
1. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету:
1) бәсекеге қабiлеттi жаңа өндiрiстердi құру;
2) жұмыс iстеп тұрған өндiрiстердi жаңғырту (техникалық қайта жарақтандыру) және кеңейту үшiн жүзеге асырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген бағыттарға сәйкес келетiн индустриялық-инновациялық жобаларды iске асыратын индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға (реконструкциялауға) бюджет қаражатын бөлу арқылы жүзеге асырылады.
3. Инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға (реконструкциялауға) бюджет қаражатын бөлу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
267-бап. Жер учаскелерiн және жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру
Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне жер учаскелерiн және жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру:
1) Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес уақытша жер пайдалану құқығында жер учаскелерiн бөлу;
2) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тiкелей келiссөздер негiзiнде конкурс өткiзбестен, өндiрiстiк қызметке (технологиялық циклға) байланысты пайдалы қазбаларды барлауға, өндiруге, бiрлескен барлау мен өндiруге арналған операцияларды жүргiзуге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру арқылы жүзеге асырылады.
268-бап. Iшкi нарықта қолдау
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне сервистiк қолдау көрсетудi және олардың отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi iшкi нарықта ілгерілету бойынша шығындарының бiр бөлiгiн өтеудi индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкiлеттi орган жергiлiктi қамтуды дамыту саласындағы ұлттық даму институтын тарта отырып жүзеге асырады.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Iшкi нарықта индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн сервистiк қолдау:
1) жеке және заңды тұлғаларды тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды берушiлердiң дерекқорында өтеусiз тiркеу;
2) әлеуеттi тапсырыс берушiлер, отандық тауар өндiрушiлер және жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердi отандық берушiлер туралы ақпаратты жергiлiктi қамтуды дамыту саласындағы ұлттық даму институтының интернет-ресурсына орналастыру арқылы жүзеге асырылады.
Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды берушiлердiң дерекқорын қалыптастыру және жүргiзу тәртiбiн индустриялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерi шығындарының бiр бөлiгiн өтеу:
1) индустриялық-инновациялық жобаның кешендi жоспарын әзiрлеуге немесе оған сараптама жасауға тартылған консалтингтiк ұйымдардың қызметiне ақы төлеу;
2) отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi iшкi нарықта ілгерілету бойынша шығындарды өтеу арқылы жүзеге асырылады.
Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң отандық өңделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi iшкi нарықта ілгерілету бойынша шығындарының бiр бөлiгiн өтеу қағидаларын индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Жергiлiктi қамтуды дамыту саласындағы ұлттық даму институты индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкiлеттi орган мен жергiлiктi қамтуды дамыту саласындағы ұлттық даму институты арасында жасалатын шарт негiзiнде индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi iшкi нарыққа ілгерілету бойынша шығындарын өтеуге бөлiнген қаражатты басқаруды жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының резидентi - екiншi деңгейдегi банкте ағымдағы шот ашады.
Қаржы жылының соңына есептелетiн ағымдағы шоттағы қаражат қалдықтары индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкiлеттi органға және тиiсiнше мемлекеттiк бюджетке қайтаруға жатпайды, ал келесi қаржы жылында индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi iшкi нарыққа ілгерілету бойынша шығындарын өтеуге жұмсалады.
269-бап. Шетелдiк инвестицияларды тарту
Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн сервистiк қолдау шаралары шетелдiк инвестицияларды тарту арқылы қамтамасыз етiледi және:
1) әлеуеттi шетелдiк инвесторларды индустриялық-инновациялық жобаларды iске асыруға қатысуға тарту мақсатында iздестiрудi жүзеге асыруды және олармен келiссөздер жүргiзудi;
2) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн инвестициялық тақырып бойынша бизнес-форумдарға, конференцияларға және семинарларға қатысуға тартуды;
3) индустриялық-инновациялық жобалар туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдiк дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктер мен консулдық мекемелер арқылы шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарында таратуды қамтиды.
270-бап. Отандық өңделген тауарлардың, көрсетiлетiн қызметтердің экспортын дамыту және ілгерілету
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне сервистiк қолдау шараларын ұсынуды және олардың отандық өңделген тауарларды, көрсетiлетiн қызметтердi сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша шығындарының бiр бөлiгiн өтеудi сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкiлеттi орган экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық даму институтын және Ұлттық палатаны тарта отырып жүзеге асырады.
2. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн отандық өңделген тауарларды, көрсетiлетiн қызметтердi сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша сервистiк қолдау шаралары:
1) олардың экспорттық әлеуетiнiң диагностикасы;
2) сауда миссияларын ұйымдастыру және өткiзу, көрме-жәрмеңке қызметiн жүзеге асыру, отандық өндiрушiлердiң тауар белгілерін шетелде ілгерілету және шетелде қазақстандық өндірушілердің ұлттық стендтерін ұйымдастыру;
3) отандық өндiрушiлер және олардың тауарлары, көрсетiлетiн қызметтерi туралы ақпаратты шетелде тұрақты негiзде орналастыру арқылы әлеуеттi шетелдiк сатып алушылардың хабардар болуын арттыру;
4) отандық өңделген тауарлардың және көрсетілетін қызметтердің экспортын дамыту және ілгерілету мәселелерi бойынша ақпараттық және талдамалық қолдау көрсету;
5) отандық өңделген тауарларды, көрсетiлетiн қызметтердi халықаралық гуманитарлық көмек нарығына ілгерілетуге жәрдемдесу;
6) экспорттық саудалық қаржыландыру, кредит беру және сақтандыру тетiктерiн пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
271-бап. Еңбек өнімділігін арттыруды және аумақтық кластерлерді дамытуды қолдау
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне еңбек өнімділігін арттыруға және аумақтық кластерлерді дамытуға мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуды индустрияны дамыту саласындағы ұлттық даму институтын тарта отырып, индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін кластер деп түпкі немесе аралық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірушілерді, жинақтауыштарды, мамандандырылған көрсетілетін қызметтерді берушілерді, өндірістік және өзге де жабдықты өндірушілерді, мамандандырылған инфрақұрылымның өнім берушілерін, ғылыми және зерттеу ұйымдарын, жоғары білім беру ұйымдарын, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын және белгілі бір салалық мамандануы бар басқа да ұйымдарды қамтитын, өзара байланысты және өзара толықтыратын компаниялар мен ұйымдардың географиялық жағынан шоғырландырылған тобы түсініледі.
2. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне еңбек өнімділігін арттыруға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну:
1) кәсіпорынның құзыретін арттыруға;
2) индустриялық-инновациялық жобаның кешенді жоспарын әзірлеуге және (немесе) оған сараптама жасауға;
3) технологиялық процестерді жетілдіруге;
4) өндірісті ұйымдастыру тиімділігін арттыруға жұмсалған шығындарды өтеу арқылы жүзеге асырылады.
3. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне аумақтық кластерлерді дамытуға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну аумақтық кластерлік бастамаларды құру мен іске асыру шеңберінде шығындарды өтеу және өзге де мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну арқылы жүзеге асырылады.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Индустрияны дамыту саласындағы ұлттық даму институты индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган мен индустрияны дамыту саласындағы ұлттық даму институты арасында жасалатын шарт негізінде еңбек өнімділігін арттыруға және аумақтық кластерлерді дамытуға мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға бөлінген қаражатты басқаруды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының резиденті - екінші деңгейдегі банкте ағымдағы шот ашады.
272-бап. Берешекті қайта құрылымдау
1. Берешекті қайта құрылымдау индустриялық-иннновациялық қызмет субъектілерін қаржы-экономикалық сауықтыру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған және (немесе) тоқтап тұрған өндірістердің инвестициялық тартымдылығын жақсарту және (немесе) қалпына келтіру, өндірістерді іске қосу үшін индустриялық-инновациялық жобасын іске асыру мақсатында олар үшінші тұлғалардан қосымша қаржыландыруды тартқан және (немесе) өзінің жылжымалы және (немесе) жылжымайтын мүлкі, оның ішінде ақша түрінде тиісінше қамтамасыз етуді ұсынған жағдайда, пайдаланылатын құралдар ауқымын кеңейту мақсатында жүзеге асырылады.
2. Берешекті қайта құрылымдау төлемдер кестесін өзгерту, құқықтарды (талаптарды) толық немесе ішінара тоқтату, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды), сыйақыны, оның ішінде негізгі борышқа капиталданған сыйақыны, инвестициялық өсімді, негізгі борышты және өзге де дебиторлық берешекті кешіру, инвестициялаудың және (немесе) кредит берудің және (немесе) қаржыландырудың, берешекті жарғылық капиталдарға айырбастаудың мерзімдері мен шарттарын өзгерту арқылы және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен мүмкін болады.
25-тарау. ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ
1-параграф. Инвестициялардың құқықтық режімі
273-бап. Инвестициялық қатынастар
1. Қазақстан Республикасындағы инвестицияларға байланысты қатынастарды реттеу және инвестицияларды ынталандырудың құқықтық және экономикалық негіздерін айқындау, Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асыру кезінде инвесторлардың құқықтарын қорғауға кепілдік беру, инвестицияларды мемлекеттік қолдау шараларын айқындау, инвесторлардың қатысуымен болатын дауларды шешу тәртібі осы Кодексте жүзеге асырылады.
2. Осы Кодекспен:
мемлекеттiк бюджет қаражатынан инвестицияларды жүзеге асыруға;
коммерциялық емес ұйымдарға, оның iшiнде бiлiм беру, қайырымдылық, ғылыми немесе дiни мақсаттар үшiн капитал салуға байланысты қатынастар реттелмейдi.
3. Инвестицияларды жүзеге асыру кезiнде туындайтын және Қазақстан Республикасының өзге заңдарының қолданылу аясына жататын қатынастарға осы тараудың ережелері осындай заңдарға қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
4. Инвестордың жасалған инвестициялық келiсiмшарт бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуына байланысты қатынастар Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасымен реттеледi.
274-бап. Инвестициялар, инвестор, ірі инвестор және инвестициялық қызмет ұғымдары
1. Лизинг шартын жасасқан кезден бастап қаржы лизингi нысанасын, сондай-ақ оларға құқықтарды қоса алғанда, заңды тұлғаның жарғылық капиталына немесе кәсiпкерлiк қызмет үшiн, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын тiркелген активтердi ұлғайтуға инвестор салатын мүлiктiң барлық түрлерi (жеке тұтынуға арналған тауарлардан басқа) инвестициялар болып табылады.
2. Инвестор деп Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар түсініледі.
3. Жеке және заңды тұлғалардың коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысу не кәсiпкерлiк қызмет үшiн, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын тiркелген активтердi құру немесе ұлғайту жөнiндегi қызметi инвестициялық қызмет деп танылады.
4. Ірі инвестор деп Қазақстан Республикасында айлық есептік көрсеткіштің кемінде екі миллион еселенген мөлшерінде инвестицияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға түсініледі.
275-бап. Инвестициялық қызмет объектiлерi
1. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа инвесторлардың кәсiпкерлiк қызметтiң кез келген объектiлерi мен түрлерiне инвестицияларды жүзеге асыруға құқығы бар.
Кәсiпкерлiк қызметтiң инвестициялар жүзеге асырылатын объектiлерi мен түрлерiне қатысты инвесторлардың құқықтары мен мiндеттерi осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және тиiстi шарттарда белгiленедi.
2. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету қажеттiгi негiзге алына отырып, Қазақстан Республикасының заңдарында инвестициялық қызмет шектелетiн немесе оған тыйым салынатын қызмет түрлерi және (немесе) аумақтар айқындалуы мүмкiн.
276-бап. Қазақстан Республикасының аумағында инвесторлардың қызметiн құқықтық қорғау кепiлдiктерi
1. Инвестордың құқықтары мен мүдделерi толық және сөзсiз қорғалады, бұл Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен қамтамасыз етiледi.
2. Мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмейтiн актiлер шығаруы, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының заңсыз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) салдарынан өзiне келтiрiлген зиянды инвестордың Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтетуге құқығы бар.
3. Тараптардың келiсiмi бойынша шарттарға өзгерiстер енгiзiлетiн жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы инвесторлар мен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары арасында жасалған шарттар талаптарының тұрақтылығына кепiлдiк бередi.
Бұл кепiлдiктер:
1) акцизделетiн тауарлар импортының, өндiрiсінiң, оларды өткiзудің тәртiбi мен шарттарын өзгертетiн Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзгерiстерге және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының күшiне енуіне және (немесе) олардың өзгерiстерiне;
2) ұлттық қауiпсiздiктi, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарына енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтыруларға қолданылмайды.
277-бап. Кiрiстердi пайдалану кепiлдiктерi
Инвесторлар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салықтарды және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлегеннен кейiн өзiнiң қызметiнен алынған кiрiстердi өз қалауы бойынша пайдалануға;
2) Қазақстан Республикасының аумағындағы банктерде Қазақстан Республикасының банк және валюталық заңнамасына сәйкес ұлттық валютада және (немесе) шетелдiк валютада банк шоттарын ашуға құқылы.
278-бап. Мемлекеттiк органдардың инвесторларға қатысты қызметiнiң жариялылығы және инвестициялық қызметтi жүзеге асыруға байланысты ақпаратқа инвесторлардың қол жеткiзуiн қамтамасыз ету
1. Инвесторлардың мүдделерiн қозғайтын Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының ресми хабарлары және нормативтiк құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жарияланады.
2. Дауыс беретін акцияларының он пайызынан аз (қатысушылардың жалпы дауыс санының он пайыз дауысынан аз) мөлшерде инвестицияларды жүзеге асырған инвесторларды қоса алғанда, заңды тұлғаларды тiркеу, олардың жарғылары, жылжымайтын мүлiкпен мәмiлелердi тiркеу, берiлген лицензиялар туралы ақпаратқа, сондай-ақ олардың инвестициялық қызметтi жүзеге асыруына байланысты және коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтымайтын, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де ақпаратқа инвесторлардың еркiн қол жеткiзуi қамтамасыз етiледi.
279-бап. Мемлекет меншiгiне алу және реквизициялау кезiндегi инвесторлар құқықтарының кепiлдiктерi
1. Инвестордың мүлкiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп алып қоюға (мемлекет меншiгiне алуға, реквизициялауға) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген айрықша жағдайларда жол берiледi.
2. Мемлекет меншiгiне алынған кезде инвесторға Қазақстан Республикасының мемлекет меншiгiне алу туралы заңнамалық актiлерiн шығару нәтижесінде оған келтiрiлген залалды Қазақстан Республикасы толық көлемде өтейдi.
3. Инвестордың мүлкiн реквизициялау оған мүлiктiң нарықтық құнын төлей отырып жүзеге асырылады.
Мүлiктiң нарықтық құны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен айқындалады.
4. Меншiк иесiне реквизицияланған мүлiктiң құны өтелген бағаға ол сот тәртiбiмен дау айта алады.
5. Реквизициялаудың жүргiзiлуiне себеп болған мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылған кезде инвестор сақталған мүлiктiң қайтарылуын талап етуге құқылы, бiрақ бұл ретте мүлiк құнының төмендеуiнен болған ысырапты ескере отырып, өзi алған өтемақы сомасын қайтаруға мiндеттi.
280-бап. Инвестор құқықтарының басқа тұлғаға өтуі
Егер шет мемлекет немесе ол уәкiлеттік берген мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты оған берiлген кепiлдiк (сақтандыру шарты) бойынша инвестордың пайдасына төлем жүргiзетiн болса және көрсетілген инвестицияларға инвестордың құқықтары осы шет мемлекетке не ол уәкiлеттік берген мемлекеттiк органға өтетін болса (талаптар берiлетiн болса), Қазақстан Республикасында құқықтардың осылай өтуі (талаптардың берiлуi) инвестор Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырған және (немесе) ол белгiлi бiр шарттық мiндеттемелерiн орындаған жағдайда ғана заңды деп танылады.
2-параграф. Инвестицияларды мемлекеттік қолдау
281-бап. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты
1. Экономиканы дамыту үшiн қолайлы инвестициялық ахуал жасау және қазіргі заманғы технологияларды қолдана отырып, жаңа өндiрiстер құруға, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейту мен жаңартуға, қазақстандық кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыруға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға инвестицияларды ынталандыру инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты болып табылады.
2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдау мемлекеттік преференциялар беру болып табылады.
Пайдалы қатты қазбаларды қайта өндеу туралы келісім бойынша мемлекеттік преференциялардың түрлері, шарттары және оларды беру тәртібі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде айқындалады.
282-бап. Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган инвестицияларды мемлекеттiк қолдауды, арнайы инвестициялық келісімшарттарды қоспағанда, инвестициялық келісімшарттарды жасасу және олардың орындалуын бақылау бойынша жүзеге асырады.
2. Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде және өзiне жүктелген мiндеттердi орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк органдардың мамандарын, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары арасынан консультанттар мен сарапшылар тартуға құқығы бар.