83-бап. Әуемен тасымалдау кезiнде жолаушының өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшiн тасымалдаушының жауапкершілігі
1. Тасымалдаушы, егер зиян еңсерілмейтін күштің салдарынан немесе жәбірленушінің ниетінен туындағанын дәлелдемесе, әуемен тасымалдау кезiнде жолаушының өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
Жолаушыны әуемен тасымалдау жолаушы әуе кемесінің бортына отырғызылған кезден бастап, әуе кемесiнiң ұшқанына немесе ұшпағанына қарамастан, жолаушы әуе кемесінің бортын тастап шыққан кезге дейiнгi кезеңді қамтиды.
2. Халықаралық ұшуды орындаған кезде әуемен тасымалдау кезiнде жолаушының өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшiн тасымалдаушының жауаптылығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес айқындалады.
84-бап. Багаж бен жүктің және жолаушының өзінде болған заттардың жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшін тасымалдаушының жауапкершілігі
Тасымалдаушы тіркелген багаждың, жүктің жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшiн, егер багаждың немесе жүктің жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) оның кінәсінен болмағандығын дәлелдемесе, залалды мынадай мөлшерде:
1) тасымалдауға құны жарияланбай қабылданған багаждың, жүктің жоғалғаны немесе жетіспеушілігі үшiн - әуемен тасымалдау шартында белгіленген мөлшерде;
2) тасымалға құны жарияланып қабылданған багаждың, жүктің жоғалғаны немесе жетіспеушілігі үшiн - жарияланған құн мөлшерiнде;
3) багаждың, жүктің зақымданғаны үшін - багаждың, жүктің құнының азайған сомасы мөлшерiнде, ал зақымданған жүкті немесе багажды қалпына келтіру мүмкін болмаған кезде - оның құны мөлшерінде өтейді.
Тасымалдаушы жолаушының өзінде болған заттардың жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшiн, егер жолаушы зиян тасымалдаушының кінәсінен болғандығын дәлелдесе, заттар құнының азайған сомасы мөлшерінде залалды өтейді.
Халықаралық ұшуды орындаған кезде тіркелген багаждың, жүктің, жолаушының өзінде болған заттардың жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшiн тасымалдаушының жауаптылығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес айқындалады.
Егер багаждың, жүктiң бір бөлiгiнiң немесе солардың iшіндегі қандай да бір заттың жоғалғаны, жетiспеушiлiгi және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) сол багаж түбіртегiнде немесе жүкқұжатында жазылған багаждың немесе жүктiң құнына әсер ететін болса, өтем мөлшерiн белгiлеген кезде бүкіл осы багаждың және (немесе) жүктiң жалпы құны ескерiлуге тиiс.
Тасымалдаушы жүктiң немесе багаждың жоғалуынан, жетіспеушілігінен немесе зақымдануынан (бүлiнуiнен) келтiрiлген белгiленген залалды өтеумен қатар, жөнелтушiге (алушыға), егер тасымалдау ақысы жүк құнына кiрмейтiн болса, жоғалған, жетіспеген, бүлiнген немесе зақымданған жүктi немесе багажды тасымалдау үшiн алынған ақыны қайтарады.
2016.09.04. № 499-V ҚР Заңымен 85-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
85-бап. Пошта жөнелтілімдерінің жоғалғаны, жетiспеушілігі, зақымданғаны (бүлінгені) және (немесе) жеткiзiлуiнiң кешіктірілгені үшiн тасымалдаушының жауапкершілігі
Тасымалдаушының кінәсінен пошта жөнелтілімдерінің жоғалғаны, жетiспеушілігі, зақымданғаны (бүлінгені) және (немесе) жеткiзiлуiнiң кешiктiрiлгенi үшiн пошта операторлары жөнелтушілердің немесе адресаттардың алдында жауапкершілікте болған мөлшерде тасымалдаушы пошта операторларының алдында материалдық жауапкершілікте болады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 86-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 86-баптың тақырыбы өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
86-бап. Тасымалдаушының рейстің мәртебесі өзгерген кездегi жолаушы алдындағы жауапкершілігі
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Тасымалдаушының кінәсінен немесе әуе кемесінің кеш келуі салдарынан рейстің мәртебесі өзгерген кезде тасымалдаушы жолаушылар үшін жөнелту пункттері мен аралық пункттерде мынадай:
1) жеті жасқа дейінгі балалы (болған кезде) жолаушыға ана мен бала бөлмесін ұсыну;
2) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауын шалу, оның ішінде халықаралық байланыс желісі бойынша қоңырау шалу немесе электрондық почта арқылы екі хабарлама жіберу;
3) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде салқындатылған сусындармен қамтамасыз ету;
4) рейстің жөнелтілуін төрт сағаттан аса және әрі қарай күткен кезде:
күндізгі уақытта - әрбір алты сағат сайын;
түнгі уақытта әрбір сегіз сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету;
5) рейстің ұшуын күндізгі уақытта сегіз сағаттан аса және түнгі уақытта алты сағаттан аса күткен кезде тасымалдаушы ұсынған қонақ үйге орналастыру;
6) қонақ үй қосымша ақысы алынбай ұсынылатын жағдайда тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай жеткізу қызметтерін көрсетуді ұйымдастыруға міндетті.
Осы тармақта көрсетілген қызметтер жолаушыларға қосымша ақысы алынбай көрсетіледі.
Рейстің мәртебесі өзгерген кезде тасымалдаушы осындай өзгеріс туралы өзіне белгілі болған бойда жолаушыны билетті сатып алу кезінде көрсетілген ұялы байланыстың абоненттік нөмірі және электрондық пошта мекенжайы бойынша, сондай-ақ әуежайда:
1) рейс мәртебесінің өзгеру себептері және жаңа ұшу уақыты және (немесе) жаңа маршрут туралы;
2) егер өзгеріс осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес тасымалдаушының кінәсінен немесе әуе кемесінің кеш келуі салдарынан болса, рейс мәртебесінің өзгеруіне байланысты тасымалдаушы ұсынатын қызметтер тізбесі туралы хабардар етеді.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Тасымалдаушының кінәсінен рейстің мәртебесі бес сағаттан астам мерзімге өзгертілген кезде, жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы:
1) осы баптың 1-тармағына сәйкес қызметтер көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген баратын жеріне жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге;
2) жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды; 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Тасымалдаушы жолаушыны межелі пунктке жеткізу мерзімін өткізіп алғаны үшін, егер мерзімін өткізіп алу еңсерілмейтін күш салдарынан орын алғанын дәлелдей алмаса, жолаушы шеккен шығындарын өтеуден басқа, егер бұл осындай мерзімін өткізіп алуға байланысты орын алған болса, мерзімін өткізіп алған әрбір сағат үшін тариф (мерзімін өткізіп алу орын алған ұшу учаскесі тарифі) құнының үш пайызы мөлшерінде айыппұл төлейді.
Айыппұл сомасын сатып алынған тариф (мерзімін өткізіп алу орын алған ұшу учаскесі тарифі) құнынан асыруға болмайды.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
4. Тасымалдаушы жолаушыны межелі пунктке жеткізу мерзімін өткізіп алғаны үшін айыппұл төлеуді жолаушының өтініші бойынша тасымалдаушының интернет-ресурсы және билеттер сату пункттері арқылы жүргізеді.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
5. Осы бапта көзделген талаптардың бұзылуына жол берген тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 86-1-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
86-1-бап. Талап қоюдың ескіру мерзімдері
1. Тасымалдаушы наразылықты қанағаттандырудан толық немесе ішінара бас тартқан не қойылған наразылыққа тасымалдаушыдан жауап алынбаған жағдайларда, тасымалдаушыға тасымалдаудан туындайтын талап қоюлар наразылық жіберілген кезден бастап он бес жұмыс күні өткен соң қойылуы мүмкін.
2. Тасымалдау шарты бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі - екі жыл.
3. Талап қоюдың ескіру мерзімі талап қоюға негіз болған оқиға басталғаннан кейінгі келесі күннен бастап есептеледі.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 87-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
87-бап. Азаматтық авиация қызметімен байланысты міндетті сақтандыру
Әуе кемелерінің, азаматтық авиацияның басқа да объектілері мен жабдықтарының меншік иелері (иелері) мен пайдаланушылары Қазақстан Республикасының сақтандыру туралы заңдарының талаптарына сәйкес өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, оның ішінде жолаушылардың және авиация персоналының алдындағы, сондай-ақ жүк иесінің немесе жүкті жөнелтушінің алдындағы жауапкершілігін сақтандыруға міндетті.
Халықаралық әуемен тасымалдау кезіндегі сақтандыру Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 11-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
11-тарау. ҰШУ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ӘСЕР ЕТЕТІН ІС-ӘРЕКЕТТЕР ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТ
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 88-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
88-бап. Әуе кемесінің бортындағы адамдардың ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері мен іс-әрекеттері
1. Әуе кемесіндегі жолаушылар ретіндегі адамдар:
1) әуе кемесі командирінің және экипаждың басқа мүшелерінің талаптарын, сондай-ақ қосылған ақпараттық таблода көрсетілген іс-әрекеттерді сөзсіз орындауға;
2) қол жүгі мен жеке заттарын осы үшін арнайы бөлінген орындарға орналастыруға;
3) әуе кемесі командирінің өкімі бойынша немесе көрсетілген іс-әрекеттерді орындауға міндеттейтін ақпараттық табло қосылған кезде жолаушы креслосының таңу белдіктерін тағуға;
4) бүкіл ұшу кезінде әуе кемесінің бортында тәртіп пен реттілікті сақтауға міндетті.
2. Әуе кемесiнің бортындағы адамдардың, оның iшiнде кеменің иесі болып табылатын адамдардың экипаждың iс-әрекетіне араласуына, одан ұшуды орындаудың жоспары мен ретiн өзгертудi немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету не әуе қозғалысын басқару органдарының нұсқауларын орындамауды талап етуiне тыйым салынады.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Әуе кемесіндегі жолаушылар ретіндегі адамдардың:
1) ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар туғызуына;
2) экипаж мүшелеріне қауіп төндіруіне;
3) 2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) ұялы байланыс пен радиоэлектрондық құралдарды әуе кемесінің бортында «ұшуда» деген автономды режимде пайдалануды қоспағанда, ұшудың бүкіл кезеңдерінде ұялы, транкингтік байланыс қызметтерін пайдалануына, әуе кемесін жүргізу, биікке көтерілу, қонуға бет алу кезеңдерінде радиоэлектрондық құралдар мен тұрмыстық мақсаттағы жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалануына тыйым салынады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 89-бап өзгертілді
89-бап. Әуе кемесінің бортындағы адамдар ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар
Осы Заңның 88-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, әуе кемесінің бортындағы адамдардың ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларына:
ұшып келе жатқан әуе кемесінің бортында адамдардың өміріне немесе денсаулығына және әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндіре отырып, зорлық-зомбылық актісін жасау;
әуе кемесіне және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін оның жабдықтарына зақым келтіру;
ұшу кезінде әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін көрінеу жалған мәліметтерді хабарлау;
әуе кемесін қиратуы немесе ұшу кезінде оның қауіпсіздігіне қатер төндіретін зақым келтіруі мүмкін қондырғыларды немесе заттарды әуе кемесіне орналастыруға әкеп соқтыратын іс-әрекеттер жасау;
әуе кемесінің бортында авариялық жағдай туындаған жағдайларды қоспағанда, әуе кемесінің есіктерін және (немесе) авариялық шығатын есіктерді ашуға әрекет ету;
әуе кемесінің бортында темекі бұйымдарын, қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтыну жатады.
90-бап. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiруі мүмкiн қызмет
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қызметке әуеайлақ маңындағы аумақта және әуе трассаларының шегіндегі жерлерде кедергілер болып табылатын объектілерді салу, электр беру желілерін орнату және басқа да құрылысжайларды орналастыру; оның салдарынан әуе кеңiстiгiнде радиотолқындық, көрінетін, акустикалық және өзге де сәулелену түрлері жүргізілетін жұмыстар; құстардың топталып жиналуы үшін жағдай жасайтын немесе ұшу көрінісін нашарлататын объектiлердi орналастыру, сондай-ақ әуе кеңiстiгiн пайдаланумен тікелей байланысты емес, бірақ ұшудың, әуе кемелері жабдықтарының және олардағы адамдардың қауіпсіздігіне әсерiн тигiзетiн кез келген басқа қызмет жатады.
Мұндай қызмет Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағиадаларына сәйкес берілетін рұқсатпен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Рұқсат алу мыналарды:
1) биіктігі мен орналасқан жері Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидаларындағы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету ескеріле отырып айқындалған әуеайлақ ауданындағы барлық объектілерді;
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) авиациялық радиотехникалық құралдардың, жарық беретін сигнал жабдықтарының қалыпты жұмыс істеуі үшін кедергі келтіруі, ұшқыштардың көзінің шағылысуына себеп болуы мүмкін байланыс, электр беру желілерін, сондай-ақ басқа да радиотолқындық және көрінетін электромагниттік сәулелену объектілерін;
3) жарылыс қаупі бар объектілерді;
4) шығарылатын газдарды авариялық жағу үшін факелді құрылғыларды орналастыру үшін талап етіледі.
Факелді құрылғылардың биіктігін анықтау кезінде жалын шығарудың ең жоғары ықтимал биіктігі ескеріледі;
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) қызметі әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданындағы көрудің нашарлауына әкеп соғуы мүмкін өнеркәсіптік, өзге де кәсіпорындар мен құрылысжайларды;
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
6) әуеайлақтың бақылау нүктесінен он үш километр радиуста аң өсіру фермаларын, мал сою орындарын және ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын басқа да объектілерді салу, орнату, орналастыру, кеңейту, реконструкциялау немесе техникалық қайта жарақтандыру үшін талап етіледі. Мұндай қызмет, егер ол әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидаларында айқындалатын өлшемшарттарға сәйкес құстардың топталып жиналуына алып келмесе және ұшу қауіпсіздігіне қатер төндірмесе ғана мүмкін болады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген объектілерді салу, орнату, орналастыру, кеңейту, реконструкциялау немесе техникалық қайта жарақтандыру азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым немесе мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган беретін рұқсаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Әуеайлақтың бақылау нүктесінен он үш километр жақын қашықтықта құстардың топталып жиналуына алып келетін және ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін қалдықтарды тастайтын орындарды орналастыруға тыйым салынады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндiретiн қызметтi жүзеге асыру ережелерiнің бұзылуына жол берген жеке және заңды тұлғалар осы бұзушылықтарды өз есебiнен және өз күштерiмен жоюға, ал оларды жойғанға дейiн ондай қызметтiң жүзеге асырылуын тоқтатуға мiндеттi.
2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiруі ықтимал қызмет атқарылып жатқан ауданға олардың абайсызда ұшып кіру жағдайларын болғызбау үшін, осындай қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органға және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға аталған қызмет туралы хабар беруге мiндеттi.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 7-тармақ өзгертілді
7. Осындай қызметтiң жүзеге асырылуын бақылауды және қадағалауды мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым өз құзыреті және жауапкершілік аймағы шегінде орындайды.
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Әуежайлар аумағы шегінде жөндеу, құрылыс және монтаждау жұмыстарының барлық түрін жүргізуді ұлттық қауіпсіздік органдары немесе Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі күзет іс-шараларын жүргізу кезеңінде тоқтата тұруы мүмкін.
91-бап. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн объектiлердi таңбалау
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Ғимараттар мен құрылыстардың иелерi ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидаларына, азаматтық авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығы нормаларына сәйкес осы объектiлерге түнде және күндiз көрiнетiн таңбалық белгiлер мен құрылғыларды өз есебiнен орнатуға мiндеттi.
Әуеайлақтарды айырып-тану үшін қабылданған таңбалық белгiлер мен құрылғыларға ұқсайтын қандай да бір белгiлер мен құрылғыларды әуеайлақ ауданында орнатуға жол берiлмейдi.
2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Әуеайлақ ауданындағы объектілерді таңбалаудың жүзеге асырылуын бақылау өз құзыреті және жауапкершілік аймағы шегінде мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органға және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға жүктеледi.
12-тарау. АВИАЦИЯЛЫҚ ОҚИҒАЛАР МЕН ИНЦИДЕНТТЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ТЕКСЕРУ
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 92-баптың тақырыбы өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
92-бап. Авиациялық жағдайлар, оқиғалар мен оқыс оқиғалар
1. Әуе кемесін ұшуға пайдаланумен байланысты әуе кемесінің бортындағы адамдардың мерт болуына (дене жарақатын алып, соңынан қайтыс болуына) және (немесе) осы әуе кемесінің жойылып кетуіне әкеп соқтырған оқиға мемлекеттік авиацияда авиациялық оқиға деп танылады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Азаматтық әуе кемесін ұшу мақсатында пайдаланумен байланысты, пилот басқаратын әуе кемесі жағдайында қандай да бір адам ұшу ниетімен бортқа кірген кезден бастап ұшу мақсатында бортта болған барлық адамдар әуе кемесін тастап шыққан кезге дейін орын алған немесе пилотсыз әуе кемесінде әуе кемесі ұшу мақсатында қозғалуға дайын болған кезден бастап ұшуды аяқтап тоқтағанға және негізгі күш қондырғысын ажыратқанға дейін орын алған және оның барысында:
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) дене жарақатын табиғи себептер салдарынан алған, өзін-өзі жарақаттаған не басқа адамдар жарақаттаған немесе әдетте жолаушылар мен экипаж мүшелерінің кіруіне болатын аймақтан тыс жерде жасырынып қалған билетсіз жолаушыларға дене жарақаты салынған жағдайларды қоспағанда, қандай да бір адамның осы әуе кемесінде болуы, осы әуе кемесінен бөлініп түскен бөлігін қоса алғанда, әуе кемесінің қандай да бір бөлігімен тікелей жанасуы, реактивтік қозғалтқыш газдары ағысының тікелей әсері салдарынан дене жарақатын алып, соңынан қайтыс болған немесе денсаулығына ауыр зиян, сондай-ақ денсаулығына ауырлығы орташа зиян келген;
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) мыналарды:
бір ғана қозғалтқыш, оның капоттары немесе оның қосалқы агрегаттары бүлінген кездегі қозғалтқыштың істен шыққан немесе зақымданған;
тек қана әуе бұрандалары, күш түсетін бұрандалардың қалақтары, соңғы жағындағы бұранданың қалақтары, планердің күш түспейтін элементтері, ағыстатқыштар, қанатының ұштары, антенналар, датчиктер, қалақтар, пневматикалар, тежегіш құрылғылар, алдыңғы әйнектері, доңғалақтары зақымданған немесе шассилері, шассилердің ашылатын панельдері болымсыз зақымданған не қаптамада аздаған майысқан жерлер немесе ойықтар болған, оның ішінде бұршақтың немесе құстармен соқтығысудың салдарынан (радиолакатор антеннасының ағыстатқышындағы ойықтарды қоса алғанда) аздаған зақымданған жағдайларын қоспағанда, әуе кемесі зақымданған немесе оның конструкциялары сынған, соның салдарынан әуе кемесі конструкциясының беріктігі бұзылатын, әуе кемесінің техникалық немесе ұшу сипаттамалары нашарлайтын, ірі жөндеу немесе зақымданған элементті ауыстыру қажет болатын;
3) әуе кемесі хабарсыз жоғалып кеткен немесе оған бару мүлдем мүмкін болмайтын жерде болған авиациялық оқиға азаматтық (эксперименттік) авиациядағы оқиға деп танылады.
3. Мемлекеттік авиациядағы авиациялық инцидент деп әуе кемесін ұшуға пайдаланумен байланысты, әуе кемесінің тұтастығына және (немесе) оның бортындағы адамдардың өміріне қатер туғызуы мүмкін немесе қатер туғызған, бірақ авиациялық оқиғамен аяқталмаған оқиға танылады.
4. Азаматтық (эксперименттік) авиациядағы авиациялық инцидент деп азаматтық әуе кемесін пайдаланумен байланысты, қандай да бір адам ұшу ниетімен бортқа кірген кезден бастап ұшу мақсатында бортта болған барлық адамдар әуе кемесін тастап шыққан кезге дейін орын алған және әуе кемесінің, экипаждың, ұшуды басқару және қамтамасыз ету қызметтерінің қалыпты жұмыс істеуден ауытқуына байланысты, ұшу қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін сыртқы ортаның әсеріне байланысты болған, бірақ авиациялық оқиғамен аяқталмаған оқиға танылады.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
5. Әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төнген, зақымдануы немесе жоғалуы және (немесе) осы әуе кемесінде болған адамдардың қаза болуы орын алған әуе кемесін ұшуға пайдаланумен байланысты жағдай мемлекеттік авиациядағы авиациялық жағдай деп танылады.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Азаматтық авиациядағы авиациялық жағдай деп ұшу қауіпсіздігін бұзуға байланысты қатер төндіретін немесе егер мұндай жағдай түзетілмесе немесе жойылмаса, әуе кемесінің, оның бортындағы адамдардың немесе басқа да адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін авиациялық оқиға немесе оқыс оқиға, сондай-ақ кез келген басқа жағдай танылады.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 92-1-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
92-1-бап. Авиациялық жағдайлар туралы деректерді міндетті және ерікті түрде ұсыну жүйесі
1. Азаматтық және эксперименттік авиациядағы авиациялық жағдайларды болғызбау үшін ұшу қауіпсіздігінің деңгейін арттыру авиациялық жағдайлар туралы деректерді міндетті және ерікті түрде ұсынудың мақсаты болып табылады.
2. Авиациялық жағдайлар туралы деректерді міндетті және ерікті түрде ұсыну жүйесін ендіру әділ мәдениет қағидатына негізделуге тиіс.