3. Мәдениетті дамыту қорлары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен мемлекеттік емес қаражаттарды тартуы мүмкін.
6-тарау. МӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ ИГІЛІК
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2015.28.10. № 368-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 32-бап өзгертілді
32-бап. Мәдени құндылықтар
1. Мәдени құндылықтарға материалдық және материалдық емес құндылықтар жатады.
2. Материалдық мәдени құндылықтарға:
1) археологиялық олжалар;
2) өсімдіктер мен жан-жануарлардың, минералогияның, анатомияның сирек коллекциялары мен үлгілері және палеонтология үшін қызығушылық тудыратын заттар;
3) ғылым мен техника тарихын, соғыстар мен қоғам тарихын, ұлттық мәдениет тарихын қоса алғанда, тарихқа қатысты, сондай-ақ ұлттық ғылым, мәдениет, әдебиет пен өнер қайраткерлерінің, ойшылдардың, ғалымдардың, ақын-жазушылар мен әртістердің өмірімен және ірі ұлттық оқиғалармен байланысты құндылықтар;
4) жекелей немесе коллекциялардағы, айрықша қызығушылық тудыратын сирек қолжазбалар, көне кітаптар (тарихи, көркем, ғылыми, әдеби), құжаттар және басылымдар;
5) жекелей немесе коллекциялардағы елу немесе одан көп жыл бұрын шығарылған почта маркалары, салықтық және осы тәрізді маркалар;
6) қорытпасына немесе дайындалған металына қарамастан, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының тиындарын, сондай-ақ өзге де мемлекеттердің дайындалғанына жүз жыл болмаған тиындарын қоспағанда, тиындар, медальдар, мөрлер және басқа да коллекциялық материалдар;
7) көне және бірегей музыкалық аспаптар;
8) дыбыс, фото, бейне, кино мұрағаттарын қоса алғанда, мұрағаттар, мұрағат қорлары мен коллекциялар, сондай-ақ ғылыми-техникалық құжаттама;
9) тарихи-мәдени маңызы бар өнер туындылары;
10) этнографиялық, антропологиялық, этнологиялық және палеонтологиялық материалдар;
11) айрықша тарихи және мәдени құндылығы бар, жасалғанына жүз жылдан асқан көне заттар;
12) Қазақстан Республикасы халқының өміріндегі тарихи оқиғалармен, қоғам және мемлекет дамуымен, ғылым мен техника тарихымен, сондай-ақ көрнекті ғылым, мемлекет, мәдениет қайраткерлерінің өмірімен байланысты объектілер, соның ішінде музей заттары және музей коллекциялары;
13) кез келген негіздегі және кез келген материалдан жасалған қол жұмысының полотнолар, картиналар және суреттер түріндегі көркем құндылықтары (сызбаларды және өнеркәсіп бұйымдарын, қолдан жасалған әшекей заттарды қоспағанда);
14) мүсін өнерінің кез келген материалдан жасалған соны туындылары;
15) бірегей гравюралар, эстамптар және литографиялар;
16) тарих және мәдениет ескерткіштерінің құрамдас бөліктері жатады.
3. Материалдық емес мәдени құндылықтарға:
1) материалдық емес мәдени мұраның жеткізгіші ретінде тілді қоса алғанда, пайымның ауызша дәстүрлері мен нысандары;
2) орындаушылық өнерлер;
3) салттар;
4) әдет-ғұрыптар;
5) мейрамдар;
6) табиғат пен әлемге жататын білім және салттар;
7) дәстүрлі кәсіптермен байланысты білім және дағдылар жатады.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 33-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2015.28.10. № 368-V ҚР Заңымен 33-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
33-бап. Ұлттық мәдени игілік объектілерін есепке алу және жүйелеу
1. Мәдени мұраны сақтау мақсатында:
1) осы Заңның 32-бабының 2-тармағында көрсетілген және ел тарихы мен мәдениеті үшін ерекше маңызы бар объектілер Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізіледі;
2) осы Заңның 32-бабының 3-тармағында көрсетілген және ел тарихы мен мәдениеті үшін ерекше маңызы бар объектілер Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесіне енгізіледі.
2. Мәдени құндылықтарды зерделеумен айналысатын жеке және заңды тұлғалар Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне және Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесіне енгізілуге жататын объектілер туралы мәліметтерді уәкілетті органға беруге міндетті. Жаңа объектілер мен заттардың анықталуына қарай қажетті мәліметтері бар ақпарат ұсынылады.
34-бап. Ұлттық-мәдени игілік объектілерінің ерекше режимі
1. Кешенді түрде ерекше көркемдік немесе тарихи мүдделілік туғызатын коллекцияларды немесе заттар жиынын бөлшектеуге болмайды.
Мемлекеттік тізілімге енгізілген ұлттық-мәдени игілік объектілерін уәкілетті органның әрбір нақты объект бойынша өзі құратын сарапшы комиссиясының ұсынымы негізінде беретін арнайы рұқсатынсыз жоюға, басқа жерге ауыстыруға, өзгертуге, түрлендіруге немесе реставрациялауға жол берілмейді.
2. Ұлттық-мәдени игілік объектілерін тарихи, көркемдік және діни мақсатына сай емес қандай да бір тұрғыда пайдалануға жол берілмейді. Діни-табыну ұйымдарына тиесілі және ұлттық-мәдени игілік объектілері болып табылатын заттар олардың табынушылық мақсаты ескеріле отырып пайдаланылуы мүмкін.
3. Ұлттық-мәдени игілік объектілерінің айрықша режимі авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілеріне қолданылмайды.
4. Сәулет ескерткіштерін пайдаланудың басым құқығы мәдениет мекемелеріне тиесілі.
5. Ұлттық-мәдени игілік объектілерінің жай-күйін тиісінше ұстап тұру және сақтау жөніндегі міндеттер оларды пайдаланушыларға немесе меншік иелеріне жүктеледі. Аталған міндеттің сақталмауы берілген құқықты сот тәртібімен өтемді негізде алып қоюға әкеліп соғады. Меншік иелерінің немесе пайдаланушылардың ұлттық-мәдени игілік объектілерін күтіп-ұстауға материалдық немесе өзге де мүмкіндіктері болмаған кезде, шығыстарды мемлекет өзіне алады.
Ұлттық-мәдени игілік объектісі меншік иесінің құқықтарын іске асыру, Қазақстан Республикасының ұлттық-мәдени игілік объектілері сатылған жағдайда, оларды мемлекет иеленуінің басым құқығы көзделіп, Қазақстан Республикасының заңында белгіленген бақылаумен және тәртіппен жүзеге асырылады.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Мемлекет меншігіндегі ұлттық-мәдени игілік объектілері иеліктен шығаруға жатпайды.
7. Ұлттық-мәдени игілік объектілері мен заттарын қасақана жойғаны, бұзғаны немесе бүлдіргені үшін жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
35-бап. Мәдени құндылықтарды әкету және әкелу
2015.28.10. № 368-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Уақытша экспозиция, гастрольдік қызмет, реставрациялау жұмыстары мен ғылыми зерттеулер, таныстырылымдар, көрмелер және халықаралық мәдени іс-шаралар өткізу жағдайларын, сондай-ақ осы Заңда белгіленген өзге де жағдайларды қоспағанда, осы Заңның 32-бабының 2-тармағында көрсетілген мәдени құндылықтарды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге әкетуге тыйым салынады.
2015.28.10. № 368-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Осы Заңның 32-бабының 2-тармағында көрсетілген, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге заңсыз әкетілген мәдени құндылықтар міндетті түрде қайтарылуға жатады. Осы Заңның 32-бабының 2-тармағында көрсетілген, заңсыз әкетілген және Қазақстанға қайтарылған, сондай-ақ соттың шешімі бойынша тәркіленген мәдени құндылықтар тиісті бейіндегі республикалық маңызы бар мемлекеттік музейлерге тапсырылуға жатады.
3. Автордың Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге уақытша немесе тұрақты тұруға баратынына қарамастан, өзі жасаған мәдени құндылықтарды әкетуге құқығы бар.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Мәдени құндылықтарды уақытша әкету қағидалары шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында жасаған объектiлерiне де қолданылады.
5. Егер бұл іс-әрекеттер мәдени құндылықтарды заңсыз әкетуге және әкелуге ықпал етуі мүмкін болса, мәдени құндылықтар иелерінің аталған құндылықтарды иелену, пайдалану және иелік ету жөніндегі құқықтарын басқа біреуге беруіне жол берілмейді.
2015.28.10. № 368-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Шет мемлекеттердің, шетелдік заңды және жеке тұлғалардың меншігі болып табылатын, мәдени ынтымақтастық мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелінген мәдени құндылықтар Қазақстан Республикасының қорғауында болады. Оларға Қазақстан Республикасының мәдениет туралы заңнамасының күші қолданылады.
36-бап. Мәдени құндылықтарды уақытша әкету тәртібі мен шарттары
2015.28.10. № 368-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Осы Заңның 32-бабының 2-тармағында көрсетілген мәдени құндылықтарды уақытша әкетуді заттардың меншік иесі не меншік иесі оған уәкілеттік берілген тұлға облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін мәдени құндылықтарды уақытша әкету құқығына куәлік негізінде жүзеге асыруы мүмкін.
Мәдени құндылықтарды уақытша әкету құқығына куәлікті беруден бас тартуға:
1) әкетілетін мәдени құндылықтарды реставрациялау мақсатында уақытша әкету жағдайларын қоспағанда, олардың қанағаттанарлықсыз физикалық жай-күйі;
2) мәдени құндылықтардың халықаралық және (немесе) мемлекеттік іздестіруде болуы;
3) мәдени құндылықтардың осы Заңның 35-бабының 1-тармағында көрсетілген уақытша әкету мақсаттарына сәйкес келмеуі негіздер болып табылады.
2. Заңды тұлғалар мәдени құндылықтарды уақытша әкетуі кезінде олардың әкетілетін заттарға меншік құқығы құжаттамамен расталуы қажет.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мәдени құндылықтарды уақытша әкету, сондай-ақ олардың қайтарылуы мәдени құндылықтарды уақытша әкету жөнiндегi сараптама комиссиясы жүзеге асыратын сараптама негiзiнде жүзеге асырылады.
4. 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Мәдени құндылықтардың елден тысқары жерлерде болу мерзімі алты айдан асуы мүмкін емес.
6. 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7-тарау. МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
37-бап. Мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Шығармашылық ұжымдарды, мамандарды, мәдени құндылықтарды және мәдениет саласындағы қызмет нәтижелерін, сондай-ақ мәдениеттің түрлі салаларындағы ұйымдастырушылық қызмет тәжірибесін алмасуды қоса алғанда, Қазақстан Республикасы мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді.
2010.27.05 № 280-IV ҚР Заңымен 38-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
38-бап. Мәдениет саласындағы халықаралық ұйымдарға қатысу
1. Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес халықаралық коммерциялық емес мәдени бірлестіктердің филиалдары, өкілдіктері құрылуы мүмкін.
2015.16.11. № 403-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мәдениет ұйымдарының Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес және өздерінің құрылтай құжаттарында айқындалатын тәртіппен осы баптың 1-тармағында аталған бірлестіктерге кіруге, сондай-ақ алынатын қайырымдылық көмекке билік етуге құқығы бар.
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
39-бап. Мәдениет саласындағы заңнаманың бұзылғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының мәдениет туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
40-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
2. «Мәдениет туралы» 1996 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж. № 22, 406-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2006 жылғы желтоқсанның 15-сі.
№ 207-III ҚРЗ